«Елімізде мәдениет пен өнерге арналған арнайы телеарна ашуға мүмкіндік бар ма?». «Мәдени мұра» бағдарламасының бірінші кезеңі өз деңгейінде жүзеге асты ма?». «Біз Абайды мойындағанымызбен, оның айтқанын істемейміз»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 11 тамыз 2009 ж.

ALASHAINASY.KZ. “Елімізде мәдениет пен өнерге арналған арнайы телеарна ашуға мүмкіндік бар ма?” деген ой-көкпарын жүргізген Айнұр СЕНБАЕВА.

Өркениетті елдердің көпшілігінде өз ұлтының мәдениетін, өнерін насихаттайтын арнайы телеарналар бар. Кейбір мемлекеттерде өнер мен мәдениетті былай қойғанда, тіпті ұсақ-түйек тұрмыстық дүниелерге де арналған жеке-жеке арналар әр көрерменнің қажеттілігін қамтамасыз етеді. Балық аулаушылар мен аңшыларға дейсіз бе, егін, бау-бақша саласына арналған арналарды айтыңыз, осының бәрін біздің көрермендер спутникті телеарналардан көреді. Ал бізде төл өнеріміз бен дәстүрлі мәдениетімізді насихаттайтын бірде-бір телеарна жоқ…

Қасым АМАНЖОЛ, журналист:

— Иә. Біздің елімізде мәдениет пен өнерге арналған арнайы телеарна ашудың баяғыда уақыты жеткен. Бұл мәселені мемлекет алдына төтесінен қойып, батыл айту керек. Барлық басылым беттерінде осы мәселе көтерілгені, айтылғаны дұрыс.

Мұндай телеарна ашуға мемлекеттің мүмкіндігі жетеді, онсыз да миллиондаған доллар оңды-солды шашылып жатыр ғой. Телеарна ашуға ақша жетпейді деген әңгіме бекер. Маман жетпейді деген де – бос сөз. …

Серік АБАС-ШАХ, “Хабар” телеарнасының бас продюсері:

Жоқ . Дәл қазіргі кезде елімізде мәдениет пен өнерді насихаттайтын арнайы телеарна ашатын мүмкіндік жоқ. Біріншіден, бүгінгі қаржылық дағдарыс алқымымыздан алып тұрғаны көпшілікке белгілі. Ал қаржы тапшылығы кезінде телеарна ашу қиынға соғады. Екіншіден, қаржы үйіліп-төгіліп жатса да, бізде маман жетіспейді.

Бейтарап пікір:

Бақыт БӨКЕБАЕВ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Өнер басқармасының басшысы: “Қазіргі таңда телевизиямыздың бәрі коммерциялық болғандықтан, өнер саласындағы адамдардың өнерді насихаттауға мүмкіндіктері болмай қалды. Болашақта мәдениет пен өнерге арналған телеарна міндетті түрде ашылуы керек. Бұл үшін болашақта мемлекет тарапынан қаржы бөлінгені жөн”.

AZATTYQ.ORG. “Әуезхан Қодар: Абайға бойлай берсең, оның жаңа қырлары ашыла береді”. 10 тамыз – қазақтың ғұлама ойшылы АБАЙдың туған күні. Мәдениеттанушы, ақын, аудармашы Әуезхан ҚОДАР Абай шығармашылығы мен оның бүгінгі зерделенуі жайында Азаттық радиосына арнайы сұхбат берген еді. “Біз Абайды мойындағанымызбен, оның айтқанын істемейміз.

— Соңғы жылдары қоғамда Абай шығармалары туралы белгілі бір адамдардың пікірін ғана насихаттау, ұлы ақын туралы өзгеше пікір айтқандарды қазақтың жауы көру секілді бір үрдіс байқалады? Бұған қалай қарайсыз?

— Мен мұндайға қарсымын. Шынында, біздің кейбір зиялыларымыз Абайды білмей тұрып мақтайды, Абайдан ескерткіш, ғибадатхана жасайды. Расында мақсат — Абайды қолпаштау емес, меңгеру, оны түсіну, ұлы ойшылдың әлеміне, дүниетанымына ену болу керек. Әрі Абай әлеміне идеологиясыз бару қажет.

