«Еліміздің банк жүйесі дағдарыстан шыға бастады деп айта аламыз ба?». «Этникалық қазақтардың Отанына оралуы, iшкi көшi-қон және еңбек миграциясын реттеу керек»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 14 тамыз 2009 ж.

ALASHAINASY.KZ. Еліміздің банк жүйесі дағдарыстан шыға бастады деп айта аламыз ба?. Сауалнаманы жүргізген Жанна ШАМОВА.

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы:

“– Мамандар қаржы дағдарысынан Америка экономикасы келер жылдың басынан бастап толық шығатынын алға тартып отыр. Американың экономикасының өсуі, дағдарыстан шығуы – шикізатқа деген сұранысты арттырады. Біз – енді шикізатты елміз ғой. Мұнай, газ, қара металдарға сұраныс артса, экономикамыздың тұрақты өсу бағытына жол ашылады. Оған кемінде жарты жыл уақыт керек, яғни біз 2010 жылдың екінші жартысынан бастап тұрақты даму жолына шыға аламыз. Қаржы жүйесіне келетін болсақ, дүниежүзіндегі банктерде жақсы нышандар көріне бастады. Бірақ аталмыш жүйенің дағдарыстан қашан шығатыны әлі белгісіз. Еліміздегі ірі банктердің екеуі банкрот болудың алдында тұр. Бүгінде алғашқы келіссөздер ғана жүргізілді. Келіссөздің іске асуы оған қанша қаржы салынады, қандай инвесторлар келеді, қаржының өтелуі сияқты факторларға байланысты. Қарыз толық өтелмей, банк жүйесі тұрақты даму сатысына шыға алмайды. Сондықтан ол күзде қабылданатын Үкіметтің қаржы саласын дамыту саясатына байланысты. Сонда дамудың жаңа стратегиясы анықталады. Қазір шетелдік инвесторлар келгелі жатыр, банктеріміздің бірін Ресейдің Жинақ банкіне сатқалы жатырмыз. Бұйыртса, мемлекеттік банктер пайда бола бастайды. Қазіргідей жағдайға жеткеніміздің бірден бір себебі – бәрін жекешелендіріп асығыстық жасағанымыз. Ресей алпауыт банктерін мемлекеттің қолында сақтады. Қытай реформалар жүргізе келе, банк жүйесінің негізгі арқауы мемлекеттік банктер болуына қол жеткізді. Қытайдың немесе Жапонияның банктерін алып қараңызшы, әртүрлі банктер бар: дамушы банктер, сауда банкі, ауыл шаруашылығы банкі, пошта банкі. Ал бізде шала сауаттылық, нарыққа көз жұма қараудың салдары бүгінгідей жағдайға алып келді.

Әділ ДОСЫМОВ, БТА банктің баспасөз хатшысы:

Бұл туралы әңгімені банк қызметтеріне деген сұраныс артып, рейтингтеріміз көтеріліп жатса, активтеріміздің сапасы артқан кезде қозғауға болады. Ал қазір бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ертерек. Жалпы, еліміздегі банктердің қаржы рейтингтері әлі төмен. Сыртқы қарыздарымыздан құтыла алмай отырмыз. Ішкі мәселелеріміз шешілген жоқ. Мүмкін, әрі қарай құлдырамайтын шығармыз, бәлкім, дағдарыстың шарықтау шегіне жеткен болармыз, десек те, одан  шығуымызға  әлі біраз уақыт керек. Көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс.

Ғалым БАЙНАЗАРОВ, экономист:

Қазір еліміздегі банк жүйесі қиын-қыстау кезді бастан кешіруде. Онымен күресуде үлкен шаруалар атқарылып жатыр. Негізінен, БТА мен Альянс банктің жағдайына байланысты жалпы еліміздегі банктердің көрсеткіштері төмен болып отыр. Онымен қоса, банктер сапасы төмендеп барады. Алайда біртіндеп банктер жағдайын жақсарта бастайды деген үміт те жоқ емес. Шамамен екі жылдан кейін бірте-бірте банк жүйесінің жағдайы жақсара бастауы мүмкін”.

