«Үкімет Тіл заңының 20 жылдығы қарсаңында қазақ тілінің қолдану аясын 10 пайызға тарылтты» «Жұмыссыздық дертiне «ем» қонбай жүр». «Евгений Жовтистің тағдыры екі-ақ күнде шешіліп, төрт жылға сотталып кете барды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 4 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.ORG. Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ “Үкімет Тіл заңының 20 жылдығы қарсаңында қазақ тілінің қолдану аясын 10 пайызға тарылтты” деген мақаласында назар аударады: “2010 жылы іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісі 10 пайызға қысқармақ. Тіл жанашырлары болса, қазақ тілінің қанат жайып, өрісін кеңейтуге шенеуніктер мүдделі емес екенін айтады.

\»…ЕКІ АДЫМ АРТҚА\» ШАҚЫРАТЫН ҚАУЛЫ.

Мәдениет министрлігінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялықжоспарына өзгеріс енгізілген. Өзгеріс бойынша, Қазақстанда іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру ісі алдын ала белгіленгендей 70 пайыз емес, 60 пайызға жүзеге асырылмақ. Бұл түзету бейсенбі күні ресми баспасөзде жарияланған Үкіметтің қаулысына сәйкес жасалып отыр.

“2009 жыл тармағының “Мемлекеттік органдарда іс жүргізудегі мемлекеттік тілдің үлес салмағы” бабындығы “70” санын “60” санымен ауыстыру керек”, — деп атап көрсетілгенҮкімет қаулысында.

Іс-қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру неліктен 10 пайызға қысқартылғанын білмек болып, Мәдениет және ақпарат министрлігіне хабарластық. Аталмыш министрліктің Тіл комитетінің қызметкері Гүлмира ҚҰБАШЕВА жоспарға енгізілген өзгеріске кейбір министрліктердің іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруге әлі де дайын еместігі себеп болып отырғанын айтады.

— Бізде жақында қайта тексеріс болды. Соның нәтижесі көрсеткендей, Қаржы министрлігі мен экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктеріндегі қаржы және бухгалтерлік іс-қағаздар әлі де екі тілде жүргізіліп отырғандығы анықталды. Және Сыртқы істер министрлігінің жұмысына байланысты онда да іс-қағаздар екі тілде жүргізіліп келеді. Осыларды қаперге ала отырып қысқартқан шығар,- деді Гүлмира Құбашева….

Дегенмен, қазақ тілі тілге қойылатын талаптардың барлығын атқара алады. Тіпті, мемлекеттік тілдің қызметін де толықтай атқарып отырған көрінеді. Мұндай пікірдің иесі Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының қызметкері Мамай Ахет қазақ тілінің мәселесі бар екенін де жоққа шығармады.

— Тіл мәселесі бар. Бірақ ол жекелеген адамдардың қазақ тіліне деген көзқарасы мен санасындағы мәселе. Ал, қазақ тілі тілге қойылатын коммуникативті, когнитивті деген талаптармен қоса, өзінің ең басты міндеті болып табылатын мемлекеттік тіл функциясын толық атқарып отыр,- деді Мамай АХЕТ….

“- Барлық елдерде тіл туралы заң бар. Тек бізде ғана жоқ. Жоқ болатын себебі, биліктегілер ондай заңды қабылдауға құлықсыз. Егер, тіл туралы арнайы заң қабылданатын болса, ол мемлекеттік тілдің беделін күшейтіп жібереді ал, оған билік мүдделі емес”,- деді Мұхтар ШАХАНОВ.Сонымен қатар, Мұхтар Шахановтың пікірінше, тіл мәселесін түбегейлі шешу үшін билік жүргізіп отырған қазақстандық ұлт саясатымен күресу керек.

Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық жоспарына енгізілген өзгерістің тағы бірі ретінде мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдің негізгі бөлігіндегі қажеттілік деңгейінің күтілуі 35% -дан 32%-ға түзетілгені көрсетілген”.

Евгений Жовтистің тағдыры екі-ақ күнде шешіліп, төрт жылға сотталып кете барды”. 3 қыркүйекте Алматы облысы Балқаш аудандық сотының төрағасы Чолан ТОЛҚЫНОВ Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро директоры Евгений ЖОВТИСті кісі өліміне себепкер деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

ЖАРТЫ САҒАТТА ЖАЗЫЛҒАН ҮКІМ.

Бейсебі күні Алматы облысы Балқаш ауданының орталығы -Бақанаста жол жүру ережесін бұзу салдарынан кісі өліміне себепкер болды деген айып бойынша Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтиске қарсы сот поцесі аяқталды….

Евгений Жовтисті сот залынан бірден қамауға алып кетті деп хабарлады құқыққорғаушы Андрей СВИРИДОВ. Жовтистің адвокаты Виталий ВОРОНОВ болса шығарылған үкімнің алдын ала дайын болғандығына күмән келтірмейді.

“Бес беттік үкімді судья жарты сағаттың ішінде жазып шығуы мүмкін емес. Бұл Қылмыстық кодекс талаптарының өрескел бұзылуы, адамды қорғау және қорғану құқының бұзылуы”, — деп мәлімдеді адвокат Азаттық радиосына берген сұхбатында.

