«Республика» БТА банкіне айыппұлға миллиондар емес, лимондар алып келді». «Депозиттерге кепілдік беру қоры 21 қыркүйектен бастап теңгелік депозиттер бойынша ставканы 11,5% дейін төмендетуді жоспарлауда». «Аты жөніңді қазақшалап нең бар еді?!»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 10 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Республика” БТА банкіне айыппұлға миллиондар емес, лимондар алып келді”. “Алматының Медеу аудандық соты БТА банктың пайдасына “Республика” газетінен 60 миллион теңгені (400 мың АҚШ доллары шамасында) өндіріп алу туралы шешім шығарды. Редакция басшылығы ол шешімді орындауға шамасы жоқ газет жабылады дейді…

Өздерінде БТА банкінің сұратқан 80 млн. теңгесінің жоқтығын алға тартқан “Республика” ұжымы сот залына 80 лимон көтере келген. Лимонды банк өкілі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВке тапсырмақ болып еді, ол судьяның сөзі аяқталысымен-ақ іркілместен залдан шығып кетті.

Алайда, әкелген “сыйлықты” БТА банкінің бас директоры Әнуар СӘЙДЕНОВ пен банктің директорлар кеңесінің төрағасы Арман ДУНАЕВтердің макетіне “тапсырды”. Макеттер де еш ишара білдірмеген соң редакция қызметкерлері лимонмен БТА банкінің “макет өкілдерімен” суретке түсіп, әкелген лимондарын өзара бөлісті….

“Республика” газетінің редакциясы газет жабылған жағдайда газеттің веб-сайтын ашып, соған ауысатындарын айтады. Сонымен қатар, басылым өкілдері жаңа газетті тіркеуге жіберетіндерін де атап өтті. Олардың “Ассанди таймс” атты тіркеуден өткен газеттері болғанына қарамастан, газет басшылығы басылымның бұрынғы атпен қалғанын қалайтындарын жеткізді”.Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Аты жөніңді қазақшалап нең бар еді?!”. “…Зайыбым жеке куәлігін алды. Бұрынғы аты-жөні “Досжанова Гульжан Амангельдиевна” мен қазақшалаған нұсқасындағы “Досжан Гүлжан Амангелдіқызының” арасы жер мен көктей. Іштей атымыздың қазақшаланғанына қуандық. Үстімізден жүк түскендей болған. Алайда біз сол сәтте керісінше батпандай жүк арқалап алғанымызды кейін білдік.

Жолдасымның аты-жөнінің қазақшаланған нұсқасына әуелі жұмыс орнындағы кадр бөлімі мен бухгалтериясы шүйлігіпті. Кадр бөлімі бұйрық шығара алмай бас қатырса, бухгалтериясы “еңбекақы аударуға СТН (салық төлеушінің нөмірі), ӘЖК (әлеуметтік жеке код), зейнетақы қорымен келісімшарт секілді құжаттар мен жеке куәліктегі аты-жөніңіз сәйкес келмейді” деп жолдасыма қара аспанды төндіріп, қалай болғанда да оны реттеуге кеңес беріпті. Былай қарасаң, “қазақ болып нең бар, орыстанған күйіңде неге жүре бермейсің” дегеннің кері… Содан жұбайым “Сен қазақшалайық демегенде, осындай болмас еді” деп, мені кінәлай бастады. Расында, қазақ болайық деп ұсыныс тастаған өзім болған соң, тілімді тістеп қала бердім. Жолдасымның қабақ шытатын жөні бар. Өйткені ел аузында “ЦОН” атанып кеткен халыққа қызмет көрсету орталығына барып ісіңді тындыру оңай емес. Ондағы сапырылысқан кезек пен қазақша айтсаң ұқпайтын, бірақ заты қазақ болғанымен, болмысы орыс қызметкерлермен іс тындыру да оңай шаруа емес. Бұған қоса, қазақшалау мәселесін айтсаң, олардың ешнәрсені білмей қалатыны тағы бар.

