«2012 жылы жалпы ішкі өнім деңгейі 2008 жылғы деңгейге жетеді». «Ұлт деген түсініктен нация деген түсініктің айырмашылығын айтар болсақ…». «Өркениетті мемлекеттерде мәдени сала елдің дамуының айғағы іспеттес». «Олар мектеп партасына отыра алмады…»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 14 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Қазақ тілі туралы заңның 20 жылдығына арналған онлайн-конференция сұрақтарының толық жауаптары”. Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі Президенттік қордың директоры Берік ӘБДІҒАЛИЕВке қойылған сауалдар да, олардың жауаптары да осы хабарландырудың Форумында толық жарияланып отыр.

Жовтисті қолдау акциясын өткізгені үшін журналист жазаға тартылып, айыппұл төлейтін болды”. “Алматы қаласының әкімшілік соты қыркүйектің 9-ы күні рұқсат етілмеген митинг өткізді деп Виктор КОВТУНОВСКИЙге әкімшілік жаза ретінде 32 мың теңге айыппұл төлеу туралы шешім шығарса, Барета ЕРҒАЛИЕВА мен Тамара САВИНАның ісі қайта тергелуге жіберілді”,- деп назар аударады Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Талдықорғанда өртеніп кеткен ауруханада болған кейбір адамдар өлгендердің де, құтқарылғандардың да тізімінде жоқ”.

Диспансердің емдеу-сауықтыру ғимараты өртеніп кетті. Куәгерлердің айтуынша, қаза тапқандардың көпшілігі өрттен жан сауғалап, терезелерді шағып, оның сыртын құрсаған темір торды сындырған. Алайда тірі қалды делініп отырған кейбір адамдар әлі табылмай жатыр.

Ғимарат қыркүйектің 13-і күні таңсәріде жалынға оралған. Өрт туралы хабарды естіген жұрт ғимараттың маңына жинала бастаған. Осы мекемеде емделіп жатқандардың тағдырын білу үшін бұл жерге олардың туыстары да келді. … Аурухана қызметкерлері қаза болғандар тізімінде 35 науқас пен мекеменің 2 қызметкері бар деп хабарлады. Екі адам жан сақтау бөліміне жатқызылған. Денелерін күйік шалған 7 адам облыстық ауруханаға жеткізілген. … Талдықорғандағы 150 орынға арналған бір қабатты наркологиялық диспансердің ғимараты өткен ғасырдың бас кезінде салынған”. Авторы: Әлия Ахмедиева.

EGEMEN.KZ. “Шынайы ынтымақтастық мемлекеттік шекарадан басталады”. “Форум мемлекеттер басшылары Орынбордың көрнекті жеріне орын тепкен “Ұлттық ауыл” саябақ-мұражайын, оның ішінде “Қазақ ауылын” аралаудан басталды. Одан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Ресей Президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВтің екіжақты кездесуі болды. Кездесуде тараптар отын-энергетикалық кешендерді, көлік, шекаралық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған қазақстандық-ресейлік нақты жобаларды жүзеге асыру жайын талқылады. Мемлекет басшылары кездесуде Каспий тұрба құбыры консорциумының өткізгіштік қабілетін арттыру, трансшекаралық мұнай-газ кен орындарын бірлесіп игеру, сондай-ақ отын энергетика саласындағы өзге де бірқатар ірі жобаларға қатысты мәселелерді қарастырды. ….Форум соңынан Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға бағытталған үш құжатқа – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2-нің 3-ші энергоблогының құрылысы туралы келісімге, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Қазақстан және Ресей қарулы күштерінің мүддесі үшін әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы бірлескен бағдарламаларды дайындау және жүзеге асыру туралы келісімге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы қазақстандық-ресейлік мемлекеттік шекараға бірлескен бақылауды жүзеге асыру ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды”. Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

Тату көршілік пен айшықты әріптестік”. “…Ақтауда Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам АЛИЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий МЕДВЕДЕВ, Түркіменстан Президенті Гурбангулы БЕРДІМҰХАММЕДОВ бейресми кездесу өткізді”. Авторы: Жоламан БОШАЛАҚ.

