«Беғазы-Дәндібай мәдениеті мұраларының қазбалары Еуропаға жетелейді». «Болашақ:» бәсіре кімге бұйырды?». «Ұлт көшбасшысы» туралы ұсынысқа қызығушылықпен қарадым»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Беғазы-Дәндібай мәдениеті мұраларының қазбалары Еуропаға жетелейді”. “Қазақстандағы ең маңызды тарихи ескерткіштердің бірі – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын зираттар реставрациялануда. Бір топ археолог-мамандар Беғазы тауларының етегінде қазақтың әйгілі ғалымы Әлкей МАРҒҰЛАНның аяқтай алмай кеткен жұмысын жалғастыруда. …

Беғазы-Дәндібай кешенінің әлемдік маңызға ие болу себептерінің бірі – ол орталық Азияда қола дәуірінде қоныстаған адамдардың өркениет деңгейіне жеткендігінің айғағы. Реставрациялау жұмыстары әлі де жалғасады. Келесі жылы алты ірі қорымның соңғысы көне кезеңдегі қалпына қайта келтірілуі тиіс…”. Авторы: Саят СЕРІК.

Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында өрт болып, бір адам қаза тапты”. “Атыраудағы мұнай өңдеу зауытында өрт бүгін күндізгі сағат 14.30-да басталған. Өрт жалыны өндірістік цехтардың бірінен шығып, біраз алаңды шарпып өткен…

Зауыттың шамамен 1000 шаршы метрін шарпыған өрт Астана уақыты бойынша сағат 15.51 ауыздықталды. 1945 жылы іске қосылған бұл зауыт авиациялық жанармай шығарумен айналысады”, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

DMK.KZ. “Болашақ:” бәсіре кімге бұйырды?”. “Ақордада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВтың төрағалығымен өткен кеңесте үш мәселе талқыланды. Олар, еліміздің азаматтығын алуға тілек білдірген 16 мың үміткердің құжаты болса, екіншісі – Шетелдерде кадр дайындау жөніндегі республикалық комиссияның қарауына ұсынылған “Болашақ” халықаралық стипендиясынан үміткер 300 талапкердің өтініші, үшіншісі – ғылым мен техника саласындағы еліміздің 2009 жылғы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі мәселе. “Болашақ” халықаралық стипендиясына 143 үміткер шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетімен түсу арқылы қатысса, 157 үміткер жалпы конкурспен өткен. Үміткерлердің жалпы санына шаққанда бакалавриатқа – 218, магистратураға – 352, докторантураға – 6, клиникалық ординатураға – 8, ғылыми тағылымдамаларға 3 адам өтініш беріпті. Бұлардың 168-і Ұлыбританияда, 40-ы АҚШ-та, 12-сі Ресейде, 11-і Чехияда білімін жетілдіруге тілек білдірген. Республикалық комиссия осы өтініштерді қарап, 254 талантты жасқа “Болашақ” халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім шығарды. Ғылым мен техника саласындағы 2009 жылғы Мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі мәселе сөз болғанда Қ.Саудабаев Мемлекет басшысының нұсқауы бойынша еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуын және Қазақ елін ғылым мен техниканың мекеніне айналуына үлес қосқан ғалымдарға берілетінін атап өтті. Осы ретте, Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған жұмыстарды мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама, талдамалық бағалау жұмыстарын жүргізіп қойғанын мәлім етті. Алдын ала іріктеу нәтижесінде ұсынылған 16 жұмыстан 3 жұмыс іріктеп алынады. Комиссия отырысында сарапшылардың қорытындысын және қоғамдық пікірлерді ескере отырып, жасырын дауыс беру арқылы 3 жұмыстың ішінен таңдаулысы Мемлекеттік сыйлықты беруге ҚР Президентінің қарауына ұсынылатын болды. Ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты беру туралы Мемлекет басшысының шешімі және лауреаттарға тапсыру – Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді”. Авторы: Н. ӘУБӘКІР.

EGEMEN.KZ. “Мемлекеттік тілдің бағы бала тіліне айналғанда ғана жанады”. “Кеше елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйытқы болуымен Қазақстан халқы тілдерінің ХІ фестивалі аясында тұңғыш “Тіл туралы” Заңның қабылданғанына және халықаралық “Қазақ тілі” қоғамына 20 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ұлттық-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, орталық және жергілікті атқару органдарының, сол секілді БАҚ өкілдері қатысты…

Қазақстан Жазушылар одағының төрғасы Нұрлан ОРАЗАЛИН қазақ тілінің тағдыры туралы мәселені қазақ әдебиеті алыптарының бірі Ғабит МҮСІРЕПОВтің кемелді делінетін Кеңес дәуірінде, яғни, 1984 жылы көтеріп, өзі баяндама жасағанын айтып, одан кейінгі кезеңдегі айтулы оқиғаларға тоқталып, тіл мәселесі осы 20 жыл ішінде толық шешілмегенін, егер шешілсе Мұхтар ШАХАНОВ шырылдамай, өлеңін жазып жүре беретінін жеткізіп, тіл үйренуді отбасынан бастайық, сонда ғана бүкіл қазақ топырағындағы жұрт қазақ тілінде сөйлейтін болады. Шыны керек, осындай тіл мәселесі өзбекте де, түрікте де, әзірбайжанда да жоқ деуге болады. Біз ұрпақ алдында да, тарих алдында да жауап беретін кез келді. Кейде осындай пікір білдіргендерді жау санайтынымыз жасырын емес, тіліміз үшін күймесек, біздің кім болғанымыз, деді…

