“Мәңгілік президент туралы профессор Байдосовтың ұсынысын Қалетаев қолдайды”. “Ресей постсоветтік кеңістіктегі өзінің әскери маневрлер монополиясын сақтап отыр”

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 15 қыркүйек 2009 ж

AZATTYQ.KZ. “Атырауда қаза болған 5 адамның мәйіті табылды, қалғандары іздестірілуде”. “Атырауда салынып жатқан көпірдің бір бөлігінің құлауы салдарынан қаза болған 5 адамның мәйіті табылды. Қазір көпірдің суға құлап түскен бөлігін көтеріп, қалған үш адамды іздеу жұмысы жүріп жатыр. Апатқа байланысты Атырау облыстық ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады.

… Атырау облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бөлімі ҚР Қылмыстық кодексі 245-бабының 2-тармағына сәйкес, “құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, соның салдарынан абайсызда кісі өліміне және ауыр зардаптарға әкеп соқтыру фактісі бойынша” қылмыстық іс қозғады деп хабарлады қыркүйектің 14-інде облыстық ІІД-нің баспасөз қызметкері Гүлбану РАХИМОВА.

Қыркүйектің 11-і күні кешке қарай Атыраудағы Баймұханов және Мечников көшелерін жалғай салынып жатқан Жайық өзені арқылы өтетін автокөлік көпірінің бір бөлігі құлағанын Азаттық хабарлаған еді.

Алайда журналистердің “бұдан басқа көпірлер тексеруден өткізіле ме?” деген сауалдарына Астанадан келген шенеуніктер де, жергілікті билік те нақ жауап айта алмады. Тек төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі Нұрсіләм ДҮЙСЕКЕНОВ “бұл біздің қарамағымыздағы нысандар емес. Жалпы кешенді бақылауды басқа органдар жүргізетін болар” деп екіұшты жауап берді.

Баймұханов пен Мечников көшелерін жалғастыру үшін салынып жатқан көпір — Атыраудағы ауқымды жобалардың бірі. Жалпы ұзындығы 609 метрлік бұл көпірдің құрылысы былтыр басталған еді. Оны салу үшін 6 миллиард теңгеден (40 миллион доллардан) астам қаржы жұмсалған.

“Трансстроймост” АҚ Атырауда басқа да бірнеше көпірлер салған. Бірнеше адамның ажалымен аяқталған мына оқиғадан кейін енді жергілікті халық осында салынған басқа көпірлердің сапасына да алаңдап отыр.

Дүйсенбі күні ҚР президентінің баспасөз қызметі  “Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ премьер-министр Кәрім МӘСІМОВтың адам қазасына алып келген Талдықорғандағы облыстық наркодиспансерде болған өрт және Атырауда құрылысы жүріп жатқан көпірдің құлауы оқиғалары туралы есебін тыңдады” деп хабарлады.

“Мемлекет басшысы үкіметке, Алматы және Атырау облыстарының әкімдеріне зардап шеккендердің отбасыларына материалдық көмек пен қолдау көрсетуді тапсырды”, — деп атап көрсетілген баспасөз мәлімдемесінде”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

Мәншүк АСАУТАЙ Мәңгілік президент туралы профессор Байдосовтың ұсынысын Қалетаев қолдайды” деген мақаласында өмірлік президент болуына назар аударады: “Нұр Отан” НАЗАРБАЕВтың өмірлік президент болуын қарастыратын “Ұлт көшбасшысы” туралы Конституциялық заң қабылдауды ұсынбақ ниетте. Бұл туралы партия төрағасының орынбасары Дархан ҚАЛЕТАЕВ Нұрсұлтан Назарбаевтың мәңгілік президенттігіне қатысты журналистерге түсініктеме беру барысында мәлімдеген еді.

