«Қазақ тіліндегі бұқаралық ақпараттың бүгінгі жағдайы». «Емхана таңдауға да ерікті боламыз немесе науқастың халін дәрігердің өзі сұрайтын кез келeді». «Алдағы жылдың бюджет шығындары биылғымен салыстырғанда тұп-тура 593 млрд. теңгеге артық болмақ..»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 25 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. Қанағат ЖҮКЕШ “Қазақ тіліндегі бұқаралық ақпараттың бүгінгі жағдайы” деген мақаласында өзіңің жеке көзқарасын білдіреді: “Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде мемлекеттік емес ақпарат құралдары, солардың арасында қазақ тілді БАҚ та көбейді. Әйткенмен, қазақ баспасөзі қоғамдағы құбылыстарға, билік пен халық арасындағы жаңа қарым-қатынастарға ескі көзқарастармен қараудан арылмай отыр…

Қазақша газеттер ауыл, тіл, мәдениет, ұлтаралық қатынастар, өткеннің жетістіктері тақырыптарына жиі оралып отырады. Бірақ, адамды амбиваленттік күйге түсіретін мұңды сарынға көбірек бой алдырады. Өзгелерді қайталаудан асып, тың идеялар көтеру аз. Кейбір басылымдар билікті сынауды меңгерді. Сонысымен бұқара алдында недәуір беделге ие болып, таралымын қанағаттанарлық мөлшерде сақтап отыр.

Иә, тәуелсіз газеттердің таралуына елеулі тосқауылдар болып отыратыны рас. Бірақ таралымның аздығын осы себеппен ғана түсіндіруге болмайды. Бұл жерде нені, қалай жазып жүрміз, халыққа не керек деген сұрақтардың басын ашып алу маңызды болып табылады.

Баспасөз халыққа арналады. Қазақ баспасөзі халық ұғымына ауыл тұрғындарын сыйғызады. Бұдан ауылдағы сауаты мен мәдениеті төмен бұқараның мүддесін көздеу алдыңғы лекке шығады. “Қазақты ауылға қайтарайық”, “мал басын арттырайық”, “ауылға апаратын жол салайық”, “ауыз су жеткізейік”,.. деген сияқты мәселелер қазақтілді газеттердің ұранына айналған…

Аграрлы қоғам адамының түсінігі шеңберіндегі талаптар индустриялы қоғам жағдайында орындалмақ емес. Сол себепті шу қатты болғанымен, байыз тауып жатқан ештеңе жоқ. Бастысы қазақтың санасында өрлеу жоқ. Осы уақытқа дейін қазақтілді бұқара саяси сауаты ашылмаған, құқықтық мәдениеті төмен, азаматтық білімі таяз, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды білмейтін, ұрса – қашатын, қырса – қырылатын, бұйығы, рухани әлжуаз күйде қалып отыр.

Совет билігі кезіндегі орыстық антиамериканизм мен антидемократизмнің отын лаулатудан әлі арылмаған, идеологиялық тұрғыдан теріс лағып жүрген материалдар толып жүр. Олар дерліктей бұқараны саясаттан, демек саяси білімнен де аулақтату үшін барын салады…

Қазақ баспасөзінде орын алып отырған тағы бір теріс бағыт – алдыңғы қатарлы демократиялы қоғамдарға, дамыған өркениеттерге қарсылық, бұқараны соларға өшіктіруге бейімдеу. “Батыс басқыншы”, “АҚШ – агрессор” деген сияқты өркениеттер арасындағы қақтығыстарды үстірт түсіндіру белең алған. Жаһандануға қарсылық идеологиялық бағытқа айналған.

Мысалы, “Жас қазақ” газетінің 2009 жылғы №7-санында Ө.Кенжебеков деген автор бірде Батыс елдерін, соның ішінде АҚШ-ты тілі жеткенше сыбапты. Автор “мұрнынан есекқұрты түсіп тұрған”, “догмалық ойды саналарына сіңірген”, “жарты әлемдегі жеңілістерінен сабақ алмаған склероз АҚШ”, “жалпақ әлем алдында қарабет болған АҚШ” деген сияқты базарда жүрген әйелдерінің ұрсысы стиліндегі “өткір тіркестерімен” Батысты айызы қанғанша түйреп, оқырманды одан жирендіруге тырысыпты..”. (Мақалада алматылық ғалым Қанағат Жүкештің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).