-…Жоғарыда өзіңіз Мұхтар Әуезовтен кейін абайтану алға жылжыған жоқ дедіңіз. Дәстүрлі абайтанушылық Абайға жаңаша көзқарастағы жастардың жаңаша бағытта зерттеуіне кедергі болып жатқан жоқ па?

— Бұл туралы айтсам, мен жылап жіберем. Қазір Абаймен кім айналыспайды. Ешқандай қатысы жоқ адамдар да айналысып жүр. Солар институт басқарады, бір кітаптар шығарған болады. Шынын айтқанда, Абайға жаңаша көзқарас жоқ. Кезінде мен осыған қатысты аудармамда өз ойымды айтқанмын. Қазір Абайдың қара сөздерін “книга слов”, “слова назидание” деп аударып жүр ғой. Мен бұған қарсымын. Арабтың “ғақлия” деген сөзі “ой” деген мағына береді. Сондықтан оны орыс тіліне размышление деп, әрбір сөзін монолог деп аудару керек. Сонда біз Абайды тура Еуропа мәдениетінің ортасына шығарамыз. Сол кезде Абай осы мәдениетіне ғана тәуелді емес, әлемдік мәдениеттің ірі тұлғасы болып шығады.

— Кейінгі кездері Абай әлемі жетімдік көріп жүргендей сезінбейсіз бе?

— Өкінішке қарай жетімсіреп жүргені рас. Өйткені, жылда туған күні қарсаңында бәрі жаппай айтады, жазады. Ескерткішіне гүл шоқтарын қояды, сонымен бітті, қалады. Менің ойымша, біздің үкімет абайтанудан, рухани ілімдерімізді қайта жаңғыртудан ақша аямауы керек”. Әуезхан ҚОДАРмен сұхбаттасқан Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

ABAI.KZ. Дүкенбай ДОСЖАН “АБАЙДЫҢ РУХЫ” атты шағын мақаласында өз пікірін білдіреді: “Бұл “ақын өлеңін әр қырынан қарастырдық” деген желеумен АБАЙ атына мадақ айту да, я болмаса текстологиялық түсініктеме зерттеу де емес.

“Абайдың рухы” — жаңа заман биігінен ақын өміріндегі кезеңді оқиғаларға, бәзбір жауһар өлеңдерге табан тірей отырып ұстаздың рухани жан әлеміне барлау жасаған пәлсапалық, ғұмырнамалық ойтолғаныс десеңіз болады. “Абай мен Байрон” тарауы әл-Фараби университетіндегі диплом жұмысым еді. 1933 жылы Қызылордадан латын қарпімен басылып шыққан Абай өлеңдерінің “толық жинағын” өткен ғасырдың 70-ші жылдары сол кездегі Қазақстанның Қаржы министрі болған БАЙСЕЙІТОВ Рымбек СМАҚҰЛЫ: “Мені Ұлы Отан соғысының қырғынынан аман сақтап алып шыққан осынау көнетоз, қан тиген кітап еді”, — деп қолыма әптектей ғып ұстатқан болатын. Сол кітапты нешеме түндер қадалып оқып отырып, осы жинақтың негізгі тараулары жазылды. Араб тілінің маманы, “Құран Кәрімнің” қазақша тәпсіршісі Нұрәлі ӨСЕРҰЛЫмен ойласу, сырласу үстінде кейінше кітаптың “Абай діні” тарауы дүниеге келді. “Ақынның тұқым-тұяғының” жазылуына көзі тірісінде, жаны жәннатта болғыр, Тұрағұлқызы Мәкен апа себепкер болған еді.

Қысқасы, Абай әлемі: жанның тамағы, жанның жарығы, жүрек сауыты, ақыл қыры, жүрек айнасы, адам саумақ, жан қуаты секілді танымын ашу үшін — ақынның арқасы ұстаған шабытты шағына дендей еніп, жан-рухымен шүйіркелесер ғұмырнамалық баян осы!”.

