«Қазақстан жаһандық жемқорлыққа қарсы күреске шықты». «Интернет кеңістік қазақ тілді үш сайтпен толығатын болды». «Үш коммерциялық банкі шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет арнаған қаржыдан 82 млн астам теңгені негізсіз кәсіпкерлерге бөлген»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 18 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Кристофер Каванау: Жовтис қамалғанымен, “Бота” қоры жұмысын тоқтатпайды”. “Евгений ЖОВТИС сот үкімімен бас бостандығынан айырылған соң бірқатар интернет басылымдарда “Бота” қайырымдылық қорының жұмысы тоқтап қалуы мүмкін деген ақпарат тараған еді. Жовтис “Ботаның” қамқоршылар кеңесінің төрағасы болатын…

2009 жылдың 30 сәуірінде Қамқоршылар кеңесінің шешімі бойынша, “БОТА” қоғамдық қоры Қазақстандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен балалардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған үш жаңа әлеуметтік бағдарламаларын іске қосты. Оның алғашқысы – білім гранттары бағдарламасы қазір жұмысые бастап кетті”, — деп белгіледі Мәншук АСАУТАЙ.

Ләззат Аханова — Бәйтерекова: “Әлия” барда Сейдолланың есімі ұмытылмайды” “…Сейдолла ине сияқты сазгер, ал ине жұрттың бәрін киіндіріп, өзі жалаңаш қалады”, — депті Көпен ӘМІРБЕК қазаққа “Әлиядай” рухы биік ән сыйлаған композитор Сейдолла БӘЙТЕРЕКОВ хақында. Марқұмның жары Ләззат Мұзарафқызы Азаттыққа сұхбат берген еді….”. Авторы: Элеонора ЯКИЯ.

Интернет кеңістік қазақ тілді үш сайтпен толығатын болды”. “Мемлекеттік тілді дамыту қорының қолдауымен ашылған сайттардың мақсаты — қазақ тілді интернет журналистиканы дамыту мен қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы бәсекені арттыру. Олардың қозғайтын тақырыптары көбінесе тіл, дін және ұлт мәселесі. Интернет кеңістігінде жаңадан “Мінбер”, “Назар” (zamandas.kz) интернет – газеттері және 1 қазаннан бастап жұмыс істейтін “Алтын орда” интернет – сайты ашылды”, — деп тұжырымдайды Мәншук АСАУТАЙ.

TURKYSTAN.KZ. “Шымкенте шенеунiктер шекiсiп жатыр”. Ол астанадағы лауазымды шенеунiктердi де шарпуда…

Оңтүстiкте “техастық” тiрлiктер жеке бiр адамның басына ғана қатысты болса жарар едi. Дегенмен бұл тiрлiктiң гу-гу әңгiмесiнiң өршуi бұл жақтағы небiр жоғары лауазымды тұлғалардың атына кiр келтiрiп, елде атқарылып жатқан игi iстерге зардабын тигiзiп жатыр. Тiптi, Елбасының атқарушы билiкке берген тапсырмасы да шала-шұрпы орындалып, аяқсыз қалып жатқаны өкiнiштi.

Соның айқын мысалы емес пе, Мемлекет басшысы Н.НАЗАРБАЕВтың “Шымкенттiң саябағын халыққа қайтарыңдар” деген тапсырмасының әлi күнге дейiн толық шешiмiн таппай келе жатқаны. Сол тапсырманы облыстың экс-әкiмдерi Өмiрзақ Шөкеев батыл қолға алып, оны Нұрғали ӘШIМОВ жалғастыра бастағанында, елдiң жоғарғы эшалонындағы “көкелердi” iске қосып, Н.Әшiмовтың “қолын байлап” тастағандай еткенiмiздi ешкiм өтiрiк дей алмас, әсте. “Атака на акима” жасадық. Қарабайыр дүкеннiң деңгейiнде салық төлеп келген “Кен баба” этнопаркiнiң қожайыны ел Парламентiндегi депутат “көкесi” арқылы Н.Әшiмовтi “тобасына келтiрдi” дегендi мына елдiң қалың жұртшылығы босқа айтпаған сияқты.