…Сонымен, конференция аясында мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелері жөніндегі пікірлер тыңдалып, келелі мәселелер талқыланды. Тиісті тұжырымдар мен ұсынымдар қабылданды”, — деп қорытты Сүлеймен МӘМЕТ.

ALASHAINASY.KZ. “Жеке тұлға банкроттығы институтын енгізу халыққа тиімді ме?”. “Қаржы нарығының сарапшылары өтелмеген қарыздарды жойып, Қазақстан экономикасын жақсартуды ұсынады. Осы ретте олар дамыған елдерде кеңінен қолданысқа ие жеке тұлға банкроттығы институтын енгізу қажеттігін айтады. Бұл Қазақстан азаматтарына, қаржы құрылымдарына қаншалықты тиімді? Ол алаяқтарға тағы бір мүмкіндіктің жолын ашып бермей ме? Әлде шынымен де, аталған институтты енгізу арқылы борышкер мен қарыз берушінің қарым-қатынасын жақсартуға бола ма?”. Дайындаған Кәмшат САТИЕВА

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:

“– Жоқ.. Бұл – адамды құқықтық жағынан шектеп қана қоймай, оған моральдық тұрғыда үлкен зиян келтіретін масқара нәрсе. Мәселен, біз заңды тұлғаны банкрот деп жариялағанда мекеме қызметін тоқтатып, барлық мүлкін тәркілеп, оны борышкерлік міндеттемелерін жабуға саламыз. Сөйтіп, ол мекеменің іс жүзіндегі функциясын ауыздықтаймыз. Ал бұл шараны жеке тұлғаға қалай пайдалануға болады?…

Сара АЛПЫСБАЕВА, Макроэкономикалық зерттеулер институтының директоры:

“– Иә. Әлемдік қаржы дағдарысының үшінші толқыны тұтынушылар нарығында орын алады делініп жүр. Сондықтан осы дертпен күресте қолданатын шараның бірі тұтынушылар нарығындағы дағдарысқа бағытталуы тиіс. Жалпы, аталған нарықтағы сұраныстың төмендеуіне бірден-бір себеп – жұмыссыздық, жалақының қысқаруы және банктегі қарыздар. Міне, осы мәселелер бойынша Үкімет қазір шара қолдануы тиіс. Осының ішіндегі банктегі қарыздармен “күрестің” ең тиімді құралы мемлекет пен жеке тұлға банкроттығы институтын енгізу болып табылады. Оны мен қолдаймын. Ол жұмыс істемей жатқан несиелерді жойып, ақырындап банк секторын қарыздардан тазалайды. Қазір жалақы қысқарып, өз күнін әрең көріп отырған халықтың банктегі қарызды өздігінен төлеуге шамасы жоқ. Сондықтан банктегі міндеттемелері алдында борышкерді заңды түрде қорғауда бұл тиімді құрал бола алады деп білемін. Осы жағын Ресей тәжірибесінде пайдаланып, жеке тұлға банкроттығының тиімді жақтары көп екенін нақтылады.

Бірақ олар бұл институтты заңды түрде қолданысқа енгізді ме, енгізген жоқ па – оның турасын айта алмаймын…”.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК: Қаржы нарығы және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың тамыз айында екінші деңгейлі банктердің стандартты несие үлесі – 30,6 %, күмәндісі – 44,4 %, үміт артпайтыны 25,0 %-ды құраған екен. Бұл – БТА мен Альянс банкті қоспағандағы арасалмақ.

ТҰЖЫРЫМ: Жеке тұлға банкроттығы Батыс Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-та кеңінен қолданысқа ие…

ABAI.KZ. “\»Ұлт көшбасшысы\» туралы ұсынысқа қызығушылықпен қарадым”. “Қазақстанда өмірлік президенттік мәртебесін енгізу мәселесі төңірегінде қазір түрлі пікір, болжам, жормал көп. Біз осы тақырып бойынша Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет ЕРТІСБАЕВқа хабарласқанды жөн көрдік.

Өмірлік президенттік идеясының авторы кім?

— Сіз алдыңғы бір сұқбатыңызда Конституцияға “өмірлік президенттікке байланысты ешқандай түзетулер топшыланбағанын”, тіпті “осындай алып-қашпа әңгімелер үкіметке қарсы рөл ойнап жатқандығын” айтқан едіңіз. Бірақ көп ұзамай “Нұр Отан” партиясы төрағасының орынбасары Дархан Кәлетаев “Ұлт көшбасшысы туралы” заң жобасы даярланып, оған өмірлік президенттік жөнінде жазуға болатындығын мәлімдеген. Енді мұны қалай түсіндіресіз?

