«Қазақстандағы шетелдік студенттерге білімді тек қазақ тілінде беру бізге міндет емес пе?». «Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандар құқығын сақтау мақсатында 2011 жылы 21 мамандандырылған соттар құрылатын болады»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 27 тамыз 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. “БТА банкі сотқа берген “Республика” газеті жабылса, интернет-кеңістікке көшеді”. 25 тамыз күнгі баспасөз- мәслихатында тәуелсіз “Республика” басылымының басшылары газетке жабылу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Мұхтар ӘБІЛЯЗОВ басқарған БТА банкі журналистерді әдепсіздіктері үшін айыптап, моралдық өтем талап етіп отыр.

Осы жылдың шілде айының соңынан бері “Республика” газеті БТА банкімен соттасып жатыр. 2009 жылдың 6 наурызында “Республика” газетінің 8-санында жарық көрген Мұхамеджан ӘДІЛОВтің “Хрен редьки не слаще” атты мақаласы банктің 6 миллиард 770 мың теңге депозитінен және клиенттерінен айырылып қалуына тікелей әсер еткен деп аталмыш басылымның үстінен БТА банк сотқа шағым түсірген болатын.

Осыған байланысты банк басылымның бас редакторы мен аутордан 80 млн. теңге талап еткен. “Республика” газеті бас редакторының орынбасары Оксана МАКУШИНАның сөзіне қарағанда, сот ісінің жылдам жүріп жатқанына қарап, газет өз оқырмандарымен жақын арада қоштасуы ықтимал…”

“… Осыған орай біз БТА банкінен қандай да бір пікір алуға тырыстық. БТА банкінің баспасөз хатшысы Әділ ДОСЫМОВ Азаттық радиосы тілшісінің: ““БТА” банкі газетті жабуға мүдделі ме?”,- деген сұрағына төмендегідей жауап қайтарды:

“Білесіз бе, мен қазір барлық жайтқа байланысты толық пікір айта алмаймын. Біздің мүддеміз газетке қатысты талаптарымызда көрсетілген. Меніңше, мәселе газеттің жабылу немесе жабылмауына қатысты емес, журналистік этикада жатқан сияқты. Егер сіздің басқа да сұрақтарыңыз бар болатын болса, мен оған жазбаша түрде жауап беруге дайынмын”. “Ал, “Республика” газетінің редакциясы егер газет жабылған жағдайда интернетке ауысатындарын айтады. Сонымен қатар, басылым өкілдері жаңа газетті тіркеуге жіберетіндерін де атап өтті. Олардың “Ассанди таймс” атты тіркеуден өткен газеттері болғанына қарамастан, газет басшылығы басылымның бұрынғы атпен қалғанын қалайтындарын жеткізді”,- деп тұжырымдайды Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

Аустрия парламентінде қазақ арнайы қызметінің әрекеттері туралы тыңдаулар басталды

Венада қазақ құпия қызметінің австриялық саясаткерлермен, депутаттармен, журналистермен ынтымақтастығы туралы айыптауларды зерттеу бойынша құрылған парламенттік комиссия жұмыс істей бастады. Басты назарда – Рахат ӘЛИЕВ пен Әлнұр МҰСАЕВ. … Тыңдаулар 26 тамызда басталды. Аустриялық “Ди Пресс” газетінің хабарлауынша, комиссиядағы Бостандық партиясының өкілдерін басқаратын Мартин Граф социалистердің белсенділерін қазақстандық агенттермен ақша үшін ынтымақтасқан деп ашық түрде айыптады. Тіпті тергеу комиссиясының төрағасы Мартин Бартенштайннің өзіне сыни ескертпелер жасалып, оның төрағалығының заңдылығына күмән келтірілді.

… Шілденің аяғы мен тамыздың басында-ақ бірқатар жайттар жария болып, бұл құжат құпиялылық кілті бұзылған еді. Ішкі істер министрі Мария Фектердің аустриялық парламентарилерді сатып алушылардың қазақ арнайы қызметтері екендігі туралы ашық мәлімдемесі бірден жергілікті газеттердің назарына іліккен-тін.

