«Болашаққа» — 16 жыл!». «Тағы да тест туралы”. «100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасын жүзеге асыруда әлдекімдер қалтасын қалыңдатып алмақ»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 18 тамыз 2009 ж.

ALASHAINASY.KZ. “Болашаққа” — 16 жыл!”. “Еліміздегі ТМД елдері түгіл, Батыс елдерінің көбінде жоқ әрі мемлекет қаржыландырып отырған теңдесі жоқ жоба – “Болашақ” білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын оқу орындарының саны биыл екі есеге қысқартылды. Өткен жылдары бұл көрсеткіш 485 болса, биыл олардың саны 200 ғана болып отыр. Бұл – “Болашақ” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастардың білім сапасын арттырып, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін жасалып отырған шара”.

Кеше журналистермен болған баспасөз мәслихатында Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік ЫРСАЛИЕВ осылай деп мәлім етті. Оның айтуынша, еліміз жастарының білім алуы үшін іріктеліп алынған бұл 200 оқу орны “Тайм” және “Шанхай” рейтингтері бойынша алдыңғы қатарда тұрған әлемдегі ең үздік, ең танымал әрі сапалы білім беретін оқу орындары екен. Биыл әлемнің түкпір-түкпірінде білім алуға аттанған 826 түлек елімізге оралып, шетелде игерген мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса бастайды”, — деп тұжырымдайды Бүркіт НҰРАСЫЛ. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

Шәмші шындығы. “Ұлы адамдардың артынан қашанда сөз еріп жүреді. Бұл – заңдылық та. Ел арасында Шәмші туралы әртүрлі алып-қашпа әңгімелер көп. Оның рас-өтірігі қаншалықты, аңызы мен ақиқаты қайсы, мұны електен өткізу алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен біз осы төңіректегі кейбір әңгімелерге аз-кем назар аударған едік.

Сығандарға қосылып қаңғып жүрген

Аңызы…Сыған серенадасы” әні – Шәмші қайтыс болғаннан кейін кең тарала бастаған ғажап әндерінің бірі. Бірақ осыған байланысты жұрт: “Шәмші өз ортасынан баз кешіп, біраз жыл сығандардың тобырымен бірге өмір сүріпті. Осы әнді сол кезде жазған”, – дегенді айтады.

Ақиқаты: Бұған байланысты сөзімізді композитордың өз аузымен айтқызсақ. Бірде Шәмші ақын Қадыр МЫРЗАЛИЕВке арнайы келіп: “Өзің білесің, мен үйде байыз тауып отыра алмаймын. Ел кезіп, жер аралап кетемін. Біресе Жамбылдан, біресе Шымкенттен, біресе Фрунзеден табыламын. Ат басын тіреп баратын адамдарым бар. Олар кім деп сұрамай-ақ қой… Жалпы, маған сығандар өмірі ұнайды. Жастау кезімде Пушкинге ұқсап, солардың тобырына еріп, “Сыған серенадасы” деген ән шығардым. Сені іздеп келуімнің басты себебі – осы. Көпке созбай, тезірек іске кіріс”, – дейді.

Деректер жинаған, салыстырған Алмат ИСӘДІЛ. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

ABAI.KZ. Ықпал агенттері кімге ырықты?Биылдың өзінде былтыр құрылған қарсы барлау жүйесінің тыңшылары шет елдік құпия ұйымдарға “құлшылық” қылған 12 қызметкер мен 5 тыңшыға құрық салыпты. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында Қытайға мемлекеттік құпия құжаттар берумен айналысқан ҚР Қарулы күштерінің бұрынғы офицері тұтқындалып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. ҰҚК қызметкерлері өткен жылы мемлекеттік құпияны сақтауға қатысты нормативтік-құқықтық актілерді бұзған үш мың істің бетін ашқан. Әрине, бүгінгі әңгімеміз бұл жайында емес, бірақ тақырыптас. Сонымен, олар біздің ортамызда жүр… Қалпағын басып киіп, жүзін қалқайтқан жағасына жасырмайды. Қойны-қонышын тыңдағыш “жучокпен” толтырмайды, қорғасын оқты қолшатырды қолына алмайды. Тым болмаса, жағасын бір тістеп, тіл тартпай өлтіре салатын зарин уын да ішпейді-ау. Яғни, бұлар — екібастан Ян ФЛЕМИНГтің “Бондианасын” бастан-аяқ оқыған бүлдіргі тыңшылар емес. Сонда бұлар кім дерсіз? Түр-сипаты, киім киісінен мін таппайсыз, бар кінәсі — пиғылы бұзық, пейілі тар. Сол ғана. Ендеше, таныс болыңыздар — бұлар ықпал агенттері.