Шымкентте басшылық қызметтегi талапшылдығымен “комиссар КАТАНИ” атанған азаматтың: “Шымкентте таңертең бiр мектеп директорын “түртiп” қалсаң, түстен кейiн Астанадан “звонок” келедi” дегенi босқа айтылмағанын өмiрдiң өзi көрсетiп отыр…

Оның зардабы кадр саясатын мына елдiң сенiмiнен шығарлықтай етiп ұстаймын деген облыс әкiмi А.Мырзахметовтың игi iстерiне тиiп кететiнiне де ешкiм дауласа алмас, әсте. Тiрлiктерi анау, гу-гулi “ұранмен” талтаңдасы мынау болып жүрген жандардың тiрлiгiне тиiстi бағасын берiп, оңтүстiктiң жаңа басшысының игi iстерiне қолдау боларлықтай тiрлiктердi қарастыратын жан табылар деп ойлаймыз”. Авторы: Әдiл МҰРАТБЕКОВ.

Берiк Әбдiғалиев, саясаттанушы: қазақтың ұлттық санасы өсiп келедi”. “Қыркүйектiң 15-сiнде “Айтпарк” пiкiрталас клубында Мемлекеттiк тiлдi қолдау жөнiндегi президенттiк қордың президентi, “Қазақ” альманағының бас редакторы Берiк ӘБДIҒАЛИЕВпен кездесу болып өттi.

САЯСИ ЭЛИТА ЖАУАПКЕРШIЛIКТЕН ҚОРҚАДЫ. Әңгiме қазақ тарихы, қазақ идеясы және қазақ арманы төңiрегiнде өрбiдi. Әуелгi сұрақтар легiн өрбiткен “Айтпарк” клубының жетекшiсi, саясаттанушы Нұрлан ЕРIМБЕТОВ күнi бүгiнге дейiн толғақты болып келген қазақтың бiртұтас ұлттық идеясының әлi күнге жүзеге аспай отырғандығын сөз еттi…

— Ендеше Алаш көсемдерiнiң тұлғасын бүгiнгi ұрпаққа зорайтып көрсетуге не кедергi? Алаш көсемдерiне неге тек Семей өңiрiнде ғана ескерткiш орнатамыз? Немесе Махамбет пен Исатайдың ескерткiшi неге тек Батыс Қазақстанда ашылуы тиiс? Алашордалықтарды қызылордалықтар неге бiлмейдi?

— Бiзде қазiр әр өңiр өз батырын ұлықтау тенденцияға айналды. Егер әкiмдер осы iстi орындауға өздерi ниет ететiн болса, оған ешкiм қой демейдi. Тек “Алаш” қозғалысының 90 жылдығына арналған ескерткiштi Астанаға орнатуға Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев қарсы болып, ендi 10 жылдан кейiн орнатуға рұқсат еттi. Сөйтiп, бұл ескерткiш Алашорданың отаны болған, астанасы болған Семей қаласында тұрғызылатын болды. …

— Қазақ тiлiне соңғы кездерi қыруар қаржы бөлiндi. Бiрақ, бұдан өрге жүзген мемлекеттiк тiлдi көрiп отырған жоқпыз. Керiсiнше, мемлекеттiк тiлде iс-қағаздарын жүргiзу iсi Үкiметтiң арнайы Қаулысымен 70 пайыздан 60%-ға қысқаратын болыпты. Бұған не себеп болды? — деген бiздiң сауалымызға:

— Әрине, тiлге бөлiнген қаржы құмға сiңген судай болды. Жасалып жатқан ештеңе жоқ. Қазiр iс-қағаздарын қазақшалау деген формальды дүниеге айналды. Қазақ тiлiне бөлiнген қыруар қаржының көбi мемлекеттiк қызметкерлердi оқытуға жұмсалып жатыр. Бiрақ, оның сұрауы жоқ. Мемлекеттiк қызметкерлерге жұмсалған қаржының өтеуi болуы үшiн, қазақ тiлi қажеттiлiкке айналуы керек. Екi-үш ай курс оқыған соң, мекемесiне келген қызметкерден қазақ тiлiн қаншалықты бiлетiндiгiн ешкiм сұрап жатқан жоқ. Сонымен, оның үйренгенi ұмытылып қалады. Демек, тiлдiк саясаттың менеджментi жүзеге аспай отыр. Керiсiнше, бұл iс тым саясиланып барады.

Қаржы бөлiндi, бiрақ оның өтеуiнен гөрi, зияны басым. Бұндай жағдайда билiк төтенше жиналыс жасап, алдағы iстi жүйелеуi қажет едi.