“Біз бірқатар сарапшыларды шақырып, “Ұлт көшбасшысы” туралы Конституциялық заң қабылдау жөнінде ақылдасуды ұсынып отырмыз. Онда мемлекет басшысының мәртебесіне қатысты барлық жайттар қарастырылады, соның ішінде өмір бойғы президенттік мәселесінің заңдық нормаларын да бекітуге болады”, – деді Қалетаев.

Оның пайымдауынша, “Н. Назарбаев Ата заң бойынша өз міндетін атқарып жатқан жай ғана президент емес, елдің көсемі ретінде мойындалған басшы”. Сондықтан, Д.Қалетаев президент өкілеттілігінің мерзімсіз болуына емес, “оның қоғамдық дәрежесі мен Конституциялық дәрежесін салыстыруға” назар аудару керек деген пікір айтады.

“Нұр Отан” ХДП төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, бұл ұсыныс төменнен түсіп жатқандықтан қолдауға ие болып отыр.

“Бұл ұсынысты кең ауқымды мағынада қарастыру қажет. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің бүгінгі басшысы ғана емес, ол елдің, ұлттың, халықтың көшбасшысы. Сондықтан мұндай мәселелер тек оның өмір бойғы президенттігімен ғана шектелмеуі қажет”, – деді Д.Қалетаев.

Александр НАРОДЕЦКИЙ “Ресей постсоветтік кеңістіктегі өзінің әскери маневрлер монополиясын сақтап отыр”. деген мақаласында көкейтесті мәселе көтерді: “Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерінің бірінші оқу-жаттығуы жүріп жатыр, оның құрылымы мен доктринасынан Ресейдің үстемдігі сезіледі. Беларусь пен Өзбекстан өз мүддесін қорғап бағуда. Оқу-жаттығу Қазақстанда аяқталмақ.

“СҮТ СОҒЫСЫ” ОҚУ-ЖАТТЫҒУДЫҢ БАСТАЛУЫНА КЕДЕРГІ БОЛУДА.26 тамыз күні Ресейде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) шеңберіндегі Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерінің (ШӘЕҰК) бірінші әскери оқу-жаттығуы басталды….

…. Беларустің жаңа әскери құрылымды қолдамауының түкпірінде соңғы жылдарда Мәскеумен қарым-қатынастың нашарлауы ғана жатқан жоқ. Даудың басында таза конституциялық мәселе де бар. Беларустің Ата заңы армияны елден тысқары жерлерде пайдалануға тыйым салады.

….ӨЗБЕКСТАН ҰҚШҰ ДОКТРИНАСЫНА ҚАРСЫ. Осы тәрізді қиындықтар Өзбекстан тарапынан да туындады. Өзбекстан Ресей сыртқы саяси доктринасының ҰҚШҰ бойынша серіктестерімен орнатқан қарым-қатынасының агрессиялық қырларын ашықтан-ашық әшкерелеуге көшті.

Ташкент үшін осы әскери құрамалар не үшін құрылып жатқанын білу маңызды. Өзбекстанның Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктері ШӘЕҰК жасақтарының қандай жағдайларда пайдаланылатыны жөнінде анық түсініктемелер беруге шақырады.

… Жаңа құрылым құрудың бастапқы сатысында іс теңдік қағидасына сәйкес басталып, ҰҚШҰ-ның барлық мүшесі бірдей мөлшерде әскер қосатын болған.

Ал, іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Ресей 98-інші парашюттік-десанттық дивизиясы мен 31-інші әскери-әуе шабуылы бригадасын ұсынды. Сөйтіп, Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерінде Ресей жағының басым болатыны көп ұзамай-ақ бәріне түсінікті болды.

