«Оппозиция мәңгілік президенттік институт енгізілуіне қарсы болса, Сенат оған қолдау танытады». «Сыбайлас жемқорлықпен күресте мемлекет партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен және БАҚ-тармен бірлесуге тиіс». «Апат салдары – салғырттықтан»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 17 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Оппозиция мәңгілік президенттік институт енгізілуіне қарсы болса, Сенат оған қолдау танытады”. “Алматыда “Азат” партиясы мен Әділетті Қазақстан үшін қозғалысының жетекшілері “Нұр Отан” партиясы тарапынан қолдау тапқан президентті өмірінің соңына шейін билікте қалдыру туралы бастамаға қарсылықтарын мәлімдеді. Сенат болса бұл мәселе турасында президенттің пікірін білгісі келеді. … Ж.ТҰЯҚБАЙ Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ барлық айтылғандарды ой елегінен өткізіп дұрыс шешім қабылдап “өмірлік президенттен” бас тартуы мүмкін деген үмітінің бар екендігін айтады. Алайда “Азат” партиясының жетекшісі Болат ӘБІЛОВ Н.Назарбаев билікте отырғанда президенттік сайлаудың болмайтындығына сенімді….

Мен шетелдерде болып, өзімнің Қазақстаннан екендігімді айтқанымда маған бізде мұнай мен коррупцияның көп екендігін айтқан кездер болды. Енді бізге кезінде Борат мазақ еткен Қазақстаннан екендігімізді айтып күлетін болады. Біз мәңгілік президент заңдастырылған әлемдегі жалғыз мемлекет болатын болдық, — дейді Болат Әбілов…”.

Ал бұл кезде кейбір сенаторлар “Ұлт көшбасшысы” жөніндегі заңды қабылдауға қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Онда Нұрсұлтан Назарбаевқа өмірлік президент өкілеттігін беру мәселесі қарастырылуы мүмкін. …Сәрсенбі күні парламент сенатының вице-спикері Александр СУДЬИН журналистерге берген сұхбатында “Ұлт көшбасшысы” туралы заң қабылдануы қажет деп мәлімдеді. Ал ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша сенат комитетінің төрағасы Евгений АМАН бұл мәселеге байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың пікіріне құлақ асуды ұсынып отыр”,- деп қорытты Мәншук АСАУТАЙ.

Жовтисті қолдап акция өткізген Свиридовтің ісі әкімшілік сотқа жіберілді”. “Құқыққорғаушы Евгений ЖОВТИСтің ісіне қатысты соттың әділ өтуін талап еткен журналист Андрей СВИРИДОВ сәрсенбі күні Алматының Арбатында наразылық акциясын өткізгені үшін үсталып, оның ісі әкімшілік сотта қаралатын болды.

“Бүгін – Жовтис, ертең – сен!” наразылық акциясы жалғасын тапты: тәуелсіз журналист Виктор КОВТУНОВСКИЙдің қазақстандық құқыққорғаушы Евгений Жовтиске шырағылған сот үкіміне қарсы пикетін тура бір апта өткенде журналистт құқыққорғаушы Андрей СВИРИДОВ қайталады…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

EGEMEN.KZ. “Түркі туыстығын ту еткен”. “Түрксой” жобасы Алматыда табыспен өтіп, өнер керуенін Анкара мен Бакуге ұзатып салды. Өткен сенбі күні Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында халықаралық жобаның тұсаукесері – аңызға айналған “Көроғлы” операсының жаңа нұсқасының қойылымы Алматының өнерсүйгіш қауымын үлкен қуанышқа кенелдірді. Бұл қойылымды енді Анкара жұртшылығы тамашаласа, 18 қыркүйек күні Баку қаласында нақ осы “Көроғлы” операсымен сондағы театр маусымы басталмақ. Ол бұдан 70 жылдан астам бұрын сол сахнада өз әуенін алғаш рет қалықтатқан болатын. Айта кететін бір жағдай, Әзірбайжан мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әрбір кезекті маусымы көп жылдардан бері дәстүр бойынша “Көроғлы” қойылымымен ашылып келеді. Осылайша опера авторы, аса көрнекті әзірбайжан композиторы Узеир ГАДЖИБЕКОВтің туған күні жыл сайын ұлттық мереке – музыка күні ретінде аталып өтілуі де тамаша ұлағатты танытқандай. Мұндай жақсы нышан бізде болып жатса нұр үстіне нұр болар еді…

