«Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды өмір бойы басқарсын». «Жанар-жағар майға – мораторий». «Мемлекеттiк ресурстар мен бағдарламаларды бiр арнаға тоғыстыру керектiгiн айтқан Үкiмет жыл соңына дейiн пайдасы аз құжаттардан бас тартуды көздейді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 11 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. Қазақстан суицид көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр”.Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 53 кісі өзіне қол салып қаза болады екен. Бұл көрсеткіш Орта Азия елдері бойынша Қазақстанда ең жоғары деңгейде екен.

Жалғыздық – суицидке итермелейтін бірден бір себеп…. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазақстандық әйелдер арасындағы суицидтің көрсеткіші – 15 пен 24 жас аралығында 100 мың тұрғынға шаққанда 11,1 оқиғаны құрайды. Салыстырмалы түрде АҚШ-та бұл көрсеткіш – 2,9-ға тең. 20 жасар алматылық бойжеткен Руслана Коршунова өткен жылы Манхэттендегі өз пәтерінің 9-шы қабатынан құлап қайтыс болған еді. Пәтердің ішінде қандай да бір арпалыстың ізі анықталмаған. Сол кезде жергілікті басылым Руслана өз-өзіне қол жұмсаған деген болжам айтқан болатын…

Қазақстанда кісі өлтіргендерден өз-өзін өлтіргендер көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстан әлем бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 53-і өзіне қол салу оқиғасы көрсеткішімен алдыңғы орындардың бірінде. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша “тұрақты лидерлер” саналатын – Венгрия (88) мен Литвадан (96-99) сәл төмен тұр. Ал кейбір деректер бойынша, Қазақстан Ресей мен Латвиямен бір қатарда көрінеді….

Ал енді Қазақстанның ішіндегі жағдайға назар аударсақ: соңғы бірнеше жылда осындай қаза бойынша көш басында Оңтүстік Қазақстан облысы (72 оқиға), Ақтау (64-67 оқиға) және Солтүстік Қазақстан облысы (100 мың тұрғынға шаққанда 57 адам өз-өзіне қол жұмсаған). Бір атап өтерлігі – елде адам өлтіргендерге қарағанда өз-өзін өлтіргендер саны әлдеқайда көп екен. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда 2007 жылы 342 суицид фактісі тіркелген. Оның 2/3-і ер азаматтар…”, — деп қорытты Мәншүк АСАУТАЙ.

Ақорда Назарбаевты мәңгілік президент ету ұсынысы туралы хабарлады”. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстанды өмір бойы басқарсын. Осындай ұсынысты бейсенбі күні Назарбаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында профессор Закратдин БАЙДОСОВ жасады деп хабарлады президенттің баспасөз-қызметі.

“БОЛАШАҚТА ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ ӨТКІЗУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ”. Қазақстан президентіне қатысты бұл жолғы ұсыныс ақтөбелік профессордан шығып отыр. Өмірлік президент өкілеттігін беру туралы бастаманы бейсенбі күні президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде профессор Закратдин Байдосов жасай келе былай деген екен ол: — Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, халық әрдайым Сіз үшін дауыс береді. Сіз әрқашан халық игілігі және күллі еліміз үшін қызмет жасайсыз. Біз болашақта президенттік сайлауды өткізудің қажеті жоқ деп есептейміз. Сіз Қазақстанды басқаруыңыз және әрқашан елімізге басшылық жасай беруіңіз керек. Конституцияға тиісті өзгертулер енгізу қажет, — деді тарих ғылымдарының докторы Байдосов”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

EGEMEN.KZ. “Жас өскін демократиялардың әлеуеті”. “Болашақ ядролық қарумен емес, ынтымақтастықпен қамтамасыз етіледі. 8 қыркүйекте Американың ықпалды “Вашингтон Таймс” газеті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың “Жас өскін демократиялардың әлеуеті” атты мақаласын жариялады. Аудармасын газет оқырмандарының назарына ұсынып отырған бұл мақала АҚШ-тағы дәстүрлі жазғы демалыстардан кейінгі алғашқы ресми күні шыққанын атап өткен жөн. Мұның өзі американ саяси истеблишменті үшін оның өзектілігі мен басымдылығын және әлемдік аренадағы барынша беделді лидерлердің бірі ретінде Қазақстан Президентінің пікіріне деген үлкен қызығушылықты атап көрсетсе керек. Сонымен қатар мақалада баяндалған жаппай қырып-жою қаруларын таратпау режімінің күшеюі және халықаралық деңгейде толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайту секілді халықаралық қоғамдастық үшін айрықша мәнді мәселелер туралы Мемлекет басшысының ұстанымы жұртшылық назарына осы мәселелерді талқылау жоспарланып отырған БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының қарсаңында ұсынылды”.

