«Шетелдiктерге — отандық мамандар». «Ұлттық мектептердің түлектерін ҰБТ-ға бөле-жара қатыстыру дұрыс па?». «Қазақстан биыл өткен жылға қарағанда астықты 1-2 млн тоннаға артық экспорттауды жоспарлап отыр»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 21 тамыз 2009 ж.

TURKYSTAN.KZ. ШЕТЕЛДIКТЕРГЕ — ОТАНДЫҚ МАМАНДАР. “Үкiмет аспазы мен күзетшiсiне дейiн шекара сыртынан “таситын” шетелдiк инвесторларға отандық мамандарды көптеп жұмысқа тарту туралы талапты тағы қойғалы отыр. Бiр емес, бiрнеше рет көтерiлген бұл мәселеге онша бас ауыртпайтын жатжұрттықтар қойылған талапты қалай орындары белгiсiз.

Апта басындағы үкiметтiк отырыста Премьер МӘСIМОВ “Жол картасы” бағдарламасының 2010 жылы да жалғасын табатынын мәлiмдедi: “Мемлекет басшысы қазiргi экономикалық қиындықтарға қарамастан, “Жол картасын” 2010 жылы да iске асыру үшiн бюджет шеңберiнде қажеттi қаражатты табуға Үкiметке тапсырма бердi. 2009 жылғы жағымды және жағымсыз сәттердi ескере отырып, бағдарламаны жалғастырумыз керек”. Сонымен қатар Мәсiмов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара ӘБДIХАЛЫҚОВАның Ақтау, Атырау және Алматыда шетелдiк қымбат жұмыс күшiн отандық мамандармен ауыстыру мақсатында бiлiм беру орталықтарын ашуға қатысты ұсынысын қолдады. Қазақстандағы шетелдiк iрi компаниялардың арнайы мамандарымен бiрге аспаз, күзетшiлерiне дейiн шекара сыртынан таситынын Елбасы бiр емес, бiрнеше рет сынға алып, жатжұрттық инвесторларды отандық мамандарды да жұмысқа тартуда белсендiлiк танытуға шақырғаны белгiлi. Өкiнiшке қарай, қазақстандық мамандардың бiлiмi мен бiлiктiлiгiн халықаралық деңгейге сай бағалауға құлықсыз шетелдiк компания басшылары әлi күнге өз отандастарына иек артуға мүдделi”.

“…ҚР Статистикалық Агенттiктiң хабарлауынша, ел экономикасын дамытуға тер төккендер саны 8,1 млн. адам болған. Бұл көрсеткiш былтырғы дәл осы аралықтағы санмен салыстырғанда, 219,2 мың адамға (2,8%) көп. Айтылған аралықта жалдамалы жұмысшылар саны 5,4 млн. яғни жұмысы барлардың 66,2 пайызына тең. Ал жұмыссыздарға қатысты көрсеткiш – 565,4 мың адам, пайызға шаққанда, – 6,5%. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне үстiмiздегi жылдың шiлдесiнде ресми түрде тiркелген жұмыссыздар саны 98,9 мың адам. Бұл еңбекке жарамды әрi қабiлеттi, экономикалық тұрғыда белсендi отандастарымыздың 1,2 пайызына тең. 2008 жылмен салыстырғанда, 0,4 пайызға артық. Жасырын жұмыссыздық деңгейi жыл басынан бергi 7 айда 0,9 пайызға жеткен. Жасырын жұмыссыздық (мәжбүрлi түрде толық емес жұмыспен қамтылғандар) дегенiмiз – жұмыс аптасы немесе жұмыс күнi қысқарғандар, жалақысыз әкiмшiлiк демалыстағылар немесе жартылай жалақы алатындар”, — деп тұжырымдайды Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Гүлбиғаш ОМАРОВА “АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА ӘЛI ЕРТЕ” ДЕЙДI МӘСIМОВ” деген мақаласында 2009 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық даму барысына назар аударады: “…Премьер-министрдiң айтуынша, көптеген сарапшылар болжаған құлдыраудан аманбыз, керiсiнше, Қазақтан экономикасы бiртiндеп сауығып келедi. Үкiмет отырысында баяндама жасаған экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Бақыт СҰЛТАНОВ мәлiмдегендей, өнеркәсiптiк өндiрiстегi құлдырау саябырсып, ауыл шарушылығында алға жылжу байқалған, негiзгi капиталға құйылған инвестициялар көлемi артып келедi.