— Тiлдер туралы заңды алып қарасаңыз бар-жоғы 22 баптан тұрады екен. Соның 17-сiнде “немесе” деген сөз қолданылыпты. Яғни, қазақ тiлiнде немесе орыс тiлiнде. Демек, анықтылық, нақтылық жоқ. Сiздiңше, мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң айырмашылығы неде?

— Орыс тiлiнiң дәрежесi — ресми тiл емес. Мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң ешқандай айырмасы болмайды. Ал, бiздiң заңнамалық актiмiз бойынша, “орыс тiлi ресми түрде қолданылады” делiнген. Демек, мемлекеттiк тiлдi бiлмей, қиналып бара жатсаңыз, орыс тiлiн ресми түрде қолдануыңызға болады. Егерде, бiздiң қолданыстағы заңдарымыз орындалған болса, қазақ тiлi баяғыда-ақ дамып кеткен болар едi. Бiзде бар заңдарымыздың өзi орындалмай отыр. Бiрiншiден, ұлттың өзiнiң талабы жоқ, екiншiден, билiкте жүйе жоқ. Үшiншiден, ұлттың тұтастығы, ортақ мүдде, ортақ арман жоқ. Мәселе ұлттың өзiнде, ұлт дамымай, ұлттық құндылықтар алға шықпайды. Бiзге ешкiм қысым жасап отырған жоқ. Алайда, орыстар ренжiп қала ма деген жалтақтық өзiмiзде басым. Бiзде елдегi ұлтаралық татулық қазақ тiлiнiң есебiнен жүзеге асып келедi. Егерде, бұған дейiнгi сайлауларда орыс факторы маңызды рөлге ие болып келген болса, ендiгi сайлауларда қазақ факторы маңызға ие болады. Өйткенi, қазақтың ұлттық сана-сезiмi жетiлiп, рухани құндылықтары өсiп келедi…”. Авторы: Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

Қарт Каспийдiң етегi дауға толы”. “Мәртебесiз” қарт Каспий төңiрегiнде өршiген мемлекетаралық даулар мен наразылықтар теңiздi бөлiске салып алмайынша, шешiмiн таппақ емес. Байбаламға басып жүрiп, қазақ, әзiрбайжан, түркiмен мен орысқа теңiздiң мәртебесiне қатысты мәселенi ақтаулық саммиттiң күн тәртiбiнен алғызып тастаған ирандықтар 60 жыл бұрынғы келiсiмдi көлденең тартады.

…Өткен аптаның соңында Каспий теңiзiнiң жағалауында орналасқан төрт мемлекет – Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан мен Ресей президенттерiнiң Ақтаудағы саммитiнде Иран президентi АХМАДЕНИЖАД қатысқан жоқ. Қарт Каспийдiң суы мен байлығын бөлiске салудағы пiкiр қайшылығында негiзi Тегеранның дауысы ащы шығатын. Күтпеген жерден шақырылған төрттiктiң басқосуында өзiнiң шет қалғанына бұлқан-талқан ашуланған Иран саммиттi заңсыз деп танитындығын мәлiмдедi. Саммит басталмастан бiрнеше күн бұрын халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарынан дабыл қаққан Тегеран 1924 және 1940 жылдары қабылданған келiсiмдерге сәйкес, Иранның халықаралық ұйымдарға шағынуға және аталған құжаттардағы шарттар шеңберiнде, Каспий теңiзiне қатысты барлық басқосуларға Тегеранның қатысуға құқығы бар екендiгiн айтып, саммитке қарсылығын бiлдiрiп бақты…. Осының әсерi болды ма, жиылысқа қатысушылардың теңiздi ТМД елдерi арасында теңдей бөлiсу бастамасы аяқсыз қалды…

Тағы бiр маңызды мәселе, үстiмiздегi жылдың 9 қазанында Кишиневте өтетiн ТМД елдерi басшылары кеңесiнiң кезектi отырысында әлемдiк қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдарынан туындаған қиындықтардан құтылудың төте жолдары мен атқарылып жатқан шаралардың нәтижесi талқыға салынбақ. Әсiресе, энергетикалық қорларды тасымалдау мәселесi, әр мемлекетте отандық тауар өндiрушiлерге жиi қолданылатын протекционистiк (“таңдау – тек отандық өнiмге” қағидасы бойынша әрекет ету) шараларға үзiлдi-кесiлдi қарсылық таныту бар. Өйткенi, тек жергiлiктi тауарға таңдау жасау ТМД аумағында орналасқан өзге мемлекеттер тауарларын iшкi нарыққа енгiзуге кедергi жасайтыны анық. Молдова тарапынан ұсынылған Ұлы Отан соғысының (1941-1945 жж.) 65-жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты ұсынысы да сарапталады. Қаржы және экономика саласынан басқа шекаралық қауiпсiздiк мәселесi, есiрткi заттарын тасымалдаудың алдын алу, Грузияға ТМД елдерiнiң ресми органдары қатысатын халықаралық келiсiмдер мен шешiмдерiне қатысуға рұқсат беру т.б. мәселелер қоса қамтылатын көрiнедi”,— деп тұжырымдайды Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