АДВОКАТТАР ЖАРЫССӨЗДЕРГЕ ҚАТЫСПАДЫ, ТУЫСТАР БІР БАЙЛАМҒА КЕЛЕ АЛМАДЫ.

Бұған дейін сотталушының жақтаушылары тараптардың жарыссөздеріне қатысудан бас тартқан болатын. Ал Евгений Жовтистің өзі бұл сот процесін “саяси жаза” деп атап, соттағы соңғы сөзін айту мүмкіндігін де пайдаланбады.

Евгений Жовтистің қорғаушылары сот процесіндегі жарыссөздердің бейсенбіге белгіленуін де қолдамаған еді. Алайда судья Толқынов жарыссөздерді кейінге қалдырмайтындығын айтып, тараптардың дайындығына 40 минут уақыт белгіледі. Ол жарыссөздерге адвокаттар қатысқан жоқ, прокурор ғана сөйледі.

Сәрсенбі күнгі сот мәжілісі барысында сөйлеген қаза болған азаматтың туыстары соттан Жовтистің жазалануын талап еткен еді. Жовтистің қорғаушылары болса Қанат МОЛДАБАЕВтың туыстарының бұған дейін сотталушыға шағымы болмаған еді дейді. Соттың алғашқы күні сөйлеген марқұм Қанаттың ағасы Манат Молдабаев \»Жовтиске тағар кінәміз жоқ. Бірақ мәселені мен жалғыз шешпеймін туыстардың басқасы не айтатынын білмеймін\» деп анасы жазып берген өтінішті сотқа тапсырған болатын.

Онда қайтыс болған жігіттің анасы Жовтис өзінен кешірім сұрағанын, марқұм ұлын жерлеу рәсімін ұйымдастырып, өткізуге көмектескенін, материалдық шығынды мойнына алып, 15 мың доллар төлегенін жазған. Дегенмен Қанат Молдабаевтың әкесі жағынан туыстары және әпкесі Жовтиске қарсы қылмыстық іс қозғалып, оның сотқа тартылуын талап еткендерін айтады. Бейсенбідегі соттың соңғы мәжілісінде Қанат Молдабавтың әпкесі Толқын Құдабекова сөз алып, бауырының қазасы туралы қашан, қалай естігені жайында айтып берді

Сот процесінің алғашқы күні Евгений Жовтистің адвокаты Виталий Воронов судья Чолан Толқыновты ауыстыру туралы өтініш түсірген болатын. Сот қорғаушының ұсынысын қанағаттандырған жоқ. Сондай-ақ, сот айыпталушының қорғаушыларының тергеуді толығымен қайта жүргізу туралы талабын да орындамады.

Осы процесті бақылаушы режиссер Болат АТАБАЕВ Жовтиске қатысты сот үкімін “әділетсіз” деп есептейді. Оның айтуынша, жол апатынан қаза болған Қанат Молдабаевтың \»ішкілікке әуестігі\» туралы әңгімелер сотта айыпталушының өз қалауы бойынша айтылмай қалған.

“Бақанас — менің туған жерім. Маған Гүлнәр есімді жергілікті тұрғын марқұм болған жігіттің қайғылы оқиға болған күні алкогольдік ішімдік ішкендігін айтты. Бірақ Евгений Жовтистің өзі, марқұмның өткен өмірін қазбалау арқылы анасының жүрегіне ауыр тимес үшін, бұл жағына сотта көп назар аударылмауын сұрады. Жовтистің бұл әрекеті құптарлық”,- деді Болат Атабаев.

ДОС КӨШІМ ІСТІҢ САЯСИ АСТАРЫНА СЕНІМДІ. Евгений Жовтистің қоғамдық қорғаушыcы Дос КӨШІМ сот шешіміне шағым түсіретіндіктерін айтып, мұндай қатаң үкімнің астарында саясат жатыр дейді:

“Бұл жазаны мен Жовтистің абайсызда жасаған жағдайына сай келмейді деп ойлаймын. Сондықтан біз апелляциялық шағым түсіріп, бұл істі аяғына дейін жеткізуге тырысамыз. Адамды қағып кету салдарынан қаза болған кезде тараптар өзара келісімге келтін жайттар болады. Осының алдында ғана дәл осыған ұқсас оқиғаға тап болған \»Время\» газетінің журналисі Тоқнияз КҮШІКОВтің де сотталуы бұл істердің аржағында саясат тұр ма деген ойға итермелейді”, деді Дос Көшім Азаттыққа берген сұхбатында.

Тамыз айының аяғында Қапшағай қаласының соты көлігімен жаяу жүргіншіні қағып кеткен \»Время\» газетінің журналисі Тоқнияз Күшіковті төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын. Ол оқиғада да жүргінші машинаның қағуы салдарынан қаза тапқан еді….

