«Патриоттық сезім дегеніміз – отбасы, қоршаған орта мен еліңнің әрбір тасын жаныңдай жақсы көру». «Мемлекет қаржысын талан-таражға салған қай әкім?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 22 шілде 2009 ж.

AIKYN.KZ. Айхан ШӘРІП “Мемлекет қаржысын талан-таражға салған қай әкім?” мақаласында жазды: “Министрлер Кабинетінің экономикалық және әлеуметтік “қанатындағы” биік лауазымды тұлғалар бірауыздан МӘСІМОВ Үкіметінің “Дағдарысқа қарсы бағдарламасының” қарапайым бұқараға бағытталған бөлігін – “Жол картасын” жүзеге асыруда қаржылық жөнсіздіктерге жол беріліп жатқандығын жариялады. Бәрінен бұрын әсіресе, осы іске басымен жауапты тұлға – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВАның даусы басым шықты. Министр ханым тіпті “тағдырлы” қаржыны талан-тараж еткен аймақ әкімдіктерінің нақты органдарының атын атап, түсін түстеді. Министрлердің неге мазасызданғанын біліп, аймақ басшыларының қалай ақталғандығын мұқият тыңдаған Кәрім Мәсімов әкімдерге демалыс уақытына қарамастан бел жазбауды бұйырды.

Осы тұста “Жол картасын” орындауда ақылға сыймас бір кереғарлық орын алғандығы әшкереленді. Мәселен, әкімдер жаңа жұмыс орындарын өздерінен талап етілген көлемде ашқан, бірақ ол қызметті атқаратын адамдарды таппаған, сөйтіп, жаңа жұмыс орындары “вакансия” түрінде бос тұр екен! Кәрім Мәсімов биылғы сәуірдегі шешімімен, орталық органдардағы вакансия атаулыны қаламының ұшымен бір сызып, құртып еді. Ал әкімқаралар керісінше, оларды осылайша “балалатып” жатқандай. Осыған қатысты деректі Гүлшара Әбдіхалықова ханым хабарлады. Оның айтуынша, 13 шілдедегі жағдай бойынша, аймақтарда “Жол картасы” аясында 238 мың уақытша жұмыс орны ашылған. Яғни жоспар 94%-ға орындалған. Алайда “ашылған жұмыс орындарына 177 мың адам ғана” немесе “74% ғана тартылған”! “Яғни қазіргі кезде 61 мыңдай адамды кем алған” деді ол. Еңбек және халықты әлеуметтік- қорғау министрі бұл жағдайдың “объективті себептері” де барлығын айтты.

Министрліктің “қара тізіміндегілердің” көшін Кулагин басқаратын Қостанай өңірі бастап тұр: Кулагиндер өздері жаңадан ашып қойған жаңа жұмыс орындарын тек 32 пайызға ғана жұмысшылармен толтырған! Оның соңынан ШҚО келеді: Бердібек Сапарбаевтар жұмыссыздарды жаңадан жасаған жұмыс орындарының тең жартысымен (50%) ғана жарылқапты. Бұл көрсеткіштер Маңғыстау облысында – 56%, Алматы облысында 58% көрінеді. Тағы бір жайт: қадірлі қауым мемлекеттің миллиардтап қаражат бөліп, қаншама жұмыссыздың қолына сөмке ұстатып, партаға отырғызғанын “көк жәшіктегі” жарнама-роликтен жақсы біледі. Қазіргі кезде осылайша 41 мың адам қайта даярлықтан өтіп жатыр. Соның 5 281-і ендігі бітірген, бірақ мемлекет соның тек 4 734-іне ғана жұмыс тауып берген.

Қаржы министрі Б.ЖӘМІШЕВ те бір “сырдың” бетін ашты. Әкімдер “қаржың да, өзің де бар бол!” дегендей, “дағдарысқа қарсы қаражаттың” бір бөлігін кері қайтарып жатқан көрінеді. Жергілікті басшылардың “жүрегін айнытып” отырғаны – “Жол картасының” әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға, жастар тәжірибесіне, кадрлерді даярлауға және қайта даярлықтан өткізуге бағытталған бағдарламалары. “Бірқатар облыстар бұрынырақ жоспарланғанына қарағанда, бұл бағдарламаларға деген қажеттілік кем болатындығын мәлімдеуде” деді ол.

