«Нұрсұлтан Назарбаев: лайықты болашаққа сенімді болайық». «Қытайдан қазақ көші тоқтап тұр, ал көшіп келгендер азаматтық алуға асықпайды». «Қазақ драматургиясы бүгінгі қоғам талабын орындай алып отыр ма?». «Урімшіге үлкен саясат келді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 2 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. “Қазақстанда 2,5 миллионнан астам мектеп оқушысы жаңа оқу жылын бастады”. “Ресми мәліметтер бойынша биыл 296 мың 584 бүлдіршін мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттады. Оқу жылының ерекшелігі Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі мектеп бағдарламасына “Дін тану негіздері” пәнін енгізіп отыр, ол 9 сынып оқушылары үшін міндетті факультативті курс…”, — деп белгіледі Балжан ҚАЛАҚҚЫЗЫ.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ “Қытайдан қазақ көші тоқтап тұр, ал көшіп келгендер азаматтық алуға асықпайды” оралмандардың көші-қон мәселесіне назар аударады: “Екі жылдан бері Қытай қазақтары Қазақстанға отбасымен көшіп келу мүмкіндігінен айрылып отыр. Ал Көші-қон комитетінің төрағасы көшіп келем деушілер үшін көші-қон квотасы дайын тұр дейді. …. Бұл күнде Қытайдағы қазақтар екі түрлі жолмен келу мүмкіндігіне ие көрінеді. Олар: туысшылау және оқуға келу жолы. …

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫ ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫН АЛУҒА АСЫҚПАЙДЫ. …Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят ӘБІШЕВ мырза:- Бас прокуратура жеке адамдардың көші-қон келісімі бойынша шақыруын заңсыз деп тауып, екі жыл бұрын арнайы қаулымен бұл істі тоқтатып тастаған болатын. Бірақ, бұл көшіп келуге кедергі келтіріп отырған жоқ. Қазір бізде көшіп келем деушілер үшін көші-қон квотасы дайын тұр. Оған бөлінген арнайы қаржы игерілмей жатыр. “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша, Ақмола облысының Қызылжар ауылында 270 үйдің құрылысы дайын болды. Бірақ, соған келуге ниет білдірушілердің саны тым аз. Ал, қазіргі сәтте Қытайдан келген екі мыңнан астам адам әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын алуға асығар емес. Қытай азаматтығы оларға бизнес жасауда, зейнетақысын сақтауда тиімді. Сол үшін олар Қазақстан азаматтығын алуға асықпайды, — дейді”.

EGEMEN.KZ. “Нұрсұлтан Назарбаев: лайықты болашаққа сенімді болайық”. Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясын ашып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Парламент атқарған жұмыстарға баға бере келіп, алда тұрған міндеттерді атап көрсетті.

Құрметті Парламент депутаттары!

Ханымдар мен мырзалар!

Төртінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясын ашық деп жариялаймын.

Құрметті Парламент депутаттары!

Сіздерді Парламенттің кезекті сессиясының ашылуымен құттықтаймын.

Біз 30 тамызда мемлекеттік мерекеміз – Конституция күнін айрықша атап өттік. Еліміздің Парламенті тәуелсіздігіміздің бұлжымас бағдарына, Қазақстан қоғамының басты құндылығына айналған Ата Заңымыздың аясында көптеген заңдар қабылдап келеді.

Сол арқылы жоғары заң шығарушы орган ретінде мемлекеттігімізді нығайту ісінде іргелі қадамдар жасауда. ….Тұтастай алғанда, төртінші шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясында 140-тан астам заң жобасы қаралып, талқыланып, соның ішінде 90-нан астам Заң қабылданды.

Бұл заңдардың басым көпшілігі ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік деңгейді көтеруге бағытталған.

Олардың арасында Салық және Бюджет кодекстері мен “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекс сияқты маңызды заңдарды ерекше атап өткім келеді.

Сессия барысында республикалық бюджеттің үшжылдық жоспары тұңғыш рет арнайы заң арқылы бекітілді.

… Он жыл ішінде қазақтардың саны 53-тен 65 пайызға дейін ұлғайды.

Солай болса-дағы Қазақстан халқының бірегей этно-конфессиялық құрамы сақталды. Елде 140 ұлт өкілдері тұрып жатыр.

Қазақстандықтардың 70 пайызға жуығы – ислам, 25 пайызы – христиан, сондай-ақ басқа да діндерді ұстанады.