…. Айталық, Кеңестер Одағының құлауы да көбіне-көп билік эшелонының ұшар басындағы ықпал агенттері арқылы жүзеге асқан-ды. Бұл сенсация емес. 1947 жылдан бастап-ақ Вашингтон “коммунизммен күрес” деген желеумен Одақ территориясында “тілектестерін” тәрбиелей бастады. Қайбір дерекке сүйенсек, тек 1985 пен 1992 жылдар аралығында Батыс (оның ішінде АҚШ бар) “КСРО-ны демократияландыру үрдісіне” деп 90 млрд доллардың басына су құйған. Ағыл-тегіл ақша Крибла институты, “Демократияға қосылған ұлттық үлес” қауымдастығы секілді ұйымдар арқылы қорытылып, қоғамдық пікірді өзгертетін талай бағдарламаның тамырына қан жүгірткен. Тіпті, 1986-90 жылдары Коммунистік партия Орталық комитетінің хатшысы болған, “Қайта құрудың” бас идеологы А.ЯКОВЛЕВтің өзі ықпал агенттерінің “өкіл атасы” болған-мыс. Бұны ГОРБАЧЕВ білсе де, білмеген сыңай танытқан. Үш әріптілерге оның үнін мәңгілік өшіруге мұрсатын бермепті.

…Ақыры, әңгіме ауаны Қазақстанға ауған соң айтарымыз — бізде ықпал агенттерінің болуы ешқандай миф емес, қайта мәселе. Неге десеңіз, геосаяси, экономикалық тұрғыдан біздің өсу “феномені”, “асқан толеранттылық” құпиясы кім-кімді де қызықтырады. Тағы да осы теорияға салсақ, елімізде Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ агенттерінің ықпалы күштірек сезіледі-ау. Әсіресе, Ресейдің. Бұл жағынан еліміздің саяси өмірін бақылап жүрген жан бірден 5-6 мысалды айтып бере алады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ықпал агенттері бар ма, болса оның әсері қандай деген сұрақ  көтеріле бермейді. Апта сайын алуан елдермен, компаниялармен болып жатқан келісім-шарттарға жүйелік сарап, талдау жүргізіле ме? Ұлттық мүддеден ұтылып жатқан жоқпыз ба? Оны індете зерттеп жүрген орталықтар да шамалы. Десек те, бұл мәселені көзге ілмесек, ертең-ақ ұлттық қауіпсіздігіміздің қабырғасы қақырамасына ешкім кепіл болмайды. Молдавиядағы румын агенттерінің “риясыз” әрекеті — осының айғағы…”.

(Өркен КЕНЖЕБЕКОВ. “Дала мен Қала” газеті, 10.08.2009).

AZATTYQ.ORG. Алина КОГАЙ “Семейде жұқпалы дертке қарсы асыл тастармен әшекейленген таңғыштар сәнге енді” деген мақаласында өз пікірін білдіреді: “Модельер Гүлнәр ЖҮНІСОВА жасап шығарған сәнді таңғышты көру үшін “Іңкәр сезім” этностудиясына адамдар көптеп келуде, бұрын-соңды медициналық таңғышқа мұндай қызығушылық болмапты”.

Бәрі сонау 1997 жылы Гүлнәрдің өзі сабақ беретін колледжде Сән театрын ашуынан басталған еді. Модельердің ұлттық киімге деген өзгеше көзқарасы мен асқан талантын танығандар оны кейінірек Шәкәрім атындағы университетке жұмысқа шақырды. Сол уақыттан бері Сән театры “Сезім патшалығы” деп аталады, асқан танымалдықпен жұмыс істеп жатқан бұл ұйымның ерекше бұйымдары мен театрландырылған шоуларына таң қалмау мүмкін емес. … 2007 жылы Сән театрына 10 жыл толды…

Гүлнәр бір әйелдің студияға кіріп, “сәнді” таңғыштарды көріп сатып алғанын, одан кейін студияда жұмыс істейтін жігіттердің де таңғышқа қызығушылық танытқанын айтады. Қазір Сән театры осындай таңғыштардың жігіттерге арналған жиынтығын да шығаруды жоспарлауда”.

