«Заң жобасы жемқорларды қолдай ма?!.». «Шымкенттегі қоғамдық ұйым басшылары қала әкіміне сын айтқаны үшін сотқа шақырылды». «Арман қалаға” шақырамыз тағы бiр телехикаяның тұсауы кесiлдi»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 тамыз 2009 ж.

ALASHAINASY.KZ. “Елімізде 24 сағат мемлекеттік тілде сөйлейтін телеарна неге жоқ?”. “Дәл осы сұрақ менің көкейімде биыл жазда Сарыағашқа демалуға барғанда туды. Өзбекстанмен шекаралас орналасқан осы бір қалада теледидарды қоса қалсаңыз, Қазақстан арналарынан гөрі, Өзбекстан арналарын көбірек көрсетеді. Өзіңді құдды бір Ташкентте, болмаса Самарқандта отырғандай сезінесің.

Ал біздің еліміздің “Хабар”, “Қазақстан”, “Еларна” арналары бір үйде көрсетсе, келесі үйден таппай әуре боласыз. “КТК”, “31- арна” секілді жекеменшік арналарды тіпті де көрмейсіз. Теледидардан бұл арналарды тапқан күнде де быжырлап жөнді көрсетпейтінін қайтерсің?! Ал Uzbekiston, Toshkent деп аталатын өзбек ағайындардың бірнеше арналары анық, таза көрсеткені былай тұрсын, күні бойы өзбекше сайрағанда, құлағыңның өзбекшеге қалай үйренгенін байқамай да қаласың. Оған қоса бір таңғаларлығы, Өзбекстанның музыкалық телеарналарында өзге елдің бейнебаяндары мен әуендерін емге де таппайсыз. Тек өзбекше әндер, өзбекше мультфильмдер, өзбекше телехикаялар… Осылайша, өзбек ағайындар өз ұлтының рухани сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Сарыағаштағы туысқандарым да отандық арналардан гөрі, өзбек арналарын жиі қояды. “Неге өзбектердің арнасын жиі қоясыздар?” – дегеніме: “Өзбектердің фильмдері қызық”, – деп жауап берді. Иә, еліміздің өзге өңірлеріндегі қандастарымыз теледидардан күндіз орысша, ал түнде қазақша көріп, қалайша орыстанып бара жатқанын білмей жатса, сарыағаштықтар өздерінің тілі мен психологиясының өзбекшеленіп бара жатқанын ішінара мойындайды да”. “Ал бұл дегеніңіз түптің-түбінде ұлттық қауіпсіздікке селкеу түсіретін құбылыс болуы да ғажап емес”, — деп қорытты Айдос СӘДУАҚАСОВ. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

Ұлттық университеттерде қазақтану факультеттерін ашу қажет пе?”. “Кеңес заманында қазақтың тағдырлы да тамырлы тарихы тұмшаланып, ұлтымызға қатысты көптеген құндылықтар көмескіленіп кетті. …Елді ояту үшін еңсе көтеріп, не болса да қазаққа болсын деп, ағартушылық салаға ден қойған Алаш арыстарының да басты мақсаты ұлтты көтеру болды. Ол үшін ең алдымен қазақ өзін тануы қажет болды. …Соңғы уақыттарда ғылыми ортада “ұлттық университеттерде “қазақтану” факультетін, я болмаса кафедра, курстар ашу керек” деген пікірлер айтылуда. Бұған кім не дейді?”.

Айгүл ІСМАҚОВА, алаштанушы, филология ғылымының докторы, профессор:

“- Иә. Әрине, өзгені білу үшін ең алдымен өзіңді танып-білуің қажет. Бірақ бізде бұл жағы дұрыс жолға қойылмаған. “Қазақ” деген сөздің өзін айтқызбауға тырысқан кеңес өкіметі келмеске кетті. …“Алаш” деген – “қазақ” деген сөздің көне атауы, бұл екі сөздің мағынасы да бір. Сондықтан да қазақтану бола ма, алаштану бола ма, әйтеуір, ұлтымыздың салт-дәстүрін, тарихы мен тілін тереңдетіп оқытатын өз алдына жеке-дара бір факультет ашатын кезең әлдеқашан жеткен. Көптеген елдерде, оның ішінде бізде де “қытайтану”, “жапонтану” немесе жалпы “шығыстану” деген факультеттер бар. Осылайша, біз өзгелерді тану кеңістігін ұлғайтып, өзімізге келгенде, тосылып қала береміз. Мысалы, Литваның ұлттық университеттеріндегі “литванистика” деген факультеттерде өздерінің ұлттық құндылықтары, тарихы мен мәдениеті оқытылады”.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,> ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы, профессор:

“- Жоқ. Біз, бірінші, ұлттық университеттерде қазақтану факультетін ашуға зәруміз бе – алдымен осыны таразыға салу қажет. Қазақтанушы немесе алаштанушы деген ресми мамандық жоқ. Мамандық жоқ жерде пән де болмайды. Мұндай арнайы пән енгізіп, факультет ашпас бұрын алдымен осы төңіректің бәрін қамтитын үлкен кешенді жоба, жоспар, бағдарлама дайындалуы керек. Бұған әсіресе тарихшы ғалымдар атсалысып, жұмылуға тиіс болады. “Мемлекеттік білім беру стандарты” деген бар. Осыған да сай болуы міндет. Қазақтануға өзінше факультет ашу арқылы біз ұлттық тарихымыз бен рухани мұрамыздың насихатталып, оқытылу аясын тарылтып аламыз. Біздің бұдан ұтарымыз шамалы. Қазақты жалған патриотизм жарға жығады. Одан да қазаққа қатысты қолда бар құнды дүниелердің бәрін барынша әр жерде, әр факультетте, әрбір оқу орнында тереңдетіп, бүгінгі ұрпаққа төкпей-шашпай жеткізуіміз міндетті”. Әзірлеген Алмат ИСӘДІЛ. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

TURKYSTAN.KZ. “ЗАҢ ЖОБАСЫ ЖЕМҚОРЛАРДЫ ҚОЛДАЙ МА?!.”. “Тексеруден көз ашпайтын отандық шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi алдағы бiр жарым жыл iшiнде қабылдануы тиiс заң жобасына да күдiкпен қарайды. Өйткенi, аталған құжатта тексерушi органдардың жемқорлыққа жол беруiне жағдай жасайтын баптар бар көрiнедi”…

Шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге қатысты туындаған пiкiрталастар мен дау толас табар емес. Бұған дейiн дөңгелек үстелдер басында кеңесiп, билiкке бiрнеше ұсыныс жолдаған отандық, шетелдiк iрi, шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi бизнестi тексеру мәселесiнде тиiстi органдар тарапынан жеке бастың қамын күйттейтiн заң бұзушылықтар мен тiптi, кейде қоқан-лоққы жасауға дейiн баратынын айтып, шағымданған… Алматылық кәсiпкерлер ассоциациясының жетекшiсi Виктор ЯМБАЕВ дайындалып жатқан жаңа заң жобасында тексеруге қатысты жемқорлыққа жол беретiн екi тармақ барын көлденең тартты: “Тәуекелдiктi басқару жүйесi мен тексеру қағаздары жемқорлыққа жол беретiн екi саңылау болып табылады”. Оның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық станса бастапқыда кәсiпкерлiктiң барлық түрiн қауiп-қатер деңгейi өте жоғары топқа жатқызып, кейiнiрек көңiлден шыққандарын қатерi төмен топтағылар тiзiмiне қосуға ұсыныс бiлдiрiп отыр. ….Ал тексеру қағаздарына келсек, бұл тексеру органдары тарапынан жекелеген кәсiпкерлерге қойылатын талаптар тiзiмi. Отандық кәсiпкерлер қойылатын талаптар арасында орындалуы қиын немесе мүлде орындалмайтын ережелер қарастырылуы мүмкiн деп күдiктенедi. Тағы бiр мәселе, сертификат алуға қатысты талаптар мен рұхсатнамалардың көптiгi де қазақстандық кәсiпкерлерге келетiн кедергi болмақ. Кезек күтiп, есiк тоздыратын шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiнiң қазiр де шекелерi шылқып жүргенi шамалы ғой. Осы орайда, кәсiпкерлiк туралы заңды жетiлдiруге, кедергi мен кесiр тигiзетiн кейбiр баптардан мүлде арылуға мүдделi кәсiпкерлер қауымы билiкке айтар ұсыныстарын тынымсыз жолдауға бел буып отыр. Президент Н.НАЗАРБАЕВ 3 жыл бұрын (тексеруге мораторий жарияланбай тұрып) шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеретiн мемлекеттiк органдар санын шектеуге бұйрық берген едi. Арада айлар өткенде тексеру органдарының саны кемудiң орнына артқан болатын. Сонда дабыл қаққан халық қалаулылары тексеру органдарының атына бiраз сын айтумен шектелдi. Ал “баяғы жартас — сол жартас”…Кәсiпкер ағайындардың қазiр үмiт артып отырағаны: алдағы 1,5 жыл iшiнде барлық бiрiн бiрi қайталайтын ескiрген заңнамалық құжаттардан арылу жұмыстары жүргiзiледi. ҚР “Заңдар туралы” заңның 5-бабына сәйкес, мемлекеттегi кез келген iшкi ведомстволық бұйрық заң шеңберiнде жүзеге асырылуы тиiс. … “Жығылғанға жұдырық” бiр жарым жылдық мораторийдi пайдаланған кейбiр кәсiпкер салықтан жалтарып келiптi. Тексерушi мекемелер мұны да ұсыныс айтушылардың бетiне салық қылуда. Бiрақ салықты уақытылы төлеуге уәде берген бизнесмендер мораторий мерзiмiн ұзарту мәселесiн бәрiбiр көтеруде”.