Саяси пікірталас клубтарының аздығы елдегі саяси рынок әлсіздігінің көрінісі емес пе? . Бүгінде еліміздегі саяси пікірталас клубтарының саны санаулы-ақ. Олардың бір-екеуі ғана тұрақты түрде жұмыс жасайды. Қалғандары айына, жылына, мезгіліне бір отырыс өткізуді қанағат тұтады. Саяси тұлғалардың ашық дебатқа түсіп, пікір білдіруге салғырттығы неден болып жатыр? Бойға сіңген салқынқанды самарқаулық мінезден бе, әлде саяси рыноктың әлі де болса дамымай жатқандығынан ба? Бұл мәселе жөнінде саясаткерлер қарама-қайшы пікір айтады. Пікірлерін жинаған Сәкен КӨКЕНОВ.

Шәріпбек ӘМІРБЕК, саясаттанушы:

“- Иә. Әрине, елімізде саяси клубтардың аз болуы саяси нарықтың толық қалыптаспағандығын көрсетеді. Саяси тұлғалар мен шенеуніктер осындай пікірталастарға енуге құлық танытпай отыр. Саяси нарықта белсенді субъектілер мен саяси күштер болу керек. Егер пікірталас клубтарының кең өріс алуына мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілсе, бұл қоғамдағы көптеген мәселелердің орынды шешім табуына сеп болар еді. Негізі, Үкімет пен Парламенттің күн тәртібінде тұрған қандай да бір мәселені қабылдамастан бұрын олар пікірталас клубтарының талқылануынан өтуі керек еді. Өкінішке қарай, біздегі саяси тұлғалардың самарқаулығынан саяси пікірталас клубтарының тасы өрге домалап жатқан жоқ. Бұған біздің саясаткерлер де мүдделі емес.Бүгінде елімізде “АйтPARK”, “Политон” сияқты бірнеше саяси пікірталас клубы бар. Дегенмен олардың қоғамдық пікірге әсері болып жатқан жоқ. Ықпал ету аясы шектеулі. Ал кейбір пікірталас клубтарының артында саяси күштер жатыр.

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, “АйтPARK” пікірталас клубының модераторы, саясаттанушы:

Жоқ . Меніңше, саяси клубтар мен саяси нарықтың арасында аса үлкен байланыс жоқ. Бұған аға буын өкілдерінің арасында осындай пікіралмасу дәстүрінің қалыптаспағаны бірден-бір себеп болып отыр. Айталық, олардың бойында өз пікірін бір сөзбен “дұрыс” деп, өзіне қарсы келгенді үзілді-кесілді “бұрыс” деп қайыра салатын кертартпа мінез болды. Күйдіретін тұсы, өз пікірінің неліктен дұрыс болатындығын тарқатып та айтпайды, дәлел де келтірмейді. Ал өзінен басқаның пікіріне құлақ түрмейді, сөзіне назар салмайды. Оның қарсыласы да дәл сондай болады. “Айттым бітті, менікі – ақиқат” дегендей қасаң қағидамен өмір сүреді. Біз сол үлкен ағаларымыздың газет беттеріндегі пікірлерін оқып өстік қой. Баспасөз беттерінен басталған сол айтыстардың ақыры немен аяқталды?! Біреуі “сен еліңді саттың, тіліңді, діліңді саттың” десе, екіншісі “сен – халық жауысың!” дегендей бір-біріне айдар тағумен бітті. Неліктен бұлай болды? (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

