Мемлекеттік қолдау — даму баспалдағы. Әлемдiк экономика: болашағы бұлыңғыр, Қазақстанда 2,5 мыңдай мектеп мұғалімдеріне сұраныс бар

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 10 тамыз 2009 ж.

ANATILI.KZ. Аграрлы-индустриялық саясат. “…Аграрлық саясат тек қана ауыл шаруашылығын, оның өнімдерін және агробизнестің түрлі салаларын дамытатын саясат емес. Ол сонымен қатар халық санының өсуіне, инфрақұрылымның дамуына және тағы басқа көптеген маңызды тетіктермен бірге елдің қоғамдық өміріне әсерін тигізетін елеулі факторлардың бірі саналады. Аграрлық саясаттың жалпы елдің экономикалық саясатынан бөлек болуы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік ерекшеліктерінің болуында, аграрлық қоғамдастықтар мамандануының бақылауында өркендеуіне байланысты”.

“Бүгінгі таңда байтағымыздың көптеген өңірлері бұрынғыдай емес, жаңаша келбет тауып, аграрлы-индустриялық аймақ деген атауға толық қол жеткізіп отыр. Дегенмен бұл еліміздің алдына қойып отырған мұраты тұрғысынан жеткіліксіз болмақ. Шынтуайтында, Қазақстанның жаңа аграрлық саясатының мақсаты экономика ғылымдарының докторы Атамұрат ШӘМЕНОВ айтпақшы, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, яғни отандық сапалы тағам өнімдерімен халықты қамтамасыз ету көрсеткішін 80 пайызға жеткізу және оған тұтынушылардың қолжетімдігін жақсарту. Ауыл тұрғындарының тағам түрлерімен өздерін толық қамтамасыз етуі және қала тұрғындарына отандық өнімдерді арзан бағамен жеткізу. Түпкі мақсат – аграрлық салада шикізаттық экономикадан арылып, Қазақстанның тағам индустриясы дамыған елдердің қатарына қосылуына батыл қадам жасау”, — деп тұжырымдайды Абылайхан ҚАЛНАЗАР.

Қасиетті Алакөл, қадіріңе жеттік пе?. Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ Алакөл демалыс аймағына назар аударады: “Жердің талайын көрген Асанқайғы Алакөл маңына аяқ тірегенде “Тоқта!” деген екен. Бүгінде ел көненің көзіндей болған Тоқта тауының тарихын солай өрбітеді. Атының тізгінін тартып, айналасына көз салған кемеңгер: “Жер-ақ екен шіркін, бірақ ұрыс исі шығып тұр” деп мұңайыпты. Күншығыстан ақтарыла төгілген жау Жоңғар қақпасынан шыға бере осы жақты беттеген деседі. Жараланған батырлар да көлге түсіп, сауығып қайтады екен. Тегінде көлге құятын өзендердің бірі Емілді Арқаның қақпасы депті Қадырғали бек. Кезінде Құранын қолынан тастамаған мұхит атасы атанған Жак-Ив Кусто Алакөлді қақ жарған ақ жолақты байқап, қасиет тұнған деп таңдай қағыпты. Иә бұл көненің күмбірі. Ал Алакөлдің бүгінгі тыныс-тіршілігі ше?…

Бүгінде Алакөл демалыс аймағында 62 қонақ үй, 10 сауда дүкені, 19 асхана, 3 базар бар. Бұл аудан тапсырмасы арқылы ауыл басшысынан кейін алған мәліметім. Дегенмен маңайдың бәрі ала-құла. Кең сарайлар, қоңырқай, жабыңқы киіз үйлер, лашықтар, вагондар, құрастырмалы ағаш тамдар. Бағасы да сан қилы. Тұрағыңыз күніне 500 теңгеден басталады, бір мезгіл тамағыңыз 500 теңгеден кем емес. Көпшілік демалыс үйлеріндегі орындар екі, төрт адамға арналған. Әрі жолдамамен келушілер көп, сондықтан барған бетте орын табу оңайға соқпайды”.