Мәселе туындаған соң жолдасым құжат алған орнына қайта барғанымен, ондағылардың да бұл мәселеге нүкте қоятындай дәрежелері болмады. Бірі бұл мәселенің әлі шешімін таппағанын айтып ақталса, екіншісі керісінше жолдасымның өзін кінәлап, “аты-жөніңізді қазақшалап неңіз бар?” деп дүрсе қоя беріпті. Әлгі “бәрі жақсы болады, еш алаңдамаңыз” деген бастықсымақ болса, өзінше ақталып әлектенген. Ол “жұмыс орныңызға түсіндіріп айтыңыз, ешқандай құжатыңызды ауыстырмайсыз” дегеннен әрі аса алмаған.

Содан не керек, мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген бағамен тұрғын үй алу науқаны басталды. “Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің” демекші, жолдасымның қазақшаланған аты-жөні нағыз сорға айналды. Бұл науқан кезінде бір емес, қатарынан бірнеше құжат жинап, әлек болуың керек. Жолдасыммен банкке барсақ жеке куәлігіңіздегі аты-жөніңіз өзге құжаттарыңызбен сәйкеспейдіні сылтауратып, ипотекаландырудан бас тартса, зейнетақы қоры ай сайынғы аударылатын зейнетақылық жарна жөніндегі анықтама бермей қатырды.

Қойшы, не керек, қожанасырдың күйін кешіп, қайтадан халыққа қызмет көрсету орталығының анықтама бөліміне хабарластық. Ондағылар бір-біріне сілтеп, еш жауап қайтармаған соң Әділет министрлігіне қоңырау шалдық. Министрлік деген аты болмаса, бұл орган бар мәселені халыққа қызмет көрсету орталығына жүктеп, өздерінің шама-шарықтарын байқатып алды.

Халыққа қызмет көрсету орталығы бізден құтылмасын білген соң “жеке куәлігіндегі аты-жөнді қазақшалау “Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйке рәсімделді” деген бір жапырақ анықтама қағаз беріп тынды. Күні бүгінге дейін жолдасым аты-жөніне байланысты дау туындаған сайын анықтама қағаз алып, шаршап жүргені.

Аты-жөнді қазақшалау мәселесі заң жүзінде реттелген-реттелмегендігін білу мақсатында заңдар жинағын алып қарастырдық.

Ал онда қазақ боламын деген қазақтың алдында мәселе туындамауы керектігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Кез келген Жарлық арнайы қаулылар шығарылып, мәселе реттеліп отыратыны белгілі. Ал бұл Жарлыққа қатысты Үкімет қаулының жоқтығының салдарынан қаншама қазақтың басын тауға да, тасқа да соғып, қазақ болуы азап болып жүргені жасырын емес.

Дәйек: 1996 жылғы 2 сәуірде жарық көрген Қазақстан Республикасы Президентінің “Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы” Жарлықтың 1-тармағынан: “Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуға тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай “ұлы” немесе “қызы” сөздері қосылып, бірге жазылады”.

Жарлықтың 3-тармағынан: “Азаматтың тегі мен әкесінің атының жазылуын өзгертуі оның құқықтық субъектілігін қозғамайды, яғни тегі мен әкесінің атының бұрынғы жазылуында алған құқықтары мен міндеттерін доғаруға немесе өзгертуге негіз бола алмайды”. Авторы: Айдос СӘДУАҚАСОВ.

ABAI.KZ. Бек ДАТҰЛЫ “Жаңа валюта жақсылық нышана ма?” деген мақаласында әлемдегі қаржы жүйесін реттеу үшін жаңа валютаға айырбастау мәселесіне назар аударады: “Доллардың үрлеген шардай қауқарсыздығы, әлемдік қаржы дағдарысына себепкер осы валюта екені кеше тағы сөз болды. Бұл жолы ол пікірді жеке саясаткерлер немесе мемлекет басшылары емес, БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференция (UNCTAD) сарапшылары айтты…

