«Арбаға таңылғанымен, өмірге құлшынысын жоғалтпағандардың биі көп көңілінен шықты». «Иран зымырандарын сынақтан өткізді, қысым тағы күшейді». «Дәрігерлердің сыйақысын заңдастыру толықтай ақылы медицинаға көшіру деген сөз емес пе?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 29 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. Арбаға таңылғанымен, өмірге құлшынысын жоғалтпағандардың биі көп көңілінен шықты”. “Қостанайда мүгедектер арбасына таңылған жандар арасында республикада тұңғыш рет би жарысы өтті. Алғашқы республикалық фестивалға елдің алты қаласынан түрлі жастағы үміткерлер қатысты… Тән азабын тартса да, жандарын жүдетпеген мүмкіндігі шектеулі адамдардың алғашқы республикалық би фестиваліне Қостанаймен бірге Астана, Ақтөбе, Тараз, Атырау, Екібастұз қалаларынан үміткерлер қатысып, өнерлерін ортаға салды. Конкурстық жұптардың өзі 10 болса, көрсетілімдік бағдарламаға қатысушылар саны одан да көп болды. Таңдаулы би мамандарынан құрылған қазылар алқасын Қазақстанның спорт билері федерациясының президенті Денис ЕСАУЛЕНКО басқарды…

Қостанайлықтар аталмыш байқауға тыңғылықты әзірленген. Жарыс қарсаңында Москва қаласынан мүгедектерді би өнеріне үйрету фрагменттері жазылған дискілерді арнайы сұратып алдырған. Санкт-Петербург қаласына арнайы тапсырыс беріліп, би билеуге лайықталған мүгедектер арбалары алынған. Өкінішке қарай, мұндай арбалар Қазақстанда мүлде жоқ көрінеді…

Спорт билері Қостанай облыстық федерациясының төрағасы Андрей НУЖНЫЙдың сөзіне қарағанда, республиканың спорт билері федерациясы қостанайлықтармен келісімшартқа отырып, бұл игілікті істі келешекте одан әрі жалғастырмақ ниетте”. Авторы: Ақыл КОЖАҰЛЫ.

Иран зымырандарын сынақтан өткізді, қысым тағы күшейді”. “Иран қысқа қашықтыққа ұшырылатын екі зымыранын сынақтан өткізді және ұзақ қашықтықтағы зымыранын тәжірибеден өткізбек. Ал бұл аралықта ядролық амбициялары жоғары Теһран мен Батыс арасындағы текетірес өрши түсуде. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Иран әскери жаттығулар барысында қысқа қашықтықтағы екі зымыранын сынақтан өткізген. Тондар-69 және Фатех-110 зымырандары жексенбі күні ұшырылды делінеді.

Ал мемлекеттік радиодан берілген хабарға қарағанда, ұзақ қашықтықтағы Шахаб-3 зымыраны қыркүйектің 28-де тәжірибеден өткізілмек. Сарапшылардың айтуынша, бұл зымыран Парсы шығанағындағы Израиль мен АҚШ базаларына жете алады….

АҚШ, Британия, Франция мемлекеттерінің жетекшілері Теһранды халықаралық ережелерді бұзып, жаңа зауыт салуда деп айыптап, егер Иран әлемнің алпауыт елдерімен толық ынтымақтаспаса, оған қарсы жаңа санкциялар енгізілуі мүмкін деп ескертті. Батыс елдері Иран жасырын түрде ядролық қару жасамақшы деп қауіптенеді, бірақ Теһран бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр.Нью-Йоркте “Азат Еуропа / Азаттық радиосына” сұхбат берген Ресей сыртқы істер министрі Сергей ЛАВРОВ барлық тараптарды ұстамдылыққа шақырды.

Алдымен жаңа зауыт мұқият тексерілуі тиіс деді Лавров.Сонымен қатар Нью-Йоркте Ирақ президенті Жалал ТАЛАБАНИ Иранға қарсы жаңа санкциялар еш нәтиже бермейді деп мәлімдеді. Израиль немесе кез келген басқа елдің Ирақ жерінен Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасауына ешқашан мұрсат етілмейді деп ескертті Талабани. Ирақ президентінің мәлімдеуінше, әлемнің алпауыт елдері Иранмен \»нағыз келіссөз\» жүргізіп, Теһранның бейбіт мақсатта ядролық энергияны пайдалану құқығына кепілдік беруі тиіс.”,- деп белгіледі Саида БАБАМҚОЖА.

