\»Комета S\» баспасы мүлкінен айрылды, «Республика» қолмен түптеліп таратылды». «Ақшаларының құнсызданғанын америкалықтар да мойындайды». «Ғани Қасымов: Жемқорлықтың көкесі бізге оффшорлардан келіп жатыр»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 28 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. \»Комета S\» баспасы мүлкінен айрылды, “Республика” қолмен түптеліп таратылды”.Қаржы полициясы қыркүйектің 24-і күні түнде Алматыдағы \»Комета S\» баспасының барлық мүлкін тәркілеп, оның қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл баспада “Голос Республики” газетінің жұма күнгі саны мен ресми тіркеуде жоқ “Алға” партиясының бюллетендері басылуы тиіс болған… Баспа директоры Юлия КОЗЛОВАның айтуынша, бейсенбі күні кешке Қаржы полициясының ондаған қызметкері мекеме ғимаратына кіріп, рұқсат қағаздарын көрсетпестен, барлық өнімдерді, есеп-қисап қағаздарын, баспаның құжаттарына дейін алып кеткен…

Бұдан бұрын, 18 қыркүйек күні Алматыдағы “Время-принт” баспасында “Республика — деловое обозрение” газетінің сол күнгі саны тәркіленіп, ал \»Комета S\» баспасында тексеру жүргізілген болатын…”. Авторы: Талғат ДҮЙСЕНБЕК.

Қазақ мұнайынан дәмелі әлемдік ірі магнаттар елдің ішкі саясатына сақтықпен қарайды”. “Қазақстан президентінің күйеу баласы, “Kazenergy” қауымдастығының төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ ірі мұнай магнаттарын Астанаға жинады. Германияның экс-канцлері Герхард ШРЕДЕР сарапшылармен кездесуге келсе, мұнайшылар кеңесінің президенті Рандал ГОССЕНнің әйелі Астананы ұнатып қалыпты…

Мұнай магнаттарының басын Астанада қосқан “Kazenergy” қауымдастығының төрағасы, президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев болса, энергетика саласындағы қарым-қатынаста Қазақстанның басты әріптесі Ресей екенін айтады…

Атом энергиясы мұнай көзінен алынатын энергияға қарағанда өте таза. Ал оның қауіпсіздігі екінші мәселе. Оған энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат МЫҢБАЕВ бас қатыруы керек, — дейді министр Нұрғали ӘШІМОВ. Ал Астанаға жиналған халықаралық энергетика эксперттері келесі жылдан бастап, әлем дағдарыстан шыға бастайды деген жақсы болжамдарын айтып тарқасты”. Авторы: Жұлдыз ТӨЛЕУ.

ANATILI.KZ. “Менің орысшамнан қазақшам жақсы”. “Оксана ПЕТЕРС, “НҰР ОТАН” ХДП-ның баспасөз хатшысы:

– Оксана өзге ұлттың өкілі бола тұра қазақша еркін сөйлейсіз. Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?

– Менің өмірімде қазақ тілінің алар орны ерекше. Өйткені қазақ халқының ортасында өсіп, қазақ мектебін бітірдім. Жоғарғы оқу орнында қазақ бөлімінде оқыдым. Алғашқы жұмыс жолымды да қазақ редакциясынан бастадым. Өткенге көз жүгіртетін болсам, мемлекеттік тілді маған қазақ халқы мен мұғалімдерім үйретті. Өз басым әлі күнге дейін 6 сыныпта қазақ сыныбына көшкеніме қуанамын. Алғашқы кезде өте қиын болды. Диктант жазу кезінде әбден сасатын едім. Қазір сол қылықтарым өзіме күлкілі көрінеді. Қанша дұрыс жазуға тырысқаныммен екі бет парақшам қып-қызыл болып шығатын. Мұғалімдер баға қоюға ұялатын еді. Бірақ мен алған бетімнен қайтпай тілді үйренсем деген мақсатыма жетуге әрекеттендім. Кейіннен мұғалімдерімнің және талабым мен ынтамның арқасында ойлаған ойымның үдесінен шықтым. Оған қоса, көршілерім, достарымның да септігі мол болды. Менің мемлекеттік тілде еркін көсілуіме Шолаққорғандағы Ыбырай Алтынсарин мектебінің ұстаздары көп еңбек сіңірді. Сол үшін алғысым шексіз.

– Мемлекеттік тілде сөйлегеніңіз үшін сізге құрмет көрсете ме?

– Мемлекеттік тілді білгенім үшін құрмет тілеп жүрген жоқпын. Тілді ғана білу аздық етеді. Біз жалпы алғанда кез-келген адамды оның көптеген жақсы қасиеттері үшін бағалаймыз, сондықтан сырт көз сыншы. Құрметтен бұрын, ертеңгі күнді, болашағыңды ойлау орынды секілді. Болашақта мемлекеттік тілді білмесең мемлекеттік қызметке орналаса алмайсың. Іс жүргізу толықтай қазақ тіліне көшкен кезде, жұмысыңды атқара алмай қаласың. Соны қазіргі жастар естен шығармауы тиіс. Ал енді, өзіне тиісті жұмысты адал, кәсіби, тиімді атқаратын адамды неге құрметтемеске…

– Бір басылымға берген сұхбатыңызда АБАЙдың өлеңдерін жақсы көремін депсіз…

– Иә, әсіресе Абай әндерін айтқанды жақсы көремін. “Желсіз түнде жарық ай” керемет емес пе?