Екi жылға созылған дағдарысты кезеңдi бастан өткергеннен кейiн, экономистердiң айтуынша, ең қиын-қыстау шақ 2009 жылға дөп келген екен. Биылғы жылдың алғашқы үш айында экономиканың барлық салаларында күрт құлдырау байқалған едi, тiптi жеке сауда көлемi азайған болатын. Дегенмен, экономикадағы жағымды жаңалықтар әлемдiк экономикадағы мұнайдың бағасының қайта өсуiне де байланысты. Министр бұл жөнiнде үндемей қала алмады. “Екiншi тоқсанның соңында қолға алынған дағдарысқа қарсы шаралармен бiр мезгiлде әлемдiк нарықтағы бағалардың бiршама жақсаруы мен сұраныстың өсуi өндiрiстегi құлдырауды саябырсытты, сонымен, шiлдеде экономикада 1,4 пайыздық өсiм байқалды”,- дедi Бақыт Сұлтанов. “Өнеркәсiптегi жағдай сәуiр айында аздап тәуiрлене бастады. Осы өзгерiстердi пайдаланып, Үкiмет дер кезiнде индустриалды-инновациялық дамуға бағыт алды. Тiптi, ақпан айында жасалған “бiр күндiк” девальвацияның өзi осы жағымды жаңалықтардың алғышарты едi, – дейдi Григорий МАРЧЕНКО. – Ресей мен Украина секiлдi мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан бiртiндеп жасалған девальвациядан бiрден жасалған девальвацияның артықшылығын көрсетiп отыр. Қазақстанда инфляцияның деңгейi анағұрлым төмен, бұл елдермен салыстырғанда қор көлемi көбiрек және жалпылама алғанда банктердегi депозиттер өсiп жатыр, ал Ресей мен Украинада ақшаның сыртқа ағылуы байқалады” дедi Ұлттық банк төрағасы.

Қазiр Ұлттық қор көлемi 3 998,2 млрд. теңгенi құрайды. Алты айдағы инфляцияның ресми көрсеткiшi – 8,7 пайыз. “Жол картасы” арқылы 180 мың қазақстандық жұмыспен қамтылған. Дегенмен, Кәрiм МӘСIМОВ өз командасын алдағы қиындықтарға тас-түйiн дайын болуға шақырды. Экономикалық саясат жөнiндегi кеңестiң Мәсiмов командасымен бiрге қоян-қолтық жұмыс iстеп жатқаны мәлiм. Бұл кеңес те осы аптада 2010-2012 жылдарға арналған әлеуметтiк-экономикалық даму мүмкiндiктерiн талқылады. “… Арқаны кеңге салуға әлi ерте, әлi де алға жылжу үшiн бар күштi сарқып қимылдау керек”, -дедi премьер”.

ALASHAINASY.KZ. Ұлттық мектептердің түлектерін ҰБТ-ға бөле-жара қатыстыру дұрыс па?. “Мемлекетіміз – көпұлтты болғандықтан, соған сай елімізде түрлі ұлттардың ұлттық мектептері де ашылған. Айта кетер жайт, ұлттық мектептердің түлектеріне мектеп бітірер алдында өзгеше жеңілдіктер қарастырылған. Олар қатысқысы келсе, ҰБТ-ға қатысып, ал егер қатысқысы келмесе, мектепішілік емтихандар тапсырып, осы арқылы тіпті “Алтын белгі” иегері де атануына болады. Ал қазақ мектептерінде ҰБТ-ға қатыспаған бала сол жылы ЖОО құжат тапсыру мүмкіншілігінен айырылады. Нақты мысалдар келтірер болсақ, 2009 жылдың ҰБТ кезінде ұлттық мектептің түлегі Хилола Негматжанқызы – 53 балл, Мунира Пархатқызы 56 балмен “Алтын белгіге” ие болып қана қоймай, мемлекеттік грантты да жеңіп алған. Себебі оларға арнайы жеңілдіктер қарастырылған. …Осылайша, “ала қойды бөле қырқу” адам сенгісіз “парадокстерге” жол беріп отыр. Олай болса, ұлттық мектептердің түлектерін ҰБТ кезінде бөле-жару дұрыс па?”

Алимжан ТІЛЕБАЛДЫ,Республикалық ұйғыр мәдени орталығы төрағасының орынбасары, білім саласы бойынша бас маманы, филология ғылымының докторы:

“- Иә, қазіргі таңда ҰБТ-ның арнайы бағдарламасы болмағандықтан, бәріміз бірдей қатыса алмай отырмыз. Қазақстанда қазақ, орыс мектептерінен бөлек ұйғыр, тәжік, өзбек мектептері жұмыс істейді. Бұлардың барлығының дерлік 70-80 жылдық тарихы бар. Басты ерекшелік пен артықшылықтары да – осында. Олар ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқандықтан, білім беру жүйесі де қалыптасқан. Олар ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуы үшін қызмет етеді. Сондықтан оларда бұл салалар кеңінен оқытылады. Ұлттық мектептер ұлттың мәдениеті, әдебиеті жойылып кетпес үшін сапалы жұмыс істейді. Мемлекеттік бекітілген мектеп бағдарламасы бойынша оқытылады. Сондай-ақ тілімен қатар, қазақ, орыс, ұйғыр, ағылшын тілдері меңгеріледі. Кейбір пәндер 50 де 50 дәрежеде жүргізілед”і.

