«Банк секторының ауыл шаруашылығына көлемді несие бөлуі тиімді ме?». «Ипотекалық несиемен берілген үйлерді банктердің сатуға құқы бар ма, болса ол Конституцияға сәйкес келе ме?». «Атақ – кем адамның сүйеніп тұратын балдағы іспетті»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 19 тамыз 2009 ж.

ALASHAINASY.KZ. Банк секторының ауыл шаруашылығына көлемді несие бөлуі тиімді ме?. Business Resource сараптамалық қызметінің мәліметінше, бүгіндері қаладан әбден шығынға батқан банктер ауылға бет бұра бастаған екен. Ал осыған дейін ауыл шаруашылығына қаржы мардымсыз бөлінді. Мәселен, 2007 жылы арзан несиеге көбірек қол жеткізген елдердің өзі ауыл шаруашылығына үш пайыз ғана несие бөлген. Ал бүгіндері ауылға бөлінген несие легі баяу болғанымен, оның ақшалай көлемі күн өткен сайын артып келеді.. …Сол себепті осы ретте “Қазақстан банк секторының ауыл шаруашылығына көлемді несие бөлуі тиімді ме?” деген сауалды қоғамның ой талқысына салуды жөн көріп отырмыз.

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:

“- Иә. Негізі банктердің ауылға бет бұруына мынандай фундаментальды себептер бар:

1) Азық-түлік – фундаментальды стратегиялық сала. Сондықтан оған салынған қаржы қайтарымсыз болмайды, ол міндетті түрде қайтады. Бірақ оның құрылыс және басқа салалар сияқты қысқа мерзімде үлкен пайызбен табыс әкелуі екіталай. Алайда ол тәуекел деңгейі жағынан тиімді. Нақтырақ айтқанда, стратегиялық тауар ретінде. Яғни ол өндіріледі, әрі өтпей қоймайды.

2) Қазір әлемде шикізаттан басқа тауарлар, соның ішінде ауылшаруашылық өнімдеріне қатысты баға арта түсуде. Бұл – фундаментальды процесс. Өйткені әлемде жыл сайын адамдардың саны артып келеді. Экономика, қоғам дамыған сайын адамдардың әл-ауқаты артуда. Мәселен, араб елдері соңғы кездері мектеп оқушыларының тамақтануына міндетті түрде сүтті енгізіп отыр. Демек, әл-ауқаты арта түскен кез келген ел ең алдымен, салауатты өмір салтын құрып, тамақ сапасын арттыруға тырысады”.

Мағбат СПАНОВ, Қазақстанның Даму институтының президенті:

“- Жоқ. Қазір Қазақстанның банк секторы, соның ішінде екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығына қаржы, яғни несие бөлуге дайын емес. Өйткені біріншіден, ауылшаруашылығы – ұзақ мерзімге белгіленген қаржыны, жобаны күттіретін сала. Ал ондай жобаларға қаржы құю дағдарыстан титықтап тұрған біздің банк секторына дәл қазір тиімсіз деп ойлаймын. Екіншіден, бұл сала – тұрақсыз. Мәселен, ауа райы және басқа да табиғи факторларды санның өлшеміне сыйғыза алмаймыз ғой. Міне, осындай аяқасты жағдайдан ауыл шаруашылығы күттірген жоспарды орындай алмай қалуы ықтимал. Ал мұндай дүдамалдылық банк секторындағы тәуекел деңгейін қоюлата түседі.
Әрине, қазір әлемде азық-түлікке сұраныс күшейіп тұр. Сондықтан ол бұл саланы тартымды етіп көрсетуі мүмкін”
. Дайындаған Кәмшат САТИЕВА (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады)