Қандығаштағы алты “лаңкестің” үстінен болған сот үш-ақ күнде өткен”. “…23 қыркүйекте, Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласындағы Мұғалжар аудандық сотында мұнайлы аймақта лаңкестік актілер жасауға даярланған-мыс деген айып тағылған Қазақстанның алты азаматы сотталды. Судья Шапағат ӘЛНИЯЗ алты ер адамды 12-ден 17 жылға дейін бас бостандықтарынан айыруға үкім шығарды. Сотталғандардың ең үлкені 42 жаста болса, ең кішісі үкім шыққан 23 қыркүйек күні 19 жасқа толды. Олардың барлығы Темір және Мұғалжар ауданының тұрғындары….

… Нұрлан ЕЛАМАНОВтың адвокаты Айтжан ЕГІЗБАЕВ Азаттық радиосы тілшісінің сұрағына телефон арқылы жауап берді:

Менің қорғауымдағы Нұрлан Еламановқа “Лаңкестік”, “Қарақшылық”, “Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мене жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе қаруды алып жүргені” деген үш бап бойынша үкім шығарды. Сот мәжілісінің залы кішкентай. Сондықтан, адамдарды кіргізген жоқ. Нұрлан Еламанов үкімнің көшірмесін қолына алды. Ал, туыстары ертең алады. Сот әділ болды ма, жоқ па деген сұраққа жауап бере алмаймын. Іс қолдан ұйымдастырылды ма деген сұраққа да жауап бере алмаймын”.

“Сотталғандардың туыстары үкімнің көшірмесін әлі қолдарына алған жоқ. Ал Ақтөбе облыстық сотына апелляциялық шағым түсіруге рұқсат беретін мерзімге аз ғана күн қалды”, — деп қорытты Әлима ӘБДІРОВА.

EGEMEN.KZ. “Ел шежіресі шынайы жазылуы шарт”. “Өткен жылдың ортасынан Білім және ғылым министрлігі жанынан Мемлекет тарихы институты құрылған еді…”.

Тарих ғылымының даму перспективалары туралы оның директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай АЯҒАНмен әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.

Мемлекет тарихы институты бір жылдың ішінде 11 көлемді еңбек дайындап, оның біреуін жарыққа шығарып үлгеріпті. Айта кетерлігі, институт кітапты дайын еткенімен, оны тендер жариялау арқылы бастырып шығару құзыры Білім және ғылым министрлігінің арнайы қызметіне жүктелген. Сондықтан барлық дайын еңбектердің жарыққа әлі шықпай жатқанына Мемлекет тарихы институты жауапты емес.

Осы күнге дейін жарыққа шыққан еңбек “НАЗАРБАЕВ Нурсултан Абишевич – основатель независимого государства” атты биографиялық энциклопедия. Қазір оның қазақ және ағылшын тілдеріндегі нұсқалары дайындалу үстінде. Дайын еңбектердің қатарында “История независимого Казахстана” атты орыс және “Тәуелсіз Қазақстан тарихы” атты қазақ тілінде екі оқулық бар. Бұлар бір-бірінен аударылған дүниелер емес, ұстанымы, бағдары, қолданылған әдебиеті бір болғанымен, әрқайсысы өз алдына дербес еңбек ретінде жазылған дүниелер. “Қазіргі заманғы Қазақстандағы саяси партиялар” және “Политические партии современного Казахстана” атты екі еңбек те сондай, аударма емес, екеуі екі тілде жазылған дербес дүниелер. Дайын тұрған еңбектің бірі “Саяси технологиялар: теориядан іс-тәжірибеге” деп аталатын саяси терминдер сөздігі. “Тәуелсіз Қазақстан тарихы (1991-2009 жж)” және “История независимого Казахстана (1991-2009 гг.)” атты хрестоматиялар да екі тілде дербес әзірленіпті. Хангелді ӘБЖАНОВтың 350 беттік “Қазақстан: тарих және тәуелсіздік” атты монографиясы да дайын тұрған еңбектер қатарында. Бүркітбай Аяғанның 9 сыныпқа арналған “Қазақстанның қазіргі заман тарихы” атты оқулығы да қазақ-орыс тілдерінде дайын тұр екен. Болашақта Тәуелсіз Қазақстан тарихы мектеп бағдарламасына жеке пән ретінде енгізілетін болса, бұл институт оның да оқулығын даярлауға әзір екені байқалады. Міне, институттың көзге көрініп тұрған бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай…”.

ALASHAINASY.KZ. “Дәрігерлердің сыйақысын заңдастыру толықтай ақылы медицинаға көшіру деген сөз емес пе?”. Дайындаған Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ.

Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы:

Дәрігерлердің сыйақысын заңдастыру барлық қызмет түрлерін ақылы етумен қатар, науқастардан оңды-солды пара талап етуге алып келеді. Қылмыстық кодексте заңсыз сыйақы алу деген бөлім бар. Осы бөлім бойынша жұмысына қатысты заңды айлығынан бөлек, қосымша ақша алу заңсыз сыйақы болып есептелінеді. Бізде қосымша сыйақы алу – қылмыс. Егер біз дәрігерлердің сыйақысын заңдастырып берсек, онда олардың пара алуын да заңдастырып берген болып табыламыз. …Сонда сыйақысы, қалтасында артық ақшасы жоқ адамдар тіпті дәрігерлерге емделуге де бара алмайтын болады. Мұның артын елестетудің өзі қиын. Шетелде бұл тәжірибе бар болса бар шығар. Бірақ біздің санамыз шетелдегідей құқықтық дәрежеге жете қойған жоқ. Жалпы, шетелдегінің бәрін өзімізге жапсыра берудің арты жақсылық әпермейді…

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мырза бұл мәселені дұрыс көтергенімен, халыққа дұрыс түсіндіре алмаған сияқты. Негізі, мұны “сыйақы” дегеннен гөрі “үстеме еңбекақы”, “үстеме төлемақы” деген дұрыс еді. ..Министрдің негізгі ойы дұрыс, тек ойын дұрыс жеткізе алмады…

Советхан ҒАББАСОВ, медицина ғылымының докторы:

– Бұл мүлдем дұрыс емес. Тіпті сұмдық нәрсе. Сыйақысын заңдастырып берсек не болатыны өз-өзінен түсінікті ғой. Ал мұндай мәлімдеменің денсаулық сақтау министрінің аузынан шығуының өзі дұрыс емес. Негізі, министрді халық сайлауы керек. Сонда ғана халқының нағыз қамын ойлар басшыға ие болар едік. Біз параны заңдастырып жатырмыз, ал шет жұрт шошына қарайды…”

Әлеуеті төмен ұлттың әдебиеті өркендемейді”.

Темірғали КӨПБАЕВ, ақын, “Қазығұрт” баспасының бас директоры:

– … Қазақта “Бір байдың отына он кедей жылынады” деген мақал бар ғой. Байлардың көбеюі біздің әлеуетіміздің артқандығының көрсеткіші бола алмай ма?

– Байығандар байыған үстіне байи түсіп, өзінен төмен топтарды менсінбейтін жағдайға жетіп, кеуделеріне нан пісіре бастады. Ондайлардың менмендігі әлеуметтік ахуалы нашар топтың ашу-ызасын, көреалмаушылығын тудыруда. Айналып келгенде, бүгінгі байлардың барлығы дерлік – мемлекеттің ақшасына байығандар. Аяқастынан төрге шығып кеткен мұндайлар елдің ертеңіне, ұлттың тіліне, дініне көзінің астымен қарайды. Дегенмен сен әкім боласың ба, аула сыпырушы боласың ба, жоқ әлде басқа боласың ба – Алла алдында бәрі бірдей.

– Кейбір шығармашылық адамдары “мен саясаттан аулақпын” дейді. Айналып келгенде, елді оятып, ұйытатын негізінен қаламгерлер қауымы емес пе? Аңсап жеткен Тәуелсіздігіміздің мәнін кейінгі ұрпаққа түсіндіріп беретін де зиялы адамдар емес пе?…

Қыжыл: Қазақстанда ресми есеп бойынша 12 мыңдай кітапхана бар екен. Бұған қоса, кейбір балабақшалар мен мекемелерде, әрбір мектепте, жоғары оқу орындарында, әскери бөлімшелерде де кітапхана бар. Ал бүгінгі күні жарық көріп жатқан кітаптардың таралымы 2000 данадан аспайды. Ол кімге жетеді? Қазір кітап оқу мәдениеті төмендеп кетті деп жүрміз. Негізі, олай емес. Меніңше, бізде, керісінше, кітап оқытудың мәдениеті қалыптаспаған. Әдебиетінен нәр алмаған ел тілінен де ажырап, сауатсыздыққа ұрына бастайды. Ал “сауатсыз елді іріту оңай”. Біз кітап шығару мен оның тарату жүйесін заманға лайықтап жөнге келтіре алмай жүрміз. Бұған мемлекеттің өзі мүдделі болуға тиіс. Бұлай болмаған күнде ұлттың интеллектуалды потенциалын әлсіретіп аламыз”. Әңгімелескен Алмат ИСӘДІЛ.