Алматыдағы табысты қойылым арқылы “Түрксой” халықаралық ұйымының бірегей музыкалық-ағартушылық жобасының бірінші кезегі тәмамдалды…”, — деп жалғастырады Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Жаңартылатын ресурстар мен балама энергия көздері – ел экономикасы дамуының маңызды құрамдасы”. Энергияны және жаңартылатын ресурстарды тиімді пайдалану – Қазақстанның ХХІ ғасырдағы орнықты дамуының қажетті шарты. Ерболат ӘПСАЛЯМОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты айқын белгіледі: “Жаңа ғасырға қадам басқан әр мемлекет өміршең бағдарламаларды жүзеге асыруға тырысады. Өркениет жолында ғылымның жетістіктерін, заманның озық технологиясын пайдалану арқылы ел де, халық та алға басады. Жаңа мыңжылдықты кемел келешегі бар ел ретінде аттаған Қазақстан да өз алдына межелі міндеттер, маңызды мақсаттар қойды. Соның бірі ретінде елдің энергия қуаттарын пайдалануда жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін межелі жоспарлар жасалды. Атап айтқанда, елімізде 2024 жылға дейін орнықты даму мақсатында Қазақстанның энергиясы мен жаңартылатын ресурстарын тиімді пайдалану стратегиясы қабылданды. Бұл құжат 2008 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен бекітілгені белгілі.

Энергияны және жаңартылатын ресурстарды тиімді пайдалану – Қазақстанның ХХІ ғасырдағы орнықты дамуының қажетті шарты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың 2006 жылғы 14 қарашадағы Жарлығымен бекітілген Қазақстанның 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасына сәйкес елімізде жер, су, орман, балық, өсімдік шаруашылығының және мал шаруашылығы ресурстарын пайдаланудың неғұрлым қазіргі заманғы технологияларын енгізу, су энергетикасының ресурстарын, күн және жел энергетикасының объектілерін және басқа да жаңартылатын ресурстар мен балама энергия көздерін ұтымды пайдалануды ынталандыру жолымен жаңартылатын ресурстарды және балама энергия көздерін тиімді және ұтымды пайдалану жөнінде шаралар қабылдау қажет болды.

Елімізде жаңартылмайтын табиғи ресурстардың қорлары шектеулі уақыт кезеңі ішінде таусылуы мүмкін. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанда мұнайдың бүгінгі күнгі қорын қарқынды пайдаланған жағдайда 70 жылға, табиғи газ 85 жылға жетеді. Тау-кен металлургия өнеркәсібінің барланған тиімді кен орындары таусылу шегінде тұр. Темір кені 80 жылдан астам уақытқа, алюминий 90 жылға жетеді, мыс 20 жылдан кейін таусылуы ықтимал. Қорғасын-мырыш саласы 25 жылға, хром кені 50 жылға қамтамасыз етілмек, никель бойынша кен толығымен игерілген.

Елімізде электр энергиясы негізінен көмірді пайдалану арқылы өндіріледі…”..

ALASHAINASY.KZ. “Байқоңырдағы қазақтар көтеріңкі жалақы алу үшін Ресей азаматы атанып жатыр”. “Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Байқоңырды басқарудың кілті өзіміздің қолымызға тиді. Алайда ғарышты игеруді таңсық көретін біздің жұрт үшін Байқоңырды солтүстіктегі көршімізге жалға беруден басқа амал жоқ еді. Осындай олқы соққан тұсымыздың тамырын тап басқан Ресей ғарыш айлағын жалға алу жөнінде бізбен қол алысып, келісімге келді. Оны беріде 50 жылға дейін ұзартып алды. Алғашқыда жергілікті жұрттың мұң-мұқтажына көңіл бөлеміз деген емеурін танытқан ресейліктер оны бертін келе жадынан жоғалтып алғандай күйге түсті. Бұл екі ел арасында келісім жасалған кезде біздің еліміздің құзырлы орындары тарапынан кеткен қателік саналады. Ғарыш қақпасы атанған қалада қызмет жасайтын тұрғындар қос елдің заң-зәкүнімен өмір сүріп жатыр. Яғни онда қазақстандық және ресейлік азаматтық бар. Ресей азаматтығымен өмір сүретін тұрғындардың жалақысы біздікімен салыстырғанда біршама жоғары. Он жылдан астам Байқоңырда дәрігерлік қызмет жасаған Серік ИГЕМБАЕВтың айтуынша, ресейлік әріптестері біздің ақ халатты мамандық иелерінен үш еседей жоғары жалақыға қол жеткізеді….”

