«Үлескерлер мәселесi ушығып барады. «Президент пен үкiмет қайда қарап отыр?». «Әкімдік ғимараты құлады». «…Цезарьдан кейінгілер кімдер?..»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 30 қыркүйек 2009 ж.

AZATTYQ.KZ.Тұңғыш құрылтайға келе алмаған Қытай қазақтарының атамекенге оралуы әлі де оңай емес”. “1992 жылы қыркүйектің 29 — 3 қазан аралығында Алматыда әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайы өткен еді. …Дүниежүзінің 33 елін мекен етіп жатқан 800-ге жуық қазақ азаматы қатысты. Сол алғашқы Құрылтайға алыс елдерде тұратын қазақтар жетсе де, іргеде тұрған Қытай қазақтары неге екені белгісіз жете алмапты. Қытайға Қазақстан жағынан барған делегаттың шақыруымен, Құлжадан Алматыға оқуға келген сол кездегі студент, бүгінде кәсіпкер Мырзабек ӘКБАР дүрілдеп өтіп жатқан құрылтайдың үстінен кездейсоқ түседі. Сөйтіп, құрылтайға Қытайдан келіп қатысқан бірден-бір қазақ болып шығады…

Ақын Құлкерім ЕЛЕМЕСтің айтуынша, қазіргі таңда онда қытайландыру саясаты жүріп жатыр.“Қазіргі жастар қытайша оқып жатыр. Алды 10-шы класты бітірді. Ендігі 10 жылда онда қазақша оқыған жас қалмайды. Мұнан басқа таяудан бері Қазақстанға барып келемін деушілерге тағы бір адам кепіл болады екен де, келмей қалса сол адам жұмыстан, істеп жатқан барлық мүмкіндіктерінен айрылады екен. Бұл дегеніңіз қазыққа ырықсыз байлау. Бұлар Қазақстанға келуді мүлде доғарды десек те болады”.

…Мұны Қазақстан сияқты адам саны аз мемлекет үшін үлкен шығын деп бағалайды ол. Ал жазушы Қалқазат ТӨЛЕУХАНның айтуынша, Қытайдағы қазақтардың оралуына басты кедергі қазіргі таңда қытай үкіметінің өзі болып отырғанын айтады. “Бұл жақтағы адамдар ойлайды: “Қытайда 1,5 млрд адам бар, бір шөкім қазақты неғылады” деп. Жоқ, олай емес. Ондағы қазақтарды көшірмеудегі басты мақсат оны көзір ғып ұстау. Қытай Қазақстаннан бірнәрсені талап етеді, оны бермейсің бе, ол жақтағы қазақтарды қыса бастайды. Мәселен, Ақтөбедегі мұнайды сұрайды. Немесе газ құбырын тартуды сұрайды”. Сондай ақ, оның айтуынша, бұл мәселеге аз ұлттарға жүргізіліп отырған саясаттың салқыны да әсер етпей қалған жоқ.. “Қытайда ежелден бері айтылып келе жатқан нәрсе бар. Олар нәсілін жақсартқысы келеді. Олар қазақ сияқты аз ұлттармен қосылып, өз нәсілін жақсартқысы келеді. Бұл білдіртпей жүзеге асырылатын мақсат, ежелден бері бар мақсат”. Жазушы Қазақстан егер Қытайдағы қазақтарды Отанына шын мәнінде қайтарғысы келсе, бұл мәселені мемлекеттік дәрежеде күн тәртібіне қойып, хаттама жазып, екі ел аралық келісімшартттар түзуі керек деп түйіндейді. Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы 2002 жылы Түркістанда, 2005 жылы Астанада өтті”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

EGEMEN.KZ. “Ғалым беделі шенеунік беделінен кем болмауы тиіс”.