EGEMEN.KZ. “Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрестің пайдалы тәжірибесі жинақталған”. “…Конференцияның тақырыбына айналған сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі де дүние жүзінің мемлекеттері үшін өзекті ортақ мәселенің бірі. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында алғашқылардың бірі болып “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” арнайы Заң қабылдады. Елімізде Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша комиссия жұмыс істейді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда….

Сондай-ақ аталған форумда өздерінің елдері жемқорлықтың алдын алу мен адал кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетіп жатқандары туралы Ресейдің, Түкияның, Ирландияның, Норвегияның және Грузияның өкілдері айтып берді.

Жемқорлыққа қарсы күрестегі өзінің тәжірибесімен жалпы отырыста Қазақстан да бөлісті. Соған сәйкес өзара пікірталас негізінде қатысушы мемлекеттердің жемқорлыққа қарсы ведомстволарының басшылары аталған кеселмен күресудегі шешімдерін үндеумен бекітті…”.

ALASHAINASY.KZ. “Жемқор шенеунік лауазымдық қызметпен өмір бойына қош айтысады” “Астанада кешелі-бері жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде халықаралық деңгейдегі дүбірлі жиын өтіп жатыр. Оған дүниенің төрт бұрышынан 47 мемлекеттің жемқорлыққа қарсы күрес мекемелерінің басшылары қатысуда. “Жемқорлықпен күрес және тиісті түрдегі басқару Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуының басты шарты ретінде” деп аталатын халықаралық конференцияға Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың өзі қатысып, сәттілік тіледі.

Бүгінгі таңда жемқорлық жекеленген мемлекеттердің ғана ішкі дерті емес. Жаһандық мәселе. Оны өз кезегінде Мемлекет басшысы да айтты. “Біз жаһандану дәуірінде өмір сүрудеміз. Сондықтан қазір көптеген мәселелер ұлт ауқымынан, ел шеңберінен шығып, ғаламдық сипатқа ие болып отыр. Бүгінгі конференцияның тақырыбына айналған сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі де бүкіл дүниежүзі мемлекеттері үшін өзекті ортақ мәселенің бірі”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев”.

“Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, жемқорлықпен күрес қылмыскерлерді қатаң жазалау ғана емес, ол – қоғам мен мемлекеттің күн сайынғы атқаратын шараларының кешені. Және жемқорлықпен күресте әлемдік қауымдастық қаншалықты үйлесімді әрекет етсе, соншалықты жемісті болмақ”,— деп қорытты Бесбоғда АЛТАЙ.

Мектеп бухгалтериясын орталықтандыру арқылы қаржылық былықтарды жоя аламыз ба?” “Мектеп бухгалтерияларын орталықтандыру керек деген әңгіменің шығып жүргеніне біраз уақыт болды. Мұндай пікірді көбіне-көп қаржы полициясы мен прокуратура қызметкерлері көтеріп жүр. Алайда мұнымен кейбір зиялы қауым өкілдері келіспейді. Олардың уәжіне сенсек, оқу-ағарту саласындағы былықтарды жою үшін бәрін білім департаменттерінен бастау керек дегенге саяды. Сонымен, мектеп бухгалтерияларын орталықтандыру керек пе? Бұл ретте де пікір екіге айырылды”. Әзірлеген Серік ЖҰМАБАЕВ.

Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты:

“– Иә. Міндетті түрде жоя аламыз. Біз үшін мектеп біліммен сусындататын алтын ұя болса, оны басқаратын директор – ең алдымен, білікті де беделді ұстаз, педагог. Сондықтан да директордың басты жұмысы – негізінен,  балаға сапалы да саналы білім беру. Алайда қазіргі таңда мектеп директоры – әрі ұстаз, әрі есепші, әрі қоймашы қызметін атқарып жүр. Оған себеп, қазір оларға жалпы басшылықпен қатар, қаржылық-шаруашылық қызметін жүргізу міндеті де жүктелген. Ал өмір бойы педагогика саласымен айналысып келген адам күн сайын ережелері өзгеріп отыратын қаржылық есеп-қисаптың, бухгалтерияның қыр-сырына қалай қанық болады? Сондықтан кейде қаржылық былықтар орын алып жатады.

