«Марғұлан Сейсембаев оппозициялық тәжірибесі жоқ екінші Әбілязовке айналуы мүмкін». «Дінтану» – діни сауат ашу ма?». «Үлескерлерді алдаған алаяқтармен мемлекет соттасады, ал халық баспанасыз қалмауы тиіс»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 1 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. “Марғұлан Сейсембаев оппозициялық тәжірибесі жоқ екінші Әбілязовке айналуы мүмкін”. “Альянс банктің негізгі акционері Марғұлан СЕЙСЕМБАЕВ өзінің “шетелдегі демалысынан” әзірше Отанына оралу ниеті жоқ екенін мәлімдеді. Қазақстанда жеке басының қауіпсіздігіне байланысты еліне қайтып барудан бас тартатын тағы бір ірі банкир пайда болуы мүмкін.

?азақстанның банк жүйесі шетелдік серіктестер мен бақылаушыларға алаңдатарлық жаңа хабарлама жөнелтіп отыр. Осы аптада Қазақстанның қаржы полициясы Еуразиялық банк басқармасының бұрынғы төрағасы Жомарт ЕРТАЕВты 1,1 миллиард доллар болатын бөтеннің мүлкін ұрлап, талан-таражға салды деген күдік негізінде тұтқындады. Ол 2002 және 2007 жылдар аралығында басшылық еткен Альянс банкке осындай көлемдегі залал келген тәрізді…

Банктің баспасөз хатшысы Михаил ЕГОРИН “Блумберг” агенттігінің тілшілеріне Жомарт Ертаевтың ісіне қатысты түсінік беруден бас тартты. Еуразиялық банк Александр МАШКЕВИЧ, Алиджан ИБРАГИМОВ және Патох ШОДИЕВтің меншігі болып есептеледі. Олар сонымен бірге, Қазақстанда тіркелген феррохром, темір және алюминий шикізатын өндірумен айналысатын ENRC бірлестігінің негізін қалаушылар болып саналады… Былтырғы жылдың қыркүйек айында журналистерге берген сұхбатында Александр Машкевич Жомарт Ертаевтың “күшті, әмбебап несиегер банкті” құру үшін Еуразиялық банкке қызметке алынғанын айтқан болатын…”

Дегенмен, Марғұлан Сейсембаевтан ерекшелігі сол, Мұхтар ӘБІЛЯЗОВ НАЗАРБАЕВ режимімен күресте саяси тәжірибе жинақтаған адам болып саналады. Әрине, бұлардың екеуі де кезінде, ара-арасында басқа да қазақ топ-бизнесмендерімен қатар жүріп, “иесіне шын бағынған, адал” адамдардың ашық хатына қол қойып, советтік дәстүрге сай түрде бұрынғы премьер-министр Әкежан ҚАЖЕГЕЛДИН мен Аустриядағы бұрынғы елші Рахат АЛИЕВ тәрізді “сатқындарды” айыптаудан құралақан қалған жоқ. Альянс банк басқармасының бұрынғы төрағасы Жомарт Ертаевтың тұтқындалуы Қазақстандағы қиыншылықтарға ұшырап отырған банкілер ахуалына жарығырақ сәуле түсіруге тағы бір мүмкіндік бермек, алайда бақылаушылар мен инвесторлар бұл жайт Альянс банк проблемаларының барлығының басын ашып береді деп құр босқа үміттенбеуі керек деп түсінік береді аталған ахуалға “Силк Роуд интеллидженсер” сайты”, — деп өз пікірін білдіреді Кенжалы ЕСБЕРГЕН.

Қазақстан Армиясы жаңа саяси маусымды әскери шерумен бастады”. “Тамыздың 30-ы күні Астанадағы “Қазақ елі” монументі алдында әскери шеру өтті. Ол Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналды. Азаттық тілшісі ресми Астананың әскери мүмкіндігін көрсетуіне не себеп болғанын білуге тырысқан еді.

Армия жасақтары мен әскери техникалардың мүмкіндігін көрсету сияқты ұмытылып бара жатқан шараларды көрнекі түрде жарнамалауға қырғи ұшақтар тартылған. Сол себепті Астананың көгіндегі әскери оқу-жаттығу көріністерін тамашалауға жұрт таңертеңнен жиналды.

