«Банктермен бәсеке: жаңа құнды қағаздар». «Оралман жастар Ата заңды бiлу керек». \»Қазақстан Бас прокуратурасының Әлиев пен Мұсаевқа қатысты соңғы шешімінде заңнан гөрі саясат басымырақ\». «Қазақ даласында басталған»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 28 тамыз 2009 ж.

TURKYSTAN.KZ. “Банктермен бәсеке: жаңа құнды қағаздар”. “Банктердiң көпшiлiгi қаржылық дағдарыс кезiнде тәуекелдiк менеджментiнiң әлсiздiгi кесiрiнен салымшылар сенiмiнен айырылып қалды. Үкiмет банктердегi депозиттерге балама жол ретiнде 15 млрд. доллар көлемiнде мемлекеттiк құнды қағаздарды нарыққа шығаруды көздеп отыр. Ал сыртқы қарызға белшеден батқан банктерге мемлекет тарапынан қойылатын талаптар биыл күшейе түспек.

2009 жылдың 1-шiлдесi күнгi ақпараттар бойынша, қазақстандық екiншi деңгейлi банктердiң сыртқы қарызы 32 млрд. доллар көлемiнде. Әлемдiк қаржылық дағдарыс уышға бастаған 2007 жылдың соңында бiздiң банктердiң борышы 46 млрд. долларға теңгерiлген едi. Небары 1,5 жылдың iшiнде, яғни, 7-тоқсанда қарыздың 1,5 есеге күрт қысқаруын ҚР Ұлттық Банкiнiң басшысы Григорий МАРЧЕНКО “ТұранӘлемБанкi” мен Альянс банкiнiң қарыздарын қайта құрылымдаудың арқасында ЖIӨ-нiң 50 пайыздық көрсеткiшiнен 26 пайызға бiр-ақ төмендейтiнiн көлденең тартады. Ресми деректерге сүйенсек, үстiмiздегi жылдың алғашқы жартысында отандық жекеменшiк банктердiң iшкi қаржы қоры 150 млн. iшкi қаржы қоры 150 млн. долларға өсiп, қарыздары 5,9 млрд. долларға азайған. Сондай-ақ, банктерге салынған ұлттық валюта түрiндегi депозиттер көлемi де артыпты. Есесiне, шетелдiк валюта түрiндегi депозиттер едәуiр қысқарған. “Жыл басынан берi банктердiң экономиканың нақты саласына бөлген несиелерi 8,4 пайызға өстi” деп мәлiмдеген Марченко қаражаттың басым бөлiгi “Самұрық-Қазына” қорына тиесiлi екендiгiн жеткiздi. …

Тәуекелдiк менеджементiнiң әлсiздiгi кесiрiнен салымшылар сенiмiнен айырылып қалған кейбiр банктiң керi әсерi елiмiздегi барлық банкке тидi. Бүгiнде қолдағы қаражатын кепiлдi сақтандыруға мүдделi халыққа қосымша құрал қажет. Осы орайда, Үкiмет апта басында АҚШ долларына байлаулы жаңа құрал ұсынды. Қаржы министрлiгiнiң хабарлауынша, 15 млрд. теңге көлемiнде мемлекеттiк құнды қағаздарды шығарғалы отыр. Үкiметтiк кеңесте К.МӘСIМОВ аталған мемлекеттiк құнды қағаздардың жекеменшiк банктердегi депозиттерге балама вариант болатынын мәлiмдедi. Ал Қаржы министрi Болат ЖӘМIШЕВтiң хабарлауынша, бұл құнды қағаздардан түсетiн кiрiс шетелдiк валюта түрiндегi депозиттерге қарағанда аз көрiнеді”, — деп жоғарыдағыдай пікірлерін белгіледі Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

