«ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы конференциясында қазақтар бір-бірін жоққа шығаруға тырысты». «Қытай стратагемасынан Эко романына дейін». «Cу бағасы тағы да қымбаттамақ»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 1 қазан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ.ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы конференциясында қазақтар бір-бірін жоққа шығаруға тырысты”. “….Варшавада ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (БДИПЧ/ЕҚЫҰ) адамзат өлшемдері бойынша жылдық конференциясы аяқталып қалды. Бұл конференцияда толеранттылық, кемсітушілік, бостандық негіздері және адам құқықтары саласындағы білім беру проблемалары талқыланды. Бұл форумға Қазақстан жағынан ресми тұлғалар мен түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда…

?азақстан делегациясын Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі Мәдина ЖАРБОСЫНОВА басқаруда. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, делегация басшысы ЕҚЫҰ-ның ұсыныстарына сәйкес үкімет тарапынан сайлау, саяси партиялар, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңдарға, сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге түзетулер, өзгертулер енгізілгенін хабарлады…

Қазақстан билігінің саясатын қазақ оппозициясының шетелдегі белсендісі Балли МАЖЕЦ сынға алды. Оның пікірінше, елде адам құқықтары дөрекі түрде бұзылады. Оның айтуынша, дәл осы жағдайды жақсы жағына өзгертпей, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге құқы жоқ….

Варшава конференциясындағы АҚШ делегациясының басшысы Майкл ХАЛТЗЕЛ “Азат Еуропа”/ “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Қазақстан ресми өкілінің сөзін көптеген қатысушылар үнсіздікпен қарсы алғандығын айтты… “Тіпті нәтижесі аз болса да, диалог – демократияны таратудың жақсы тәсілі болып қалады”, – деп атап көрсетті Майкл Халтзел”. Авторы: Дильбегим МАВЛОНИЙ.

Қысым мен қыспақ енді журналистерді арнайы қызметке тартуға талпыныс әрекеттерімен жалғасуда”. “…30 қыркүйек күні Алматыдағы баспасөз-мәслихатында “Взгляд” газеті мен “Stan.kz” интернет порталының журналистері өздерінің сырттарынан жасырын аңдулар жүргізілетінін айтты. “Stan.kz” интернет порталының журналисі Наталья ПАНОВАның айтуынша, өткен аптада белгісіз біреулер келіп, өздерімен “ынтымақтастық қарым-қатынаста” болуын өтінген. Бұл жағдай Айнұр ҚҰРМАНОВты ұрып кеткен күннің ертесі болатын…”. Авторы: Мәншук АСАУТАЙ.

Арбатқа шыққан студент Жовтис ісіне президент Назарбаевтың баға беруін сұрады”. “Қыркүйектің 30-ы күні Алматының Арбат алаңында “Республика” газетінің тілшісі Жанна БАЙТЕЛОВА өткізген наразылық акциясынаазаматтық қозғалыс белсендісі Ольга ОРАЗБЕКОВА мен студент Ринат ИСАЕВ қосылды. Ал құқық органы өкілдері олардың акцияны аяқтауларына мүмкіндік берген жоқ…”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

EGEMEN.KZ. “Дағдарыстың себебі көп”. “Қазіргі кезде бірқатар елдер дағдарыс туындатқан рецессия жағдайынан біртіндеп шығып келе жатқандары туралы мәлімдеуде. Өсу белгілері Қытайда, Германияда, Италияда, Жапонияда, АҚШ-та және басқа бірқатар елдерде көрініс бере бастаған. Алайда, дағдарыстың негізгі себептері әлі де болса түбегейлі ой елегінен өткізілген жоқ….