Жақында ғана мен осы мәселе төңірегінде Білім және ғылым министрлігіне депутаттық сауал жолдадым. Негізі, мұндай жүйе бұрын да болған. Ол кезде де қаржылық мәселелер бір орталықтан шешілетін. Мысалы, аудандық білім бөлімінде арнайы бухгалтерия бөлімшесі жұмыс істейтін. Осы бухгалтерия арқылы барлық мектептің қаржылық шаруасы, яғни мұғалімдердің жалақысы, еңбек демалысына шығар кездегі ақшасы, сонымен қатар мектепке қажетті құрал-жабдықтардың барлығы сол жерден шешілетін…”.

Совет-Хан ҒАББАСОВ, педагогика ғылымының докторы:

“-Жоқ .Жемқорлықтың басым көбі халыққа керек деген – денсаулық пен оқу-ағарту жүйесінде орын алып отырғаны өкінішті-ақ жағдай. Бұл жерде қаржылық былықтар мектеп бухгалтерияларынан шығып отыр деп айта алмаймын. Кеселдің барлығы министрлік пен облыстық білім департаменттері басшыларының білім деңгейінің төмендігінен орын алып отыр. Мектеп бухгалтерияларын орталықтандырғанымен, одан ештеңе өзгермейді.

Сыбайлас жемқорлық бұл – ауру, бұл – эпидемия, бұл – адам мінезіндегі өте келеңсіз құбылыстар. Қазір Елбасының өзі бастап коррупцияға мүлдем төзуге болмайтынын тілге тиек етіп отыр. Үкімет те жемқорлықты жоюды қолға алуда. Дегенмен бұл мәселенің өзі әділетті түрде, пәрменді түрде жүргізілмеуінің салдарынан жемқорлықпен күрескен сайын қылмыс жасаушылар да көбейіп барады…

Мектеп бухгалтерлерін орталықтандыру деген ұсыныс та осы коррупциядан құтылудың бір амалы ретінде айтылды. Дей тұрсақ та, біз мынаны естен шығармауымыз керек. Мектептің айналасындағы бір шөкім бухгалтерия анау айтқандай қылмыс жасап отырған жоқ, коррупцияның жүргізіліп отырған ұясы министрліктің деңгейі мен облыстық білім департаменттерінің маңында болып отыр..”.

Бейтарап пікір: Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы: “– Әр мектепте бір бухгалтерия бөлімі болғанша аудандық білім беру мекемелері ішінен арнайы бухгалтерия орталығын ашу керек. Сол арқылы мектептерге бөлінетін қаржы: жалақы төлеу, қосымша шығындарды жұмсау барлығы бір жерден шығады. Демек, бір жерде болса, онда тексеру де ыңғайлы болып, бюджеттің ақшасын талан-таражға салу тыйылады. Ал қазір әр мектепте әкімшілік шаруашылық бөлімі бар, қаржылық бөлімі бар. Оның барлығын аудандық білім бөлімі тексеріп үлгере алмайды. Сосын келген комиссияны бірігіп ақша жинап, сырттан қайтару мәселесі туындайды. Сонымен қатар әр мектепке тексеріс жүргізген сайын мұғалімдерге жүк түседі. Ал мұғалімдерге жүк түсті деген сөз ол — оқушылардың біліміне кері әсер етеді деген сөз. Сондықтан мектептің қаржылық шаруашылығын бөлек орталық еткеніміз дұрыс шығар. Сонда мектеп ұжымы артық жұмыстан құтылып, тек білім сапасымен ғана айналысар еді”.