… Енді Парламенттің алдағы сессиясының міндеттері туралы……

…. Кеше Германия Канцлері мен Франция Президентінің кездесуі болып, олар жанданып, жұмыс істей бастаған банктер өздерінің бұрынғы қателіктерін тағы қайталап жатқаны туралы айтты. Бұл банктер өздеріне орасан бонустар қойып, сол баяғы таптаурын жолмен жүре бастаған.

Біз мұндайға жол бермеуге тиіспіз…

… Елімізде қолын мемлекет қалтасына сұққандарды жазалаудан сақтап қалатын орынтақтар мен кабинеттер болмауға тиіс.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті құқық қорғау органдары заңға қатаң сәйкес, барлық іс жүргізу нормаларын сақтай отырып жүргізуге тиіс. Мұны мен Бас прокуратураға тапсырамын.

Құқық қорғау органдарының өздері өз қатарларының тазалығын сақтауға тиіс….”

“Құрметті депутаттар!

Тұтастай алғанда Парламенттің кезекті сессиясы қауырт болмақ.

Біздің ортақ міндетіміз ел дамуының жаңа кезеңіне дайындықты заңнамалық қамтамасыз ету болады.

Осы жұмыстың басында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының фракциясы жүруге тиіс.

Әрбір нұротандық депутат ортақ істің табысты болуына жеке жауаптылығын сезінуге міндетті.

Сіздерге үйлесімді жұмыс істеп, біздің Тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді, әрбір қазақстандықтың лайықты болашаққа, оның балаларының болашағына сенімділігін нығайтатын жаңа маңызды заңдар қабылдауларыңызға тілектеспін!

Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын. Баршаңызға жұмыста толайым табыс тілеймін”, -деп қорытты Президент.

ANATILI.KZ. “Мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылады”. 25 тамызда өткен Үкімет отырысында Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 15 млрд. теңге көлемінде МАОКАМ атты мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруды жоспарлап отырғанын айтты.

Оның айтуынша, бұл бағалы қағазды Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын жеке тұлғалар ғана, ал екінші нарықта оны жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да сатып ала алады. Б. Жәмішев алғашқы екі транштың нәтижесі бойынша Қаржы министрлігі бұл қаржы құралына азаматтардың қызығушылығын бағалайтынын, содан соң барлық шығарылымның түпкі көлемі анықталатынын атап өтті. Оның айтуынша, МАОКАМ бойынша кірістілік шетел валютасындағы депозиттерге қарағанда төмен болмақ. “Алайда біз жаңа құралдың тәуекелі жоқ екендігін ескере отырып, оған деген қызығушылық туындайды деп пайымдап отырмыз”, — деді министр. Б. Жәмішев жеке тұлғаларға арналған бағалы қағаздар 2-3 жылдық айналым мерзімге шығарылатынын айтты. Олардың номиналды құны теңгемен бағаланады және 10 АҚШ долларына баламалы. Өз кезегінде Үкімет басшысы К.Мәсімов халыққа арналған мемлекеттік бағалы қағаздар салымдарға балама болатынын, алайда енді бір жағынан банктерде депозит ашуға кедергі болмауы тиістігін атап өтіп, бағалы қағаздар шығару туралы қаулының жобасын қабылдады”.

ALASHAINASY.KZ. Тұтас әулеттің өз ұрпағынан бас тартқаны қалай? “…Сегіз жасар Әлима Нұрбаевадан әке-шешесі, ата-әжесі, туған- туыстары бәрі бірдей бас тартып отыр. Әлима туылғаннан бері өз отбасында өссе де, ата-ананың мейірімін, алақанның жылуын көрген жоқ. Үлкендердің жауапсыздығынан тең құрбыларымен қатар мектепте де бара алмады. Оның ендігі өмірі балалар үйінде жалғаспақ. Қазақ мұндайды “тірі жетім” дейді”.

Әлима 2001 жылы туылған. Әкесі – Серік Ілиясұлы Нұрбаев, анасы – Шолпан Зиядақызы Шериязданова, екеуі де дін-аман. Он жыл отау құрған олар өткен жылы тұрмыстың қиыншылығын сылтау етіп заңды түрде ажырасады. Тұрмыстың нашарлығы сылтау ғана, шын мәнінде Шолпан Зиядақызы біраз уақыттан бері Сейфуллин көшесінің бойында жезөкшелікпен айналысып, пайда тауып келген. Ал Серік Ілиясұлы отбасын тастап, өзге әйелдің соңынан кетеді. Бүтін отбасының қақ бөлінуінің негізгі себебі – осы. Нұрбаевтар отбасында осыған дейін төрт қыз бала тәрбиеленіп келген. Оның екеуі Серік пен Шолпаннан туылған балалар болса, қалған екеуі Шолпанның бірінші некесінен туған жетімектер. 2009 жылы Серік Нұрбаев пен Шолпан Шериязданова қаршадай Әлимадан бас тартамыз деп нотариалды түрде арыз жазады”.