Әлемнің алдына жаһандық экономиканы қалыпты арнасына қайтару, өндірісті жандандыру, адамдардың жұмыспен қамтылуын жақсарту міндеті қойылып отыр. Аса маңызды сол міндеттердің ішінде жаһандық қаржы жүйесін сауықтыру проблемасы айрықша орын алады. Әлемдік қаржы жүйесінің бақылаусыз дамуы, әсіресе биржалық алыпсатарлық, оффшорлық манипуляциялар салдарынан мұнда қордаланған қарама-қайшылықтар әлемдік экономика үшін жарылған бомбаға айналды. Әлемдік валюта-қаржы рыногын толтырып жіберген доллардың орасан көптігі, оның жасанды ақшалар есебінен өсе беруі әлемдік бағалардың қатерлі ауытқуларына соқтырды….

Нұрсұлтан Әбішұлы бейнелі түрде “Бесінші жол” деп атаған мақаласында қазіргі саясатшылар мен қаржыгерлер, мемлекет басшылары дағдарыстан шығу амалдары ретінде айтып жүрген бес жолға талдау жасалған. Егер осы жолдарды ой сарабынан өткізіп, кері жүріп көретін болсақ, дағдарыстың себептері жақсы түсініледі. Қазақстан Президентінің осы тақырыпқа қадалуы да, аз ғана уақыттың ішінде екінші қайтара оралуы да әбден орынды. Себебі, еліміз бүгінде әлемнің 192 мемлекетімен сауда-саттық жасайды. Осының арқасында жоғары экспорттық квотаға ие болған Қазақстанның 2008 жылы сыртқа тауар шығару көлемі 139 млрд. доллардан асып түсіпті. Біз қазір өз табыстарымыздың 78 пайызын долларға сатылатын мұнай мен газымыздың экспорты есебінен алады екенбіз.

Әлемдік валютаның жай-күйі, оның саламаттылығы барша қазақстандықтарға тікелей қатысты және іс жүзінде әркімнің мүддесін қозғайды. Әлемдік валюталық, несиелік рыноктарға қолжетімділіктің күрт нашарлауы салдарынан еліміздің банкілері, содан кейін құрылысшылар, үлескерлер, ипотекашылар қиындыққа ұшырады.

Қазіргі дүние дидарында айтылып жатқан пікірлерді ескерер болсақ, мақалада айтылған ұсыныстардың бәрі бірдей толық мәнінде қабылдана қоймас. Мұны түсінуге де болады. Алайда бүкіл адамзат үшін толғақты болып отырған ұсыныстар тұжырымдалып, әлем назарына салынғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстан басшысының мақаласы арқылы ұсыныстардың өміршең нұсқасы айтылды. Таңдау әлемнің өзіне беріліп отыр”. Авторы: Рахман АЛШАНОВ, профессор, экономика ғылымдарының докторы, “Тұран” университетінің ректоры.

ZHASALASH.KZ. “Мәселе – Мәсiмов пен монополияда”. “Премьер-министр Кәрiм МӘСIМОВ Оңтүстiк Қазақстанда жанар-жағармайды қымбаттатқандарға “қаһарын” төктi. “Тексерiңдер, кiнәлiлердi табыңдар, жазалаңдар. Бiреулер бағаны ермек көрiп отыр”, – дедi ол бұл iстi Бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк агенттiкке тапсырып. Ал “Азат” партиясы төрағасының орынбасары, экономист Петр СВОИК бағаның көтерiлуiне ең алдымен жанармай монополиясын қорғап отырған Кәрiм Мәсiмовтiң өзi кiнәлi деп есептейдi….”. Авторы: Шадияр ӨСТЕМIРҰЛЫ.