TURKYSTAN.KZ. Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ “Жанар-жағар майға – мораторий” деген мақаласында жанар-жағар май тапшылығына назар аударады: “Министрлер кабинетi көктем мен күзгi егiн орағы қызған шақта iшкi нарықтағы жанар-жағар май тапшылығы мен қымбатшылықты қолдан жасайтындарды ауыздықтау мақсатында, мұнай өнiмдерiн экспорттауға тыйым салатын Қаулыға қол қойды. Осымен екiншi рет енгiзiлген мораторийден қарапайым диқанға келер пайда бар ма?….”.

Тамыздағы қымбатшылық”. “Инфляцияны ауыздықтауға уәде берген Үкiмет елдегi қымбатшылықпен әлек. Ал ырыққа оңайлықпен бағынбайтын баға тамыз айында тағы бiр ышқынды. Жыл соңына дейiн 7 пайызды межелеп отырған Үкiмет елдегi қымбатшылықты қазiр 8 пайызбен бағалап, шектеуге тырысса, ТМД елдерi Мемлекетаралық статистикалық комитетi “Қазақстандағы инфляция деңгейi қазiр 12 пайызға жуық” дейдi.

…ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң деректерiне сүйенсек, елiмiздегi шағын бизнес субъектiлерiнiң саны 209969-ге жетiп, былтырғы алғашқы он аймен салыстырғанда 5,3% артыпты. 2009 жылғы 1 шiлдеде мемлекеттiк бюджет түсiмдерi – 1702,5 млрд. теңге, шығыстары – 1797,7 млрд. теңге, бюджет тапшылығы 95,2 млрд. теңгенi құрап, 2008 жылғы 7 аймен салыстырғанда, түсiмдер 6,4%-ға, ал шығыстар 5%-ға өсiптi. 2009 жылғы I тоқсанда кәсiпорындар мен ұйымдардың қаржы нәтижесi табыс ретiнде 317,1 млрд. теңге көлемiнде болған. Бұл 2008 жылғы осы аралықтағы кезеңдiк деңгейден 73,1 пайызға төмен көрiнедi. Екiншi деңгейлi банктердiң экономика саласына бағыттаған несиелiк салымдары 2009 жылғы маусымның соңында 8109,2 млрд. теңгеге жетiп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, 11,9 пайызға артқан. Ұзақмерзiмдi несиелердiң үлес салмағы – 82,5%, шетелдiк валютадағы несиелер – 52,5%. Банк жүйесiндегi депозиттер көлемi 5967,5 млрд. теңгенi құраған. Аталған көрсеткiш өткен жылғы 8 айға қарағанда 34,8%-ға жоғары. Бiр айта кетерлiгi, жеке тұлғалардың депозиттерi 10,6% артып, 1606,7 млрд. теңгеге теңгерiлдi…. 2009 жылдың тамызында жаңа үйлердiң бағалары шiлде айымен салыстырғанда, 0,3 пайызға төмендеген. Көп қабатты үйлердегi пәтерлердi сатып алып, қайта сату – 1,1 пайызға, ал бiр қабатты үйлердi 0,7 пайызға арзандап, жаңа тұрғын үйдiң 1 шаршы метрi 137 706 теңге, ал көп қабатты үйден пәтер сатып алып, қайта сату – 101 669 теңге, бiр қабатты үйдi – 59525 теңге…”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