Гайрат САПАРҒАЛИЕВ, ҚазҰУ-дің мемлекет және құқық институтының директоры, академик:

Мемлекет басшысының ғылым және ғылыми саясат жөніндегі кеңесте айтқан мәселелері құқықтанушылар назарын да ерекше аударды. Әсіресе, біз ғылымды қаржыландыру мен ұйымдастырудың осындай жаңа жүйесін көптен күтіп жүрген едік. Елбасы Үкіметке бұл саланы заңнамалық тұрғыдан қайта қарап, “Ғылым туралы” Заңның тайға таңба басқандай анық болуын тапсырды….”

А.РЯГУЗОВ, ҚазҰУ-дің ашық түрдегі ұлттық нанотехнология лабораториясының директоры:

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ХХІ ғасырды білім және ғылым ғасыры болады дегені бар еді. Сол үрдісті заман талабына сай жүргізу мәселесін қозғаған алқалы жиында ғалымдардың алдына үлкен мәселелер қойды. Шынында, бұл ғасырда ғылым мен техникасы дамыған мемлекеттердің шығар биігі ерекше болмақ. Әсіресе, нанотехнологияны дамытудың жөні бөлек. Бұл салаға әлемдегі мемлекеттер ерекше көңіл аударуда. …Мектептен бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі аралықта білім мен ғылымды ұштастыру арқылы көп игілікті істерді атқаруға болады.

Дүние жүзінде наноғылым мен нанотехнологияға осы ғасырдың басында ерекше назар аударылып, көлемді қаржы бөлініп, базасы нығайтыла бастады. 50 елдің үкіметінің тапсырмасымен бағдарламалар жасалып, орталықтанған қаржы қарастырылып, ғалымдарға мүмкіндік туғызылып отыр. Жан-жақты жарақталған лабораториялар құрылып, ол құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу үстінде. Соның нәтижесінде жүздеген емес, мыңдаған жұмыс орындары ашылып, ғалымдар шоғырландырылып жатыр. Бір ғана мысал, Бельгия арнайы институт құрып, 62 миллион еуро бөліп, 70-тен аса ғалымды микробиология және нанотехнологияны зерттеуге жұмылдырды. Өткен жылы оған бөлінген қаржы 280 миллион еуроға жетіп, қызметкерлер саны 1750-ге артқан. АҚШ та осы салаға 1,5 миллиард доллар қарастырған. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен біздің лабораторияға да ерекше көңіл аударылуда”.

ZHASALASH.KZ. “Үлескерлер мәселесi ушығып барады. “Президент пен үкiмет қайда қарап отыр?”. “Тiркелмеген “Қазақстан – 2012” қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен Алматыдағы Амангелдi ИМАНОВ ескерткiшiнiң жанында мәжiлiс өттi. Оған жүз жиырмаға жуық үлескер қатысты. Алдымен “Қазақстан – 2012” қоғамдық қозғалысы, “Халықтың баспанасын қорғайық” қоғамдық бiрлестiгi және “Ақ ауыл”, “Верный.KZ”, “Алматыинвесстрой”, “Солнечный квартал”, “Казкоммерцинжиниринг”, “BS Group”, “Жасау” ЖШС, “Яблоневый сад” құрылыс компанияларының үлескерлерi мәлiмдеме жасады. Онда былай делiнген: “Аз уақыттың iшiнде бiрнеше акция ұйымдастырдық. Мәселен, Алматы қаласы әкiмi Ахметжан ЕСIМОВтiң қолына президент Н.НАЗАРБАЕВтың атына жазылған үндеу, Қайрат КЕЛIМБЕТОВтiң мәлiмдемесiне арналған баспасөз мәслихаты, тағысын тағылар. Алайда, үкiмет пен Алматы әкiмшiлiгi шенеунiктерi орнынан қозғалар емес. Билiктiң “бiрде-бiр үлескер пәтерсiз қалмайды” деген уәдесi жайына қалды. “Ақ ауыл” құрылыс компаниясы “Самұрық – Қазынамен” келiсiмшартқа отырды. Бiрақ, әлi де нәтиже жоқ. Қоғамдағы осындай күрмеуi көп күрделi мәселеге билiктiң үстiрт қарауы бiзге түсiнiксiз. …Қарап отырсақ, үлескерлер құқығын тек құрылыс компаниялары емес, банк пен билiк те бұзып отыр…”. Авторы: Дилара ИСА..

