«Рахат Әлиев веналық газетке оппозициялық қозғалыс құратындығы жайында мәлімдеді». «Үрімжі үркіп тұр». «Қазақта би болмаса, «Қара жорға» Гиннесске қалай енді?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 9 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “ҰҚК-інің кеңсесінде болған өзбек босқындары соққыға жығылғандарын айтады”. “Алматыда тұрып жатқан өзбек босқындары өздерін ұстап ҰҚК-іне апарған адамдардан таяқ жегендерін айтады. ҰҚК болса босқындарға күш көрсетілмеген деп отыр. Ал БҰҰ босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының Қазақстандағы өкілдігі елдің Сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасын дайындап жатыр. …

… ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Мұхтар АНАРБЕКОВ бұл жайында қыркүйектің 8-і күні Азаттық радиосына төмендегідей түсініктеме берді:

— Олардың төлқұжаттары тексеріліп өз жөндеріне жіберілді. Ал ҰҚК-нің қаруланған жедел өкілдері оларды тұтқындады, ұрып-соқты деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. БҰҰ босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда ұйымда 100-ге жуық босқын тіркеуде тұр. Олардың дені Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай азаматтары”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

Рахат Әлиев веналық газетке оппозициялық қозғалыс құратындығы жайында мәлімдеді”. “Рахат ӘЛИЕВ веналық газетке сұхбат беріп, оппозициялық қозғалыс құратындығын, саяси қуғын-сүргін құрбандарын қолдау қорын құрғандығын мәлімдеді. Әлиевті сынаушыларды Аустрияға кіргізбегендіктен, олар Вена әуежайында сұхбат берді.

… Қыркүйектің басында Қазақстандағы шытырмандарға байланысты мақалалар тағы да баспасөз бетінен орын алды. Рахат Әлиев аустриялық “Курьер” газетіне ауқымды сұхбат беріпті. Сұхбаттың тақырыбына Әлиевтің: “Олар мені осында өлтірулері мүмкін” деген мәлімдемесі алыныпты”. …Рахат Әлиев дәл қазір Аустрияны да еріксізден тастап бара жатқанын және “Еркін Қазақстан үшін бірігу” атты оппозициялық қозғалыс құру жұмысымен айналысып жатқандығын айтты….

Аустрия теледидары көрсеткен бағдарламаның соңында Әлиевке сөз берген.. …Осыған байланысты Әлиев, кейбір аустриялық саясаткерлер мен журналистердің Қазақстанның құпия қызметімен байланысын тексеріп жатқан парламенттік комиссияға куәлік беруге даяр екендігін мәлімдеді”. “Рахат Әлиевтің пікірінше, бүгінде парламенттік фракциялардың көпшілігі оның куәліктері мен құжатты дәлелдерін тыңдауға ыңғай білдіріп отыр. Әлиев, назарбаев режимінің қылмыстарын дәлелдейтін көптеген құжаттарым бар деп қайталаудан танар емес. Рахат Әлиев жақын арада оған Аустрия парламентінде сөйлеу мүмкіндігі беріледі деп есептейді”, — деп қорытты Александр НАРОДЕЦКИЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Әлемге төніп келе жатқан тұтыну нарығындағы дағдарыс бізді айналып өте ме?”. “Халықаралық валюта қоры сарапшылары 26 кедей мемлекетте дағдарыстың үшінші толқыны жүреді деген пікірде. Албания, Армения, Гана, Қырғызстан, Моңғолия тәрізді елдер енген тізімде Қазақстан жоқ. Бірақ отандық кейбір экономистер дағдарыстың үшінші толқыны тұтыну нарығындағы сұраныстың азаюынан туындауы мүмкін деп қауіптенеді. Қапыда қалмас үшін Үкімет те қамданып отыр. Мұнай бағасына байланысты экономика дамуының бірнеше жоспары әзірленуде. Біз қос сарапшыға “Тұтыну нарығындағы сұраныстың азаюы дағдарыстың үшінші толқынын әкеле ме?” деген сауал қойдық”. Дайындаған Анар ҚУАНЫШБЕКОВА.