EGEMEN.KZ.АШЫҚТЫҚ – АҚИҚАТ АЙНАСЫ”. “Еліміздің қазіргі сот жүйесі тақырдан пайда болған жоқ. Оның да өзіндік қалыптасу, іздену, өсу жолы бар. О баста адалдық пен туралықты ту етіп тіккен әділдіктің ақордасы бүгінде белгілі бір сара жолға түсіп, бет алысын айқындап, асқар таудай айшықталып қалды. Тіпті оның ТМД елдерімен салыстырғанда едәуір алға оза шауып, әлемдік сот жүйесімен иық түйістіріп қалғаны анық байқалады. Бұған нақты дәлелдер де баршылық. Оған Жоғарғы Соттың Төрағасы Мұсабек ӘЛІМБЕКОВпен сот саласының қазіргі жай-тынысы қандай және алда нендей міндеттер тұрғандығы туралы ашық әңгіме барысында көз жеткіздік”.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.

“– Мұсабек Тұрғынбекұлы, қоғам дамуының классикалық және қазіргі талаптарына, шетелдік және қазақстандық соттарды мамандандырудағы оның құрылымын өзгертуде жинақталған тәжірибеге орай еліміздің бүгінгі сот жүйесіне қандай анықтама бере аласыз?

-…Соттарды мамандандыру сот жүйесін реформалаудың ең дұрыс бағыты деп білемін. Өйткені, әр судья қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, еңбек, отбасы және т.б. салалар бойынша бөлек машықтанбаса, барлық іс дәрежесі бойынша білікті шешім шығару мүмкін емес. Сондықтан алғашқы инстанция бойынша судьяларды мамандандыру ісі жалғасын таба бермек. Болашақта салық соттары да қатарға қосылады.

– Дегенмен, сот істі дұрыс қарамады деген шағымдардың да аракідік бой көрсетіп қалатыны бар. Соған сәйкес түрлі орынға арызданатындар да табылады.

-…Соңғы статистикалық дерек көздеріне сүйенсек, республика бойынша қаралған соттың жүз шешімі бойынша 93-і әрі қарай шағымдалмайды. Бұл дауласушы тараптардың келіскенін көрсетеді. Ал сонда қалған жеті іс төңірегінде дау туындайтыны анық….

– Қазір тұрғын үйлерге байланысты дау көп. Ипотекалық несиемен берілген үйлерді банктердің сатуға құқы бар ма, болса ол Конституцияға сәйкес келе ме? Және осы жалған кәсіпкерлік деген қайдан шығады?

– Біздің ипотека туралы заңымызда ол қағида бар, демек сатуға болады. Ал енді оның Конституцияға сәйкес не сәйкес еместігін Конституциялық Кеңес қана шеше алады. Алайда, біздің осы Конституциямызда мынадай бап бар: соттың шешімінсіз ешкімнің мүлкін алуға болмайды. Бірақ, бұл қағидат алдын ала соттың шешімі керек деген түсінікті тудырмайды. Егер біреудің үйі тартып алынып, оның әрекетінің дұрыс еместігі сот тәртібімен шағымдалса, онда конституциялық заңдылық сақталған деген сөз. Бұл туралы Еуропалық Страсбург сотының шешімі бар….

– Судьяның тәуелсіздігі дегенді қалай түсінесіз? Жалпы жұрт судьяға неге пара ұсынады?

– Әрбір қазақстандық менің ісім дұрыс емес деп айыбын алдын ала мойындаса, не мен судьяға емес, сотқа барып шындықты өзім дәлелдеп берем дейтін болса, пара беру, алу секілді келеңсіз жәйттердің бәрі өздігінен тоқтар еді. Сондықтан судьяға барудың қажеті жоқ, сотқа бару керек…. Ал тәуелсіз судьяның шығарған шешіміне шағымданатындар аз болады. Мысалға, біз тексергенде азаматтық іс бойынша 7 пайыз, қылмыстық іс бойынша шағымданғандар саны 30 пайыз болды. Сонда қылмыстық істерге шағымның көптігі неден десек, оның себебі жаза тағайындауға байланысты келіспеушіліктен екен. Олар неге келіспейді? Демек, судьялардың артық, не кем түсіп жатқан тұстары болуы мүмкін. Ал азаматтық істер бойынша алсақ, бұл көрсеткіш сот жұмыстары сапасының артқаны”.