TURKYSTAN.KZ. Есенгүл КӘПҚЫЗЫ Ләззат КЕМЕЛБАЕВАның “Оралман” емес, отандассың, бауырым!” деген мақаласында көтерілген тақырыпты одан әрі жалғастырады. Уәлихан ҚАЛИЖАН: КӨШI-ҚОН КОМИТЕТIНIҢ ҚҰЗЫРЫН КЕҢЕЙТУ КЕРЕК. Жазғы каникулын елде, өз ауылында өткiзiп жатқан депутат Уәлихан ҚАЛИЖАН Алматы қаласындағы бiр топ оралман зиялыларымен кездесiп, көкейде жүрген көп сауалдары төңiрегiнде пiкiр алысты. Алдағы сессияда Парламентте талай салмағы зiл батпан құжаттар қабылданбақ. Соның бiрi — “Халықтың көшi қоны туралы” заң. Бұл заң үш түрлi мәселеге ерекше назар аударатын болады. Ол — этникалық қазақтардың Отанына оралуы, iшкi көшi-қон және еңбек миграциясын реттеу. Парламенттегi Көшi-қон жөнiндегi консультативтiк кеңестiң төрағасы Уәлихан Қалижан мырза осы жаңа заңның мiндеттерi мен көтерер жүгi туралы өз ойын ортаға салды.

“- ҚЫТАЙДАН КӨШ НЕГЕ ТОҚЫРАП ТҰР?

Депутат ең әуелi бүгiнде ассимиляцияға ұшырап бара жатқан Қытай мен Өзбекстандағы қазақтар жағдайына алаңдаушылығын бiлдiрдi.

“.. Айталық, Өзбекстанда 565-тен астам қазақ мектебiнiң 50-i ғана қалды. Жалғыз Низами атындағы университетте Қазақ тiлi факультетi қалды. Яғни, үнсiз мемлекеттi аппарат ассимиляцияға ұшырату iсiн жүргiзiп келедi. Сондықтан да бiз қалай болғанда да психологиялық жағынан дайын Өзбекстандағы қазақтарды көшiрiп алуымыз керек. Қытайдағы қазақтардың жағдайы бұдан да мүшкiл. Бiрiншiден, iшкi Түркiстанның мәселесi ушығып тұр. Екiншiден, Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекеттiк көшi-қон келiсiмiнiң болмауы қиындық тудыруда. Сондықтан да, ондағы қазақтарды 3 жолмен әкелудi ұсынып отыр. Бұл мемлекеттiк квота және туыстық жолмен шақыру және қоғамдық ұйымдардың ұйытқы болуы арқылы көшiрiп алу. Бұл ұйымдар қазақтың Қазақстанға келуiне жұмыс жасауы керек.

Қазiр қоғамда “оралман” атауының да қызу талқыланып жатқаны белгiлi. Уәлихан Қалижан мырза алдағы сессияда қабылданар заңда осы атауды түбiрiмен өзгерту керек деген пiкiрде:– Қазiр бұл атауды Қазақстан қоғамы қабылдай алмайтын дәрежеге жеттi. Қоғамда “оралман кеше ел басына күн туғанда қашып кетiп, бүгiн қайта оралып отыр” деген түсiнiк белең алып барады”.

“… Қазiр Қазақстанда қытайлану үрдiсi белең алып барады”, – дейдi Уәлихан мырза. – “Қазақстанда қазақ тiлiнiң проблемасы шешiлмей тұрған кезде бiз қытай тiлiнiң проблемасын шешумен айналысып кеттiк. Шанхай ұйымының келiсiмiне байланысты, Қытайда бiр қазақ орталығы ашылу керек.

Бейжiңдегi университетте қазақ тiлi мен әдебиетi факультетi бар. Бұрын ол кафедра едi. Онда қытай балалары бiлiм алуда. Олар әрине, Қазақстанды зерттеуге кiрiсiп жатыр. Демек, бiз қытайдың саясатын жылдамдатуға көмектесiп жатырмыз. Яғни, айдаһардың жемсауына кiрiп кетпеймiз бе деген алаңдаушылық менде басым. Өйткенi, бұл оқу орындары техникалық қажеттi кәсiптiк мамандарды даярлайтын оқу орындар болса бiр сәрi. Бұнда Конфуций iлiмi мен қытай тiлi үйретiледi. Бұның сонша көбеюi кiм үшiн керек? Түсiнбедiм. Бiз қытай тiлiнiң мамандары бiзге қанша керек екендiгiн есептей отырып, жекеменшiк университеттерде қытай тiлiнiң мамандарын даярлауға жол бермеуiмiз керек. Ал, мемлекеттiң стратегиялық саясатына қайшы келетiн мәселелердi мемлекеттiң өзi үйлестiруi керек”-, деді У. Қалижан.

