«Қазақ мектебін бітіргендерге орыс тілінен тест тапсыруды міндеттеу дұрыс па?». «Кеден комитеті Қазақстанда бір терезе жүйесін енгізу арқылы 14 министрлік пен мекеменің функцияларын біріктіруде»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 12 тамыз 2009 ж.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақ мектебін бітіргендерге орыс тілінен тест тапсыруды міндеттеу дұрыс па?”. Сауалнаманы жүргізген Ләззат БИЛАН:

“Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, Еуразия университетінің профессоры:

Менің ойымша, оның еш артықтығы жоқ. Алайда орыс тілінде оқытатын мектептердің қазақ тіліне немқұрайды қарайтынына қарным ашады. Жай әншейін біздерді алдап, “жұбатып” қойғандай әсер қалдырады. Ең алдымен, осы мәселеге қатаң қарау керек. Яғни оларға қазақ тілінен тапсыратын тестке қатаң талап қою керек. Он жыл бойы оқыса да олар атыжөнін қазақша айтып беруден әріге бара алмайды. Ал сауалға айтар нақты жауабым, орыс тілін үйренгеннен, оны оқудан еш жамандық жоқ. …Бірден бас тартқанымыз қалай болар екен? Қазақша оқығандардың орыс тілінен тест тапсырғаны қаншалықты болсын мейлі, пайдасын тигізбесе, зияны жоқ.

Дос КӨШІМ, қоғам қайраткері:

Бұл – ақылға сыймайтын жүйе. Ең қызығы – ҰБТға орыс тілін енгізудің еш алыпберері жоқ. Мұны бір сөзінде құзырлы министрліктің басшылығы да мойындағанды. Ана тіліміз – қазақ тілін көркейтеміз деп отырып, орыс тіліне осындай мәртебе берудің астарыда не жатқаны түсініксіз. Бәлкім, бір саяси ойын шығар? 2010 жылдан бастап түгел дерлік қазақ тіліне көшіреміз деп отырғанда, тест тапсыру кезінде орыс тілін міндеттегеніміз қай сасқанымыз? Тек қана мемлекеттік тілді ғана міндеттеуге тиіспіз.Біз унитарлы мемлекет есебінде бір ғана мемлекеттік тілге көшуді мақсат тұта отырып, керісінше тест арқылы оған бөгет жасап, өз қолымызды өзіміз кесудеміз. Сонымен қатар алдағы уақытта толықтай қазақ тіліне көшкенде орысша оқығандар жол жиегіне шығып қалмай ма? Қазақшасы шалаларды мүсәпір қалге түсірмейміз бе? Ең бастысы, соны ұмытпайық… Қысқасы, мен орыс тілінен тест тапсыруды міндеттеуге үзілдікесілді қарсымын.

Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы:

Мен өз басым, қазақ ауылында туыпөстім. Қазақ мектебінде оқып, білім алдым. Жалпы айтсам, еш нәрседен кенже қалғаным жоқ. Былайша айтқанда, қазақ тілін жақсы меңгеруімнің арқасында аздыкөпті жетістіктерге жеттім. Қазақ тілінде білім беретін мектептерге деген көзқарасым түзу. Жақсы мектептер баршылық. Ал өзім орыс тілінің маманымын. Балаларымыздың орыс тілін тереңірек оқуларына да еш қарсы емеспін. Менің айтқалы отырғаным, өздеріңіз сауал тастап отырғандай, қазақ мектебін бітіргендердің орыс тілінен тест тапсыруынан дау шығарып, одан пікірталас тудыруымыз орынсыздау болар. Қайта көп тілді меңгерген адамның білім көкжиегі кеңейе түседі емес пе?!