Қазақстан аэромобилді күштер бригадасын ұсынды, және де ҰҚШҰ-ның өзге мүшелері ШӘЕҰК-іне өте аз мөлшерде қатысатыны белгілі болып отыр. Жаңа құрылған әскери құрылымның ресми өкілдері қалай болғанда да Александр ЛУКАШЕНКО Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерін құру туралы шартқа қыркүйек айында оқу-жаттығудың беларустік мерзімі басталған кезде қол қоятын болар деп үміттеніп отыр. Ал, Өзбекстанның өз ұстанымын өзгертіп, Ислам КАРИМОВтың шартқа қол қоятынына мүлдем үміт жоқ…”.

EGEMEN.KZ. “Ел анасы”. (Сәбеңнің асыл жары – Мәриям Қожахметқызы Мұқанова жүз жасқа толды).

“Мәриям ана!

Туған анамдай болған осы бір дарқан пейіл дана адам жайында қалам тербесем деген ой-толғаққа берілгелі қашан! Әрі қарапайым, әрі күрделі, әрі жайдары, әрі қыртысты, мектеп есігін ашпаған, қара танудан әріге бармаған, бірақ өте білімді адам жанына үңілу де оңай емесі белгілі. Әрдайым-әрдайым ойланып-толғанып, буынып-түйініп жазу үстеліне отырып, орнымнан тұрып кете барамын. Желтолғақ… Оның өзіндік себебі де бар. Мәриям апай, сөз жоқ, бақытты жар, ардақты ана, айтса – аузынан ақылды сөз төгілген, жасаса – қолынан парасатқа оранған кісілік өрілген ана! Осындай Ана бойындағы ізгілік, кісілік атаулының қайнар бастауын іздеп әлекпін. Әрине, Сәбит Мұқановтай қазақ жазушысына жар болу да оңай емес…”

ABAI.KZ. “Мәселе мемлекет басшысының өмір бақи ел басқаруынан да ауқымды”. “Нұр Отан” партиясы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың сіңірген жеке еңбегін ескеретін және өмір бойына президент болу мүмкіндігін қарастыратын “Ұлт көшбасшысы туралы” конституциялық заң қабылдауды ұсынады. Бұл туралы журналистерге партия төрағасының орынбасары Дархан ҚАЛЕТАЕВ Н. Назарбаевтың өмірлік президенттігі туралы мәселені түсіндіре келіп мәлім етті деп хабарлайды ҚазТАГ.

“Біз сарапшыларды кең ауқымды тарта отырып, мемлекет басшысының мәртебесіне қатысты барлық тұстары айқындалған “Ұлт көшбасшысы туралы” Конституциялық Заң қабылдауды ұсынамыз. Оның ішінде өмірлік президенттігі туралы да норманы қарастыруға болады”, — деді ол дүйсенбі күнгі брифинг барысында.

Партияның бірінші орынбасары Н. Назарбаев бүгінде “Конституция бойынша өзінің қызметін атқарып отырған президент қана емес”, сонымен қатар, “ел мойындаған көшбасшысы” екенін атап өтті. Дархан Қалетаевтың пікірінше, президенттік өкілеттік уақытының шектеусіздігінде емес, “президенттің конституциялық мәртебесін оның қоғамдық мәртебесімен қалайша ұштастыруға болатынына” назар аударуды күшейту керек көрінеді.

“Біздің көзқарасымыз бойынша, қазіргі мемлекет басшысының өмір бойы ел басқаруын мәселе етіп қана қоймау керек, себебі ол шектеулі, мәселені одан да ауқымды етіп қою керек”, — деп түсіндірді ол партия ұсынысын.

Қазіргі мемлекет басшысының өмір бойына президенттігі мәселесі тек отандық БАҚ-тарда ғана емес, сонымен қатар шетелдік БАҚ-тарда да көп айтылып жүр.

Осыған байланысты, Д. Қалетаев: “Аталған мәселе жоғарыдағы билік дәліздерінде де, және “Нұр Отан” партиясында да қарастырылған емес. Тіпті талқыланған да емес”, — деп мәлімдеді.