– Отбасыңызда қай тілде сөйлесесіз?

– Үйде екі тілде сөйлесеміз. Үйдегілердің өзі менің қазақша сөйлегенімді ұнатады. Шынымды айтсам, орысшамнан қазақшам жақсы. Өзге ұлтты достарымды, туған-туыстарымды мемлекеттік тілді оқып үйренуге шақырамын. Көпшілік оған уақыт жоқ, курстарға бару керек, тағы басқа деп сылтауратады. Керісінше олар күніне ең болмаса бес сөзден жаттап алсыншы, сонда бір айда, одан кейін бір жылда болатын нәтижені байқайды. Егер қиын болып жатса, екі сөзден жаттасын, оның мағынасын біліп алсын. Кез келген тілді меңгеруге болады. Жүрген жерде ең бірінші қазақша сөйлеуге тырысу қажет…”. Авторы: Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ.

Ахмет Байтұрсынұлы: Асыл тіл… қазақта боларға тиісті”. “Бұл күндері адамдардың сөйлесетін тілдерінің түбі мұнарланған сағымдай алысқа барып жоғалады. Қанша қадалып қарасақ та, көзіміз оған жетпейді. Қай тілдің де болса қайдан шығып, қалай ғұмыр шеккенін ешкім анық білмейді. Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның жолы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзын ғұмырының ішінде түрлі нәрселер себеп болып, өзгерілмеген тіл жоқ: я азып өзгерілген, я асып өзгерілген, ел бұтақтап ескен сайын, тіл де бұтақтаған. Біздің түрік тілі әуелде бір тіл болып, сонан соң ел бұтақтап, өскенде, тіл де бұтақтаған. Түбірі бір болса да, түрі басқаланып түрік тілінің арасына тарау-тарау жік түскен. Сондықтан бұл күнде неше бұтақ түрік тұқымынан ел болса, сонша тарау тілінде басқалық бар. Тілдің басқалануына себеп болған — әр түрлі бөтен жұрттармен сыбайлас болып араласқандықтан. Түріктің балалары өсіп, алды-алдына тарап әр түрлі халықпен сыбайлас болған, араласқан түрлі жұрттың түрлі тілінің түрік тіліне жат сөздер, жат дыбыстар кірісіп, тіл арасының бірте-бірте жігі ұлғайған, мақсұт — сол жікті бітеп жалғау болса, оған түзуді қисық деп, дұрысты қате деп қыңыр жолмен кірмей, тура жолмен келу керек. Шөнки дұрыс пен қатені, қисық пен түзуді айыруға жаратқан көкіректе көз бар. Қате қайда, дұрыс қайда — қаралық. Дұрыс емле менен қате емлені айыруға менің ойымша бұлай қарау керек шығар дейім: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ, емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле — жазу үшін шығарған нәрсе, жазу — тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек. Тілдің табиғатына қарамай зорлап, емлеге таңып байласақ, қытай қатындарының аяғы болып шығады. Түрік тілінің бәріне хомуми емле болу керек десек, түріктің қай баласында азбаған тұнық тіл, түзу емле болса, соны аларға керек. Асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті. Неге десек: ата кәсібін тастамай істеп келе жатқан — қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген — қазақ. Жат жазудың ыңғайына қарап, басқалардан тілін бұзуға, арасына жазу жайылмаған түрік баласы — қазақ.

…Сырттан бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алған — қазақ. Жат жұрттың шалығы тимесе, жазу шалығы тимесе, кәсібі, ғұрпы өзгерілмесе, жалғыз тіл өзгерілді деп айтуға тіпті жол жоқ. Қазақтың тілі өзгерген тіл деп айтуға жол жоқ болса, емлесін де қисық деп айтуға жол жоқ: қазақта тілінің табиғатына хилаф келетін емле жоқ. Еділден бастап Ертіске дейін, Оралдан бастап Ауғанға шейін қазақта тіл де бір, емле де бір. Қойшы, түйеші, биеші емлесі деген қазақта жоқ нәрсе. Тоқсандағы шалының, тоғыздағы баласының – бәрінің емлесі біреу-ақ…

…Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. 20-сыншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас”.

TURKYSTAN.KZ. “Құрметбек Сансызбайұлы: сыбайлас жемқорлықпен күресемiз десек, әуелi заңды өзгерту қажет”. “1991 жылдан берi тарихи Отанына оралған бiр миллионнан астам қандастарымыздың арасынан мемлекеттiк қызметте, соның iшiнен басқарушы лауазымда өз дарын-бiлiктерiмен арнайы тест, конкурс тексерулерден өтiп қызмет атқарып жүрген саусақпен санарлықтай бiлiктi мамандарымыздың бiрi — бүгiндерi Алматы облысы бойынша көшi-қон департаментiнiң орынбасары Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫмен арадағы әңгiмемiзге Алматы облысындағы көшi-қон проблемалары арқау болды. Назарларыңызға осы сұхбатты ұсынамыз”. Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

— Құрметбек Сансызбайұлы, соңғы кезде 2009 жылға 20 мың отбасына бөлiнген көшiп-келу квотасы Республика көлемiнде орындалмай қалуы мүмкiн деген болжам көп айтыла бастады. Бұған нендей себептер әсер етiп отыр? Жалпы көшiп келу квотасы кiмдерге, қалай берiледi? Алматы облысы бойынша жоспарларыңыз қалай орындалуда?