Атамекен” Одағы” Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев ҚР Президентi Н.Назарбаевтың Үкiметке арнайы нұсқау бергенiне қарамастан, қазақстандық жекеменшiк бизнестi тексеруге қатысты баптарды жүйелейтiн жаңа заңда жемқорлыққа балта шабатын баптарды қарастыру назардан тыс қалып отырғанын көлденең тартады. Ал он жыл бойы кәсiпкер ағайынның шашын ағартумен келе жатқан бизнестi тексеру проблемасы шешiмiн табар емес. Бұл – шағын және орта кәсiпкерлiкке ғана емес, мемлекеттiк тұтастыққа, ұлттық қауiпсiздiкке төнген қатер. Өйткенi, қоғамның тiрегi шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiнен құралатын орташа топ екендiгi айтпаса да түсiнiктi”-, деп тұжырымдайды Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ “АРМАН ҚАЛАҒА” ШАҚЫРАМЫЗ ТАҒЫ БIР ТЕЛЕХИКАЯНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСIЛДIдеген мақаласында қазақ кинотуындыларына назар аударады: Қазақ көрермендерi тағы да бiр әдемi, көркем дүниемен кездесетiн секiлдi. Тағы да дейтiнiмiздiң өзiндiк себебi бар. Соңғы жылдары, жеке шығармашылық одақтар болса да, көрермендер сүйсiне әңгiме ететiндей, елдi селт еткiзер кинотуындылар санаулы болса да жаңа қырымен, жаңашылдығымен елең еткiзгенi анық”.

Әсiресе, қала көрермендерiн апта бойы көгiлдiр жәшiкке телмiртiп, жан дүниесiн қозғаған дүниенiң бiрi – “Ағайындылар” болды. Ондағы сайдың тасындай iрiктелген актерлердi былай қойғанда, кейiпкерлердiң бiр-бiрiне бауырмалдығы, мейiрiмдiлiгi соншалықты шынайы берiлгенi сондай, шын мәнiндегi ағайындылар екен деп қаласың. Ата-анаға деген перзенттiк махаббат үш ұлдың бойына бiр тазалықты үйiрiп, ал сол ата-анадан көрген тәлiм-тәрбие төңiрегiндегiлерге де оттай ыстық көңiл-пейiлдерiнен көрiнiп тұратын ағайынды үш жiгiттiң көршi, дос-жолдасқа деген ұлы махаббаттарына сүйсiнесiң. Кинолентаның өз басыма әсерi тiптi ерекше болды. Бұл фильм жайлы үлкен әңгiме алдағы күндердiң еншiсiнде. Олай болса, тағы да деуiмiздiң жөнiне көшейiк.

