«Шаңырақ оқиғасына үш жыл өтсе де, проблема өзекті күйінде қалып отыр». «Осыдан 30 жыл бұрын не үшін Қазақстанда неміс автономиясын құрмақ болды?». «Үйлесімнің жүгі ауыр, жолы алыс»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 15 шілде 2009 ж.

AIKYN.KZ. Кеден одағындағы “үштік” (Қазақстан, Ресей, Беларусь) енді қайта Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ-ға) бөлек дербес елдер ретінде кіруі мүмкін. Бұл Ресей президентінің көмекшісі Аркадий Дворковичтің журналистерге айтқан сөзінен мәлім болды. Кремль бір ай бұрынғы сценарийін тез өзгертті.

ДСҰ-ға Қазақстанның жеке енгені тиімді ме, әлде одақтасып кіруден ұта ма?” деген сауалнаманы жүргізген Нұрболат АМАНЖОЛ.

Еділ МАМЫТБЕКОВ, Индустрия және сауда вице-министрі: Дәл қазір бұған тоқтамды пікір айту қиын. Өйткені осы уақытқа дейін Қазақстан ДСҰ-ға жеке кіру жолында жұмыс жасап келді. …Айталық, оған 60 мемлекетпен шартқа отыру қажет болса, біз 27 елмен шарт жасасып жатқанбыз. Ендігі жерде кедендік одақ болып кірер болсақ, алдымен ұжымдық шартты үш ел өз ішімізде жасасып алуымыз қажет болады. Бірақ Елбасы дәл осылай кіреміз деп айтқаннан кейін, оның да алғышарттары жасалатын болады, әрине. Дегенмен Батыс елдері мен АҚШ “ұйымға одақ болып кіру тарихта болмаған” деп үзілді-кесілді бас тартып жатыр, соған қарағанда, бұл өзгеріс те оңай жүзеге аса қояды деп айту қиын. Дәл қазір әліптің артын баққан жөн, өйткені Қырғызстан ұйымға тез-ақ кіріп кетіп еді, олардың ендігі жағдайы қалай болып отырғанын бәріміз білеміз. Сондықтан Сауда ұйымына кіруде байыптылық танытуымыз керек”.

Ізбасар БОЗАЕВ, Алматы сауда палатасының президенті: “Әлбетте, Сауда ұйымына Қазақстанның жеке-дара енгені өзі үшін тиімді болады. Өйткені Ресеймен, Белоруссиямен бірігіп кіретін болса, ұжымдық шарт жасасқанда, ол елдер өз мүдделеріне ғана лайық баптарды енгізуге тырысады. Ал олардың мүдделері мен біздің мүддеміз екі бөлек дүние. Халықаралық аренада экономикасы жоғары мемлекеттер қалайда басымдыққа ие болады, соған сай біз құрған одақ ішінде қай елдің экономикасы мығым болса, соның сөзі де басым болып кетеді. Сондықтан өзге елдермен тең дәрежеде болу үшін Қазақстан ұйымға өз бетінше кіруі қажет деп есептеймін. Ол оның бәсекеге түскенде қалыпты деңгейін сақтауына, келісімге келгенде даралығын, жеке мүддесін көтеруіне негіз болады. Ал Ресей мен Белоруссияның Қазақстанмен бірге кедендік одаққа бірігуге ұмтылуын олардың тағы бір айла-шарғысы деп білемін”.