ABAI.KZ. Алтай БАЙКАЛ “Суперұлтқа қазақ қалай айналмақ?” деген мақаласында төмендегідей өз пікірін айқын білдіреді: “….Генетикалық байланыстар — рулар мен тайпалардың бір-бірімен ұдайы құдандалық қарым-қатынастарда болып қан жаңартып, ұрпақ жаңғыртып өсіп-өну процессінің жемісі. Халық қалыптасуының алғашқы кезеңінде, біріншіден, осы генетикалық байланыстар тамыр жайып тереңдеген сайын, сол халыққа тән антропологиялық тип жасалды; екіншіден, экономикалық және мәдени қарым-қатынастар кеңейген сайын сөйлесудегі тайпалық диалектлер біртіндеп жойылып, сол халықтың біртұтас ұлттық тілі қалыптаса бастады. Осылайша, кез-келген халық өзінің халық ретінде қалыптасу кезеңінде өз тілін өзі жасап, осы тума тілімен ғана ұлттық сипатқа ие болды. Сондықтан, ұлт деген түсінікті белгілі бір тіл ғана айқындап береді. Тілін ұмытқан халықтың өкілдері ұлттық сипатынан айрылады. Осы айтылған сөздерімізге мысал ретінде қазіргі Ресей Федерациясының құрамында тіршілік етіп жатқан тувалықтарды (тываларды) айтуға болады. Тува халқы Жоңғар мемлекеті күйрегеннен кейін бас сауғалай тоз-тоз боп орман, тауларды кезіп кеткен түркі және мұңғыл ру-тайпаларының қалдықтарынан құралды. Қазіргі тува тілі — түркі (қазақ) және мұңғыл тілдерінің қойыртпағынан пайда болған тіл. Сол себептен де, тувалықтар өздерін түркітектеспіз дегенімен, бірыңғай ұлт боп әлі қалыптаса алған жоқ…

…. Сонымен, ұлт деген түсініктен нация деген түсініктің айырмашылығын айтар болсақ: ұлт — негізінде, тілмен анықталатын болса, нация жетілген тілмен ғана емес, ол ең алдымен экономикалық жетістіктердің жемісі — өркениеттілікпен ерекшеленеді. Өркениеттілік дегеніміз өнеркәсібі, ғылымы, мәдениеті, өнері және әлеуметтік өмірі басқаларға үлгі боларлықтай биік деңгейде дамыған; мемлекеттік тілі әбден жетіліп, аймақтық немесе халықаралық қарым-қатынастарда орнықты қолданыс тапқан немесе таба бастаған елдердің өкілдеріне тән саяси-экономикалық артықшылық.

Біздің пікірімізше, қазіргі жаһандану заманы басталғанға дейінгі нация туралы негізгі түсінік осындай болды…

Сонымен, қандай бір халық толыққанды ұлт ретінде қалыптаспайынша, оның нация боп қалыптасуы мүмкін емес екендігіне көзіміз жеткендей болды. Олай болса, қандастарымыздың жартысынан көбі шетелдерде тұратындықтан, қазақстандағы қазақтардың жарымына жуығы ана тілін білмейтіндіктен, бүгінгі қазақ қауымы — шашыраңқы халық, сондықтан ол нацияға жатпайды. Осыны мойындап барып іс-әрекет жасамасақ — қателесеміз. Мұндай тенденцияны тұңғыш президентіміз Н.НАЗАРБАЕВтың ұстанып отырған ұлттық саясатынан да аңғаруға болады. Біздіңше, нация боп қалыптасу қазақтар үшін — алыс болашақтың ісі де, толыққанды ұлт боп қалыптасу — жақын келешектің ісі болмақ”.

ZHASQAZAQ.KZ. “Экологтар ісі” – 3”. “Үш айға созылған “экологтардың ісі” деп айдар тағылған қылмыстық процесс, шарықтау шегіне жетіп қалды. Бүгін, яғни 11 қыркүйекте, Астанадағы Есіл аудандық сотында тараптардың сөзталасы басталады. Десек те, сот алдында 145 куәгер түсінік бергенімен, әлі де жұмбақ жайттар жетіп артылады. …Оның үстіне, жуырда айыпталушылар орындығында отырған бұрынғы Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Әлжан БІРӘЛИЕВтің жұбайы және қоғамдық қорғаушысы Әмина “экологтар ісіне” қатысты Қаржы полициясы мен Астана прокуратурасының ұстанымын қатты сынға алды. Әмина өзінің қорғауындағы жолдасына құзырлы мекемелер қасақана өшігіп отыр деп есептейді. Осы оқыс мәлімдемеге орай, Әмина БІРӘЛИЕВАмен арнайы жүздесіп, аз-маз сұхбаттасқан едік..”. Авторы: Төлен ТІЛЕУБАЙ.