— Жыл соңына дейiн Республика көлемiнде 7 мыңдай, Алматы облысы бойынша 1800 отбасына көшiп келу квотасы берiледi деп жоспарлануда. Демек биылғы “Нұрлы — көш” бағдарламасы бойынша салынып жатқан, Ақмола облысының Көкшетау қаласының жанындағы Қызылжар ауылындағы 270 үй мен Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында күрделi жөндеуден өткен 200 үйдiң бос қалу қаупi туындап тұр…

Көшi-қонға байланысты сыбайлас жемқорлық төңiрегiнде сын пiкiрлер БАҚ-та да жиi-жиi жарияланып жатады. Осы жайында маман ретiнде не айтар едiңiз? Оралмандармен жұмыс жасайтын барлық мемлекеттiк мекемелер атына айтылатын осы бiр келеңсiз жағдайды тоқтататын қандай жолы бар деп ойлайсыз?

— Иә, зиялымыз деп көшiп келiп, басқа ағайындарына, елiмiздiң қазынасына зиянын тигiзiп кеткендер аз емес. …Алыс-жақын шетелде тұратын 5 миллионннан астам қандастарымыздың 1 миллионға жуығы атамекенiне оралған болса сол ағайындарының отанында қандай кәсiпке ие болғанын, квотаға қалай қол жеткiзiп жатқандарын, қай облыс қалай қабылдайтынын жаңағы сырттағы келмеген 4 миллион қандастарымыз бiзден де жақсы бiлетiн көрiнедi…

— Келесi жылдан Республика көлемiнде жаппай iске асатын “Нұрлы-көш” бағдарламасы бойынша сiз айтқан келеңсiз жағдайлардын барлығына тосқауыл қойылатынының бұл да бiр куәсi емес пе! Осы орайда сiздердiң газеттерiңiз арқылы “Нұрлы-көш” бағдарламасының нұрлы болуы үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiне маман ретiнде төменгi ұсыныстарды айтқым келедi. Бiрiншiден: “Нұрлы-көш” бағдарламасы бойынша жазылып жатқан “Халықтың көшi-қоны” туралы жаңа заң жобасы БАҚ-ы арқылы барлық заң орындарының халықтың, қоғамдық ұйымдардың назарына ұсынылып нақты баптары бойынша көптiң ұсыныс пiкiрлерi ескерiлiп, өңделiп барып бекiтiлуге мүмкiндiк берiлсе.Екiншiден: Алыс жақын шет елден келiп жатқан қандастарымыздың отбасының әрбiр мүшесiнiң саусақ iздерi елiмiздiң шекарасына алғаш кiрген сәтiнде қалып отырса. Елiне келген ағайын ертеңгi күнi қандайда бiр iс әрекетке бармас бұрын өз жауапкершiлiгiн ойлар едi.

Үшiншiден: Отанына келiп 5 күннiң iшiнде Көшi-қон полициясына уақытша тiркелгеннен бұрын сол мекемеден алған денсаулық кiтапшаларына дәрiгерлiк бақылаудан отбасының әрбiр мүшелерiнiң өткендiктерi туралы Анықтамалары болса. Бұл оралмандардың да, мемлекетiмiздiң де мүддесi үшiн өте қажеттi деп бiлемiн. Қандайда бiр алып қашпа сөздерге, адам санының жалған қосылмауына да тосқауыл болар ма екен деп едiм.

Төртiншi: Биылғы 2009 жылғы көшiп келу квотасын 100 пайызға орындау үшiн Үкiметтен соңғы үш жылда Қазақстан Республикасының азаматтығын алған оралмандарға квота берiлсiн деген шешiм қабылданса. Өйкенi қазiргi қолданыста көшi-қон заңында оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алған соң да 3 жылға дейiн жеңiлдiктер иеленуге құқылы делiнген. Ал келесi бабында Республикасының азаматы болып табылатын оралман отбасының мүшесi көшiп келу квотасына еңгiзiлмейдi делiнген. Айтайын дегенiм, Отанына келiп өз ерiктерiмен жедел Қазақстан Республикасының азаматын алуға құжат тапсырып тұрақты тiркелiп осында тұрып жатқан ағайындарымыздың не кiнәсi бар? Шындығында қатарымызды көбейтуге өз елiне, өз үлестерiн қосуға асыққан ағайындарға алдымен квота беру қажет едi. Әлi де кеш қалмай азаматтығы шығып кеткен соңғы 3 жылдағы ағайындарға бiр рет жеңiлдiк жасаудың заңға қайшылығы болса да, Үкiмет қамқорлық жасап жатса игi iс болар едi. Соңғы ұсынысым оралмандармен жұмыс жасайтын органдармен басын бiрiктiрiп бiр құзырлы мемлекеттiк мекеме құрудың да кезi “Нұрлы-көштiң” алдында сұранып тұрғандай…

— Оралман деген атаудың өзгеруiне қалай қарайсыз?

