«ВИЧ дертін әтірмен емдемек болған тәуіпке жүгінген науқастар өлім аузынан қалды». «Тіл комитеті Тоқаевтың атын заңдастыруды қалайды». «Егер елдегі бүкіл халық қазақша сөйлейтін болса, мен «қазақстандық ұлт» болуға қарсы болмас едім»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “ВИЧ дертін әтірмен емдемек болған тәуіпке жүгінген науқастар өлім аузынан қалды” “Шымкентте тылсым күш арқылы “доңыз тұмауы” мен ВИЧ дертінің емін таптым деген тәуіпке қаралған науқастар аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Олардың тамырына әтір жіберіп “емдемек” болған тәуіптің ісімен құзырлы органдар айналысуда….

Емші Бейне ҚАРЖАУБАЕВА болса, өзіне қарсы қасақана қастандық жасалуда деп есептейді. Оның айтуынша, ем науқастарға өте жақсы көмектескен. … Емші қазір көмек сұрап Астанада жүргенін айтады. Ол айықпас дертті емдеуге бәзбіреулер қолбайлау болып жатқанына сенімді. Ал ВИЧ індетін әтірмен “емдеген” тәуіптің іс-әрекетін енді құзырлы органдар тексеруге кірісті”. Авторы: Мира МҮСІЛІМ.

ALASHAINASY.KZ. “Тіл комитеті Тоқаевтың атын заңдастыруды қалайды”. “…“Нұр Отан” партиясының бастамасымен өткен “Қазақстан Республикасындағы ономастика жұмыстарының өзекті мәселелері” тақырыбындағы республикалық конференция барысында көтерілген мәселенің бір үзігі ғана…

Бұл сөзді өзге емес, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбайдың өзі айтты. Оның айтуынша, қазақтың байырғы жер-су атауларын қайта қалпына келтіру жұмыстары кейбір облыстарда енжар жүргізіліп келеді. “Бұл жағдай әсіресе Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында жиі кездеседі. Мысалға алатын болсақ, бір ғана Ақмола облысында Красный, Красный яр, Котовский секілді қызыл империяны “аңсап тұрған” елді мекендер әлі бар. Бір қарағанда түкке тұрғысыз болып көрінгенмен, бұл атаулар еліміздің келешегіне үлкен қатер төндіреді”, – дейді ол….

Дегенмен ығай мен сығайдың басы қосылып, тіл мамандары мен ономастика майталмандарының басын қосқан конференциядан нақты бір шешім көре алмадық. Тек қызды-қыздымен біраз сілтеген Ербол ШӘЙМЕРДЕН мырза нақты бір мәселенің шешімін табу туралы талап қойып жіберді. Ол – Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВтың атын заңдастырып беру туралы ұсыныс білдірді. “Ұлттық тегімізді қай нұсқада аламыз деген мәселе әлі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл мәселе төңірегінде қазір жаңа проблемалар пайда болып, адамдардың аттарын өзгеше жазу тәжірибеге еніп кетті. Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты бұрынғыдай Қасымжомарт емес, сызықша арқылы жазылып келеді және біз Қасымды да, Жомартты да бас әріппен жаза бастадық. Мұндай үлгілерді ғалымдар не заңдастырып, не оның дұрыс бағытын айтулары қажет. Сонымен қатар қазір шетелден келген қандастарымыздың құжаттарын беру кезінде де біршама қиындықтарды бастан өткеріп отырмыз. Мұны да шешетін уақыт жетті деген ойдамын”, – деді Тіл комитетінің төрағасы”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ.

Кент тұрғындарын қуып жүріп атқан күзетшілерге тоқтау бола ма?”. “Ақбақайлықтардың ашу-ызасын тудырған бұл оқиғаның арты әлеуметтік дауға айналып кетер ме еді, егер дер кезінде салдарымен емес, себебімен күреспегенде. “Ашынғаннан шығады ащы даусым” дегендей, ақбақайлықтар осы уақытқа дейін үндемей шыдап бағып келген. Шыдам да шегіне жеткен күні… Жалпы кент тұрғындары кен орнындағы күзетшілердің шектен шыққан іс-әрекеттеріне бұрыннан-ақ наразы.