Нұржамал НҰРБАЕВА, Әлиманың әжесі:

Өзімнің денсаулығым жоқ, ақсақалым да хал үстінде ауруханада жатыр. Кенже ұлымның Әлиманы асырауға жағдайы келмейді. …Сот процесі өткенше Әлима кәмелетке толмағандарға арналған бейімдеу және оқшаулау орталығында тұрып, одан кейін балалар үйіне жіберіледі”.

Дерек: Жыл басынан бері Алматы қаласында 22 ата-ана өз құқығынан айырылды. 47 ата-анаға әкімшілік жаза қолданылды. Қаладағы ішкі істер органдарында береке-бірлігі жоқ 1053 отбасы тіркеуде тұрса, оларда 1273 бала тәрбие алып жатыр.

Гүлнар ДУШУМОВА, Бостандық ауданының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция капитаны:

Осы салада қызмет етіп жүргеніме 10 жылдың жүзі болды. Бірақ қазақ отбасында әке-шешенің екеуі бірдей өз баласынан бас тартып отырғанын бірінші рет көруім. Мұндай оқиғаның қазақ отбасында кездесуі – жантүршігерлік жағдай”.

Әлима НҰРБАЕВА: “– Мен ата-анамды, ата-әжемді жақсы көремін. Анамның үйіне барғанымда, ол “үйде кісілер көп” деп мені қондырмайды. Анам үйге келген сайын бөтен ағаларды алып келетін. Олардың не істейтінін айтуға ұяламын. “Пәрзәнт” жетімдер үйінде де мені ұрды. Мен онда барғым келмейді, интернатта өскім келеді. Онда мені ешкім ұрмайды, оның үстіне, ата-анам да артымнан келіп тұрар еді”.

Айгүл ШӨПШЕКБАЕВА, Алматы қаласы ІІД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі:

“– Мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Әлиманың ата-анасы жауыздық әрекетке барып отыр. Тіпті ит екеш иттің өзі күшігін далада қалдырмайды. Қазір Шолпан мен Серікті ата-аналық құқығынан айыруға байланысты құжаттарды дайындап жатырмыз. Бұл қыздың мұндай ата-ананың қолында өскеннен гөрі, жетімдер үйінде өскені жақсы. Әлимаға бүйрегі бұрып тұрған туысқандары да жоқ”.

Қазақ драматургиясы бүгінгі қоғам талабын орындай алып отыр ма?”. “Қазақ драматургиясының қазіргі жай-күйі – өте бір өзекті мәселе. Көрермен театрға сахнадан өмірді көруге барады. Алайда қазіргі қазақ театрларының сахнасынан бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселелерін қозғайтын өткір спектакльдерді көру мүмкін болмай тұр. Бұған себеп біреулер мықты режиссерлік мектептердің жоқтығы десе, екінші біреулер драматургтер бүгінгі заман тақырыптарын арқау еткен шығармалар тудыра алмай жатыр деген уәж айтады. Сонда қазіргі қазақ драматургиясы бүгінгі қоғамның талаптарын орындай алмай отырғаны ма?Егер солай болса, онда қазақтың аты дардай драматургтері жазып жүрген шығармалардың салмағы болмағаны ғой. Әлде, мықты драматургтер бар, тек олардың еңбегін барынша бағалап, халыққа жеткізу жағы кемшін түсіп жатыр ма? Міне, осы мәселе бүгінгі ой-көкпардың таразысында таразыланбақ.”. Әзірлеген Айнұр СЕНБАЕВА.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, прозашы, драматург:

“- Иә. Қазақ драматургиясы жоқ деген – бұл түбегейлі қате. Жақында ғана Жазушылар одағында ІІІ пленум өтті. Сонда сөйлегендердің бәрі, соның ішінде мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕДтің өзі қазақ драматургиясының озық деңгейде екенін, жалпы, қазақ әдебиетінің дүниежүзіндегі дамыған елдерден еш кем түспейтінін айтты. Сондықтан қазақ драматургиясын жоққа шығара беруді тоқтату керек. Драматургия аспаннан түспейді. Қазақ сөз өнеріне жақын әрі өте талантты халық қой. Драматургияның бір ерекшелігі, бұл – тәуелді жанр. Ол ең алдымен режиссерға, одан кейін актерға, ең аяғы сахнаны салатын суретшіге де тәуелді. Сондықтан драматургия тек осы төрт саланың мамандары бірлесе жұмыс істегенде ғана алға басады. Соңғы екі жылда Мәдениет және ақпарат министрлігі екі үлкен байқау жариялады.