Қалалықтарды “Арман қалаға” шақырамыз дегендi естiгенде елең еткенiмiз де сондықтан. Кеше “АLDONGAR Productions/Kazakstan/” кинокомпаниясы “Нұр-Медиа” және “Қазақфильммен” бiрiгiп түсiрiлiп жатқан кинолентаның тұсауын кестi. 12 сериядан тұратын бұл фильм 37-40 минут көрсетiлiммен алдағы қараша айында толық аяқталады екен. Жобаның жетекшiлерi Ермек АМАНШАЕВ, Арманжан БАЙТАСОВ, Алия УВАЛЖАНОВА, Борис ЧЕРДАБАЕВтармен бiрге Ресей мен Украина елдерiнiң телесериалдарын өндiру технологияcының тәжiрибесi зерттелiп, Оңтүстiк Корея, Қытай және Қазақстан продюсер-кеңесшiлердiң пiкiрлерi басшылыққа алынған телесериалға елiмiздiң белгiлi-танымал актерлерi қатысады екен. Сондай-ақ, жобаның кеңесшiлерi – ҚР Денсаулық министрлiгi, Астана мен Алматы қалаларының учаскелiк дәрiгерлерi, заңгерлер, қаржыгерлер мен бизнесмендер, “Даму” қорымен бiрге шығармашылық топтар, жалпы айтқанда түсiрiлiмге қатысқандардың пiкiрлерi назарда ұсталынған. Негiзгi мақсат – қазақ халқының болмысын, мәдениетiн, әдет-ғұрпын сақтау арқылы отандық киносериал жанрын жандандыру.“АLDONGAR Productions/Kazakstan/” “ бұдан бұрын да “Сталинге сыйлық”, “Александр-Невская битва”, “Лики Евразии” киножобаларымен жақсы танымал.Сценарий авторлары – Алия Увалжанова, Газиз НАСЫРОВ, Александр КАН, Люция ИРЖАНОВАлар, қоюшы режиссер Эрнест АБДЫЖАПАРОВ, режиссерлер Галина ЕФИМОВА, Айбек ДАИРБЕКОВ, қоюшы суретшi Шарип ЖАЙЛОБАЕВ, операторлары Талғат ТАЙШАНОВ, Әубәкiр СУЛЕЕВтер, ал атқарушы продюсер Гүлмира АПРЫМОВА болса, сериалдағы әуездi әуендi халыққа жеткiзушi сүйкiмдi әншiмiз Батырхан ШҮКЕНОВ. Мелодрама жанрындағы түсiрiлiмде оқиға керемет әрi дәрiгер келiншектiң (Венера НИГМАТУЛЛИНА) төңiрегiнде өрбидi де, әр серия сайын сюжетте жаңа проблемалар туындап, сол арқылы келесi серияның тақырыпшалары шығып отырады”.

“– Қазақстандықтар бұдан бұрын “Тоғысқан тағдырлар”, “Шегiртке” сериалдарымен жақсы таныс. Теледидардан көргенiмде, шын мәнiнде, қатты қызығып көрдiм. Ұнады. Сол кезде iштей “келесi бiр түсiрiлiмге қатыссам” деген үмiт те оянған-ды. Сондықтан қуана келiстiм, оның үстiне өз кейiпкерiм қатты әсер еттi. Халыққа өте жақындығымен, әрбiр отбасындағы қилы тағдырлар, адамдардың әңгiмелесу мәдениетi, тiптi диалогтары жаныңа жақын. Тәрбиелiк мәнi өте жоғары”,– дейдi Қазақстанның Халық артiсi Меруерт ӨТЕКЕШОВА. “– Оның үстiне талғамы, танымы бөлек Асанәлi аға ӘШIМОВ,Венера НИГМАТУЛЛИНА, Владимир ТОЛОКОННИКОВ, Лидия КАДЕНОВА секiлдi актерлермен қоса, театрдың жас актерлерi бар, жалпы шығармашылық топ өте жақсы iрiктелген. Елдiң көңiлiнен шығады ғой деп ойлаймын.“Отандық телесериалдардың болашағы бар ма” деген сұрақ әлемкино өнерiнiң саңлағы, атақты Асанәлi аға Әшiмовтың жанды жерiне тиiп кетсе керек, жан-жағына таңырқай қарады”.