Алайда, жоғарыда айтқанымдай, заңдарымызда қайшылықты тұстар бар. Бұл сот практикасына тікелей әсер етеді. Ал Конституция талаптарына сүйене білсек, құқықтары мен бостандықтары бұзылған азаматтарға қатысты әділдікті қалпына келтіре аламыз….”, — деп тұжырымдайды М. Әлімбеков.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ “ТӨРАҒАЛЫҚ ЖАҢА МІНДЕТТЕР МЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ” деген мақаласында төмендегідей пікір білдіреді: “Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін жан-жақпен әр түрлі деңгейдегі байланыстарды орната бастады. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз осының жарқын дәлелі. …Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және екі жыл қатарынан “үштік” құрамында болуы халықаралық аренадағы беделді ұйымдардың арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты арттыра түсуі тиіс.

… Ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім ошағына айналып отырған Қазақстан Орталық Азиядағы және Еуразия құрлықтарындағы тыныштық пен бейбітшілікті сақтауда басты бітімгерлік миссияны атқаруда өзіндік тәжірибесі бар ел екені баршаға аян. Әсіресе, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға байланысты еліміз бірқатар ұсыныстар да жасап келеді. …“Еуропаға жол” бағдарламасы Қазақстанның алдына жаңа міндеттер мен мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігін қойып отыр.

Яғни, еліміз өркениетті елдермен экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, жаңа тиімді технологияларды тартуға және қазіргі заман талабына сай басқаруға қатысты өзара тиімді байланыстар орнататын болады. Өйткені, Батыс энергия үнемдеуші технологияларды қолданудың арқасында бес-алты есе энергияны аз жұмсап, көп өнім алуға қол жеткізді. Сондай-ақ балама энергия көздерін (күн, жел және су) тиімді пайдалана отырып, күн батареяларын, желдің қуатымен жұмыс істейтін және теңіздің ағысына құрылған электр стансаларын кеңінен пайдалана бастады. Осы ретте Қазақстан әлемдегі уран өндіруден екінші орын алатын ел ретінде экологиялық таза отынды Еуропа елдеріне көптеп жеткізге мүмкіндік алады. Көмірсутегі шикізаты мен өзге де жерасты байлықтарын қоспағанда, Батыс Қытай және Батыс Еуропа күре жолының салынуы көне Жібек жолын қайта жаңғыртады.

… ЕҚЫҰ 1975 жылы 1 тамызда Финляндияның Хельсинки қаласында өмірге келгені мәлім. Ал еліміздің 2010 жылғы Ұйымға төрағалық етуі Ұйымның 35 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келеді. Сондықтан төрағалық етуші ел ретінде Қазақстан Ұйым жұмысының өткеніне қорытынды жасап, оның жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне барын саларына сенім мол. Өйткені, төрағалық етуші ел ЕҚЫҰ жұмысын одан әрі жандандыру қажеттігі игі дәстүрге айналған үрдіс қалыптасқан”.

KAZ.GAZETA.KZ. “Үкімет 2010-2012 жылдарға арналған бюджет жобасын келесі аптада қабылдамақ ниетте. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында ҚР үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ мәлім етті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Біз 2010-2012 жылдарға арналған бюджет жобасын мемлекет басшысы берген тапсырмаларды ескере отырып, келесі аптада қабылдаймыз\», — деді Кәрім Мәсімов.

Оның айтуынша, \»мемлекет басшысы алдағы бюджеттің әлеуметтік көрсеткіштері бойынша барлық параметрлер орындалуға тіис деген міндет қойды\».

Мемлекет басшысы Ұлттық қордан бюджетке кепілдендірілген трансферттен жоғары көлемде қаржы алмау, Ұлттық қорды сақтау жөнінде де міндет қойды\», — деді үкімет басшысы.

