«70 жылдан кейін Риббентроп-Молотов келісімі жаңару бағытына бет алғандай». «Әлнұр Мұсаев Рахат Әлиевпен ат құйрығын кесісіп, шындық іздеп қазақ сотына жүгінді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 25 тамыз 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. “70 жылдан кейін Риббентроп-Молотов келісімі жаңару бағытына бет алғандай”. “Риббентроп-Молотов келісімі миллиондаған адамның өмірін қиды. Адамзат баласына айрықша қасірет әкелді.Ол келісімге 1939 жылғы тамыз айының 23-нен 24-не қараған түнінде, Кремлде қол қойылған болатын. Германия сыртқы істер министрі Иоахим РИББЕНТРОП сол жолы Иосиф СТАЛИН және Вячеслав МОЛОТОВпен кездескен еді. Тараптар аталған құжатқа қол қойысымен, Германия Польша елін өз қалауынша бөлу мүмкіндігіне ие болған-ды. Қажет болған жағдайда Польшаның одақтастарымен яғни Британия және Франциямен соғысу құқы да туғандай еді. Риббентроп-Молотов келісімі Германияның қос майданда соғыс жүргізбеуіне жағдай жасады….”

Риббентроп-Молотов келісімінің қабылдануы Еуропа мен Американы таңдандырды. Себебі тараптарды өзара жалғастыратын байланыстар сырын табу қиын болатын.Гитлер славяндар мен большевиктерге деген өзінің жеккөру сезімін тұрақты түрде айтып отыратын. Сонда оларды не байланыстырған еді? Сарапшылардың айтуынша, екі елді де диктаторлар билеп отырды. Қос елде де репрессия болып өткен еді.Сондай-ақ бұл қос елдің әрқайсысы да әлемде өздерін жалғыз, жау ортасында қалғандай оқшау сезінетін. Сондықтан да Гитлер сталиншілермен уақытша болса да, келісімге баруды жөн санады.

Эстония, Латвия, Литва және Польша елдері мен қазіргі Молдова жерінде Риббентроп-Молотов келісімі қатыгез оккупацияға жол ашқан болатын. Бірнеше жүздеген мың жергілікті халық Сібірге және басқа да еңбекпен түзеу колонияларына күштеп айдалған еді. Олардың орнына этникалық орыстар барып қоныстанған болатын, оның салдарлары қазір де сезіліп қалады. Осы саясат салқыны Совет үкіметі құлағаннан кейін де жер дауы сипатында, одан әрі жалғасып келеді”.

“…Ал, Ресей билігі болса, тарихтың бұл жауыр тұстарын жаба тоқуға тырысып бағуда. Атап айтқанда, Риббентроп-Молотов келісімі елді Германиямен соғыстан аман алып қалу үшін мәжбүрлі түрде жасалды деп, тарихты қайта жасауға тырысушылық бар. Кремль ол үшін Ресей тарихын академиялық кітаптардан бастап, мақалаға дейінгі аралықта қайта жазуға ұмтылуда”, — деп қорытты Нұрлытай ҮРКİМБАЙ.

Әлнұр Мұсаев Рахат Әлиевпен ат құйрығын кесісіп, шындық іздеп қазақ сотына жүгінді”. Қазақстанда 35 жыл абақтыға кесілген саяси эмигрант Әлнұр МҰСАЕВ Азаттық радиосына сұхбат берді. Ол Нұрбанктың жоғалып кеткен екі менеджеріне байланысты өз тексеруін жүргізіп, жаңа байламдарға келгендігін айтады.

Әлнұр мырза, сіздің ісіңізде күтпеген бұрылыстар пайда болды. Алматылық ҚазТАГ агенттігі сізді Венада ұрлап әкетпекші болғандар қазақ арнаулы қызметтері емес, Рахат ӘЛИЕВтің өзі деген болжамды жариялады. ҚазТАГ сіз сұхбат берген аустриялық “Крона” газетіне сілтеме жасайды. Және сіз осы газетке дәл осылай деген екенсіз…

Міне, Қазақстанда бұдан да жаңа, бұдан да ірі құпиялар бар. Сіз олардың – оппозициялық саясаткерлердің өлімі болып табылатынын атадыңыз. Солардың ең ірісі арасына үш ай салып мерт болған Заманбек НҰРҚАДІЛОВ пен Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫның өлімі. Сіздің ойыңызша, бұл өлімдердің артында қандай күштер тұруы мүмкін?