“Ресей азаматтығын алуға қызыққан жұрт олардың тағы бір жеңілдігін пайдаланып қалуды дұрыс көреді. Көрші елдің басшылығы ғарыш аймағында көп жылдар бойы қызмет еткен өз азаматтарына Ресейдің кез келген қаласынан үй береді. Осындай игілікті ресейлік азаматтықты қабылдаған ұлты қазақ адамдар да пайдалана алады. Ресейде тұрғысы келмесе, алған баспанасын қайта сатып, Қазақстанға оралады. Қоржынға түскен қаржысына еліміздің үлкен қалаларынан баспана сатып алады….”, — деп тұжырымдайды Әділжан ҮМБЕТ.

“Алаш-анықтама: Байқоңыр – Қазақстанның республикалық маңыздағы қаласы. Қаланы ғарыш кешенімен қоса, Ресей 2050 жылға дейін жалға алған. Қалада 70 мыңнан астам халық тұрады. Оның 37 мыңнан астамы қазақстандық азаматтар болып табылады”.

ZANMEDIA.KZ. Қалбай ӘДІЛ “Апат салдары – салғырттықтан” деген мақаласында көкейтесті мәселеге назар аударады: “Анада Алматы облысының Қарасай ауданында жол көлік апатынан 10 адам қаза тапқанда құзырлы мекемелер ала шапқын болып, ел-жұрт орны толмас қайғыдан күңіреніп бір басылған. Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Владимир БОЖКО сонда ақпарат құралдары алдында сансыз сылтаулар айтып, жан далбаса ақталумен болған.

Жуырда осы облыс орталығындағы наркодиспансерді шарпыған дүлей өрт 37 кісіні жалмап өтті. Ауыр кесапат. Сол кезде ғимаратта болған 78 адамның 41-ін құтқаруға мұршамыз жеткен екен. Төтенше жағдайлар министрі тағы да жанұшыра бұл қайғылы оқиғаның болу себептерін алдын ала болжап та тастады. Оның пікірінше, ескі ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты белгі беретін дабылдатқыш жүйесін жөндеуге үлгермеген. Сондықтан өрт сөндірушілер 9 минут кешігіп жетіпті. Владимир Карпович былай дейді: “Біз денсаулық сақтау нысандарының қызметін тоқтата тұру жөнінде сотқа 72 талап арыз бердік. 6352 білім беру мекемелерін тексердік. Бес мыңнан астам адамды жауапкершілікке тарттық. Білім мекемелерінің 38 пайызы өртке қарсы белгі беру жүйесімен жабдықталмаған. Өртке қарсы күрес шараларын қаржыландыру мен әкімшілік жағынан бақылау төмендеп кеткен”. Ақпарат нүктелерінен бұл деректерді естіген адам қолында жауапты құзыреті бар шенеуніктердің мұндай немқұрайдылықтары үшін жағасын ұстайтыны сөзсіз. 38 пайыз деген аз көрсеткіш емес. Алдын алу шараларының “сен салар да мен салар” күйге түскені үшін, әрине, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікті сүттен ақ, судан таза етіп шығару орынды бола қоймас.

…. Үкіметтегі шұғыл өткізілген кеңесте Атыраудағы апат та назардан тыс қалған жоқ. Бұл да Елбасы бақылауындағы мәселе болатын. Қасиетті жұма түні Еуропа мен Азия бөлігін жалғастыратын ұзындығы 106, ені 18 метрлік алып көпір майырылып түсті. Сегіз адам шейіт кетті. Апат құрбаны аз емес, әлбетте. Облыс әкімдігі құрылыс жүргізу технологиясы бұзылғанын анықтап отыр. Көпір салуға мамандандырылған “Трансстрой мост” компаниясының жауапкершілігі аз емес. Ащы да болса шындық, Астана мен Алматы қаласындағы биік қабатты жаңа үйлердің құрылысында да ақаулар мол екендігін мамандардың өздері мойындап отыр. Олардың ішінде кейбір білім мекемелерінің атын естігенде тұла бойың тітіркенеді. Әсіресе, зілзала қаупі мол оңтүстік астанадағы ахуал мәз емес сияқты. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарына сенсек, биылғы оқу жылында 118 мектеп апатты жағдайда тұр екен. Білім мекемесіндегілер “оқушыларды мектепсіз қалдыру мүмкін емес” деп ақталады. Ал, балаларды апатқа айдап салу қылмыс емес пе? Елбасына Үкімет басшысы Талдықорған мен Атыраудағы апатқа байланысты есеп берді…”.