Сол кезде-ақ аустриялық парламенттің қандай мақсатты көздейтіндігі сөз болған еді. Аустрия үшін жергілікті саясаткерлер мен журналистерге төленген шетелдік қаржының көлемін, сондай-ақ аустриялық танымал қайраткерлердің Қазақстанның құпия қызметіне несімен жарағандығын анықтау маңызды болды.

“Остеррайх” газеті қазақ агенттерінің басты мақсаттарын былайша сипаттайды: “Қазақтар бұрынғы елші Әлиевті қайтарғысы келді. Аустрия оны бермей қойды. Қаржы ағыны содан кейін басталған…”. (Журналист Александр Народецкий мақалада өз көзқарасы мен пікірін білдіреді. Ол Азаттықтың ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).

ANATILI.KZ. “Қалың қалай, Қапшағай?”. “Қазақ қашаннан “Сулы жер нулы жер” дейді. Нулы жерге ту тігеді, қоғалы өңірге қоныс тебеді. Кеңес Одағының бел баласындай болған Қапшағай су қоймасы да сонау 70 жылдары өзінің етегіне ел қондырған еді. Бүгінде 40 мыңдай халық қоныстанған аталған аймаққа келіп демалушылар да көп-ақ. Содан болар өкінішке орай бұл су қоймасы шөлді нуға айналдырып қана қоймай, шуға да айналдыратын түрі бар.

Алматыдан алпыс шақырым қашықтықта жатқан бұрынғы мидай далада пайда болған “Қапшағай теңізінің” ұзындығы – 110 шақырым, ең ұзын ені – 25 шақырым, тереңдігі – 42 метр. Қалаға жақын орналасқандықтан оны жасанды болса да жанындай көріп демалатындар жетерлік. Әрі барар жолы тақтайдай тегіс. Біз де 40 минуттың ар жақ бер жағында жағажайға жетіп келдік. Жүргізушінің айтуынша, кей күндері тіпті 20-30 минуттың ішінде Қапшағайға жетуге болады екен. …

Жағажайдан шығып, қалалық құтқару пунктеріне жолығуды жөн көрдім. Білетіндер жақын маңдағы бірінші пунктіге баруды кеңес берді. Қаланы кәсіби жүргізушіден артық білетін жан жоқ шығар. Оң-солын таныстырып келеді. “Ривиера”, “Мулен Руж”, “Алтын алма”…Мойныңды қайда бұрсаң да – ойынхана. …

– Бүгінде қалада 20 ойынхана ашылған, 79-ға жеткіземіз деп уәде беріп отыр...”

Дүниежүзілік туристік ұйымдардың есептеуінше, 2020 жылы әлемдегі туристер саны 842 миллионнан 1,6 миллиардқа дейін өседі. ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 5,3 миллион, ал елімізде демалатын отандастар небәрі 3,9 миллиион адамды құрайды. Еліміздегі 900 туристік агенттіктердің тек 20-сы ғана ішкі нарықта жұмыс істейді. Маусым басында бір оператор компанияның өзінен 700 адам Түркияға аттанып кеткен. Ыстықкөл жыл сайын шамамен 500 мыңдай қазақстандықтың көңілін аулап отыр. American Express зерттеулері жариялағандай еліміздегі әрбір бесінші адам ең аз дегенде жылына бір рет шетелде демалады. Ал өзіміздің демалыс орындары ше? “Қолда барда алтынның қадірі жоқ” деген осы шығар”, — деп қорытты Жанар Елдосқызы.

ALASHAINASY.KZ. Бақыт ЖАНШАЕВА “Қытайлық инвестор Қазақстан заңына бағынғысы келмейді” атты мақаласында өзекті мәселе көтерді: “Ақтөбелік мұнайшы қытайлық инвесторларымен бірнеше рет соттасып жүріп, жеңіске жетті. Ақтөбе облыстық сотының қадағалау коллегиясы оның шағым арызын қанағаттандырып, 90 пайыздан астам акциясы қытай инвесторы қолындағы “СНПС- Ақтөбемұнайгаз” АҚ-та өткен акционерлер жиналысы шешімін заңсыз депті.

