“Қазақстан халқының жарты миллионы – кемтар жандар!”. “100 мектеп, 100 аурухана” жемқорға жем болуда”. “Қазақстан әлемдік сарапшылар көзімен”

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 17 шілде 2009 ж.

AIKYN.KZ.Қазақстан халқының жарты миллионы – кемтар жандар!” Қазақстанда медициналық-әлеуметтік мекемелердегі кемтар жандарды тамақтандыру нормасын тоғыз есе арттыру қажет”. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кешегі алқа мәжілісінде министр Гүлшара Әбдіхалықова осындай мәлімдеме жасады. “Министрлік мамандары тексеру барысында кейбір облыстарда арнайы емдеу орындарына сауықтыру үшін жатқызылған мүгедектердің тамақтан тарығып жүргенін әшкерелеген. Әрине, азаматтық қоғам құрып жатқан мемлекетте мұндай масқараға жол берілмесе керек-ті. Биыл “Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы” заңын іске асыру мақсатында ел қазынасынан 5,7 миллиард теңге бөлінген-тін. Содан Гүлшараның командасы алты аймақта халық қаржысының кембағал жандарға қаншалықты пайда әкелгендігін анықтау үшін бақылау шараларын жасаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіхалықова өздерінің Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында әлгі заңның қалай орындалып жатқандығын қарағандарын жеткізді. Министрдің айтуынша, тексеру барысында мамандар тамақтандыру нормаларында кемістік барын байқаған. Өткен жылы біз республика бойынша медициналық-әлеуметтік мекемелердегі бір адамды тамақтандырудың бір күндік нормалары әр облыстарда 300 теңгеден 1200 теңгеге дейін қатты құбылатындығын айқындадық,–деді Гүлшара Әбдіхалықова ханым. – Біздің есебіміз тамақтандыру нормасына бір мүгедек үшін 2700 теңге бағыттау қажет екендігін көрсетеді”.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ “Орталық Азиядағы ойын бізге не береді?” мақаласында жазды: “Қысқасы, Ресей Орталық Азияда экономикалық қарымдылығын көрсете алмасада, әскери тетіктер арқылы аймақтан оңайшылықпен кете қоймасын байқатып жүр. Демек, Орталық Азия үшін АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы бәсеке ашық һәм жабық түрде жалғаса беретіні анық. …Осы жерде соңғы жылдары Астана тарапынан көтерілген “Ортаазиялық Одақ құрайық” деген бастама еске түседі. Саясатқа сұңғыла Астана аймақтағы республикалардың алып елдердің жемсауына түсіп кетпесін алдын ала ойластырған секілді. “Төртеу түгел болса…” деген тәмсілді бетке ұстаған Қазақстан “бір жеңнен қол, бір жағадан бас” шығарғанда ғана Орталық Азия алпауыт елдердің додасынан аман қалмақ, Сондықтан бізге не істесек те ойланып барып шешім қабылдаудың реті келіп тұр”.

AZATTYQ.ORG. Кенжалы ЕСБЕРГЕН Қазақстан “Набукко” жобасының әлеуетті қатысушыларының бірі болып қала бермек” мақаласында “Набукко” газ тасымалы құбырына назар аударады: “Қазақстан Қашаған мұнай кенішін игеруге бөлінетін инвестиция көлемін қысқартпақшы. Қытайға тартылған газ құбырының Қазақстандағы құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, Астана “Набукко” жобасына қатысатыны туралы шешімін өзгертуі мүмкін. Бұл жайында халықаралық баспасөзде тағы да сөз болып жатыр.

… “Набукко” құбырымен жөнелтілер газдың басты бөлігі Әзірбайжаннан жеткізілетін болады. Ал құбыр құрылысы шамамен 2014 жылы аяқталады деп жоспарланған, деп жазады “Би Би Си”. Алыс мерзімді ауқымды алғанда, “Набукко” арқылы кейінірек Иран, Ирак, Қазақстан, Түркіменстан және Египет те өз жерінде өндірілетін “көгілдір отынды” жөнелтіп отыратын болады деп күтілуде”.