Туындайтын тапшылықтарды әлденеден толтыру керек. 2010 жылы салықты көтеруге үлкен мүдде болғанымен, біз оған бармаймыз. Бірақ оны азайтпаймыз да, сол себепті 2010 жылғы салық деңгейі 2009 жылғы деңгейде қалатындай жағдайда бюджетті қарастыру қажет\»,- деді Кәрім Мәсімов.

Келесі аптада біз бюджет жобасын қабылдап, парламентке енгіземіз\», -деді үкімет басшысы.

Қазақстанда инновация саласы дамымай отыр. Бұл туралы еліміздің индустрия және сауда министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ өткен үкіметтің отырысында мәлімдеді”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бір өкініштісі, жылдың бірінші жартысында инновация саласындағы ахуал жақсарған жоқ, ол іс жүзінде бұрынғы деңгейде қалды\», — деді Ә. Исекешев.

Оның айтуынша, Қазақстандағы ғылым мен инновациялардың бір басты проблемасы \»ғылыми зертеулердің аяқталмағандығы және олардың өндірістен алшақтығы болмақ\». \»Яғни, ғылыми зерттеулердің басым бөлігі іргелілік сипатында, ал жасалып жатқан қолданбалы жобалар коммерциялық сипатқа көшпей, өндіріске енгізілмей отыр\», — деді Ә. Исекешев.

Министрдің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда Жалпы ішкі өнімнің құрамындағы ғылымға жұмсалған шығындар үлесі кейінгі жылдары 1,1%-дан аспайды, яғни, ғылыми-техникалық қызмет еліміздің экономикалық дамуының негізіне айналмай отыр.

2009 жылдың І жартысының қорытындысы бойынша ұлттық компаниялардың сатып алуларында Қазақстандық үлес 63% құрады. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында \»Самұрық-Қазына\» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ мәлім етті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

2009 жылдың І жартысының қорытындысы бойынша ұлттық компаниялардың сатып алуларында Қазақстандық үлес 63% құрады. Жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 70% дейін жеткізу жоспарлануда\», — деді Қ. Келімбетов.

Мемлекеттік қарыз көлемі 7 жылда 601,7 млрд теңгеден 1 трлн 346 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ мәлім етті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Мемлекеттік қарыз көлемі 2002 жылдың 1 қаңтарынан ағымдағы жылдың 1 шілдесі аралығында 601,7 млрд теңгеден 1 трлн 346 млрд теңгеге дейін өсті\», -деді Б. Жәмішев.

Оның айтуынша, мемлекеттік қарыз құрылымында үкіметтің қарызының үлес салмағы ең жоғары. \»Мемлекеттік қарыз құрылымында үкіметтің қарызының үлес салмағы ең жоғары. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы билік органдарының және Ұлттық банктің берешегі бар\», — деді министр.

Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы үкіметтен студенттерді жеңілдікпен несиелендіру шарттарын тіптен қол жетімді болдыра түсіруді сұрады. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында \»Самұрық-Қазына\» Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат КЕЛІМБЕТОВ мәлім етті”,- деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін біз \»Альянс Банк\» арқылы студенттерді жеңілдікпен несиелендіру жөнінде жалпы көлемі 15 млрд теңгені құрайтын бағдарлама жасадық. Бүгінгі жағдаймен оның небәрі 0,3% игерілді. Бұл несиені бар-жоғы 486 студент алды\», — деді Қ. Келімбетов.

Оның пікірінше, жеңілдетілген несиен алудағы шектеулер одан үміткерлер санын арттыруға мүмкіндік бермейді. \»Біз үкіметтен осы бағдарламаның шарттарын өзгертуді сұраймыз. Таңдап алған мамандығына қарамастан, барлық қалаған студенттер білім үшін несие алуға қол жеткізе алуы қажет\», — деді қор басшысы.

USHKIYAN.KZ. “Атақ – кем адамның сүйеніп тұратын балдағы іспетті”. “Зиялы қауым “сананы тұрмыс билеп, халық рухани азықтан гөрі, материалдық игілікке көбірек көңіл бөлетін болды” деп елге өкпе артса, халық баспасөзге бес өлеңі жарияланса болды, өзін “ақынмын” деп таныстыратындардан мезі болған. Оқырман кейде мұндай “ақындардың” қандай кітабы, шығармасы бар екенін де білмей жатады.