Теңтөрағалық тепе-теңдік пе, әлде текетірес пе? — Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ төмендегідей пікір білдіреді: “Қазақстандағы көппартиялық жүйе еліміздің саяси дамуына азды-көпті ықпал етіп келеді. Жалпы, 18 жыл ішіндегі саяси кезеңді екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, 1991-1998 жылдар, екінші кезең – 1999-2009 жылдар арасы. Алғашқы жеті жылда саяси партиялар “Тәуелсіздікті қайтсек баянды етеміз” деген мәселені жиі көтерді. Шыны керек, бұл уақыт аралығында саясаттан гөрі экономикаға басты назар аударылды. Саяси күштердің бірлігінің нәтижесінде “Қазақстан-2030” стратегиялық жоспары қабылданды. Ал екінші кезең билікті уысында ұстап отырған қазіргі “Нұр Отан”, бұрынғы “Отан” партиясының саяси аренаға шығуынан басталды. Себебі қазіргі партиялардың барлығы да – жаңа мыңжылдықта тіркеуден өткен саяси күштер. Тіпті бағзыдан келе жатқан Қазақстан коммунистік партиясының өзі 2003 жылдың 20 наурызында қайта рәсімделді. Осы екінші кезеңді алып қарайтын болсақ, еліміздің саяси дамуы ешбір мемлекеттегі саяси құбылыстарға ұқсамайтын “өзіндік жолмен” жүріс жасап келетінін байқаймыз.

Партияларды жарға жыққан теңтөрағалық дерті. Еліміздің партиялық дамуында басқа елдермен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктері бар. Сайлау алды асығыс құрыла салу, белгілі бір миссияны орындағаннан кейін саяси алаңнан үшті-күйлі жоғалу, партия мүшелерімен санаспай қосыла салу, төрағалары келіспей қалса, бүкіл құрылым боп бөлініп кету сияқты саясаттағы жабайы әрекеттер – еліміздегі саяси партияларға тән құбылыстар. Ең бастысы, әлемдік тәжірибеде жоққа тән партия басшылығындағы теңтөрағалық институтын қолданысқа енгізген де еліміздегі саяси күштер. Жоғарыда аталған кейбір құбылыстар саяси ахуалға байланысты кез келген елде орын алатынын ескерсек, теңтөрағалық принципі – тек қазақстандық партияларға телінген синдром. “Қойшы көп болса, қой арам өледі” дегендей, біздегі оппозициялық күштердің жеке бас амбициялары билікті жәукемдеуден әрі аса алмай жүр. Жалпы, саяси партиялардағы теңтөрағалар арқылы басқару тәсілі біздің елімізде “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысымен бір мезетте пайда болды”. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

Тәуелсіз мемлекеттегі дәстүрлі діндердің өзге елдердің діни орталықтарына тәуелді болуы дұрыс па? .

“…Тәуелсіз елдің ішінде насихатталып жатқан дәстүрлі діндер негізінен шетелдегі діни орталықтарға бағынады. Шетелде құрастырылған жоспармен жүріп-тұрады. Бұл біздің Тәуелсіздігімізге сын ба, әлде барша әлемде орын алған ортақ құбылыс па?”. Пікірлерін жинаған Сәкен КӨКЕНОВ .

Ғарифолла ЕСІМ, сенатор, академик:

— Иә. Біз өзі зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз дейміз, осы қоғамымызды “азаматтық, ашық, демократиялық, құқықтық қоғам” деп те атайды. Оны бізге ешкім күштеп таңып берген жоқ. Өз қалауымызбен мемлекеттік құрылым, мемлекеттік ұстаным ретінде таңдап алдық. Ендеше, саясатымыз да соған сәйкес болуы керек. Зайырлы қоғамның негізгі принципіне сүйенетін болсақ, дін билік істеріне, саясатқа араласпайды. Ал саясат әлемде мойындалған дәстүрлі діндерді қыспаққа алмайды. Міне, осы себепті де біз еліміздегі дәстүрлі діндердің ішкі істеріне араласа алмаймыз. Өзімізді зайырлы қоғам құрудамыз деп жариялай отырып, біз әлемдік дәстүрлі діндердің жұмысына еркіндік берілетініне кепілдік беріп отырмыз. Дәстүрлі діндер деп кімді айтамыз?!