Елдос ӨМІРЗАҚ “Бақыт” іздеген балалар” атты мақаласында мектепке бармай қалған жеткіншектерге назар аударады: “Олар мектеп партасына отыра алмады. Осындайда баяғы шопандардың жайы еске оралады. Қайшының баласы колхоздың немесе совхоздың отары күзеуге түскенше мектеп көрмеуші еді. Оған “халықты жаппай сауаттандыруымыз керек” деген талап қойған социалистік қоғамның басшылары да көз жұма қарайтын. Ал қазіргі балалар – капиталистік реализмнің нағыз бет-бейнесі. Өйткені бағылмай қалатын совхоздың малы, жиналмай қалатын колхоздың егіні жоқ. Мектепке бармай қалған жеткіншектердің дені базар жағалап, көлік жуу орындарын сағалап жүр. Тіпті талайларға арман болған Алматыға арман қуып емес, алақан жайып келгендері де аз емес…

…Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, жыл басынан бері полиция бөлімшелеріне Алматы көшелерінде қаңғып жүрген 6000-нан аса жасөспірім жеткізілген. Ал 3502 бала бұзақылық жасап жауапкершілікке тартылыпты. Биылғы жылы 6 нашақор, 21 маскүнем, 23 таксикоман бала арнайы есепке алынған. Бала тәрбиесіне көңіл бөлмей, маскүнемдікке немесе жезөкшелікке салынып кеткен 23 ата-ана өз құқықтарынан айырылған. Бұл деректерді тізбектеп отырған себебіміз, Білім және ғылым министрлігі жыл сайын “қалтарыста ешкім қалған жоқ, кеудесінде жаны бар баланың бәрі мектепке барды” деп есеп беріп жатады. Оқу жылы басталарда жергілікті ІІД де жұмысын күшейткен секілденеді. Бірақ осының нәтижесі аздау. Жоғарыда бір ғана Алматыдағы жағдай айтылды. Республикалық ахуалды осыдан-ақ бажайлай беріңіз”.

ALASHAINASY.KZ. “Арал мұражайы құлағалы тұр”. “Арал қаласы – тарихы тереңнен тамыр тартатын теңіз жағасына қоныс тепкен байырғы мекен. Ерте кезден мағлұмат берерлік дүниелер бұл өңірде аз емес. Өкінішке қарай, сол жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтайтын аудандық тарихи-өлкетану мұражайының жағдайы жергілікті жұртшылықты алаңдатып отыр…

Өркениетті мемлекеттерде мәдени сала елдің дамуының айғағы іспеттес. Бізде көп жағдайда бұл сала кенже қалып жатады. Әсіресе, жергілікті жерлерде осындай көріністер жиі байқалады. Неге?”,- деп қорытты Әділжан ҮМБЕТ.

KAZ.GAZETA.KZ. 2012 жылы Жалпы ішкі өнім деңгейі 2008 жылғы деңгейге жетеді, ал 2008 жылғы бұл көрсеткіш өткен кезеңдегі ең жоғарғы көрсеткіш болған. Бұл туралы \»2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы\» заңның үкіметтік жобасында көрсетілген, заң жобасының тұсаукесері парламент мәжілісінде 14 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Республикалық бюджет жобасына қосымша талдамалық құжатта айтылғандай, \»әлемдік экономиканың дамуы жөніндегі болжамдарға сүйенсек, Қазақстанның экономикасының жандану кезеңі 2012 жылға таман аяқталады\».

Сондай-ақ, жобада көрсетілгендей, \»2011 — 2014 жылдарда Қазақстанда мұнай және табиғи газ өндіру салаларында белсенділік байқалып, мұнай өндіру көлемі өседі\».

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...