Жазушы әрі бұрынғы кеңесші Бектұрғановтың түрме жазасы бір жылдан төрт жылға еселеніп кетті”. “Алпамыс БЕКТҰРҒАНОВты бір жылға бас бостандығынан айырған сот үкімі күшінде қалды. Мұның сыртында оның жазасын түмеде өтеу мерзімі төрт жылға ұзартылды. Бұрынғы шенеуніктің адвокаттары істің саяси сипатына мән беріп отыр…”. Авторы: Артур НЫҒМЕТОВ.

ZANMEDIA.KZ. “Қазына көзі – салықтан”. “Қоғамда өмір сүретін тірі пенденің бәрі салық төлеуші болса керек. Бұрын-соңды адам баласының ішінде салық төлемеген бір пенде болса, ол тек Робинзон Крузо ғана шығар. Өз елімізде де солай. Бүгінгі таңда сіз де, ол да, біз де, бәріміз де салық төлеушіміз. Көше бойлаған қайыршы мен қаңғыбастар, маскүнемдер де салықтан құтылмасы анық. Өзі апарып табыс етпегенімен тұрмыстық алыс-берісте өз дәрменінше салық төлейді. Тіпті, оған көрсетілетін қызмет түрінде болсын, сатып алған бір шиша шарап пен бір тал шылымы арқылы да оған салықтың құрығы қайтсе де тиеді. Осыдан 200 жыл бұрын Америкада жылына 5 долларлық салық төлемеген адам сайлауға қатысу құқығынан айырылады екен. Ол тұста бұл дегеніңіз әжептәуір көп ақша саналған. Қазір тосындау естілгенімен түпкілікті мәні өте әділ шығарылған шешім. Расында қоғамдық ортақ қорға көк тиын қоспаған адам не бетімен әлеуметтік саяси іске араласып, кімге билік айтқандай…

Жалпы табиғи байлықтың молшылығы шетел инвестициясын тартуға мүмкіндік тудырмақ. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста АҚШ президенті РУЗВЕЛЬТ пен Ұлыбритания премьер-министрі ЧЕРЧИЛЛ екеуі Сауд Арабиясы патшасынан мұнай барлауға лицензия сұрайды. Патша олардан су тапшылығынан құтқаруды өтінеді. Осылайша, мүдделі топтар арасында келісім жасалып, Сауд Арабиясы жерінен мұнай алуға концессия жасалған. Одан ұтылмады. Бүгінде әлемдегі ең көп мұнай қоры осы елде әрі әлемдегі ең бай ел болып отыр. Кувейт те осы жолмен келеді. 1950 жылы аталмыш елде тұрғындар аштықтан өліп жатты, сауатсыз қараңғы жұрт еді, 1970 жылы шөл далада бір тал ағаш егудің құны Еуропада инженер оқытып даярлаумен тең болатын. Ал, қазір олар ұлт мамандарын қымбаттығына қарамай Гарвард университетінде оқытады. Әрине, бұл дүниеде ақшадан да маңызды құндылықтар көп. Алайда, соның өзін ақшамен сатып алуға тура келеді”. Авторы: Айша ҚҰРМАНҒАЛИ.

Емхана таңдауға да ерікті боламыз немесе науқастың халін дәрігердің өзі сұрайтын кез келeді”. “…Халықтардың денсаулығымен өлшенері хақ. Сол секілді бүгінгі өркениеттің көшін бастаған дамыған елдердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты фактор – осы ұлт саулығы.