ҚАЛЕТАЕВша көзге түсу немесе қолдан көсем жасауға бола ма?”. “Астанада “Фактор лидера нации” атты кiтабының тұсаукесерiн өткiзген “Нұр Отан” партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары Дархан Қалетаев қазiргi президенттiң өмiр бойы билiк етуге заңдық мүмкiндiгi барын мәлiмдедi. “Елiмiздiң Конституциясында мемлекет басшысының неше рет президенттiк сайлауға қатыса алатыны айқын көрсетiлген. Демек, бұл мәселеде заңдық негiз толық қарастырылған”, – дедi Д.Қалетаев. “Ұлт көшбасшысы туралы” заң жобасының бастамашысы бұған дейiн де Н.НАЗАРБАЕВты өмiрлiк президент ету мәселесiн ерекше белсендiлiкпен көтердi. Соңғы кездерi БАҚ өкiлдерiне жиi-жиi сұхбат берiп, “ұлт көшбасшысы” идеясын жан-жақты дәлелдеуге, оны қоғамға тықпалауды ол әдетке айналдырды. Мұның себебi неде? “Нұр Отан” партиясының жетекшiсiн “ұлт көшбасшысы” етуге Қалетаев ақ тер, көк тер боп неге кiрiстi? Бұл “көкесiнiң” тапсырмасы ма, әлде жағымпаз шенеунiктiң тiрлiгi ме? Неге жанталасып жүр?…

….Күндердiң күнiнде қалетаевтар “менi сондай бастама көтерiп, ұсыныс жасауға Соның өзi мәжбүрлеген едi” деп мәймөңкелесе, оған да таңданбаймыз”. Авторы. Жанболат МАМАЙ.

ANATILI.KZ. “Мәжілістің негізін қалаған парасат иесі”. “Өткен бейсенбі Кәсіби Парламент Мәжілісінің тұңғыш төрағасы, тәуелсіз Қазақстанның белгілі саясаткері, танымал тұлға Марат Тұрдыбекұлы ОСПАНОВтың туғанына 60 жыл толды.

Қазақстанның кәсіби Парламентінің керегесін кеңейтіп, уығын қадаған, биліктің бір тармағының рөлін атқарған Марат Оспанов Қазақстан Парламентаризмін қалыптастыруға зор үлес қосқан. Экономист-ғалым М.Оспанов “Отан” партиясының іргетасын қалағандардың бірі әрі тұңғыш Президент Н.Ә.НАЗАРБАЕВтың саясаттағы адал серігі бола білді. Осынау сарабдал саясаткердің мерейтойына орай Парламент, Үкімет, “Нұр-Отан” және Қаржы министрілігінің командары қатысатын футболдан жарыс өтпек. Алдағы күндері М.Оспанов жайында кітаптардың тұсаукесері, “Марат Оспанов және Қазақстан Парламентаризмінің қалыптасуы” атты ғылыми-тәжірибелік конференция болады”.

Ұлт ұясы – Ұлытау”. “Қазақ жерінің қай өңірі болса да қасиетті де, қадірлі екені рас. Әйтсе де, ұлт үшін Ұлытаудың орыны өте ерекше екені де даусыз. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен небір қысылшаң шақта қазақтың игі жақсылары бас қосып, үш биі бәтуә жасап, үш жүзі мәңгілік бірлікті қалайтынын білдіріп, тасты қашап, таңба салды. Тәуелсіздікке, бостандыққа қол созды. Басынған жауды тойтарды, ұлттың ұлттығы сақталды. Ұлытау – міне, осынысымен де құнды, осынысымен де тарих үшін бағалы. Қасиетті таудың ұлтымыз үшін қаншалықты қымбат екенін тұңғыш Президентіміз – Н.Ә.НАЗАРБАЕВ еліміз тәуелсіздік алған алғаш жылдары сөйлеген сөзінде “…Біздің Ордабасымыз бен Ұлытауымыз бар”, – деп арқа төсіндегі ұлттың тауына үлкен баға берген еді. Шынында да, қазақ тарихы, қазақ ұлты жайлы қандай да бір сөз қозғала қалса, қалай да олай Ұлытауға бір соқпай, оны айналып өту тіптен де мүмкін еметей. Осы таудың етегінде елдің елдігін белгілеп, мемлекеттігінің шаңырағын көтерген Хан ордасының орны тұр. Осында КЕРЕЙ мен ЖӘНІБЕК қазақ мемлекетінің қадасын қадады. Содан бергі хандардың бәрі де ұлықтау рәсімін Ұлытауда өткізгені мәлім. Осында 793 қой жылы (1391 жыл) АҚСАҚ ТЕМІР ТОҚТАМЫСқа қарсы жорыққа шыққанын білдіріп, Алтын шоқыға таңбалы тасын қалдырды. Хандардың хандары атанған атақты Шыңғыстың да атының тұяғы осында тиді. Оның үлкен ұлы ЖОШЫның мазары Кеңгірдің бойында тұр. Елдің азаттығы мен бостандығын аңсаған қазақтың соңғы ханы КЕНЕСАРЫ Ұлытауға ордасын тігіп, үш жүздің басын біріктіруге ұмтылды…”.

