«Мемлекет басшысының тапсырмаларына – тиімді бақылау». «Банкирлер «дағдарысқа қарсы қаржыға» қол салыпты»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 шілде 2009 ж.

AIKYN.KZ. Айхан ШӘРІП “Банкирлер “дағдарысқа қарсы қаржыға” қол салыпты” мақаласында назар аударады: “…Кейбір банктердің тиісті жерлерді жалаң деректермен матап қойып, өздері “тағдырлы” ел қаржысын өз қалауларынша жұмсап келгені анықталуда. Министрлер Кабинетінің кешегі жиынында еліміздің Бас прокуратурасының тексерісінің қорытындыларына жүгіне отырып, осы мәліметті жария еткен “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ ондай банктерге енді аяушылық болмайтындығын аңғартты. Оның айтуынша, ең алдымен айыппұлдық санкция қолдану тетігі іске қосылмақ.

Өткен аптаның соңында Бас прокуратура Ұлттық қор қаражатының пайдаланылуына қатысты жүргізген тексерісінің нәтижелерін жариялады, – деді Қайрат Нематұлы, – Бұл жерде аталған тексерулердің Президент Жарлығымен құрылған Ұлттық қор қаражатының пайдаланылуын бақылау жөніндегі жұмыс тобының тапсырмасы аясында жүргізілгендігін айта кеткен жөн”.

…Кәрім МӘСІМОВтің пікірінше, \»А вариант\» \»қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын\» заманның, жарқын күннің жақын қалғандығын қарастыруға тиіс. \»Әлемдік экономика өз жайымен тұрақтанады, қазір жүріп жатқан жағымды үрдістер жалғаса береді, барлығы қазіргі белгіленген арнамен жылжи береді: мұнайдың бағасы бір барреліне 60-70 доллар көлемінде \»қалқиды\», біз экспорттайтын негізгі шикізат, металдар бағасы қазіргі диапазонда қалады, экономикамыз бірте-бірте қалпына келе бастайды. Бұл – жағымды сценарий\» деп сипаттады Үкіметбасы. Әйткенмен ашық күнде аласапыран дауыл басталып кетуі мүмкіндігін де жоққа шығармаған жөн. Сондықтан Кәрім Мәсімовтің пікірінше, пессимистік сценарий да болуы керек, ол алда әлемнің бұдан да алапат дағдарыс толқынының астында қалуын көзге елестетуге тиіс. \»Вариант Б: тамызда дағдарыстың әлем үшін екінші, ал біз үшін үшінші толқыны жабады”.

ABAI.KZ. “Қазақстанның қаржы орталығына айналуға мүмкіндігі бар”.Өткен аптада Алматыда бiр топ ресейлiк және қазақстандық сарапшылар бас қосты. Бас қосқандар ресейлiк \»Дағдарыстан кейiнгi әлем институты\» мен қазақстандық \»Zertteu DC Group\» компаниясының өкiлдерi. Жиында шетелдiк мемлекеттердiң антидағдарыстық iс-әрекеттерiне баға беру және экономиканы тұрақтандыру жөнiндегi қазақстандық бағдарламаның әзiрлену барысы сөз болды.

Сарапшылардың ортақ пiкiрiне сүйенсек, Қазақстанның аймақтық қаржы орталығына айналу мүмкiндiгi жоғары. Соңғы бiр жыл iшiндегi әлемдiк қаржы үрдiстерiн саралаған әлемнiң аузы дуалы қаржыгерлерi экономикалық өсiм көрсеткiшiнде Қазақстанның орны көшбасшылар қатарында келе жатқанын айтады. Қазақстан үкiметi мұндай табысқа дағдарысты еңсерудiң тиiмдi стратегиялық бағдарламасын қабылдау арқылы қол жеткiзiп отыр. Әлемнiң 51 мемлекетiнiң 200-ден астам қаржыгерлерi, шенеунiктерi, алпауыт компаниялардың басшылары қатысқан кешендi зерттеме \»Дағдарыстан кейiнгi қаржылық архитектура\» деп аталады. Сарапшылардың пiкiрiне қарағанда, жақын арада әлемдiк қаржы жүйесiнде елеулi рөлге ие болатын БРИК-ке (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай) мүше болмаса да, Қазақстан экономикалық және қаржылық саясатты берiк ұстайтын дәстүрлi елдер — АҚШ, Ұлыбритания, Германия және БРИК елдерiмен бiрге әлеуетi аса жоғары мемлекеттердiң тiзiмдерiнiң қатарынан көрiнiп келедi екен.

\»Дағдарыстан кейiнгi әлемнiң қаржылық архитектурасы\» тақырыбындағы бұл жұмыс халықаралық ұжымдық сараптаманы тереңдетiлген экономикалық зерттеулермен байланыстыратын бiрегей сауалнама болып табылады. Сарапшылар өткiзген аталмыш сауалнамаға жаһандық мамандар қатысып отыр. Атап айтар болсақ, 51 мемлекеттiң 223 маманы қатысыпты. Дағдарыстан кейiнгi әлем институтының директоры Екатерина Шипованың пiкiрiне сүйенсек, әлемдiк интеллектуалдық элита Қазақстанды болашақта аймақтық қаржы орталығы рөлiне таласа алатын ел ретiнде қарастырып отыр.