Ол, Қазақстанда қазақстандық мемлекеттің негізін қалаушы және бірінші президенті ретінде Н. Назарбаевтың сіңірген еңбегін ескере отырып, 2000 жылы 20-ші шілдеде “Қазақстан Республикасының бірінші президенті туралы” Конституциялық Заң қабылданғанын еске салды”.

Большевик партиясы заң алдында жауапқа тартылуы керек”.

Қазақстан Парламентінің назарына Ашық хат.

Кеңестер Одағында тоталитарлық жүйенің зорлық-зомбылығы үстемдік еткен жылдары Қазақстанда орын алған жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық тарихы соңғы 20 жыл бойы жан-жақты зерттеліп, жазылып келеді. Бүгінде миллиондаған халық қырылған ХХ ғасырдың 20-30- шы жылдарындағы алапат ашаршылықтың себеп-салдарлары жан-жақты зерттелді деуге болады. Республикалық және жергілікті ақпарат құралдарында осынау ұлттық апатты көзбен көріп бастан кешкен куәгерлердің мыңдаған естеліктері жарияланды. Республикалық және жергілікті мұрағаттардағы бұл трагедияға қатысты құжаттар көптеп жарияланды және жарияланып келеді. Қазақстанда орын алған 20-30- шы жылдардағы нәубет жөнінде үлкенді-кішілі ондаған ғылыми зерттеулер жазылып диссертациялар қорғалды. Ондаған деректі және көркем әдеби туындылар жарық көрді. Ашаршылық апаты бірсыпыра кинофильм, пьесалардың да тақырыбына арқау болды. Осының бәрі тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан қоғамының тарихи шындықты қалпына келтірудегі игі істері болды.

Біз, бүгін, қырқүйектің 11 — де Қазақстан Жазушылар Одағында бас қосқан “Ашаршылыққа саяси баға беру” жөніндегі ғылыми -шығармашылық Конференцияға қатысушылар, Қазақстанды Ф. Голощекин басқарған жылдары орын алған, қазақ халқын қырғынға ұшыратқан алапат ашаршылыққа, оның себеп-салдарларына саяси баға беретін мезгіл жетті деп білеміз.

1. Жыл сайын аталып өтіліп жүрген “31 мамыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні” өзінің бастапқы (90-шы жылдары) Қазақстан Парламентіне ұсынылған атауы, яғни, “31 мамыр. Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні” болып қалпына келтірілсе;

2. Сол күні Еліміздің барлық мешіт-шіркеулерінде “ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарының аруағына арналып құран оқылып, еске алу шаралары өткізілетін болса;

3. Астана не Алматы қаласында ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын мемориал- кешен салынса. Бұл жерде асығыстыққа жол берілмей Еуропадағы холокост кешендерін салу тәжрибесі зерттеліп ескерілуі керек. Бұл кешендерді көріп шыққан жас ұрпақ Қазақстанның нәубетті тарихын көзбен көргендей мол патриоттық тәлім-тәрбие алатындай болуы керек. Бұл кешендер сондай-ақ шетелдік туристер үшін де Қазақстанның “ақтаңдақ” тарихынан мағлұмат алу үшін керек.

4. Барлық облыс орталықтарында “Ашаршылық және саяси қуғын сүргін құрбандарының рухына тағзым ететін орын, ескерткіш” бой көтерсе;

5. 1920-30 жылдарда Қазақстанда орын алған алапат ашаршылық мектептерде оқытылатын тарих оқулықтарына енгізіліп қазақ тарихындағы ең алапат ұлттық қасірет ретінде оқытылуы керек;

6. Тарихшылар, мұрағат қызметкерлері, жалпы ұлтын сүйген кез-келген азамат ашаршылық жөніндегі ауызша және жазбаша мәліметтерді жинауды, зерттеуді тоқтатпауы керек.

