«Құнды жәдігерлеріміздің қадіріне қашан жетеміз?». «Үрімшідегі қақтығыстың қазақ экономикасына әсері қандай?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 шілде 2009 ж.

AIKYN.KZ. Үмітжан ЖАПАР “ҮРІМШІДЕГІ ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ҚАЗАҚ ЭКОНОМИКАСЫНА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?” мақаласында төмендегідей пікір білдіреді: “Жалпы, Қытай үшін Шыңжаң өлкесінің қаншалықты маңызды екенін Мао Цзе Дунның “Қытай Шыңжаңнан бұрын Бейжіңді беруге келісер” деген сөзінен-ақ байқауға болар. Өйткені бұл өңір мұнай мен қазба байлықтарға бай. Осы аймақтағы газ, көмір мен былтыр ғана Іле бойынан табылған уранның қорларының Қытай үшін маңыздылығын арттыра түседі. Тіпті кейбір мәліметтерге сүйенсек, елдің барлық табиғи қорларының 80 пайызы осы аймақта орналасқан екен. Былтырғы жылы бұл аймақ Қытай бойынша мұнай өндіруден алғашқы орынға шыққан. ҚХР-да өндірілетін табиғи газдың үштен бір бөлігі де осы автономиялық ауданға келеді.

“Шыңжаң аймағы қазір үлкен энергетикалық алаңға айналып келеді. Сонымен қатар, оның геосаяси маңызы да бар. Шыңжаң Қытайдың Азияға ықпал етуде үлкен рөл атқаратын көпір болып табылады” дейді сарапшылар. “Жэньминьжибао” газетінің хабарлауынша, бұл бүлік Қытай экономикасына 10 миллион доллардан астам шығын келтіріпті. … Қытай үкіметі қауіпсіздік шарасы негізінде шекараны жауып, барлық қарым-қатынасты тыйғаны белгілі.

… Соңғы жылы Қытайдан келетін тауарлардың қатынасы азайғаны анық. Алматы облыстық кеден басқармасы көктемде Қытайдан келетін тауар көлемі 25-30 пайызға дейін азайды деген мәлімет таратқан. Яғни бұрынғыдай тауар тасқыны жоқ деген сөз. Ал қазір алдағы уақытта жағдайдың қалай болатыны түсініксіз. Бұл мәселе шешімін таппай созылып кетсе, онда кейбір тауарлардың бағалары да көтерілуі мүмкін. Шекара жабық болғандықтан, бұл мәселе қашан шешілетіні белгісіз, – дейді Тимур Күзекұлы. Сарапшылар “жағдайдың қалпына келіп, шекараның ашылуы, ең бірінші Қытайдың мүддесінде дейді. Өйткені Қазақстан нарығы – Қытай тауарының ірі тұтынушыларының бірі болып табылады. Мұндай тұтынушыдан аз уақыт болса да айырылу – күншығыс елі үшін тиімді емес.

Жат елдің намысын қорғаған қазақтар”. Ғалым СҮЛЕЙМЕН Қазақстан аумағында туғанымен тағдырдың жазуымен өзге мемлекеттің туы астында өнер көрсеткен спорт саңлақтары жайында баяндауды жөн көрді: “Айқын-аптаның” өткен санында шетелде туып-өскен атақты қазақ спортшылары жайында біраз мағлұмат бергенбіз. Желаяқ Алданыш Рамазан, таэквондошы Мұстафа Өзтүрік, балуан Бақыт Однай және боксшы Қанат Сіләмұлы жайында мақалалар оқырмандарды бей-жай қалдырған жоқ деп ойлаймыз.