“– Айналайын-ау, қазақ өнерiнiң, қазақ мәдениетiнiң болашағы болмаса, елiмiздiң де болашағы жоқ деген сөз емес пе? Әрине, сол үшiн еңбектенiп жүргенiмiз жоқ па? – деп журналистерге бiр түрлi қараған актерден “Арман қала” туралы пiкiрiн сұрадық.– Фильм туралы пәлендей ештеңе айта алмаймын. “Арман қала” дегеннен кейiн Астана туралы бiр-екi ауыз сөз айту мiндетiмiз, жақсы қалаға жақсы қаланың жақсы адамдары туралы болып жатқаннан кейiн, үндемей қала алмаймыз ғой. Ең бастысы, шығармашылық топ ұнады. Өте жоғары дәрежелi бiлiктi топ, содан кейiн келiстiм. Халықаралық кинофестивальдарға қатысып, жүлделi орындар алып жүрген, шығармашылығын өз басым қатты бағалайтын Эрнест деген азамат, соған сенгендiктен ғана келiстiм. Түсiп жатырмыз. Көркемфильмдерге үйренген көрермендерге қысқа мелодрамалық осындай телесериялдар да қажет. …Республика көрермендерi “Арман қаламен” осы жылдың қараша айында жүздесетiн болады”.

AZATTYQ.ORG. “Шымкенттегі қоғамдық ұйым басшылары қала әкіміне сын айтқаны үшін сотқа шақырылды”. “Қала басшысы Арман ЖЕТПІСБАЕВ жергілікті газеттерде ОҚО әкіміне үндеу жариялаған қоғамдық ұйым жетекшілерін сотқа берді. Әкім оларды өзіне \»жала жауып, күйе жақтыдейді, ал үндеу ауторлары шындыққа сәйкес келетін деректерді ғана жазғандарын айтады”.

“…Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев өзінің ар-намысын қорғау мақсатында тамыздың 11-і күні Әл-Фараби аудандық сотына шағымданған.

Шенеунік Қазақстан Республикасының Қылмыстық істер Кодексінің 129-бабының 2, 3-тармақтарына (БАҚ арқылы жала жабу және ауыр және аса ауыр қылмыс, сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмысқа қатысы бар делінген тұлға ретінде жала жабу) сүйене отырып, қоғамдық ұйым өкілдерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде. Заң бойынша мұндай қылмысы үшін айыпталушы 3 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Айыпталушылар, яғни, үндеу ауторлары “Қазақ хандығы” қоғамдық бірлестігінің президенті Камалидин ДУЛАТОВ, “Қарулас-Ауғанстан” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есебалы ӘЛИЕВ және Республикалық “Халық дабылы” қоғамдық қозғалысының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қуат САДРИДДИН.

Үндеуде “Қала әкімі Адырбеков көшесі дайын деп алдап, елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ іс-сапармен келгенде оған осы көшенің лентасын қидырды. Расында бітпеген көше бүгінде жанталасып асығыстықпен жасалуда. Былтырғы салынған жолға биыл да ысырап боп жатқан ақшаның сұрауы кімде? Абай атындағы саябақта әлемдік стандартқа сай теннис кортын саламыз дедік. Тендер әлі өткен жоқ. Ал әлдекімнің туысы ондаған техника, жүздеген жұмысшысын әкеп, саябақтың талдарын тамырымен қопарып жатты. Әлі өтпеген тендерде өзінің жеңіп шығатынын ол қайдан біліпті? Бұл не деген тас сенім, әлде сыбайластардың құпия келісімі ме? Бүгінгі күні онда тал да жоқ, корт та жоқ. Ақша да жоқ” делінген.

Осыған орай сотқа жолдаған арызында қала әкімі Арман Жетпісбаев бұл мәліметтер шындыққа сай емес деген. Ол “Рейтинг” және “Замана” газеттерінде жарық көрген үндеудер ел арасында өзі туралы теріс пікір тудырады деп күдіктенеді”.

Менің өтетін тендерге қатысым жоқ. Адырбеков көшесінің құрылысы 2007 жылы басталған. Ол кезде мен әлі әкім болып тағайындалмағанмын. Аталған көшенің құрылысына менің қатысым жоқ. Мен тендер комиссиясына арласпаймын,- дейді Шымкент қаласнының әкімі, арызданушы Арман Жетпісбаев.