Евгений Жовтис өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі “тапсырыс” деп бағалайтындығын мәлімдеген-ді. Естеріңізге салар болсақ, құқыққорғаушы Евгений Жовтис “Тойота” маркалы автокөлігімен шілденің 26-сы күні сағат 22.30-дың шамасында Қараой-Алматы тас жолының 131-шақырымында 34 жасар жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын. Қанат Молдабаев оқиға орнында қаза тапты. Тамыздың 17-і күні полиция осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын жариялады”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

TURKYSTAN.KZ. Бюджет “көрпесiне қарай көсiлмек”. “Былтыр үш жылға бiр-ақ жоспарланған бюджеттiң “шекпенi” биыл қайта “кесiлiп, пiшiлдi”. Бәрiне де әлемдiк қаржылық дағдарыс кiнәлi. Өзгертулер мен түзетулерден 2010 жылға арналған мемлекеттiк бюджет те шет қалмайды. “Әлiптiң артын бағуды” көздеген билiк қолда бар қаражатты үнемдеуге көшу керек деп отыр.

2010 жылға арналған республикалық бюджет Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын сақтай отырып, қарастырылуы қажет деген нұсқауды Президент өткен айда Министрлер кабинетiне қатаң тапсырғаны белгiлi. Сол кезде Премьер “Келесi жылы бiрақ салықты өсiрмеймiз, бюджет тапшылығын қамтамасыз етуде Ұлттық қорға да қол салмаймыз. Бұл Президенттiң жарлығы. Қаражатты қайдан алатынымыз әзiр белгiсiз” деп ағынан жарылған. Бурабайдағы 2010-2012 жылдарға арналған мемлекеттiк қаржы қазанының мәселесi талқыланған жиында Н.НАЗАРБАЕВ: “2010 жылғы бюджеттi құрастыру оңай шаруа емес, қаржылық дағдарыс ауыздықталған жоқ. Әлемдiк қаржылық жүйе түбегейлi жақсарды деп те айта алмаймыз. Күрт көтерiлiп кететiн өсiм мен негiзгi тауар бағасының төмендеуi тоқтамады. Сондықтан қаражатты барынша үнемдеу өзектi мәселе боп қала бермек. Бiз бюджеттi Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын сақтай отырып, жан-жақты қарастырамыз. Осыған байланысты мемлекеттiң барлық шығындарына қатысты түзетулер енгiзуiмiз қажет” деген едi. Президенттiң айтуынша, келесi жылдың алғашқы жартысында жағдай өзгеруi мүмкiн, ал екiншi жартыжылдықта Үкiмет бюджеттi қайта қарастырып, кейбiр бағдарламаларды бюджеттiк шығындар тiзiмiне қосуы мүмкiн. Былтыр 2009-2011 жылдарға арналған үшжылдық бюджет Қазақстанда алғаш рет қабылданған болатын. Алайда, әлемдiк экономикалық және қаржылық дағдарысқа байланысты 2009 жылдың бюджетi қайта түзетiлдi.

Сейсенбi күнгi ҚР Парламентi палаталарының бiрлескен мәжiлiсiнде Президент алдағы онжылдықта мемлекет баса назар аударуы тиiс 5 басым бағытты Үкiметке айқындап бердi. Екi бес жылдыққа бөлiнетiн 2020 жылға дейiнгi кезеңде дағдарыс кезiнде ел экономикасын тұрақтандыру, оның орнықтылығын қамтамасыз ету, бәсекеге қабiлеттi адами қор құру, халықты базалық-әлеуметтiк тұрғын үйкоммуналдық қызметпен қамтамасыз ету, ұлтаралық келiсiмдi қолдау, халықаралық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты ұстануға көңiл бөлiнуi тиiс”.

“Дағдарыс кезеңiнде елiмiздi индустрияландыру жұмысына ешқандай балама болмайды. Өкiметке жыл соңына дейiн елiмiздi индустрияландыруды ынталандырудың 5 жылдық жоспарын аяқтауды тапсырамын. 2010-2015 жылға дейiнгi мемлекетiмiздiң индустриялану картасы, 2020 жылға дейiнгi өндiрiстiк қуатты оңтайлы орналастыру тiзбегi қалыптасуы тиiс” деп мәлiмдеген Н.Назарбаев күнi бүгiнге дейiн машина құрылысы, металлургия, фармацевтика, химия салалары бойынша 25 жобаның iрiктелiп алынғанын және аталған жобаларға 30 млрд. долларға жуық қаржы жұмсалатынын айтты. Президенттiң тапсырмасына сәйкес, келешекте жоспарланып отырған жаңа 270 мыңға жуық жұмыс орны елдегi жұмыссыздық деңгейiн төмендетуге сеп болуы тиiс. Сондай-ақ, алдағы 10 жылда Ұлттық қордағы шикiзаттық саладан түсетiн кiрiстердiң активтерi IЖӨ-нiң кем дегенде 30 пайызын құрауы мiндеттi”,- деп тұжырымдайды Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