— Мәселе атауында емес. Осы баламаның өмiрге келiп қоғамда қалыптасуында болып тұр ма деймiн. Рас, оралмандарды құшақ жая қарсы алып, оң қабақ танытатын жанашыр қауым аз емес. Олар ағайындарымыз, қандас бауырларымыз деп жатады. Ал, екiншi жағы керiсiнше, ой туғызады… “Нұрлы-көш” бағдарламасына этникалық көшiп келушiлер деген ұғым көптеп айтылғанын ескерсек “Этникалық Отандастар” деп атай салса келiп-кетер ештене бола қоймасы анық. Әйтеуiр бiр жаңа серпiлiс көш байсалдылығына себеп болары нақ…

— Әңгiме соңында жалпы оралман ағайындарға не айтар едiңiз…

— Байлықтың басы — бас амандығы. “Дәулетте жақсы, бiрақ әулеттiң бақыты бәрiнен қымбат” дегендей өз отбастарыңыздың тағдырын қолданыстағы заң талаптарына сай шешу үшiн ар-ождандықпен атсалысыңыздар, – дегiм келедi…”.

Doing business 2010”: Қазақстанға — 63-орын”. “181 елдiң iшiнен 63-орынды қанағат тұтқан Қазақстанда кәсiпкерлiкпен айналысу қаншалықты қолайлы? Елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiктiң қордаланып қалған қиындықтары қашан түбегейлi шешiлмек? Бизнес саласын тексеруге құқылы 60-қа жуық органның бизнеске тигiзер пайдасынан гөрi зияны көп. Оларды қысқартуға Министрлер кабинетi шынымен мүдделi ме? Сейсенбi күнгi Астанада өткiзiлген “Кәсiпкерлiктi жүргiзу 2010: қиын кезеңде реформалар жасау” атты конференцияда ҚР Премьерi К.МӘСIМОВ “Doing business” рейтингiндегi биылғы жетiстiктердi қанағат тұтуға болмайтынын, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға ықылас пен ынта бiлдiргендерге мемлекет тарапынан жасалуы тиiс жағдайлар мен мүмкiндiктердi одан әрi жақсарта түсуге тырысу керектiгiн айтты: “Әлбетте, соңғы жылдары iлгерiлеушiлiктер бар. Оны кәсiпкерлердiң әрекеттерiнен, кәсiпкерлiктi жүргiзуден, арнайы өткiзiлетiн әлеуметтiк сауалнамалардан байқаймыз. Бiрақ iлгерi жылжу менiңше, қажеттi деңгейде жедел жүзеге асырылмай отыр. Бiз жағдайды бұдан әрi жақсартуға қабiлеттiмiз”.

“Қазiргi таңда кәiпкер қауымының басын ауыртқан басты мәселелерiнiң бiрi – мемлекеттiк тексерулер түрiнiң көптiгi. Былтыр жыл басында басталып, биыл алғашқы жарты жылдыққа созылған кәсiпкерлiктi тексеруге тыйым салынған мораторий талайға бiраз көмек болды. “Тексергiштердi” азайту керектiгiн айтып, бiрнеше жылдан берi дабыл қаққан кәсiпкерлердiң айқайы билiк құлағына шынымен жеттi ме, әлде Дүниежүзiлiк банк дайындаған “Doing Business 2010” әсер еттi ме, ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт СҰЛТАНОВ сейсенбiде бизнес саласындағы сан тексерудiң саны қысқартылатынын жеткiздi: “Бiз кәсiпкерлiкпен айналысуға талпынғандарға жағдай жасаумен бiрге әкiмшiлiк реформаларды жалғастыруға, яғни, тексеру органдарының санын қысқартуды көздеп отырмыз”. Сұлтановтың сөзiнше, үстiмiздегi жылдың соңына дейiн тарлық тексеру органдары төнетiн қауiп-қатердi анықтайтын жүйенi, тексеру қағаздарын, ведомстволық статистиканы бекiтуi тиiс. Министрлер кабинетi бизнес саласына жаңашылдық енгiзу мақсатында, лицензиялау, тексеру т.б. заңнамалық құжаттарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге, экономиканы дербестендiрудiң жаңа жолдарын табуға мүдделi”,- деп қорытты.Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

EGEMEN.KZ. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ “Ақшаларының құнсызданғанын америкалықтар да мойындайды” атты мақаласында төмендегідей пікір білдіреді: “Әлемдік валюта” атанған доллардың қазіргі жағдайы соңғы кездері көптеген халықаралық сарапшылар үшін ең басты әңгіме тақырыбына айналуда. Олардың көпшілігінің пікірлері АҚШ валютасының ақыры таянды дегенге келіп саяды.

Доллар өз позицияларын жоғалта бастады, деп жазады, мәселен, ресейлік “Комсомольская правда” газеті. Жыл басында ол үшін қанша берсе бүгінде ол дәл сонша тұрады. Америкалық валюта ақпандағы 36 рубльден 30,24 рубльге дейін арзандады — бүгінде Ресей Орталық банкі дәл осындай курс белгілеп отыр.