ALASHAINASY.KZ. “Әкім көше сатып жатыр”. “Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының әкімі Болат ШӘКІМОВ Ақсай қаласының бір көшесін “Қарашығанақ Петролиум опереитинг б.в” (ҚПО б.в) компаниясының бас директорлығына осыдан үш жыл бұрын сайланған Роджер ФОКСке бере салды. Содан бері үш айдан аса уақыт өтті. Бірақ былқ еткен ел ағасын байқамадық..

Заводская көшесі жергілікті мәслихат ұйғарымы негізіндегі Бөрлі ауданы әкімдігі шешімімен Роджер Фокс атындағы көше болып өзгерді. Шетелдік компания қазір бұл көшені шаңын шығарып жөндеп жатыр. Оған 48 миллион теңге бөлінген көрінеді. Жөндеу жұмыстарының талапқа сай жүруін ҚПО б.в мамандарының өздері қадағалайды. Енді бір санаулы уақыттан кейін бұл көшенің жолы тақтайдай теп-тегіс болып жарқырап жатады. Болат Шәкімов мырзаның да көксегені осы емес пе еді?!

Пайдасы, әрине жақсы. Бірақ облыстағы жер-су аттарының алпыс пайызға жуығын әлі қазақшалай алмай, әр ауылдың атын қазақша өзгертерде өзге ұлттар тарапынан үлкен қарсылыққа ұшырап, кей кезде тауымыз шағылып жатқаны есімізге түскенде, еріксіз күйінесің. Мәселен, бұдан екі жыл бұрын Орал қаласына жақын жердегі Трекин ауылын алыс аудандардан көшіп келгендер қазақшаламақ болған. Бұл бастамаға облыстық ономастикалық комиссия да қолдау білдірген. Қайда… бір кезде осы жерден пана тапқандар шапшығанда, кімнің қайда екенін таба алмай қалдық емес пе?

Трекин ауылының ұлтжанды белсенділері бір ай бойы жергілікті орыстілді басылымдардың мазағына ұшырады. Олардың ұлттық сана-сезімдерін әжуа қылып, абыройларын айрандай төкті, “ауылдың тарихи атауын өзгерту не деген масқара?” деп сөкті.

Бұған “Алтын Орда” газетінен басқа басылым мойын бұруға да жарамады. Бойкүйездіктің классикалық үлгісі, сірә, осындай болар!

Сонда дейміз-ау, осылайша итше алысып, әр төбешікті, көшені қан майданда шайқасқаннан бетер болып қазақшалап жатқанымызда, Болат Шәкімовтің бұл қылығына не айтарымызды білмей бармақ тістеп отырған жайымыз бар….