Вице-министр Е.ОРЫНБАЕВтың айтуынша, “дағдарысқа қарсы шаралар еңбек нарығындағы жағдайға оң ықпалын тигізген”. Ал Статагенттік осының арқасында жұмыссыздық деңгейінің 6,9%-дан 6,7%-ға дейін төмендегенін хабарлайды. “Жергілікті атқарушы органдардың жыл басындағы 136 мыңға тарта жұмысшының жаппай жұмыстан босатылуы жөніндегі пессимистік болжамдары әзірге ақталмауда” дейді Ербол Орынбаев”.

БТА”-ның 172 миллиарды шетелде жатыр”. БТА Банкінің” шет елдердегі 172 миллиард теңгенің активтерін қайтарып алу жөнінде Бас прокуратураға шағым түсірілді, деп мәлімдеді Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоганн МЕРКЕЛЬ. Осы факт бойынша Бас прокуратура тағы бір қылмыстық іс қозғады.

Пара алудың барған сайын өршіп бара жатқаны жемқорлықпен күрестің күшеюінен бе, әлде жемқорларға қолданатын жазаны қатайтпаудан ба?” шағын сауалнаманы жүргізген Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ.

“Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты, заңгер:– Бір қуантатыны, қазіргі күні парақорлықпен күрес белсенді түрде жүргізілуде. Бұл – қоғамды жемқорлардан тазалау үшін өте қажет. Менің айтарым, қазіргі күні жемқорлық соншалықты көбейген жоқ, керісінше, алатын параның немесе “қылқытып” қоятын қаржының көлемі өсіп кетті. Мысалы, бұрын жемқорлар 3 – 5 пайыз алатын болса, қазір бұл көрсеткіш 10 – 15 пайызға көтерілді. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. … Екіншіден, қазір біз жемқорлықпен емес, тек парақорлықпен күресудеміз.

Кеңес АУХАДИЕВ, қоғам қайраткері:– Меніңше, жемқорлыққа жол бермеу немесе оны құрту үшін қолданылатын заң биліктегі жоғары лауазымды адамдарға да, кіші лауазымды немесе қарапайым азаматтарға бірдей қатаң түрде болуы тиіс. … Бірақ дәл лауазымды тұлға шынымен сотталды ма, жоқ па? Ол жағына назар аударып жатқан ешкім жоқ.

Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, қоғам қайраткері: Біз “жемқорлармен күресіп жатырмыз” дейміз. Бірақ кеш қалып жатырмыз. Егер салыстыра айтсақ, кеңес кезеңінде бәлендей жемқорлық жоқ еді. Бірақ өзіне “жақсылық” жасаған адамға тұрғындар бір қорап кәмпитін немесе бір бөтелке “шампанскийін” сыйға тартып, рахмет айтатын. Ал қазір ше? Түйені түгімен жұтса да, мемлекеттік лауазымды қызметті бей-жай атқара беретін болды”.

ALASHAINASY.KZ. “Көрші елдердегі саяси-экономикалық тұрақсыздық еліміздің миграциялық мәселелерін ушықтырып жібермей ме?” тақырыбына пікірлерін жинаған Сәкен КӨКЕНОВ.

“Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты: Әрине, көрші елдерде болып жатқан саяси, экономикалық, тіпті экологиялық, идеологиялық процестер де біздің елімізге әсер етіп отырады. Қайсыбір мемлекетте тұрақсыздық пайда болса, сол аймақта ауқымды көлемдегі миграциялық құбылыстар белең алады. … Сол секілді босқындарды қабылдау квотасын да өзіміз реттейтін болған соң, өз ыңғайымызға, шама-шарқымызға қарай реттейміз….