Мамандардың пайымдауынша, америкалық валютаның күні өтіп бара жатқандығы туралы өзге емес, көптеген америкалық сарапшылардың өздері-ақ, соның ішінде атақты инвестор Уоррен БАФФЕТ те талай рет айтқан. Ал таяуда ірі инвестициялық HSBC банктің тағы бір пессимистік болжамы жарияланды… Доллар туралы, оның халықаралық рыноктағы рөлі туралы бүгінгі таңда қозғалып жүрген әңгімелердің түп-төркіні, міне, осындай. Қалай дегенде де бір мәселенің басы ашық. Ол — доллардың бұрынғы беделінің жазғытұрымғы еріген қардай кеміген үстіне кеміп бара жатқандығы..”.

Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесімен танысты. “Жақында Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) ұйымдастыруымен Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына әзірлік жұмысы аясында “Қазақстан этностарының қоғамдық-саяси өмірге араласуы. Кеңесші органдардың рөлі мен тиімділігі: ҚХА-ның тәжірибесі” тақырыбында халықаралық семинар өтті. Аталған шара Қазақстанның келесі жылы ЕҚЫҰ-да төрағалық ету қызметіне қажетті тетіктерді әзірлеу мен ҚХА мен ЕҚЫҰ институттары арасындағы өзара іс-қимыл нысанын айқындау бағытында маңызды қадам болып табылмақ….”. Авторы: Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.

ZHASQAZAQ.KZ. “Ғани Қасымов: Жемқорлықтың көкесі бізге оффшорлардан келіп жатыр”. “….Жас қазақ: Ғани Есенкелдіұлы, жуырда сіз Кәрім МӘСІМОВтің атына сауал жолдап, оффшорлық аймақтардағы мәмілелер жөнінде Үкіметтің қоғамға ашық ақпар беруін талап еттіңіз. Мұның себебін білуге бола ма?

Ғани ҚАСЫМОВ: Мұндай өтінішті көптен бері айтып жүрмін. Өткен жылы күзде “Нұр Отанның” Үкіметпен бірлесіп өткізген сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиынында былай дедім: “Сыбайлас жемқорлықтың гүлденуіне бірнеше себеп бар. Негізгі себептерді біз білеміз. Бірақ біле тұра, аузымызды ашпайтын бір себеп бар. Ол – біздің табиғи байлықтарымыздың тиынға сатылып жатқаны. Оффшорлық аймақтардағы қылмыстық мәмілелер. Міне, менің ойымша, сыбайластықтың көкесі сол жақтан келіп жатыр! Осыған орай, сол аймақтардағы мәмілелерді дереу тоқтату керек!”. Мысалы, біздің компаниялар оффшорлық аймақтардағы жалған компанияларға өз өнімдерін сатады. Өз тауарының бір данасын 100 АҚШ долларына сатады делік. Әлгі жалған компания ол 100 АҚШ долларын қайтарып береді, бірақ өнім әлемдік нарыққа 100 мың АҚШ доллары болып жөнелтіледі. Мен мұны асырып айтып тұрмын. Оффшорлық аймақ дегеніміз – осы. Ал бұл халыққа қарсы қылмыс емес пе? Онымен қоймай, халықтың байлығы оффшорлық аймақтарға тиынға сатылып, одан әрі әлемдік бағамен кететінін біз білеміз ғой. Компаниялар мұны жасырады. Қазіргі кезде түрлі қылмыстық істер қозғалып жатыр. Түптеп келгенде, олардағы мәмілелердің бәрі осы аймақтарда жасалған. Жемқорлықтың “бұлағы” сол жерде жатыр… Ал ана жақта Отанымыз миллиардтаған долларларын жоғалтып жатыр. Мінеки, менің айтқаным, солардың барлығын қақпанға түсіріп, қатаң түрде жауапқа тарту қажет…

Жас қазақ: Біздегі табиғат байлығын сату механизмі қалай болуы керек? Осы іске ел Парламенті араласу керек дегенде сіз нені меңзедіңіз?

Ғани Қасымов: Бұл – менің ұсынысым. Оны екі жылдан бері қақсап айтып жүрмін…

Жас қазақ: Жақында сіз тағы да Үкімет басшысына үн қатып, мыңдаған қазақстандықтарды түрмелерден босату керектігін айттыңыз. Одан не ұтамыз?

Ғани Қасымов: Сіздер менің амнистия және қылмыстық істер жөніндегі мәселелермен сонау 2000 жылдан бері айналысып жүргенімді білесіздер. Міне, осы қылмысқа тартуды ізгілендіру бізде көзге ұрып-ақ тұр…

Жас қазақ: Сіз бүгін де Үкіметке мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесін кешіктіру әлеуметтік шиеленістерге ұласып кететінін айтып қалдыңыз…Ғани Қасымов: Мен мемлекет басшысының сөздерін тікелей мысалға келтірдім. Яғни 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы көтеріледі…”. Автор: Төлен ТІЛЕУБАЙ.