Мына оқиға солардың бәрінен де асып түсті. Жуырда Ақбақай кентінің тұрғындары Айдос СҮЛЕЕВ, қасындағы жолдастары Марлен КҮЛӘШБЕКОВ және Талғат БОЛЫСБЕКОВ үшеуі жоғалған сиырын іздеп “Ақбақай ТКМК” АҚ-ның кен өндіріс алаңына кірген. Осы кезде “Ақбақай ТКМК” АҚ-ның “Самай секьюрити” ЖШС-нің күзетшілері Дәулет НҰРБЕКОВ, Асхат ТӨЛЕГЕНОВ, Сансызбай ЖҮСІПОВ қызметтік УАЗ маркалы автокөлігімен қарауындағы аумақты аралап келе жатып, кен-байыту фабрикасының жанында жүрген жоқ іздеушілерді көріп қалады.

Күзетшілерді көрген жоқ іздеушілер кен-байыту фабрикасының ауласынан қашып шығады. Алайда самайлықтар УАЗ автокөлігімен олардың артынан қуып, Ақбақай кентіне дейін барады. Қашқандар Ақбақай кентіндегі тұрғын үйдің ауласындағы моншаға тығылады… Жараланған Күләшбековті Ақбақай кентінің ауруханасына кент тұрғынының “Ауди-100” автокөлігімен алып кеткен…”

Бұл оқиға облыс басшыларының назарына ілігіп, қазіргі кезде қатаң бақылауда тұр. Оқиға орын алған күні Жамбыл облысының әкімі Б.ЖЕКСЕНБИН, Облыс прокуроры Е.ДОСАНОВ, Облыстық ІІД-нің бастығы М.ЖАМАНБАЕВтың қатысуымен Ақбақай елді мекенінің тұрғындарымен кездесу өткізіліп, көрсетілген өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жұмыс жоспарлары талқыланып, тиісті шаралар белгіленді. Ашынған ақбақайлықтар осылайша өз талаптарын қойып, одан нәтиже шығатынынан үмітті…”,-деп қорытты Гүлжан КӨШЕРОВА.

ABAI.KZ. Сәкен СЫБАНБАЙ “Қазақстандық ұлт” болғым келеді” деген мақаласында өз пікірін білдіреді: “Тақырыпты оқыған адамның ашуланбасқа тағат таппасы анық. “Қазақтығынан безген безбүйрек пе, немене?” деп күңкілдеушілерден бастап “Іштен шыққан жау жаман” деп нигилистер қатарына қосып қоюшылардың да қарасы аз болмасын біліп отырмын. Айыптаулардың ең сыпайысы — “Жоғары жақтың ұлт ретінде жойылуға бастайтын ұсынысын жапа-тармағай қолдап, жарыса қуаттай жөнелетін жағымпаздардың бірі де” болар, сірә… Бірақ бірден жер-жебіріме жетпей, сәл сабыр сақтаңыз. Әуелі айтарымды айтып алайын. Сосын сойып жесеңіз де мақұл.

Мені толғандыратыны — “сол “қазақстандық ұлт” қай тілде сөйлейді?” деген мәселе.

Бірде таксиде келе жаттым. Радиодан кезекті еврей-араб қақтығысы туралы, сосын іле-шала орыс тілінің Латвияда баяғы әлуетінен айрылып, тек шет тілі боп қана қалғаны жайында ақпарат берілді. Сонда ұлты орыс таксист маған былай деді:

— Түсінбеймін, осы жұрт тілге бола неге жанжал шығарады? Кімнің қай тілде сөйлегенінде тұрған не бар? Ең бастысы — бәріміз де адамбыз, бір-бірімізді сыйласақ, құрметтесек, тату-тәтті өмір сүрсек, өзара түсініссек, сол жетпей ме? Шіркін, жер бетінде бір-ақ тіл қалып, бүкіл әлем халқы сол тілде түсініссе ғой! Қалай ойлайсыз?

— Мейлі, солай-ақ болсын, — дедім мен. — Бірақ сіз сол жалғыз тілдің қай тіл болғанын қалар едіңіз?

Ол:

— Маған бәрібір, — деді.

— Өзіңіз қанша тіл білесіз?

— Орыс тілінен басқа тіл білмеймін.

— Демек, сіз бүкіл әлем орыс тілінде ғана сөйлессе деп армандайсыз ғой сонда?

Ол үнсіз қалды. Мен бәрібір оның көкейінде осы ойдың ғана тұрғанын сездім.

— Жоқ, мен аздап қазақша үйреніп жүрмін, — деді сосын сапарласым сәл ыңғайсызданғандай болып. — Көптеген қазақ достарым да бар. Жалпы мен “қазақстандық ұлт” деген идеяны қолдаймын. Себебі, бәріміз де — мейлі, ол қазақ болсын, орыс, тіпті неміс болсын — қазақстандықпыз ғой! Қазақстан — ортақ Отанымыз.