Қазақстан Республикасы Үкіметінің “Қазақстан Республикасы мемлекеттік-ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының” 3,2 тармақшасында “елді мекендер мен көшелерге қандай еңбек сіңіргеніне қарамастан, тірі кісінің аты берілмейді” деп жазылған екен. Осы тұжырымдамада еліміздің дамуына айрықша үлес қосқан тұлғалар есімі қайтыс болғаннан кейін кемі бес жыл өткеннен кейін ғана осындай құрметке ұсынылады делінген. Былайша айтқанда, елді мекен, көше аттары пәленше мен түгеншенің бастамасы немесе ұсынысымен беріле салмайды. Көше атына лайық тұлға көпшіліктің пікірімен, жоғарыдағы айтылғандай, заң негіздерінде таңдап алынады. Бұдан мұндай мәртебені иелену қаншалықты қиын екенін осыдан-ақ шамалап отырған боларсыздар…”, — деп тұжырымдайды Жадыра ШАМҰРАТОВА.

DMK.KZ. “Жаңа Азия”. “Нұр Отан” партияаралық ықпалдастықты дамытуңа бағыттаған маңызды қадамда да күшбасшы болып қала береді. Астанада Азия мен Океанияның көшбасшы саяси күштері “Азиялық саяси партиялардың халықаралық конференциясының” (АСПХК) Тұрақты комитетінің 11-отырысы және осы ұйымның Бас Ассамблеясының 5-ші жиыны өтті. Осы орайда, мұның құрлықтың 45 елінің 245 партиясын біріктіретін өте мәртебелі њәм өкілетті ұйым екендігін айта кету ләзім. Ол саяси партиялардың өзара байланыстарын тереңдете беру жолымен Шығыс елдерінің арасындағы ынтымақтастықты, келісімді және түсіністікті нығайтуды көздейді. АСПХК ұйымы Елордадағы жиынға үлкен жауапкершілік жүктеген екен. Мәселен, ұйымның Бас Ассамблеясының елордадағы отырысына “Азияны жаңарту” тақырыбы берілген”.

Қытай стратагемасынан Эко романына дейін”. “Телеарналардың бірінен еуропалықтардың, яғни, ақ адамдардың Американы қалай жаулағаны, жергілікті үндістерді қандай жолдармен тізе бүктіргені жайлы хабар көріп отырғам-ды. Кенет тосын бір дерек ой-қиялымды селт еткізді. Бұл оқиға 1750-1760 жылдары Канадада болыпты. Ағылшындар тәкаппар үндістермен шайқаста жеңіске жете алмағасын, оларды айламен алдап соғуға тырысады. Қызыл тәнділерге тарту-таралғылар жасайды. Міне, осы сый-сияпаттың арасында жеңіл-желпі жамылғы көрпелер де бар еді. Ақтардың өздеріне деген қошамет-құрметіне бек сеніп қалған үндістер бұл көрпелерді де достықтың белгісі ретінде шынайы қабыл алған. Бала-шаға мәре-сәре болып қуанған. Бірақ олар осы сыйлықтардың арғы жағында сұмдық қатыгездіктің жатқандығын білмеген-ді. Уақыт өте келе тайпаластары бірінен кейін бірі өле бастағанда да ақ адамдардан күдіктене қоймаған. Тәңірінің жіберген зауалы ғой деп үнсіз мойынсұнуға кіріскен. Жаратқанның жазасы екендігіне сенгендері соншалық, тіпті, әлсіреген тұстарын аңдып отырған ағылшындар шабуыл жасағанда да қарсылық көрсетуге тырыспайды. Өйткені, бізді Тәңірі жазалап отыр дейді. Ал, шын мәнісінде бар себеп сол баяғы жамылғы көрпелерде еді. Олар оспамен ауырған адамдардан алынған-ды. Тәңірі емес, осы оспа үндістерді қынадай қырған-ды. Американ деректі фильмшісі бұл оқиғаны биологиялық қарудың тарихта алғаш рет пайдаланылған сәті деп көрсетеді….