7. Жазушылар, мүсіншілер, киногерлер, сазгерлер және қылқалам шеберлері өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында қазақ жерінде орын алған осынау ұлттық қасірет келбетін көркем бейнелеуге өз үлестерін қосуы керек. Осыған орай мәдени жобалардың байқауы жарияланып, оларға мемлекеттік гранттар бөлінуі керек.

8. Осы шаралардың бәрін үйлестіріп отыратын мемлекеттік комиссия жасақталуы қажет.

“АШЫҚ ХАТ” ел зиялыларының Қазақстан Жазушылар Одағында 2009 жылы қыркүйектің 11-де өткен бас қосуында (Конференцияда) бір ауыздан қабылданды…”.

DMK.KZ. “Каникулда не көрдік?”.

Нұротандық” депутаттар жазғы демалыстарында да дамыл таппай, ауыл-аймақтарды аралап, “Нұр Отан” ХДП бөлімшелерінде қоғамдық қабылдаулар өткізіп, мемлекеттің дағдарысқа қарсы қолға алған шараларын қалың бұқараға кеңінен түсіндіріп, біраз тер төккен екен. Осылайша, еліміздің көшбасшы партиясының Парламенттегі өкілдері Елбасы Жолдауын насихаттауда үлкен идеологиялық қолдау көрсеткен.

Жақында депутаттардың жазғы сапарларының қорытындысы бойынша жиын өтіп, онда партияның Мәжілістегі фракциясының есебі туралы фракция басшысының орынбасары В.НЕХОРОШЕВтің ақпараты тыңдалды. Оның айтуынша, “нұротандық” депутаттар қабылданған заңдардың аймақтарда қалай орындалып жатқанын, “Жол картасының” қалай іске асып жатқанын байқап, бақылаған. Бұл депутаттар үшін тың тәжірибе болған. …Отырыс соңында Елбасының 1 қыркүйек күні төртінші шақырылған Қазақстан Парламентінің үшінші сессиясын ашқан кезде алға қойған міндеттерін орындау үшін “Нұр Отан” партиясының парламенттік фракциясының іс-шаралар жоспары мақұлданды. Атап айтсақ, палата басшылығы бірінші сайланымдағы Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Марат Оспановтың 60 жылдығына байланысты еске алу күніне арналған іс-шараларды әзірлеу және өткізу туралы шешім қабылдағанын айта кеткен абзал”. Авторы: Азамат АСҚАР.

ALASHAINASY.KZ. “Түбі бір түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру мүмкін бе?”.

Әлемдегі жаһандану жайында әр ұлт өзіндік болмыс-бітімін сақтап қалу үшін жанталасуда. Осы тұрғыда, әсіресе, сан жағынан да, жер көлемі жағынан да аз халықтарға тіпті қиын. Ол үшін бір-біріне тілі, діні ұқсас халықтардың ынтымақтаса өмір сүруі қажет. Бүгінде түркі әлемінде АҚШ пен Батыстың әсері қатты байқалады. Сарапшы мамандар “түркі халықтары сыртқы экспансиядан сақтану үшін интеграциялануы қажет” дейді. Қазіргі уақытта түркі дүниесінің біртұтастығын қамтамасыз ете алатын түрлі идеялар ортаға салынуда. Соның бірі – түбі бір түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру идеясы. Бірақ бұлай болуы мүмкін бе? Бұл жолы да пікір екіге жарылды”. Әзірлеген Алмат ИСӘДІЛ.

Айдос ҚАРТАҢБАЙҰЛЫ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті сарапшысы:

“– Иә. Түркі халықтарына ортақ тілді қалыптастырудың екі тетігі бар: біріншісі – орта ғасырда пайдаланылған ортатүрік тілін қайта жандандыру. Өйткені ғасырлар қойнауында қалып қойған бұл тілдің өн бойында барша түркі тілдерінің табиғи заңдылықтары сақталған. Оның терминологиялық негізі де бір. Екіншісі – қазіргі уақытта жиі айтыла бастаған латын графикасы негізінде ортақ жазбаша тіл кеңістігін қалыптастыру. Жалпы, бұл – түркі әлемін талайдан бері толғандырып жүрген идея. Кезінде 1993 жылы Анкара қаласында түркі халықтары басшыларының үлкен саммиті өткен. Ол жерде күн тәртібіне қойылған негізгі мәселелердің бірі біз айтып отырған түбі бір түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру болды. Онда латын графикасына сүйене отырып, күллі түркі жұртшылығына ортақ әрі түсінікті болатын жаңа әліпби жасау жайы талқыға түскен”.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, алаштанушы ғалым:

“– Жоқ. Меніңше, түркі халықтарына ортақ тіл қалыптастыру мүмкін емес. Себебі түбіміз бір болғанымен, тілдік айырмашылығымыздың бар екендігінің өзі – біздің байлығымыз. Ортақ тіл жасауға байланысты 90-жылдардың басында Түркияда біраз әрекеттер жасалды. Бұл жөнінде көптеген ғалымдар пікір таластырды. Бірақ бұл бастамалар аяқсыз қалды. Бұған әсер еткен негізгі факторлардың бірі – бүгінде көптеген түркітілдес ұлттар дербес елге айналып, әркімнің өз жолын ұстануында. Бұған қоса, дәл қазіргі кезеңде әр мемлекет ешкімнің өзіне үстемдік жасауына жол бермейді. Әр ұлт алдымен өз тілін дамытады. Ал ортақ тіл қалыптастыру қойыртпақ тіл қалыптастыру болады. Бұл жерде ортақ тіл жасаудан гөрі, графикамыз ортақ болса, бір-бірімізбен түсінісу оңайға соғар еді. Мұны латын графикасының негізінде жасауға болады. Бірақ бұл жуық арада орындала қоймайды.

…. Қарап отырсаңыз, 100 жыл бұрын ғана бір-бірін жақсы түсініп, бір аймақта емін-еркін араласқан туыс халықтар қазір бір-бірінен алшақтап, мүлде өзгеше өң-сипатқа ие болып отыр. Әркімнің ұстанған бағыты, геосаяси орны бар дегендей.Жалпы, ортақ тіл қалыптастыру барысында бәрібір белгілі бір тілге үстемдік беруге тура келеді. Бұл тілдің бұзылуына алып келеді…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстанда Жалпы ішкі өнім деңгейі 2009 жылдың қаңтар- шілде айларында өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеді. Бұл туралы \»2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы\» заңның үкіметтік жобасында көрсетілген, заң жобасының тұсаукесері парламент мәжілісінде 14 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансер ғимаратындағы өрт қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді жоюға былтырғы жылы нұсқау берілген. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКО мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Біз былтыр тексеру жүргізіп, осы ғимаратқа өрт қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерді жоюға нұсқау берілген. Онда айтарлықтай кемшіліктер болған\», — деді В. Божко.

Оның айтуынша, өртке қарсы жабдықтардың, соның ішінде өрт дабылының жоқтығы секілді кемшіліктер болған. \»Біз 2008 жылдың мамыр — сәуір айларында тексеруді бастап, бүкіл кезең бойы бақылауды жалғастырдық. Ғимараттардың бір бөлігі біздің нұсқауымызға сәйкес өртке қарсы техникамен жабдықталған, алайда бір өкініштісі — бұл ғимаратта күрделі жөндеудің жүргізілуіне байланысты әкімшілік өрт дабылын дер кезінде монтаждамаған, оның арты осындай қайғылы оқиғаға алып келді\», — деді министр.

Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансерде болған өрттің себептерін зерттеуді үкімет басшысы айрықша бақылауға алды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВтің арнайы қаулысымен Талдықорған қаласындағы наркологиялық диспансерде болған өрттің зардаптарын жою және қайтыс болғандардың отбасыларына көмек көрсету мақсатында үкіметтік комиссия құрылды.