Жұмыссыздық дертiне “ем” қонбай жүр”. “Дағдарыстың кесiрiнен жұмыссыздық дертiне “ем” қонбай тұр. ҚР Статистика жөнiндегi агенттiк 2009 жылдың қаңтарында жұмыссыздық деңгейi 6,9 пайызға, ал тiркелген жұмыссыздар саны 0,7 пайызға жеткенiн мәлiмдедi. Бейресми деректердiң бұдан әлдеқайда жоғары екенi белгiлi. Оның үстiне, күн сайын жұмыстан қысқарғандар, мәжбүрлi түрде ақысыз демалысқа жiберiлгендер, жалақыны айлап алмағандар саны үнемi өсiп келе жатқан сыңайлы. Деректерге көз жүгiртсек, жыл басынан берi еңбекке белсендi 8 млн. тұрғынның 580 мыңы табыссыз қалған, 9,5 мың адам еңбекпен уақытша қамтылса, елеулi тобы әлеуметтiк жұмыстарға жiберiлiп, 111 мың тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылған. Шамамен 400 отандық кәсiпорын толық емес жұмыс аптасына көшiптi. 7 мыңнан астам жұмысшысы бар 25 кәсiпорын толық қаңтарылды. 70 мыңнан астам қызметкерi бар 220-ге тарта кәсiпорын жартылай жұмысын тоқтатып, 11,5 мың адам ақысыз демалысқа жiберiлген.Соған қарамай кәсiпорындар тақырға отырмаудың амалын қарастыруда. Оның бiр амалы жұмыс орнын қысқарту, екiншiсi – жартылай жұмыс күнiне көшу арқылы айлықты 50 пайызға азайту. …

Дағдарыс кезiнде, жылына орта есеппен мың жарым, екi мың АҚШ долларын тек баланың бiлiмiне ғана төлеуге барлық ата-ананың жағдайы келе бермейдi. Сондықтан ер балалар күзетшi, кондуктор болуға мәжбүр, диск сатып сауда жасаса, ал қыз балалар мейрамханаларда, “Oriflame”, “Avon” каталогтарын қолдарына алып тиын табуға тырысады. Ал мүлдем бiлiм алуға жағдайы жоқ жастар қара базарлардың маңында қара дорбаға киiмдерiн салып, кез келген жұмыс iстеуге дайын. Тiптi, күндiз-түнi арба сүйреп, “Дорога” деп жанұшыра айқайлап жүрген жiгiттердi көргенде олардың денсаулығы көп ұзамай-ақ мүлдем бұзылатынын ойлап жан түршiгедi. Базар маңында ақ шашты ағаларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз да нан табудың жолын iздестiрiп, үмiтпен жүргендерi жетерлiк.Сейфуллин көшесi несiмен атақты екенiн бәрiмiз де бiлемiз. Әрине, бiр кездерi бұл көше “хор қыздарымен” әйгiлi болса, бiр уақыттарда көше кезiп жүретiн бомждарымен жұртқа танылды. Талайдан берi арзан еңбек күшi – жалдамалы жұмысшылар толып жүр. Оның үстiне басқа елдерден келгендер, Қазақстан шекарасын заңсыз аттағандар да үйiрiмен осында”.

“Құқық қорғау органдардың деректерiне сүйенсек, елiмiзде адам ұрлау, қастандықпен кiсi өлтiру сияқты т.б. қылмыстардың 50-60 пайызын сырттан келген мигранттар жасайтын көрiнедi. Осы жұмыссыздыққа қарсы шаралардың iшiнде негiзгiсi – сырттан келетiн жұмыс күшiн шектеу болса, жастарды әскерге шақыру жұмыссыздықпен күрестiң негiзгi жолдарының бiрi болып отыр. Тiптi, Қазақстанда жұмыссыздық дертiне “ем” қонбай тұрғанын қазiргi кiшкентай бүлдiршiндер де бiледi. Ауыздарынан “кризис” деген шолақ сөздi естiгенде, тiптi шалқаңнан түсе жаздайсың. Заманына сай адам демей ме?! Осы заманның жағдайын қазiрден бастап бiлiп жүрген мектеп қабырғасында оқушыға “Кiм боласың?” десе “бизнесмен болам”, “банкир болам”, “экономист болам” деп таңдайы тақ ете қалады. Яғни, титтей бүлдiршiндер де жұмыссыздықтың өте ауыр қасiрет екенiн жақсы бiледi”,- деп қорытты Айнаш МҰХАМЕДЖАНОВА.

Құлдықтағы 40 қарақалпақ алматыдағы бiр жертөледен табылды”. “Құқық қорғау органдары Қазақстан шекарасын рұқсатсыз аттайтын заңсыз мигранттардың бiрi бала-шағасымен бiрге құлдық қамытын кисе, ендi бiрi қолын қанға бояп, қылмыскер атанатынын көлденең тартады. Өзбекстанның 40 азаматын ала жаздай құлдықта ұстаған алматылық бiр кәсiпкер Алматы ҚIIБ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен арнаулы жедел iс-қимыл тобы — “Арлан” тобының тұзағына түстi. Қаладағы көшелердi сыпырып, тазалаумен айналысатын әлгi кәсiпкер мен оның жанындағы сыбайластары Қазақстан Заңын басынғаны соншалық, жастары 15-тен 55-ке дейiнгi жатжұрттық тұтқындарға ойына келгенiн iстеген: мазақтаған, ар-намыстарына тиiп қорлаған, темекiнiң тұқылын олардың денелерiне басып өшiрген, ұрып-соққан, тұтқындар арасындағы жасы балиғатқа толмаған кейбiр қыз баланы зорлауға әрекет еткен… Алайда, үш ай бойы тозаққа тең қорлыққа шыдап келген 40 тұтқынның бiрi көше сыпыртуға алып шыққанда қашып кетiп, Алматыдағы Дүниежүзiлiк миграция жөнiндегi ұйымның Қазақстандағы бөлiмшесiне жетiп жығылған. Iшкi iстер қызметкерлерiне қоңырау шалған ұйым өкiлдерi қалған 39 тұтқынды кәсiпкердiң тырнағынан құтқарып қалуға ықпал еткен. “Қарақалпақстаннан келген 14 жасар қыз бала бiрнеше адамды фирма басшысының жертөледе ұстап отырғаны туралы шағым түсiрдi. Әңгiмелесе келе, көшелер мен аулалардың тазалығын қадағалайтын кәсiпорын қызметкерлерiнiң оны зорламақ болғанын анықтадық. Қылмыстық оқиға орын алған жердi зардап шегушi тап басып айтып бере алмаса да, бiз “Самал-2” ықшамауданындағы бiр үйдiң жертөлесiнде болғанын болжадық. Сол жерге арнаулы топ мүшелерiмен кiрiп келгенде 40-қа жуық тұтқынның үстiнен түстiк….