TURKYSTAN.KZ. YШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТYЙIН.. “Сiз, бiздегi олигархтың өз қаражатына мектеп, не аурухана болмаса емхана салдырғанын көрдiңiз бе? Көрмек түгiлi естiген де жоқсыз. Ал Үкiмет бюджеттiң, яғни халықтың ақшасына 100 мектеп саламыз деп жанталасып жатыр. Олигархтар балалардың үш ауысымда оқып жүргенiн бiлмейдi дейсiз бе? Жоқ, бiлгенде қандай!

… Олигархтар неге мектеп, аурухана, емхана, балалар бақшасын салмайды? Өйткенi олардың бойларында Отанға деген патриотизм жоқ. Керiсiнше тоғышарлық басым. Бiрен сараңында болмаса, көбiсiнде солай. Бiр арнаға, бiр мақсатқа жұмылдыратын ұлттық идеология жоқ жерде, тек жеке бастың мүддесi ғана жоғары тұрады. Бас пайдасын ойлап, жалған дәрi-дәрмек жасаушылардан қандай жақсылық күтуге болады? “Тоқпағы мықты болса, киiз қазық та жерге кiредi”. Оларға Заң қатты болмай, қатал жазаланбай сiрә тәубелерiне түсе қоймас.“Ұрлық түбi — қорлық”, — деушi едi. Қалтадағыны ұрлап, байыған жанды да көргенiмiз жоқ. Алайда iшкi iстер бөлiмiндегiлер қоғамдағы осындай әлеуметтiк кеселдiң алдын алып, барынша күреспесе, мына дағдарыс кезiнде асқынып кетпесi неғайбыл, — деп тұжырамдайды Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ САҚТАЛУҒА ТИІС. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия еліміздегі азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен дамуына, адам құқықтарының халықаралық стандарттарға сай қорғалуына, жалпы құқық саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға барынша үлес қосып келеді. Адамның құқы мен бостандығын қорғау, Конституцияда жазылғандай, әрбір азаматтың, мекеменің, кез келген органның міндеті және заңдарымыз бен заңнамаларымыз осы қағидаға сай болуы тиіс. Міне, осы орайда бізге Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы, Мәжіліс депутаты Сағынбек ТҰРСЫНОВ атқарылып жатқан жұмыстар және алда тұрған міндеттер туралы айтып берген еді.

“– Сағынбек Тоқабайұлы, сіз басшылық ететін комиссияға адамдар өз құқының қорғалуы үшін арызданатыны белгілі. Сол адамдардың үміті қаншалықты ақталып жатқандығын қалай білуге болды? Мұны нақты мысалмен айтып берсеңіз?

– Ия, комиссияға “менің құқығым қорғалмады, жәбір көрдім” деген азаматтар арызданады. Соңғы жылдары халықтың құқықтық сауатының артуы себепті және комиссия жұмысы туралы ақпарат ауқымының кеңеюіне байланысты шағымданушылар саны да көбейіп отыр. Мәселен, 2008 жылы 1200 шағым түскен. Бұл осыған дейінгі көрсеткіштен әлдеқайда артық, ал осы жылдың бірінші тоқсанының өзінде 500-ге жуық шағымдар қаралып, оның 70-і арнайы бақылауға алынды. Оның ішінде 32 адамның құқығының бұзылғандығы анықталып, қалпына келтірілді.

…Ал интернет бүгінде ақпарат таратуда газет-журналдардың, теле-радио арналардың алдына шығып кетті. Ол ақпарат алудың негізгі көзіне айналып отыр. Елімізде интернет жүйесін пайдаланатын адамдар саны күн сайын артып келеді. Оның алдында бала да, жас та, кәрі де отыр. Бірақ ондағы ақпараттардың мазмұнына, тигізер әсеріне жауапты ешкім жоқ.. Ақпарат тәрбие беру мен қоғамдық пікірді қалыптастыруда зор рөл атқаратынын ескерсек интернетте таратылатын ақпараттың мазмұны біздің саясатымызға, ұлттық тәлім-тәрбиемізге, менталитетіміз бен мәдениетімізге сай болуы тиіс. Ал бүгінгі интернет арқылы таратылатын түрлі мазмұндағы ақпараттардың бәрі осы талаптарға сай деп айта аласыз ба? Интернетті ашып қалсаңыз түрлі сұмдықтарды көресіз. Бейәдеп сайттармен қоса түрлі қатігездік, зорлық пен қылмысқа итермелейтін, қылмыс жасағанда қандай сақтық шараларын қолдануды насихаттайтын, тіпті адамды қандай жолдармен өлтіру керек екенін де айтып, пікірлесетін сайттар толып жатыр. Сондықтан кез-келген ақпарат біздің ұлттық құндылықтарымызға, мемлекеттік тұтастығымызға қауіп төндірмеуі керек. Ұлттық құндылықтарымыз сақталуға тиіс” (Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ).