Еліміздің премьер-министрі комиссияға қайғылы оқиғаның себептерін мұқият тексеріп, өрттің зардаптарын жою және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін түбегейлі шараларды қабылдауды тапсырды.

Өрт қыркүйектің 13-і күні таңғы 05 сағат 28 минутта болған. 1951 жылғы қамыстан салынған ғимаратта шыққан өрт 09 сағат 03 минутта толық ауыздықталды.

Өрт кезінде ғимаратта 78 адам болған, 40 адам құтқарылды. Алдын ала мәлімет бойынша 38 адам қаза болған.

Үкіметтік комиссияны вице-премьер Серік АХМЕТОВ басқарды. Оның құрамына төтенше жағдайлар министрі В.Божко, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, құқық қорғау органдарының басшылығы, Алматы облысының әкімі және өзге де жауапты тұлғалар кірді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 13 қыркүйекте 05 сағат 28 минутта Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің байланыс құралдарының орталық жедел басқару пультіне Талдықорған қаласындағы \»Облыстық наркологиялық диспансер\» мемлекеттік мекемесі ғимараты өртеніп жатқаны туралы кезекші медбикеден хабар түсті.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 05 сағат 29 минутта Талдықорған қаласының №1 арнайы өрт сөндіру бөлімі мен №21 өрт сөндіру қызметінің бірінші кезекші ауысымынан жеке құрамның 12 адамы мен АЦ-7-40, АЦ-8-40 және АЦ-6-40 өрт сөндіру автоцистерналары шақырылған жерге аттандырылды.

Оқиға орнына 05 сағат 33 минутта келіп жеткен жедел топ \»Облыстық наркологиялық диспансер\» денсаулық сақтау мемлекеттік мекемесінің мамандандырылған емдеу-профилактикалық бөлімінің 73 адам болған жатын бөлмесінің шамамен 650 шаршы метр аумағы жалынға оранғанын анықтады.

Өрт сөндірушілер бірінші басшысының Алматы облысы гарнизонының шақыруға шығу кестесіне сәйкес 05 сағат 34 минутта өрт шыққан жерге Талдықорған қаласындағы №21, Қарабұлақ, Балпық би кенттерінің өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары — 23 бірлік өрт сөндіру техникасы мен 12 адамдық жеке құрамы қосымша тартылды. \»Көркейту\» және \»Жетісу-Су арнасы\» ұйымдары сыйымдылығы 2-ден 4 тоннаға дейінгі төрт бірлік су таситын машиналармен су тасуды жіті ұйымдастырды, сондай-ақ өрт ошағынан 150 метр жерде өрт гидранттарынан магистралдық желі тартылды. Облыстың құтқарушы күштері аурулар мен медицина қызметкерлерін қауіпсіз жерге көшірді.

05 сағат 56 минутта өрт болған жерде Алматы облысының әкімі басқарған өрт сөндіру жедел штабы құрылды, оған Талдықорған қаласының барлық шұғыл қызметтерінің өкілдері енді. 06 сағат 30 минутта тілсіз жау ауыздықталды, ал 09 сағат 03 минутта толық жойылды. Өрт кезінде мұнда 73 адам, оның ішінде 68 науқас пен 5 медицина қызметкерлері болған, алдын- ала мәліметтер бойынша төтенше жағдайдың салдарынан 38 адам қазаға ұшырады, оның 36-сы аурулар және 2-і диспансер қызметкері. 40 адам құтқарылды және қауіпсіз жерге көшірілді, оның 37-сі аурулар және 3-і медицина қызметкері. Өрттің тез өрістеп кету себебі өртке қарсы қызметке кеш хабар берілгенінен болды. Төтенше жағдайды жоюға барлығы 8 бірлік негізгі өрт техникасы, 1 бірлік арнайы өрт техникасы, ҚР ТЖМ жеке құрамының 45 адамы қатыстырылды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...