TURKYSTAN.KZ. Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ “100 МЕКТЕП, 100 АУРУХАНА” ЖЕМҚОРҒА ЖЕМ БОЛУДА” мақаласында көкейкесті мәселелерді көтерді: “…Шығыс Қазақстан облысының шенеунiктерi шағын ғана “Бөген” ауылына мектеп салу үшiн бақандай 500 млн. теңге жұмсапты. Тiптi, бұл қомақты қаржының өзi мектептiң айналасын қоршауға, қазандық пен спорт алаңын салуға, сыныптарға қажеттi құрал-жабдықтар салуға да жетпеген. Масқарасы сол, арнайы тексеру жүргiзген мамандар жаңа мектептiң ескi-құсқы материалдармен салынғандығын ашып салды. Яғни, 11 миллион теңгенiң қайда сiңiп кеткендiгi ұшты-күйлi белгiсiз. Қаржы полициясы мектептi құрылыс компаниясынан қабылдап алатын комиссия төрағасы етiп тағайындалған әкiмдiк қызметкерiне қатысты қылмыстық iс қозғады. Қаржы полициясы соңғы кезде араны ашылған жемқорларды шетiнен ұстап-ақ жатыр. Бiр қызығы, ордалы жылан сияқты ақшаға құныққандардың да қатары көбеймесе, азаятын түрi жоқ. Бұл мемлекеттiк “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына да тiкелей қатысты. Кешегi аптада өз iсiне белсене кiрiсiп жүрген Қаржы полициясы мамандары аталмыш бағдарламаның жүзеге асуы барысында заң бұзушылық фактiлердiң шамадан тыс орын алғандығын әшкерелеп, мәлiмдеме жасады. Мәселен, ағымдағы жылдың соңғы бес айында болған тексеру нәтижелерi бойынша 19 қылмыстық iс қозғалған. Оның 16-сы мектеп, 3-еуi ауруханаға қатысты. Әдеттегiдей қара тiзiмнiң қатарына Батыс, Шығыс және Оңтүстiк Қазақстан облыстары мен Астана қаласы iлiккен”.

EGEMEN.KZ. Сұңғат ӘЛІПБАЙ “ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕМДІК САРАПШЫЛАР КӨЗІМЕН” макаласында “Дағдарыстан кейінгі әлем институты” Ресей қоры жаңа зерттеулер нәтижесін жариялады: “…Зерттеулер нәтижесін шығарған қорытындыдан мәлім болғандай, оған сауалнама негізінде әлемнің 51 елінің 223 білікті сарапшылары қатысқан. Олардың қатарында ғалымдар, экономистер, қаржы сарапшылары, әлемдік ірі компаниялардың иелері мен топ-менеджерлері, журналистер, саясаткерлер мен шенеуніктер бар. … Сарапшылардың пікіріне қарағанда, қазіргі күні дамушы елдердің мүддесін білдіретін айқын бір жетекші болмай отыр. Олардың пікірінше, Қытай мұндай рөлді алып жүруге келмейді. Себебі, ол әлемнің жаңа аса үлкен державасы ретінде өз мүддесін көздейтін болады және жаңа әлемге өзінің тәртібін орнатуға ұмтылыс танытады. Сонымен қатар, мұндай рөлге Ресей де толық сәйкес келмейді. Бұл елге батыс пен дамушы әлемнің бірқатар елдері үлкен үміт арта қарағанымен, Ресей туралы көзқарастардың барлығы бірдей емес.

…Міне, осындай жағдайда Қазақстанға деген үміт зор. Ол алдағы уақытта Ресеймен бірлесе отырып, Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай форматы және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы арқылы жаһандық бастамашылықтың жетекші топтарының арасынан айқын көрініс беруі әбден мүмкін. Өйткені бұл елдің араағайындық қабілетін көптеген елдер мойындап отыр.

Сонымен қатар, баяндамада Қазақстан дағдарыстан кейінгі әлемнің жаңа кейіпкері ғана емес, сонымен қатар, жаңа өнеркәсіпті елдердің жетекшілерінің біріне айналуы мүмкін деген де пікір бар”.

Алайда, баланың аты — бала, болжамның аты — болжам.

ZANMEDIA.KZ. Сайт іске қосылуда.

ZHASALASH.KZ. Сайт көптен бері істемейді.

AYQAP.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.

DMK.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.

KAZADEBIET.KZ. Сайт көптен бері істемейді.

KAZAKZAMAN.KZ. Сайт бірнеше күн жұмыс істемейді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...