Шыңыраудың түбі әлі көрінген жоқ”. “Жуық арада елімізде девальвация болмайды, егер жыл соңына дейін қара алтынның бағасы 70 доллардан төмен түспесе… Еліміздегі аузы дуалы қаржыгер Ораз ЖАНДОСОВ осылай деді. Ораз Әлиұлы ораза айттың соңғы күні Айт-PARK-те қонақта болып, тосын сауалдарға тұшымды жауап қатты…

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ: Дағдарыс туралы айтқанда, біз өзіміз жайлы тым жоғары пікірде емеспіз бе? Ораз Жандосов: Дағдарыс барлық елді бірдей шарпыған жоқ. Мысалы, мұнай өндіретін елдердің қиналғанын көріп отырғам жоқ қой. Қазақстанның аумағы үлкен де, халқы небәрі 16 миллион. Демек, экономикасы шағын. Біз өндіретін шикізат өзге елдер үшін керек. Ал өзімізге қажеттіні әлі өндіре алмай отырмыз. Қараңыздар, Қазақстанмен шектесетін алты мемлекеттің бесеуінде дағдарыс болған жоқ. Дағдарысты қолдан жасаған өзіміз. Ұлттық қор, басқа да мүмкіндіктеріміз бола тұра, осындай деңгейге түскенімізді айтудың өзі ауыр. Дейтұрғанмен, дағдарыс экономика үшін тиімді. Ол бізге керек…

Нұрлан Ерімбетов: Қазақстанның сыртқы қарызы мол екенін білеміз. Осы қарыз үшін мен немесе менің балам, немерем жауапты ма? Қарыздың келешекте менің меншігіме кесірі тимей ме? Жалпы, біздің сыртқы қарызымыз қанша?

Ораз Жандосов: Қазақстанның қанша сыртқы қарызы бар екені дәл қазір менің есімде жоқ. Шамамен 100 млрд доллар мөлшерінде болуы керек. Енді бұл қарыз Қазақстан үшін аса қорқынышты емес, дейтұрғанмен қарыздың аты – қарыз. Дұрыс айтасыз, мұның кесірі саған тимеуі мүмкін. Ал балаң мен немереңнің қалтасын қағуы ықтимал. Қалай? Сырттан алған қарыздың қарапайым тілмен айтқанда, пайызы сыртқа кетіп жатыр. Ол өте үлкен сома. Сондықтан халыққа, сенің балаң мен немереңе тиесілі табыс сыртқа кетуде…

Журналист сауалы: Сіз қалай ойлайсыз, дағдарыстың шегіне жеттік пе?

Ораз Жандосов: Дағдарыс туралы әңгіме қозғағанда, біз ағымдағы мәселемен шектелеміз, ал басқасын естен шығарып аламыз. Бұл маған ұнамайды….”. Жазып алған Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Рашид Жанғозин бастаған 16 сарбаз панфиловшы 28 жерлесінің ерлігін қайталаған еді”. “Ұлы Отан соғысындағы ірі оқиғалардың бірі Кеңес Армиясының Мәскеу түбіндегі 1941 жылдың күзі мен қыс айларындағы жеңістері болды. Бұл шайқас жарты жылға созылып, соғыстың бастапқы кезеңінің тағдырын шешті. Мәскеу түбіндегі ұрыста Кеңес Армиясы алғашқы стратегиялық жеңіске жете отырып, дүниежүзілік соғыстағы жағдайды өзгертті. Мәскеу түбіндегі бұл жеңістің әскери-саяси мәні зор болды, оның барысында соғыстағы түбірлі бетбұрыстың бастамасы қаланды.

Мәскеу үшін шайқастарда генерал И.В.ПАНФИЛОВтың 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері мен офицерлері ерекше көзге түсті. Бұл көпұлтты дивизияның жауынгерлері 33 күн бойы Волоколамск бағытындағы маңызды шепті табандылықпен ұстап тұрды…”. Авторы: Тілеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымының докторы, академик, профессор.

Құпия түрме туралы қауесет кімге қажет болды?”. “Еліміздегі бірқатар интернет сайттары жаға ұстатарлық дерек таратты. Сөз болып отырған ақпаратта “осыдан екі жылдай бұрын Қостанай облысында діни экстремистік ұйымдардың өкілдері ғана оқшауланған арнайы лагерь жұмыс істеді” делінген. Мекеме қараша айымен сәуір айлары аралығында жұмыс істепті-мыс…”.

“Қазақстандағы Гуантанамо” деген атауға ие болған құпия колония шынымен болған ба? Осындай сауалмен ҚР Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі Комитетімен байланысқа шықтық.

Құқықтық атқару жүйесі комитеті Баспасөз қызметінің бастығы Ғалымжан ХАСЕНОВ:

– Біздің елде мұндай колония мүлде болған жоқ! ҚАЖК еш уақытта діни экстремистік ұйымдардың өкілдерін бөлек ұстаған да емес. Олар еліміздегі түрмелерде қамауда отыр.

Мұны мен бәзбіреулердің арандату үшін әдейі таратқан қауесеті дер едім. Кімге, не үшін керек болды бұл? Ол жағы маған беймәлім. Бұл жалған деректі мен ресми түрде жоққа шығарамын”.

Байқап отырғандарыңыздай, біреу болған дейді, біреу жоққа шығарады. Нақты ақпарат беретін орган ретінде біз ҚР Бас прокуратурасымен хабарластық.. Азаматтарды ақтау және жазаларды орындау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Берік ЖАҚАЕВ:

– Негізі, тиісті орындардан ондай ұсыныс болған. Алайда Бас прокуратура оған тыйым салды. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған діни экстремистік ұйымдардың өкілдері жер-жердегі колонияларда жасаған қылмысының деңгейіне қарай жазаларын өтеуде.