200 құжат “қысқартуға” ұшырайды”. “Мемлекеттiк ресурстар мен бағдарламаларды бiр арнаға тоғыстыру керектiгiн айтқан Үкiмет жыл соңына дейiн пайдасы аз құжаттардан бас тартуды көздейдi. Өткен аптада ҚР Парламентi палаталарының бiрлескен мәжiлiсiнде Президент Н.НАЗАРБАЕВ Министрлер кабинетiне алдағы онжылдықта мемлекет баса назар аударуы тиiс 5 басым бағытты айқындап берген болатын. Үкiмет екi бес жылдыққа бөлiнетiн 2020 жылға дейiнгi кезеңде дағдарыс кезiнде ел экономикасын тұрақтандыру, оның орнықтылығын қамтамасыз ету, бәсекеге қабiлеттi адами қор құру, халықты базалық-әлеуметтiк тұрғын үй коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету, ұлтаралық келiсiмдi қолдау, халықаралық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты ұстануға көңiл бөлiнуi тиiс едi. “Дағдарыс кезеңiнде елiмiздi индустрияландыру жұмысына ешқандай балама болмайды. Үкiметке жыл соңына дейiн елiмiздi индустрияландыруды ынталандырудың 5 жылдық жоспарын аяқтауды тапсырамын. 2010-2015 жылға дейiнгi мемлекетiмiздiң индустриялану картасы, 2020 жылға дейiнгi өндiрiстiк қуатты оңтайлы орналастыру тiзбегi қалыптасуы тиiс” деп мәлiмдеген Н.Назарбаев күнi бүгiнге дейiн машина құрылысы, металлургия, фармацевтика, химия салалары бойынша 25 жобаның iрiктелiп алынғанын және аталған жобаларға 30 млрд. долларға жуық қаржы жұмсалатынын айтты. Президент пәрменiне сәйкес, келешекте жоспарланып отырған жаңа 270 мыңға жуық жұмыс орны елдегi жұмыссыздық деңгейiн төмендетуге және алдағы 10 жылда Ұлттық қордағы шикiзаттық саладан түсетiн кiрiстердiң активтерi IЖӨ-нiң кем дегенде 30 пайызын құрауы мiндеттелген болатын. Осыған орай, дүйсенбi күнгi үкiметтiк отырыста К.МӘСIМОВ Министрлер кабинетiнiң 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ел экономикасын дамытудың 5-7 бағдарламасын түзудi жоспарлап отырғанын мәлiмдедi. Ал ҚР Индустрия және сауда министрi Әсет ИСЕКЕШЕВ аталған жоспар шеңберiнде жүзеге асырылуы тиiс мемлекеттiк бағдарламалар алғашқы онжылдыққа арналатынын және олардың саны 3 немесе 5-тен аспайтынын жариялады. Оның айтуынша, мемлекеттiк бағдарламалардың iшiндегi 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағыттағы жедел дамудың қамтамасыз ететiн бағдарлама – ең маңызды құжаттардың бiрi. Сондай-ақ, әр салаға негiзделген салалық бағдарламалар да әзiрлену үстiнде. Оларға күнi бүгiнге дейiн заңдық қолданыста келе жатқан Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы, кластерлiк бағдарламалар, “Қазақстанның 30 корпоративтiк көшбасшысы” бағдарламасы, Көлiк стратегиясы мен индустрияландыру саласындағы басқа да құжаттар негiз болмақ. Ал аталған құжаттарды дайындау барысында бұған дейiнгi бағдарламалардың кемшiлiктерi де ескерiлетiн болады. “Ықпалдастырылатын құжаттар саны – 52, олар заңдық күшiн жояды” (Ә.Исекешев). Ал Мәсiмовтiң мәлiмдеуiнше, үстiмiздегi жылдың соңына дейiн Мемлекет басшысы бекiтетiн мемлекеттiк бағдарламалар саны 5-7-ден кем болмайды. Экономикалық салаға қатысы бар мәселелердiң барлығы сол құжаттарда қамтылуы тиiс және аталған бағдарламаларды әзiрлеу кезiнде қазiргi 200-ден астам құжат қысқартуға кетедi. Ел экономикасын дамытудың жоспарын осылайша бiр арнаға тоғыстырып алған Үкiмет бiртұтас бағдарламалар арқылы әрекет етудi көздейдi. Исекешевтiң айтуына қарағанда, 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы 2015 жылға дейiн елдiң iшкi жалпы өнiмiн 7 трлн. теңгеге ұлғайту мақсат етiлген. Бұл 2008 жылғы көрсеткiштермен салыстырғанда, 50 пайызға көп…”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Түркі мемлекеттеріне ортақ саяси ұйым құратын кез жетті ме?”.

Қазір түркітілдес халықтардың көркем және ғылыми саласындағы ынтымақтастығы бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Алайда саяси одақ құру мәселесі айтыла бермейді. Сондықтан осы бір мәселені ортаға салған едік”. Әзірлеген Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.