Қазақстанда қанша кәрi қыз бар?” . “ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара ӘБДIХАЛЫҚОВА ханымға “Үкiмет бiр мезгiл кәрi қыздарға да зер салса екен…” деген тақырыпта хат жолданған болатын (“Жас Алаш”, №62, 4 тамыз, 2009 ж.). Онда автор ауыр болса да өз өмiрiн мысалға алып, сырын ақтарып, бүкiл кәрi қыздардың мұңын шаққан-ды. Кейiннен редакцияға бұл тақырыпта толассыз хаттар келдi, саралап, салмақтысын жарияладық. Телефон арқылы талай пiкiрлер де айтылуда. Бiрақ, Гүлшара Наушақызынан “әу” деген бiрде-бiр жауап болмай тұр. Әйтсе де, бұл тақырыпты қайта қаузап, жан-жақты таразылауды жөн санадық….

…Қазiр некеге тұратын қыздардың орта жасы – 23, жiгiттердiкi – 26 жас. Оның үстiне, орташа есептегенде 30-34 жастағы ер-азаматтардың 14 пайызы – “тақиялы перiштелер”. Ал дәл осы жастағы азаматшалардың 10 пайызы – кәрi қыздар.

Ескiнiң көзiн көргендер дәл қазiргi кезде кәрi қыздар мәселесiнiң өршiп тұруын бұрынғыдай екi жастың танысып, табысуына себепкер болатын ақжарқын жеңгелердiң жоқтығынан дейдi. Қайнысының жаманын жасырып, жауып, қайынсiңлiсiнiң жақсысын асырып, екi жас үйренiсiп, отбасы құрғанша ортада дәнекер болатын да сол жеңгелер. Ал қазiр ше? “Ауылда жүр ғой ондай жеңгейлер” деп уәж айтатындар да табылар. Дегенмен, екi жасқа дәнекер болатын жеңгелер ауылда болса, неге ондағы кәрi қыздар қалаға ағылуда? Әлбетте, бұл мәселенiң бiр ұшы қыры кеткен тәрбие мен салт-дәстүрдiң шырқын бұзған ғаламдық үрдiсте жатыр”.

Мақаш ТӘТIМ, демограф:

– Дәл қазiр елiмiзде кәрi қыздардың саны 350 мыңға жеттi. 350 мың айтқанға ғана оңай. Шын мәнiнде, бұл – 350 мың ақталмаған үмiт, көтерiлмеген шаңырақ, ашылмаған гүл. Нақтырақ айтсақ, туылмай қалған бала. Авторы: Дилара ИСА.

Құрсаудағы қоғамдық ой”. “Таяуда Ақордада өткен Ғылым және ғылыми саясат кеңесiнiң кезектi отырысында президент НАЗАРБАЕВ мемлекеттiң идеологиялық институттарын қатты сынға алды.

Оларға “дүниетанымдық вакуум қалыптасуына жол бердi”, “отансүйгiштiк сезiмi мен идеяларын тәрбиелеуге, оң әлеуметтiк маңызы бар құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған сапалы идеологиялық жұмыс жүргiзе алмады” дегендей айып тақты.

“Мұнымен қай институт айналысып жатыр? Оларды бiз не үшiн қаржыландырып жатырмыз?” деген сыңайда ренiшiн бiлдiрдi. Тiптi өзiнiң көңiлi толмайтын мемлекеттiк мекемелердiң атын атап, түсiн түстеп бердi….