“— Сондай-ақ мұғалімдер мен балаларға да арнап шығармақпыз, соңғысын көбелек пен қоянның суретін салып жасамақпыз. Мектеп деген баланың ауру жұқтыратын бірден бір орны ғой. Ерекше таңғыштар тек аурудан қорғағыш қана емес, күнделікті киімге таптырмайтын аксессуар, оны киімнің түсіне қарай да таңдауға болады, оның үстіне ол әйел бейнесіне нәзік сыр беріп тұрады”, — дейді Гүлнәр. “Ал мұндай таңғыштардың бағасы қымбат та емес, небәрі 150-200 теңге көлемінде”.

Орталық Азия университеттеріндегі жемқорлық ұлттық трагедия сипатын алуда”. “Орталық Азия университеттеріне оқуға қабылдану үшін үміткер қомақты пара беруі тиіс. Содан кейінгі оқу барысында да олар жақсы баға алу үшін кезекті параларын төлеп жатады. Түркмендер мұндай заңсыз ақша ұсыну үдерісін — \»рақмет айту\» деп атап кеткен екен. Мұнда тіпті жоғарғы оқу орындарының сипатына қарай оған төленетін паралардың бейресми тізімі де бар екен. Ол шамамен 600 доллардан 15 000 АҚШ доллары арасында өзгеріп тұрады.

… Ал, шынтуайтына келгенде, ондай студенттер ставка деп аталатын ақша көлемін төлеп қойып, сессиядан сессияға секіріп жүргенді жеңілірек көретін боп шықты. Қырғызстанның Ош медицина университетінің студенті Эмиль Сарыбаевтің пікірінше, осындай тәсілмен оқу оқыған студент ертеңгі күні сырқат адамды жазбай, керісінше оның өліміне себепкер болуы мүмкін. Орталық Азияда қазірдің өзінде талай азаматтар жергілікті, әсіресе медицина университеттерін бітірген мамандарға сенімдерін жоғалтқан. Сондықтан олар сырқаттана қалған жағдайда егде жастағы, әрі көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлерге немесе шетелде білім алып келген жас мамандарға көрінуді жөн санайды. Білім беру саласының ресмилері бұл саладағы сыбайласқан жемқорлықпен күресіп келе жатқандарын айтуда. Сөйтіп аракідік парамен ұсталған мұғалімдердің ісін заң орындарына тапсырып қояды. Алайда ондай қадамдар проблеманы шешер емес. Қазіргі жемқор кадрлар мен білім беру саласындағы ресмилер орындарынан кетпейінше бұл түйін шешілмейді дейді сарапшылар”.

“Сондай-ақ мұғалімдердің айлық жалақысын өсіру арқылы аталған келеңсіз жайттан құтылуға болады дейді олар. Орталық Азия университтері профессорларының айлық жалақылары қазіргі кезде 70 доллар мен 400 доллар арасында екен. Мұндай жемқор саланың кесірі тұтас қоғамның болашағына кері әсер етуде. Шала сауатты мамандар қаптаған қоғамда, қолында ақшасы жоқ, білімді де талантты балалар университет табалдырығынан аттай алмастан, қара жұмыстарға жегілуге мәжбүр болуда”, — деп тужырымдайды Фарангиз НАЖИБУЛЛА.

EGEMEN.KZ. Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ, Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидатыТАҒЫ ДА ТЕСТ ТУРАЛЫ” деген мақаласында төмендегідей пікірін білдіреді: “Батыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған дарынды балалар мектебі ондаған жылдар бойы республикалық деңгейде тұрақты жоғары білім сапасын көрсетіп келеді. Биыл мектепті аяқтаған 40 түлектің ҰБТ-де 18-і 120-дан жоғары балл, екеуі 124 балл, екеуі 125 балл жинады. 9 оқушы үздік аттестатпен аяқтап, 16 оқушы “Алтын белгі” аттестатын иеленді.