Марат ҚАЙЫРЛЕНОВ, Zertteu DC Group зерттеулер жөніндегі директоры:

“- Жоқ.. Дағдарыстың үшінші толқынын тұтыну нарықтарынан күтуімізге болады. Статистика агенттігі деректеріне сәйкес, халықтың табысы мен жұмсаған қаржысы арасындағы алшақтық өсіп келеді…”

Арсений СИДОРОВ, Allianz Қазақстан сақтандыру компаниясы басқарушы директоры:

“- Иә. Дағдарыстың үшінші кезеңінің болуы екіталай деп ойлаймын. Бұл ойым оптимистік көңіл күйге емес, әлемдік экономиканың соңғы уақыттағы көрсеткіштеріне негізделген.

Біріншіден, АҚШ-тың өндіріс саласындағы іскерлік белсенділік индексі тамыз айында 52,9 пунктіне дейін көтерілді. Бұл көрсеткіштің 50-ден асқаны – жақсылықтың нышаны. Сауалнамаға қатысқан сатып алу жөніндегі менеджерлер “дағдарыс аяқталды, экономика өсу жолына түсті” деген пікірде. Бұл – әлемдегі қуатты экономикалардың бірінің тізгінін ұстап жүрген орта және жоғары лектегі менеджерлердің ізгі көзқарасы.

Жалпы алғанда, әлемдегі және еліміздегі оң өзгерістер мен мұнай бағасының тұрақтылығы Қазақстанның экономикасының жандануынан үміттенуге мүмкіндік береді”.

Түйін: “Тұңғыш Президент қорының ғылыми қызметкері Қанат БЕРЕНТАЕВ “тұтыну көлемін арттыру үшін бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақы, шәкіртақы, өзге де жәрдемақыларды екі есеге көбейту керек” деген пікірде. Бұл инфляцияны 3-4 пайызға көтерсе де, азық-түлік, киім-кешектің өтуіне түрткі болып, дағдарыстың алдын алуға жақсы әсер ететін көрінеді. Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко да “дағдарыстың үшінші толқыны болуы екіталай” деген пікірде. Мұндай күн, мұнай баррелі 30 доллардан арзандап кетсе, орын алуы ықтимал. Ал қара алтынның бұдан екі есе қымбатқа саудаланып келе жатқанына жарты жылдан асты”.

Қазақта би болмаса, “Қара жорға” Гиннесске қалай енді?”. “Қазақта би болмаған” дейтіндердің аузына біржолата құм құйылды. Олай дейтініміз, көнеден келе жатқан ұлттық “Қара жорға” биі әйгілі Гиннесстің рекордтар кітабына алтын әріптермен жазылды…”. “….Мұны 10 миллионға жетер-жетпес қазаққа “Қара жорғаны” серпіле билеген әлгі 10 мың биші дәлелдеп бергендей.

… Қытайдағы қандастарымыздың өзі бұл биді ұмытылып барып, соңғы 10-15 жылдың аясында ғана қайта жарыққа шығара бастаған. Алтайдың арғы жағындағы бауырларымыз биді түрлендіріп, оның әуен-сазын өңдеп, әсерлі мәтін жазды. Осылайша, “Қара жорға” қазақпен қайта қауышты.

Қытайдың Синьхуа ақпараттық агенттігінің мәліметінше, аспан асты еліндегі Алтай аймағының Шіңгіл аудандық партия комитетінің хатшысы ЖАУЖИЕН жергілікті ақпарат көздеріне жасаған мәлімдемесінде: “Қазақ ұлтының дәстүрлі биі “Қара жорғаны” 10 мыңнан астам адамның билеп шығу салтанатын Қытай коммунистік партиясының алда келе жатқан 60 жылдық тойына орайластырып өткіздік, сонымен бірге ұзақ тарихқа ие қазақ дәстүрлі мәдениетін Гиннесстің рекордтар кітабына енгізе отырып, әлемге танытуды көздедік”, – деген екен. Өнер рекорды жасалған Шіңгіл ауданында “Қара жорға” топтық биіне, негізінен, қазақ, қытай, моңғол ұлттарынан құралған 13288 адам қатысқан. Рекордтарды тіркейтін әккі мамандар келмей тұрып биге деген дайындық үш ай көлемінде жүргізілген. Ақыры төгілген тер мен еңбек ақталды. Бірақ бұл жетістік қытайлықтардың есебіне жазылып отыр.