Қазақстан соңғы кездері денсаулық сақтау саласына тың реформалар енгізіп, әлемдік талаптарға сай болуға талпынып-ақ жатыр. Ағымдағы жылдың 4 тамызында Қазақстан Үкіметі елдегі денсаулық сақтау саласын \»Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне\» көшіру жөнінде қаулы қабылдады…

Ал бұрынғы жүйеден жаңа жүйенің қандай өзгешелігі болуы мүмкін. Оның үстіне “ауру қалса да, әдет қалмайды”, медицина саласында жылдар бойы қалыптасқан жемқорлық пен селқостықты қалай “жоқ” етеміз. Біз білетін тегін емханалар ауруға ынтамен қарамай, әбден көңілімізді қалдырды. Сосын амалсыз ақылы емханаларға барып жан сақтайтын едік. Онда да олар ауруыңа ауру қосып, әйтеуір қалтаңды қаққысы келіп тұрғандай сезік тудыратын. Енді алдағы уақытта мемлекет денсаулық сақтау мекемелеріне бөлінетін қаражаттың бәрін бір жерге жинап, науқастар қай жерде көбірек емделсе, сол жерге ақша көбірек бөлінетін болды. Осы орайда қаражаттың бөлінуін қадағалайтын арнайы комитет жұмыс істейді. Оның өзінде науқастың емделуіне бөлінетін қаражатты түгелімен аудармай, алдымен тексеріп алады, егер науқас құлан-таза айықпаса, оны емдеуге бөлінген қаражаттың 70-80 пайызы ғана тиісті мекемеге аударылып, қалған 20-30 пайызы айыппұл қорына аударылып мемлекетке кері қайтарылады. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің емі тегін жүргізілетін болғандықтан, алдын ала барлық жекеменшік медициналық орталықтар мен емханалар аккредитациядан өтіп, сол медициналық орындардың аттары жарияланады. Олай болса, медициналық сапаны көтеруге арналған бұл жүйе келешекте өз жемісін береді деген үмітімізді үкілеп, әліптің артын бағайық, ағайын!”. Авторы: Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ.

TURKYSTAN.KZ. “Абырой”. “Алдағы жылдың бюджет шығындары биылғымен салыстырғанда тұп-тура 593 млрд. теңгеге артық болмақ. Неге? Бұл — Президенттiң Үкiметке берген тапсырмаларын орындауға жоспарланған шығындар. Қазiр Парламентте 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасын депутаттарға ұсынған Үкiмет мүшелерi шығындардың артуын осылай деп түсiндiрдi. Сонда 593 млрд. теңге қайда жұмсалмақ? Тұрғындардың әл-ауқатын көтеру және жұмыссыздықты азайту шараларына қатысты үкiметтiк бағдарламалар осы ақшаға жүзеге асырылады. Сондай-ақ, шағын және орта кәсiпкерлiкке, ауыл шаруашылығына қолдау көрсету де көзделген. Бұл — ресми жауап…

… Халықтың қолайына жаққан бiр бағдарлама — “Жүз мектеп, жүз аурухана” едi. Оны да Елбасының тапсырмасы деймiз. Дұрыс-ақ. Ал осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында жемқорлардың былық-шылықтары қоса ашылып, елдi жирендiрiп жатқанын неге жасырамыз? Ұрпақтың бiлiмi мен саулығынан ұрлаған шенеунiктерде иман бар ма?

Бiр ғажабы, өзi бастап берген бағдарламаның ойдағыдай жүзеге асырылуын да Елбасы өзi қадағалау керек сияқты. Бұл да Кәрiм МӘСIМОВтiң жақсы көретiн сөз тiркесi. Үкiмет мүшелерiнiң төрт көзi түгел отырғанда, әлсiн-әлсiн. “Бұл мәселе Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың тiкелей қадағалауында” деп ескертiп қояды. Шектен шыққан тентектердi “Директордың алдына апарамын” деп қорқытқан беделсiз мұғалiмнiң кейпi құдды. Егер “Жүз мектеп, жүз аурухана” толықтай жүзеге асып, ел игiлiгiне жарап жатса, абырой — Елбасына. Ал керiсiнше болса ше?..