Сайын БОРБАСОВ, саясаттану ғылымының докторы, профессор:Аймақта болып жатқан оқиғалар Қазақстанға белгілі бір дәрежеде әсер етуі ықтимал. Алайда бұл елдің саяси-экономикалық жағдайына әсер ететіндей деңгейде емес. Себебі шекарамыз қырағы күзетіліп тұр. Кеден істері біршама жөнге келтірілген. Заңнамамызда миграциялық мәселелер өз деңгейінде қарастырылған. Босқындар мен мигранттар еліміздің экономикасына кері әсер етпеу үшін өзіміздің еңбек ресурстарымызға, мүмкіндігімізге қарап мигранттарды қабылдауға жол ашамыз. Бізде қандай көлемде адам қабылдауға болады дегендей тәртіп белгіленген. Жыл сайын елімізге 2 миллиондай адам келіп-кетеді. Соңғы кездері жұмыс істеп, ақша табу мақсатында келетін мигранттарға қойылатын талап күшейтіліп, олардың санына шектеу қойылып жатыр. Дегенмен көрші елдерде үлкен төңкерістер болып жатса, бұдан қауіп көбірек. Өйткені мұндай жағдайда миграциялық фонтан пайда болады. Оны тежеу де қиын.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы: Алдымен экономикалық жағдайды сөз ететін болсақ, бұл салада Қазақстанға төніп тұрған аса үлкен қауіп жоқ….”.

EGEMEN.KZ. “ҚАЗАҚ ҰЛТЫН ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ?” мақаласы жарық көрді. Ұлт мықты болмай, ұлттық тәрбие оңалмай, намыс оянбай ол ой орындала қоя ма? “…Мемлекеттік тілдің мәртебесін үстем етіп, үстел басындағылардың сөйлеу тіліне айналдырсақ, ізгі ниет жандардың қимыл-қарекетіне қуат берсек деп өткен жылы тағы бір қоғамдық ұйым құрылған болатын. Ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген Мемлекеттік тілді дамыту қоры еді. Осы күні қор немесе бір қоғамдық ұйым тұсауын кесіпті десе, жұрт онша назар аудара қоймайды. Кезекті бір жалт-жұлт шығар деп топшылайды. Ал мына қордың мақсаты қандай, міндеті нендей, атқаратын ісінің, тындыратын жұмысының ерекшелігі қайсы деген сұрақты сол қор директоры Берік ӘБДІҒАЛИ мырзаға қойған едік.

Мемлекеттік тілдің деңгейін көтеруге бағытталған жобаларға жарты жыл сайын берілетін гранттар тілдің ең үздік жарнамасына, орыс тілді басылымдар арасында мемлекеттік тілді насихаттайтын ең үздік мақалаға, қазақ тілін үйретудің ең озық әдістемесіне қор сыйлығын беру қарастырылды. “Қоғамдық тіл инспекциясы” байқауларын өткізу шаралары және бар, – деген Берік Әбдіғалиға төмендегі сұрақты көлденең тарттық.

– Тіл саясатымен айналысатын құрылымдар аз емес қой. Бұл да сондай кезекті іс-шараның бірі болып жүрмей ме?

– Иә, тіл тағдырына қатысты ұйымдардың аз емес екені рас. Дегенмен, әркімнің өз міндеті болады. Бірден айтайын, біз үкіметтік ұйымдардың қатарынан саналмаймыз. Мемлекет есебінен көк тиын да бөлінбейді. Елбасы қор жұмысын бастау үшін 24 млн. теңге бөлдірген. Бірақ жоғарыда айтқан жобаларға әлі ақша бөліне қойған жоқ. Біз жиын, конференция, семинар, фестиваль өткізіп, ғылыми зерттеулер жасап, әдістеме шығаруды мақсат етпейміз. Мойнымызға міндет етіп көтергеніміз — билік пен қоғамды мемлекеттік тілді дамытуға біріктіру, қолданысқа енгізуге жұмылдыру, азаматтардың ынта-ықыласын ояту, ұрпақтың патриоттық сезіміне иненің жасуындай болса да дем беру. Біз осы кезге дейін түрлі сылтауларды айттық. Қаржы жоқ дедік. Қаржы бөлініп еді, тағы бір ұзын арқан, кең тұсауды айтып жалт бердік. Соған қарағанда, тіл мәселесін қаржымен шеше алмайтын секілдіміз.

– Енді не істеу керек?

– Ұлттың рухы оянуы керек. Ұлттың рухы оянса, ұлттық намыс оянады. Көнгіштікке, айтса жүріп, айтпаса тұратын жағымсыз қасиетке тосқауыл қойылады. Ұлт мықты, мығым болмай, тілдің бағы жанбайды. Алдымен қазақ мықты ұлт болуы тиіс. Сонда басқа диаспора өкілдері оның айналасына топтасады.