Қазақ баскетболының королі Әлжан ЖАРМҰХАМЕДОВ. Өткен ғасырдың 50-жылдарының екінші жартысында КПСС-тың бас хатшысы Никита Хрущевтің “Қазақстанның біраз аумағын Өзбекстанға қосу жайында” атышулы жарлығы шықты. Соның негізінде Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданы көрші республикаға өтіп кетті. Міне, сол ауданның Табақсай ауылында даңқты баскетболшы Әлжан Жармұхамедов дүниеге келген еді. …Жармұхамедовтің спортық өмірбаянындағы ең басты табысы – 1972 жылы Мюнхенде өткен Олимпиада ойындарының алтын медалі. Осылайша Әлжанның есімі Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы ретінде спорттық шежіреге жазылды…

Түркия боксын өрге сүйреген азамат Нұрхан СҮЛЕЙМЕНОҒЛЫ. 1992 жылы жас боксшы Нұрхан Сүлейменов Ыстамбұлда өткен халықаралық турнирге аттанды. Сол кеткеннен ол мол кетті. Өзінің бұл шешімін Нұрхан: “Ол бір аумалы-төкпелі заман еді ғой. Нарық қыспаққа алғанда, бәріміз қатты қиналдық. Сіздер мені түсінуге тиіссіздер, біз бір отбасында сегіз адамбыз. Әке-шешемнің табысы күнкөріске жетпей, жоқшылықтың азабын молынан тарттық. Алдымда аға-әпкелерім, артымнан өсіп келе жатқан іні-қарындастарым бар. Солардың қамын ойладым. Өзім де әдемі киініп, ел қатарлы жүргім келді. Ал оған тапқан табысым жетпеді. Оның үстіне, КСРО құрамасы бапкерлерінің Костя Цзюға бүйректері бұрғандықтан, мен соның көлеңкесінде қалып қоямын ба деп қорықтым. Шынымды айтсам, үнемі екінші болудан қорландым. Міне, осы жағдайлардың бәрін ой елегінен өткізе келе, Түркияға қоныс аударуды жөн көрдім”, – деп түсіндірді. … 1995 жылғы әлем чемпионатында қандасымыз күміс медальды кеудесіне тақты. Сол жарыстың ширек финалында қазақстандық боксшы Болат Ниязымбетовтен айласын асыра білді. Одан кейін немістің атақты былғары қолғап шебері Октай Үркалды әдемі ұтты. Тек финалда әлемнің екі дүркін чемпионы, кубалық Гектор Винетке ғана есесі кетті. Бір сөзбен айтсақ, Нұрханның Түркияға табаны тигеннен кейін ғана аталмыш елдің боксында өрлеу кезеңі басталды. Өзгеге емес, Сүлейменнің немересіне еліктеген жергілікті жастар бокс үйірмелерін көптеп жағалай бастады. Ал дәл қазір Түркия әлемнің ең мықты құрамаларымен иық тіресе алатындай жағдайға жетті. Бокстан титтей де болса хабары бар адам осы жетістіктің барлығы қазақтың қарапайым ғана жігітінің арқасы деп біледі. Ғасырлар тоғысында өткен Сидней Олимпиадасында сәтсіздікке ұшыраған Нұрхан Сүлейменоғлы АҚШ-қа қоныс аударып, кәсіпқой бокста бағын сынады.

Татамидің тарланбозы Айдын СМАҒҰЛОВ. Адамзат баласының бүкіл ғұмырында тарихта қалу үшін бір ғана мүмкіндік берілуі мүмкін. Дәл сондай жағдайды Айдын есімді балуан да өз басынан өткерді. Және де сол мүмкіндікті ол қалт жіберген жоқ. Айдын Смағұлов – Алматы облысы Алакөл ауданының түлегі. … Дзюдо күресі бойынша ел чемпионы атанды, Орталық Азия ойындарында топ жарды, бірқатар халықаралық жарыстарда атой салды. Алайда 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындары қарсаңындағы ел чемпионатында сәтсіздікке ұшырап, байрақты бәсекеде Қазақстанның туы астында өнер көрсету құқығынан айырылды.