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, Философия және саясаттану институтының директоры, академик:

Жоқ. Кесіп айтқым келіп отыр, еліміздегі барлық идеологиялар тек өз мемлекетімізге ғана тәуелді болу керек. Өйткені шетелден басқарылатын діни орталықтар еліміздің Тәуелсіздігіне қауіп төндіреді. Басқасын былай қойғанда, олардың қаржылай қамтамасыз етілуі де шетелдіктерге тәуелсіз болу керек. Орыстардың “ақшаны кім төлесе, музыканы да сол таңдайды” дегеніндей, еліміздегі шетелден қаржыландырылатын діни орталықтардың барлығы сол шетелдіктердің сойылын соғады. Бұл дұрыс емес. Біз үшін бір ғана дәстүрлі дін бар – ол ислам. Және бір дәстүрлі сенім бар ол – тәңіршілдік. Қалған діни сенімдердің барлығы біз үшін жат. Олардың жұмысы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіреді. Әлемдік дәстүрлі діндердің қатарына енетін протестанттар, кришналар біздің елімізде белсенді жұмыс жасап жатыр”. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

AZATTYQ.ORG. Балаларын жоқшылықтан емес, тоқшылықтан тастайтын аналар да бар.Ресми деректер бойынша өткен жылы Қазақстанда ата-анасының қарауынсыз қалған 42 мың сәби тіркелген екен. Олардың саны жыл сайын өсе түспесе, кемімегенін айтады сарапшылар. Мұны ҚР Әділет министрлігінің азаматтық хал-актілерді тіркеу бөлімінің бастығы Зайда НҰРАБАЕВА да растады

Нұрабаеваның айтуынша, мұндай балалар саны қазіргі уақытта жүз мыңнан асады, ал солардың тең жартысы тастандылар. Тастанды балаларды асырауға бір балаға бюджеттен ай сайын елу мыңнан 250 мың теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Екатерина СЛОБЕДЕНЮКтің сөзіне сүйенсек, бұдан бұрын перзентінен бас тарту қаңғыбастарға, нашақорлар мен маскүнем әйелдерге тән болса, енді тұрмыстық жағдайы жақсы келіншектер де туған балаларынан жиі бас тартатын көрінеді. Тіпті олардың арасында алтын-күміске малынған, қымбат ішік жамылған әйелдер де бар екен….”

Ал қазақ балаларын асырап алды деген желеумен шетелге асырып жіберудің өзі бөлек тақырып. Интернеттен мынандай мәліметтерді оқыдық: Қазақстандағы интернаттарда 16000 бала тәлім-тәрбие алса, солардың ішінде: 3000–нан астамы тірі жетім, бір мыңнан астамы әкесі де, шешесі де белгісіз тастанды балалар, 6000–ы ата-ана құқынан айырылған адамдардың, 1146–ы әртүрлі қылмыстық жазасын өтеп жатқандардың, 3000–ы қашып кетіп, іздеу жарияланған кісілердің, 1000–ы медицина мекемелерінде емделіп жатқандардың балалары екен” -, деп тұжырымдайды Ақыл ҚОЖАҰЛЫ.

EGEMEN.KZ.464 үміткердің бағы жанды”. “Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат САУДАБАЕВтың төрағалығымен шетелдерде мамандар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның мәжілісі болып өтті.

– Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында тағайындалған “Болашақ” бағдарламасының стратегиялық жағынан дұрыстығы осы күні айқындалып отыр. Өйткені, жүздеген қазақстандықтар шет мемлекеттерде сапалы білім алып, бүгінде мемлекеттік қызметте, ұлттық және жеке компанияларда жұмыс істеп жүр. Әр жыл сайын стипендияға үміткерлер саны артып келеді. Біздің комиссияның міндеті – бюджет есебінен шетелде білім алатын ең үздік үміткерлерді объективті таңдау, ал мемлекет олардан қайтарым күтеді,– деп атап өтті Қ.Саудабаев.