Мектепте берілетін білім сапасы жыл сайын түлектеріміздің 100 пайызы грантпен жоо-ға түсуіне, қазірдің өзінде 30-дан астамының халықаралық “Болашақ” стипендиясы бойынша әлемнің ең таңдаулы университеттерінде білім алуына мүмкіндік жасады. Жоғарғы балдық көрсеткіші олардың біздің еліміздің ғана емес, әлем елдерінің жоо-да үздік білім алуларына негіз болды….

Тестке дейінгі күнделікті, тоқсандық, жыл аяғындағы журналдағы және емтихан бағалары оқушының объективтік білімін көрсете бермейтін-ді. Әсіресе, бұған дейінгі мемлекеттік сынақ емтиханын әр мектептің өзі жүргізетінді”.

Қазіргі балалар әдеби кітапты оқымайды”, “Тесті үшін шығарма, мазмұндама жазудың керегі жоқ” – десе, химия пәнінің мұғалімдері, ғалымдары мектепте төртінші пәнді таңдауда химия мүлде ең төменгі орында. 2008 жылы 116280 түлектің 2 пайызы ғана төртінші пәнге химияны таңдауын (“Қазақстан мектебі” №5, 2009 ж.) тестімен байланысты деп түсіндіргісі келеді.

Жастардың көркем әдебиетке деген көзқарасының өзгеруі өткен ғасырдың аяғында-ақ байқалған құбылыс, қазір ол одан әрі төмендемесе, көтерілген жоқ. Оған тестілік бақылаудың мүлде қатысы жоқ. Ал, енді болашақ әдебиетші, журналист боламыз деп, мектепте осы бағытта бейінді білім алып жатқан оқушылар сол пәннің тереңдетілген мектеп бағдарламасына қарай шығарма да, мазмұндама да, диктант та жазады. Олардың сол бағытта терең білім алуын ешқандай кедергі жоқ, болуы да мүмкін емес.

Жастардың химияны таңдау дәрежесінің төмендігі – елдегі осы ғылымды талап ететін өндіріс салаларының не аздығы, не төмендігі. Химиялық өндіріс салалары дамыған сайын, оған сұраныста өсе түсетіні белгілі. Математика, физика, биологиямен қатар, химия да қоғамның экономикалық дамуындағы маңызы индустриялық пәндердің бірі.

Бірақ, оқушы қай мамандықты таңдайды, қандай пәндерді тереңдетіп оқығысы келеді оған тестілік бақылаудың қатысы жоқ. Керісінше, оқушылардың өздерінің таңдаған пәндерден терең, жүйелі білім алуына тестілік бақылау көмектесуші ғана фактор”.

Бірақ, аталмыш кемшіліктерге карамастан, автор тұжырымдайды: “… мемлекеттік Бірыңғай ұлттық тестілеу жүйесі он бір жыл ішінде жете меңгерілген әрбір бағдарламалық материалдың негізінде ғана, жоғары балл жинап, сапалы білім алуға болатындығын, оқушы санасына берік орната алатындай қоғамдық мәнді, тәрбиелік игілікті іс”.

ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН! “Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердің Раббысы Алла тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз”. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ ОРАЗА ҰСТАУ МЕН НАМАЗ ОҚУ УАҚЫТЫНЫҢ КЕСТЕСІ” жариялады.

KAZ.GAZETA.KZ. Республика үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВтың пікірінше, \»100 мектеп, 100 аурухана\» бағдарламасын жүзеге асыруда әлдекімдер қалтасын қалыңдатып алмақ\» ниетте. “Бұл туралы бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында ҚР үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бүгінгі жағдаймен 112 мектеп пайдалануға беріліп, табыс айқын болса да, бұл жобаны жүзеге асыруда үлкен кемшіліктер де байқалып отыр. Ал бұл тек экономикалық қана емес, саяси жоба да болып табылады\», — деді премьер-министр.

Кейбіреулер осы нысандардың көмегімен мемлекет қаржысының есебінен қалтасын қалыңдатып алмақ-ау деген сауал туындайды. Бірақ бұл құқық қорғау органдарының шаруасы, олар тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет\», — деді Кәрім Мәсімов.