Алайда, егер қытайдағы қазақтардың көпшілігі Қазақстанға оралып қалса, Қытайдағы қазіргі қазақтың жері ханьцзуның (хань ұлтының) жері болып қалар. Уәлихан Қалижан мырзаның жоғарыдағыдай айтуынша: “…бiз қытайдың саясатын жылдамдатуға көмектесiп жатырмыз…”. Бұл – сыртқы саясатының көкейкесті мәселесi.

“ҚАМБАЛАР АСТЫҚҚА ТОЛАДЫ”. Әлемдiк нарыққа ұн экспорттауда – Еуроодақ пен Түркиядан кейiнгi үшiншi орында, ал астық мәселесiнде 6-орында тұрған Қазақстанда егiн биыл мол жиналмақ. “Қазiргi таңда Қазақстан әлемдегi ең iрi астық экспорттаушы елдер арасында 6-орынға ие. Ал әлемдiк нарыққа ұн тасымалдауда Еуропалық Одақ пен Түркиядан кейiнгi үшiншi орында. Мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыру үшiн 19 млрд. доллардан астам қаражат бөлiндi. Бұл көрсеткiш елiмiздiң ЖIӨ-нiң 14 пайызына тең. Ресми дерек көздерi таратқан мәлiметтерде ауыл шаруашылығындағы ағайынға көрсеткен көмектiң егiстiктi 1,6 млн. гектарға дейiн өсiруге жағдай жасағаны айтылады. Осының арқасында үстiмiздегi жылдың күзiнде 400 мың гектар жерiне дәндi-дақыл себiлген Алматы облысындағы астық қамбалары соңғы 10 жылда болмаған қарқынмен тола бастайды. …Былтыр қамбалары ортайып қалған алматылықтар бидайды елiмiздiң солтүстiк аймақтарынан тасыған болатын. Осы себептi, iшкi тұтынушылық сұранысты қамтамасыз ету мақсатында, бiр ғана Ақмола облысынан 175 мың тонна астықты сатып алған едi. Биыл жағдай басқаша. Мысалы, ерекше екпiнмен алға шыққан аудандар қатарындағы Сарқандта гектарына 24 центнерден астық жинауда. Отандық телеарналардың бiрiнен сұхбат берген сарқандтық шаруа қожалығының басшысы Манарбек ҚАНАБЕКОВ кейбiр алқаптардағы астық көлемi (әр гектарына) 40 центнерге дейiн жететiнiн, ал орташа есеппен алғанда, 25 центнер болатынын жеткiздi. Шiлде айының соңында жасаған мәлiмдемесiнде ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек КҮРIШБАЕВ биыл астық былтырғыға қарағанда, 1,5-2 млн. тоннаға (таза салмақпен – 14 млн. тонна) көп жиналатынын айтты. ҚР Статистикалық агенттiгiнiң мәлiмдеуiнше, 2008 жылы қазақ даласында таза салмақпен 15,6 млн. тонна дәндi-дақыл алынған, оның 6 млн. тоннаға жуығы экспортқа шығарылған…”.

Ресми деректерге сүйенсек, ең көп астық 2007 жылдың еншiсiнде – 22,6 млн. тонна. Әрине, астықтың молдығына ауа райының қолайлылығы да өте маңызды. Сондықтан мамандар биылғы межеге қатысты нақты болжамдардың тамыздың ортасына қарай белгiлi болатынын айтады”, — деп тұжырымдайды Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

EGEMEN.KZ. АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР АУҚЫМЫ. Кеше Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті үстіміздегі жартыжылдық жұмыс қорытындысын жария етті. Осы кезең аралығында кеден органдары республикалық бюджетке 317,3 млрд. теңге табыс түсірді. Ал бюджетке түскен кедендік төлемдер мен салықтардың үлесі 38,8 пайызды ғана құраған.