ABAI.KZ. “Ит қорыған жерге өш” немесе Қазақстандағы бизнестің “бағы” неге ашылмайды?”. Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ өз пікірін білдіреді: “Қазақ қоғамын iштен iрiткен дерт — коррупцияға қарсы күрес жариялаған Үкiмет жемқор шенеунiктердiң қолына кiсен, аяғына тұсау салуға қанша тырысқанмен, пара алуға дәндеген мемлекеттiк қызметкерлер саны күн сайын өсуде. Бұл отандық және шетелдiк кәсiпкерлерге кедергi әрi елiмiздегi \»көлеңкелi бизнестiң\» \»гүлденуiне\» сеп. Бүгiнгi таңда, ҚР аумағында 2300-ден астам iрi кәсiпорын бар. Оның 115-i — шетелдiк, ал 130-ы — бiрiккен кәсiпорындар.

ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт СҰЛТАНОВ: \»Билiк тарапынан шетелдiк инвесторларға қысым жасау әрекеттерi болған емес. Бiз керiсiнше, оларды қызықтыратын жағдайдарды жасауға күш саламыз. Оның үстiне, әлемнiң дамыған 50 елдерiнiң қатарына енудi мақсат етiп отырғанымыз белгiлi\» деп мәлiмдедi. Министрдiң пiкiрiнше, шетелдiк инвесторларға қарсы \»қолдан жасалатын кедергiлер\» мен \»жасанды заң бұзушылықтарға\» қатысты әр жайтты жеке-жеке қараған жөн. Шенеунiк осылай мәлiмдегенмен, кәсiпкерлер қауымы мемлекеттiк қызметкерлер арасында жемқорлардың күрт өскенiн айтады. НАЗХАНОВ пен КАЛИНИН айтқан пiкiрлерге қосылған Қазақстандағы Кәсiпкерлер форумының төрағасы Райымбек БАТАЛОВ: \»Америкалықтардың сөздерi шындыққа жанасады. Бұл туралы қазiр Үкiметте де әңгiме қозғалуда. Шынында да, шикiзаттық емес салада кәсiпкерлiкпен айналысу өте күрделi. Бiрақ инвесторларға қарсы шара қолдану жоқ, қиындықтың түбiрi басқада. Өкiнiшке қарай, бiздiң елiмiз бен оның заңдарын сақтауға немқұрайды қарайтын шетелдiк инвесторлар бар\» дейдi. Мак бастаған инвесторалар тобы Қазақстанда үкiметтiк емес ұйымдардың қатарында болатын және жемқорлыққа қарсы күресетiн тәуелсiз кеңес құруға ұсыныс бiлдiруде. Қазақстандағы жемқорлық туралы жеректердi тiзбелеп, арнайы мониторинг жүргiзумен айналысатын бұл кеңеске кез келген мүдделi азамат пен кәсiпкерлер мүше бола алады. \»Сондай-ақ, кеңес жергiлiктi және ұлттық бағдарламаларыға бөлiнген бюджеттiк қаражаттың қалай және қайда жұмсалып жатқанын бақылап отырады\» деп мәлiмдеген Мактың ұсынысы құлаққа жағымды. Алайда, оны iске асыруға билiк мүдделi болса игi. Өйткенi, дөңгелек үстелге арнайы шақырылған шенеунiктердiң келмеуi — көңiлге күдiк” /“Түркістан” газеті, №30, 30.07.2009/.

ALASHAINASY.KZ. Әкім әлсіздік танытса, кімнен пана табамыз? — Ерболат ӘБІКЕНҰЛЫ “саяжайдың” тұргындарына, олардың азаматтық құқығына назар аударады. “Алматы облысы Іле ауданы Ащыбұлақ ауылына қарасты Батыр саяжайына бара қалсаңыз, тұрғындардың аянышты жағдайларын көріп, көңіліңіз құлазиды. Бүгінгі таңда 125 отбасынан құралған бұл саяжай Алматы қаласынан не бары 14 шақырым ғана жерде қоныс тепкен.