… Мәселен, Қазақстан қысылтаяң шақта Ресеймен салыстырғанда салықтық жеңiлдiктердi бiрiншi боп енгiзiп үлгердi. Бұл көп мысалдың бiрi ғана\» дейдi. …Өз елiн дағдарыстан шығаруда аса зор еңбек сiңiрген тұлғалардың да аты аталып өттi. Бұл тiзiмнiң көш басында елiмiздiң президентi Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер Кәрiм Мәсiмов тұр. Сонымен бiрге, Қазақстан өз үкiметi мен ұлттық банкiнiң жұмысын қысылтаяңда жұмылдыра бiлген мемлекет ретiнде өзгелерден оқ бойы озық тұрғаны бәрiмiздi қуантты. Сарапшылар Қазақстанды Кеңес елдерi арасында жалғыз өзi қаржылық орталыққа лайықты мемлекет деп бағалап отыр” (Гүлзина БЕКТАСОВАның мақаласы, “Түркістан” газетінде, 16.07.2009 жарық көрді).

ALASHAINASY.KZ. “Балабақшаларды толығымен қазақшаландыру керек пе?” ой-көкпарын жүргізген Серік ЖҰМАБАЕВ. “Еліміздегі қазақтілді балабақшалардың үлес салмағы 20 пайызды құрайды екен. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында енді елдегі балабақшаларға үштілділік жүйесі енгізіліп отыр. Осы ретте, мұны кейбір саясаткерлеріміз қолдаса, енді бір зиялыларымыз құп көре бермейді. Олар: “Мемлекеттік тілді дамыту шараларын ең алдымен балабақшадан бастауымыз керек. Сондықтан балабақшаларды толық қазақшаландыру қажет”, – дейді. Осы дұрыс па?

Темірхан МЕДЕТБЕК, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:

Иә. Міндетті түрде қазақшаландыру керек. Оны баяғыдан айтып келеміз, егер тыңдар құлақ болса. Үштілді болғаннан кейін бала қазақша жөнді біліп жарытпайды. Бұл психологияға да, адамгершілікке де сыймайды, тіпті керек десеңіз, мұның арты қоғамға жақсылық әкелмейді. … Егер біз дербес мемлекет боламыз десек, мемлекеттік тілді көтереміз десек, онда балабақшаларды міндетті түрде қазақшаландыруға тиіспіз. Мәселен, көрші Қытайда ұйғыр болсын, қазақ болсын, орыс мектептері болсын, ондағы балалар қалайда қытай тілін біліп шығуы міндетті.

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:

Жоқ. Біріншіден, балабақшаларды жаппай қазақшаландыру деген — үлкен қателік. Олар – кішкентай сәбилер. Ары кетсе, 4-5 жастағы балалар. Оларға қазір бес тіл болсын, он тіл болсын, жақсылап үйретсе, меңгеріп кетеді. Балаларды бір тілмен шектеу — дұрыс емес. Сол үшін, ең болмағанда, үштұғырлы тіл деп жүрміз ғой, соны жетілдіруіміз керек. Кішкентай балалар қағілез келеді. 45-50-ден асқан азаматтарға тілді меңгеру қиын болғанымен, балалар тілді табиғи түрде тез меңгереді. … Мен бұл жерде қазақ тілін қазақтар білмесін деп отырған жоқпын. Әрине, балабақшадан бастап қазақ тілін үйретуге тиіспіз”.

(Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

EGEMEN.KZ. Cерікжан ҚАНАЕВ, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАЛАРЫНА – ТИІМДІ БАҚЫЛАУ мақаласында назар аударады: “Бірде-бір әлеуметтік бағдарлама, бірде-бір экономикалық бағдарлама қысқартылмады. Иә, тап осылай. Жер-жаһанды буып тұрған дағдарыс жағдайында биыл Қазақстанда Президент межелеген бірде-бір әлеуметтік бағдарлама, бірде-бір экономикалық бағдарлама қысқартылмады. Бұл істе қабылданған шешімдердің орындалуына нақты бақылау жасаудың өз орны бар.

Елбасының 2009 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауының ерекшелігі оның дүниежүзілік қаржы дағдарысы жағдайында тұжырымдалғандығы және барлық мемлекеттік құрылымдардың жұмысын сол дағдарыс салдарының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізетін әсерін жұмсарту үшін бағыттау болып табылады. Дағдарысқа қарсы мақсаттарда елдің экономикасына жалпы 2 триллион 700 миллиард теңгеден астам қосымша қаржы жұмсалып отыр. Президент бүгінгі дағдарыстың салдарынан туындаған ағымдағы проблемаларды шешу жөніндегі шаралармен қатар, Үкіметке мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Осы міндеттерді экономиканың қазіргі күрделі жағдайында толығымен іске асыру үшін пәрменді әрі тиімді бақылаудың қажеттігі талап етіледі. Бұл жайында Мемлекет басшысы “Алдымызға қойылған мақсаттарға жетуде қаншалықты алға жылжығанымызды білу үшін бізге жоспарлау мен бақылау, есептілік пен жауапкершілік жүйесі қажет”, деп анық айтқан”.

ZANMEDIA.KZ. Сайт іске қосылуда.

ZHASALASH.KZ. Сайт көптен бері істемейді.

AYQAP.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.

DMK.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.

KAZADEBIET.KZ. Сайт көптен бері істемейді.

KAZAKZAMAN.KZ. Сайт бірнеше күн жұмыс істемейді.

Аталмыш газеттер бас редакторларының назарына! Қадірменді ағайындар! Қазақ тілінің кеңістігін кеңейту үшін, оқырмандарыңызға құрмет көрсету үшін, көп уақыт ұзамай сайттарды ретке келтіру жөн болады деп санамайсыздар ма?

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...