Сонда жиырмадан астам шығарма бәйге алды. Оның ішінде Қазақстанның Әкім ТАРАЗИ бастаған драматургтері: Дулат ИСАБЕКОВ, Тынымбай НҰРМАҒАМБЕТОВ, тағы басқалар жеңімпаз болды. Бүгінгі таңда осы драматургтердің екі-ақ шығармасы сахнада қойылды. Ал қалған біздің мықты драматургтеріміздің шығармаларын оқып, керек қылып жатқан адам жоқ.…”

Бағыбек ҚҰНДАҚБАЕВ, профессор, театр сыншысы:

“– Жоқ. Бұл өте бір күрделі сауал. Бұған жауап беру үшін пьесалардың біразын оқып шығу керек. Алайда бізде барлық пьесалар ешқайда жарияланбайды. Тек сахнаға шыққандарынан ғана хабардармыз. Театр басшыларының тартпаларында, Мәдениет және ақпарат министрлігінде қандай пьесалар жарыққа шықпай жатқаны бізге белгісіз. Ал сахналанып жүрген пьесалардың дені бүгінгі қоғамның биік талаптарына жауап береді деп айту қиын. Бірлі-жарым драматургтеріміздің шығармалары шетелдерде жоғары бағаланып жатқанын естиміз. Айталық, Дулат Исабековтің пьесалары Ресей театрларының сахнасында, жақында Оңтүстік Кореяда қойылды дегенді құлағымыз шалды. Бұл, әрине, қазақ үшін үлкен мақтаныш. Бірақ бұл драматургияның бүгінгі бағыт-бағдарын айқындай алмайды.

..Драматургия – өзі қиын жанр ғой. Жаңадан шыққан пьесаларды сараптамадан өткізіп, сыншылар талқыға салғаннан кейін драматург өз шығармасын қайта қарап шықса, біраз кемшіліктер түзелер еді. Алайда осы жұмысты атқаруы тиіс Жазушылар одағының драма секциясы да, театр қайраткерлерінің одағы да жөнді жұмыс істемейді”.

Бейтарап пікір Әкім ТАРАЗИ, жазушы, драматург:

– Қазіргі қазақ драматургиясы дегенде ол бір күндік пайдаға аса ма, аспай ма, заманның әжетіне, қажетіне жарай ма, жарамай ма деген сұрақ болмауы керек. Егер драматургиялық шығарма нағыз туынды болса, бұл мәңгілікке жұмыс істейді. Кезінде кеңес заманында да драматургтерді тұқыртып, “Драматургтер, сендер неге бүгінгі заманды көрсетпейсіңдер, анау сауыншы қыздар бар, қойшы жігіттер бар, соларды неге жазбайсыңдар” деп желкелеп келген болатын. Сол еліктеуге татымайтын жаман әдет әлі күнге бар. “Жаңадан ел болдық, бүгінгі қоғам туралы неге жазбайсыңдар” дегенді жиі естиміз. Үлкен әдебиет, үлкен драматургия, үлкен проза ешқашан асықпайды. Соңғы бір 15 жылда театрға барып, қазақ спектаклін көріп, риза болып қайтқан емеспін. “Қазақ драматургтері театрға келмейді” деп біздерді айыптап жатады. Егер жақсы пьеса болса, драматургтер барар еді. Егер театрдың деңгейі белгілі болса, онда қойылып жүрген шығармалар шала-шатпақ болса және тек театр басшыларының шығармалары қойылып жататын болса, оған Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Қалиқан ЫСҚАҚ неге баруы керек? Бармай-ақ бәрі түсінікті емес пе? Қазіргі театр сахнасындағы қойылымдар көңілімнен шықпайды. Астанаға көшіп келгелі бес жылда Роза МҰҚАНОВА екеуміз бірнеше рет қойылымдарға барып, ұялып, барғанымызға өкініп, еңсемізді көтере алмай, көзімізбен жер шұқып қайттық. Біздің театр сахналарында Еуропа театрларының қалдықтары қойылып, қазақ театрында жаңалық ашқандай болып жүр”.