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВпен соңғы рет маусымның 26 күні кездестім. Сол кезде өмірлік президенттік туралы әңгіме мүлдем қозғалған емес. Мен — Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісімін. Президентті 1990 жылдың сәуір айынан бері жиырма жылдай білемін. Президент командасында айтарлықтай үлкен өмірлік, саяси мектептен өттім. Егер президент әкімшілігінен немесе мемлекет басшысынан осындай нақты бастама көтерілсе, мен одан хабардар болар едім…

-Онда бұл бастама тек “партиялық” идея болғаны ғой?

— 700 мыңдай мүшесі бар “Нұр Отан” партиясының Нұрсұлтан Назарбаевтың ел президенті ретінде билікте ұзақ уақыт қалуын қалайтындығы түсінікті. Дархан Кәлетаев тек өзінің ғана емес, партия функционерлерінің, облыстық партия филиал өкілдерінің пікірін жеткізіп отыр.

… — Жалпы өмірлік президенттік идеясын Қазақстанда шынымен жүзеге асыру мүмкін деп ойлайсыз ба?

— Өмірлік президенттік — сайлауды алып тастау дегенді білдіреді. Солай емес пе? Яғни, өмірлік президенттік болса, Назарбаев аман тұрған кезде, Алла оған қуат берсін, президент сайлаулары болмайды. Мен өмірлік президенттік енгізу механизмі қандай болатындығын білмеймін. Сондықтан бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Біз Конституцияға, “Бірінші президент туралы” заңға өзгерістер енгізуіміз керек қой. Мысалы, “Қазақстан Республикасының Бірінші президенті ендігәрі көзі тірісінде мемлекет басшысы болып қалады” деп жазамыз ба? Мұны қалай жасаймыз? Мен оны білмеймін! Осы тұрғыдан алғанда ең шешуші сөзді халық айтуы керек.

— Қалай? Халықтық референдум арқылы ма?

— Бәлкім, жалпыхалықтық референдум арқылы… Бірақ шынын айтқанда, меніңше, президент бұл қадамға бармайтын тәрізді. Мен президентті жақсы білемін. Оған бұл қажет емес. Менде сондай бір сезім бар….”. Сұхбаттасқан Айжан КӨШКЕНОВА (Мақала \»Айқын\» газетінде 23.09.09. жарық көрді).

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан үкіметі пайдалы қазба өндіру салығының ставкасын ұлғайтуға ниеттеніп отырған жоқ. Бұл туралы Қазақстанның экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ бүгін Қазақстанның энергетикалық апталығы шеңберіндегі дөңгелек үстел барысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Корпоративтік кіріс салығының ставкасы төмендеген сайын пайдалы қазба өндіру салығының ставкасы ұлғая түседі деп көзделген болатын, сөйтіп, үкімет әділетті қадам жасады: біз статус-кво сақтап қалдық, салық түсімдері мен жалпы бюджет кірісі біз үшін ешқашан артық болмайтынына қарамастан, пайдалы қазба өндіру салығының ставкасын ұлғайтқан жоқпыз\», — деді Т. Сүлейменов.

Бұның алдында Салық кодексін іске қосу жөніндегі заңмен Корпоративтік кіріс салығының ставкасын кезең-кезеңмен төмендету, және 2010 жылы ол ставканы 20%-дан 17,5% дейін төмендету көзделген болатын\», — деді ол.

Мемлекет әлеуметтік жеңілдіктерді сақтап қалу, зейнетақыны, жалақы мен кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерді өсіру жөніндегі үлкен ауыртпалықты өзіне жүктеп алғандықтан, және салық салу базасының азаюына байланысты, аталған міндеттемелердің барлығын қамтамасыз ету үшін біз парламентке Корпоративтік кіріс салығының ставкасының күшінде болу мерзімін 20% мөлшерінде келесі жылға дейін ұзартуды ұсынуға мәжбүр болып отырмыз\», — деді вице-министр.

Есеп комитетінің бағалауынша, мәслихаттардың тексеру комиссиялары мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын сақтамауда, деп хабарлайды Kazakhstan Today Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Есеп комитеті мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын сақтауды бақылаудың қорытындысы бойынша мәслихаттардың тексеру комиссияларында бақылау іс-шараларын жүргізу және жоспарлау мәселелерінің бір жүйеге келтірілмегенін анықтады.

Тексеру комиссиялары туралы ереженің бекітілмегені, есептілік құжаттарының бірыңғай нысандарының әзірленбегені анықталды. Тексеру комиссиялары сыртқы бақылау жүргізу бағдарламаларын жасамаған. Тексеру комиссияларының жұмыс жоспарлары мәслихаттардың сессияларында қаралмайды. Бақылау объектілеріне алдын ала зерделеу жүргізілмейді\»,- делінген хабарламада….

… Есеп комитеті республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк қаржы бақылауының жоғары органы болып табылады. Ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...