Оралман жастар ата заңды бiлу керек”. “30 тамыз-Тәуелсiз Қазақстан тарихындағы ерекше күн. Ата заң әрбiр елдiң бостандығының белгiсi. Сондықтан оны қастерлеп, құрметтеу барша азаматқа парыз. Жер жүзiнде жан-жаққа тарыдай шашылған қандастарын тарихи Отанына шақырып, оларды баспанамен, қажеттi бiлiммен, еңбекпен қамтамасыз ететiн 5 мемлекет бар екен. Қазақстан сол мемлекеттер қатарына кiредi. 1992 жылдан бастап елiмiзге Қытай, Моңғолия, Өзбекстан сияқты бiрқатар мемлекеттерден қандастарымыз “елiм, жерiм” деп оралуда. Десекте сол оралман азаматтардың көбiсi Ата заңымыздағы кейбiр заңнамалардан бейхабар. Осы мәселенi шешу мақсатында 20 тамызда Алматы қалалық көшi-қон департаментi, Алматы қалалық жастар саясатын дамытудың мемлекеттiк қоры, сондай-ақ “Нұр Отан” ХДП-ның “Жас Отан” жастар қанаты бiрiге отырып “Ата заң адам құқықтары мен бостандықтарының негiзгi кепiлi” атты дөңгелек үстел өткiздi. Дөңгелек үстелде оралман жастарға Ата заңымызды жан-жақты таныстырудың жолдары қарастырылды.“Елiмiздегi әрбiр азамат бiлiм алуға, еңбек етуге құқылы. Ат заң азаматтарды жынысына, жасына, нәсiлiне қарай бөлмейдi. Заң алдында барша азаматтар тең. Дегенмен Атажұртына оралған жастардың көбiсi заңды жiтi бiлмегендiктен жұмысқа орналаса алмайды. Көп жағдайда олар өз құқықтарын бiлмейдi”, – дейдi дөңгелек үстелде сөз бастаған Алматы қалалық Көшi-қон департаментiнiң директоры Г.А АЛТЫНБЕКОВА ханым. Жалпы Алматы қалалық көшi-қон департаментiнде 1993 жылдан берi тiркелген оралмандардың саны 1836 отбасын немесе 6642 адамды құраса, соның 60%-ы жастар екен….

Дөңгелек үстелде әр тараптан ұсыныстар айтылды. Барлық ұсыныстар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, Ата заңымызды жан-жақты насихаттау жұмыстары төңiрегiнде айтылды”, — деп қорытты Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ.

Қазақстан дағдарыстан шығып келедi”. “Өткен аптада Министрлер кабинетi бiрiншi жартыжылдықтағы елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi қорытындыларын жария еттi. Үкiмет отырысында баяндама жасаған Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт СҰЛТАНОВ биылғы жылдың маусым айында Қазақстандағы экономикалық өсiм былтырғы жылдың маусымындағы көрсеткiшпен салыстырғанда 1,4 пайызға артқанын хабарлады. Ең бастысы, басқа мемлекеттермен салыстырғанда дағдарыстың басынан берi техникалық құлдырау сатысына iлiкпеген Қазақстанда тұрақтылық нышаны анық көрiнiс беруде. …”

“…Дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасындағы тиiмдiлiк индекстерiнiң арасынан алтын-валюта қорын барынша молайта бiлген екi ел көш бастап тұр. Өткен жылдың алты айындағы қорытындыларды салыстырып қарағанда, аталған көрсеткiш Германияда — 5,2 пайызға, Қазақстанда — 3,2 пайызға дейiн көтерiлген. Ендеше, Қазақстан ТМД елдерiнiң iшiнен дағдарыстан бiрiншi болып шығып келе жатқанын iс жүзiнде дәлелдеуде. Бұл әрекет ТМД кеңiстiгiндегi елдер үшiн экономиканы қалпына келтiру кезеңiнiң басы болуы мүмкiн”,- деп тұжырымдайды Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.

AZATTYQ.ORG. Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ \»Қазақстан Бас прокуратурасының Әлиев пен Мұсаевқа қатысты соңғы шешімінде заңнан гөрі саясат басымырақ\» деген мақаласында Бас прокуратурасының әрекетіне назар аударады: “Жоғарғы соттың бұрынғы мүшесі Өтеген ЫҚСАНОВ Рахат ӘЛИЕВ пен Әлнұр МҰСАЕВқа қарсы шығарылған сот үкімінің орындалуын 3 айға тоқтатқан Қазақстан Бас прокуратурасының әрекеті заңға сәйкес десе, заңгер ЖОВТИС бұл істе саясат басымырақ деп есептейді…”.