Бізден бір сауал:

1. Қазір қазақтың қарны тоқ дейміз, ал, рухани жанымыз қаншалықты тоқ?

2. Өзін “мен – ақынмын” (жазушы) деп таныстыру қайдан шыққан тенденция? Жалпы, сіз өзіңізді кім деп таныстырасыз?”. Дайындаған: Камшат ӘБДІРАЙЫМ.

Роза МҰҚАНОВА, жазушы-драматург, Қазақстан жастар Одағы сыйлығының, Республикалық драматургтер және “Дегдар” қоры конкурсының лауреаты, ҚР Сенат төрағасы хатшылығының бас сарапшысы:

“1. Иә, қарынымыз тоқ бола түсуі бек мүмкін. Жанымыз тозса, дертіміз күшейеді. Рухани дертті айтып отырмын. Рух дертке ұшыраған кезде қоғам күйрейді. Олай болса, болашақтың мәні бола ма?…. Жазушы болмай да қоғамда өмір сүре беруге болады. Айтудың да қажеті жоқ. Бірақ белгілі бір мөлшерде адамдар соны өзіне бедел санауы мүмкін. Ақсақтың балдақсыз тұра алмайтыны сияқты осылай айтсам, мен беделді боламын деуі мүмкін. Ал, өзіңізді кім деп таныстырасыз деген екенсің. Қазақ мемлекетінің азаматымын. Отбасының анасымын. Егер ел-жұрт, оқырман қауым жазушы-драматург деп таныса, қарсылығым жоқ.”.

Оңайгүл ТҰРЖАН, ақын, “Тұмар” журналы бас редакторының бірінші орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика кафедрасының оқытушысы:

1. Қарынның тоқ болу, болмауы көп жағдайда адамның өз жеке басына байланысты емес, ол қоғамдағы әлеуметтік жағдайға тәуелді ғой. Ал, адамның жанының тоқ болу, болмауы ол әркімнің өзінің түсінік деңгейіне байланысты. Оның үстіне жанның тоқтығы деген – шексіз ұғым. Жан дүниесі терең адам ешқашан жаным тоқ, рухани азыққа тойдым деп айта алмайды. Ал, адамның өз жанының тоқтығын сезініп отыруы – бұл жақсылыққа апара қоятындай жағдай емес. Жаным тоқ дедік пе, біттік дей бер…. Өзін ақынмын немесе жазушымын деп таныстырса, онда тұрған соншалық бір сорақылық жоқ шығар. Бірақ кейде “осы сіз ақынсыз ғой, ә?” деп сұрақ қоятындар болады. …Адам өзіне-өзі “ақымақпын” деп айта алады, ал “ақылдымын” деуі, әй, қайдам… Ал енді бұл қайдан шыққан тенденция десеңіз, қазір “пиар” деген бар, журналистикада “қара пиар” деген де термин қалыптасты, яғни, бәсекелесіңнің мысын басу тәсілі. Сол пиардың бір түрі болар, бәлкім? Ал, шындығына келгенде, қазір ақындық та, жазушылық та тап бір адам қызығарлықтай қасиет емес-ау деймін. Бейнеті көп, табысы жоқ, Құдай басқа салған соң, көнеді де”.

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, “Алтын тамыр” журналының бас редакторы:

“1. Қоғамда бай, кедей деген ұғым қалыптасқан. Қазір қарны тоқтар бар, бірақ ауылдағы қолында билігі жоқтар сол күйінде қалып қойды. Сондықтан халықтың қарыны тоқ дей алмаймын. Өйткені байлық орынымен жұмсалып жатқан жоқ. Ауру-сырқаулар, полигоннан зардап шеккендердің барын, халықтың өсімі төмендеп, әйелдердің барлығы ала дорба арқалап, қаңғып кеткенін өзің білесің. Осының бәрі өткен кезең десек те, халықтың есесі кетіп жатыр.