Дос КӨШІМ, “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы:

“- Жоқ, бұл мүлдем дұрыс емес. Бұл – нағыз адам құқын аяққа таптаушылық. Әлеуметтік әділетсіздік пен ұлтаралық теңсіздікке шектеу қояр кез жетті. Унитарлы мемлекетте мектепте білім беру бағдарламасы тең қарастырылуы керек. Ұлттық мектептердің түлектеріне ұлттық белгісіне қарап ерекшеліктер немесе артықшылықтар берілуге болмайды. Дүниежүзілік заң бойынша дискриминацияның нақты дәлелі болып табылады. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта әділеттілікпен шешілуі керек. Ел ішінде түсініспестік тудырмау үшін де барлық мектептерді таза қазақ тіліндегі бағдарламамен оқытатын кез жетті. Бұл тәжірибе – Өзбекстанда да, Қытайда да жасалып жатқан тәжірибе. Барлық мектептерді мемлекеттік тілде оқытып, мектепте оқытылатын пәндер де мемлекеттік тілде жасалған”. Дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

Н.Назарбаев: Қазақстанның астықты алқабының экспорттық әлеуеті былтырғы жылдағыдан кем емес. “Биылғы жылы еліміз үшін толағай табыс жылы болатын түрі бар. Еліміздің астықты үш өңірі биыл 13-14 млн тонна астық береді деп күтіліп отыр. Бұған кеше Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ астығы жайқалған өлке – Ақмола облысына барған жұмыс сапарында көз жеткізіп қайтты. “Қазақстан биыл өткен жылға қарағанда астықты 1-2 млн тоннаға артық экспорттауды жоспарлап отыр. “Биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде де астық бітік шықты. Сондықтан да Қазақстанның астықты алқабының экспорттық әлеуеті былтырғы жылдағыдан кем емес, 1-2 млн тоннаға артық болады”, –деп атап өтті Ақмола өлкесіне табан тіреп тұрып.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бидайлы өлке – Ақмола облысына жұмыс сапары осы өлкедегі “Есіл-Агро” ЖШС-нің егістік алқаптарын аралаудан басталды. “Есіл-Агро” кәсіпорыны – Ақмолада 2005 жылдан бері дәнді дақылдар мен майлы дақылдарды өндірумен және өңдеумен айналысып келе жатқан бірден-бір ірі кәсіпорын. Мемлекет басшысы бұл жерде бидай, күнбағыс және жемшөптік дақылдар егілген алқаптарды аралады”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

EGEMEN.KZ.СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСКЕН ЖОҚ”. “Еліміз 2009 жылдың бірінші жартыжылдығын сәтті қорытындылады. Әлемдік экономикалық дағдарыстың басталғанына да 2 жыл уақыт болды. Содан бері жер шарының қай түкпірінде болмасын әбігерлік әрекеттер белең алып, халықтар мен мемлекеттер әрі-сәрі күй кешуде. Яғни дағдарыс адамзат қауымының ортақ проблемасына айналып, осы тығырықтан шығудың жаңа идеялары бой көтеруде…

…Экономикадағы жүзеге асқан жоғарыдағыдай жұмыстардың нәтижесінде үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында алға басу одан әрі жалғасады, бұл кезеңнің ішінде ішкі жалпы өнімнің өсімі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанында 1,8-2 пайыз арта түседі деп күтілуде…

Сонымен дағдарыспен күрес одан әрі жалғасуда. Біздің Қазақстан елі мен оның жас Үкіметі жағдайында бұл күрес барынша сәтті жалғасып, халқымыздың мемлекетке деген сеніміне селкеу түскен жоқ, қайта алдағы күндері үшін оны бекіте түсті деп айта аламыз”, — деп өз пікірін білдіреді Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

ABAI.KZ. “Көлденең автотұрақтар кімдерге табыс әкеледі?”. Бүгінде кез келген жолмен нәпақа табуды пысықай ағайындар жап-жақсы меңгерген деуге болады. Мәселен, Алматы сияқты мегаполис қаладағы халық көп жиналатын дүкендер мен базарларға көлігіңізбен тұмсық тірей қалсаңыз, таяғын шошаңдатып шыға келетін көлік қоюшыға (парковщик) кездесесіз. Олар мәшинеңізді жол шетіндегі бір қуысқа кіргізіп, 50-100 теңгеңізді қағып алады. ….