Мұхит Бақытұлы КАРИБАЕВ, Ащыбұлақ ауылының әкімі:

—Мен сендерге ештеңе істеп бере алмаймын. Батыр – ауыл емес, саяжай. Ал саяжайға мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбейді. Сендер тұрмақ, 1080 отбасынан құрылған Дархан, 3000 отбасынан құралған Жомарт саяжайларының өзі ауыл статусын ала алмай отыр. Олар да өз жағдайын өзі жасайды. Сондықтан жол, су, электр жарығы т.б. мәселелерінің бәрін өздерің ақша жинап шешесіңдер. Бізге, яғни әкімдікке қол жайып, көмек күткендеріңді қойыңдар. Өздерің ұйымдасып ақша жинаңдар, сосын мен сол ақшаларыңа арзан шпал тауып берейін. Соған дамбыны кеңейтіп алыңдар. Менен басқа ешқандай көмек жоқ..

Сонда қалай, саяжайда тұрғандар Қазақстан азаматы емес пе? Ал Қазақстан азаматы болса, олардың құқығын кім қорғау керек? Баспана жоқтығынан саяжайды паналаған жұртқа қандай да бір көмек керек-ақ. Әкім “маған қарап мойныңды созба” десе, онда олар кімге иек артып, кімнен пана іздеуі керек? Елбасы “еліміздің басты құндылығы – адам ресурсы” деп отырғанда, жергілікті билік өкілдерінің “маған қарап қолдарыңды жаймаңдар” дегені несі?!”, — деп тұжырамдайды Ерболат Әбікенұлы.

TURKYSTAN.KZ. ӘЛЕМДIК ЭКОНОМИКА: БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР. Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ төмендегідей пікірлерін білдіреді: “2009 жылдың соңына қарай әлемдiк экономиканың ахуалы жақсара ма, әлде дағдарыстың екiншi толқыны қайталана ма? Сарапшылар пiкiрi саналуан. Бiрақ жылжымайтын мүлiк нарығындағы жағдай қайта шиеленiссе, дүниежүзiлiк экономиканың халi мүшкiл болатынына сенiмдi.

Сарапшылардың көпшiлiгi қаржылық дағдарыстың Жер шары экономикасын тұралатып тастайтын екiншi толқыны қайталанады деп алаңдаулы. Ал кейбiр сарапшының пiкiрiнше, екi жылдан астам уақыт дүниежүзiлiк экономиканы әбiгерге салған дағдарыс еңсерiле бастады. Өткен аптада АҚШ Федералдық қор жүйесiнiң экс-басшысы Алан ГРИНСПЕН Америкадағы рецессия аяқталуға жақындағанын және экономикалық көрсеткiштердiң жоғарылауы мүмкiндiгiн көлденең тартқан. Iле-шала сөз алған әлемге танымал экономист – Нуриэль РУБИНИ 2009 жылдың соңына қарай экономикалық дағдарыстың ауыздықталатынын, екi жылдан кейiн америкалық ЖIӨ көлемi шамамен, 1 пайызға көбейетiнiн айтты. Рубинидiң пiкiрiмен санаспайтындар кем де кем. Өйткенi, 2006 жылдың қыркүйегiнде, яғни, қаржылық дағдарыс басталмай тұрып, Халықаралық Қаржы Қорының семинарында АҚШ-тағы жылжымайтын мүлiк нарығындағы келеңсiздiктердi, ипотекалық несиелеудегi қаржылық қатердi, халықаралық қаржы жүйесiне керi әсер ететiн факторларды болжаған болатын. Алайда, Халықаралық Қаржы Қорының мамандары Гринспен мен Рубинидiң оптимистiк көзқарасына кереғар пiкiрде.