Мәулетдин ІЗБАСАРОВ, Маркетинг академиясының академигі: Рас, Қазақстанның Ресей және Белоруссиямен кедендік одақ құруының ұтымды тұстары бар. Ол – ең алдымен, инвесторлар тартудың тиімді жолы. Ал олардың көмегіне Қазақстан экономикасы мұқтаж екені жасырын емес. Біртұтас кедендік одақ құру арқылы үш ел ішінде тауарлардың кедендік рәсімделуі де жойылады. Бұл да артық шығынды болдырмайды. Енді осы одақ күйінде ДСҰ-ға ену үш елдің экономикасына да пайдалы болар еді. Тек Батыс елдері бұл шешімге оңайлықпен көне қоймас деп ойлаймын. Сосын тағы бір баса маңыз беретін мәселе – ұжымдық шарт жасасу ісі. Батыс елдері көп ретте Ресеймен санасуға мүдделі. Соның жетегінде біз де кетіп қалып, төл мүддеміз Ресейдің бауырының астында қалмауы тиіс”.

AZATTYQ.ORG. “Шаңырақ оқиғасына үш жыл өтсе де, проблема өзекті күйінде қалып отыр”. Бұл оқиғаның үш жылдығына орай Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында дөңгелек үстел өткізілді. Оған “Шаңырақ” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов, “Жаса Азаттық” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин, “Күретамыр” қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Қадырбаева, Шаңырақтың тұрғындары Мизамбекова Әсия мен Қорлан Даубаева қатысты. Дөңгелек үстелді Азаттық радиосы Қазақ қызметінің бас редакторы Амангелді Кеңшілікұлы мен Азаттықтың тілшісі Гүлмира Исакова жүргізді.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ: “Менің жеке пікірім: Шаңырақ оқиғасы қазақ рухының оянғанының тағы бір көрінісі. Бұл желтоқсаннан кейінгі ірі оқиғалардың бірі. Желтоқсанда қазақ тоталитарлық жүйеге қарсы шықса, Шаңырақ оқиғасында авторитарлы жүйеге наразылықтарын көрсетті”.

Жасарал ҚУАНЫШӘЛИН: Шаңырақ оқиғасы Желтоқсан, Орал оқиғасы сияқты халқымыздың өмірінде, тарихында ерекше орын алатын аса ірі оқиға. Мұны көпшілік түсіне алмай жатқан да шығар, бірақ шындығы осы”.

Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ:“Шаңырақ оқиғасы, дұрысы, Шаңырақ көтерілісі біздің жаңа тарихымыздағы үлкен қоғамдық-саяси құбылыс. Үш жыл бұрынғы оқиғалардың басты себептері болды. Олар он-жиырма жыл бұрын басталған. Урбанизация басталды. Адамдар қалаға келе бастады. Алайда өкімет экономиканың дамуына байланысты урбанизация деп көп айтқаны болмаса, көшіп қонушыларға арнап ешнәрсе істеген жоқ. Ешқандай мәселені жүйелі түрде шешкен жоқ…”

“Осыдан 30 жыл бұрын не үшін Қазақстанда неміс автономиясын құрмақ болды?”. Бір қарағанға 1979 жылдың маусым айында Қазақстанда Неміс автономиясын құру идеясының жүзеге асуына барлығы даяр сияқты көрінген. Тиісті құжаттар әзірленіп, автономияның аумағы белгіленіп, автономияның бірінші басшыларының кандидатураларын да іріктеп қойған еді.

Болат Рысқожа 1979 жылғы оқиганы жан-жақты зерттеді: “Алайда, ең соңғы сәтте жоспар іске аспай қалды. Бұған қазіргі Астана, бұрынғы Целиноград қаласындағы қазақ студент жастарының неміс автономиясына қарсы шығуы себеп болды. “1976 жылдың тамыз айында КПСС Орталық комитеті СССР КГБ-сының бастығы Юрий Андропов басқарған бір топ жауапты қызметкерлерге неміс автономиясын құру туралы ұсынысты даярлауды тапсырды. …Екі жылдан соң жұмыс тобы тиісті шешім қабылдап, немістерге Қазақстанда автономия беру туралы ұсыныс жасады. Автономия орталығы ретінде Целиноград маңындағы Ерейментау қаласы таңдалды. Автономияның аумағы 46 мың шаршы километр, 202 мың тұрғыны болады деп жоспарланды. Автономиядағы алғашқы немістердің саны 30 мың болып, содан кейін біртіндеп көбейтілетін болды”.