– Онсыз ұлттар бірлігінің ертеңі күмәнді дейсіз ғой.

– Ең алдымен қазақ өзінің дамуына көбірек көңіл бөлсе, өзгеге үлгі көрсетіп, сапасы артар еді. Рухымыздың құлдырап кеткені сондай, кейде ұлт намысы тапталып жатса да көне саламыз. Бұрынғы әдемі қасиетіміз қонақжайлылық еді. Енді оның орнын немқұрайдылық, көнгіштік басып барады. Шынайы күш тілге деген күш-жігерде жатыр. Сол күш-жігерді кім жарыққа шығара алады? Бірінші – билік, екінші – қоғам ішіндегі үрдістер: ол саяси партиялар ма, ұйымдар ма, зиялы қауым ба – бәрі бір, елдік істе, ұлттық тірлікте бар екенімізді білдіруіміз керек. … Мемлекеттік тілді білмеу – ұлтты менсінбеу. Бұл ащы сөз – бірақ ақиқат сөз”.

Атсалим ИДИГОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМ ДЕГЕНІМІЗ – ОТБАСЫ, ҚОРШАҒАН ОРТА МЕН ЕЛІҢНІҢ ӘРБІР ТАСЫН ЖАНЫҢДАЙ ЖАҚСЫ КӨРУ” мақаласында өзекті мәселе көтерді: “Айталық, қанатсыз құс ұша ала ма? Қанаты барда ғана құс әуелейді, өзіндік ғұмыр кешеді. Еркіндігі арқылы өзін танытады, өзегін жалғайды. Тіл де тура осы сияқты. Тілі бар халықтың ғұмыры бар, тілі өлген күні өзі де өледі. … Мәселен, мен өзімнің туған халқымның тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, өткен тарихын жақсы білемін. Балаларым да солай. … Қазақ тілін де тәуір білемін. … Мемлекеттік тілді көтеру — қазақтың ғана шаруасы емес. … Меніңше, ұлттық мәдениет орталықтарының бүгінгі көзқарасы да аса оңды емес. Көптеген жылдардан бері олар тек өздерінің этностық проблемаларымен шұғылданып келеді. Мемлекет тарапынан қолдау да жетерлік. Мұның бәрі құптарлық дүние. Солай бола тұрса да, оларға қатысты саясатты өзгертіп, қызметтеріне өзгеріс енгізу шарт. Өздерінің рухани құндылықтарымен қатар қазақ халқының да бай рухани құндылықтарын насихаттап, дамытуы керек. …

Мен де осында тудым, барлық ғұмырымды осы жерде өткізіп келемін. Егер де мен қазақ тілін біліп, дәстүр-салтты, мәдениетті меңгерсем, тәуір бата бере алсам, бұл менің жай қызығушылығым емес, осы жердің шынайы патриоты екендігім. Егер де менің балаларым қазақ мектебінде оқып, осы тілде ән салса, домбырада ойнаса, бұл да өзге бір себеп-салдар емес, өйткені, мен Қазақстанның патриотымын. Егер де мен еліміздің басындағы қиын кезеңде мүмкіндік болса да басқа жаққа кетіп қалмасам, бұл да көп нәрсені аңғартса керек.

Маған қандай да бір диаспораның өкілі деген сөз ұнамайды. Мен сырттан келген бөтен емеспін ғой. Жалпы, менің ойымша, уақыт өте келе біздің лексиконымыздан “диаспора”, “этнос”, кавказдық немесе азиаттық ұлт адамы деген түсініктер жоғалады деп есептеймін. Біз бір қоғам, бір халықпыз. Отанымыз біреу – Қазақстан. Бөлетін еш нәрсе жоқ”.

ZANMEDIA.KZ. Сайт іске қосылуда.

ZHASALASH.KZ. Сайт көптен бері істемейді.

AYQAP.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.

DMK.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.

KAZADEBIET.KZ. Сайт көптен бері істемейді.

KAZAKZAMAN.KZ. Сайт бірнеше күн жұмыс істемейді.

Аталмыш газеттер бас редакторларының назарына! Қадірменді ағайындар! Қазақ тілінің кеңістігін кеңейту үшін, оқырмандарыңызға құрмет көрсету үшін, көп уақыт ұзамай сайттарды ретке келтіру жөн болады деп санамайсыздар ма?

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...