«Қазақ тіліне арналған жиын тағы да президентке хат жазумен аяқталды». ««Халқын-Гол шайқасына қатысқан қазақ». «Жаңа \»Республика\» ескі \»Республиканың\» кебін кие ме?». «Ақ көңіл» фильмдегі афалина деген не пәле?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 22 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Қазақ тіліне арналған жиын тағы да президентке хат жазумен аяқталды” “Қыркүйектің 20-сы күні Алматыдағы Республика сарайында тіл туралы заңның қабылданғанына 20 жыл толуын арқау еткен жиын болып өтті. Мыңдаған адам қатысқан бұл жиын қазақ елінде қазақ тілінің мәселесі күрмеуін таба алмай келе жатқандығын тағы да көрсетті.

НАЗАРБАЕВТЫ МАҚТАМАҚ БОЛҒАН ҮКІМЕТ ӨКІЛІНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ.

Жексенбі, қыркүйектің 20-сы күні сағат 12-де “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен қазақ тілі мәселесіне арналған жиынғы жұрт көп жиналды. Үш мың орындық Республика сарайы халыққа лық толды. Оның сыртында есіктің көзінен сығалап, жиынның соңына дейін аяғынан тік тұрған жұрттан ине шаншар жер болмады…

Ал, ақын Темірхан МЕДЕТБЕК болса, президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың атына жазылған ашық хаттан нәтиже болады дегенге сенбейді.

Ашық хат жазған екен деп, үкімет қазақ тілінің мәселесіне білек сыбана кірісіп кетеді дегенге мен де сенбеймін. Егер халық жаппай ереуілге шықпаса?! Ол да болуы мүмкін. Халық бізден, зиялылардан, Мұхтар ШАХАНОВтан соны талап етуі мүмкін. Керек болатын болса, билік соны керек етіп отырған шығар. Ең бастысы, мұндай жиындар халықтың етін өлтіріп алмас үшін керек. Үкіметтің бұл мәселеге құлақ аспайтынын онсыз да білеміз, – деді Темірхан Медетбек.

Алматыда қазақ тілінің мәселесі сөз болған жиын қыркүйектің 20-сы күні қала бойынша өткен қала күні мерекелік шарасына дөп келді. Республика сарайының ішінде мемлекеттік тіл мәселесі қаралып жатқан кезде, сарайдың дәл алдында Алматы қаласының әкімшілігі ұйымдастырған қала күні мерекелік шарасы екі тілде өтіп жатты”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ “Жаңа \»Республика\» ескі \»Республиканың\» кебін кие ме?” атты мақаласында назар аударады: “Республика” газеті өздеріне қарсы қысымның күшейгенін айтады. Бұл жайлы дүйсенбі күні аталмыш газет қызметкерлері мәлімдеді. Жаңа газетті шығаратын күні \»Комета S\» баспаханасына тағы рейдтер жасалған. Билік түсінік беруден бас тартты…

Олардың айтуынша, өткен аптада тиражы тұтқындалған “Республика — деловое обозрение” газетінің орнына шыққан “Моя Республика — факты, события, люди” газетін де құқық қорғау органдары тұтқындамақ болған көрінеді..

Басылымның қаржы бөлімінің редакторы Сергей ЗЕЛЕПУХИНнің айтуынша, “Моя Республика — факты, события, люди” газетінің жұмысы тоқтап қалған “Республика” газетіне еш қатысы жоқ болса да, құқық қорғау органдарының назарынан түспеген…”..

АЗТМ жұмысшылары Нұрсұлтан Назарбаевқа бауырына ықпал етуді сұрап хат жазбақшы

. “Алматы ауыр машина жасау зауытының жұмысшылары мен кәсіподағы және акционерлері президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа өзінің бауыры Болат НАЗАРБАЕВты жөнге салуға шақырған өтінішпен қайрылмаққа бел буды. 21 қыркүйек күні АЗТМ жұмысшылары кәсіподақ өкілдерімен бірге Президентке жолдайтын хатты талқылау үшін жиналыс өткізгеннен кейін, алаңдаушылық туғызып отырған мәселе — акционерлердің бірінің зауытты банкроттыққа жеткізетін талап қойып отырғаны жөнінде журналистерге баяндап берді…

Алматы ауыр машина жасау зауытының акционері (“АЗТМ” акционерлік қоғамы) “Artis Estates” ЖШС өзінің жекеменшігіне жататын алаңдарды 2007 жылдың 21 желтоқсанынан бері пайдаланғаны үшін зауыттан 150 000 АҚШ доллар көлемінде өтемақы талап етіп отыр. “Artis Estates” ЖШС –нің жекеменшігіне жататын жер көлемі 53 475 шаршы метрге тең… АЗТМ акционерлік қоғамының жұмысшылары мен кәсіподақ комитетінің пікірінше, зауытты Қазақстан Республикасының ауыр машина жасау кешенін дамыту бағдарламасына қосу керек…”. Авторы: Меруерт СӘРСЕБАЙ.