2006 жылы UNESCO Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтықмақтастық ұйымымен бiрлесе отырып, “Қазақстан — еңбек мигранттарына арналған ел ретiнде” атты ғылыми жобаны жүзеге асыра бастады. Елiмiздiң 10 аймағынан 1500 мигрантты сайлап алған мамандар аса кең көлемдегi зерттеу жұмыстарын жүргiзуде. “Жер ауқымы Еуропамен тең келетiн елде зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру өте көп тер төгудi талап етедi” деген ұйым сарапшысы Лора Кеннеди ҚР Үкiметiмен тiзе қоса отырып, әрекет ететiнiн көлденең тартады. Қазақ билiгi тарапынан берiлген санықтамалық мәлiметтер мен сарапшы және зерттеушiлер командасы UNESCO мен ЕҚЫҰ мамандарына көмек қолдарын созған. Осының арқасында арнайы есеп дайындалып, құжат 2009 жылдың көктемiнде Үкiметтiң талқысына ұсынылды. Нәтижесiнде, сол кездегi ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек САПАРБАЕВ биыл iшкi нарықты қорғау мақсатында еңбек мигранттарына бөлiнетiн квотаның 2 есеге дейiн азайтылатынын, 4-категория бойынша шетелдiк жұмыс күшiн тартуға мораторий енгiзу туралы мәселенiң талқыға салынатынын мәлiмдеген едi. Көктем мен күзге салым құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласына жақын шет елдерден арзан жұмыс күшiнiң көптеп тартылатыны белгiлi. Мысалы, бiр ғана Алматының өзiнде қазiр 40 мыңнан астам жатжұрттық жан бағып жүр. Олардың 13 мыңы — алыс шет елдерден, қалған 27 мыңы — ТМД елдерiнiң азаматтары. Тәжiкстан, Қырғызстан секiлдi елдердiң азаматтарына 3 ай ресми тiркеусiз жүру құқығы берiлген. Сейсенбiдегi үкiметтiк отырыста Алматы қаласының әкiмi А.ЕСIМОВ Үкiмет басшысынан 3 ай мерзiмдi қысқартуды сұрады. Сол кездегi ҚР Iшкi iстер министрi Б.МҰХАМЕДЖАНОВ жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесе отырып, мигранттарға қойылатын талаптарға қатысты Үкiметке ұсыныс жасайтындықтарын мәлiмдедi. Өйткенi, кейде “тым еркiнсiп” кететiн заңсыз мигранттар қылмыс жасайтын көрiнедi. Мысалы, құқық қорғау органдарының деректерiне сүйенсек, елiмiзде орын алатын бопсалау, адам ұрлау, қастандықпен кiсi өлтiру сияқты т.б. қылмыстардың 50-60 пайызын сырттан келген мигранттар жасайды екен. Сырттан келетiн заңсыз мигранттардың да шекесi қызып жүрген жоқ. Жуырда “Фергана.Ру” сайтына сұхбат берген Шымкенттегi “Сана-сезiм” құқықтық орталығының заңгерi Элина ЕНИКЕЕВА 2008 жылдың қарашасынан 2009 жылдың ақпанына дейiн шағымданушы мигранттардан 960 қоңырау келiп түскенiн мәлiмдедi. Тегiн жұмыс күшiне дәнiккен алаяқ кәсiпкерлер арасында жалданған жатжұрттық жұмысшыларға жалақы төлемеген, яғни, алдап кеткен, уақытылы және дұрыс тамақтандырмаған, ешқандай ескертусiз (ақша бермеу үшiн) басқа “қожайынға” өткiзiп жiберген, құжаттарын тартып алған т.б. қылмыстық әрекеттер жиi кездеседi”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Эйр Астана” әуе компаниясын “қара тiзiмге” енгiзуi ақиқатқа жатпайды”.“Эйр Астана” әуе компаниясы Еуроодақ әуекомпанияны Еуропаға ұшуға тыйым салынған әуе компаниялардың “қара тiзiмiне” енгiзбегенi туралы мәлiмдейдi. 2009 жылдың 29 тамыз күнi “Время” газетiнде жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейдi. Газет Еуроодақтың залалды заттар жөнiндегi талаптары туралы жазғанын айтатын болсақ, Еуропа өкiметi Еуропаға ұшатын барлық әуе компаниялар ұшақтарының реактивтi қозғалтқыштарының шығарылуына квота енгiзбек. Сонымен, әуе компаниялардың бәрi Еуропаға қатынайтын бүкiл рейстердi Еуроодақ белгiлеген тарифтер бойынша төлейтiн болады. Төлем мөлшерi ұшу жиiлiгiне және ұшаққа қойылған авиациялық қозғалтқыштың түрiне байланысты. Әуе компания Еуропаға жиi ұшса, онда шығарылу үшiн төлем көбiрек болады. “Эйр Астана” АҚ Еурокомиссия 2009 жылы 29 шiлде күнi қабылдаған шешiмi бойынша Еуропаға қатынайды және бұрыңғыдай Қазақстанның мұндай ұшуға рұқсат алған жалғыз компаниясы болып қала бередi. Еурокомиссия тұрақты түрде қара тiзiмге енген әуе компаниялар жөнiндегi шешiмдерiн қайта қарайды. “Эйр Астана” әуе компаниясы пайдаланатын барлық әуе кемелер (ИКАО) Азаматтық авиациясы Халықаралық ұйымының және (EASA) авиациялық қауiпсiздiгi Еуропа агенттiгiнiң стандарттарына сәйкес және Еуроодақ аймағында рейстер орындауға толық рұқсат алған. Үстiмiздегi жылдың маусым айында әуе компания әуе көлiгi EASA-145 талаптары бойынша әуе кемелерiне техникалық қызмет көрсетуге Халықаралық қауымдастығының (IOSA) операциялық қауiпсiздiгi Аудитiнен сәттi өттi. Қазақстанмен қатар, әуе компанияның қызметi Ұлыбритания мен Аруба авиациялық өкiметi техникалық қызмет көрсету стандарттары жөнiнде әуе компания жұмысын тұрақты қадағалайды”.