ABAI.KZ. Урімшіге үлкен саясат келді”. “Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімші қаласына таяуда ЦЗЯН ЦЗЭМИНЬ жолдас келіп кетті. Сыртқа ақпарат таратуға сараң ҚХР өкіметінің бақылауындағы БАҚ экс-төрағаға жергілікті ұйғыр халқының өкілдері шапан жауып қашқар тақиясын кигізіп мәре-сәре болғанын көрсетумен ғана шектелді. Түймедейден түйедей зат жасай қоятын Батыс баспасөзі де әлгі зерлі шапан мен оймақтай тақияны “киіп” тымпия қалған қытай саясатына дендеп ене алмай діңкелеп отыр. Шапан жабу — ұйғыр халқының дәстүрлі дипломатиясында аса зор құрмет белгісі. Қысқасы ұйғырлар Цзян Цзэминь жолдасқа риясыз ықылас танытып аттандырып салды деуге болады.

ҚХР өкіметінің бұрынғы төрағасы Цзян Цзэминь есімін біздің ел, сірә, ұмыта қоймаған шығар. Ол адамды Шыңжаңдағы қандастарымыз қазақ тілінің табиғатына сай ЖАҢ ЗЫМЫН деп атайды.

Жаң Зымын өз тұсында қазақ-қытай қарым-қатынасына оң ықпалын тигізген тұлға. Қазақ пен қытай шекарасы дәл осы Жаң Зымын жолдас ресми Пекиннің атынан сөйлеп тұрған кезде шешімін тапты. Сонау он сегізінші ғасырдан бері, Цин әулетінің патшалық құрған кезінен бастап әркез сойыл сұрап, сұрапыл қақтығыстарға майдан беріп тұрған шекара мәселесінің шешімін табуына пәрмен білдіріп, айдаһар мінез танытқан қытай саясаткерлерін ауыздықтай алған Жаң Зымын жолдас туралы кезінде қазақ баспасөзінде кем айтылған емес. КСРО мен ҚХР арасында 33 мың шаршы шақырымға жуық шекаралық даулы белдеулердің бар екендігіне 1960 жылдардың аяғын ала Кремльді басқарған селеу бастар зорға мән берген еді. Ал бұл кезде қытайдың үлкен картасына Қазақстанның оңтүстік шығыс аймағы Балқаш көліне дейін тұтас еніп үлгергені кейін жарияға шықты. “Шекара бөлінісінің 99 пайызы эмоциядан тұрады” деп  дипломаттардың бірі айтқандай жаңағы айлапат жерге қытай жағы тістей қатып қалса, жағдай қандай сипат алар еді? Оған дәл жауап беру қиын…

Көне ханьсулардың аңызында СУН УКУНЬ дейтін маймыл тар шатқалда кездескен екі жолбарыстың айқасын бас бағып бақылайтын еді. Сун Укунь маймылдың халін кешкен қытайды ол былайғы жұрт ығатындай елге айналдырды….

Иә, бұдан былай Үрімші үлкен саясаттың орталығына айналатын сияқты. Ендеше сол саясатқа сай Қазақстанның да ұстанымы болуға тиіс. Әңгіменің бастысы арғы бетте тұратын қазақтардың қамы екендігі оқырманға түсінікті ғой деп ойлаймыз. 1993 жылғы қазан айындағы сапарында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Цзян Цзэминмен қазақтарды көшіріп алудың жайы туралы сөйлескені есімізде. Көші-қон мәселесіне ҚХР-дың сол кездегі төрағасы қарсы еместігін аңғартқан. Алайда, біздің орысқолды саясаткерлер “қазақтар Алтай, Іле аймағын байырғы қонысы санайды. Олардың көшіп келе қоюы екіталай” деп жақауратқан еді. Жағдай, әйткенменде, керісінше сипат иеленді. Қазақ көшінің беті бері бұрылды. Қазір қытайдағы қазақтар “жер бетіндегі жалғыз отаным — Қазақстан” деген ойға нық бекіген. Демек, Үрімшідегі үлкен саясаттың талқысына түсіп кетпей тұрғанда қандастарымызды жалғыз түтін қалдырмай көшіріп алуға батыл кірісу қажет. Астана қытаймен арадағы көш мәселесіне немқұрайлы қараған сайын ахуал күрделі сипат иелене беруі ықтимал. Ондай жағдайда қытаймен бүгінге дейінгі қол жеткен байланыстан айрылып қалуымыз да кәдік. Жадыңызды жаңғыртып өтейін, Қазақстан мен ҚХР басшылары мемлекеттік біріккен декларацияға қол қойып, өзара сенім шараларын бекіткен еді. Трансшекаралық өзендерді бірігіп пайдаланудың да екі жаққа тиімді жолдары қарастырлуда. Қытай Қазақстандағы ірі ивесторлардың бірі. Атасу-Алашанқай құбыр жолы салынды. Соның “өтеуі” сияқты қазір Қазақстанда 300000 қытай азаматы тұрақты тұрып, еңбек етуде. Бұл деректі қытайдың Синхуа агенттгі жай статистика үшін жария етпегендігін де есте мықты ұстаған абзал. Бұл Қазақстанда қытай халқының диаспорасы қалыптаса бастады дегенді аңғартатын мәлімет. Әйтпесе, Синхуаның әлгіндей деректі ашықтан ашық жария етуі неғайбыл….”.