Конституция күніне арналған әскери шеруге совет кезіндегі ауыр көліктермен қатар бүгінгі заманғы Хаммер сияқты 120 шақты соғыс техникасы мен 2 мыңнан аса әскер қатысты.

Бұл шеруге қатысушылар мен қонақтар алдында сөйлеген Қазақстан президенті, Қазақстан Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ата заңмен қатар 14 жылдың ішінде ел экономикасы 8 есе көтерілді, халықтың табысы 17 мәрте өсті деп айтты.

Президент Назарбаев Қазақстанды Орталық Азияның жауапкершілікті, сенімді әрі негізгі әріптес елі деп атады…

Қазақстанның қазіргі Конституциясының маңыздылығы мен тиімділігі туралы Азаттық радиосына пікір білдірген Назарбаевтың жақтастарының бірі, сенатор Ғани ҚАСЫМОВ кемелденудің шегі жоқ деді. Оның пікірінше, конституциялық процестің даму серпіні бір орнында тұрған жоқ. Дамыл-дамыл енгізіліп тұратын өзгерістер мен толықтырулар ақталған және бізде оған 200 жыл тимейміз деп басылған мөр жоқ дейді Ғани Қасымов. Сонымен қатар Қазақстан президентінің тағы бір үзеңгілесі, бұрынғы депутат Серік ӘБДІРАХМАНОВ “Қазақстан Конституциясы әп-әдемі, көптеген демократиялық елдерден жақсы болмаса, кем емес” деп санайды.

Ал “Сарап” орталығының директоры, саясаттанушы Нұрлан ЕРІМБЕТОВ Азаттыққа берген сұхбатында, қазіргі Ата заң Қазақстан азаматтарының қолында жүретін кітапқа айнала алмады деп есептейтінін айтты.

Ол ел Конституциясында ұсақ-түйек нәрселердің бәрі егжей-тегжейлі жазылғанымен, Қазақстандағы адамдар үкімет пен министрлер қаулысы бойынша жүреді дейді. Оған мысал ретінде Ерімбетов азаматтардың бейбіт шеру мен жиын өткізуге құқы бар екенін алға тарта келе, “Менде Конституцияда жиындар мен шеру өткізуге құқым бар екені жазылған, сол себепті мені әкімшілік пен мәслихаттың шешімдері алаңдатпауы тиіс!”- дейді.

Осылайша азаматтық мереке мен әскери шеру тығыз байланыстырылып жіберілген бұл шарадан Нұрлан Ерімбетов егер жоғарыда парақор-генералдар отырған болса, соңғы айларда әскери шенге қонған шаң-тозаңды тазартып, армияда да кәдімгі таза адамдар бар екенін көрсетіп, біздің армия жаман деп ойламауымызға желеу болды деп біледі…”, — деп жоғарыдағыдай пікірлерін белгіледі Жасұлан КӨЖЕКОВ.

EGEMEN.KZ. “Нұрсұлтан Назарбаев: Конституция – біздің асқақ абыройымыз!”. 2009 жылғы 30 тамызда елімізде Конституция күні кеңінен аталып өтті.

Астанада, “Қазақ елі” монументінің алаңында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған әскери парад болды. Онда Мемлекет басшысы, Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

Қымбатты отандастар!

Қадірлі қонақтар!

Сардарлар мен сарбаздар!

Сіздерді Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Конституция күні – біздің мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі.

“Көптің сөзі – киелі”, дейді дана халқымыз. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған Басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.

Конституция мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!

Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық.

Біз аз уақытта айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасқан әлеуетті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.

Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

Конституция күнінің елдік пен егемендіктің, іргесі берік мемлекеттіліктің темірқазығына айналған әсем Астанамыздың төрінде, “Қазақ елі” монументі орналасқан орталық алаңда өтуінің де өзіндік мәні зор.

Ұшар басында алып самұрығы қанат қаққан “Қазақ елі” монументі бабаларымыздың “мәңгілік ел орнату” идеясына қойылған ескерткіш-белгі! Халқымыздың өткені мен болашағын жалғап тұрған, оның мәңгілік мұраты мен асыл арманы бейнеленген бұл алаң – еліміздің басты алаңы!

Байтағымыздың осы басты алаңында бүгін тұңғыш рет мерекелік әскери парад өтуде.