DMK.KZ. “Қазақстанды басты әріптесі санайды”. “Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ елімізге ресми сапармен келген Вьетнам Социалистік Республикасының Премьер-министрі НГУЕН ТАН ЗУНГті қабылдап, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, білім, энергетика, минералдық ресурстар саласында және екі ел арасында туризмді дамыту, вьетнамдықтардың Қазақстанда уақытша жұмыс істеу мәселесі талқыға түсті.

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 2008 жылы 96,1 миллион долларды құраған. Ал, 2009 жылдың қаңтар-маусым айларында бұл көрсеткіш 60,8 миллион долларға жетті. Бүгінгі күні Қазақстан Вьетнамға асбест, темір прокаты және тот баспайтын болат, тағы басқа халық шаруашылығына қажетті бұйымдарды экспорттайды. Ал, Вьетнам біздің елге шәй, дәрі-дәрмек, косметикалық тауарлар және аяқ-киім, қағаз, шыны, тамақ өнімдері мен компьютердің бөлшек саймандарын жеткізіп отыр. Вьетнам – Азия–Тынық мұхиты аймағында қарқынды даму жолына түскен елдердің қатарында. Олар Дүниежүзі Сауда ұйымына мүше болып, өзге мемлекеттермен тауар айналымын дамытуды көздеп отыр. Елдегі жыл сайынғы экономикалық өсім 7-8 пайызды құрайды. Қазіргі таңда екі елдің экономикалық байланысына кедергі келтіріп отырған жайттар да бар. Оның біріншісі – елдегі ішкі нарық нәтижелері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі, екінші – жүк тасымалдау бағыттарының белгіленіп, нақтыланбауы, үшінші – екі ел банктерінің ақша аударымы тәртібінің айқындалмауы. Міне, осы үш кедергінің түйінін екі ел Үкімет басшылары тарқатуға тырысты. Үкімет басшыларының кездесуінде ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі мен Вьетнам Өнеркәсіп және сауда министрлігі арасында энергетика және минералды ресурстар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, Қазақстанның “ҚазМұнайГаз” компаниясы мен “Петровьетнам” мұнай және газ корпорациясы арасында стратегиялық келісімге және ҚР Сауда өнеркәсіп палатасы мен Вьетнам Сауда өнеркәсіп палатасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды”. “Бейбіт өмір сүруге ұмтылған Вьетнам халқы көп қиыншылықты бастан өткергені белгілі. Олар Франция әскерімен 9 жыл, АҚШ-пен 8 жылдан астам уақыт соғысып, экономикасын әбден тұралатты. Дегенмен, елдегі патриоттық рух бәрінен биік екендігін вьетнамдықтар жақсы біледі. Сондықтан да, олар Орталық Азиядағы бейбітшілік сүйгіш Қазақстанды басты әріптесі санайды”,- деп қорытты Мағжан САДЫХАНҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “Алқа отырысына елшілер шақырылды”. “Бүгінгі отырыстың күн тәртібіне бір ғана мәселе қойылып отыр. Ол – Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығына дайындық және ТМД елдерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері, деп сөзін бастаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ әрі қарайғы ойын былайша сабақтады:

– Өздеріңізге мәлім, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымында төрағалық етуге Қазақстанның сайлануы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы басшылығымен әлеуметтік-экономикалық және саяси даму жолында қол жеткізілген елеулі жетістіктеріміздің және еліміздің аймақпен шектелмей, дүниежүзілік ауқымда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосып жүрген үлесінің халықаралық қоғамдастық тарапынан әділетті және жоғары бағалануы әрі ашық мойындалуы болып табылады…

… Отырыс соңында қазақстандық дипломатиялық миссия басшыларына нақты тапсырмалар берілді”. Авторы: Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. Дәурен ҚУАТ “Телпекбастың тілегі орындалды” деген мақаласында төмендегідей өз пікірін білдіреді: “…ЖАҚСЫБЕКОВ десек, оның Астана әкімі ретінде Елорданы “сити-митиге” толтырған “еңбегі” еске түседі. Ақмоланың төл тумасы. Мамин екеуі жергілікті жігіттердің намысын таптапай атқан мінген азаматтар есебінде деп естиміз. Мұның және өтірігі шамалы. Өйткені аймақтар мен ірі қалаларды билік басындағылар өзара бөлісіп алғаны жұртқа мәлім. Мысалы, Ақтөбе облысы Президент әкімшілігінің басшысы Аслан МУСИНдікі. Аслан Мусин Атырауға да өз адамын қалдырғалы бері еліміздің батыс аймағында аса ықпалды тұлғаға айналды. Асекеңнің осындай ірі адымдары батыстың тағы бір қаракөгі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВке ұнамайды.

