«Президент өзінің атын оқу ордаларына, ғылым мекемелеріне беруге рұқсатын берді». «ЕҚЫҰ-ға төрағалық мәселелері жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 8 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Қазақстанда ЕҚЫҰ-ға төрағалық мәселелері жөнінде мемлекеттік комиссия құрылды”. “ҚР президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл комиссияға елдің Сыртқы істер министрі, Мемлекеттік хатшы Қанат САУДАБАЕВ басшылық етеді. Мемлекет басшысының Қазақстанның 2010 жылғы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы 4-қыркүйек күні қол қойған Жарлығында аталған комиссияның төрағалық пен оның құрамын қамтамасыз етудегі жұмыс істеу ережелері бекітілген”.

Қазақ тілі туралы заңның 20 жылдығына арналған Азаттық радиосындағы онлайн-конференция”. “Президенттік қордың директоры Берік ӘБДІҒАЛИЕВ сіздердің сұрақтарыңызға Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында жауап берді. Онлайн-коференцияның сұрақтарына Берік мырза қазақ және орыс тілінде жауап берді, дегенмен сауалдардың көпшілігіне жауап беруге үлгере алмады. … Өкінішке қарай екі сағат мерзімде сіздерді толғандырған барлық сұраққа жауап беріп үлгеру мүмкін болмады. Берік Әбдіғалиев мырза іссапардан қайтып келе жатып, біздің бюроға соққан еді, жауаптары беріліп үлгермеген сұрақтарға бірер күнде жазбаша түрде жауп беріп, біздің редакциямызға жолдайтын болды. Біз Берік Әбдіғалиев мырзаға да, сауалдарын жолдаған оқырмандардың баршасына да алғыс айтамыз. Берік Әбдіғалиевке қойылған сауалдар да, олардың жауаптары да осы хабарландырудың Форумында жарияланады”.

EGEMEN.KZ. “Заң үстемдігі — елдің жетістігі”. “Президент Жарлығымен бекітілген жаңа Құқықтық саясат тұжырымдамасында құқықтың барлық саласы қамтылып, оны дамытудың негізгі бағыттары көрсетілген. Ол мемлекеттік құрылысты, елдің билік тармақтарының жұмысын айқындайтын конституциялық заңнамаларды одан әрі жетілдіруді мақсат тұтады. Ал оның жүзеге асырылуы, конституциялық міндеттердің мүлтіксіз орындалуы, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды тұлғаларының қызметіне тікелей байланысты. Сондықтан Қаржы полициясының алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Осыған орай біз Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВҚА жолығып, тұжырымдаманың мән-маңызы мен оның бағыт-бағдары туралы әңгімелескен едік”. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.

“… – Бұл орайда заң үстемдігін, сот төрелігін және құқық қорғау органдарының азаматтар мен мемлекетті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғайтын қабілетін қамтамасыз ететін жеткілікті заңнамалық әлеует жинақталды дей аламын. Өткен жылы қабылданған қылмыстық-құқықтық шаралар нәтижесінде азаматтар мен мемлекетке келтірілген шығынның, яғни 168 миллиард теңгеден астам зиянның орны толтырылды. Бұл 2002 жылғы көрсеткіштен 25 есе артық. Осы тұста бір айрықша айтарымыз, аталған көрсеткіш біздің бастамамыз бойынша жаңа Тұжырымдамаға енгізілген бір ғана құқықтық норма пәрмені арқылы бірнеше есеге артуы да мүмкін. Мен бұл жерде ұлттық заңнамаға заңды тұлғаларға қатысты олардың экономикалық, экологиялық және жемқорлық қылмыстары үшін жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізілгені туралы әңгіме қозғап отырмын…

– Ал енді осы маңызды құжаттың талаптарын іске асыру қандай нәтиже береді?

– Тұжырымдама ережелерін іске асыру Қазақстанда әлеуметтік саяси тұрақтылық пен заңдылықты нығайту жолында заң бұзушылықтың алдын алу мен қылмыстық құқықтың нақты шараларын анықтап береді. Заңнан артық төрелік жоқ екенін баршаға түсіндіреді. Сонда француз философы Мишель МОНТЕНЬ айтқандай, тәртіптің тәртібі мен заңдардың басты заңы әрбір адам өзі тұратын елдің заңына бағынуы болып табылады. Демек, заңның үстемдігі елдің жетістігі деген сөз. Міне, осылайша заңның талабы мен Елбасының қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қоғамымызда қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты ауыздықтайтын белсенді және тұрақты моралдық-этикалық ахуалды қалыптастыру арқылы ғана біз абсолютті заң үстемдігін орната аламыз”.