P.S. Ресми органдар біздің елде ондай мекеменің мүлде болмағанын айтады. Жалпы, осындай ел ішіне тез жайылған, арты саяси дауға ұласып кетуі мүмкін дақпырт әңгіме тарату кімге керек болды екен? Бұл – Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық ету қарсаңында біздің елдің абырой-беделін түсіру үшін қасақана жасалынып отырған арам пиғыл емес пе екен”. Дайындаған Ләззат БИЛАН.

DMK.KZ. 4,5 МЛН. ТОННА Қостанай диқандары қамбаға осынша астық құймақшы”. “Өткен жылы елімізді мол астығымен қуантқан қостанайлық диқандар, биыл да берекелі іс тындырып отыр. Былтыр 5 миллион тоннадан артық астық жиған Тобыл өңірі биыл, 4,5 млн. тонна бидайды қамбасына құймақ ниетте. Қазіргі уақытта, ору жұмыстары аяқталып қалды. Алда – жиған-тергенді төгіп-шашпай сақтау науқаны тұр…”. Авторы: Жұматай ТӨКЕНҰЛЫ.

ABAI.KZ. “Ісік күйеу “күшік күйеуге” айналған ба?”. “Кеше ғана дүниені тіреп, бүгін оймақтай Австрияны паналап жүрген экс-күйеу Рахат ӘЛИЕВ туралы шым-шытырық әңгімелердің легі тоқтар емес. Тәуелсіз “Свобода слова” газетінің ақпаратына сенер болсақ, Рахат Әлиев өзінің құжаттарын ауыстырып, су жаңа әйелінің фамилиясын алған екен…

Австрия — өте ашық мемлекет. Кез келген азамат тиісті интернет-сайттарға кіріп, өзіне қажетті ақпаратты таба алады. Аталып отырған газеттің ақпараты бойынша Австрияда уақытша тұрып жатқан Рахат Әлиевке жергілікті заң бойынша нөмірі 000842172974 арнайы идентификациялық код берілген екен. Осы елде тұрып жатқан азаматтар құжаттарын қанша рет айырбастаса да, бұл код ешқашан өзгермейді екен. Газеттің хабарлауынша, осыған дейін нөмірі 000842172974 кодтың қарсысында “Rakhat Aliev” деген дерек тұрса, жуырда оның қасына “Rakhat Shoraz” деген екінші есім қосылыпты-мыс. Рахаттың жүріс-тұрысын айрықша аңдып жүргендердің айтуынша, экс-күйеу бұндай қадамға қонақжай Австриядан сытылып кету үшін барған көрінеді. Сол себептен білетін жұрт ол өзінің екінші әйелі Елнара ШОРАЗОВАның атын алған деседі…”

12 миллион қазақтың құныкері кім?”. “Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТОВ айтқандай, “Ашаршылықты кейінгілердің білетіні — өсімдікті биологиядан, жануарларды зоологиядан оқып өскен қала баласының біліміндей ғана”. Ақиқатында, қазақ халқының үштен бірін қырғынға ұшыратқан ұлттық геноцид әркімнің көкірегін торласа игі еді. Сонда ғана “қазақтың құныкері кім?” деген сауалға жауап іздеп, тарихымызды безбендеуге мүмкіндік туары анық. Жуырда “Аманат” интеллектуалды клубының кезекті отырысында ұлт зиялылары осы зұлмат оқиғаға саяси баға беру керек деген ойларын ортаға салды. Отырыста негізгі баяндаманы жазушы Смағұл ЕЛУБАЙ жасады…”. Дайындаған Айбын АҚПАТША (Мақала “Нұр Астана” газетінде жарық көрді).

Қазбек Құттымұратұлы. Митталл облысы, Машкеевич қаласы, фокс көшесі…”. “Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 9 маусымдағы №455 қаулысымен және 2009 жылғы 11 маусымдағы аудандық мәслихаттың №12-5 шешімімен Ақсай қаласындағы “Заводская” көшесіне ҚПО б.в. компаниясын 2006 жылдың 17 қазанынан бері басқарып келе жатқан ағылшын азаматы Роджер ФОКСтың есімін берді. Қазір “жаңа” көшенің су жаңа атауы қос тілде — қазақ және ағылшын тілдерінде ілініп те үлгерген….”.

“Абай.kz”-ның анықтамасы: “Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.” компаниясының бас директорлығына 2006 жылдың 17 қазаны күні тағайындалған Роджер Фокс “Би Джи Групп” (бұрынғы “British Gas”) компаниясында 25 жыл бойы қызмет етіпті. Ол Ұлыбритания, Бразилия, Египет және Филиппин мемлекеттерінде аса ірі энергетикалық жобаларға басшылық жасаған маман ретінде танымал. Фокстың алғашқы мамандығы инженер екен, кейін жобалау менеджменті саласында ғылыми атақ алған. Қарашығанаққа келгенге дейін Роджер Фокс Египеттегі ELNG консорциумында бас атқарушы директор болған көрінеді”.

P.S. “Біз интернетті шарлап көріп, Бразилия мен Египетте, тіпті Тынық мұхитындағы шағын аралдарда орналасқан Филиппин мемлекетінде Роджер Фокстың атына берілген көше, елді мекен, т.б. атаулары туралы мәлімет ұшырастыра алмадық. Аталған елдердің тілі мен тарихын жақсы білетін оқырмандарымыздан мәселенің анық-қанығына жетуге көмектесуін өтінеміз”.

