«Қиын кездің қиын міндеттері шешілуде». «Биыл \»Болашақ\» бағдарламасы бойынша 1780 түлек оқуларын аяқтап елге оралды». «Американдық парадокс… Мұның бізге қандай қатысы бар?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 17 тамыз 2009 ж.

ALASHAINASY.KZ. Жасанды түсік жасатуға тыйым салатын заң қажет пе?

“Аборт” деген сөз қазақ ұғымына жат болғанымен, тіршілігімізге әлдеқашан сіңісіп кетті. Оның қажеттілігі мен зияны туралы да қоғамда әр алуан пікір айтылып жүр. Дегенмен медициналық қызметтің осы бір жалбағай түрі қыздарымыздың жеңіл жүріске салынуына жол ашып, аналарымыздың көпбалалы болу ниетін азайтып отырғаны – бүгінгі өмірдің шындығы. Жасанды түсікке деген жеккөрінішті көзқарастың қалыптасуы осыдан болар. Ал осы түсік тастатуға заңмен тыйым салсақ не болады? Ой-көкпарына тастап отырған бүгінгі сауалымыз осындай”. Пікірлерін жинаған Нұрмұхаммед МАМЫРБЕКОВ.

Мақаш ТӘТІМОВ, демограф:

“- Иә. Мұндай заң міндетті түрде қажет. Абортқа ең алғаш рет Португалия, Польша сынды католик елдерінде, Скандинав түбегіндегі халықтарда, АҚШ-тың кейбір штаттарында тыйым салынған. Оған жол бермеген себебі, олар өз азаматтарын жан-жақты қорғауға тырысады. Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бір жылда 175 аборт жасатылады екен, бұл санаққа ілінгені ғана. Ал санаққа ілінбей қалғандарды қоса есептегенде, еліміздегі аборт жасататын қыздардың саны 200 мыңға жетеді. Бұл – туылған нәрестелердің үштен бір бөлігі жарық дүниені көре алмайды деген сөз. Аборт жасататындар кімдер? Олар қалаға оқу қуып, жұмыс іздеп келген өзіміздің ауылдың қаракөздері. Бір айтқым келгені, көп қыздар өзін-өзі жүктіліктен қорғай алмайды, соның салдарынан білместікпен бала көтеріп қояды. Қыздарымыз аборт жасатқаннан кейін, екінші рет бала көтере алмайды. Мұны екінші бедеулік деп атайды”.

Әсем БИБАТЫРОВА, заңгер:

“Жоқ. Аборт жасау – әркімнің өз еркі. Сондықтан да оған тыйым салатын заңның керегі жоқ. Ең алдымен, біз қоғамның санасын өзгертуіміз керек. Ол қалай дейсіздер ғой? Бұл жерде мен тек әйел адамдарды айтып отырған жоқпын, ер адамдарды да бұл мәселеге бей-жай қарамауға үйретуіміз керек. Себебі әйелдер өздерінің ерлеріне сенеді. Ал ер адам әйелінің денсаулыған назар аударып, барынша қорғауы тиіс. Медицина мамандарының айтуынша, аборт жасату әйелдердің денсаулығына үлкен зиянын тигізеді. Көп қыздарымыз осы операциядан кейін бала көтере алмайды. Әрине, бұл демографиялық ахуалға кері ықпал етуі мүмкін. Бірақ біз, ең алдымен, азаматтарымыздың құқын бірінші орынға қоюымыз керек қой. Біз босанғысы келмейтін әйелге “бала тап” деп талап қоя алмаймыз. Оның денсаулығында ақау болуы мүмкін немесе басқа да күрделі себептер бар шығар”. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

AZATTYQ.ORG. “Қазатомөндірістің\» жобаларды игерудегі табысы туралы әлемдік баспасөз жаза бастады”. Қазақстан әлемдегі ең ірі уранмен қамтамасыз етуші ел мәртебесіне қосымша, өңделген әрі қолданылуға даяр ядролық отын мен реакторлық технологияларды экспорттаушы мемлекетке айналу үшін маңызды шаралар қолданып жатыр деп жазады кейбір батыстық басылымдар.

“Платц” сайтының хабарлауына қарағанда, Қазақстан биылғы жылдың бірінші жартысында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда уран өндіру көлемін 57 пайыз мөлшерінде арттырған. Бұл туралы “Қазатомөнеркәсіп” компаниясының өкілдері сәрсенбі, тамыздың 12 жұлдызында ресми түрде мәлімдеген. Мұндай өндірістік қарқын осы жылдың аяғында елдің қолын уран өндіру бойынша дүниежүзілік жетекші ел деген мәртебеге жеткізуі тиіс деп жазады сайт. .