Дерек: Өнер зерттеушілері “Қара жорға” (“Буын биі”) биінің тарихы XII ғасырдан арыға кететінін айтады. Ал Қазақстанға осы биді ең алғаш әкеліп, ел арасына дәріптеп, насихаттаған – Арыстан қажы ШӘДЕТҰЛЫ. Көпшіліктің делебесін қоздырып, бірден үйіріп әкететін бұл бидің басқа туысқан ұлттардың немесе қазақтың басқа да билеріне ұқсамайтын өзіндік дара қасиеті – оны билеген кезде адамның барлық буындары дерлік қозғалысқа түсетіндігінде. Кезінде Алтай асып Қытайға барған, одан Түркияға жетіп, қазақтардан түрік жұрты “өздеріңе тиесілі мәдениеттеріңді көрсетіңдер” дегенде, Арыстан ағамыз “Қара жорға” биін билеп, талайлардың таңдайын қақтырып, қазақты мойындатқан екен”. Авторы: Алмат ИСӘДІЛ.

ABAI.KZ.Бек ДАТҰЛЫ “Үрімжі үркіп тұр” атты мақаласында қыркүйектегі Үрімжіге назар аударады: “… Шілденің 5-жұлдызындағы 140 адамның өмірін қиған қақтығысқа қатысты сот ісі жаңа жанжалдарға бастамашы болғандай. Үрімжіден жеткен ресми мәліметке сүйенсек, ұйғыр сепаратистері бауыр рагі ауруының вирусы жұқтырылған инелерді террорлық қаруға айналдырған. Олардың құрбандары 400 адамға дейін жеткен дейді Үрімжідегі бейресми ақпарат көздері. Осындағы этникалық қазақтардың айтуынша, ұлты қазақ бес адамға да аталған вирус жұқтырылған. Қаскөйлер ойларын іске асыру үшін бала-шаға мен әйелдерді, қарияларды да аямады деседі. Бұған ашуланған қытайлар жергілікті билікті шара қолдануға шақырып митингке шыққан. Төтенше оқиғаға байланысты Үрімжіні тағы әскер басыпты. Бейжіңнен жеткен жоғары шенді мемлекет қызметкері ұйғырлар ең көп шоғырланған екі ауданда кездесу өткізіп, халықты сабырға шақырған. Ол дүрбелең тудырушылардың аяусыз жазаланатынын ескертіпті. Соңғы бірнеше күн бойы Үрімжі көшелерін қытай әскерлері күзетуде. Көшеде ұйғыр ұлтының өкілдері некен-саяқ кездеседі. Тек ұйғырлар ғана емес, жалпы халық көшеге шығудан қорқады. Үрейлі вирустың елесі қала көшелерін кезіп кеткен. Мектептер жабылып, бейсуат жүрген жан бақылауға алынған. Шекара да жабық. Сыртпен байланыс бір жақты ғана. Интернет істемейді, телефондар сыртқы әлемге қатынамайды. Тек сырттан (шет елдерден) барған қоңыраулар әзірге қабылданып тұр. …Қытайдағы біздің елшілік те, Қазақстандағы Қытай елшісі де, өзге де ресми орындар аталған оқиғаға қатысты ресми мәлімет таратқан жоқ….”.

Астана. 7 қырқүйек. ҚазТАГ – Дина ЕРМАҒАНБЕТОВА. ҚР премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ өзінің орынбасары Ербол ОРЫНБАЕВқа НАЗАРБАЕВ атындағы университетті, мектепті және қорды 2010 жылдың ортасына қарай іске қосуды тапсырды. “Мен сізге мерзім белгілеймін – университеттің, мектептің және қордың тұсаукесері келесі жылдың ортасына қарай өткізілсін, яғни бұл жұмыс істеп тұрған нысандар болуға тиіс”, — деді ол дүйсенбі күні үкіметтің отырысында Е. Орынбаевқа қаратып айтқан сөзінде.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы өткен аптада Қазақстанда өз атындағы университет, мектеп және ғылыми қор құруды тапсырды.

KAZ.GAZETA.KZ. 7 қыркүйектегі сауда-саттық қорытындысы бойынша Лондондағы InterContinental Exchange Futures биржасында — IPE Brent Crude мұнайының бір баррелінің бағасы $0,29-ға төмендеп $66,53 болды, деп хабарлайды \»Kazakhstan Today\» ІСЕ биржасынның мәліметіне сілтеме жасап.

Ал Нью-Йорктегі New York Mercantile Exchange биржасында Light, Sweet Crude Oil мұнайының баррелі $0,06-ға көтеріліп, бір барреліне $68,02 болды \», -делінген хабарламада.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...