USHKIYAN.KZ. “Ұлылық пен пенделіктің арасы – бір адым”. “Қазақтың даңқты батыры Бауыржан МОМЫШҰЛЫның күнделіктері кітап болып басылып шықты дегенді естігенбіз. Белгілі ғалым Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ жетекшілік ететін “Бауыржантану” орталығынан жарық көрген шығарманың бірі жақында қолымызға тиді. Кітап “Люкс Биндер Сервис” баспаханасынан жарық көрген, “Көз алдымда бәріңсің…” деп аталады…”.

Аңқау елді алдаған арамзалар”. “Жаңаөзендік бес жігітті қыршынынан қиып, сүйегін жат жұртта қалдырды. Қазіргі кезде көпшілік “Құдайдың үйі”, “Имандылық үйі” атанған мешіттегілерге сенбейтін болды. Бұл тәуелсіздік алғалы имандылыққа бет бұрған жандарды арандату емес, шындығы – солай. Өйткені ол жерге де жат пиғылды ағымдағы алаяқтар араласып кетті…

Иә, жат ағымдардың жетегіне еріп, Дағыстан жерінде қайғылы қазаға душар болған жаңаөзендік бес жігіттің тағдыры, ақиқатында да, бүкіл қазақ жастары үшін ащы сабақ болуға тиіс. Мұны жергілікті имамдардан бастап, ардагерлер, білім саласының басшылары, ҰҚК және құқық қорғаушылар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа түсіндірулері керек. Жасырып, қымтап, құпиялаған сайын ел арасында әртүрлі қаңқу сөздер белең алып, үрей билеп барады. Бұл – бір. Екіншіден Дағыстан мен Шешенстан соғыстың сынақ алаңы екені баршаға белгілі. Сондықтан бүгін бес адам қайғылы қазаға ұшыраса, бұл сан ертең елуге, арғы күні бес жүзге жетпесіне кім кепілдік бере алады?…Мынау – соның айқын мысалы. Бесіншіден, биылғы жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушыларына “Діндер тарихы” пәні факультативтік сабақ ретінде оқытылмақшы. Оған оқулықтарды қайдан алады? Әлде базарларда немесе пойыздарда сатып жүрген брошюраларды пайдалана ма? Ал, оқушыларды кім оқытады? Қарауындағы мешіттерін қорғауға құзіреті жетпей жүрген қауқарсыз имамдар ма? Шет елге адам әкетіп өлтіріп жатқан секталар мен жат ағымдардың өкілдері оқыта ма? Немесе мектеп директорлары нагрузкасы аздау жамағайындарына, әлде параны көбірек берген көлденең көк аттының қанжығасына байлап, “қайырымдылық” жасай ма?Міне, көңілді қабартқан осындай сантүрлі сұрақ көп. Бірақ тиянақты жауап жоқ…”. Авторы: Мұратбай ҰЛЫҚПАН.

“Әр жәдігердің түбінде рухани құндылық бар””. Зейнолла САМАШЕВ, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты:

“…Маңғыстау өңіріндегі жерасты мешіттерінің ерекшелегі неде?

– Ғибадатханалардың, мешіт-тердің, жертөлелердің пайда болуы тікелей осы Маңғыстау мен Үстірт өңіріндегі ислам дінінің негізгі ерекше бағыттарының бірі сопылықтың таралуына байланысты. “Сонда Маңғыстау аймағындағы сопылықтың ерекшелігі неде? Мысалы, Оңтүстік Қазақстандағы жерасты ғимараттарынан қандай ерекшеліктері бар? Сопылық қай уақытта тарала бастады, не себептен?” деген сұрақтарға жауап беру үшін жерасты мешіттерін аралап, олардың архитектуралық, құрылымдық ерекшеліктерін сараптадық. Ішінде осы сұрақтарға жауап беретін мағлұматтар болуы мүмкін деген эпиграфиялық, мәдени жазбаларға үңілдік. Негізгі мақсатымыз Шақпақ-Ата жерасты мешіті, Маңғыстаудың басқа да ғибадатханалары жайлы үлкен кітап дайындау болатын. Бұл сұрақтар осы кітапты дайындау барысында туған еді. Соған байланысты зерттеулер жүргіздік…”. Сұхбаттасқан:Алмас ҰҚАН.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ Қытай Коммунистік партиясы ОК саяси бюросының мүшесі ЮЙ ЧЖЭНШЭН бастаған Қытай Халық Республикасы компартиясы делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда — экономикалық және мәдени — гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды…

Кездесу соңында Кәрім Мәсімов пен Юй Чжэншэн Қазақстан мен Қытайдың аймақтық және халықаралық деңгейдегі өзара ынтымақтастығы әрі қарай нығаятынына сенім білдірді.

Алматы әуежайына жолаушылар ұшағы апатты жағдайда қонды, құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Алматы халықаралық әуежайына 24 қыркүйекте сағат 20.06-да \»Эйр Астана\»әуекомпаниясының Алматы мен Астана арасында қатынайтын ВС А-321 ұшағы, алдын-ала мәлімет бойынша, гидрожүйенің ақауы салдарынан апатты жағдайда қонды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ұшақта 159 жолаушы болған. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...