– Мен бұл қылмысқа бүгінгі Қазақстанда өмір сүріп жатқан биліктің және өздеріне аса ерекше биліктік кепілдік, байлық алғысы келетін және Назарбаевтың позициясына ықпал еткісі келетін тұлғалардың мүддесі араласқан деп санаймын.

Бірақ сіздің ұлттық қауіпсіздік органы қызметіндегі ұзақ жылдан бергі әріптесіңіз Рахат Әлиев сіздің де есіміңіз аталып, сілтеме жасалатын аты-шулы “Өкіл қайын ата” кітабында Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне Қазақстандағы лауазымы жоғары тұлғалары кінәлі деп санайды. Билікке ұмтылып жатқандар емес, ұзақ жылдан бері билікте отырғандар және одан айырылып қалғысы келмейтіндер.

– Мен дәл қазір Рахат Әлиевте бар бұл материалдарды, нақты құжаттарды, нақты телефон тыңдауларын көрдім. Негізі бұл мәселе бойынша расында да арнайы тергеу жүргізу керек. Әрине, оның Батыста жүргізілгені дұрыс болар еді….”

EGEMEN.KZ. “АТАЖҰРТТЫҢ АТА ЗАҢЫ МЫҢ МЕДЕТ”. “Елге оралған отандастар осылай дейді”, — олардың пікірін білдіреді Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Ата Заңның үлкен қасиеті сонда, ол адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі кепілі болады. Осы орайда қазіргі Қазақстанымыз ТМД елдерінің қай-қайсысынан болса да жоғары тұрғандығы біздің Ата Заңымыздың аса бай, қайнарлы, қазыналы мүмкіншіліктерін танытады. Тарихи Отанға қандастарымыздың қайта оралуына ақ жол төселуі де бір жағы осы Ата Заңның арқасы болса керек. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 18 жыл ішінде шекарадан тысқары қалған бауырларымыздың атамекенге оралуына мүмкіндік туғызған Елбасымыз көші-қон саласында тұғырлы саясат ұстанып, сол үшін барлық мүмкіндіктер мен жағдайларды жасап отыр. Елімізге өзге елдерден қоныс аударушылардың көптеп келуі де мұндағы бейбіт, тыныш өмірдің белгісін көрсетуде. …

… Көші-қон комитеті Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры Гүлсара АЛТЫНБЕКОВАның айтуына қарағанда, республика тәуелсіздік алғаннан бері тарихи Отанға таяу және алыс шет елден 700 мыңға жуық этникалық қазақтар оралған көрінеді. Алматыда орныққан отандастарымыздың көпшілігі өздерін өнер мен мәдениетте, білім беру, ғылым және медицина салаларында, бұқаралық ақпарат құралдарында танытып, бірсыпырасы жеке кәсіпкерлікпен айналысып, өз кәсіпорындарын ашқандығын қуанышпен айта аламыз. Мысалы, Алматының зиялы қауымының ортасына 19 ғылым докторы, 66 ғылым кандидаты жаңа қан құйылғандай болып жарасты үйлестікпен қосылды. Оңтүстік астананы 1993 жылдан бері 6600-ден астам қоныс аударушы қазақтар толықтырды. Мұның 60 пайызын жастар құрайды.

Сонымен бірге, құзырлы қызметтердің мәліметтеріне жүгінсек, нақ осы жас оралмандар еңбекке орналасудың, білім алу мен баспана жеткіліксіздігінің қиындығын да басқалардан гөрі көбірек кешуде. Шенеуніктердің айтуынша, мұның бір себебі, олардың Конституцияны және арнайы нормативтік-құқықтық актілерін нашар білуінде жатыр. Осының салдарынан жастар көбіне-көп өздерінің еңбек етуге, медициналық көмек алуға және басқа да заңды құқықтарын орнымен пайдалана алмайды…”.