EGEMEN.KZ. “Құзырлы қадағалау қарымы”. “Прокуратура мемлекет атынан еліміздің аумағында барлық заңдардың, Президент Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын қадағалауды жүзеге асырады. Сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Бұл тұрғыдан алғанда еліміздің Бас прокуратурасы заңдылықтың нақты орындалуын бірден-бір қадағалайтын орган ретінде Ата Заңымыздың негізінде мемлекет пен халық мүддесі үшін ерекше міндет атқарып келеді. Міне, осыған орай адам мен азаматтың бұзылған құқы мен бостандығын заңды түрде қалпына келтіретін құзырлы органның Бас прокуроры Қайрат МӘМИге жолығып, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндеті, конституциялық заңдарға сай атқарылып жатқан істер және алда тұрған өзге де мәселелерге байланысты әңгімелескен едік”.

“– Қайрат Әбдіразақұлы, прокуратура органдарының елде демократиялық жүйе қалыптастыруда, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесі зор екені белгілі. Қазір осы құзырлы органда қандай өзгерістер болып жатыр?

Иә, прокуратура органдары елдегі заңдылықтың сақталуын қадағалушы негізгі орган ретінде халық пен мемлекеттің мүддесін бірден-бір қорғаушы болып табылады. Өйткені, кез келген адам мен азаматтың құқы кез келген мемлекеттік орган тарапынан бұзылатын болса, оның заңдылығын қадағалау, заңға сәйкес екендігін айтып теріс шешімге наразылық келтіру прокуратураның міндеті. Демек, заң дегеніміз әділдік деп есептесек, сол әділдіктің барша республика аумағында сақталуын қамтамасыз ету, заңнан тыс әрекет жасалмауын қадағалау үлкен абырой. Ендеше, елімізде демократиялық жүйе қалыптастыруда әлеуметтік-экономикалық дамуда оңды нәтижелерге қол жеткізуде прокуратураның қосар үлесі мол. Соның арқасында мемлекетіміздің халықаралық беделі де бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтерілді. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың жетекшілігімен қолданыстағы заңнамалық база қайта қаралды. Бүгінде мемлекеттің құқықтық жүйесі жаңа серпінге ие болды. …

– Әлеуметтік-эконономикалық салада, әсіресе, азаматтардың, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңдылықтың сақталуын қадағалау барысында қандай өзгерістер бар?

– Мораторий мерзімінің аяқталуына байланысты алдағы уақытта прокуратураның қадағалау қызметі кәсіпкерлік субъектілеріне заңсыз тексеруді тағайындаудың алдын алуға бағытталатын болады. Мұндай фактілердің, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқығын бұзудың басқа да оқиғаларының жолын кесу мақсатымен аумақтық прокуратураларда шұғыл топтар құрылды. …

Кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тарту оқиғалары да орын алады. Бірқатар мемлекеттік органдар рұқсат беру құжаттары тәртібін дұрыс шешпей, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіреді. Аталған фактілердің барлығы бойынша прокурорлық ықпал ету шаралары қолданылып, кәсіпкерлердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Кінәлі тұлғалар заңмен белгіленген жауакершілікке тартылды. Ал азаматтардың әлеуметтік құқықтары бойынша прокурорлардың назары негізінен еңбекақының төленбеуіне қатысты мәселелерге аударылған. Сөйтіп қазір прокурорлық ықпал ету шараларының нәтижесінде 150 мыңнан астам қызметшілердің 7 млрд. теңгеден артық еңбекақылары өндіріліп берілді”. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.

Қазақ даласында басталған”. “…Алдыңғы күні Ниигатада Біріккен Ұлттар Ұйымының “Ниигатадан бүкіл дүниеге: ядролық қарусыз әлем құру үшін жаңарған ұмтылыстар мен іс-әрекеттер” деп аталатын қарусыздану мәселелері бойынша 21-ші конференциясы ашылды. Конференцияда негізгі баяндаманы Қазақстан өкілі – Мемлекеттік хатшы Қанат САУДАБАЕВ жасады….

Қанат Саудабаев баяндамасының басында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді. Онда былай делінген:

“Жапония мен Қазақстан ядролық қарудан әлемде барша елдерден көбірек зардап шекті. 2009 жылғы 29 тамызда Семей сынақ полигонында кеңестік ядролық алғашқы сынақтың өткізілгеніне дәл 60 жыл толады. Қырық жылдың ішінде полигонда 500-ге жуық ядролық сынақ өткізіліп, солардың салдарынан бір жарым миллионнан астам қазақстандықтар ауыртпалық көрді және біздің еліміздің алып аумағына зор нұқсан келді.