…Қытайдан үйренеріміз көп. Мүде қаған жайлы бабаларымыз даналығынан сыр шертетін оқиғаны бүгінгі бізге бұра тұртпай, тарихымызға көлеңке түсіретін оқиға еді деп кірпиязданбай жеткізген де осы елдің әрбір сәттен сәулелі ой-пікір іздеуге әуес ғұлама шежірешілері болып табылады. Жақында қолыма осы елдің “36 стратагема” деп аталатын көне жәдігерін жан-жақты зерттеген Батыс ғалымы Харро фон Зенгердің “Стратагемалар” дейтін екі томдық еңбегі түсті. Оқып отырып, ғажайып бір әлемнің ішіне кіріп кеткендей күй кештім. Байқағаным, бүгінгі Қытай тек өз елінің өткеніне емес, бүкіл әлемнің тарихына, оның әрбір сәтіне зер салып отыр. Тек зер салып қана қоймай, олардан пікір де түюлі екен….

Енді Азияны қойып, бір сәт Еуропаға оралайық. 1980 жылы итальян жазушысы Умберто ЭКОның “Раушанның есімі” деп аталатын романы дүниені дүр сілкіндірді. …Міне, Умберто Эко, бар болғаны, осы оқиғаның Еуропада, ортағасырлық Италияда болыпты-мыс делінетін жаңа әдеби нұсқасын жасап шыққан. Мұны Еуропа әдебиетшілері де мойындайды. Солай, қытай “Стратегемаларында” арғы-бергі адам баласына айтары бар тарихтың ең үздік оқиғалары жинақталған. Онда болашақтың кілті ғана емес, ғажайып романдар мен хикаяттардың мазмұндары да жасырулы. Сый-сияпатқа алданған үндістердің халін кешкіміз келмесе, саясатта шахмат ойнап үйренген Қытаймен деңгейлес болуға ынталансақ (Стратагемалардың 2 миллиардтан астам комбинацияны қарастыратынын жоғарыда айттық), Конфуцийдің ғұлама інілері сан ғасырлап жинаған бұл жәдігерге де бір сәт ой көзін жүгіртіп қойғанымыз жөн-ау”, — деп тұжырымдайды Әмірхан БАЛҚЫБЕК.

ZANMEDIA.KZ. “Cу бағасы тағы да қымбаттамақ”. “Ауыз су тапшылығы бүгінде бүкіл әлемді алаңдата бастады. Көптеген елдердің ең ділгір мәселесіне айналған су мәселесі, енді сулы, таулы даласы шөлейттеніп бара жатқан Қазақстан үшін де өзекті тақырыптың бірі болып отыр. Өйткені, 1950 жылдары Қазақстанда 120 млрд. текшеметр шамасында су қоры болса, қазір оның көлемі 100 млрд. текшеметрге дейін кеміді деген де болжамдар бар.

Осының салдарынан болар, күзде ауыз су бағасы тағы да қымбаттайды. Бұл әңгімені естіген жұрт жағаларын ұстап таңдануда. Егер ауыз судың бағасы бір әлде екі теңгеге қымбаттайды десе, дүйім ел бұлай даурықпасы анық еді. Қазіргі кезде ауыз суға төлейтін баға 5 теңге болса, енді қазан айынан бастап 15 теңгеге көтерілмек. Жуырда “Алматы су” холдингінің басшылығы табиғи монополияларды қадағалау агенттігіне тіршілік нәрінің бағасын он пайызға көтеру туралы ұсыныс жіберген болатын. Бұл ұсыныс қабылданса, үйінде есептеуіш құралы орнатылмағандар үшін судың бағасы 15 теңгеге қымбаттамақ. Агенттік “Алматы су” холдингінің ұсынысын құптаса, тұрғындар бір текше метр суға 22 теңгеден төлейді. Ал, суды асыра пайдаланатын кәсіпкерлерге тағы да 10 теңге қосылады.