GAZETA.KZ. Елбасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына әзірлік жөніндегі жұмыстарды үйлестіретін мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берді.

Елбасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына әзірлік жөніндегі жұмыстарды үйлестіретін мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бұл жөнінде Ақордада сенбіде өткен Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығына әзірлік мәселелері бойынша кеңесте тапсырды”-, деп хабарлайды \»Kazakhstan Today\» президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, біздің еліміз үшін ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалық етуіміздің тарихи және символдық маңызы бар. Қазақстан ТМД-дағы, Орталық Азия мен тұтастай алғанда, басым бөлігін мұсылман халқы мекендейтін Азия субқұрлығындағы осы ықпалды еуропалық ұйымға басшылық ететін алғашқы ел болып отыр.

\»Мен ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызды стратегиялық ұлттық жобаларға жатқызамын, бұл — еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы өте маңызды жетістігі және елдің артып отырған беделін көрсетеді\», — деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның төрағалығы Хельсинкиде қабылданып, құжатқа Еуропа, АҚШ және Канада елдерінің мемлекет басшылары қол қойған Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі актінің 35 жылдық мерекелі жылымен орайлас келіп отырғаны символдық мәнге ие.

ЕҚЫҰ мүшелерінің төрағалыққа Қазақстанның кандидатурасын бекіту туралы шешімі дәйекті шешім болды. Біздің еліміз осы аймақтағы ұлтаралық және конфессияаралық қақтығыстар болмаған барынша тұрақты мемлекет болып табылады. Қазақстан — сенімді әрі беделді әріптес. Республикамыз Еуразия және Каспий қоғамдастығының барлық аймақтық құрылымдарына мүше болып табылғанымен, ұлттық мүдделерге бағдарланған өзінің дербес сыртқы саясатын жүргізіп отыр.

Президент Қазақстанның төрағалығы жалғасып отырған әлемдік экономикалық дағдарыс, халықаралық жағдайдағы шиеленістің күшеюі, энергетикалық және азық-түлік дағдарыстары, жаппай қырып-жою қаруын таратпау проблемасының шиеленісуі және әлемдік қоғамдастықтағы, соның ішінде ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағындағы өзара қатынастардың болашақ сәулетінің көптеген мәселелері бойынша белгісіздік жағдайында өткелі отырғанын атап өтті.

\»Сондықтан да біз өзімізге жүктелген құрметті миссияны орындауды аса зор жауапкершілікпен ұйымдастыруға міндеттіміз\», — деп қорытты сөзін мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ұйымға төрағалық етуі барысында жаппай қырып-жою қаруын қысқарту мәселелеріне, экологиялық проблемаларды шешуге, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін құруға, сондай-ақ ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мәселелеріне ерекше ден қоя алатынына назар аударды.

Кеңестің қорытындысы бойынша мемлекет басшысы сыртқы істер министрінің төрағалығымен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына әзірлік жөніндегі жұмыстарды үйлестіретін мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берді.

Тұтастай алғанда президент 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге әзірлік барысын оң бағалады және осы жұмыстарды жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді”.

ZAMANA.KZ. “Шегіртке, кене, жұлдызқұрт”. Биыл жәндік атаулы көбейіп тұр. Павлодар облысында көбелектің жұлдызқұрты күнбағыс еккендердің шаруасын шайқалтып тастады. Ал Қызылорда облысында қауынға түскен құрт диқандарды әбігерге түсіруде. Бір жерде кене, екінші жақтан шыққан шегіртке оңтүстіктегілердің де тынышын алып бітті. Ал жәндіктердің көбею сыры неде? Біз осы сұраққа жауап табу үшін тиісті мамандармен хабарластық..