ABAI.KZ. “Жүлденің тағдырын бір ауыз сөз шешті”. “Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ атындағы айтулы жүлдені табыстау рәсімі биылғы жылы қыркүйек айының 15-ші жұлдызында Алматыдағы Тянь-Шань қонақ үйінде өткізілді. Қоғам мен заманның тыныс-тіршілігін тереңірек қаузап, қалың жұртшылыққа жан-жақты етіп жеткізе білетін журналистер қауымының еңбектерін бағалайтын бұл бәсекенің елдегі басқа тәуелсіз жүлделерден жөні бөлек. Бәйгеге тігелген сыйлығы да қомақты. Қатысушыларға қоятын талабы да зор. Сол себепті ме қайдам, бұл жолғы байқауға аса көп үміткер қатыспады. Мұндай деңгейі жоғары жүлденің салмағынан жүрексінді ме екен, әйтеуір қазақ тілді авторлардан бар-жоғы төрт-ақ адам сайысқа түсті. Ал орыс тілділер арасында жеті еңбектің иесі өз бақтарын сынап көруге бел буыпты. Додаға түскен барлық материалдарды сараптаудан өткізген комиссия мүшелерінің қорытындысы бойынша ақшалай сыйлықтың иегерлері анықталды. Қазақ тілді журналистер арасынан “Жас Алаш” газетінің тілшісі Жанболат МАМАЙ жүлдегер деп танылса, орыс тілді мақалалардың майын тамызған саясаттанушы Досым СӘТПАЕВ мырза озып шықты. Екеуінің әрқайсысына Айдос САРЫМ басқаратын “Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қоғамдық қордың” қалтасынан 5 мың еуро көлемінде жүлде тапсырылды”.

KAZ.GAZETA.KZ. Қатал заңдар, қуатты саяси жігер мен қоғамның парақорлыққа төзбестігі болғанда ғана сыбайлас жемқорлыққа төтеп беруге болады. Бұл туралы президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бүгін \»Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуының алғышарты — сыбайлас жемқорлықпен күрес және лайықты басқару\» атты халықаралық конференцияда пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Біздің тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, үш шартты орындаған жағдайда ғана сыбайлас жемқорлыққа лайықты қарсы тұруға болады\», — деді Н. Назарбаев.

Біріншіден, қатал әрі әділетті заңдар қажет. Бұл бағытта біз бұдан былай да өзіміздің құқықтық базамызды, соның ішінде әлемдегі өзге елдердің бай тәжірибесіне арқа сүйей отырып, жетілдіретін боламыз. Біз өзіміздің тәсілдерімізді бөлісуге, әлемнің өзге елдерінің жемқорлықпен күрестегі табысты тәжірибесін зерттеуге және қолдануға дайынбыз\»,- деді президент. Осы орайда ол : \»Және біз заңнамада жемқорлар үшін бірде бір мүмкіндік қалмауы үшін барлығын жасайтын боламыз\».

Екіншіден, қуатты саяси ерік-жігер керек… Үшіншіден, қоғам бір жұдырық болып жұмылып, сыбайлас жемқорлыққа жаппай төзімсіздік танытуы қажет\», — деді ол.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте мемлекет партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен және БАҚ-тармен бірлесуге тиіс. Бұл туралы президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бүгін \»Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуының алғышарты — сыбайлас жемқорлықпен күрес және лайықты басқару\» атты халықаралық конференцияда пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Азаматтарды ерте жастайынан құқықтық мәдениетке тәрбиелеу қажет. Осынау игілікті істе мемлекет партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен және БАҚ-тармен бірлесуге тиіс\», — деді Н. Назарбаев.

Ол сонымен бірге, \»сыбайлас жемқорлықпен күрес — тек қылмыскерлерді жазалауға бағытталған батыл шаралар ғана емес екенін\» атап өтті. \»Бұл — мемлекеттер күнделікті тер төгуге тиіс жұмыстардың толық кешені. Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі табыс көп жағдайда әлемдік қоғамдастықтың бірлескен ырғақты іс-қимылдарының нәтижесіне де байланысты\», — деді мемлекет басшысы.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...