Басынан айтар болсақ, ақтөбелік мұнайшы Серікқали ӘБДІРЕЙІМОВ “СНПС- Ақтөбемұнайгаз” АҚ басшылығының, атап айтқанда, акционерлік қоғамдағы директорлар кеңесінің төрағасы ВАН ЧЖУН ЦАЙ мен бас директор СЮЙ КЭЦЯНнің іс-әрекеттеріне байланысты акционерлік қоғам мен оның акционерлерінің көп шығын көріп отырғанын айтып, таза кірісті бөлу тәртібінің дұрыс анықталмағандығын, бір акцияға шаққандағы дивиденд көлемі заңға қайшы белгіленгендігін айтып, шағымданған болатын.

Серікқали Әбдірейімов – “СНПС- Ақтөбемұнайгаз” АҚ-тың артықшылыққа ие акция иегері. Бұл құнды қағазды ол 1980-1991 жылдары Кеңқияқ құрылыс құрастыру басқармасында бас инженер болып қызмет атқарып жүрген кезінде алған. Ол осы уақытқа дейін басқа мұнайшылар сияқты қолындағы акциясына сай дивиденд алса, бергендеріне риза болып, алмаса, “неге бермедіңдер” деп сұрап көрмепті. Заңды жете білмейтіндігі бар, сауатының жете қоймайтындығы бар, әйтеуір, өзінің тісі батпасын білгендіктен, қозғала қоймады. “Шүкір ғой” деп, алған жалақысына риза болып, арқаны кеңге салып жүрді. Алты жыл Лондонда Бизнес мектепте оқып, елге оралған ұлы Әнуар болмағанда, сол қазақшылықпен жүре берер ме еді?! Кен өндіру саласындағы мөлдірлік бастамасын жақсы білетін ұлы Әнуар компания қызметімен, дивиденд белгілеу тәртібімен танысады”. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

Бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталған шенеуніктердің жеке блогтарының жұмысын қалай бағалайсыз?”. Сауалнаманы дайындаған Сәкен КӨКЕНОВ.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:

“– Жеке блогтардың жұмысы коррупция мен бюрократияға тосқауыл қояды деген пікір қате. Бір қарағанда, шенеуніктердің әрбірінің жеке блогының болуы демократияның көрінісі ретінде көрінетіні айдан анық. Алайда салмақтап қарайтын болсақ, бұл бастамада жарнамалық рең бар сияқты, пиар-акцияға көбірек ұқсайды. Өз басым әу бастан-ақ жеке блогтардың жемісті жұмысына үміттенген емеспін. Өйткені мұндай жеңіл қадаммен бойға сіңген бюрократиялық әдеттің тыйыла қоймайтындығын кез келген сауатты адам түсінеді. Егер шенеуніктер, шынымен де, халықпен етене араласып, олардың жағдайын түсінгісі келетін болса, жалпы халықтың деңгейіне түсіп, жұмысына автобуспен барып, анықтама алатын мекемелердің алдында кезекте тұрып көрсін. Сондағы әрекеттің беретін жемісі блогтардың жұмысынан анағұрлым артық болар еді. Сондықтан елдегі бюрократия мен содан туындайтын парақорлықтың деңгейін шенеуніктердің әр күні төрт-бес сұраққа жауап беріп қоятын блогтары сейілте алады дегенге сенбеймін”.