Айлық есептік көрсеткіш өзгерген жағдайда жобалық-сметалық құжаттамаларды түзетуге мүмкіндік беретін норманы алып тастау қажет. Бұл туралы бүгін үкіметте облыс әкімдерімен өткен селекторлық жиында ҚР үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ мәлім етті”, -деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Біз үкіметтің 2002 жылғы қаулысына осы аптаның ішінде өзгегістер енгізуіміз қажет. Айлық есептік көрсеткіш өзгерген жағдайда жобалық-сметалық құжаттамаларды ұдайы түзетуге мүмкіндік беретін норманы алып тастаған жөн\», — деді Кәрім Мәсімов.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында ҚР үкімет басшысының орынбасары Ербол ОРЫНБАЕВтың мәлімдегеніндей, \»100 мектеп, 100 аурухана\» бағдарламасының қымбаттауына әсер еткен басты себептер — құрылыстық ұзаққа созылуы, нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаларының сәйкессіздігі мен уақытты кешеуілдету болмақ.

Қымбаттаудың басым бөлігі жобалық-сметалық құжаттамаларын сәйкестендіруге тиесілі. Бұл ақшаны бөлуге жоспар жасалған кезде тиісті құжаттардың толық көлемде жасалмағандығын және олардың құрылыс барысында сәйкестендірілгенін меңзейді\», — деді вице-премьер.

Екінші проблема, \»бастапқыда құрылысқа мардымсыз ақша жоспарланғанымен, барлық қажетті құжаттары бола тұра, құрылысты салу жұмыстарының бірнеше жылға созылуына байланысты бағаны түзетуге сәйкес қымбаттау болмақ\».

Үшінші себеп — құжаттары бола тұра, жобаларды жүзеге асыру мерзімінің кейінге шегерілуі. Яғни, жобалық-сметалық құжаттамалардың ескіруіне жол берілуде\», — деді Е. Орынбаев.

“Жол картасы” бойынша орташа жалақы 27,9 мың теңгені құрайды. Бұл туралы еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА бүгін үкіметте өткен селекторлық жиын барысында мәлім етті”,- деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Жалпы алғанда елімізде \»Жол картасы\» бойынша орташа жалақы 27,9 мың теңгені құрайды, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта — 28 мың теңге, жолдар бойынша — 31 мың теңге, мектептер мен ауруханаларды жылылау бойыша — 29,7 мың теңге және ауылдар мен кенттерде — 19,7 мың теңге\», — деді министр. Осы орайда оның айтуынша, \»өңірлер бойынша алғанда ең жоғары жалақы Алматыда — 45 мың теңге, және Астанада — 38,4 мың теңге\».

Министр бұған қоса мамандарды қайта дайындау бойынша қаржының игерілуі туралы хабарлады.

Жол картасы\» аясында мамандарды қайта дайындау бойынша, әкімдіктердің мәліметіне сәйкес, 14 тамыздағы жағдаймен оқуға 52 мың адам жіберілді, соның ішінде 10 мыңдай адам оқуын аяқтады, соның ішінде 7 мың адам, немесе 70% жуығы жұмысқа орналастырылды\», — деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Сондай-ақ, министрдің айтуынша, \»бұл бағытқа бөлінген 11,5 млрд теңге 105 мың адамды қайта дайындауға есептелген, яғни, бүгінгі жағдаймен оқуға жоспарланған көлемнің жартысы ғана жіберілді\».

Гүлшара Әбдіхалықова еске салып өткендей, бүгінгі жағдаймен \»Жол картасы\» аясына 5080 жоба қамтылған, соның ішінде 942 жоба, немесе 19% аяқталды\». Сондай-ақ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 14 тамыздағы жағдаймен жөндеу жұмыстарына деп жоспарланған 168,5 млрд теңгеден жергілікті атқарушы органдар 94,3 млрд теңгені, немесе жалпы көлемнің 60% жуығын игерді.

Жол картасы\» бойынша жоспарланған 256 мың жұмыс орнынан іс жүзінде 254 мыңы, немесе 99% құрылды. Құрылған жұмыс орындарына 224 мың адам, немесе жоспардың 88%-ы орналасты\», — деді министр.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...