Экономикалық дағдарыс салдарларын азайту үшiн Үкiмет қолға алған “Жол картасы” бағдарламасы да — “Президент тапсырмасы”. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында даңғаза мен ұраншылдық оның тиiмдiлiгiне селкеу түсiргендей.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара ӘБДIҚАЛЫҚОВАның осы аптада “Жол картасы” бойынша жұмыс орындарының шамадан көп ашылғанын хабарлады. Министрдiң айтуынша, 2816 жоба бойынша жұмыс тәмамдалып қалған. Бұл жобалар аясында елде 258 мың жұмыс орны ашылған. Барлығы 240 мың адам жұмыспен қамтылған екен. Бiрақ ашылған жұмыс орындарының бәрi бiрдей сұранысқа ие емес. Мұндай хабарды естiп отырып, “Елде жұмыссыздар қалмады ма?” деп ойлауға да болар едi. Бiрақ жұмыссыздық деңгейi түскенiмен, нәпақа iздеп сабылған жұмыссыздар саны азайған емес. Себебi “Жол картасы” аясында ашылған жұмыс орындарында орта есеппен алғанда 29,3 мың теңгедей еңбекақы ұсынады екен. Ең көп жалақы Алматы қаласы бойынша тағайындалған, оның өзi 40 мың теңгеге жетер-жетпес шамада. Бұл ақша бала-шағаның жыртығын жамауға жете ме, жоқ па?

“Елбасы тапсырмасы” деп сiлтегенде, Үкiмет мүшелерi — басшысы бар, қосшысы бар — түгелiмен ел алдындағы жауапкершiлiктен қашатындай болып көрiнедi. Сөздiң де салмағы бар. Кейде абыройсыздыққа итерер зiлi бар…”, — деп тұжырымдайды Гүлбиғаш ОМАРОВА.

Елбасының кiтабын таныстырды”. “әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң қабырғасында Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлының орыс тiлiнде шыққан “Ғаламдық қауымдастықта радикалды жаңару мен өркениеттер серiктестiгiнiң стратегиясы” (“Стратегия радикального обновления глобального сообщества и партнерство цивилизаций”) кiтабын көпшiлiк назарына ұсынды. …Кiтаптың тұсау кесер рәсiмiне арнайы келген Ресей Жаратылыстану ғылым академиясының директоры Олег КУЗНЕЦОВ және ЕурАзЭҚ интеграциялық мәселелердi стратегиялық зерттеу институтының директоры Анатолий СПИЦИН келдi. Аталған кiтап көршiлес ел ғалымдары арасында қызу талқыға түсiп, түрлi пiкiрлерiн университеттiң оқытушы-ұстаздар қауымымен бөлiст.i”, — деп белгіледі Гүлназ ҚҰЛМАХАНОВА.

EGEMEN.KZ. “Отандық саясаттану ғылымы неге кенжелеп отыр?”. “Саясаттанушы – ол кім? Қоғам олардың дауысын ести ме, естімей ме? Отандық саясаттанушылардың қазіргі деңгейі, қоғамдағы орны қандай? Бұл ғылымның негізі, болашағы бар ма? Еліміздің мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымын сараптамалық-талдамалық қызметпен қамтамасыз етудің тетігін қалай жетілдіруге болады? Алматыда саясаттанушылардың басын қосқан Қазақстан саясаттанушыларының ІІ конгресі осындай өзекті тақырыптарға арналды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, “Альтернатива” өзекті зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен ашық әңгіме жағдайында өткен алқалы жиын сегіз жылда жиналып, қордаланып қалған біраз мәселелердің шешімін табуға ұйытқы болды.

… – Саясаттану ғылымының қазақ тілінде дамуы, өз алдына күрделі мәселе, – деді конгресте баяндама жасаған “Нұр Отан” ХДП хатшысы, белгілі саясаттанушы Ерлан ҚАРИН. – Өйткені, саясаттану ғылымы елімізде орыс тілінде ғана дамып жатыр. Бір ғана мысал, 2003-2008 жылдар аралығында саясаттану ғылымдары бойынша қорғалған 170 кандидаттық, докторлық, PhD диссертациялар авторларының 41-і шенеунік, 100-і оқытушылар, 12-і ғана ғылыми қызметкерлер екен. Тағы бір өкініштісі, сол 170 ғылыми еңбектің небәрі 36-ы қазақ тілінде. Ал 3 ұлттық, 2 мемлекеттік, 8 жеке меншік жоо-дағы мемлекеттік грантты қарасаңыз, қазақ бөлімдеріне бөлінетін гранттың көлемі орыс бөлімдерінен жоғары. Яғни, біздер қазақ тілінде мамандарды көп дайындаймыз, ал бірақ қорғалып жатқандардың ішінде үштен бір бөлігі ғана қазақ тілінде. Содан да шығар, қолданбалы, әсіресе, академиялық ғылым қазақ тілінде дамымай, өзімізге өзіміз шектеу қоюдамыз.