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:

“– Өз басым шенеуніктердің жеке блогтарын жіті бақылап отырамын. Меніңше, осы блогтардың іске қосылғандығы өте дұрыс болды. Үкімет басшысынан бастап, министрлер, әкімдер, басқа да агенттік төрағалары өздеріне блог арнап жатыр. Көп жағдайда қарапайым халықтың үні шенеуніктердің құлағына жете бермейді ғой. Жеке адамның басына бір проблема төнетін болса, ол адам өзінің арызын қолында құзыреті бар адамға жеткізе алмайды. Арызы төмен жақтан бастап, жоғарылай отырып тиісті орынға жеткенше, уақыт өтіп кетеді. Ал шенеуніктердің блогына сұрағыңды қазір енгізсең, халықтың барлығы сенің сауалыңды көріп отырады. Шенеунік сол сұрақтарға міндетті түрде жауап береді және мәселенің шешім табуын қадағалайды. Сондықтан блогтардың жұмысы, бір жағынан, халық үшін жақсы болса, екінші жағынан, билік орындарының бағыт-бағдар алып отыруына да әсер етіп жатыр. Халық пен биліктің арасын жақындата түсуге себеп болып жатыр. Сондықтан мен осы блогтардың жұмысын ары қарай да сол қарқынмен жалғастыра беру керек деп ойлаймын”.

Досым САТПАЕВ, Тәуекелді бағалау тобының директоры:

“– Сол блогтарды бақылап отырсаңыз, арасында Премьер-министрдің блогы ғана үздіксіз жұмыс істейді. Бірақ өз басым сол блогтағы сұрақтардың барлығына Үкімет басшысының өзі жауап береді дегенге сенбеймін. Оған уақыты да мүмкіндік бермес еді. Ал өзге шенеуніктер мұны да қарық қылып жатқан жоқ. Түптеп келгенде, егер әрбір шенеунік өз ісіне жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты іс атқарса, оның маңызы интернет блогтардан анағұрлым артық болар еді. Өйткені халық қашанда көп болады. Әрбірінің мәселесін блог арқылы қарастырып шешіп біту мүмкін емес. Сондықтан шенеуніктер бір жағдайға шүйлікпей, мәселені жалпыхалықтық деңгейде шешуі керек. Меніңше, бұл жеке блогтардың мәселесін қоя тұрып, электронды үкімет құруды ойластыру керек”.

Қазақстандағы шетелдік студенттерге білімді тек қазақ тілінде беру бізге міндет емес пе?”. “ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік ЫРСАЛИЕВ: “Қазақстанда ағылшын тіліндегі бағдарламалардың аз болуынан және елдің жоғары оқу орындарында білім беру ағылшын тілінде жүргізілмеуі себепті, Қазақстан шетелдік студенттерді елге тарту үрдісі бойынша көптеген елдерден артта қалып отыр” — деп санайтынын жеткізді. “Осы орайда айта кетер жайт, қазіргі таңда шетелде 30 мың қазақстандық білім алса, шетел студенттерінің Қазақстандағы саны 10 мыңнан сәл ғана асады екен. Бірақ басты қаперге алатын нәрсе шетелде білім алатын әрбір студент сол мемлекеттің тілінде оқиды екен. Ал біздегі шетелдік студенттердің барлығы дерлік орыс, ағылшын тілдерінде білім алады. Өз елімізде өзге тілде оқытудың жөні бар ма? Экономикалық тұрғыдан түсер пайданы ойлай отырып, басты құндылық – мемлекеттік тілдің жайын назардан тыс қалдырған секілдіміз. Тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі қайда қалмақ? Қазақстанда шетелдік студенттер тек қазақ тілінде оқуы міндет емес пе? Бүгінгі көкпарға түсер тақырып та осы жайында болмақ…”. Дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Дәурен БАБАМҰРАТОВ, саясаттанушы:

“– Иә, біздің еліміз Қазақстан мемлекеті болғандықтан елімізде оқитын шетелдік студенттердің де қазақ тілінде білім алғаны дұрыс. Рас, бұған көптеген дайындық шаралары да керек. Бірақ барлық жүйені бірте-бірте қазақыландыруға үйрене бергеніміз дұрыс. Себебі қазақ жерінде қазақ тілі салтанат құруға міндетті. Осы орайда айта кетер жайт, шын мәнінде, шетелдік студенттердің елімізде аз болуы ағылшын тіліндегі бағдарламалардың аз болуы мен елдің жоғары оқу орындарында білім берудің ағылшын тілінде жүргізілмеуі емес, еліміздегі ЖОО-дағы оқу сапасының талапқа сай болмауынан шығар?!”.