Газеттердің барлығы “анау ананы алып кетті, мынаны алып кетті”, – деп шулап жатыр. Кімнің нені алып жатқанын білмеймін. Қалай болғанда да, байлық толығымен халықтың игілігіне пайдаланылып жатқан жоқ деп ұйғаруға болады. Мұндай жағдайда рухани жанымыз қалайша тоқ болады?! Орыс емес, басқа ұлт емес, қазағымның өзі қазақ тілінде сөйлемейді. Мемлекеттік мекемелерде сіресіп-сіресіп мемлекеттік тілді білмейтіндер отыр. Оларға әлдеқашан талап қою керек еді. Осы жағынан әлі босаң саясат жүргізіп отырмыз. Мұндайда біздің тоқмейілсіп, жанымыз тоқ деуге болмайды. Аштықтың көкесі – әлі алда.

2. Өзін ақынмын демейтін бұл қандай ақын? Бұлайша таныстыру бұрыннан бар. Әсет “Ақынмын, Әсет атым арындаған” (дұрысы, “Арғынмын, атым Әсет арындаған”, – Редакция) – десе, Жамбыл өзін “Ақ басты Алатаудың Жамбылымын, өлең-сөздің даңғылымын”, – деп таныстырған. Алайда ақын-жазушы болмаса да, өзін ақынмын деп таныстырып жүрген жолбикелер көп. Ауыл-ауылда әдебиетшілер білмейтін, Жазушылар одағына кірмеген сондай жолбикелер көбейіп кетті. Олар нағыз ақын-жазушылардың атына кір келтіріп жүр. Мен, әрине, өзімді ақынмын деп таныстырамын. Қолымда Жазушылар Одағының билеті бар. Жазушылар одағы ақынсың деп билет берген соң, бәленбай кітап шығарып, халқым ақынсың деп танығаннан кейін неге “мен – ақынмын” деп айта алмаймын?!

Әлібек АСҚАРОВ, жазушы, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бөлім меңгерушісінің орынбасары:

“1. Әлбетте, етек-жеңіңді жинап, рухани діңгегіңді нықтап отыру үшін де белгілі бір деңгейде әлеуметтік-экономикалық әлеует қажет. Бұл ретте Құдайға шүкір, еліміз тәуелсіздік алып, экономикамыздың өрлеп-өркендеуінің арқасында тарихи мұраларымыз бен рухани қазыналарымызды қайта жинастырып, өскелең ұрпаққа ұсына бастадық. Солардың көпшілігіне соңғы бес жыл бойы “Мәдени мұра” бағдарламасы ұйытқы болуда….

…. Баяғыда 30 мыңнан 100 мыңға дейін таралыммен басылып шыққан кітаптарымызға шетелдік әріптестеріміз таң қалатын. Оларда 2-3 мың дана дегенге біз аң-таң болатынбыз. Қазір біз де соған жеттік, жазушылардың кітабының таралымы 2 мыңнан аспай қалды.Бір қызығы, әлемдегі әдебиет дамуына зер салсаңыз – көп елде тоқырау барын байқар едіңіз. Шүкіршілік, біз ондайдан аманбыз. Ел іргесі тыныш болып, тәуелсіздігімізді баянды етсек – түбінде мәдениетіміз сыртқа танылып, әдебиетіміздің де жапырақ жаятынына сенемін.

… Психология ғылымында “комплекс неполноценности” деген ұғым бар. …Өз басым біреумен “жазушымын” деп танысқаным есімде жоқ. Жастау кезімізде қыз-қырқынмен “суретшімін” деп танысатынбыз. Ондайда “сақалыңыз неге жоқ, шашыңыз неге қысқа” деп бикештер күдік келтірісетін. Сосын бәрін қойдық. Қазір жасымызға байланысты біз таныспаймыз, жұрт келіп бізбен танысатын болды”.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...