Бұл туралы аталған комитетте өткен брифингте жан-жақты айтылды.

Үстіміздегі жылғы кедендік кірістердің төмендеу себебі өткен жылмен салыстырғанда салық салынатын импорт көлемінің төмендеуіне байланысты”, — дейді кедендік бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан БАЙТАНА. “Биылғы жылғы қаңтар-шілдедегі кедендік статистиканың алдын ала деректері бойынша импорт көлемі 15,0 млрд. АҚШ долларын құраса, бұл 2008 жылғы ұқсас кезеңнен 4,8 млрд. АҚШ долларына немесе 24,1 пайызға төмен деген сөз. Сондықтан қазір бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардың толық және уақтылы түсуін қамтамасыз етудің мониторингі және тауардың кедендік құнын тексеру, сыртқы экономикалық салада кедендік төлемдерді салу және өндіріп алу үшін негізгілердің бірі болып табылатын кедендік баждар мен салықтардың ставкасын қолданудың дұрыстығына бақылау жүргізілуде. Әрине, бұл орайда кедендік төлемдер мен салықтарды әкімшілендіру жөніндегі көрсеткіштерді де атап өту қажет.

Бұл көрсеткіштерге тек фискалдық сипаттағы (құнды әкімшілендіру, жіктеу, тарифтерді қолдану) шаралар арқылы ғана емес, кеден органдары қызметінің негізгі перспективалық бағыттарындағы кедендік бақылау шараларын іске асырудың арқасында қол жеткіздік”, -дейді ресми өкіл.

KAZ.GAZETA.KZ. Жанар-жағармай экспортының ұлғаюы Қазақстанның ішкі нарығында оның қымбаттауына себеп болды. Бұл туралы ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің мұнай өңдеу және мұнай өнімдерінің өндірісін ұйымдастыру басқармасының бастығы Бақыт МАХАНОВ бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Жанар-жағармай бағасының маусым -шілде айларында қымбаттауына себеп болған жайт — жанармай мен дизельдік отын экспортының ұлғаюы мен мұнай өңдеу көлемінің кемуі болмақ\», — деді Б. Маханов. Оның айтуынша, \»жанармай бағасының жасанды көтерілу оқиғасы болған жоқ\».

Кедендік бақылау комитетінің мәліметінше, республикада маусым — шілде айларында жанармай экспорты 47,2 мың тоннаны, дизельдік отын экспорты — 126,6 мың тоннаны құрады.

Былтыр да экспорт өсті, бірақ дәл осы айларда тыйым салынды, мұнай экспортталған жоқ. Ал биыл ол осы көлем деңгейінде қалды, нарық сол себепті жанармай тапшылығын бірден сезінді\», — деді Б. Маханов.

Біз сонымен қатар бағаның өсімін осы мерзімде Ресейден жасалатын импорттың төмендеуімен, атап айтсақ, жоғары октанды жанармай импорты төмендеуімен де байланыстырып отырмыз\», — деді Б. Маханов

ZANMEDIA.KZ. Сайт іске қосылмаған.

ZHASALASH.KZ. Сайт көптен бері істемейді.

AYQAP.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.

DMK.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.

KAZAKZAMAN.KZ. Сайт істемейді.

ADEBIETAIDYNY.TANYM.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.

JASQAZAQUNI.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.

AYKIN.KZ. Сайт істемейді.

Аталмыш газеттер бас редакторларының назарына! Қадірменді ағайындар! Қазақ тілінің кеңістігін кеңейту үшін, оқырмандарыңызға құрмет көрсету үшін, көп уақыт ұзамай сайттарды ретке келтіру жөн болады деп санамайсыздар ма?

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...