ABAI.KZ. “Ғаділбек Әкім. “Шикізат қарғысынан” қашан құтылмақпыз…”. “…Қазақстан да, Ресей секілді экономиканың негізгі кіріс көздерін шикізат экспортын тасымалдау, шығару арқылы қалыптастырып келеді, ел экономикасының, мемлекеттің ІЖӨ-нің өсуіне немесе төмендеуіне мұнай, газ бағасынының әлемдік нарықта түсуі немесе өсуі тікелей әсер етіп отыр. Дағдарысқа дейін мұнай баррелінің әлемдік нарықтағы құны 100 АҚШ долларын құраған болса, қазір оның бағасы екі еседей түсіп кетті…

..Өткен аптада Қазақстан Республикасы Есеп комитеті аталған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жергілікті жерлердегі мемлекет мүлкін дұрыс пайдаланбай, сол арқылы 2007-2008-ші жылдары мемлекет қазынасына 6,3 млрд. теңге шығын келтіргені мәлім болды. Есеп комитетіндегілер мәселенің мәні, кезінде үкіметтің ӘКК не екенін дұрыс бағаламай, олар қандай қызметпен айналыса алады деген сұрақтарға анық жауап бермей тұрып, құра салғанын айтуда. Есеп комитетіндегілердің пайымдауынша, ӘКК институттарының басты кемшіліктерінің бірі, бұл мәселе бойынша заңды-нормативтік нормалардың, сонымен қатар олардың дамуы бойынша ортақ мемлекеттік стратегияның болмауында, ӘКК-лардың осы кезге дейін атап айтатындай перспективті инвестициялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыра алмауында, деп отыр. Ал, ӘКК-дың негізгі пайдасы екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерге салған қаржыдан түсіп отырған қайтарымды қаржы екен. Жеті корпорацияның төртеуінің 2007-2008-ші жылдардағы қаржы-шаруашылық жұмыстарындағы жіберген жалпы шығыны 1,1 млрд. теңгені құрапты. Есеп комитеті өз тарапынан орын алған қателіктерді түзету үшін ӘКК-лардың үкімет тарапынан қараушысы болып табылатын ҚР индустрия және сауда министрлігіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының ортақ даму стратегиясымен заңды-нормативтік базасын дұрыстап қалыптастыру және орта кезеңге бағытталған жұмыс жоспарын анықтауды жүйелеу туралы кеңесін беріп отыр. …

Қалай болғанда да, постдағдарыстық кезеңде экономиканық қай секторына болмасын көлемді, ауқымды инвестиция қажет болатыны белігілі. Қазақстандағы агрокешен, транспорт, инновация және т.б. біз үшін стратегиялық маңызы бар салаларға көлемді инвестиция құюға шетелдік инвесторлар әзірге асығар емес. …қазақ елі “шикізат қарғысынан” қашан құтылады деген маңызды сұрақ күн тәртібінен әзірге түсе қоймайтын секілді”.

ZAMANA.KZ. “Оралбай Әбдікәрімов: “ОҚО-да әзірге жемқорлықтың жолын кесу мүмкін болмай тұр”. “Таяуда “Нұр Отан” партиясының Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесі өзінің оныншы отырысын өткізіп, онда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша етек алған жемқорлық мәселесі кеңінен сөз болды. Отырысқа Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент сенаторы Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ төрағалық жасады. Сол жолы болған әңгіме арқауын “Нұр Отан” партиясына қарасты “Дала мен қала” газеті толық жариялаған. Онда мынадай жолдар бар:

– Оңтүстік өңірді отырыстың қарауына шығаруымыз еш күмән туғызбайды, – деді Оралбай Әбдікәрімов. – Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысында жемқорлық, құқық бұзу республика бойынша ең жоғарғы деңгейге ие. …Тек үстіміздегі жылдың өткен жеті айында ғана облыста 281 адам жемқорлық қылмыс жасаған, олардың 166-сына тергеу жүріп жатыр.

…Облыста жемқорлық қылмыстық әрекеттері үшін бірнеше жыл түрмеде жазасын өтеген, яғни сотталған адамдарды әкімдікке немесе саяси лауазымдарға тағайындау фактілері жетіп-артылады.