…Бiздегi мемидеология өзiнiң шыққан тегiн, түп тұғырын ұмытқан мәңгүрт идеология! Кез келген деңгейдегi лауазымды шенеунiктiң баяндамасы мен сөзiн қарап шығыңызшы. “Ауылым – алтын бесiгiм” деп неше рет толғанған екен? Қазақ өркениетiнiң қазығы iспеттес ауылдың қолдауына ие болмаған кез келген мемлекеттiк идеология алысқа бармайды! Бәлкiм, Алматы мен Астана, Кембридж бен Оксфордтан комфортынан асып көрмеген оларды бiраз уақытқа ауылға жiберiп, тәжiрибеден өткiзiп алу қажет пе? Мүмкiн, сонда олар басқаша сөйлер ме едi? Негiзiнен олар түзiп отырған мемидеологиямыз да ауылдың мұң-мұқтажына жақындар түсер ме едi…”, — деп жоғарыдағыдай пікір білдіреді Әміржан ҚОСАНОВ.

ALASHAINASY.KZ. “Әкімдік ғимараты құлады”. “Ақтөбе облысындағы аудан әкімдігінің төрт қабатты ғимараты жартылай құлап қалды.

Жексенбі күні таңертең Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Бадамша ауылында аудан әкімдігі ғимаратының жартысы опырылып түсті. “Таңғы сағат 05:55-те аудан әкімдігінің төрт қабатты ғимараты жартылай опырылып түскен. Ешкім зардап шеккен жоқ”, – деп атап көрсетілген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында.

 Естеріңізге сала кетсек, таяуда ғана жарықшақтарды жою мақсатында ғимараттың іргетасы мен қабырғалары нығайтылған болатын. Алайда мамандар: “Ғимараттың 70 шаршы метрінің қирауына осы жұмыс кезінде жіберілген ағаттықтар ықпал еткен болуы мүмкін”, – деп мәлімдеп отыр”. Авторы: Қ. КӨМЕКБАЕВ.

“Жұмақтағы бизнестің” салығын кім төлейді?”. “Байдың да, кедейдің де ұйқысын қашырған бұл дағдарыс не істетпей жатыр? Біреу әлсізді қанап күнін көрсе, кейбір әпенділер Үкіметтен табысын жасырып, салық төлемеудің неше түрлі айла-шарғысын жасап бағуда. Тіптен өлгендер де жалған кәсіпорын құрып, салықтан жалтарады екен. Яғни “есектің артын жумай-ақ” алаяқтық жолмен баюдың жолына мықтап түскен қулардың тірлігін қуып “бизнес жасайтын” баяғыда о дүниелік болып кеткен марқұмдар да бар деген сөз. Жақында САВЧЕНКО деген алматылық бір кәсіпкер-алаяқтың бірнеше заңсыз кәсіпорны бар екендігі анықталыпты. Оның бірнешеуін осындай “бизнесмен марқұмдар” басқарып келген…

Әдетте жалған кәсіпорындар өзге тұлғалардың атына тіркелетін, ал бұл мекемелер тірілер емес, қайтыс болған адамдардың атына тіркеліпті. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мәліметінше (Қаржы полициясы), ол жалған кәсіпорындар құрғаны аздай, Савченконың 7 млрд 719 млн теңге салық төлемегені белгілі болған. Бүгінде 2006-2009 жылдар аралығында өзге адамдар атына бірнеше жалған кәсіпорын ашып, соның ішінде марқұмдарды да “бизнеске баулыған” Савченко үш жылға сотталыпты, ал сыбайласына іздеу жарияланды…

… Миллиардтаған қаржы мемлекет қазынасын айналып өтіп кетеді. Оған бір ғана мысал жеткілікті. Алматы облысында 2006-2008 жылдары өзге адамдардың атынан сегіз бірдей жалған кәсіпорын құрған екі алаяқ-кәсіпкердің кесірінен мемлекет қазынасы 20 млрд теңге зиян шеккен. Алаяқтар сот үкімін күтуде. Сондай-ақ осы қаланың тағы екі тұрғыны бірнеше жалған кәсіпорын ашу арқылы мемлекетке 14 млрд 769 млн теңге көлемінде салық төлеуден жалтарған. Бүгінде олардың барлық дүние-мүлкі тәркіленіп, бірі – 5,5 жыл, ал екіншісі 4,5 жылға бас бостандықтарынан айыру жазасын арқалап кете барған…”, — деп белгіледі Бүркіт НҰРАСЫЛ.