Конституция – біздің асқақ абыройымыз, Қарулы Күштер – ашық аспанымызды қорғайтын айбынды айбарымыз!

… Конституция біздің басты құндылықтарымызды – Тәуелсіздікті, Бейбітшілік пен Тұрақтылықты ғасырларға бекітті. Барша мемлекеттік институттардың, әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтардың қырағы күзетінде болу. Конституция күні құтты болсын!

Тәуелсіз Қазақстан жасасын!”.

Халық бірлігі – мемлекеттіліктің басты құндылығы”. “…1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы қазіргі таңда, еліміздің мақтанышына айналған – этносаралық төзімділіктің қазақстандық үлгісінің берік негізін қалады. Конституцияның беташарында “Біз, Қазақстан халқы…” деп басталатын сөз тіркесі этностық және діни ерекшелігіне қарамастан еліміздегі барлық азаматтардың тең құқығына кепіл болып, этносаралық қатынастар саласында жүргізілетін мемлекеттік ұлттық саясатты заңды түрде бекітті. …

Негізгі заңның 39-бабында “Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады” деп нақты аталып, бекітілген. …Аталған конституциялық қағидаттар 1996 жылы қабылданған ҚР Мемлекеттік сәйкестілікті қалыптастыру тұжырымдамасы, 1996 жылы бекітілген Мемлекеттік тіл тұжырымдамасы және Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы арқылы жетіліп, дами түсті. Тіл туралы заң Қазақстандағы мемлекеттік және ресми тіл мәртебесін құқықтық тұрғыда нақтылап, оны этностық пікірсайыс алаңынан құқықтық арнаға бұрды. 2000 жылдары этносаралық қатынастар саласындағы құқықтық негіздерді жетілдіру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының орта мерзімді кезеңге арналған стратегиясы, Тілдерді дамыту мен қолдануға арналған мемлекеттік бағдарлама, “Қоғамның идеялық ұйысуы – Қазақстанның дамуының басты шарты” тұжырымдамасы қабылданды.

…Алыс және жақын шет елдердің көптеген саяси бағыттағы мамандарын “Әлеуеттік күші орасан қазақстандық этносаралық қатынастың негізі неде?” деген сұрақ қызықтырады. …Егер тарих беттеріне үңілетін болсақ, тұрғылықты қазақ халқы үшін төзімділік жүріс-тұрыс нормасы, қарым-қатынас мәдениетінің ажырамас бөлшегі және ата-бабамыздан ауысқан қасиет екендігі айқын.

…Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар Мәжілісте белсенді қызмет атқарып, екі заң жобасының қабылдануына себепкер болды және 13 заң жобасын әзірлеуге тікелей қатысты. …Мәжіліс қабырғасында ҚХА депутаттары тарапынан мемлекеттік деңгейде көтерілген мәселелер – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оралмандарға нақты көмекті арттыру, этномәдени бірлестіктерді қаржыландыруды жетілдіру, мәдениет және білім ошақтары ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу, білім саласындағы заңнаманы жетілдіру, оқулықтар мен оқу құралдарының сапасын арттыру, ҰБТ-ны тапсыру жүйесін реттеу болып табылады.

Заң шығару органдарында қызмет ететін Ассамблея өкілдері демографиялық және көші-қон саясатын реттеу, жұмыспен қамту орталықтарының қызметін құқықтық тұрғыда қолдау, шет елдерде тұратын отандастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаны жетілдіру мәселелерін шешуге шақырып, нақты шаралар қолдануда. ҚХА депутаттарының тікелей ұсынысымен академиялық және бірқатар мемлекеттік театр қызметкерлері (корей, ұйғыр және неміс), сонымен бірге мемлекеттік “Салтанат” би ансамблінің шығармашылық ұжымы, “Камилот Қазақстан” классикалық ән ансамблі және “Ақ жауын” мемлекеттік камералық оркестрі қызметкерлерінің жалақысындағы олқылықтардың орны толтырылды”.