Әбдіжаппар САПАРБАЕВ, Экономикалық зерттеулер институтының директоры, экономика ғылымының докторы:

“– Жоқ, біз шетелдік студенттерді қазақ тілінде оқуға міндеттей алмаймыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуімізге байланысты, халықаралық тілде олардың білім алуы дұрыс. Қазіргі таңда еліміздегі шетелдік студенттердің басым бөлігі орыс және ағылшын тілдерінде білім алатыны жасырын емес. Бұл Кеңес Одағы кезінен қалыптасқан нәрсе. Және бүгінгі таңда осы жүйе ыңғайлы болғандықтан қолданылып келеді. Тек қана қазақ тілінде білім беруге әлі де болса дайын емеспіз. Әлі күнге білім саласында қазақ тілінде маман даярлайтын оқулықтар жеткіліксіз. Сондықтан Жоғары оқу орындарында шетелдік студенттер түгілі қазақ бөлімінің студенттерінің өзі орыс тіліндегі оқулықтарды оқып келеді”. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

ABAI.KZ. Ғаділбек ӘКІМ “Бірінші орыннан үшіншіге түстік немесе Грузиядағы қазақ инвестициясы” деген мақаласында Қазақстанның Грузия экономикасына көлемді инвестиция кұюға бағытталған қадамдарына назар аударады: “Осыдан тура бір жыл бұрын Ресеймен Грузия арасында мойындалмаған Оңтүстік Осетия мен Абхазия елдері үшін адам өмірін қиюға дейін барған аласапыран соғыс болғаны белгілі. Грузия үшін бұл соғыс ауыр болып, бұл ел біршама территориясынан айырылып, десуверинизация процесіне ене бастады, сонымен қатар соғыстың ең басты ауыртпалығы елдің экономика секторына тиіп, Грузия басшылығының мәліметінше соғыс шығыны 2 млрд. АҚШ долларын құраған екен. Осы оқиғадан кейін Ресей басшылығы Оңтүстік Осетия мен Абхазия елдерін ресми түрде мойындап, тәуелсіз мемлекеттер деп танығаны баршамызға аян. Қазақстан бұл өте күрделі де, қиын саяси жағдайда сабырлық танытып, аталған “жаңа” екі елдің тәуелсіздігін мойындауға барған жоқ.

Грузия үшін Қазақстан маңызы зор әріптес және шетелдік ең басты инвестор. Бұны бұл елдің ресми билігі, белсенділігі жоғары деңгейдегі Грузия оппозициясы және бизнес, іскер топтары да жақсы біліп, түсінеді”.

2005-ші жылдан бастап кейбір қазақстандық компаниялар Грузияның транспорттық, мұнай өңдеу, туризм салаларындағы инвестициялық жобаларға белсенді түрде қатыса бастады. “Бұл жылы қазақстандық “ТұранӘлем Банкі”, қазіргі “БТА Банк” Грузияда өз өкілдігін ашты және осы елде қуаттылығы 300-1000 МВт. болатын үлкен гидроэлектрлі станция салуға, Аджарияның курортты зоналарын дамытуға, осы жердегі қонақ үйлерде күрделі жөндеулермен демалу орындарын ашуға, аталған салаға инвестиция құюға белсенді түрде ат салыса бастаған болатын. Сонымен қатар қазақстандық инвесторлар Грузияның Батуми портында жалпы құны миллиард АҚШ долларын құрайтын мұнай тасымалдау терминалын саламыз деп жоспарлаған еді. Жалпы алғанда Грузиядағы қазақстандық инвесторлардың капиталы негізінен туризм саласымен мұнай-газ тасымалдау және банк саласына бағытталып отыр. ….