EGEMEN.KZ. “Инновация – өркенділік өрісі”. Мемлекеттің экономикалық қуаты индустриялық-инновациялық жүйемен біте қайнасқан. Себебі, бұл жүйенің бүгінгі заманға сай болуы, ел әлеуетінің артуына әсер етері анық. Бүгінде осы мақсатты үдерісті жеделдету үшін Ұлттық инновациялық қор ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Біз осы салаға қатысты көкейде жүрген сауалдарды “Ұлттық инновациялық қор” АҚ-тың инновациялық саясат жөніндегі қоғамдық-консультативтік кеңесінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Асхат БЕКЕНОВке қойған едік. Бекенов мырзамен әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.

“– Асхат Сақибеденұлы, инновация жүйесінің “кіріс көзіне” айналуы ең алдымен, оның арнайы заң нормаларымен берік бекітілуіне байланысты болатыны белгілі. Осыған орай, “Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы әзірленіп, биылғы жылдың 30 наурызында тиісті өзгерістерімен жаңа заң дүниеге келгенін білеміз. Бұл заңның артықшылығы неде?

– Бұл заң жобасы Мәжіліске 2008 жылдың 5 наурызында енгізілген-тін. .. Онда “инновация”, “инновациялық грант”, “инновациялық инфрақұрылым”, “инновациялық қызмет”, “сенімгер уәкіл” секілді ұғымдар нақтыланды. Сондай-ақ, “инновациялық даму институттары”, “инновациялық технологияларды сатып алу”, “инновациялық даму шараларының кешені” деген жаңа ұғымдар шоғыры да енгізілгенін айтуымыз қажет.

Бұған қоса, “Инновациялық даму институттары” деген жаңа ұғымның енгізілуіне байланысты бұрынғы “Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы” Қазақстан Республикасының Заңынан “инновациялық қор” және “оператор компания” ұғымдары, ал технопарктер функцияларының кеңейтілуіне байланысты “технологиялық бизнес-инкубатор” ұғымы алынып тасталды. …

— Инновацияның дүниеге келуі мен дамуы технологиялық паркке де байланысты болатыны белгілі. Бұл ретте “Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы” жаңа заңда осы ұғымға да айрықша орын берілген екен. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Технологиялық парк – инновацияның шығуы мен дамуына белгілі бір мүмкіндіктер ашатын арнайы алаң. Дүние жүзі елдерінің тәжірибесінде ғылыми технопарктердің алатын орны айрықша екенін бағамдауға болады. Мәселен, АҚШ-та технопарктердің саны 140-тан асса, Қытайда 130-ға жетіп жығылады екен. Ал Қазақстанда 2007 жылдары 12 технопарк тіркеліпті. …Егер, әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, технопарктер инновациялық менеджмент үдерістерін тиімді жүргізетін құрылым ретінде танылған екен. Сол себепті біз жаңа заң жобасын әзірлеу барысында осы ұғымның ауқымын кеңейтіп, оған мемлекеттік деңгейде назар аударылуын, сол арқылы мемлекетке айтарлықтай кіріс әкелетін инновация үдерістерін жаңаша тұрғыда жандандыруды мақсат тұттық....”.

Жапонияда билік тізгінін демократтар ұстады”. “Әлемнің экономика жөніндегі ең қуатты державаларының бірінде саяси күштердің орын ауыстыруы – расында да үлкен саяси оқиға. Жарты ғасырдан аса уақыт билікте болған Либерал-демократиялық партия парламент сайлауында жеңіліске ұшырап, орнын Демократиялық партияға берді.