“….Елімізде өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде білім беретін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте өзіндік сабақ ретінде жиырма этностың тілі оқытылады. Отыз этностың тілін оқытуға арналған 195 лингвистикалық орталық ашылып, қызмет етуде. Елімізде қазақ және орыс театрларынан өзге өзбек, неміс, корей және ұйғыр театрлары жұмыс істейді. Олардың үшеуі ТМД аумағындағы жалғыз театр болып табылады. Этностардың тілі мен ділін сақтау саясатын қолдау мақсатында елімізде 35 этнос газеті мен журналы шығарылады. Газет-журналдар он бір тілде шығарылса, жеті телебағдарлама көрермен көзайымына айналып отыр.

Қазақстанда тату-тәтті, бір-біріне сый-құрметі артқан, Отанының нағыз патриоттары өмір сүріп отыр деп сеніммен айтуға болады. Халық бірлігі – қазақ мемлекеттілігінің, қоғамдық құндылықтар негізі. Қоғамдық бірлікті ту етіп ұстау арқылы ғана біз алдымызға болашағы күшті, өркендеп дамыған Қазақстан елі туралы нақты мақсаттар қоя аламыз”, — деп тұжырымдайды Ералы ТОҚЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.

ALASHAINASY.KZ. “Республика бойынша құрылысы аяқталмаған мектептердегі оқу процесін бұзған құрылыс компанияларына қандай жаза қолдануды ұсынар едіңіз?”. Дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ.

Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:

“– Жалпы, қазір құрылыс саласына қатысты өзекті мәселелер жеткілікті. Бұл құрылыспен кім болса соның айналысып кеткенінен болса керек. Азаматтық кодекстің 619-бабында құрылыс саласындағы тапсырыс беруші мен оны орындаушы арасындағы келісімшартта әрқайсысының қызметтері мен міндеттері нақты көрсетілген. Заң бойынша құрылыс компаниясының құрылыс жүргізуге арналған барлық мамандарымен қатар, құралдары да сақадай сай болуы керек. Алайда қазіргі таңда мұның бәрінің дұрыс болуына ешкім назар аударып жатқан жоқ….”

Совет-Хан ҒАББАСОВ, педагогика ғылымының докторы:

“– Мұның басты себебі – бақылаудың жоқтығынан. Болашағымыз – балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы керек. Осы орайда облыс, аудан басшылары да білім ошақтарының жағдайын бақылап отыруы керек еді. Бақыламайды екен, аудан, облыс басшыларын орнынан алу керек. Осылайша, құрылыс компанияларын тізгіндеуге болады. Мектептердегі жөндеу жұмыстары үшін жеткілікті қаржы бөлініп жатыр. Бірақ осы бөлінген қаржының жан-жағында жүргендер құрылысты сапалы әрі тезірек аяқтау жағын емес, сол ақшадан жеп қалу жағына бас қатырып жүреді. …”

Ғалия ӘМІРТАЕВА, Республикалық “Ар-намыс” қозғалысының төрайымы:

“– Жаз бойына біз ең алдымен мектептерді жаңа оқу жылына ойдағыдай дайындап алуымыз керек еді. Алайда республика бойынша әлі де болса 800 мектептің күрделі жөндеу жұмысын үлгере алмай жатқаны өте ұят жағдай. Жаз бойына бітіре алмаған құрылыс компаниялары енді қалған 2-3 күн ішінде өз жұмысын сапалы аяқтай қояды деу мүмкін емес нәрсе. Құрылыс жұмыстарының осылай дұрыс жүргізілмеуінен өткен жылы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты бір ауылдың балаларының қыс ортасында білімнен қол үзіп қалғанын да кездестірдік. Сондықтан қадағалау жұмыстарын күшейту керек. “Іс бітіп, қу кеткен соң” жазалауды ойламай, алдымен қадағалауды күшейтсек, көп нәрсенің алдын алуға болар еді”.

USHKIYAN.KZ. “Конституцияны қалай құрметтеу керек?”. “Мемлекетті сыйлау Конституцияны сыйлаудан басталады”. Сұхбаттасқан Дәурен ОМАРОВ.

Мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғайрат САПАРҒАЛИЕВ:

“– Мемлекетті сыйлау Конституцияны сыйлаудан басталады. Мемлекеттің құрылымы, алдына қойған мақсаты, азаматтарына деген қамқорлығы, бір сөзбен айтқанда қоғамдық қатынастарды қамтитын үрдістердің барлығы осы құжатта жазылған. Сондықтан елдікті сыйлау үшін Конституцияны сыйлау керек. Ал, енді осы жерде “конституцияны сыйлау барлық халықтың ойында бар ма, баршасы құрметтеулік жоғары дәрежеге жетті ме?” деген мәселе туындайды. Одан шығатын мәселе, “сыйлау үшін, ең алдымен, Конституцияны білу керек” деген тәмсіл шығады. …Конституцияны барлық азаматтар осы күнге шейін жетік оқыды, түсінді, білді, ұқты деп батыл айтуға бола ма? Бұлай деуге негіз жоқ. Егер оқымаса, түсінбесе, білмесе, онда сыйлайды, қадіріне жетеді деп айта алмаймыз. ..Құрылысшылар, үлескерлер, жер алу үдерісі… сонда көптеген азаматтар алаяқтардың алдауына түсті. Босып кетті. Егер олар өздерінің Конституциялық құқығын білетін болса, оны жүзеге асырудың жолын анық түсінетін болса, ондай күрделі жағдайға түспеген болар еді. Немесе екінші деңгейлі банктерді алайық, азаматтарымыз өздерінің жиған-тергенін соларға салады. Ал олар өз кезегінде не банкрот болады, не басшылары ақшаны алып қашып кетеді. Халық оларға имандай сенеді…”.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жауапты хатшысы Жанна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА:

“- Кез келген мемлекеттің мемлекеттілігін танытатын басты құжат – Конституция. Яғни, Конституцияның, Ата Заңымыздың қабылданған күнін құрметтеу – елдігімізді, тарихымызды және ертеңімізді қастерлеу. Бұл күн – тәуелсіз, азат Қазақстанның негізгі елдік, мемлекеттік қағидаттарын заңмен бекіткен күн. Негізінен біз Конституция күнін құрметтеуді Ата Заңымызды, жалпы заңды құрметтеуден бастауымыз қажет. Ол үшін Конституциямызды басшылыққа ала отырып, ең алдымен, мемлекеттілігімізді, егемендігімізді нығайтуға атсалысуымыз керек. Екіншіден, Конституция қағидаттары мен құндылықтарын мүлтіксіз орындауымыз керек….”.

Филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ:

“- Үш жүз жылдық бодандықтан кейін қол жеткен тәуелсіздік заманында пайда болған Ата заңымызды құрметтемей, нені құрметтемекпіз?! Біздің Ата заңымыздың іргетасы ойма жазу ескерткіштерінде жатыр. Бұл біздің саяси санамыздың көрінісі болатын. Бізді үнемі жабайы, артта қалған, саяси санасы өспеген деп қарайтын евроцентристер мен китаецентристердің идеологтары бұл мәселені өздерінің тарихымен салыстыра отырып қараса, ұятқа қалары анық. Бірақ, “бетпақ жеңдім дейді, бейшара көндім дейді” дегені сияқты біз ендігі заманда көнбейтін мінез көрсете бастаймыз. Оған біздің заттай да рухани да толық іргетастарымыз бар. Бірақ біздің бүгінгі Ата заңымыз батыстық танымның негізінде жасалуы бізді ойландыра береді….”.

Жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Дулат ИСАБЕКОВ:

“- Бүкіл ел болып, парламент болып, Конституция деген жарықтықты қабылдадық. Енді сол Конституцияның орындалуы кейде наразылығымызды да тудырады. Конституция орындалмайды, қабылданады. Керек кезінде өзгеріске түсе береді. …Конституцияның заңы – бәрімізге ортақ заң. Ол – тіпті, идеологиямыздың басты құралы. Сол идеологиямыздың басты құралын кейде жүрдім-бардым қараймыз….Ел боламыз десек, ел болып қабылдаған Конституцияны, Ата Заңымызды сыйлауымыз керек. Сол кезде ғана ел көгереді, сол кезде ғана сыбайлас жемқорлық дегеніңіз, ішіп-жеп, шетелге қашып кететініңіз де тыйылады. Әлі де болса, кеш емес. Біз сол заңның жолымен жүруіміз керек. Батыс елдері сияқты ұлтымыз Конституцияның сақталуын жоғары биліктен талап ете білуі керек”.