1991 жылғы 29 тамызда мен Семей полигонын түпкілікті жабу жөнінде шешім қабылдадым, арада бір жарым жыл өткенде тәуелсіз Қазақстан құрамында 1150 оқтұмсығы бар, әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Осы қадамы арқылы Қазақстан ядролық қарусыз әлемге жол салды, өзінің мұнан кейінгі ойдағыдай даму тарихымен қауіпсіздіктің ең сенімді кепілдігі ең қуатты қарудың мол қоры емес, басқа елдермен үнқатысу және бейбіт түрде сеніммен ынтымақтасу екендігін дәлелдеді. …”. Авторы: Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

ALASHAINASY.KZ. “Қытайдан келген қарттар зейнетақыдан неге қағылып отыр?”. “Қазақстандағы зейнетақы саясаты да жасы жеткен жандарға жыл сайын жағымды жаңалық сыйлауда. Айталық, биыл зейнетақы 25 пайызға көбейді. Бұл қадам 2010 жылы тағы қайталанса, 2011 жылы одан да асып түсіп, зейнеткерлердің ақшасына және 30 пайыз көлемінде “көгала қағаз” қосылмақшы. Бүгінгі күні ең төменгі зейнетақы төлемі – 15362 теңге, ал жоғарғы зейнетақы – 32121 теңгеге жетсе, орташа зейнетақы көлемі 22822 теңгені құрайды. Бірақ…

Осы зейнетақыны алмайтындар да бар. Бұл игіліктен атамекеніне келіп, Қазақстан азаматтығына қол жеткізген оралман ағайындар да өз үлесін алып отыр. Алайда қарттық өмірге мәрттік сыйлық ретінде бұйырып жатқан нәпақадан Қытайдан келген қариялар қағылып отыр. Қазіргі күні барды қанағат тұтқан қарттар “Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы” Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы № 126-Заңының 17-бабына сәйкес, зейнеткерлік жасқа жеткен кезде жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны ғана алып отыр. Оның мөлшері – 6859 теңге. Иә, жерде жатқан жеті мың теңге жоқ. Бұл да болса жоқтан жақсы. Бірақ Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия секілді өзге елден келген қандастар кәдімгідей өздеріне тиесілі зейнетақыға ие болып отыр. Себебі оларда еңбек кітапшасы және осы елдермен Қазақстан арасында зейнетақы тағайындау жөнінде мәміле бар. Еңбек кітапшасына қарап, олардың еңбек өтілін есептеп, сол арқылы зейнетақы төлейді”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ. (Мақаланың толық нұсқасын газеттен оқуыңызға болады).

KAZ.GAZETA.KZ. “ҚР премьер — министрі Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен бүгін Қазақстан Республикасы үкіметінің отырысы өтті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үкімет мүшелері ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі ұсынған 2010 — 2014 жылдарға арналған әлеуметтік — экономикалық даму мен бюджет параметрлерінің болжамын қарады.

Отырыс барысында \»2010 — 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы\», \»Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010 — 2012 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы\» және \»Салық салу мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы\» заң жобалары бойынша үкіметтің қаулысы қабылданды.

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ \»Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі құқықтық саясатының тұжырымдамасы туралы\» жарлыққа қол қойды”, -деп хабарлайды Kazakhstan Today.

\»Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттің құқықтық саясатының басты бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңдегі құқықтық саясатының тұжырымдамасын бекітуді қаулы етемін: бұл тұжырымдама мемлекеттің құқықтық саясаты саласындағы тиісті бағдарламаларды, Қазақстан үкіметінің перспективалық және жыл сайынғы заң жобасын жасау жұмыстарының жоспарын, Республиканың нормативтік- құқықтық актілерінің жобаларын жасауға негіз болып табылатындығы белгіленсін\», — делінген жарлық мәтінінде.

Жарлыққа сәйкес \»Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті мемлекеттік органдары өздерінің стратегиялық жоспарларын жасауда және жүзеге асыруда тұжырымдаманың ережелерін басшылыққа алуға тиіс\».

Бұл жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігіне жүктеледі. Жарлықтың толық мәтіні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында бүгін жарияланды.

Республикалық бюджеттік комиссия 2010 — 2012 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен кеше Республикалық бюджеттік комиссияның жиырмасыншы отырысы болып өтті.

Республикалық бюджеттік комиссия Қазақстан Республикасының 2010 — 2014 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жобасын және \»2010 — 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы\» заң жобасын қарастырып мақұлдады\»,- делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...