..Грузияның экономикалық даму министрлігінің мәліметінде, 2005-ші жылы Қазақстанмен Грузия арасындағы тауар айналымы 8,8 млн. АҚШ долларын құраса, 2006-шы жылы бұл көрсеткіш 15,6 млн. АҚШ долларын құраған екен. Қазақстан Грузияға мұнай, мақта, бидай және тағы да басқа маңызды шикізаттарды тасымалдап отыр, дегенмен бұлардың басым бөлігі транзит екені белгілі, ал Грузиядан Қазақстанға негізінен грузин виносы, бренди және т.б. заттар экспортталады.

…. Қазақстанды Грузия негізінен атап өткендей, туризм, мұнай-газ транспорты тораптары, банк-қаржы саласына инвестиция құю бойынша қызықтырып келсе, соңғы бірер жылда осы елдің агрокешен саласы қазақ инвесторларының қызығушылығын танытуда. Грузияның Қазақстан үшін маңызы үлкен. Қазақстан шикізат экспортын әртараптандыруға бағытталған саясатын үдете түсуде, ал Еуропа елдеріне шикізат тасымалы жолында Грузияның алатын ролі зор. Қазіргі кезде Грузия тарапы Қазақстан басшылығын осы елдегі ең үлкен транспортты-логистикалық жобалардың бірі Карс-Ахалкалаки-Баку желісін дамытуға ат салысуға, қатысуға және қаржы құюға белсенді түрде үгіттеп келеді.

… Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстан Грузия экономикасына 2006-2008-ші жылдар аралығында 300 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құйыпты. Әрине, бұл үлкен көрсеткіш. Тағы да бір айта кететін мәселе, өткен айдың ортасында Грузия басшысы СААКАШВИЛИ өзінің қазақстандық инвесторларға көңілі толмайтыны туралы, оның ішінде Боржоми-Ликани курортындағы санаторийді сатып алған “ҚазМұнайГаз” компаниясына тиесілі “КМГ-сервис” кәсіпорнына қатты шүйлікті….

Әрине төрт-бес жыл ағымында аталған көлемді жобаларды толықтай іске асыру және аталған секторларға көзделген қаржы көлемінің барлығын құю Қазақстанды айтпағанның өзінде, Грузияның бас қаржы доноры АҚШ-тың өзі бірнеше бөлікті транш арқылы жүзеге асырып келеді, сол себепті осындай қысқа уақытта барлық екіжақты салада жоғары деңгейлі нәтиже күту қисынсыз. Аталған көлемді инвестициялар, бұндай қысқа уақытта жоғары нәтиже бере қоюы екіталай, ол үшін уақыт пен шыдамдылық қажет. Оны Грузия тарапы жақсы түсінуі керек деп ойлаймын. Қазақстан басшылығының ресми мәлімдемелерінде Грузиядағы саяси тұрақсыз, экономикалық қиын жағдайға қарамастан, бұл ел біздің елдің бизнес өкілдері үшін инвестиция салуға қолайлы мемлекет деп айтылып келеді. Қорыта келгенде, Грузия Кавказдағы ең тұрақты және экономикалық дамуы мықты, алдыңғы қатарлы мемлекет, сонымен қатар инвестиция үшін қолайлы алаң болғысы келеді. Әлбетте дұрыс бағыт, алайда бұл жерде Вольтердің “Ұлы істер үшін мызғымас тұрақтылық қажет” — деген дана сөзін еске алуға мәжбүр боласың!”, — деп қорытты автор.

KAZ.GAZETA.KZ. “Кәмелеттік жасқа толмағандар жасайтын қылмыстардың тең жартысына жуығы тонаушылық санатына жатады….”. “Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандар құқығын сақтау мақсатында 2011 жылы 21 мамандандырылған соттар құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Астана қаласындағы кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Гүлнәр ӘБДІҒАЛИЕВА ҚР Жоғарғы сотында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті”,- деп хабарлайды Kazakhstan Today Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Жоғарғы сотта Астана мен Алматы қаласында тәжірибе ретінде Қазақстан Республикасы президентінің 2007 жылғы 23 тамыздағы жарлығымен құрылған кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қызметіне арналған брифинг болды.