АҚШ-тың ақшасынан бас тарту туралы әңгіме доллар пирамидасының асты қуыс екені әлемге айдай анық болғалы, яғни материалдық қолдауы жоқ талай триллион “көк қағаздың” шынымен де әншейін қағаз екені жалғанға паш болғалы көтерілген. Бірден айтайық, бұл сарындас пікірлер кімнің Америкамен қандай қатынас ұстанатынына қатысты емес, әр мемлекеттің өз мүддесі үшін айтылды. Яғни, АҚШ-пен қарым-қатынасы қырғи қабақ елдердің де, достық қарым-қатынастағы мемлекеттердің де басшылары нақты көзқарасын білдірді. Америкамен ежелден тең дәрежеде сөйлесетін Ресей мен Қытай жаңа валюта туралы идеяны қолдайтындарын ашық айтып келеді. Ресей президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВ реформа жасап дүниежүзілік қаржы жүйесін бір орталыққа тәуелділіктен арашалап алуды ұсынды. Ол үшін дүниежүзілік қаржы орталықтары мен дүниежүзілік резервтік валюта жүйесіне өзгерту енгізу керек дейді. Оның пікірі біздің елдің президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың ойымен толық үндеседі….

Әлемнің көптеген мемлекеттері долларға сенімсіздікпен қарап отыр. Кейбір мемлекеттер сауда-саттықты доллармен жасаудан бас тартып та үлгерді. Әзірге әупірімдеп әлемдік валюта деген атын сақтап келе жатқан доллар жалғыз күнде бар қауқарынан жұрдай болуы мүмкін.

Әрине, бұған дейін әр мемлекет жеке-дара өз ұстанымын білдірген болса енді БҰҰ жаңа валюта мәселесін көтеріп отыр. БҰҰ-ын бұрынғы қауқарынан айырылып қалған деп айыптайтындар да аз емес. ..

БҰҰ-ның баяндамасында “қазіргі қаржы жүйесі тиімсіз, әлемдік экономиканың дамуын тежеуде әрі қаржы және экономикалық дағдарыстың бірден-бір себепкері” деп атап көрсеткен. UNCTAD сарапшылары долларды жасанды валютаға алмастыру халықаралық сауда мен мемлекеттік қарыздар төңірегіндегі теңсіздікті жояды деп санайды. Айырбас курстарын реттеу үшін Бреттон-Вудский келісіміне ұқсас жүйе құруды ұсынады. Сарапшылар ұсынған жүйе әлемдік қаржы жүйесінде соңғы 60 жылда болмаған түбегейлі өзгеріс әкелмек.

…Расымен де біз өзгерістерге, жаңа қаржы жүйесіне іркіліссіз енуге дайынбыз ба? Кәрім МӘСІМОВтың кабинеті бұған әлі нақты жауап берген емес. Әзірге кезінде алаулатып-жалаулатып бастаған бірқатар идеялары “иісалмас” екенін біліп, біріне бірін қосып, кейбірін шұнтитып кесіп-пішіп тыраштанудан аспай жатыр. Талай жобаларды іске асыра алмады. Есеп бергенде еселеп беретін, көбінесе семіз айтып арық шығатын осы Үкіметіміз өзгерістерге дайын дегенге күмән мол”.

KAZ.GAZETA.KZ. Депозиттерге кепілдік беру қоры 21 қыркүйектен бастап теңгелік депозиттер бойынша ставканы 11,5% дейін төмендетуді жоспарлауда. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкінің басшысы Григорий МАРЧЕНКО мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Біздің білуімізше, Депозиттерге кепілдік беру қоры шешім қабылдады, 21 қыркүйектен бастап теңгелік депозиттер бойынша ставка 11,5% дейін төмендетілеі. Ал валюталық депозиттер бойынша ставка 8% деңгейінде қалады\», — деді Г. Марченко.

Біз несиелік ставкалар төмендеуге тиіс деп санаймыз. Жалпы алғанда белгілі бір төмендеу байқалып отыр, бірақ бұл негізінен мемлекеттік бағдарламалардың есебінен төмендеді. Сол себепті елімізде бір жағынан депозиттердің өсу және екінші жағынан депозиттердің ставкаларының төмендеу ағымы одан әрі жалғасатын болса, бұл несиелік ставкалардың да төмендеуіне алып келеді. Яғни, мемлекеттік бағдарламалардың есебінен емес, банктердің өздері тартқан қаржысының есебінен берілетін несиелердің де ставкасы төмендемек\», — деді Ұлттық банк басшысы.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...