..Орталық кеңсесі Лондонда орналасқан “Дүниежүзілік ядролық ассоциациясының” (World Nuclear Association) мәліметіне қарағанда, Қазақстан былтыр 8 521 тонна уран өндірген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 28 пайыз мөлшерінде артық. Егер “Қазатомөнеркәсіп” компаниясы биыл өзінің 14 мың тонна уран өндіру туралы алға қойған мақсатына қол жеткізе алса, онда бұл оның жылдық кен өндіру көлемін 40 пайыз мөлшерінде көбейте алғанын білдіретін болады әрі компанияның бүкіл дүниежүзі бойынша уран өндіру саласындағы жетекші фирмаға айналғандығының айғағына айналмақшы. Өткен жылы Канада 9 мың тонна уран өндірсе, Австралия бұл кеннің 8 430 тоннасын өндірген еді дейді сайт. “Қазатомөнеркәсіп” енді атом электр станцияларын салумен айналыспақ. “Уорлд ньюклиэр ньюс” сайты да “Қазатомөнеркәсіптің” уран өндіру бойынша өзінің алға қойған жартыжылдық мақсатын биылғы жылдың бірінші жарты жылында 9 пайыз мөлшерінде асыра орындағанын жазады. …”

Қазір “Қазатомөнеркәсіп” аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жүргізіп жатыр, бұл жұмыс біткен соң, компания жобаны іс жүзіне асыруға қатысты нақты шешімдер қабылдайтын болады…”, — деп жоғарыдағыдай пікір білдіреді Кенжалы ЕСБЕРГЕН шетелдік сайттарына сілтеме жасап.

EGEMEN.KZ.ҚИЫН КЕЗДІҢ ҚИЫН МІНДЕТТЕРІ ШЕШІЛУДЕ”. “Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Бурабайда астық себуші облыстардың әкімдерімен кеңес өткізді”, — деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.

Кеңесте алдағы астық орағының, дағдарысқа қарсы шараларды, атап айтқанда, “Жол картасын” іске асырудың, азаматтардың әлеуметтік берекеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмаларын орындаудың мәселелері талқыланды”.

“– Тұтастай еліміз бойынша астық өткен жылғыдан көп болады деп күтіліп отыр. Үш облыс бойынша 14 млн. тоннаға жуық, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары 4,5 млн. тоннадан, Ақмола облысы 4,9 млн. тонна жинауды жоспарлаған”, – деп қорытты әкімдердің есебін кеңесте бірінші вице-премьер Өмірзақ ШӨКЕЕВ.

Мемлекет басшысы тұтастай алғанда үш облыстағы – Қазақстанның астықты аймақтарындағы егін жинауға әзірлік жөніндегі жақсы жұмысты атап өтіп, әкімдердің алдына “Жол картасын” іске асыру жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды.

“– Ең қиын кездерде қиын міндеттерді шешу керек және біз оларды шешіп жатырмыз”,- – деді кездесу қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев.

KAZ.GAZETA.KZ. “Шағын және орта бизнеске заңсыз тексерулер жүргізу фактілері ең көп анықталған органдар — ішкі істер органдары мен әкімшіліктер болмақ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет СҮЙІНДІКОВ бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Әлеуметтік-экономикалық саласындағы прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау болып табылады. Ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында прокуратура органдары аталған сипатта 505 тексеріс жүргізген”,- деді Н.Сүйіндіков.

Оның айтуынша, осы тексерістердің нәтижелері бойынша 4 мыңнан астам заң бұзушылықтар анықталған, 900-ге жуық кәсіпкерлердің құқықтары қорғалған. Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде 300 астам заңсыз актілер бұзылып өзгертілген.

Осындай заң бұзушылықтарға жол бергендері үшін 584 лауазымдық тұлға тәртіптік жаупкершілікке, 68 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Құқықтық статистика органдарының мәліметтері бойынша ішкі істер органдарында — 65, әкімшіліктерде — 45, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерде — 29 және салық органдарда — 26 заңсыз тексерулер жүргізу фактілері анықталған…

Биыл \»Болашақ\» бағдарламасы бойынша 1780 түлек оқуларын аяқтап елге оралды”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарламасына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда ҚР президентінің \»Болашақ\» халықаралық стипендиясы 4446 қазақстандыққа тағайындалды. Әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып, елге оралған \»Болашақ\» бағдарламасының түлектері бүгінде мемлекеттік қызметте, жергілікті және орталық қызмет атқару органдарында, халықаралық мекемелер мен өкілдіктерде, ұлттық компанияларда, қаржы және акционерлік қоғамдарда, білім саласында еңбек етіп елдің дамуына ат салысып жүр.