Азаттық радиосына сұхбат берген жазушы, аудармашы, қазақстандық неміс Герольд Бельгердің де ойы Дінмұхамед Қонаевтың жазғанына өте ұқсас: “Қазақстанда неміс автономиялық облысын құру мәселесі көтерілген сол кезгі немістердің көңіл күйін мен жақсы білемін. Ол шараның артында немістер тұрған жоқ еді. Біздің көбіміз, тіпті, қарсы болдық. Немістерге керегі тек Поволжьедегі өз республикаларын қайта құру еді”.

EGEMEN.KZ. Амангелді АЙТАЛЫ “ҮЙЛЕСІМНІҢ ЖҮГІ АУЫР, ЖОЛЫ АЛЫС” мақаласында өзекті мәселелерді көтерді. Бізде әлі де кеңестік менталитеттің ықпалы күшті. Біз әуелі бір идеяны алға тартамыз да, кейде оны түсіндіріп те жатпаймыз. “Қазақстан ұлты” идеясымен де осылай болды. Идея ұсынылғанмен, оны ешкім елге ұқтырмады, әркім әртүрлі түсінді, әр ұлт әртүрлі қабылдады. Бүгін енді “қазақстандық ұлт” идеясын тықпалап, халықтың қытығына тиюдің қажеті жоқ. Елдің психологиясымен есептеспей болмайды. Конституциямыздағы “Қазақстан халқы” ұғымын пайдалана берген тиімді болады.

Бірақ бір мәселенің басы ашық: “Қазақстан халқы” “қазақстандық ұлт” идеялары жаңа этнос, не ұлт туралы емес. “Қазақстан халқы жаңа бір этностық қауымдастық емес, – деді Н.Назарбаев, түрлі ұлттар азаматтарының қауымдастығы ретінде қабылданады” (Нұрсұлтан Назарбаев “Бейбітшілік және келісім саясаты”. Астана, “Елорда”, 2008 жыл, 76-бет.)

… Қазақ тілін меңгеру мәселесі оңай шешіледі деу де асығыс деген пікір айтылады. …Қазақ тілін меңгерген қазақтар мен меңгермеген қазақтардың арасында бәсекелестік туып, жолы болмаған қазақтар тілге қарсы диаспора өкілдерімен бірігеді. Осылай ел тағы да жікке бөлінуі ықтимал.

Қазақтардың санасының өсіп, қазақ тілінің өрісінің кеңеюі сыртқы күштердің қарсылығын тудырады деген ой айтылады: “Резко возрастают риски, связанные с угрозой вмешательства во внутренние дела Казахстана внешних сил, осуществляемого под флагом “защиты ущемленных прав национальных меньшинств”. Это вполне способно подорвать внешнеполитический имидж республики, поставить Казахстан в положение международного “изгоя”, дестабилизировать внутриполитическое положение, а в наиболее худшем варианте – территориальному расчленению страны или постановке ее под чужеземный протекторат”. (“Мысль”, 2009, №1, 22-бет)”.

Тіл саясаты мен этносаралық қатынастардағы айырмашылық мәселелері жөнендегі пікірталастарда көрініс табады. Сонымен қатар тарих пен тағдырды, оң эмоциялардың ерік-жігері мен шарықтауын (сенімділік, қуаныш және т.б.), сондай-ақ ұлттарды біріктіру ресурстарын оңтайлы пайдаланудың ортақ моделін ешкім ұсына алмады.

ZANMEDIA.KZ. Сайт іске қосылуда.

TURKYSTAN.KZ. Сайттың келесi саны 16-шiлдеде шығады.

ZHASALASH.KZ. Сайт көптен бері істемейді.

AYQAP.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.

DMK.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.

Шолуды дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ

Новости партнеров

Загрузка...