Бұл елдегі дәстүр бойынша жеңіске жеткен партияның көсемі үкіметті басқарады. Мемлекеттік құрылымы монархия болғанмен, бұл елде негізгі билік үкіметтің қолында. Сондықтан да парламент сайлауына айрықша мән беріледі. 30 тамызда болған сайлауда демократтар парламенттегі 480 орынның 308-іне ие болды.

Саяси күштердің ара салмағының өзгеруі ел өміріне айтарлықтай ықпал жасайтыны анық. Сөйтсе де қалыптасқан дәстүрі бар елде үлкен өзгерістер бола қоюы екіталай. Либерал-демократиялық партия жеңілгенмен, оның жарты ғасырдан аса уақыт ұлы державаны басқарған тәжірибесін ешкім ұмытпайды. Ол билікке келгенде, Жапония екінші дүниежүзілік соғыстан кейін есін жаңа жия бастаған ел еді, жарты ғасыр ішінде бүкіл әлемге өнеге болғандай алып державаға айналды. Ол ЛДП басшылығы арқасында болды. Көптеген экономикалық, саяси реформалар жүзеге асты.

Осы кезде ел талай қиындықтарға да кездесті. Одан ойдағыдай өтуге ЛДП жол тапты. Бұл ретте 2001-2006 жылдарда ЛДП-ны және ел үкіметін басқарған Дзюнъитиро Коидзумидің батыл реформаларын айтуға болар еді. Ол елді ең ауыр дағдарыстан алып шықты. Сол тұста ЛДП-ның де беделі өскен еді. Коидзумидің өзі үкіметті қатарынан үш мезгіл үздіксіз басқарып, ақырында өз еркімен кеткен болатын.

Бірақ одан кейінгі партия көсемдері Абэ, Фукуда, Асо билікте бір жылдан аса отыра алмай, өздерінің жігерсіздігімен ЛДП-ның беделін түсіріп, ақырында ол парламент сайлауында оңбай жеңілді. Сондықтан да оппозициялық Демократиялық партияның жеңісін ең алдымен ЛДП-ның соңғы кезде беделінің түсуімен де түсіндіруге болар.

Демократиялық партияның, оның көсемі Юкио Хатояманың билікке келуі жағдайды күрт өзгертеді деу де қиын. Халық қалайда бір өзгерістің болуын қалап, оларға сенім артқаны анық. Бұл ретте сарапшылар Хатояманы АҚШ Президенті Барак Обамамен салыстырып, екеуінен ұқсастық іздейді.

Демократтардың халыққа берген уәдесін орындау да оңайға соқпас. Сайлау науқаны кезінде талай уәде айтылған. Соның бірі – әр балаға ай сайын 300 доллар жәрдемақы бермек болған. Енді ондай қаржының көзі жоқ.

Төменгі палатада орындары жеткілікті болғанмен, жоғарғы палатада да үстемдік құру үшін ДП-ға Социал-демократиялық партиямен одақтасуға тура келіп тұр. Бұл үшін оларға да біраз мәртебелі орындар ұсынады.

Жапонияда билікке жаңа партияның келуіне байланысты пікір айтқанда, сарапшылар ең алдымен бір партияның билігіне тосқауыл қойылғанына айрықша назар аударып отыр. Енді деңгейлес екі партия билік үшін күреске түсетін болса, ол елде демократияның, бәсекелестіктің дамуына ықпал етеді, дейді олар”.

ALASHAINASY.KZ. “Суицид пен нашақорлық ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп тұр”. Айгүл НӘШКЕНОВА, Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығы суицидология және эпидемиология ғылыми бөлімінің меңгерушісі: Сұхбаттасқан Жансая Әбдібекова.

“– Сіздің Қазақстандағы суицид мәселелерін көптен бері зерттеп жүргеніңізді білеміз. 90-жылдардың ортасында елімізде суицид құрбандары жылына 5 мыңға жуық болған. Еліміздегі қазіргі жағдай қандай?

– Соңғы 10-15 жылда республикада өз-өзіне қол жұмсаушылар саны артты деп айта алмаймын. Дегенмен, жалпыәлемдік стандартпен салыстырғанда, өте жоғары деңгейде. Қазір әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да суицид пен нашақорлық проблемасы маңызды мәселеге айналып отыр. Себебі бұлар адам санын азайтатындықтан, мемлекетті моральдық және экономикалық жағынан шығынға ұшыратып отыр. 

– Адамдардың өзіне-өзі қол жұмсауына олардың өмірден түңілуі – басты себеп. Ал өмірден түңілу күйзелісі – кез келген адамның басында, әйтеуір бір, болатын құбылыс. Сана иесінің терең түңіліп, осындай психологиялық жағдайға қарсы тұра алмауына не себеп?