Үкімет үйінің мұржасынан ақ түтін будақтады”. “…Кеше таңертеңнен бастап Үкімет үйінің мұржасынан ақ түтін будақтай бастады. Соған қарағанда Үкімет үйіндегілер күздің ызғарлы суығынан тоңған тәрізді. Аптаның бірінші күніндегі әңгіме де тұрғындардың “мұржасынан” басталды. Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету кезінде, астық жинау науқаны жеткен кезде, отын, жанар-жағармай бағасы жылдағы әдетінше “қымбатшылық” әуеніне салады. Атап айтсақ, Оңтүстік Қазақстандағы жанар-жағармайдың күрт қымбаттауы көпшілікке түсініксіз боп қалды. Кеше селекторлық кеңесте Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ осының себебін табуды Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит ЕСЕНБАЕВқа қатаң тапсырды. “Зерттеу жүргізіп, себебін тауып, кінәлілерді жазалаңыз. Әйтпесе, бағаға қатысты ойына келгенін істейтін болыпты”, – деп Үкімет басшысы қабағын түйді…

Суық түссе болды Оңтүстіктегі бауырларымыздың бізге деген проблемалары дайын тұрады. Сауат МЫҢБАЕВтың айтуынша, өзбек әкәларымыз бізбен және қырғыз бауырларымызбен параллельді жұмыс жүйесінен шығуға ниет білдіріп отыр. Егер ондай жағдай болатын болса, “Жамбыл” су электр стансасына бар қуатын салып тұрып жұмыс істеуіне тура келейін деп тұр. “Егер өзбектер параллельді жұмыс жүйесінен шықпайтын болса, онда “Жамбыл” су электр стансасын екі блокты жұмыс режимінде ұстаймыз, ал шығып кеткен жағдайда тұрақты түрде төрт блокты режимде жұмыс істейтін болады”, – деді Сауат Мыңбаев. Министрдің айтуынша, бұл “Жамбыл” су электр стансасына үлкен жүк болғанымен, бізді және Қырғызстанның солтүстік аймақтарын электр энергиямен қамтамасыз етуге шыдап бере алады”. Авторы: Салтан СӘКЕН.

ABAI.KZ. “Азамат Азаматыш. Цезарьдан кейінгілер кімдер?..”. “Өткен аптада Қазақстан қоғамында айтарлықтай жаңалық болып қалды. Қазақстан Президенті Н.НАЗАРБАЕВқа мемлекетте мәңгілік президент болып қала беріңіз деген ұсыныстар айтылды. Осыған орай біз елді мәңгілік билеуге ұмтылған тұлғалар туралы жазылған тарих беттеріне шолу жасамақпыз…

Алғашқы мәңгілік билеуші б.з. дейінгі 45 жылы Гай Юлий ЦЕЗАРЬ болған. Одан кейін 1802 жылы Наполеон БОНАПАРТ мәңгілік алғашқы консул болып аталған. Артынша елді өмірбақи билегісі келген тұлғалар тізімі арта түседі. Бірақ олардың көбі тақта өмірінің аяғына дейін отыра алмай кеткен екен. Қайсыбірі тақтан құлаған. Қайсыбірінің өміріне қарсыластарының тарапынан қастандық жасалған. Тәлейіне ерекше тағдыр бұйырып, елді ғұмырларының аяғына дейін билеген адамдар бұл: Раффаэль КАРРЕРА (Гватемала), Франсуа ДЮВАЛЬЕ (Гаити), Хосе Гаспар Родригес де ФРАНСИА (Парагвай), Индонезия президенті СУКАРНО (1963 жылы Сукарно Уақытша кеңестік конгресстің шешімімен Индонезияның мәңгілік президенті болып сайланған), Сапармұрат НИЯЗОВ (бірақ қоғамда С.Ниязовтың өлімі туралы әр түрлі версиялар бар) және Югославияның алғашқы президенті Иосип Броз ТИТО болды. Сондай-ақ КХДР президенті КИМ ИР СЕН секілді билеушілер фиктивті сайлаулар арқылы қайра сайланып, іс жүзінде елді ғұмырының соңына дейін билегендердің қатарына қосылды. Ким Ир Сен 1994 жылы қайтыс болғаннан кейін КХДР-ың мәңгілік президенті деп танылды.