Оңтүстік Қазақстан облысын ШӨКЕЕВ-ТҰРЫСБЕКОВ тандемі сұрап тұр.

Жетісу — ҮМБЕТОВ пен ЕСІМОВтікі.

Қарағанды мен Жезқазғанға екі егіз (әкім НЫҒМАТУЛЛИН мен депутат НЫҒАМТУЛЛИНді айтамыз) еге.

Ендеше, елдің саяси орталығы еңсе тіктеген өңірдің өрендері неге өгей хал кешсін?… “Жақсы” Мәскеуде жай жатпай “Афалинаның қарғуы” атты триллердің сценарийін жазып, ресейлік кинорежиссер Эльдар ОРАЗБАЕВпен бірігіп кино түсіріп тастапты.

— Бұл фильм осыдан 5-6 жыл бұрын болған оқиға туралы баяндайды. Фильмде махаббат пен сүйіспеншілік, батырлық пен қайсарлық, ішкі істер саласы қызметкерлерінің өз қызметтеріне деген адалдығы көрініс тапты. Сюжет ойдан шығарылған, кейбір кейіпкерлерді өмірден алдым. Қазақ киносының дамуы үшін өз үлесімді қосқым келгендіктен қолыма қалам ұстап осы туындыға кірістім, — дейді министр Хабар арнасының тілшісіне берген сұхбатында…

Айтпақшы, “Ақ көңіл” фильмдегі афалина деген не пәле? Афалина деген дельфиннің сүйіртұмсық бір түрі екен. Қазақтың теңізі мен көлінде кездеспейтін мақұлық. Үнді мұхитында, Тынық мұхитының солтүстік бөлігінде, Қаратеңізде өмір сүреді дейді балық шаруашылығынан хабардар ететін дерек көздері. Орыстар сүйіртұмсық дельфиннің тұқымын тұздай құртып ала жаздаған соң қызыл кітапқа енгізіп қадыр тұтып жатқан көрінеді. Орысқа қадырлыны қаға берісте қалдырып бізді жын ұрып па? Сөйтіп бауырын жарқыратып су бетінде аспанға қарғитын афалинаны тұңғыш триллерімізде атаққа шығардық. Атаққа шыққан “афалина” Елбасына “өмір бойы елді бір өзіңіз басқара беріңіз” деген бәсеке бәйгенің де алдына шығып кеткен сияқты. Себебі, НАЗАРБАЕВ әлгіндей ұсыныстарды шынымен қабылдай ма, жоқ па ол жағы белгісіз. Ал, “афалина” болса, нақты еңбектің нәтижесі ретінде еліміздегі киноклубтардың экрандарында “тулап” жатыр. Бір кездегі телпекбас киномеханиктің тілегі орындалды. Енді оның тілегі тек орындалып қана отыратын болар…”

MASSAGAN.COM. “Халқын-Гол шайқасына қатысқан қазақ”. “Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына 70 жыл толды. Батыс саясаткерлері өткен-кеткенді қазбалап, бәзбір оқиғаларға саяси рең беріп те қойды. Өткенде Польша елі сұм фашистердің соққысына алғаш ұшыраған біз едік деді. Онымен қоймай мына жақта Гитлермен алысып жатқанда, Сталин арқамыздан қанжар қадады деп салды.

Қысқасы, Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы басталыпты. Еуропа солай дейді. Бірақ фашистік Германияның одақтасы Жапон милитаристері 1935 жылы Қытайдың шығыс бөлігін басып алып, Ішкі Моңғолды өзіне қаратты. Онымен қоймай Кеңес одағының шекарасын қайта-қайта түртпектеп мазасын алды. Сасқалақтаған Кеңес елі 1936 жылдың 12 наурызы күні КСРО Қорғаныс Халық Комиссары К.Е.ВОРОШИЛОВтың бұйрығымен 57-ші арнаулы корпусты күшейтіп, Халқын-гол маңына әкеліп орналастырды. Моңғол жағы болса, “Сіз бастаңыз, біз қостайық” дегендей, шағын армиясын ол да алып келді. Осылай бір шайқастың басталары анық болды.