ABAI.KZ. “Жемқорлық жайлаған Қазақстан жаһандық жемқорлыққа қарсы күреске шықты”. “Жемқорлық рас, жаһанға жайылған кесапат. Ол кесапатты әлемді кезген кез келген қу тұяқ таратып жүре беретін болды…

Жемқорлық өрмекшінің торы сияқты жер жиһандағы елдердің бәрін шырмап алған құбылыс. Трансперенси Интернешнл (Transparency International) халықаралық ұйымының мамандары қай мемлекетте кедейшілік басым, қай мемлекетте әлеуметтік ахуал ушығып тұр сол мемлекетті пәреқорлық, жемқорлық, коррупция жайлаған дейді. Мәселен, Қазақстан былтыр коррупция жөніндегі көрсеткіш бойынша 180 елдің ішінде 145 орынды иемденіп, әлгі “абройлы межені” Шығыс Тимормен бөліскен еді. Шығыс Тимор деген жасыл жапырақтан басқа ештеңе өнбейтін, тауларынан ыстық лавалар атқылап жататын тынышсыз аймақ. Елдің ішкі ахуалы да тұрақсыз. Үнемі соғыс, үнемі қақтығыс. Жер асты қазба байлығымен ғана емес, 130 ұлттың аузын алып, бірлігін тауып отырған Қазақстан өзіндегі осыноу жарасымды тұрмыстың жайымен де Шығыс Тимордан озық шықса керек-ті. Бірақ, жағдай олай болмай тұр…

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен “Жемқорлықпен күрес және тиісті басқару Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның экономикалық және әлеуметтік дамуының шарты ретінде” атты халықаралық конференцияның ашылуына қатысып:

— Мұндай жауыздыққа қарсы күресу — Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды басымдығы. Біз мұны еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында белгіледік, — деп жіберді. Ендеше, 2030 жылға дейін жемқорлыққа қарсы күресте, жемқорлықтың өзі де тиыла қомайтын болса керек.

60 мемлекеттің және 20 халықаралық ұйымның өкілі қатысқан конференцияның барысынан тараған ресми ақпараттарға сүйенсек, Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес деңгейі жөнінде посткеңестік кеңістікте көшбасшылық ұстанымды ұстанатынға ұқсайды. ТМД елдері арасында бірінші болып “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” арнайы заң қабылдаған Қазақстанда 2011 жылға дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылатын көрінеді…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жөніндегі Страсбург конвенциясына бірікпек ниетте. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы барысындағы үзіліс кезінде Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары Андрей ЛУКИН мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бүгінгі жағдаймен Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру жөніндегі Страсбург конвенциясына бірігуге нақты мүмкіндіктері мен ниеті бар екенін мәлімдеді, және біз халықаралық қоғамдастық біздің өтінішімізді қарап, дауыс береді, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар барлық конвенцияларға бірігеді деп сенеміз\», — деді А. Лукин.

А. Лукин сонымен бірге Қазақстанның былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы БҰҰ конвенциясын ратифицикациялағанын еске салды.

Қазақстанның үш коммерциялық банкі шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет арнаған қаржыдан 82 млн астам теңгені негізсіз кәсіпкерлерге бөлген. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет СҮЙІНДІКОВ бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

\»\»Қазкоммерцбанк\» АҚ, \»Нұрбанк\» АҚ мен \»БТА Банк\» АҚ шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет арнаған қаржыны мақсаттан тыс пайдалануға жол берген. Жалпы көлемі 82 млн 110 мың теңгенің 4 несиесі кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға байланысы мүлдем жоқ, тұтынымдық мақсатқа берілген\», — деді Н. Сүйіндіков.

Оның айтуынша, \»Темірбанк\»АҚ, \»Банк ЦентрКредит\»АҚ, \»АТФБанк\» АҚ мен \»Kaspi bank\» АҚ ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру ставкасын заңсыз төмендетуге жол берген. \»Жалпы көлемі 17 млн астам теңгенің шығынына тосқауыл қойылды\», — деді ол.

Ал сонымен бірге \»БТА Банк\» АҚ, \»Еуразиялық Банк\» АҚ, \»АТФ Банк\» АҚ мен \»Kaspi bank\» АҚ халықтың әлеуметтік осал тобына қатысты 11%-дық аса жоғары ставканы негізсіз қолданған\», — деді өкіл.

Н. Сүйіндіковтың хабарлауынша, сонымен қатар, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға арналған қаржыны \»Қазақстан Халық банкі\» АҚ мен \»Kaspi bank\» АҚ тұтынушылық несиелер мен айрықша қажеттілікке арналған несиелерді қайта қаржыландыру мақсатына негізсіз пайдаланған. \»Банктердің заңсыз пайдалануына қатысты барлық 11 осындай дерек бойынша 30,4 млн теңге анықталып, тиісті несиегерлерді қаржыландыруға жұмсалды\», — деді ол.

Банктердің жекелеген қызметкерлеріне қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылды, заң бұзушылықтарды жою жұмыстары одан әрі жалғасуда\», — деді ол.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...