«Аграрлық кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу біздің дамуымыздың қазіргі кезеңіндегі мемлекеттің ең басты мақсаты болып табылады». «Мен кездескен адамдардың барлығының бір не екі баласы Батыс Еуропаның ірі бір оқу орнында оқиды екен»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 20 тамыз 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. “Дос Көшім: Қазақстан шеттегі диаспорасының рухани және басқа да сұраныстарын өтеуге көңіл бөлмейді”. Жақында “Ұлт тағдыры” қоғамдың ұйымының жетекшісі Дос КӨШІМ арнайы сапармен Моңғолияда болып, ондағы қазақ диаспорасының тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтыпты. Осы сапарында көрген-білгенін Азаттық радиосымен бөліскенді жөн көрген ол Есенгүл КӘПҚЫЗЫна арнайы сұхбат берген еді.

“ — Дос мырза, сіздер жақында Моңғолияны аралап, ондағы қазақ диаспорасының тірлігімен таныс болып қайтқан екенсіздер. Сапардың мақсаты не болып еді?

— Бұл сапарымыздың негізгі мақсаты – ондағы қазақтармен етене танысу, тұрмыс-тіршілігін көру және Қазақстанға көшіп келу мәселесіне баса маңыз бердік. Әрі жүрген жерімізде оларды көшіп келуге үгіттей жүрдік. Себебі, Қазақстандағы қазақ мәселесінің шешілуі – елдегі байырғы ұлт– қазақтардың көбеюімен тікелей байланысты. Жүрген жерімізде осы мәселені ашық айтып жүрдік….

— Моңғолиядағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы қалай екен?

— Ондағы қазақтардың тірлігі біздегі 80-ші жылдарды елестетті маған. Баян-Өлгий біздегі үлкен аудан секілді екен. Дегенмен, халықтың тұтынатын азық-түлігі ешкімнен кем емес секілді. Алайда, бізбен салыстырғанда бәрібір төмен. Моңғолиядағы барлық тұрғынның жағдайы солай. Әрбір елдің өзіндік даму деңгейі, даму процесі бар. Соған орай, халықтың тұрмыс-тіршілігі де әрқалай ғой. Бір қуанарлығы, ондағы қазақтардың тірлігі моңғолдардан артық екен. Әрі, халықтың тұрмыс-күйінің де әрқалай екендігін ұмытпауымыз керек.

— Ал, Қазақстанға көшу жағы ше?

— Тұрмыстық жағдайдың әр түрлілігі де көші-қонға әсер етіп отыр екен. Біріншіден, ол жақтағы негізгі күнкөріс көзі – мал. Сондықтан, соңғы үш жыл қатарынан келген қуаңшылықтың соңы жұтқа апарып, малға иек артқан ағайындардың көңілі ала-құла бола бастапты. Яғни, көшкісі келетін сыңайлы. Өзім солай ой түйдім. Баян-Өлгийден гөрі Қобдада жүргенімде, көшуге қамданып жүрген бірнеше адамға кездестім. Соған қарағанда, көш әлі толастаған жоқ.

— Балаларын қайда оқытқанды жөн санайды екен?

— Балаларын Қазақстанда немесе Ресейде оқытқаннан гөрі Батыс Еуропада білім алуына көбірек маңыз береді екен. Мені таңқалдырғаны да осы. Мен кездескен адамдардың барлығының бір не екі баласы Батыс Еуропаның ірі бір оқу орнында оқиды екен. Меніңше, бұл сондағы қазақтарға салт болып кеткен сынды…

— Ондағы қазақтардың қандай проблемасы бар екен? Сіздерге қандай өтініш айтты?

— Баян-Өлгий аймағында қазақ тілінде білім беретін 41 мектеп бар екен. Аймақтық әкімшіліктің басшысы Зарқұм деген кісі Қазақстаннан жіберілетін оқулықтардың қажетсіз және жарамсыз екендігін айтты. Сондай-ақ, Қазақстанға көшіп келгісі келетін адамдар 1991-1997 жылдардағыдай арнайы көлік жіберіп көшіріп алса деген тілек айтты. Моңғолиядан алғаш көш басталғанда, арнайы Камаздар жіберіліп, ұшақтармен көшіріп алған болатын. Бүгін ол тоқтап қалған. Тағы бір мәселе – Қазақстан мен Ресей арасында кезінде Моңғолиядан мал айдап өткен 50-60 шақырым жол бар. Қазір Баян-Өлгий аймағына бару үшін Ресейдің Алтай өлкесін басып, Барнауыл, Таулы Алтай өлкелерін аралап 2000-дай шақырым жол жүреді екен.

— Мәдени-рухани мәселе туралы не айтасыз?

— Олар бұл тұрғыдан бізге екі мәселені ашық айтты. Оның бірі – Қазақстанда шығатын мерзімді басылымдардың ешқайсысын оқи алмайды екен. Екіншіден, Ұланбатырдағы 20-30 мыңдай қазақтың өз назы болды. Олар қазақ телеарнасын мүлдем көре алмайды екен. Бұл жағынан Баян-Өлгий қазақтары көш ілгері. Тіпті, көшеде жүрген мені танып қойғандары да болды. Олар Қазақстанға тарайтын бүкіл телеарналарды көреді екен. Сол жағдайды Ұланбатырдың айналасына топтасқан 30 мың қазаққа жасаудың да ешқандай қиындығы жоқ. Бұл жалпы бүкіл елдің тәжірибесінде бар. Мәселен, орыстар шеттегі диаспорасын қолдау мақсатында осындай қадамдарға барып жатады.