Сонымен, Үрімшіге үлкен саясат келді. Ол саясатты ертең біз Жаң Зымын жолдастың Үрімшіге жасаған сапарымен байланыстырып ұзақ жылдар бойы айтып жүруіміз мүмкін”,- деп тұжырымдайды Дәурен ҚУАТ. .

KAZ.GAZETA.KZ. Ұлттық қор активтерінің көлемі 10 жылдан кейін Жалпы ішкі өнімнің 30%-ын құрайды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанның IV шақырылған парламентінің ІІІ сессиясының ашылуында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Біз шикізат саласынан түсетін кірістің үлкен бөлігін Ұлттық қорда шоғырландыруымыз қажет. Ұлттық қор активтерінің көлемі 10 жылдан кейін Жалпы ішкі өнімнің 30%-ынан кем болмауы қажет\», — деді Н. Назарбаев.

Президент сонымен бірге \»еліміздің жалпы сыртқы қарызын жауаптылықпен басқаруды қамтамасыз ету қажет\» екенін атап өтті. \»Антициклдік фискалдық саясатқа көшу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл экономика өскен кезде мемлекеттің шығындарын қысқарту және құлдырау кезінде оны өсіру дегенді білдіреді\», — деді мемлекет басшысы.

Сыртқы көші-қонға қатысты мәліметтер Қазақстандағы тіршіліктің тартымдылығын дәлелдейді. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанның IV шақырылған парламентінің ІІІ сессиясының ашылуында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Сыртқы көші-қон барысында бетбұрыс байқалды. Елге келгендер, одан кетіп жатқандардан асып түсті. Бұл Қазақстандағы тіршіліктің тартымдылығын дәлелдейді\», — деді Н. Назарбаев.

Президенттің мәліметінше, Қазақстанға 10 жылда негізінен ТМД, Қытай, Монғолия, Түркия мен Ираннан, тек ресми статистикалық мәліметтер бойынша 650 мыңдай қазақ көшіп келді. 10 жылда қазақтар саны 53 -тен 65%-ға дейін өсті.

Президент бұған қоса “Қазақстан халқының бірегей этноконфессиялық құрамы сақталып қалғанын\» атап өтті. Қазақстанда 140 ұлыстың өкілдері тұрады. Қазақстан халқының 70% жуығы исламға, 25% — христиандыққа және басқа да діндерге сенеді”, — деді ол

Бүгін Қазақстанның IV шақырылған парламентінің ІІІ сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ел дамуының бес бағытын белгіледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Таяудағы он жылда мемлекет пен қоғамның күш-жігері басты бес бағытта шоғырлануға тиіс — экономиканы дағдарыстан кейін жандандыру, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті адами капитал құру\», -деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, оның айтуынша, республикада \»халықты негізгі әлеуметтік және тұрғын-үй коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге, сондай-ақ, ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығына бар күш-жігерді шоғырладыру қажет\».

Біз ғаламдық өзгерістер мен ағымдарды да ескеруге тиіспіз\», — деді мемлекет басшысы

Үкімет отандық қаржы нарығынан алатын қаржыны барынша пайдалануы қажет. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанның IV шақырылған парламентінің ІІІ сессиясының ашылуында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Үкімет пен ұлттық холдингтер мемлекеттік бюджет шығындарын қысқартып, облигациялар шығару арқылы отандық қаржы нарығынан алатын қаржыны барынша пайдалануы қажет. Экономика ішкі өсім ресурстарын шығаруы үшін жинақтардың мейлінше жоғары деңгейін қамтамасыз ету қажет\», — деді Н. Назарбаев.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...