Әр спортшының арманы – Олимпиадада атой салу. Жасы 26-дан асқан Айдын балуанға қазақстандық бапкерлер сенімсіздік білдіргеннен кейін, ол тосын шешім қабылдады. Алатаудың арғы жағына өтіп, айыр қалпақты ағайындардың намысын жыртуды жөн санады. Бұл ретте оның еңбегі еш кеткен жоқ. Айдын Сиднейде қола медальді қоржынға салды. Қырғыздар қалпақтарын аспанға атты. Олардың осылай қуануы да негізсіз еместі. Өйткені 1980 жылы атақты ауыр атлет Қаныбек Османәлиев Мәскеуде алтын алған уақытан бергі 20 жыл аралығында Қырғызстан құрамасына Олимпиаданың бірде-бір медалі бұйырмаған екен. Міне, сол олқылықтың орнын толтырып, көрші елдің абыройын асырған – біздің Айдын еді. Егер спорт тарихының сарғайған беттерін парақтайтын болсақ, Айдын Смағұловқа дейін Қазақстанның бірде-бір дзюдошысының Олимпиада тұғырына табаны тимеген екен. Міне, Алакөлдің тумасы сол тізімді бастады”.

Төреғали ТӘШЕНОВ ҚАЗАҚЫ ТӨБЕТ ТҰҚЫМЫ ҚҰРЫП БАРАДЫ” деген мақаласында көпшілікке белгісіз мәселе көтерді: “Алдына тастаған атан түйенің атпал сүйегін қабан азу, қанжар тісімен бір “қарш” шайнағанда-ақ қарс айырып, бір-ақ қылғып жұтатын тайыншадай сырттандарымыз болған баяғыда. Үй сілкінердей үрген дауысынан-ақ азулы қасқыр үйірі алты шақырым алыстан аулаққа қашатын алпамсадай арландарымыздың болғаны рас. Қыстың қандай қақаған аязында да қыңбай қой қораның төбесінде түнейтін сол қазақы төбеттің қадір-қасиетін бағалай білмегендігімізді кімнен көреміз? Құмай тазы туралы сөз қозғамай-ақ қоялық.Түрікменстан елі – алабай тұқымды итін шетке шығартпайды. …Түрікмендердің өзі алабайларын бұрындары қазақ ит деп келгендігіне қарасақ, алабайды қазақы төбеттен тараған қоспа тұқым деуге болады. Бір қызығы, ит сатушылардың аузынан “қазақы төбет тұқымы” деген бір ауыз сөз естімейсіз. Қайдан естисіз, “ортаазиялық овчарка”, “алабай”, “азият” деген атымен ғылымға белгілі сырттан иттің тұқым-төркінін індетушілер оны міндетті түрде түрікмен төбетіне апарып телитін болса. … Деректерге жүгінсек, 1936 жылы қазақ даласында 7 мың тазы, 19 мың төбет болған екен. Ал Экологиялық “Табиғат” одағының төрағасы Мэлс ЕЛЕУСІЗОВ қазір Қазақстанда 200 бас қана тазы иті қалғанын, бұл итті Қызыл кітапқа енгізу керек екенін айтады. Білетіндердің айтуынша, қазақы төбет 1 мыңға жетер-жетпес екен. Оның үстіне елдегі тазы мен төбеттің қолда бар тұқымдары өзге иттермен араласып қан тазалығын жоғалтқан. Ал 2003 жылы Қазақстан Үкіметінің асыл тұқымды үй жануарлары мен жабайы аңдарды қорғау туралы шыққан қаулысында таза қанды төбеттерді қорғау, сақтау, қолдау турасында бірде-бір бап жоқ.

… Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы қазақы төбетті “маңтөбет, бәйтөбет, таутөбет” деп жіктеп, ол атаулардың түп-төркінін былайша таратады: “Маңтөбет – маңғаз, салмақты, сабырлы, сырбаз ит. “Маң-маң төбет, Маңтөбет” сөзінің түп-тамыры да осында жатыр. … Бәйтөбет – үлкен төбет. Таутөбет – тау, таудай, үлкен, ірі, дәу, кесек дегеннен туған сөз. Таутөбеттер үйшікке жатпайды. Қар немесе мұз үстіне жата салса да, аязға еш тоңбайды. Әлемдегі 116 ит түрі ішінде қазақтың таутөбеті ең ірісі болып табылады. Оның кеудесі, мойны, тұмсығы жуан, басы, аузы үлкен, тістері ірі, езулері салақтап жүреді. Тұмсығы келтелеу болса да, жуан болып келеді. Түктілігі екі түрлі – жүні қалың, ұзын қылшықты. Бас жүні бет-аузын жауып тұрады. Құлақтарын да жүн басып алған. Денесінде де қалың түбіт қаптаған. Екінші түрінде жүні сәл тықырлау, алайда түбіті қалың шығады.

Маңтөбет. Маңтөбеттер түн бойы мал күзетіп, күндіз ұйықтайды. Иттің осы түрі ғана қасқырмен жекпе-жекке шығуға батылы барады. Маңтөбеттердің кейбірі, үй иесі қайтыс болғанда, сол адамның моласына барып, жатып алады. Олардың молаға барып қайтып жүретіндері де болады”.

ABAI.KZ. Дәурен Қуат Рахаттың кесірі деген мақаласында өз пікірін білдіреді: “Австрияда тығылып жүрген Рахат ӘЛИЕВ мұндағы халықтың еркін ақпарат алуына кесірін тигізіп бағуда. Қалай дейсіз ғой? Бұл сұраққа жауап беру үшін төмендегі мәселелерге ептеп шолу жасап өткеніміз абзал. Елімізде интернет-ресурстар бұқаралық ақпарат құралдарына тең мәртебе иеленді. Таяуда БАҚ туралы заңға енген өзгерістердің нәтижесінде осы бір жайт төрткүл дүниеге мәлім болды. …

… Заң бойынша БАҚ-қа теңелеген сайттардың қызметін еліміздің шегінде сот шешімі тоқтатқанымен шетелдік интернет-ресурстарда жарияланып кететін ақпарттарға Қазақстан билігі шектеу қоя ала ма? Жоқ. Шамасы, Қазастанда интернет-ресурстардың БАҚ-қа теңелуі биліктің қарақан басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуден шыққан байлам болса керек. Яғни, біздегі биліктің жасампаздығына көлеңке түсіретін ақпараттар интернет-ресурстар арқылы тарала қалса, дереу оған қарсы шара қолданылады.

Осының бәрі Рахат Әлиевтің кесірі, һәм сол салған лаңның “нәтижесі” демеске амалымыз кем. Сырттай ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылған Рахат Әлиев пен оның үзеңгі жолдасы, бұрынғы ҰҚК басшысы Әлнұр МҰСАЕВ екеуіне мемлекеттік төңкеріс жасау үшін әртүрлі әрекеттерге барды, мемлекеттік құпия құжаттар мен стартегиялық нысандарды шетелдік барлау орындарына сатты, Отанға опасыздық жасады, байланыс желілеріне заңсыз бақылау орнатып тыңшылық етті, шетелдерден улы дәрілер әкеліп оны елдегі саяси тұлғалардың өміріне қастандықпен қолданды деген айыпттар тағылған болатын. … Әлиевтің “Өкіл қайын ата” атты еңбегін нағыз бестселлер деуге болатын шығар. Қым-қуыт оқиғаға, тіпті тесік шұлыққа дейін қалдырмай  қағаз бетіне түсірген Әлиевтің кітабы баспадан бояуы сорғып шығысымен үлкен сұранысқа ие болды. Шетелде қолдан қолға өткен әлгі кітаптың таралымына тек Қазақстанда ғана тиым салынды. Бас прокуратура кітапты таратқан адам былай тұрсын, оқыған пақырдың өзін жауапқа тартатын болып түгін тіктеп түтеп шыға келді”.