Демек, Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз…”.

ALASHAINASY.KZ. Құлдыраудан өрлеуге бет бұрдық. “АҚШ (–0,3 пайыз), Еуропалық одақ елдері (–0,3 пайыз) секілді әлемнің жетекші державаларының өзі әлі күнге рессециядан шыға алмай отыр. Тек көрсеткіштердің құлдырау қарқынын айтарлықтай бәсеңдетуге ғана шамасы жеткен. Мұндай жағдайдың дамушы елдерге де кері ықпал ететіні даусыз. Соған қарамастан, Қазақстан 2009 жылдың алғашқы жартысында жалпы экономиканы тұрақтандыруға қол жеткізіп отыр. Жекеленген салалар бойынша тіпті ілгерілеушіліктер де бар.

Кеше Үкімет 2009 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша қорытындыларды жария етті. Жылдың басында кейбір саяси сәуегейлер ел экономикасының одан әрі құлдырай түсетінін, зор шығынға бататынын айтып еді. Ол кезде жаһандық қаржы дағдарысының да беталысы жаман болатын. Солай айтқызса айтқызғандай-тын. Десе де, Қазақстан Үкіметі тар жол, тайғақ кешуден арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей аман өте алды. Әлгі сарапшылар айтқан үрейлі болжамдардың бірі де болған жоқ. “Жылдың басында көптеген сарапшылар бізге қарата айтқан негативті сценарийлер орындалған жоқ. Біз керісінше екінші тоқсанда алғашқы тоқсандағыға қарағанда экономикалық өсімдердің бой көрсете бастағанын аңғардық”, – деді Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ Үкіметтің кешегі отырысында. Бірақ министрлерге солай екен деп бір сәтке де босаңсуға болмайтынын, барлық күш-жігерді әрі қарай ілгерілей түсуге жұмсау керектігін ескертті”, — деп жоғарыдағыдай пікірлерін білдіреді Бүркіт НҰРАСЫЛ, Бесбоғда АЛТАЙ. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

KAZ.GAZETA.KZ. “Аграрлық кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу біздің дамуымыздың қазіргі кезеңіндегі мемлекеттің ең басты мақсаты болып табылады. Бұл туралы бүгін Ақмола облысының орталығы Көкшетауда Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мәлімдеді”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Елбасы тәуелсіздік жылдары ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін мемлекет көптеген жұмыстар жасағанын атап өтті. “Кеңес одағы ыдырағаннан кейін ауыл толықтай құлдырап кетті. Қалай мүмкіндік туды біз ауыл шаруашлығына көмектесе бастадық. Бүгінде ауыл шаруашлығына берілген дотация ауқымды мөлшерге жетіп отыр”, — деді Н. Назарбаев.

Елбасының айтуынша, ауыл жылы деп жарияланған үш жылдың ішінде мемлекет тарапынан ауыл шаруашлығы саласына 1,5 млрд доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Тек 2009 жылы да агроөнеркәсіп саласына осыншама мөлшерде қаржылай қолдау көрсетіліп отыр. “Біз қазіргі таңда алдымызға ауыл шаруашылығы өнімдерін қалай сапалы өңдеу қажет, біздің еліміздің экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесін қалай ұлғайтуымыз қажет деген міндетті қоюымыз керек. Сондықтан бұл саланы өркендетуде әлі де ауқымды жұмыстар жасау қажет”, — деді мемлекет басшысы.

Қазақстан биыл өткен жылға қарағанда астықты 1-2 млн тоннаға артық экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Ақмола облысының орталығы Көкшетауда Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мәлім етті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде де астық бітік шықты. Бұл өңірде шамамен 4 млн. тонна астық жиналуы тиіс, бұл аталмыш облыстар үшін жаман көрсеткіш емес. Біздің астықты үш өңіріміз 13-14 млн. тонна астық береді деп күтіп отырмыз. Бұлардан бөлек Қарағанды, Павлодар және басқа да облыстар бар. Сондықтан да Қазақстанның астықты алқабының экспорттық әлеуеті былтырғы жылдағыдан кем емес, 1-2 млн. тоннаға артық болады”, — деді Н. Назарбаев кеңесте.

Елбасы биыл Қазақстанның ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 21 миллион 600 мың гектарды құрағанын, бұл өткен жылдағыдан 1,6 млн гектарға көп екенін атап өтті. “Біз үш жылда егіс алқабын 1,5 миллион гектарға ұлғайтсақ, соңғы бір жылда 1 миллион 600 мың гектарға арттырып отырмыз. Бұл мемлекет бөлген қаржының арқасынды мүмкін болды”, — деді президент. Елбасы биыл астықтың бағасы бойынша шаруалар табысқа кенелетініне үміт білдірді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...