…. Әрине, бұл дүниежүзiлiк экономиканы жаппай жайлай бастаған рецессияны ауыздықтауға, бiрқатар экономикалық келеңсiздiктердi тоқтатуға сеп болғанын ешкiм жоққа шығара алмайды. Алайда Халықаралық Қаржы Қоры экономиканы тұрақтандыруға бөлген қыруар қаражаттың ақталу, ақталмауына күмән келтiредi”.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ “АЗЫҚ-ТҮЛIК ҚАУIПСIЗДIГI НЕМЕСЕ СҮТТI НЕГЕ СЫРТТАН ТАСИМЫЗ?” деген мақаласында өзекті мәселе көтерді: “Қазақстандағы сүт пен сүт өнiмдерiнiң басым бөлiгi Ресей, Украина, Беларусь пен Қырғызстаннан тасымалданады. … Бүгiнгi таңда елiмiзде 200-ден астам сүт өңдеу кәсiпорындары бар. Ал жоғары сапалы және заманауи технологиямен жабдықталған iрi кәсiпорындар саусақпен санарлықтай. Сүт пен сүт өнiмдерiн өндiрушiлер – қаржылық дағдарыстың қиындығына тап болған отандық шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi. …Статистикалық агенттiктiң хабарлауынша, 2008 жылы елiмiзге 227 млн. долларға 144,4 мың тонна сүт өнiмдерi импортталған. Есесiне, отандық кәсiпорындардағы сүт өндiрiсi тоқтап, экспорт 3 есеге қысқарған. 2005-2007 жылдар аралығында жүйелi түрде өсiп отырған сүт өнеркәсiбi iшкi нарықтағы тұтынушылық сұраныстың артуына тiкелей байланысты болатын. …Қазақстанға сырттан тасымалданатын шетелдiк сүт өнiмдерiнiң тең жартысы – ресейлiк. Көрсеткiшке шақсақ, жалпы құны 122 млн. долларға бағаланатын 70 мың тоннадан астам өнiм. Одан кейiнгi кезекте 15,8 пайыздық үлеспен Беларусь, 15 пайызбен Украина және 7,7 пайызбен Қырғызстан тұр. Осы 4 елге тиесiлi жалпы импорттық өнiмдердiң ең қымбаты беларусьтерге (1 келiге – $2,2), ал ең арзаны қырғыздарға (1 келiге – 0,7) тиесiлi.

… Казiргi таңда елiмiзде жоғары сапалы сыр мен ерiтiлген сыр қоры жеткiлiктi бола тұра, украиндар жерiнен әкелiнетiн 1 келiсi 1200-1600 теңге тұратын сыр түрi сан алуан. Әсiресе, Ресеймен шектесетiн аймақтардағы отандық кәсiпкерлерге өте қиын. Өйткенi, солтүстiк аймақтардағы облыстардың сүт пен сүт өнiмдерiн өндiретiн және өңдейтiн зауыттары болса да, базар мен дүкен сөрелерiнде ресейлiк тауарлар самсап тұр. Мұндай келеңсiздiк отандық кәсiпкерлерге керi әсер ететiнiн бiле тұра, билiк iшкi нарықтағы азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бейiл танытпай отыр…”.

ZHASQAZAQ.KZ. Есек арбамен жүріп, “Мерседестен” озғымыз келеді. Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман АЛШАНОВпен сұхбаттасқан Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ. “Сөз жоқ, дамыған 50 елмен иық тірескісе келетін Қазақстан үшін білімсіз бәсекеге түсу – ескексіз қайықпен жолға шыққанмен бірдей болар еді. Иә, бәсекеде соқыр тәуекелге орын жоқ. Ендеше, білімді бірінші орынға қоюды түсінген біз бұл салаға қаншалықты ден қойып отырмыз? Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов білім саласындағы шешілмеген түйіндер туралы ой қозғайды.

Рахман мырза, Германия, Швеция, Норвегия, Дания, Финляндия, Франция, Чехияда жоғары білім алу тегін екенін жақсы білесіз. Біздің Үкімет білім саласына ақшаны аямай төгіп жатыр. Дұрыс-ақ делік. Бірақ “мемлекеттік” деген дардай мәртебесі бар оқу орындарының өзінде студенттердің 95%-ы ақылы негізде білім алады екен. Сонда Үкімет ақшаны не үшін бөледі?