ABAI.KZ. Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ “Дінтану” – діни сауат ашу ма?” деген мақаласында Білім министрлігі бастамасына назар аударады: “..Ақпарат құралдарында көтерілген мақалаларға сараптама жүргізсек, авторлардың дені бұл пәнді енгізуге әлі дайын емес екенімізді айтады. Себебі, ““дінтануды” конфессионалдық негізде оқытамыз ба, жоқ, теориялық тұрғыда танытамыз ба?” деген сұрақ басы ашылмаған күйде қалып отыр. Осы сұрақты мамандарға қойып көрген едік”.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек МУМИНОВ:

“- Жалпы, \»дінтану\» деген пән болмайды. Себебі, дінді тарих, әлеуметтану, саясаттану, этнология тағы басқа көптеген ғылым салалары зерттейді. Ал, АҚШ-та дінтанудың теориясын магистратурадан бастап оқытады. Бакалавр дәрежесіндегі студенттердің өзін-де оқытпайды. Өйткені, теориялық дінді мектеп оқушысы емес, магистр дәрежесіндегілер оқуы керек. Оған дейінгі мектеп, бакалавр дәрежесінде арнайы пәндер: математика, тарих, физика секілді пәндерді меңгеріп, біліп алуыңыз керек…. Министрлік қаулы қабылдап қойды. Енді оны бірер жылда жүзеге асыру үшін асыға бастайды. Менің ойымша, діндер тарихын оқытады, ал теориялық дінді оқытуға тістері батпайды, білімі жете бермейді. Ғ.Есімнің оқулығына келер болсақ, ол — философ. Дін тек қана пәлсапа емес қой, ол — практика, сенім, дәстүр, тарих және т.б. Ол бұның бәрін біле бермейді ғой. Ол мәселеге философ көзімен қарайды. Жан-жақты ракурстан қарау үшін көп уақыт, маман, талқы керек. Меніңше, бұл пәнді былай жүйелейді: алғашқы тақырыпты Қазақстан Республикасының Коституциясынан бастайды, сосын анимизм, тотемизм секілділерді айтып келіп, буддизм, христиандыққа түседі. Артынша исламға келіп тоқтайды. Бұл бесенеден белгілі нәрсе ғой…”

Философия ғылымдарының докторы Бәтима АБИРОВА:

“ — Бүгінгі таңда өзге діннен шыққан секталарды айтпағанда ислам діні ішінде түрлі пиғылдағы ағымдар қаптап кетті. Жастар әр діннің жетегінде кетіп бара жатыр. Ал дінтану пәні осыларды ашықтап, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратып беру керек. Тағы бір айта кететін жайт, ол — дінтану оқулығын жазу мәселесі. Дінтану кітабында түрлі сенімдердің тарихын, ілімін, қалыптасуын объективті жазу керек. Онда эмоция қоспаған жөн. Бір-екі автормен ғана шектелмей, бірнеше автордың бірігуімен жазылып, көпшіліктің талқысынан өтуі керек. \»Қандай секта болды? Оның мақсаты не?\» деген сұрақтарға жауап алатындай тарихи, ғылыми-классикалық тұрғыда түсіндіретін оқулыққа зәруміз. Қазір жастардың алып-ұшып тұрған кезі, бәрін білгісі келіп, ізденіп тұрады. …Эмоцияға берілмей, бірақ ұрпаққа жаны ашып, рационалды түрде сарапталғаны абзал. Дінге қатысты кітаптардың бәрі жүрекпен жазылу керек емес пе? Бір ғана оқулық бар, ол — Ғ.Есімдікі. Бірақ ол мектептің тіліне арналмаған, екіншіден, менің ойымша, жүрекпен жазылмаған. Міне, осы оқулық мәселесін шешпей пәнді қалай оқытатынын түсінбеймін. Бүгінгі таңда кей мұғалімнің өзі сектаға кіріп кеткен. Сосын ол пәннен сабақ беретін мұғалімнің өзі қандай кітапқа сүйеніп балаларға дәріс береді? Оның кейін шикілігі шықпасына кім кепіл? Қазақтың өзіндік рухани жолы бар. Сырттан оқып келген жат пиғылды адамдар қазақтың жолына түзету енгізгісі, жоққа шығарғысы келеді. “Бұларың дұрыс емес”, “түрік бол” немесе “арабша жүр” дегісі келеді. Салт-дәстүріне қарай, танымына, тынысына қарай олардың да исламы өзгеден бөлек. Сондықтан біреудің сенімін негізсіз біреуге таңудың қажеті жоқ. Міне, осындай мәселелерді, қазақтың рухани жолын түсіндіре алатын пән болуы қажет”.