Жемқорлыққа жол беретін кімдер? Олар – мемлекет мүддесін ойламайтын, пара алып, кісі ақысын жейтін және қарапайым адамдарға қиянат жасап келе жатқандар. Оңтүстік өңірде мемлекет мүлкін жымқыруға құныққан, бас пайдасы үшін ештеңеден тайынбайтындар қатары көбейіп келеді. Әсіресе шенеуніктердің тендер өткізуде “шапка” алуы тоқталар емес. “Нұр Отан” партиясының арнайы комиссиясы айғақтаған жемқорлық мысалдарынан аяқ алып жүре алмайсыз.

Оңтүстік Қазақстан облысында бір фирманың 10 тендерді жеңіп алуы еш қиындық туғызбайды. Пара берсең болды, барлығын да “қалпақпен” ұрып ала беруге әбден болады…

“Нұр Отан” партиясының Оңтүстік Қазақстанға арнайы тексеріске барған комиссиясының жетекшісі, генерал-майор Мұрат ҚАЛМАТАЕВтың өрескел олқылықтарды дәлелді түрде жеткізуі жұртшылық назарын өзіне бірден аударды.

– Мемлекеттік басқару қызметіне ар-ожданы таза, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятын адамдардың келуін Елбасы әруақыт талап етіп отыр. Өкінішке орай, Оңтүстік Қазақстанда олай болмай тұр.

Мәселен, облыс әкімінің орынбасары Болатбек ӘЛИЕВ сотталып, үш жыл жазасын өтеген адам. Неге ол басқару орынтағына отыруы керек? Оған кім жол беріп отыр? Бұл мемлекеттік қызмет туралы заңды аяққа басу деген сөз…

– Коррупция – бұл қоғамдағы тұрақтылық пен экономикамыздың дамуына кедергі келтіретін кесел, – деді отырысты қорытындылаған Оралбай Әбдікәрімов. – Өздеріңіз куә болып отырғандай, ОҚО-да әзірге жемқорлықтың жолын кесу мүмкін болмай тұр. Біз бүгін облыстың жаңа басшысына көптеген тапсырмалар жүктеп отырғандықтан, сыннан қорытынды шығарып, мемлекеттік қызметке темірдей тәртіп орнатады деп ойлаймыз”. Авторы: Мағжан САДЫХАНҰЛЫ (“Дала мен қала” газеті, 21 қыркүйек, 2009 жыл.).

KAZ.GAZETA.KZ. Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігіне көмір мен мұнай өнімдерінің бөлшек бағасын тұрақты қадағалауды тапсырды. Ол бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит ЕСЕНБАЕВқа осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі облыс әкімдерімен бірлесе отырып, көмір мен мұнай өнімдерінің бөлшек бағасын тұрақты қадағалауы тиіс\», — деп атап өткен Кәрім Мәсімов отын сатушылар арасында бағаны ымыраласа белгілеуге жол бермеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, премьер-министр Көлік және коммуникациялар министрлігігне, \»Самұрық — Қазына\» қорына, \»ҚТЖ\» АҚ-ына \»көмір тасымалдауға және оны келісілген өтінімдерге сәйкес тұтынушыларға жіберуге арнап вагондар бөлуге шара қолдануды тапсырды\». ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат МЫҢБАЕВқа қаратып айтқан сөзінде Кәрім Мәсімов \»энергетикалық кәсіпорындардағы негізгі технологиялық жабдықтарды жөндеу жұмыстарының барысын сол жерлерге барып тексеруді тапсырды\». \»Кестеден кешігу оқиғалары бар жерлерде оларды ағымдағы жылдың қазан айында аяқтауға шара қолданылсын\», — деді премьер-министр.

Қазақстан үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігіне Оңтүстік Қазақстан облысында жанар-жағармай бағасының негізсіз өсуіне кінәлі тұлғаларға жаза жүктеуді тапсырды. Ол бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today. \»Оңтүстік Қазақстан облысында жанар-жағармай бағасының негізсіз өсуіне кінәлі тұлғаларға жаза жүктеу қажет\», — деді Кәрім Мәсімов ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит ЕСЕНБАЕВқа қаратып айтқан сөзінде.

Алматыда бүгін сағат 12 шамасында салынып жатқан метрода топырақ опырылды, ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды Kazakhstan Today \»Алматы қалалық құтқару қызметі\» ҚКК-ның Біртұтас кезекшілік-диспетчерлік қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, топырақтың опырылу оқиғасы Абай және Мұқанов көшелерінің қиылысында болған, оқиға 45 метрлік тереңдікте болды. Опырылып түскен топырақтың көлемі 643 текше метрді құрады. Қазір бұл жерде бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаның себептерін Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тексеруде.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...