…Сондай-ақ жиында саясаттанушылар саяси оқиғаларға әділ баға беру үшін ресми құжаттарға сілтеме жасауда оларды қолға түсіру күрделі шаруаның бірі болып отырғанын жеткізді. “Альтернатива” ӨЗО қолдаушылар кеңесінің төрағасы, конгрестің модераторы Н.ЕРІМБЕТОВ қазақ тіліне қатысты айтылған сынға өз тарапынан: “Жоо-ның түлектері көбіне қазақ тілінде диплом қорғауда, оның үстіне қазір ғылыми зерттеулер де көбіне ана тілімізде жасалып жатқаны қуантады. Орта есеппен алғанда бүгінгі саясаттанушылардың жасы – 35-50-дің арасында. Енді олар қай тілде сөйлесе, сол тілмен кетеді…”. Автор: Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.

ABAI.KZ. Ақберен ЕЛГЕЗЕК “Ұлтсызданған саясаттанудың ұраны” атты мақаласында өз пікірін білдіреді: “Белгілі саясаттанушы Айдос САРЫМның есебіне сүйенсек, еліміздегі қазақтілді саясаттанушылардың саны Қазақстанда 15 адамға жетіпті. Шүкір деуге келмейтін көрсеткіш. Бұл деген бір миллион қазаққа 1 саясаттанушыдан деген сөз. Бір саясаттанушы бір миллион қазақтың саяси санасын қалыптастыруға қызмет етіп, болмаса сол азаматтардың саяси сұраныстарын, рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға шамасы жете ме? Немесе 15 қазақтілді саясаттанушы қазақ қоғамындағы саяси ой-пікірлердің сан-алуандығын қамтамасыз ете ала ма? Осы сұрақтарға ойлы оқырманның беретін жауабы белгілі.

Үстіміздегі жылдың 23 қыркүйегінде өткен Қазақстан саясаттанушылар конгресінде осы мәселеге қатысты арнайы секция да ұйымдастырылыпты. Секция жетекшісі — жоғарыдағы статистиканы беріп отырған Айдос Сарым мырза. Модератор секцияға қатысушылардың ортасына оншақты сауал тастады. Бірақ, сауалдардың көбінің жауапсыз, талқылаусыз қалғаны — қазақи саясаттану саласының сын көтермей тұрғанын көрсетіп берді. Қазақ тілді саясаттанушы атанып жүргендердің басым көпшілігі осы салаға маман дайындау мен тізімдегі сұрақтарға қатысы жоқ дүниелерді айтудан арыға бара алмады. Содан кейін олар қазақ тілді саясаттанушыларды өзге тілде жазып, сөйлеп жүрген мамандармен салыстырумен болды…

Пленарлық мәжілісте, сөз беруді талап еткен Әзімбай ҒАЛИ әдеттегідей өткір пікір білдірді. Ғали мырзаның пікіріне сайсақ, қазақ тілін білмейтін саясаттанушылар қазақ қоғамын қалай зерттейді, олардың Қазақстан қоғамының дамуы мен елдің ішкі саяси жағдайына қатысты ой айтуға құқығы бар ма? Қойылған сұрақтарға, әрине, ешкім тұжырымды жауап берген жоқ…

Бізде геосаяси мәселелерді сараптап, ұлтына ұсынып жүрген саясаттанушылар некен-саяқ. Ал, бұл саясаттанудағы стратегиялық маңызы бар бағыт. Әлемдегі үдерістерді салқын мидың сарабынан өткізіп, қазаққа қатысты тұстарды қалт жібермей отыру — қазақи геосаясаттанудың негізгі міндеті. Сыртқы саясатқа қатысты ұсыныстар әзірлеу арқылы, онсыз да кетіп жатқан қазақтың ұпайын түгендеп отыру — осы салаға ғұмырын арнауға белсеніп жүрген жас саясаттанушылардың негізгі ұстанымы болуы қажет.