Брифингте Жоғарғы соттың ресми өкілі Нұрлыбек СӘРСЕНОВ Қазақстандағы жасөспірімдер әділетінің заманға лайықты даму кезеңдері, яғни оған өткен жылғы тамызда қабылданған 2009-2011 жылдарға арналған жасөпірімдер әділетін дамыту жөніндегі республикалық Тұжырымдама күш-жігер бергені туралы айтып өтті. БАҚ өкілдеріне Астана қаласындағы кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Гүлнәр Әбдіғалиева осы Астаналық соттың алғашқы күннен ұйымдастырылуы және атқарған қызметі жайлы кең тұрғыда түсіндіріп берді.

Қазақстан ТМД елдері ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқығын қорғау бойынша мемлекеттік саясатты тыңғылықты, әрі түсінікті жүргізуде елімізде алғашқы болып қадам жасады. Жоғарғы сот республикамызда жасөспірімдерге қатысты әділет жүйесін енгізуге және кәмелеттік жасқа толмағандар сотын құруға бірден бір бастамашы болды. Кәмелетттік жасқа толмағандар үшін мамандандырылған сот төрелігінің жүйесін құрудың қажеттілігі өмірдің өзінен туындады. Еліміздегі балалар мен жеткіншектер жасайтын қылмыстарды талдау, жасөспірідермен жұмыс істеу әдісін жетілдірудің, азаматтық, қылмыстық процестерге тартылған кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтаудың қажеттілігін көрсетуде\»,- делінген хабарламада.

Жоғарғы соттың ақпаратына сәйкес, жасөспірімдер сотын құру Алматы қаласы мен Алматы облысында төрт жыл бойы жұмыс істеген \»Қазақстандағы жасөспірімдер әділеті\» жобасын жүзеге асырудан бастау алды. Жобада жеткіншектермен жұмыс жүргізуге барынша мүдделілік танытқан ведомоствалар: соттар, полициялар, прокуратура, адвокаттар, әлеуметтік және оқу-тәрбие қызметіндегі барлығы да теңдей әрекет етті. Бұлайша бірлескен жұмыстың қорытындысы оның қажеттілігі мен тиімділігін толығымен көрсетіп берді.

Жасөспірімдер әділетін белгілі мақсаткерлікпен құру, сондай-ақ ол Қазақстанның халықаралық міндеттемелерімен де жарақтандырылған. 1994 жылы республикада \»Балалар құқығы туралы\» БҰҰ-ның Конвенциясы бектілді. Сондай-ақ, 1985 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған БҰҰ-ның шектеулі стандарттағы ережелері де бар…. Кәмелеттік жасқа толмағандар жөніндегі соттарды құрудың басты мақсаты, жеткіншектерді әлеуметтік тұрғыда ақтауға барынша мүмкіндік беріп, оны қоғамнан ажыратпай, жеке адамның бұдан ары криминалдан қашық жүруге ұмтылыс жасауы — ең басты мақсат болмақ… Қоғамға тура осындай тәсіл тиімді, өйткені оған құқық бұзатын кәнігі қылмыскерден гөрі, ақыл-есі толық, салуатты азамат қажет.

Бұл — жасөпірімдер әділетінің негізгі идеясы. Кәмелеттік жасқа толмағандарға түзелуі үшін әрдайым мүмкіндік беру керек. Жеткіншектермен жұмыс жасайтын барлық жүйедегі соттардың жұмыстарын үйлестіріп отыру, үздіксіз қажет-ақ. Оның ішінде мемлекеттік және құқық қорғау органдары (әкімшілік, полиция, адвокаттар, прокурарлар) қоғамдық ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарына тікелей қажет\»,- делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...