Марат ОРЫНБАЕВ, Ауыл шаруашылығы министрлігі ОҚО аумақтық инспекциясы өсімдіктерді қорғау бөлімінің бастығы:

– Жұртшылыққа белгілі, биыл жаңбыр көп болып, шөп бітік шықты. Қариялардың айтуына қарағанда, мұндай жағдай 40-50 жылда бір рет қайталанып отырады екен. Біз шөптің көптігін айтып қуанып жүрміз. Бірақ оның зиян жағы да бар екенін естен шығарамыз. Табиғатта барлық нәрсенің тепе-теңдік жағдайы сақталуы керек. Бір жерде су тартылса екінші жақта тасқынның болатыны секілді, шөп көп болған кезде жәндіктер де көбейеді. Біз олармен күресті тоқтатқанымыз жоқ. Картоптың қас жауы саналатын “колорадо қоңызына” қарсы облыс бойынша 21 мың гектар жер дәріленді. Қазір Мақтаарал ауданындағы мақталықтарды сақтап қалу үшін “сым құртқа” қарсы 42 мың гектар жерді залалсыздандырып жатырмыз. Биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты егін уақытынан кеш шықты, зиянкестердің пайда болуы да сол себепті кешеуілдеді. Әйтпесе жылда бұл уақытта біз жұмысты бітіріп, зиянкестерді қырып тастайтындықтан тұрғындар көп нәрсені сезбей де қалатын.

Талғат ЖАҢАБАЕВ, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мемлекеттік мекемесі ОҚО филиалының директоры:

– Біз барып базарларда сатылып жатқан көкөніс, жеміс-жидектерді тексермейміз. Бірақ жекелеген адамдар бақшасының өнімдерін алып келеді. Жақында Сарыағаштан бір кісі қауынын әкеліп тексертіп кетті. Не істеу керектігін айтып жібердік.

Көпшілікті бақшасындағы қызанақтың қазірге дейін қызармағаны немесе оған түскен құрт алаңдатып жүр. Бақшадағы өнімнің сапасыз болуының өзіндік себептері бар. Оған ауа райының қолайсыздығы, егінге уақтылы су бермеу және топырақтың құнарсыздығы әсер етеді. Топырақтың құрамында қандай да бір зиянкес болса, ол жерге ештеңе өспейді. Өскен жағдайда да оған құрт түседі. Сондықтан топырақтың құнарлылығын арттырып отырған дұрыс.

…Сонымен, биыл жәндіктердің түр-түрі көбейіп, жұрттың мазасын алып отыр. Ендеше, оларға қарсы күрес қарқынды жүргізілуі тиіс. Ұрықтап, тұқымдары көбейе берсе алдағы жылдары олардан келер қауіп те еселене түсетін шығар. Ондайдың бетін аулақ етсін!” (Дайындаған Р. ШАЛҚАР) .

USHKIYAN.KZ. “Тарих та дағдарыста”. Тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі Қамбар АТАБАЕВпен сұхбаттасқан Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

“– Деректану бізде жас, жаңадан қалыптасып келе жатқан ғылым. Осы саланың жай-күйі қалай?

– Қазақстан тарих ғылымы салаларының бірі – деректану. Қазақстан тарих ғылымының ғана емес, жалпы тарих ғылымының маңызды саласының бірі деректану болып табылады. Өкінішке қарай, бізде ұзақ жылдар бойы осы маңызды деректану саласы назардан тыс қалып келді. Тек тәуелсіздік алғаннан бері ғана біз деректануға назар аударып, өзіміздің ұлттық төл деректерді дұрыс пайдалану жолында біраз жұмыс атқарып жүрміз. Көп жылдар бойы тарихымыз деректанусыз жазылғандықтан, Қазақстан тарихы деректанусыз қалғандықтан деректанудың керек екендігіне сұраныс әлі толыққанды қалыптаса қойған жоқ. Басқалар түгілі кәсіпқой тарихшыларымыздың арасында деректанушылыққа деген түсінік өз деңгейінде емес. “Түк жоқ” деп айта алмаймыз. Деректанудың керек екендігі мойындала бастады, ал бірақ терең түсінушілік жоқ….