“- Менің екі жоғары білімім бар. Мен бірнеше лауазымды қызметтерді атқарғанмын. Бірнеше сертификаттарым бар. Өтетін тендерге менің еш қатысым жоқ және менің туыстарым тендерге қатыспаған. Үндеу ауторлары мен туралы ар-намысыма, қадір-қасиетіме нұқсан келтіретін, беделімді түсіретін, көпшілік алдында БАҚ-да сыбайлас жемқорлық жасады деп айыптаумен ұштасқан жалған мәлімет таратқан. Мен бір қаланың басшысымын. …Менің жора-жолдастарым, туыстарым бар. Олардың арасында мен туралы теріс, жаман пікір тузығады”,- деп түсіндіреді өз арызында қала әкімі Арман Жетпісбаев. Мақаланың авторы Мира МҮСІЛІМ.

ABAI.KZ. “Биыл күзде парламент сайлауы өте ме?”. Сауалнаманы жүргізген Сәкен КӨКЕНОВ.

Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты:

“- Меніңше, Парламентті қайта сайлауға ешқандай да қажеттілік жоқ. Қазір біздің елімізге ғана емес, барлық мемлекеттерге сын сағаты туып отыр. Әлем экономикасы шайқалып жатыр. Соның ішінде біздің де еліміз осы экономикалық шиеленістен шығудың жолдарын қарастыруда. Осындай қиын сәттерде сайлау өткіземіз деп, жөні жоқ шабылудың ешбір қажеттілігі жоқ. …Ендеше, заңды жолмен сайланған Парламентті себепсіз қайта сайлап жатудың қажеттілігі жоқ. Бұл депутаттардың артында қаншама халық тұр. Сол халықты тағы бір алаңдатып, саяси науқан жүргізгеннен елімізде бәлендей бір артықшылыққа кенелер болса бір сәрі. VI сайланымның депутаттары осы уақытқа дейін өте күрделі заңдарды қабылдады. Қысқасы, өз қызметін тиісінше атқаруда. Оның үстіне, қаржы дағдарысы туындап жатқанда бекерден-бекер қаржы шығындап жатудың да қажеттілігін көріп отырған жоқпын”.

Андрей ЧЕБОТАРЕВ, “Альтернатива” саяси зерттеу орталығының директоры:

“- Бұл тақырыпқа болжам айту өте қиын. “Сайлау туралы” Заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін биыл да күзде Парламент қайта сайланады деген пікір жиі айтылып жүрді. Оның үстіне, ЕҚЫҰ тарапынан да біздің қазіргі жағдайымыздың демократиялық стандарттарға сай келмейтін тұстары көп сыналды. Расында да, Парламент өкілдерінің бір ғана партиядан құралғаны дұрыс емес. Сондықтан да мен парламент сайлауын қайта өткізуге толықтай қажеттілік бар деп ойлаймын. Бірақ оған біздің дәл қазіргі саяси ахуалымыз рұқсат бермей отыр. Күні ертең Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткелі отыр. Осындай маңызды әрі қарбалас сәтте билік өкілдері Парламентті қайта сайлау туралы шешім қабылдайды деп ойламаймын. Қазір Ақорданың көңілі ұйымға төрағалық ету барысында атқарылатын істерге қарай ауып отыр. Сондықтан, меніңше, бұл күзде Парламент сайлауы өтпейді”.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

“- Осы уақытқа дейін сарапшылардың көпшілігі күзде парламент сайлауы өтеді деген пікірді кеңінен таратқан болатын. Себебі ЕҚЫҰ-ның қоятын талабы сондай. Бірақ, меніңше, биыл күзде парламент сайлауы болмайды. Еуропалық ұйым талабын айналып өтудің тағы бір жолы бар. “Нұр Отанның” жанынан екі фракция шығарып, оларды оң қанат пен сол қанат деп қарастыру. Олардың біреуі социал-демократтарға жақын болса, екіншісі оңшыл бағытта болады. Оған қоса, ұсақ партиялардың өкілдері тағы бар. ЕҚЫҰ талабы бойынша бір ғана ұстанымдағы партияның үстемдік құруы дұрыс емес. Ендеше, парламент сайлауын өткізіп, шығындалудан айналып өтудің оңай жолы — осы фракцияға бөліп тастау”. (“Алаш айнасы” газеті, 21.08.2009).

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстанда бес жылда сумен қамтамасыз ету саласын дамытуға 132,9 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне берген сұхбатында ҚР Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттік төрағасы Серік НОКИН мәлім етті.