Жапондар шекараға келіп қалған Кеңес-Моңғол әскерін сарылтып күттіріп қоймай, 1939 жылдың 11 мамыры күні соғысты бастап кеп жіберді. Халқын-гол шайқасының фронты 80 шақырымға, майданның алғы шебінен артқы тылына дейін 25 шақырымға созылып жатты.

Мамырдың 11-інде басталған соғыс 31-іне дейін жалғасты. Жиырма күннің ішінде самурайлардың беті қайтты. Олар сәл ентігін басып алып, шілденің 2-сі күні шешуші шайқасқа кірісті. Соғыс қыркүйек айының ортасына дейін жалғасты. Екі ай жарымға созылған ұрыста жапондар 50 мың адам, 660 ұшақ, 175 зеңбірек, 340 шақты әртүрлі пулеметінен айырылып, тура қыркүйектің 16-сы күні жеңілгені туралы актіге қол қойды. Осыған 70 жыл толып отыр.

КСРО Жоғары Кеңесінің Жарлығымен Халқын-гол соғысына қатысып, ерлік көрсеткен Қызыл Армияның 17068 офицері һәм жауынгерлеріне орден, медаль берілді. 73 адам “КСРО Батыры” атағына ие болды. Ұшқыштар – Я.В.СМУШКЕВИЧ, Г.П.КРАВЧЕНКО, С.И.ГРИЦЕВЕЦтер екінші дүркін батыр атанды.

Жауын жеңіп, көңілі орныққан Моңғол үкіметі де қарап қалмай, Мемлекеттік Кіші Құрылтайдың шешімімен Моңғол Халық Армиясының 726 офицер һәм жауынгерлеріне, Қызыл Армияның 326 жауынгеріне “Майдангерлік Қызыл Ту” орденін табыстапты. Оның сыртында 14 адамға “Моңғолияның Халық Батыры” атағын берген. Осы он төрт адамның екеуі – орыс, біреуі – қазақ. Екі орыстың бірі – атақты қолбасшы Г.К.ЖУКОВ болса, екіншісі – И.И.ФЕДЮНИНСКИЙ. Ал батыр қазақтың аты-жөні – Ікей МИЗАМҰЛЫ.

Батыр қазақ кім? Жуықта батыр Ікей Мизамұлы туралы жаңа мәліметке қол жеткіздік. Қазір Моңғолия елінде Халқын-гол шайқасының 70 жылдығы кеңінен аталып өтіп жатыр. Тіпті Ресей Федерациясының Үкімет басшысы В.ПУТИНнің өзі барып, қол соғып, құттықтап қайтты…

… Ікей марқұм қазақ атаулыдан тұңғыш армия қатарына шақырылған алғашқы азаматтардың бірі екен. Екінші бір есте боларлық дүние, Халқын-гол соғысына екі қазақ қатысыпты. Бірі осы – Ікей Мизамұлы, екіншісі – Жайсанып МҮДӘРІСҰЛЫ. Ікей “Моңғолдың Халық Батыры” болды. Жайсанып алғашқы генерал атанды…”. Авторы: Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Алматыда тамызда атмосфералық ауаның ластану индексі өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 2,9 бірлікке төмендеген, деп хабарлайды Kazakhstan Today әкімдіктің хабарламасына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Алматы қаласының \»Гидрометеорологиялық мониторинг орталығы\» кәсіпорнының мәліметі бойынша 2009 жылдың тамыз айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда атмосфералық ауаның ластану деңгейінің төмендегені байқалған. Ластану индексі (ИЗА 5) 2009 жылдың тамызында 11.1, 2008 жылдың тамызында — 14.0 болған.

Алматыда ауаның ластануын бақылау 5 стационарлы нүктелерде жүргізілді. Қалада Райымбек даңғылы мен \»Айнабұлақ-3\» ықшамауданында ластану деңгейінің жоғары екендігі анықталды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2009 жылдың тамыз айы ауа атмосферасы үшін өте қолайлы болып тұр. \»Гидрометеорологиялық мониторинг орталығы\» кәсіпорнының мәліметі бойынша тамыз айында ауаны таза ұстауға ықпал еткен айнала қоршаған ортаны ластанудан сақтау бағдарламасының жүзеге асуы болса керек.

Ресейде A (H1N1) тұмауынан кісі қайтыс болу оқиғасы бірінші рет тіркелді. Бұл туралы Ивановский атындағы Вирусология институтының директоры, Ресей медицина ғылымдары академиясының академигі Дмитрий Львов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today \»Вести\» телеарнасына сілтеме жасап.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...