Шай үстіндегі әңгімелерде жас саясаттанушылардың бірқатары біздің пікірлерімізді жарыққа шығармайды деп қынжылды. Ақсақализмнің салдарына жаптық оны да…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Көксарай су реттегішінің алғашқы кезегін 2010 жылдың 1-қаңтарына дейін аяқтап, 1 текше шақырымға дейін тасқын суын қабылдауды тапсырды. Ол осындай тапсырманы 23 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс бабындағы сапары аясында қөұрылыс нысандарын аралаған кезде берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

ТЖМ Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, \»Н. Назарбаев Көксарай су реттегішінің алғашқы кезегін 2010 жылдың 1-қаңтарына дейін аяқтап, 1 текше шақырымға дейін тасқын суын қабылдауды тапсырды\». \»Осыған байланысты құрылыс жұмыстарын мердігерлік ұйымдар кестеге сәйкес күшейтілген жұмыс режимімен атқаруда\».

Сондай-ақ, ТЖМ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 23 қыркүйекте мемлекет басшысының басқаруымен \»Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдария өзенінде тасқынға қарсы Көксарай су реттегішінің құрылысын салу\» атты инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы жайлы кеңес өтті.

ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКО өз баяндамасында: \»қазір нысанда 63 арнаулы маманданған ұйымның күші шоғырланған. Жұмысшылар саны 2450 адамды құрап отыр, соның ішінде жергілікті тұрғындардан 1935 адам тартылған, 1145 дана арнаулы және 131 қосалқы техника мен жабдық пайдаланылуда\»,- деді.

Қазір басты және түйіндес су босату құрылғысы, бөгеннің өзі мен әкетуші каналдағы көпірдің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

\»Ағымдағы жылдың 17 қыркүйегіндегі ахуалға сәйкес, атқарылған жер қазу жұмыстарының көлемі 32,605 млн текше метрді (80%), монолитті-темірбетонмен жасалатын жұмыстардың көлемі — 93,5 мың текше метрді (82%), тұрғызылған болат шпунтты және темірбетон свайлар — 1553 дананы (100%) құрады\», -делінген хабарламада.

В. Божко президентті Көксарай су реттегішінің алғашқы кезегі белгіленген мерзімде — 2010 жылдың 1-қаңтарына дейін аяқталады деп сендірді.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Көксарай су реттегішінің су қабылдау, оны реттеу мүмкіндігі 1 млрд текше метрге жеткізілмек. Көксарай су тоспасының жалпы көлемі 466 млрд шаршы метр болмақ. Аталмыш жобаның жалпы құны 52,2 млрд теңгені құрайды. Нысан су тасқынынан жыл сайын зардап шегіп, бірнеше жүздеген миллиард теңгені құрдымға жіберуге мәжбүр еткен Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің жылдар бойы қордаланған проблемаларын түпкілікті шешетін болады. Жобаның арқасында Қазақстан көрші республикаларға су тәуелділігінен арылады.

Қазақстан әлемдік ядролық рынокта шешуші ойыншыға айналмақ ниетте. Бұл туралы бүгін IV Еуразиялық энергетикалық форумда ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат МЫҢБАЕВ мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

\»Ауқымды табиғи уран қорына, ядролық отын компонентін өндіретін өндіріске ие ел ретінде Қазақстан әлемдік ядролық рынокта шешуші ойыншыға айнала алады\», — деді С. Мыңбаев.

Оның атап көрсетуінше, \»Қазақстан 2020 жылы әлемдік конверсиялық қуаттылықтың 16%-ын иемденбек ниетте\». \»Ал байытуда Қазақстанның үлесі 7% құрай алады, отын таблеткаларын өндіруде де Қазақстанның үлесі артарлықтай өсіп, 13%-ға жетеді және бұған дейін жылу бөлетін элементтер мен жинақтарды жасауға атсалыспаған бола тұра, 2020 жылы Қазақстан әлемдік рыноктың 14%-ын иемдене алады\», — деді ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі.

Біз сонымен бірге 2020 жылға дейін Қазақстан аумағында кем дегенде бір Атом электр станциясын салуды жоспарлап отырмыз\», — деді министр.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...