2009 жылдың 7–31 шілдесі аралығында өткізілген конкурстық іріктеудің бірінші және екінші турларының нәтижелері бойынша, “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау үшін республикалық комиссияның қарауына 587 үміткердің жеке істері өткен болатын. Іріктеуден өткен үміткерлердің 386-сы шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетімен түсуге құжат өткізген болса, 201-і жалпы конкурсқа қатысқан. Оқыту бағдарламалары бойынша үміткерлердің 218-і бакалавриат, 352-сі магистратура, 6-ы докторантура, 8-і клиникалық ординатураға, ал 3-і ғылыми тағылымдамадан өту үшін өтінім берген. Атап өту керек, үміткерлердің көпшілігі құжаттарын Ұлыбританияға (400 адам) тапсырған, қалған үміткерлер АҚШ (92 адам), Ресей (16 адам), Қытай (8 адам), Швейцария (11 адам), Канада (9 адам) және т.б елдерді таңдапты.

Республикалық комиссия осы 587 үміткердің 464-іне “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады”. (Авторы: Айгүл СЕЙІЛОВА).

GAZETA.KZ. Ағымдағы жылы бюджетке былтырғыдан 128 млрд теңгеге кем кедендік төлемдер аударылды.…Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті кеденді кірістер басқармасының төрайымы Елена КАНАШКИНА брифингте мәлім етті”-, деп хабарлайды \»Kazakhstan Today\».

Атап айтсақ, бюджеттің кіріс бөлігін толтыру бойынша кеденшілер 317 млрд теңге көрсеткішіне қол жеткізді. Былтырғы жылғымен салыстырғанда 128 млрд теңгеге азайды”, — деді Е. Канашкина.

Кеден комитеті Қазақстанда бір терезе жүйесін енгізу арқылы 14 министрлік пен мекеменің функцияларын біріктіруде. “Бұл туралы бүгін \»Физикалық емес кедергілер. Проблемалар және оларды шешу жолдары. Көліктік тасымалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету\» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Сержан ДҮЙСЕБАЕВ мәлім етті”-, деп хабарлайды \»Kazakhstan Today\».

Оның айтуынша, бұл жүйемен өз функциялары сыртқы экономикалық алыс-беріске қатысы бар 14 министрлік пен мекеме жұмыс істейтін болдаы. \»Мемлекеттік органдар мен кеден органдары арасында шлюз құрылады, ол осы ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады\», — деді С.Дүйсебаев.

ZAMANA.KZ. С. БАЙБОСЫНОВ Қой емес, \»қорсылдақ\» өсіруге жағдай жасалған ба?” деген мақаласында өзекті мәселе көтерді: “АҚШ-тан басталған ипотекалық дағдарыстың салқыны шалғай елді мекендердегі қазақтарға да қатты тиюде. Ал халыққа қол ұшын беру үшін жасалған “Жол картасы” бағдарламасының шапағаты барлық ауылдықтарға тиіп жатпағаны шындық. Билік басындағылар осы жағын ойлаудан бұрын банктердің жағдайын көтеруге бас қатырып жатыр. Одан да “Жол картасынан” тығырықтан шығатын жол тауып кете алмай тұрған ауылдағы ағайынға көмек болар бағдарламаны қарастырғаны әлдеқайда дұрыс болар еді.

Мысалы, мал тұқымын асылдандырудың жаңа бағдарламасы жасалсын. Кеңес Одағы кезінде мал тұқымын асылдандыру үшін халық бас қатырмайтын. Өкіметтің өзі асыл тұқымды мал шаруашылықтарын ашып, аталмыш мәселені осылай дамытты. Қазір малдың көбісі халықтың қолында тұрғанда мемлекет тарапынан белсенді шара қолға алынбауда.

Сонымен бірге, бұрын айналадағы колхоз-совхоздардың барлығында отар-отар қойлар мен сиырлар болатын. Бүгінде олар жоқ. Бірақ ауыл шаруашылығы басқармаларында мал тұқымын асылдандыру бөлімдері бар….

…Қысқасы, мал тұқымын асылдандырғысы келетіндерге берілетін қолдау қаржының мәселесі қайта қаралғаны дұрыс сияқты. Аталмыш мәселе мал шаруашылығымен шұғылданатындар үшін оңтайлы болса, еліміздегі мал да асылданып, дағдарыс кезінде ауылдағылар да тығырықтан шығатын жолға бет бұрар еді деп ойлаймыз”.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...