Мемлекетті мәңгілік билегісі келіп, бірақ халықтың қолдауын ала алмай “арманда” өткендерде болды. Олар: Конго Демократиялық Республикасының президенті МОБУТУ Сесе Секо (1972 ж.), …, Уганда президенті Иди АМИН, Тунис президенті Хабиб БУРГИБА, Экваториалды Гвинея билеушісі Франсиско Масиас НГЕМА.

Тағы бір қызық жәйт, бұл мәңгілік билеушілер президенттіктен басқа да бірқатар жоғарғы лауазымдарда болған. Мысалға, Орталық Африка республикасының президенті Бокасса бұл лауазымнан басқа өзіне Үкімет төрағасы, Ұлттық қорғаныс министрі, ақпарат министрі, сондай-ақ мемлекеттегі жалғыз ғана рұқсат етілген “Қара Африканың әлеуметтік эволюциясы қозғалысы” атты саяси партияның төрағасы болған екен…

… Жоғарыда айтып өткеніміздей, “мәңгілік” президенттердің басым көпшілігі тақтан құлатылған немесе белгісіз бір себептермен қайтыс болған көрінеді.

Мысалға, Конго Демократиялық республикасының президенті Мобуту Сесе Секо 1996 жылы халықты жаппай көтеріліске алып шыққан оппозицияға қарсы еш қарсылық таныта алмай елінен қашуға мәжбүр болды. Мобуту қашып жүріп Франция мен Тогодан саяси баспана сұрап, бірақ оны ала алмады. Ақырында экс-диктатор Мароккода қалып, жарты жылдан кейін ауырып қайтыс болыпты.

Ал 1912 жылдан бастап Қытай республикасының мәңгі президенті болғысы келген ЮАНЬ ШИКАЙ бастапқыда мемлекеттің Ұлттық кеңесін таратып, биліктің барлық тармақтарын өзіне қаратқысы келген. Қаншама адам репрессияға ұшырап, мемлекеттің көкейкесті мәселелері шешілмеуіне байланысты 1915 жылы бұрынғы мәжбүрлікпен тарап кеткен Ұлттық кеңестің мүшелері бірігіп халықты көтеріп Шикайды тақтан түсірген болатын…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Баку декларациясы қабылданды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәжіліс төрағасы Орал МҰХАМЕДЖАНОВ бастаған парламенттік делегация осы күндері Баку қаласында өтіп жатқан Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының І-ші жалпы отырысына қатысуда…. Күн тәртібін бекіткен соң, ТүркіПА парламенттік делегациясының мүшелері сөз сөйледі. Қазақстандық делегация құрамында ҚР парламенті сенатының қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Қайрат ИЩАНОВ, мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, сенаттың заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, мәжілістің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Аманкелді МОМЫШЕВ, мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Бекболат ТІЛЕУХАН бар.

Отырыс қорытынды құжат — Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының Баку декларациясын қабылдаумен аяқталды… ТүркіПА-ның жұмысы шеңберінде Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам ӘЛИЕВ ТүркіПА-ға мүше мемлекеттер парламенттерінің төрағаларымен кездеседі деп өзделген. Осы сапар барысында делегация Бакудегі тарихи және қасиетті орындарға барады.

Алматының бірқатар аудандарында 1-2 қазанда №43 кіші станциядағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты жарық үзіледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today \»АлматыЭнергоСбыт\» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2009 жылдың 1-2 қазанында №43 кіші станциядағы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты сағат 01.00 мен 06.00 аралығында \»Алмагүл\» ықшамауданында, Қожанов — Розыбакиев — Әл-Фараби, Өтепов — Гагарин, Водозаборная көшелерінің аралығында жарық үзіледі.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...