Бүгінгі күнге дейін конкурстық іріктеуге 2783 азамат құжат тапсырды. Оның 2 429-ы конкурстық іріктеу сатысына жіберілді. Соңғы мәліметтерге қарағанда 1 792 үміткер жалпы конкурс негізінде 155-і квота бойынша, 482-і шет елдің жоғары оқу орнына өз бетімен түскендер.

Барлық үміткерлердің оқу бағдарламасы бойынша өтініш бергендері: бакалавриат бағдарламасы бойынша — 1 115 үміткер; магистратура бағдарламасы бойынша — 1 274 үміткер; докторантура бағдарламасы бойынша — 6 үміткер; клиникалық ординатура бойынша — 17 үміткер; ғылыми тағылымдама бойынша — 17 үміткер.

Үміткерлердің басым бөлігі Ұлыбританияда (1 129 азамат) оқуға ниет білдірген. Қалғандары АҚШ (680 ), Канада (124), Ресей (128), Швейцария (86), Сингапур (47), Германия (40), Австралия (38), Малайзия (33 ), Чехия (23), Франция (21), Қытай (19), Швеция (17), Нидерланды (11), Норвегия (7), Италия (5), Австрия (5 ), Жапония (5), Корея (1 ).

\»Болашақ\» халықаралық стипендиясына құжаттарды қабылдау Қазақстан Республикасы үкіметінің 2008 жылғы маусымның 11-індегі қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы президентінің \»Болашақ\» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді конкурстық іріктеу ережесіне сәйкес жүргізіледі.

Ауыл жастары, 3 жылдан кем емес үздіксіз еңбек өтілі бар мемлекеттік, ғылыми және педагогикалық қызметкерлер үшін квота көзделген. \»Болашақ\» бағдарламасы аясында әлемнің үздік оқу орындары мен ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі де қарастырылғанын баса айтқан жөн. Сонымен қатар, квота бойынша конкурсқа қатысушы үміткерлер үшін төменгі тілдік деңгей салыстырмалы түрде төмендетілген, яғни квота жүйесі бойынша білім алатын стипендиаттарға ұзақтығы 4 оқу семестріне (2 жылға жуық) дейінгі, ғылыми тағылымдамалар бойынша 1 оқу семестріне (жарты жылға жуық) дейінгі тілдік курстан өту мүмкіндігі ұсынылған.

Бүгінгі күні \»Болашақ\» бағдарламасы бойынша 949 стипендиат шет елдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуда”.

USHKIYAN.KZ. “АМЕРИКАНДЫҚ ПАРАДОКС”. “Индивидуализм – XXI ғасыр қағидасы. “Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін” деп шпагасын шошаңдатқан Д’АРТАНЬЯНдардың бауырмал да қаһарман дәуірі келмеске кеткендей. Қазір батқан батпақтан өзін-өзі шаштан тартып шығаратын МЮНГХАУЗЕНдердің заманы туды.

…Ел болып, еңсе көтеріп кете алдық. Тарих шақыруын дұрыс түсіне алдық. Қырғыздарға қарқылдап күлетін, өзбектерге өздерінен деп сөйлейтін, түркімендерге түкіріп қарайтын халге жеттік. Тәжіктермен тәжікелесуге де арланатын күйдеміз. Түркиямен терезе теңестіріп, АҚШ-пен ақылдасып, Ресеймен ренжісуге де жарап қалдық. Қытаймен қатынаста Құдайдың “өзім тұрғанда, қорықпа, баса бер” деген кепілдігін алып алғандай, қытығына тиюден тартынбайтын болдық. Бірақ біз бір нәрсені жоғалта бастадық – өзімізді бақытты сезінуден қала бастадық. Себебі де белгілі, әрқайсысымыз өзіміз үшін ғана өмір сүрудеміз. Тіптен, теңдесі жоқ ұлы ғұлама Л.Н.ТОЛСТОЙ логикасы тезіне салсақ, біз – рухани мағынасында бірте-бірте өліп бара жатқан халықпыз. Өлі халыққа айналудамыз. Адамдар несімен тірі? Асқазанды толтыру қамындағы қу тірлігімізді немен ақтаймыз? …Сөзіміз құр эмоция мен ойбайға ғана жалданып кетпеуі үшін мына бір ғылыми деректі де келтіре кеткенді жөн тауып отырмыз.