– Ресейлік деректанумен салыстыра кетсеңіз.

– Ресей деректану ғылымы сонау ТАТИЩЕВ, КАРАМЗИНдерден бастау алған. Оларда ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда дамыған. Деректану ғылымының мектебі қалыптасқан, Батыста да солай. Ал, олармен бізді салыстыруға келмейді, тіпті маңына да жоламаймыз. Оларда деректану ғылымы өзіндік даму – жаңа белесіне шықты деуге болады. Жаңа тәсілдер: математика, тарихи информатика тәсілі, жаңа техниканы пайдалану сияқты деңгейлерге көшті. Ал маңызы, орны, ең басты принциптері деген классикалық деректану ғылымының өзін тарих ғылымына толық енгізе алмай жатырмыз. Салыстыруға тіптен келмейді деп айтуға болады, бірақ сөз жоқ осы бағытта жұмыс істей беруіміз керек. Ерте ме, кеш пе шынайы тарих ұлтқа қажет болады. Сондықтан Қазақстан тарих ғылымы даму керек.

… Біздің Қазақстан тарихының жағдайы екі түрлі өлшеммен өлшенеді. Бірінші – ресми тарих ғылымының басшылары, олар тарих ғылымы Тәуелсіздік алғалы бері бұрын-соңды болмаған жағдайда дамып жатыр деген ойда. Олардың өзіндік дәлелі бар. Міне, осылай “дамып жатқанда” біреудің “Қазақстан тарихы ғылымы дағдарыста” дегені, әрине, бір түрлі естіледі. Олай болса, дәлелі қандай? Қазақстан тарихы ғылымының дамып жатыр дегенінің дәлелі мынау: тәуелсіз Қазақстан жылдары тарихты зерттеуде қазақ тілінде жазуға мүмкіндік алдық, докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалып, монографиялар жазылып, ғылыми конференциялар өтіп жатыр. Міне, тарих ғылымы дамып жатыр дейді. Ол рас, бірақ менің аргументім мынау: сол жазылып жатқан докторлық диссертациялар қандай деңгейде, обьективті жазылып жатқан тарих бар ма? Қорғалып жатқан ғылыми жұмыстар ұлттың шынайы тарихы жазылып жатыр дегенді білдіре ме? Жоқ. Ендеше мәселені басқаша қарау керек. Міне, осындай тарих ғылымында шешілмей жатқан түйінді мәселелер өте көп”.

“Мәдени мұра” бағдарламасының бірінші кезеңі өз деңгейінде жүзеге асты ма? 2003 жылы ақпанда Елбасы Қазақстан халқына арналған Жолдауында “Мәдени мұра” бағдарламасын жасап, оны жүзеге асыруды тапсырған болатын. Биыл тағы 3 жыл мерзімге арналған екінші кезеңі басталды. Ал 2004 жылдан бергі 5 жылда бағдарлама табысты жүзеге асырылды ма? Бағдарламаның жетістігі қайсы, кемшілігі қайсы? Осы көкейдегі сауалдарды бірнеше ғалымға қойған едік. Пікірлерін жинаған Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

“Біз кімбіз?” деген сұраққа жауапты халқымыз “Мәдени мұрадан” күтеді.

Тарих ғылымдарының докторы, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Азия және Тынық мұхит бөлімінің меңгерушісі Бақыт ЕЖЕНХАНҰЛЫ:

— Бірінші кезеңде көп жұмыс атқарылды. Ұлттық санамызға байланысты дерек қорын көбейттік. Осы уақытқа дейін білмегеніміз ғылымға енгізілді. Мұны үлкен жетістік деп айтуға болады. Өзімнің салама шығыстануға келетін болсам, басқаны айтпағанда, мына Қытайда жатқан 18 ғасырдың ортасынан бергі құжаттар және ашылмаған деректер осы “Мәдени мұраның” арқасында елімізге оралды. Жұртқа танылып, алғашқы нәтижелері көрінді.“Мәдени мұра” келешек ұрпаққа үлкен жақсылық әкелетіні анық. “Мәдени мұрада” “әттеген-ай” деп айтатын тұстар да болды. Бағдарламаны бастағанда салалар бойынша мәселе туындады. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, “Мәдени мұраның” бірінші кезеңі баршамызға тәжірибе болды. Жұмсалған қаржының басым бөлігі бұрын бар дүниелерді қайталап жасаумен кетті. Орыстардың немесе өзіміздің бұрынғы отандық ғылым саласындағы жұмыстарды қайталап басып шығарумен болды. Ал, енді мемлекет соншалықты қаржы бөлгеннен кейін жаңа дүниелерді халқымызға ұсыну керек еді.

Үшіншіден, “Мәдени мұра” ұлттық намысты, жігерді оятуы керек қой.

“Дерек көп, зерттеу жоқ”. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ерте және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Талас ОМАРБЕКОВ:

— “Мәдени мұраның” бірінші кезеңінің негізгі ерекшелігі – деректерді, тарихи ескерткіш-терді қалпына келтіру, анықтау, жинау мәселесі болды. Біршама жұмыстар атқарылды, оны жоққа шығармаймын. Бірақ менің ойымша, бірден екі жұмыс қатар жүруі керек еді. Ол – деректерді жинау мен сол деректерді пайдалана отырып, монографиялық зерттеулер жүргізу. Екіншісіне арнайы қаржы бөлініп, “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында бөлім ашылып, жиналған деректерді ғылыми түрде жіктеу, оны мазмұнды түрде ғылыми еңбек етіп жариялау керек еді.

— Біздің ғылыми зерттеу институттары “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында деректер жинаумен әуестеніп, деректерді жинаумен ғана шектелді. Дерек көп, зерттеу жоқ Деректерді жариялау, әрине, жақсы. Бірақ бұрын жарияланған деректерді қайта басып шығарды ғой. Дегенмен, оны жүйелі түрде жасадық. Мәдени мұра” қызметі тұрғысынан алғанда әлі рухани мұраға айнала алған жоқ. Ғалымдар қазақтың тарихын, мәдениетін жүйелеп, рухани жолын анықтап бергенде ғана рухани мұраға айналады.

“Бәрі ашық жүргізілуі тиіс”. Алаш” тарихи зерттеу орталығының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты Хайролла ҒАБЖАЛИЛОВ:

– “Мәдени мұра” бағдарламасы – Президентіміздің озық идеясы. Осы бағдарламаны Елбасы қабылдап, қаржы да бөлді. Ал, осы идеяны жүзеге асыру үшін беріде отырған шенеуніктер орындауды былай қойғанда, ілесе алмай отыр.

Бағдарлама аясында көп салаға қаржы бөлінді. Жұмыстар атқарылып жатыр. Ал, оны кім бақылап, тексеріп жатыр. Шетелдік таныстарым “Мәдени мұраның” қабылдануын жоғары бағалап, қызығып отыр. Бірақ біз жоғары деңгей көрсетіп отырмыз ба?

Зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ өз дәрежесінде емес. Тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеуге көңіл бөлінбей отыр. Мәселен, 1931-32 жж ашаршылық әлі өзінің толыққанды бағасын алған жоқ. Ал, Алашты биыл ғана үкімет қаулы қабылдап, “Мәдени мұраға” кіргізді. Ғылыми институттар дереккөздерін басып шығарып жатыр. Әсіресе, шығыстану институты деректермен шектеліп жатыр.

Ғалымдардың монографиялары сөрелерде шаң басып тұр. Оны өзінің идеологиясына пайдаланып жатқан мемлекет жоқ. БАҚ-тан, оқулықтар арқылы ұлтымыздың кім болғаны насихатталу керек емес пе?

… Биыл “Мәдени мұра” бағдарламасының алдағы жылдарға арналған жоспары шықса, кімнің не істеп жатқанынан хабардар болу үшін біздің алдымызда тұруы керек. БАҚ-та жариялануы керек. Қазір түсінбейсің, бір күні қарасаң, кітаптар шығып жатады. Бәрі ашық жүргізілуі тиіс”.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...