Желаяқтар желмен ығып кеткен бе?”.Бір аптадан астам дүниенің төрт бұрышындағы спорт сүйер қауымды дүбірге бөлеген Берлиндегі жеңіл атлетикадан өткен әлем чемпионаты да өз мәресіне жетті. Алғашқы орында командалық есепте 10 алтын, 6 күміс, 6 қола медальмен АҚШ спортшылары көш бастаса, екінші орынға 7 алтын, 4 күміс, 2 қола медальмен ямайкалық желаяқтар жайғасты. Ал үшінші орынды 4 алтын, 5 күміс, 2 қоламен Кения спортшылары жеңіп алса, төртінші орынға 4 алтын, 3 күміс және 6 қола медальмен ресейлік жеңіл атлеттер табан тіреді.

Айтулы жарыстағы жүлдеден дәмесіз емес Қазақстан құрама командасы өкінішке қарай құр қол қайтты. Елімізден аттанған жеңіл атлеттеріміздің межеден көріне алмауы қазақстандық жанкүйерлерді қапаландыруда. Үміт күткен жігітіміздің бірі онсайысшы Дмитрий КАРПОВтың сәтсіз өнер көрсетуі чемпионат аяқталар тұстағы сенім жібін мүлде үзіп жіберді.

Ірі жарыстың аты қашанда ірі жарыс қой. Мұнда біреудің сағы сынса, екіншісінің мерейі үстем болады. Десек те ел намысын ту еткен 14 спортшымыздың барлығының “іске жарамай қалуы” жанкүйерлерді ауыр ойға қалдырғандай. …

Спорттың қай саласы болмасын білекпен қатар білікті, ұлттық рухты, сонымен қатар тәжірибені талап етеді. Биылғы көктемде аяқ доптың қыр-сырын меңгеруге буыны қатая қоймаған жас футболшы өрендеріміздің футбол отаны саналатын Бразилия елінің “Оле Бразил Клаб” футбол академиясына тәлім алуға жіберілуі осы бағытта кетіп жатқан есенің орнын толтыруға жасалған төте жол деп қуандық. Сол секілді ендігі таңда желаяқтарымызды да жүгірудің әдіс-тәсілдерін көзбен көріп, қолмен ұстауларына мүмкіндік жасап, төрткүл дүниені таңғалдырып отырған Ямайка мен Кенияға жіберіп алуды ойластырсақ қайтеді?

Иә, жеңіл атлетикадан жеңіл жүлде болмайтынын ескермесек, өткен тарихқа көз жүгіртуден арыға аса алмауымыз анық. Берлинде өткен әлемдік чемпионаттағы жерлестеріміз жеңілістері бізге осыны меңзегендей”, — деп тұжырымдайды Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.

ABAI.KZ. Ақберен ЕЛГЕЗЕК “Түйткілі көп ТМД” деген мақаласында төмендегідей өз пікірін білдіреді: “Кеңес Одағының мұрагері ретінде құрылған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына Гүржістан енді мүше емес. ТМД-ның құрамынан шығу жөніндегі шешімді Гүржістан Президенті Михаил СААКАШВИЛИ 12 тамызда Тбилисиде өткен митингіде мәлімдеген болатын. Осы мәлімдемеден 6 күн өткеннен кейін, яғни 18 тамызда Гүржістан ТМД атқарушы комитетіне мүшеліктен шығу жөніндегі құжатын ресми түрде тапсырған болатын.

Шындығына келгенде, Саакашвилидің бұл мәлімдемесі Ресейге қарсы бағытталған демарш еді. Орыс-гүржі соғысының бір жылдығына орайластыра жасалған дипломатиялық қадам арқылы Гүржістан ТМД құрамына кіретін тәуелсіз мемлекеттерді социализм тарихының салдарынан ес жиып, әлі күнге дейін әлсіремей келе жатқан Мәскеудің ықпалынан шығуға шақырды.

… Әрине, ТМД-ға мүше әр ел бұл ұйымда өз мүддесіне сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан Гүржістан секілді Мәскеудің ойынын жақтырмайтындар болашақта ТМД-дан шығуы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде ТМД-ны жаңа, ықшам әрі өміршең саяси клубқа айналуына әсер етуі ықтимал. Гүржістанның мұндай әрекетінен кейін Ресей басқа елдерге жүргізіп отырған саясатын жаңадан қарастыруы да ғажап емес.