Саясаттанушы Әзімбай ҒАЛИ:

“ — Ресейдің тәжірибесі бойынша, олар мектептерде православтық мәдениетті, этиканы тереңірек оқытады. Баланың санасы қалыптаспай тұрғанда мәдениетін сіңіріп үлгереді. Ал, біз қазақ мәдениетін. Яғни ислам дінін оқытқанда мәдениет, мемлекетшілдік, ұлттық болмыс, мүдде тұрғыда оқыту керек. Өйткені, исламды діни тұрғыда түсіндіріп кетушілер арасында ваххабизмге жақын қылып жіберу қаупі бар. Әйтпесе, бұлардың барлығы керегі жоқ. Дәріс қазақ тілінде берілуі керек. Қазақ исламын қазақ тілінде түсіндіруге болады. Ол сунниттік ағым — Әбу Ханифа мазғабы — сопылық жол, сосын қазақ руханияты деп кете береді. Қазақтың сан ғасыр қалыптасқан руханиятына негізделсе, нәтижесі жақсы болады деп есептеймін. Православтық мәдениетке түсіп қалмас үшін орыс сыныбында оқитын 30 пайыз қазақ баласына да дәрісті қазақ тілінде жүргізсе деймін. Және бізде исламды орысша түсіндіретіндер қазақ рухынан алыс болады”. (Мақала “Үш қиян” газетінде, 27.08.2009. жарық көрді).

KAZ.GAZETA.KZ. “Үлескерлерді алдаған алаяқтармен мемлекет соттасады, ал халық баспанасыз қалмауы тиіс. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада құрылысы аяқталған үлестік құрылыс нысандарындағы пәтер кілттерін тапсыру рәсімінде атап көрстеті”, — деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Президент үлестік құрылысқа қатысты проблема туындағанда мемлекеттің алдында \»не істеу керек\» деген сұрақ туындағанын айтты.

Үлескерлер құрылыс компанияларымен өздері келісім-шартқа отырды, олармен өздері соттасып, қаражаттарын қайтарып алсын деген ұсыныстар болды. Мемлекеттің үлескерлерге беретін қаржысы жоқ, несие берейік немесе пәтерлерді жалға берейік деген де ұсыныс болды. Осының бәрін ой елегінен өткізіп мен үлескерлерді алдаған алаяқтармен соттасуды мемлекет өз қолына алып, қаражатты қайтадан мемлекетке қайтарып алу керек, бірақ халық баспанасыз қалмауы тиіс деген шешім қабылдадым\», деді.

Егер де біз алдын ала қиыншылықты ойлап, мемлекеттік қор жинамағанымызда Үкімет дағдарысқа қарсы ешқандай бағдарлама жасай алмаған болар еді. 60 мың үлескер пәтерсіз қалып, әлеуметтік жағдай да төмен болар еді\», — деді салтанатты рәсімде Н. Назарбаев.

Елбасы Ұлттық қордан жиналған қаржының арқасында мемлекетке де, халыққа да көмек жасалып отырғанын атап өтті. \»Дүние жүзінде ешбір мемлекет үлескерлерге көмек жасамайды. Себебі сіздер құрылыс компанияларын өз еріктеріңізбен таңдап, олармен келісімшартқа отырдыңыздар. Оған мемлекеттің қатысы жоқ\», деді президент.

Осы орайда Елбасы үлескерлер проблемасы болашақта қазақстандықтарға сабақ болуы тиістігін атап көрсетті. \»Үлескерлердің ішінде жиған-терген қаражатын түгел пәтерге салған адамдар, бұдан бизнес жасаймын деп, 10-20 пәтерге ақша салғандар да бар. Біз бір пәтерге ақша салғандарға көмектесеміз, соңғыларына көмектеспейміз. Сондықтан бұл мемлекеттің халыққа жасап отырған ерекше қамқорлығы\», деді Н. Назарбаев.

Елбасының айтуынша, қолға алынған шаралардың арқасында биыл Қазақстанда 30 мың үлескер пәтерін алады. Ал қазіргі таңда үлескерлерді алдаған 48 алаяқ түрмеге жабылған…

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...