Ірі қаланың тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін мекеме басшылығы “бағаны шарықтатуға электр қуатының қымбаттауы негіз” дейді. Оның үстіне шетелден әкелінетін су қондырғылары мен құралдарының құны да ұшып тұр. Холдинг қызметкерлері “бізге міндеттелген бағдарламаны орындау үшін тарифті қымбаттатқаннан өзге амал жоқ” дегенді алға тартып отыр. “Біз судың бағасын өз пайдамыз үшін көтермейміз. Қызметкерлеріміздің жалақысы бұрынғысынша қалмақ. Қыруар қаржы Кеңес Одағынан қалған құбырлар мен желілерді жөндеу үшін қажет. Мұны тұрғындар мен кәсіпкерлер түсіністікпен қабылдаса дейміз”, – дейді “Алматы су” холдингі МКМ техникалық директоры Рамазан ЖҰМАТАЕВ.

…Су тапшылығы қазірде Орталық Азияға ортақ проблемаға айнала бастағандықтан тіршілік нәрін үнемдеу суды заңсыз пайдаланып отырғандарды осы кезден бастап ойландыра бастауы керек сияқты. Күніне үш-төрт мәрте ванна астауын суға толтырып, сазанша төңкерілетін әдетіміз қанға сіңген. Бірақ, суға тиын төлерде түріміз бұзылып кететіні тағы да рас. Судың бағасын қымбаттатқаннан жоғары жақта отырып сүлікше соратын кәсіпкерлердің түгі де кетпесі анық. “Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің” кері қарапайым халыққа тимек. Өз күндерін әрең дегенде көріп жүрген халықтың халі не болмақ?”. Авторы: Раушан ПЕРНЕХАНҚЫЗЫ

Қарты бардың – қазынасы бар”. “Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1990 жылдың желтоқсан айындағы кезекті отырысында 1 қазан – Қарттар күні болып белгіленді. Содан бері осы мереке жер-жерде кеңінен аталып, қарияларға барынша құрмет көрсетіліп келеді. Әрине, үлкендерге деген сый-құрметтің бір күннің аясында шектеліп қалмасы анық, соған орай адам баласының бойындағы бұл ізгі ниет – Алла Тағалам бұйыртқан әрбір секундтың еншісінен бөлінбек емес, бөлінбейді де. Өйткені, бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңдылыққа бас иген қазақ қашаннан үлкенді сыйлауда тәспісінен жаңылмаған. Халқымыздың “Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет” немесе “Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” секілді пәлсапалық мәні зор қағидаларының жасқа да, жасамысқа да бағдаршам іспеттес болуы соның жарқын айғағы…

Қоғамның ізгілігі – балалар мен қарттарға жасалған қамқорлықпен бағаланатыны бұлжымас ақиқат. Бұл тұрғыда еліміздегі қариялар мәселесіне тоқталар болсақ, қарттар мен мүгедектер, қорғаушысы жоқ кембағалдар жалпы зейнеткерлер жайы Президентіміздің дәстүрлі халыққа Жолдауында назардан тыс қалған емес. Қазақстандағы зейнетақы саясаты да жасы жеткен жандарға жыл сайын жағымды жаңалықтар сыйлауда. Айталық, биыл зейнетақы мөлшері 25 пайызға көбейді. Бұл қадам 2010 жылы тағы қайталанса, 2011 жылы одан да асып түсіп, 30 пайызға артпақшы. Бүгінгі күні еліміздегі ең төменгі зейнетақы төлемі – 15 362 теңге болса, ал жоғарғы зейнетақы – 32 121 теңгеге жетті. Осыған сәйкес орташа зейнетақы көлемі 22 822 теңгені құрап отыр. Ал, әлемге аты әйгілі Ресейдегі орташа зейнетақы 8 мың рубль (285 доллар шамасында) екен. Салыстырмалы түрде алсақ, керегесі кеше керілген жас мемлекет тәуелсіз Қазақ елі үшін бұл аз жетістік емес.