Өз кезегінде Гүржістанның ұйымнан шығуы мүше елдердің 2008 жылғы орыс-гүржі соғысына жаңаша қарауына алып келеді. Енді ТМД елдері Ресейдің күш қолдану тәсіліне үрке қарап, Мәскеу саясатына қарсы бірлесе саясат түзеді деп болжам жасауға болады. Мысалға, осы оқиғадан кейін Әзірбайжан өзінің Таулы Карабах атты саяси мәселесіне Ресейдің араласуы мүмкін деген үреймен отыруы да заңды.

Алайда, бұл жақын арада Гүржістанның артынан ТМД-дан шығу жағдайлары жиілейді деген сөз емес. Дегенмен, бұл ұйымға келешекте көзқарас өзгереді. Ол өз кезегінде Ресейдің агрессиялық саясатын жүгендеуге оң әсерін тигізеді деген ойдамыз.

KAZ.GAZETA.KZ. “Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ премьер-министр Кәрім МӘСІМОВты қабылдады. Премьер-министр мемлекет басшысына үкімет әзірлеген алдағы үш жылдық бюджеттің жобасы, оның негізгі өлшемдері, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жай-күйі туралы хабардар етті”, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мен мемлекет басшысының \»Нұр Отан\» партиясы съезінде алға қойған индустрияландыру бағдарламасын жасауға байланысты міндеттерді орындау жөнінде есеп бердім. Барлық бұл мәселелер жөніндегі есеп қабылданды және оларды одан әрі дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді”, — деді Кәрім Мәсімов.

Кәрім Мәсімов сондай-ақ егін орағының барысы, дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуы, атап айтқанда жол картасы жайлы есеп берді.

Мемлекет басшысы премьер-министрге өзінің Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс сапарларының қорытындылары бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Зейнетақы жинақтарының түсімі туралы анықтаманы бұдан былай ҚР электронды үкіметінің порталы арқылы алуға болады. Бұл туралы бүгін \»Электронды үкімет\» веб-порталының жаңа электрондық қызметтері\» атты баспасөз мәслихатында \»Ұлттық ақпараттық технологиялар\» АҚ-ның интеграциялық шешімдер жөніндегі бағытының атқарушы директоры Леонид ШИШКИН мәлім етті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бас прокуратураның сотталмағандығы туралы анықтамасы, бала тууына байланысты жәрдемақы тағайындау туралы ақпарат және азаматтың мемлекеттік зейнетақы төлемдері орталығындағы зейнетақы аударымдары туралы ақпарат секілді жаңа үш қызмет түрі пайда болды\», — деді Л. Шишкин.

Оның айтуынша, осындай анықтаманы алу үшін адам үкіметтің порталында тіркеліп, қызметтің түрін таңдап, тиісті мемлекеттік органға сұрау салса жеткілікті. Алайда, мұндай анықтаманы алу үшін басты қажетті нәрсе — электронды сандық қолдың болуы шарт, ал оны әрбір азамат тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығынан ала алады.

Өтініш жіберілген соң бірден өңдеу ақпараты келеді, адам өңдеуден кейін оның нәтижесін сол сәтте ала алады\», — деді ол. Сондай-ақ, анықтаманы мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де алуға болады.

Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі төрағасының орынбасары Ерлан ДҮРМАҒАМБЕТОВтың айтуынша, жылдың аяғына дейін электронды үкіметтің порталында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Бас прокуратура, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі, ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті мен Әділет министрлігінің электронды қызметтерін алу мүмкіндігі пайда болады.

Электронды үкіметті дамытудың 2008 — 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты тек ақпарат беру ғана емес, сонымен бірге электронды қызметтерді көрсетуге де саяды. Бұл әрбір азамат үшін мемлекетпен интернет арқылы хабарласу мүмкіндігі, және ол тек сұрау сала өтініш беру арқылы ғана емес, сонымен бірге белгілі бір электрондық өтініштерді толтыру, белгілі бір анықтамалар алу, төлемдер мен айыппұлдарды төлеу мүмкіндіктері\»,- деді Е. Дүрмағамбетов.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...