— Сонда сол ұлт, “қазақстандық ұлт”, сіздіңше, қай тілде сөйлейтін болады?

— Әркім өзі қалаған тілінде сөйлей берсін!…

… …Енді, бағанағы ентігіңіз басылса, мақаламыздың тақырыбына қайта оралайық. Егер қазақ тілі әлгінде мен сипаттап өткен дәрежеге жетсе, яғни, тек қағаз жүзінде ғана емес, шын мәніндегі нағыз мемлекеттік тілге айналса, елдегі бүкіл халық қазақша сөйлейтін болса, мен “қазақстандық ұлт” болуға қарсы болмас едім. Нақтырақ айтқанда, жаппай қазақ тілінде сөйлейтін “қазақстандық” атануға әзірмін!.. Алайда, қазақтан “қазақстандық ұлт” жасуға бейім біздің биліктің көзқарасы менің бұл пікіріммен емес, бағанағы алматылық таксистің ойымен көбірек үндес-ау деп қорқамын…”.

MINBER.KZ. “Қара жорғаның” айбыны асты”. “Жақында Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Алтай аймағының Шіңгіл ауданында қазақтың халық биі “Қара жорғаны” бір жолда 10300 адам билеп, Гиннестер кітабына жазылды. Билеушілердің 70-80 пайызы қазақтар, қалғандары – моңғол, ұйғыр және дүңген ұлтының өкілдері болған.

?ара жорға” биі Қазақстанға тарай бастағалы көп уақыт болған жоқ. Айналасы 3-4 жыл болды. Ең алғаш Қазақстан жұртын көзайым қылған – Арыстан қажы ШӘДЕТ ҰЛЫ еді.

Арыстан аға Қазақстанға Германиядан 1995 жылы қоныс аударғанын айтады. Ал, “Қара жорғаны” ең алғаш ресми сахналарға 1999 жылы алып шыққан екен. Содан бергі он жыл ішінде ұлттық рухымызды еселейтін бұл биге билеушілердің саны жыл сайын артып келеді.

Арыстан Тосын “Қара жорғаны” өз әкесі Шәдеттен үйренгенін айтады.

— Сол кезде біздің үй Гансу өлкесінде отырушы еді. “Қара жорға”, “Майдажал”, “Телқоңыр” және “Аю биі” дегендерді үйретті. Солардан есімде қалғаны да, жаныма жақыны да осы – “Қаражорға”, — дейді Арекең.

Бүгінде Арыстан қажының қос бүлдіршіні Қажымұқан мен Айтжан бұл биді бірге билейді. Қажымұқанның арманы – болашақта қазақтың ұлттық ерекшелігін танытатын осы бір бимен халықаралық дәрежедегі сайыстар ашылып, қазақтың рухы паш етіліп жатса.

Ал, миллиард халқы бар Қытайда “Қара жорға” биі ондағы миллиондаған мектептердің дене шынықтыру биіне айналған екен”.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВтің төрағалығымен экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның (ЭЖМК) кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақтардың тікелей қосылуымен бейне — конференция түрінде өткен ЭЖМК отырысына мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР парламенті мәжілісінің депутаттары, \»Самұрық — Қазына\» ұлттық әл — ауқат қоры\» АҚ, ұлттық компаниялардың, даму институттарының басшылары, сондай — ақ, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес — қоғамдастық өкілдері қатысты.

Кеңеске қатысушылар Қазақстанның ағымдағы экономикалық дамуының көрсеткіштері мен экономиканың түрлі салаларында іскерлік белсенділікті ынталандыруға қатысты шараларды талқылады.

К.Мәсімов тиісті мемлекеттік органдар мен \»Самұрық — Қазына\» ҰӘҚ\» АҚ басшылығына бизнес өкілдерінің ұсыныстарын бір апта мерзім ішінде пысықтауды тапсырды.

Астанада 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы сыртқы саясат мекемелері арасындағы кезекті саяси консультациялар өтеді. Қазақстан жағын Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ, ал Үндістан делегациясын — Сыртқы істер министрінің орынбасары Нилакантан РАВИ басқарады. Бұл туралы бүгін журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Ержан АШЫҚБАЕВ құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Отырыс барысында тараптар саяси диалогты нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, халықаралық аренада ықпалдасу, сондай-ақ, ҚР президенті Н.НАЗАРБАЕВтың ағымдағы жылғы 23-26 қаңтарда өткен Делиге мемлекеттік сапары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланады. Күн тәртібіне екі ел арасындағы шартты-құқықтық негізді кеңейту мәселесі де енгізілді\»,- деді ресми өкіл.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...