БҰҰ сарапшыларының қорытындысына сүйенсек, 2050 жылы алпыс жастан асқан әлем халқының саны миллиардқа жететін көрінеді. Осы өлшеммен бағамдасақ, алдағы уақытта қарттар саны бүгінгі күнмен теңгергенде екі есеге артады. “Қарты бардың – қазынасы бар” демекші, жас ұрпаққа жөн көрсетіп, жол сілтер, аталы сөзі сүйек балқытып, мерей шалқытар абыздарымыз дәйім азаймағай. Қазіргі кезде зейнеткерлер саны Жапонияда – 21, Италияда – 20 пайыз екен. Бұл – халық санына шаққанда ең жоғарғы көрсеткіш. Қазақстанның осы тұрғыдағы ахуалы 11 пайыз, яғни, біздің елімізде 1,7 миллион шамасында зейнеткер бар. Айта кетерлігі, біздегі зейнеткерлікке шығу жасы достастық мемлекеттермен салыстырғанда аса жоғары да, тым төмен де емес, көңілге қонымды. Енді жиырма бес жылдан кейін дүниежүзінде халқы жасының қарттығы бойынша көш басына Германия шығуы мүмкін екендігі жайлы болжамдар бар. Әрі бұл көрсеткіш ел халқының өмірінің ұзақтығымен емес, табиғи өсімінің ең төменгі мөлшеріне байланысты болып отыр. Бүгінгі таңда халқының көп жасауы жөнінде Жапония алдына жан салмай тұр…”, — деп белгіледі Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың өкімімен Жандарбек Сәдуұлы ЖАНЗАҚОВ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқы Ассамблеясының он бесінші сессиясын 2009 жылғы 26 қазан күні Астана қаласында шақыру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

\»Қазақстан халқы Ассамблеясының он бесінші сессиясы 2009 жылғы 26 қазан күні Астана қаласында \»Ел бірлігі — біздің стратегиялық таңдауымыз\» атты күн тәртібімен шақырылсын\»,- делінген өкімде.

Қазақстан Республикасының үкіметіне Қазақстан халқы Ассамблеясының он бесінші сессиясын өткізуді ұйымдастыру жөнінде шараларды қабылдау тапсырылды.

Қазақстанда 30 қыркүйекте көлік салығын төлеу мерзімі аяқталады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Венгрияда \»Қыпшақтардың бірінші құрылтайы\» атты мәдени және ғылыми-танымдық шаралар өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР СІМ хабарламасына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, екі апта бойы Венгрияның Надькуншаг және Кишкуншаг аймағының тарихи \»кун-қыпшақтар\» қоныстанған бірнеше елді мекендерінде, кундардың Венгрия аумағына қоныстануына VIII ғасырдай болғанына орай \»Қыпшақтардың бірінші құрылтайы\» атты мәдени және ғылыми-танымдық шаралар өтті…

Шараға жиналғандарға ҚР тарихы, оның қоғамдық-саяси рөлі, елдегі экономикалық өзгерістер, ҚР президентінің халыққа жолдауы, \»Қазақстан халқы ассамблеясы\», Қазақстанның халықаралық деңгейдегі бастамалары (\»Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі\», \»Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері\»), сондай-ақ екі жақты байланыстардың дамуы туралы айтылып берілді…

Карцаг қаласында өткен екі апталық мәдени және ғылыми-танымдық шаралардың жабылуының салтанатты жиынында Құрылтайды ұйымдастырушы қоғамдастықтың төрағасы Йожеф ФИЧОР, қала мэрі Шандор ФАЗЕКАШ және ҚР Елшісі Р.ЫБЫРАЕВ сөз алды…

1 қазаннан бастап әрбір өткен күнге өсімпұл есептеліп, төленбеген салық сомасына байланысты айыппұл санкциялары салынады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, заңды тұлғалар көлік салығын 1 шілдеге дейін төлейді, 5 шілде — ағымдағы төлемдерді тапсыру мерзімі. Жеке тұлғалар үшін де бұрын осылай болған, бірақ биылдан бастап ол 1 қазанға дейін ұзатылды. Заңды тұлғалар үшін мерзім өзгерген жоқ. Бұл мерзім жаңа ҚР Салық кодексіне сәйкес белгіленіп отыр.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...