\»Бес жылда сумен қамтамасыз ету саласын дамытуға 132,9 млрд теңге, кәріз жүйесіне 42,9 млрд теңге, жылу қамтамасыздығына 67,9 млрд теңге, электр қамтамасыздығына 25 млрд теңге, газ қамтамасыздығына 7 млрд теңге және абаттандыруға — 17,5 млрд теңге қарастырылған\», — деді С. Нокин. Оның айтуынша, \»аталған қаражат осы салада қордаланып қалған тауқыметтерді шешуге жетпейтіні анық\».

USHKIYAN.KZ. “ҚАРА АЛТЫННЫҢ” ҚОРЫ ҚАНШАҒА ЖЕТЕДІ?”. “Шынында да, өлшеусіз, таусылмайтындай болып көрінетін мұнайдың да шегі бар.Мамандар жер қойнауындағы мұнай қорының сарқыла бастағанын айтып жүр. Ендеше, – деп тұжырымдайды Lenta.ru агенттігі, – ендігі дағдарыс осы қуат көзінің кемшіндігіне байланысты туындайды. Мамандар, сонымен қатар, қазіргі қаржы дағдарысы сабасына түскеннен соң “қара алтынның” бағасы шарықтап кетуі мүмкін деп болжайды.

…Ғаламдық қаржы дағдарысы-нан кейін адамзатты жаңа бір зауал күтіп тұр. Ол – мұнай дағдарысы…Осыған ұқсас пікірді Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) бас экономисі Фатих Бирол да айтып отыр. Оның айтуынша, заманауи өркениеттің тұтқасы саналатын мұнай қорының ойлағаннан да жылдам азайып бара жатқанына әлем жұртшылығы жеткілікті түрде көңіл бөлмей отыр. “Мұнайды игеру көлемі он жылдан кейін өзінің шарықтау шегіне жетеді. Дүниежүзіндегі ірі мұнай қоры өте тез игерілгендіктен жыл өткен сайын сарқылып, ал кейбір кен орындарда мұнай игеру максималдық шамадан әлдеқашан артып кетті. Ал, 2010 жылдан бастап-ақ дамыған елдер мұнайға деген сұранысты қамтамасыз ете алмауы мүмкін”, – деді.

Халықаралық энергетика агенттігінің осы тұжырымы әлемдегі мұнай қорының 75 пайызын құрайтын 800 кен орынға жүргізген кешенді зерттеу негізінде айтылған. …Былтыр мұнай бағасының баррелі 147 АҚШ долларына дейін көтеріліп, шарықтау шегіне шыққан себебі біреу-ақ: ол – алыпсатарлық болатын. …Қалай дегенде де, мұнай бағасының көтерілуі ғаламдық дағдарысқа тікелей әсер еткен жоқ…

Алайда, мұндай жөнсіз пайымдау агенттіктің жұмыс тәртібіне келіңкіремейді, тіпті оның атына кір келтіреді. Агенттік сарапшылары әлем елдерінің қаржы дағдарысынан мұнай баррелі 60-70 АҚШ долларлық деңгейде де шығып кетуге мұршасы жетеді деп топшылап отыр. Егер дағдарыс аяқталған кезде мұнай бағасының шарықтап көтерілетінін бұған дейінгі тәжірибеден білеміз. Бұл – ешкім тоқтата алмайтын құбылыс. Осыны өте жақсы түсінген кейбір мұнай трейдерлері игерілген мұнай қорының көлемін көбейтуге әрекет етіп отыр. Бұл әлемдік мұнай дағдарысына әкеліп соға ма, оны қазір нақты айту мүмкін емес, бірақ дүниежүзінде “қара алтынға” деген сұраныстың біртіндеп артып келе жатқаны сөзсіз. Жағдай тек сұраныс өз қалпына келгенде ғана айқындалатынын баса айту керек”.

Егер сұраныс артса, игерілген мұнай қоры тез азаяды да, оның бағасы қайтадан көтеріледі. Әлем экономикасы келер жылы дағдарыстан шығуға бет бұра бастаса, мұнай бағасының біркелкі дәрежеде көтерілмей, бірден шарықтап кету қаупі бар. Бұл алыпсатарлыққа емес, сұранысқа байланысты”, — деп өз пікірін білдіреді Жақан ТӨЛЕГЕН.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...