— Рахман Алшанов: Иә, бізде осындай парадокстар кездеседі. Кезінде аяқтан тұрып кете алмаған кездер болды ғой. Жағдайы келмей, қаражат жетпей қалды дегендей… Соған байланысты ақылы бөлімдер көбейіп, “оқығың келсе, оқы, әйтпесе бізге саны бар, сапасы жоқ маман керек емес” деген саясат жүрді. Осы “дәстүр” әлі күнге сақталып қойғанын көріп отырсыздар. Студенттердің оқу ақшалары университеттің жарығына, жылуына, тағысын тағы коммуналдық төлемдерге жаратылды. Одан қалды мұғалімдердің қалай тартсаң да жетпейтін жалақысына кетеді. Дегенмен қазір мемлекеттің қаржы қоржыны қомпиыңқырай бастады ма екен, керек мамандықтарға грант бөлініп жатыр. Құптарлық дүние. Бірақ біздің ішкі жағдаймен шаруамыз жоқ. Оны елеп-ескермей, тағы да “жоғары оқу орындары әлемдік талапқа сай болсын” деген тапсырманы өзімізге жүктеп алдық. Сөйтіп, есек арбамен жүріп, “Мерседестен” озғымыз келеді.

… Дүниежүзін, оның ішінде Американы алсақ, олардың дарынды балалары университетте жүріп-ақ үлкен жетістіктерге жетеді. Себебі ол жақта институтта мүйізі қарағайдай ғалымдары жұмыс істейді. Біздің де ғылымды осылай дамытуға мүмкіндігіміз бар. Ғалымы көп университет ғылымның дамуына үлес қосады. Еуропадағы білімнің бір артықшылығы – ғалымдардың студенттерді жаңа мамандықтарға бейімдеуінде. Бізге жетпей жатқаны осы. Жоқ нәрсені әлі үйрене алмай жатқан жайымыз бар. Мысалы, бір ұялы телефонның өзін осы күнге дейін дұрыстап қолдана алмай келеміз… Біз шынымен ғылымды дамытатын болсақ, жұмысты университеттен бастауымыз керек. Ғылымның даму өзегі неде? Жаңалықта. Ал жаңалық кімде? Әрине, ғалымдарда. Ғалымдар кімге білім береді? Университеттегі студенттерге…

— Жас қазақ: Айтпақшы, қайбір жылы бір топ ғалым енді күн батареясына өндіретін боламыз деп еді. Жамиғатты осындай жаңалықпен қуандырған ғалымдардың ішінде сіз де бар едіңіз. Қазір сол ғылыми жобаларыңыз не боп жатыр? Тым-тырыс боп қалды ғой…
— Рахман Алшанов: Қазір осы жобаға байланысты еліміздің үш қаласында, Үштөбеде, Қарағандыда, Екібастұзда зауыт салынды. Бұл жобаны дамыту үшін жұмысты әрі қарай жалғастыру керек. Бізде жақсы бастама көтеріліп, жұмыс басталады да, сосын тоқтап қалып жатады. Қаражат бөлінеді, бірақ игерілмей қалады. Біздің бір жаман жеріміз – жаңа жоба ашып, ақшаны жеп кету. Оларды неге жауапқа тартпасқа?! Ғылым – тауар емес. Өкінішке қарай, оны тауар көзіне айналдырып алғандар көбейіп кетті. “ҚазСат”-тың аспанда жоғалып кетуінің өзі не тұрады!…
”.

EGEMEN.KZ. МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ — ДАМУ БАСПАЛДАҒЫ. Премьер-Министрдің орынбасары Серік АХМЕТОВтың айтуынша, “…Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты биылғы Жолдауында “Біздің алдымызда дағдарыс салдарын еңсеру және келесі экономикалық өсуге әзірлену жөнінде үлкен міндет тұр” деп атап көрсетті. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі дағдарысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасын қабылдап, еліміздің экономикасының негізгі салаларын мемлекет тарапынан қолдау және одан әрі дамыту жөнінде кешенді шаралар белгілед”і.

Үкімет белгілеген осы маңызды стратегиялық бағдарламалардың өміршең мәселелерін іс жүзіне асыруға жетекшілік жасау Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметовке тапсырылған болатын. Осыған байланысты біз өз оқырмандарымызды Үкімет тарапынан дағдарысқа қарсы қабылданған іс-қимыл шаралары арқылы дамуға бастайтын келелі істермен толығырақ таныстыруды мақсат еттік.

“Серік Нығметұлы, еліміздегі іскерлік белсенділікті сақтау үшін Үкімет шағын және орта бизнес субъектілеріне бұрын-соңды болмаған қаржылық қолдау көрсетіп, әкімшілік кедергілерді қысқарту жөнінде жұмыс жасауда. Осы және еліміздегі шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы туралы не айтар едіңіз?

– Шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет бөлген 260 миллиард теңге қаржының 70 пайыздан астамы сауда және қызмет көрсету саласына бағытталған болатын.

…. Мемлекет басшысы “Нұр Отан” партиясының XІІ съезінде дағдарыстан кейін Қазақстанның қандай жолмен дамитындығы туралы атап көрсеткен болатын. Осы ретте біздің таяу болашақта басшылыққа алатын негізгі стратегиялық құжатымыз – Президент тапсырмасына сәйкес әзірленіп жатқан Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық серпінді даму бағдарламасы болмақ” (Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ).

САЛЫҚ ТҮСІМІ ҚАНДАЙ?Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Д. ЕРҒОЖИНнің басшылығымен үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бюджеттің жоспарын орындау, салық берешегі, аудит мәселелері, акциздердің түсуі, тарату тексерістері мен т.б. мәселелерге арналған кеңес болып өтті.

Жиында салық түсу резервтерін табу бойынша белгіленген жұмыстардың жүргізілуі аталып өтті.

Салық комитеті құзыретіндегі мемлекеттік бюджет табысының жоспары 109,2%-ға орындалды, бұл жоспардағы 736,2 млрд.-қа қарағанда 804,2 млрд.-ты құрайды.

Салық органдарының бақылау-экономикалық жұмысы нәтижесіне 2009 жылы енгізілген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий елеулі әсер етті. …. Төлем коэффициенті 13,9%-дан 18,5%-ға дейін өсті.

Бірінші жартыжылдықта сыбайластық құқық бұзушылық жасағандары үшін салық органдарының 13 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, бұл 2008 жылға қарағанда 22 фактіге кем. Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықта салық органдары мен салық төлеушілер тарапынан пара берудің төрт фактісі әшкереленген.

Қорытындысында болжанған көрсеткіштердің толық көлемде орындалуы, салық берешегін азайту бойынша шараларды жалғастыру, салық қызметінің сапасын жоспарлы түрде ұлғайтып, олардың көрсеткішін Премьер-Министр мен Қаржы министрлігі меморандумымен бекітілген, нысаналы дәрежеге жеткізу жөнінде тапсырма берілді”, — деп хабарлайды “Егемен-ақпарат”.

GAZETA.KZ. Қазақстанда 2,5 мыңдай мектеп мұғалімдеріне сұраныс бар — ҚР Білім және ғылым министрлігі. “Қазақстанда 2,5 мыңдай мектеп мұғалімдеріне сұраныс бар. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік ИРСАЛИЕВ бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті”-, деп хабарлайды \»Kazakhstan Today\».

Бүгінгі күні мұғалімдерге деген сұраныс 2440 адамды құрайды, соның ішінде ағылшын тілі мұғалімдері — 275, математика — 293, физика — 218, денешынықтыру — 165, бастауыш сынып мұғалімдері — 153\», — деді С. Ирсалиев.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, республикамызда 267 мың 736 мектеп оқушысы жұмыс істейді. Биыл олардың қатарына 6 мыңдай жас маман қосылады.

Ресми өкілдің айтуынша, жас мамандарды қолдау және оларды ауылдарда ұстап қалу үшін жергілікті атқарушы билік органдары 90 мың теңгеге дейін көтерме көмек беруде. \»Ауылдық жерлерге оқытушылыққа барған мамандарға пәтер бөлінуде. Мәселен, Ақтөбе облысында 44, Атырауда 62, Қостанай облысында 15, Ақмола облысында 80 пәтер бөлу жоспарлануда. Маңғыстау облысында әкімдік жас мұғалімдер үшін барлық көтерме және коммуналдық шығындарды өз мойнына алмақшы\», — деді ол.

Сондай-ақ, С. Ирсалиевтің айтуынша, оқу жылы қарсаңында 35 мың ұстаз ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, тілдерді және пәндерді оқыту технологияларын жетілдіру салаларында біліктілік шыңдау және қайта дайындау дәрістерінен өтті.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...