– Өзін-өзі өлтіру ешқашан кездейсоқ әрекет болған емес. Адамның, жалпы, күйзелісі оқшауланған психологиялық қажеттіліктерден туындайды. Өз-өзіне қол жұмсау қадамына барудың себептері өте көп. Оның бастылары – махаббаттағы бақытсыздық, жақын адамының өлімі, жалғыздық, жұмыс барысында туындаған проблемалар. Кейде жазылмайтын ауруға душар болғандар мен материалдық-тұрмыстық қиындыққа ұшырағандар да өз өміріне балта шауып жатады. Тіпті кей жандарға қызмет лауазымының өзгеруі де ықпал етеді. Бірақ жоғарыда айтылған проблемалардың бірі кездескен адамның барлығы бірдей өз өзіне қол жұмсамайды ғой. Неге? Себебі оның өмір сүруіне оң ықпал ететін бірнеше факторлар болады. Ол – тату-тәтті отбасы, махаббат, ата-ана қамқорлығы, дұрыс тәрбие. Жауапкершілікті сезінген адамға осындай құндылық қасиеттер кез келген проблемаларға қарсы тұруға көмектеседі.

– Суицидке бой алдыратындардың басым бөлігі қай жас шамасындағы адамдар және осы проблема еліміздің қай өңірлерінде өршіп тұр?

– Суицид Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан өзге көптеген аймақтарда белең алып отыр. Өз-өзіне қол жұмсайтындардың көпшілігі – жастар мен орта жас шамасындағы тұлғалар. Яғни 20 мен 50 жас аралығындағы адамдар осы қадамға баруға бейім тұрады. Ал суицидтен көз жұмғандарға қарағанда соған ұмтылатындардың саны он есе көп. Олардың басым көпшілігі – жасөспірімдер. ….

– Бір сөзіңізде нашақорлық еліміздегі маңызды проблемаға айналып отыр дедіңіз. Өмірден түңілу, өзіне-өзі қол жұмсау деректері есірткіге әуес адамдар есебінен де көбейіп отыр ғой. Нашақорлықпен күрестің нәтижесі болмай тұрғаны не себептен деп ойлайсыз?

– Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінде, оның ішінде Қазақстанда есірткіге тәуелділер қатары күрт өсті. 2005 жылы әлем бойынша үздіксіз есірткі пайдаланатын 52 миллион адам тіркелген. Бұл ғаламшар тұрғындарының бір пайызын құрайды. Ал биылғы мәліметке сүйенсек, олардың саны бір миллиардқа жетіпті. Біздің еліміз жайлы айтар болсақ, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелділер 3,5 есеге көбейіп отыр. Нашақорлық дертіне шалдыққандардың 2/3 бөлігінің жасы 30-ға да толмайды. Бұл дерттің ушығуына геосаяси және жағрапиялық факторлар кешені ықпал етуде. Біріншіден, Ресей мен Еуропаға тасымалданатын ауғандық және пәкістандық апиын біздің мемлекет арқылы өтетінін білеміз. Сол есірткі заттарының 30 пайызы елімізде қалып қояды. Екіншіден, республиканың оңтүстік аймағындағы көп жерлерде жабайы сора өсіріліп жатыр. Есірткі заттарын заңсыз тасымалдау мен қолдану ауқымы кеңейген сайын тұтынушылар саны да артады емес пе?! Бүгінгі таңда осы қатерлі дерт ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіріп тұр.

…Атап айтқанда, 1998 жылы “Есірткі және ҚР бақылауына жататын псиохтропты заттар тізімі туралы” заң қабылданды. Сол сияқты Елбасы бұйрығына сәйкес 2001-2005 және 2006-2014 жылдарға арналған есірткімен күрес стратегиясы шыққан болатын. Бірақ нашақорларды емдеуде біраз жетістіктерге жеттік деп тоқтап қалуға болмайды. Есірткіге тәуелділерді оңалтудағы басым бағыттың бірі – профилактикалық жұмыстар. Сондықтан әр алуан қызметтер мен ведомстволарды (денсаулық сақтау ұйымдары, білім, ғылым, тәртіп сақтау орындары мен ақпараттық ұйымдар) бірігіп жұмыс істеуге ұйымдастыру қажет.

Соңғы екі-үш жылда республикада психиатрлар саны едәуір азайып кетті. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын 925 психиатр болған болса, қазір олардың саны 877-ні құрайды. Қазір маман тапшылығы сезілмегенімен, болашақта мұның үлкен проблемаға айналу қаупі бар. Сондықтан осы мәселенің алдын алу үшін Республикалық психиатрия, психотерапия және наркологиялық ғылыми-тәжірибелік орталығы жағдайды болжап, кадр әлеуетін арттыру мақсатында мониторинг жүргізуді қолға алмақ”.

KAZ.GAZETA.KZ. Жеке тұлғаларға арналған арнаулы мемлекеттік бағалы қағаздардың құнын доллар бағамына байлау облигацияларды құнсыздандырады. Бұл туралы бүгін мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың атына жолдаған депутаттық сауалында мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Жеке тұлғаларға арналған арнаулы мемлекеттік бағалы қағаздардың құнын доллар бағамына байлау — дұрыс емес. Бүгінгі күні шетелдік көптеген мамандар американ долларын негізгі резервтік валюта рөлінен басқа қандайбір төлем құралымен алмастыру керек деген пікірде. Қазір доллардың позициясы әлсіреді. Көптеген елдердің алтынвалюталық қорында евроның үлесі артып келеді\», — деді А. Жамалов.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...