AZATTYQ.ORG. Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ “Құрылыс академиясының жатақханасы төңірегіндегі дау жалғасуда” мақаласында тұжырымдайды: “Қазақ мемлекеттік құрылыс академиясының басшылығы мен студенттері академияға тиесілі жатақханада заңсыз тұрып жатқан оқытушылармен дауласып жатыр. Әкімшілік жатақханада орын жетпегендіктен студент санын қысқартуға мәжбүр екендерін мәлімдеді. Ал жатақхана тұрғындары сот шешімдерінің әділ шығарылмағанын айтады. … Қазіргі таңда даулы жатақханада 37 отбасы тұрып жатыр.”. академияның проректоры Камадияр ҚАСЕНОВ:“Бізде екі жатақхана бар. Біреуіне қазіргі заманғы үлгі бойынша жөндеу жасадық. Ол негізінен 600 орындық жатақхана. Бірақ биыл 900 студентті орналастыруға мәжбүр болдық. Орын жоқ. Ал келе жатқан оқу жылында студенттер көп келсе, онда жатақхана мәселесі мүлде қиындайды. Біз бәлкім, жатақхананы тегін беретін қаладағы жалғыз оқу орны шығармыз. 4 жылдан бері “өздігінен басып алушылар” демей-ақ қояйын, академияда бірнеше жыл қызмет етпеген қызметкерлер студенттерге тиесілі жатақхананы босатпай отыр”.

ALASHAINASY.KZ. Дәурен ӘБДРАМАНОВ, Айнұр СЕНБАЕВАҚұнды жәдігерлеріміздің қадіріне қашан жетеміз?” мақаласында көкейкесті мәселе көтерді: “Мәдени құндылық дегенде алдымен көз алдымызға “Алтын адам”, “Тайқазан” секілді мұражай экспонаттары елестейді. Кейбіреулер үшін жәдігерлер аса бағалы болып көрінбеуі мүмкін. Өйткені біздің халықтың түсінігінде қымбат дүние тек ақшамен есептеледі. Ал шын мәнінде өз жерімізден табылған, тарихтағы жүріп өткен жолымызды айғақтайтын, елімізді шетелдерге танытатын заттық деректерде құн жоқ екенін әлі күнге көбіміз түсінбей келеміз”. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

EGEMEN.KZ. Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ “ТЕАТР ЖӘНЕ УАҚЫТ мақаласында қазақ сахна өнерін дамытуына назар аударады: “Өткен көктем айында Қазақстан Жазушылар одағы “Бүгінгі күн: Қазақ драматургиясы және театр репертуары” деген тақырыпта ІІІ пленумын өткізіп, қоғамды жаңартуда театрдың атқарар рөлі қандай болуы керек деген сұраққа қаламгерлер қауымы жабыла жауап іздеген болатын. Жиынға Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі қатысып, сөз болған мәселелерге байланысты нақты жауаптар бере келіп, бірқатар түйінді мәселелердің оң шешімін айтқан еді.

Міне, содан бері де бірер айдың жүзі өтті. … Иә, театр тынысының жаңа жүйесі, яғни бұл салаға түбегейлі реформа қажет. Бұл өмір талабы, уақыт талабы. Бәрімізге белгілі, Президент Н.Назарбаевтың өзі бүгінде театр тынысына зор мән беріп отыр. Отандық драматургияны күшейту мәселесін тек биылғы жылдың өзінде үш рет, ең алдымен Қарағанды театрын ашуға қатысқан кезінде айтса, Алматы қаласында болған театр қайраткерлерімен кездесуінде де сахна өнерін дамыту, әсіресе репертуарды бүгінгі заманға сай сапалы шығармалармен толықтыру туралы мәселе көтергені де жұрттың есінде. Сондай-ақ, жуырда ғана өткен Астана күні мерекесі қарсаңында бірқатар өнер және мәдениет қайраткерлеріне пәтер кілтін тапсыру сәтінде де Президент осы бір өзекті мәселеге тоқталып өткен болатын. …Жазушылар одағында әзірленген ұсыныс-пікірлерді Мәдениет және ақпарат министрлігі оң қабылдап, 2007 жылы драмалық шығармаларға мемлекеттік грант жариялаған болатын…

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...