Смағұл ЕЛУБАЙ,жазушы:

Иә. Түркі әлеміне ортақ саяси ұйымның құрылатын уақыты әбден пісіп-жетілді. Қазірдің өзінде таза саяси ұйым болмаса да интеграцияға негізделген, экономикалық кеңістіктер қалыптасып отыр. Ислам конференциясы ұйымының аясында осы түркі мемлекеттері бас қосып отыр. Сонымен қатар мәдени құндылықтарын насихаттап, өткенін қайта тірілту үшін ТҮРКСОЙ ұйымы да құрылған болатын. Осындай іргелі орталықтар арқылы саяси ұйым құруға жол ашылады деп ойлаймын. Сондықтан түркі кеңістігінде экономикалық, мәдени ұйымдар белсенді жұмыс жасап күшейе беруі керек. Себебі ортақ мәдени құндылықтар мен экономикалық мүдделерді қорғау үшін міндетті түрде саяси одақ керек болады….

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

Жоқ. Түркі әлеміне ортақ саяси ұйым құратын уақыт келген жоқ. Себебі түркі тілдес елдерге ортақ мәдени-гуманитарлық мәселелермен айналысатын ТҮРКСОЙ ұйымының жұмысы да әлсіреп тұр. Саяси ұйым құру мәселесін 90- жылдардың басында Түркияның сол кездегі Президенті Тұрғыт Өзал көтерген болатын. Осы кезде біздің Елбасы да бұл ұсынысқа оң көзбен қараған еді. Бірақ уақыт өте келе бұл мәселе өз маңыздылығын жоғалтып алды. Себебі Түркия ЕО-мен ынтымақтастыққа басымдық берсе, Орталық Азия мемлекеттері кеңестік кеңістіктегі ұйымдармен байланысуды жөн санады. Шыны керек, түркі өркениеті қазіргі еуропалық, мұсылман өркениеттерінен еш кем емес….

Бейтарап пікір: Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, Мемлекет тарихы институты Еуразиялық мәселелер және салыстырмалы саяси зерттеулер бөлімінің бастығы:

– Жалпы, мұндай одақты құру идеясы жаңа идея емес, ол тіптен Кеңес өкіметінің кезінде тіл (латын тіліне көшу) мәселесін шешу мақсатында түркітілдес мемлекеттердің ортақ талабынан да көрініс тапты. Осы орайда, Президент Н.Ә.НАЗАРБАЕВтың “Түрік бастамасы”, түркітілдес елдердің Парламентаралық ассамблеясын құру туралы өз ұсынысын білдіруі маңызды. Әрі бұл бағыттағы қадамдар жасалып та жүр ғой. Бұған дәлел – түркі мәдениеті және өнерін зерттеу, оны әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында құрылған ТҮРКСОЙ-дың қызметі. …Сондықтан саяси одақ құруға барлық негіз бар.

KAZ.GAZETA.KZ. Мемлекет басшысының өкімдерімен бірқатар тағайындаулар жасалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мемлекет басшысының өкімдерімен Қозыкөрпеш Есімұлы ЖАҢБЫРШИН Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалды, ол бұрынғы атқарған қызметінен босатылды; Марат Ерсайынұлы ШАЙХУТДИНОВ Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімдерімен басқа жұмысқа ауысуларына байланысты: Нұрлан Мәжитұлы ӘБДІРОВ Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары — Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының меңгерушісі қызметінен; Ирак Қасымұлы ЕЛЕКЕЕВ Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы қызметінен босатылды.

8 қыркүйекте ықпалды американдық \»Вашингтон Таймс\» газеті Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың \»Демократия өскінінің әлеуеті\» атты мақаласын жариялады, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, мақала АҚШ-тағы дәстүрлі жазғы демалыстан кейінгі бірінші ресми жұмыс күні жарық көрді. Бұл американдық саяси истеблишмент үшін оның өзектілігі мен басымдылығын және әлемдік аренада анағұрлым беделді лидерлердің бірі ретінде Қазақстан президентінің пікіріне үлкен қызығушылықты көрсетеді. Бұдан басқа, мақалада қозғалған мемлекет басшысының халықаралық қоғамдастық үшін халықаралық деңгейдегі өзара түсіністік және толеранттылықты нығайту әрі жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау тәртібін күшейту тәрізді көкейкесті мәселелер туралы ұстанымы БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының қарсаңында қоғамдастық назарына ұсынылған және осы проблемалардың талқылануы жоспарланып отыр.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...