… Ал, 100 теңгелік тілдей талоныңызда \»Бір жолғы талон ақылы сервистік қызметтер көрсету мақсатында автокөліктің уақытша тұрақтарында тиісті тәртіптің болуын қамтамасыз ету үшін таратылады\» дейтін, ешнәрсеге кепілдік бермейтін жолдар ғана жазылған. Әрине, арнайы көлік қоюға арналмаған жол жиектерінде жұмыс істетіп тұрған жандардан басқа ешнәрсе талап ете алмайсыз. Жоғарыда айтып өткендей, көлік қойдырушы сіздің мәшинеңізді қарауылдауға міндетті емес. Көлігіңізді көлденең тұраққа кіргізіп-шығаруға ғана көмектесетін олар автокөлік кептелектерінің азаюына ғана септескен болады. Сондықтан да көлік қожайындары жол жиектерінде тұрған пысықай кәсіп иелеріне ақы төлеуге міндетті емес. Бірақ, мұны жүргізушілер білмегендіктен, көлігімізді қарауылдауға қалдырдық деген оймен, ақы төлеуін жалғастырып келе жатыр.

Сол сияқты, түнгі автотұрақтар проблемасы да жетерлік. Соңғы жылдары қаладағы құрылыс қарқын алғанда — талай автотұрақтардың орнында қабат-қабат құрылыс нысандары бой көтерді. Тұрғын үйлердің аулаларының шетіне дүңгіршек қойып, сырты да қоршалмаған \»автотұрақтарда\» жұрттың көлігін қарауылдауды бастап кеткен \»іскерлер\» бір түн үшін әр көліктен орта есеппен 150-200 теңгеден жиып алып отырғанымен, олардың да тірлігі реттелмеген. Мұндай тұрақтарда тіпті талон берілмейді …

Егер төлеп жатқан қаржымыз мемлекет қоржынына түсіп, елдің кем-кетігіне жаратылса, \»жарайды\» дер едік. Уақытша тұрақтарға күн сайын сансыз көлік келіп-кетіп жатыр. Көлденең тұрақтардың қызығын санаулы адамдар көріп отырған болар? Ондай тұрақтарда тәртіп те, кепілдік те жоқ”. (Айнаш ЕСАЛИның мақаласы “Егемен Қазақстан” газетінде, 19.08.2009 жарық көрді).

KAZ.GAZETA.KZ. “Қазақстан Республикасы үкіметінің 2009 жылғы 6-тамыздағы №1202 қаулысымен инновациялық гранттарды беру ережелері мен зияткерлік меншік нысандарын енгізу бойынша қабылданған шаралар туралы есеп беру ережелері бекітілді”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының \»Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы\» заңы Конституцияға сәйкес келеді, бірақ дегенмен онда бірқатар кемшіліктер бар, соны жою қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь РОГОВ оқып таныстырған ҚР Конституциялық кеңесінің қаулысында айтылған”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, үстіміздегі жылғы 17- тамызда парламент палаталары төрағаларының \»Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы\» Қазақстан Республикасы заңының және \»Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы\» Қазақстан Республикасы заңының конституцияға сәйкестігін тексеру туралы бірлескен өтінішін және парламент мәжілісі төрағасының Конституцияның 18-бабы 2-тармағын: \»әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының… құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі\» деген нормалары бөлігінде ресми түсіндіру туралы өтінішін қарау бойынша Конституциялық кеңестің отырысы өтті.

Аталған өтініштерді Конституциялық кеңес бір конституциялық іс жүргізуге біріктірді. Конституциялық кеңестің отырысына парламент палаталарының депутаттары, үкіметтің, сондай-ақ Жоғарғы соттың және Бас прокуратураның өкілдері қатысты. Отырыс барысында конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың пікірлері әр тарапқа бөлінді. Отырысқа қатысушылардың пікірлерін тыңдап шығып, Конституциялық кеңес қорытынды шешім шығаруға кетті.

Сөйтіп, бүгін Конституциялық кеңестің қорытындысы шықты. Онда атап көрсетілгеніндей, \»Қазақстан Республикасының үкіметіне аталған заңдар күшіне енгенге дейін Қазақстан парламентінің мәжілісіне аталған заңнамаларды Конституциялық кеңестің құқықтық позицияларымен сәйкестендіруге бағытталған заң жобасын енгізуге бастама көтеруге нұсқау беріледі”.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...