ALASHAINASY.KZ. “Елбасы оқу орындарына өз есімін беруге рұқсат етті”. “Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астанада, Ақордада ғылым және ғылым саясаты жөніндегі кеңестің отырысында еліміздің ғалымдарына қызық бір ой тастады. Қарап отырсаңыз, уайым-қайғысы аз, дамыған мемлекеттердің ғалымдары адам өмірін ұзартар жол іздеп жанталасуда. Мемлекет басшысы осы мәселеде Қазақстан ғалымдарына да бақ сынап көруді ұсынды. “Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер. Міне, қазіргі ғалымдар осындай шаруалармен айналысып жатыр. Мұндай жұмысты кез келген саяси жүйеде жасауға болады. Және мемлекеттің ақшасына ғана емес, жекеменшік компанияларды тарта отырып та істеуге мүмкіндік бар. Мұндайды ойлап тапқан ел – ешқандай даусыз әлемдегі ең озық мемлекет саналатыны сөзсіз”, – дейді Елбасы ғалымдарды барған сайын қызықтыра түсіп.

… Нұрсұлтан Әбішұлының пікірінше, жалпы, еліміздің ғылымы инновациялық бағытта дамуы керек. Ол үшін қажетті жағдай жасалып жатыр. Соңғы жылдары күллі әлем болып жарыса ден қойған нанотехнология, биотехнология секілді салаларға ерекше көңіл бөлініп жатқаны осының дәлелі болса керек. Ол аз десеңіз, соңғы бес жылда тек ғылымға жұмсалатын бюджет қаражаты 3,5 есеге өсіпті…

Елбасының тапсырмасымен елімізде бес ірі ұлттық зертхана ашылған болатын. Және әрбір облыс орталығындағы университеттердің жанынан инженерлік салаға маманданған тағы 15 зертхана жұмыс істей бастаған.

Осы жиында Президент өзінің атын оқу ордаларына, ғылым мекемелеріне беруге рұқсатын берді. “Мен ешқашан колхозды да, ауылды да, көшені де, қаланы да, тіпті Астананы да өз атыммен атауға рұқсат етпеген болатынмын. Ал білім мен ғылым мекемелеріне рұқсатымды беремін”, – деді ол”. Авторы: Бесбоғда АЛТАЙ.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан үкіметі мемлекеттік екпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша біртұтас жобаға барлық құжаттар мен бағдарламаларды біріктіреді. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында ҚР үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, еліміздің индустрия және сауда министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ бүгін өткен үкіметтің отырысында \»2010 — 2014 жылға дейінгі Екпінді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жобасы жасалып аяқталды\», — деп хабарлады.

Ал үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың хабарлағанындай, \»құжат жалпы алғанда жоғарғы дәрежеде дәйектелген\». \»Осы кезеңде біз біршама құжаттарды дайындадық. 1 қаңтардан бастап барлық ағымдағы бағдарламалар мен құжаттардың күші жойылатынын еске саламын. Біздің қолымызда барлығы 5 — 7 құжат қалып, оларды мемлекет басшысы бекітеді\», — деді премьер-министр.

Экономикаға қатысты барлық құжаттар 1 қаңтардан бастап бір құжатқа біріктіріледі, сосын оны мемлекет басшысы бекітеді\»,- деді ол.

Қазақстанның бірқатар өңірлерінде бүгін жел күшейеді деп күтілуде, оның жылдамдығы секундына 15 — 20 метрге жетеді, деп хабарлайды \»Kazakhstan Today\» ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанның шығыс бөлігі атмосфералық фронталдық бөліністердің ықпалында болады. Республиканың басқа бөлігіндегі күн райын антициклон қалыптастырады\», — делінген ТЖМ хабарламасында.

Жамбыл, Маңғыстау, күндіз Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 15 — 20 метрге жетеді. Түнде Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында кей жерлерде тұман түседі\», — делінген хабарламада

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...