…Американ психологы Дэвид МАЙЭРС социологиялық зерттеу нәтижесіне сүйеніп, аталмыш мәселе жөнінде “Американдық парадокс” атты кітап та жазған болатын. Ол парадокстың мәні сол, 1957 мен 1998 жылдар аралығында АҚШ-тағы өмір сүру деңгейі, яғни, азаматтарының таза табысы екі есеге, ал өзін бақытты сезінетін адамдардың көлемі 35%-дан 33%-ға, яғни 2%-ға төмендеген. Бұған қоса, ажырасу саны екі еселеніп, бозбала мен бойжеткендер суициді үш есеге артқан. Тіркелген зорлық-зомбылық фактілері төрт есеге артып, кәмелетке толмағандар мен жастар арасында депрессия кеңінен қанат жайған. Мінеки, Американдық парадокстың шынайы келбеті осындай-дүр. Шын мәніндегі бақыттың ақшада емес екендігіне бұл да бір дәлел бола алады. Мұның бізге қандай қатысы бар? Жауап: тікелей қатысы бар. Біріншіден, Қазақстан Республикасы – әлемдегі кіші Америка болуға талпынып отырған бірден бір ел. Қазақстандықтар терминінің айналысқа енуі соның жарқын бір көрінісі. Американдық ұлт қазақстандық ұлт концепциясының прототипі дерліктей. Екіншіден, еліміз ертегідей даму мен баю үстінде. Біз “баюдамыз”… Бірақ біздің тапқанымыздан жоғалтатынымыз көп болып кетпегей. Біз өзімізді көпшіл, адам-сүйгіш, ашық-жарқын гуманды ұлт ретінде жоғалтқалы отырмыз. Бақыт-ты, өмірі мағыналы ұлт ретінде өшкелі отырмыз. Өзге үшін өмір сүру дәстүрінен жаңылғалы отырмыз.

Жақында осы заманғы орыс ойшылдарының анекдотқа бергісіз теледидардағы диалогын тамашалағаным бар еді: – А давайте постараемся стать великой державой! Бросим пить, научимся уважать женщин и, в конце концов, прекратим воровать!– Давайте!– Так, но не потеряем ли мы себя как нация?! (НЕМЦОВ). Солай ағайын, Ресейдің бетке ұстарлары осылай деп бас шайқасқан болатын. Онымен салыстырғанда біздің мұңдамағымыз қандай мұң, қайғыламағымыз қандай қайғы?!

“…Осы ретте “қазақты түрегелтіп, тіктелткен ненің буы?” деп айғай салып, ортаға сұрау тастағың да келеді. Ә дегеннен “Шаншар” театрының “Aлтынның буы” қойылымы еріксіз еске түседі. Бізде “алтынның буы” шалығы бар. Жанымыздан әлгі қазына толы шабаданды алса, қалай сөйлер едік? Кеше кім едік, бүгін кімбіз? Біздің жағдайдағы алтынның буы – Атырау, Ақтауымыздағы мұнайымыздың буы емес пе екен? Өзін ТМД шеңберінде авангардсынған (алдыңғы) Қазақстаннан толқыны тебіренген қарт Хазар теңізін ажыратып тастаса не істер едік? Арьергард та (ең соңы), басқа не болушы еді, тәйірі?!”, — деп өз ойларын қорытты Абылай МАМЫРАЙХАН.

AYKIN.KZ. Өкінішке орай, сайт бірнеше күн істемейді.

ZANMEDIA.KZ. Сайт іске қосылмаған.

ZHASALASH.KZ. Сайт көптен бері істемейді.

AYQAP.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.

DMK.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.

KAZAKZAMAN.KZ. Сайт істемейді.

ADEBIETAIDYNY.TANYM.KZ. Сайт жұмысы көптен бері жаңармаған.

JASQAZAQUNI.KZ. Сайт жұмысы жаңармаған.

Аталмыш газеттер бас редакторларының назарына! Қадірменді ағайындар! Қазақ тілінің кеңістігін кеңейту үшін, оқырмандарыңызға құрмет көрсету үшін, көп уақыт ұзамай сайттарды ретке келтіру жөн болады деп санамайсыздар ма?

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...