«Қазақ тілінде дыбысты мәтінге айналдыратын компьютерлік бағдарлама жасалды». «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: халықтың құрметі маған қуат береді». «Григорий Марченко, Ұлттық Банктің Төрағасы: Төл теңге төзімділік танытты»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 16 қараша 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Далада қалған ескерткіш-мүсіндегі қазақ хандарының келбеті \»қытайланып\» кетіпті-міс”. “…Қазақ Ордасының негізін қалаған КЕРЕЙ мен ЖӘНІБЕК хандардың қола мүсіндерінің далада қалуына біразға дейін билік селт етпесе де, қоғам бейжай қалмады. “Қазақ елі” монументінің құрамдас бөлігі болуға тиіс жәдігерлердің иесіз далада жатқанына жас саясаткерлердің кейбірі Астана әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ жауапты деген де болатын. Үш апталық үнсіздіктен соң Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов тарихи ескерткіштерге қатысты осы аптада журналистерге былай деп жауап берді

Мен ескерткіштер жөнінде айтудан қорықпаймын. Бұл сұрақты маған емес, рұқсат құжатсыз жасаған мүсіншіге қойыңдар. Рұқсат құжат деген не? Бұл – мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы ескерткішті салуға рұқсат беретін мемлекеттік комиссияның құжаты деген сөз. Ал мұндай құжаттар мүлдем жоқ. Демек ескерткіштер жөнінде де сұрақ туындамау керек, — деді Иманғали Тасмағамбетов. Ол сонымен бірге журналистерге “Егемен Қазақстан” газетін оқуға кеңес берген еді. Ал осыдан бірер апта бұрын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тарихи жәдігерлерге қатысты сұрақтарына мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар ҚҰЛМҰХАММЕД мемлекеттік комиссия жөнінде ләм-мим деместен “Бұл мәдениет министрлігінің шаруасы емес, әкімдіктен сұраңдар” деп, журналистерді әкімдікке қарай жолға салған еді.

…. Естеріңізге салар болсақ, алғашқы қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек пен Керейдің және алты батырдың қола мүсіндерінен тұратын мемориал кешені Астана жанында иесіз далада жатыр. Ол жөнінде ең бірінші болып Азаттық хабарлаған еді, 20 қазанда Астанада “Қазақ елі” монументінің ашылу салтанаты болды, бірақ оның қатарынан хандар мен батырлар есекерткішіне орын табылған жоқ.. 1456 жылы, яғни XV-ғасырда Қазақ Ордасының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар жөнінде \»бұрынғы-соңғы тарихта орны бөлек екі адам бар десек – Қазақ Ордасының негізін салған әуелгі екі ханымыз – Керей мен Жәнібек\» деген баға берілген”, — деп тұжырымдайды Жұлдыз ТӨЛЕУ.

Қазақ тілінде дыбысты мәтінге айналдыратын компьютерлік бағдарлама жасалды”. “…Мамандардың дерегінше, ауызша айтылған сөзді қаріптеп жазбаша мәтінге түсіретін бағдарламалар қазіргі кезде батыс елдерінде және Қытайда бар. Бірақ Қазақстанда, оның ішінде қазақ тілін ғана қабылдайтын мұндай бағдарлама бірінші рет жасалып отыр.

Жаңа бағдарламаны жасап шығаруға үш жыл уақыт және 200 мың АҚШ доллары шамасында қаражат жұмсалғанын айтқан қазақстандық “Ізет” фирмасының директоры әрі бағдарлама авторларының бірі Ізетәли ТІЛЕШОВ бұл жаңа өнім елде өзекті мәселе болып отырған қазақ тілінің дамуына септігін тигізеді деп сенеді.

Қазақ тілінің мәселесі туралы қазір екінің бірі, егіздің сыңары айтатын болды. Депутаттар да, саясаткерлер де айтып жатады. Дегенмен, біреу іс арқылы көрсету керек қой. Осы бағдарламаны жасау арқылы қазақ тілінің дамуына үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймыз, — дейді Ізетәли Тілешов.

… “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігінің қызметкері Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ бүгінгі таңда үкіметтің қазақ интернетіне де, бұл саладағы мамандардың жетістігіне де назар аудармайтынын қадап айтты. Әйткенмен, маман осы салада қазақ тілін дамыту бағытында жұмыс істеп жатқандар үкіметтің жылы қабағын тосып қол қусырып отырмай өздігінен талпынып жатқандығын атап өтті.

— Үкімет елеп, ескермеді екен деп, тұралап қалған қазақ интернеті және қазақ компьютер саласы мамандары жоқ. Ауызша айтылғанды мәтіндеп беретін бағдарламаның тек қана қазақ тілінде жасалып отыруының өзі қазақтың заманауи технологиясының баяу да болса дамып келе жатқанының көрінісі, — деді Серікқазы Кәкібаланов”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ

Қазақстан қоғамы диссидент Нұрқаділовтың өлген күнін елеусіз қалдырғандай болды”. “Қарашаның 12-сінде Заманбек НҰРҚАДІЛОВтің жұмбақ жағдайда мерт болғанына төрт жыл толды. … Заманбек Нұрқаділовтің өліміне 4 жыл толған кезде елдегі демократиялық күштер саясаткерді еске алып, жылдағыдай басына барып, еске алу шараларын өтізбегендей, елеусіз, ескерусіз қалдырғандай көрінді. Қазақстандағы демократиялық күштердің мұндай “тыныштығын” әркім әрқалай жорыды….”, — деп белгіледі Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: халықтың құрметі маған қуат береді”. “14.11.09. Тікелей желі бойынша, Елбасыға 34 мың сауал түсті. Көптеген сұрақтарға Президент егжей-тегжейлі, ашық жауап берді

Бүгінгідей бүкіл әлемді жайлаған дағдарыс ешқашан болған емес. Әлемдік экономиканың оған қарсы күрес шығындары 12 триллион долларды құрайды. 230 миллион адам жұмыссыз қалды. Барлық трансұлттық компаниялардың жартысы сәтсіздікке ұшырады. Олардың 30 пайызы өз активтерін сату жөнінде мәселе қоюға мәжбүр болды. Қазақстан осындай жағдайда жұмыс істеді. Дегенмен біздің халқымыз бұл дағдарысты онша сезінген жоқ. Себебі, мен барлық аймақтарда болып, тұрғындармен тілдесіп жүргендіктен, жалпы жағдайды білемін. Мұның бәріне еліміздің қуаты, мүмкіндігі және қорларының арқасында қол жетті және біз қиындықтардан жаман өтпедік….”.

Ел мен Елбасы арасындағы етене байланыс”. “Сонымен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВқа 34000 сауал түсті. Бұл 2007 жылғы мемлекет басшысының интернет-конференциясы кезінде қойған сауалдардан алты-жеті есе артық. Өйткені осы жолы әр қазақстандықтың Қазақстан Президентіне өз сауалын оңай әрі жылдам жолдауына кеңінен жол ашылды.

Ең алдымен пайдаланушылары жыл сайын артып келе жатқан әлемдік торшаның мүмкіндігі кеңінен пайдаланылды. Яғни арнайы сауалдар жолдап қана қоймай, оның интернетте жариялануын қадағалауға, басқа азаматтардың да сұрақтарын оқып, олармен танысуға мүмкіндік беретін арнайы www.lіne.gov.kz мен www.akorda.kz сайттары жұмыс істеді. Тіпті сауал жолдауға уақыты жоқ жұмыс бастылар да сайттағы түрлі сауалдарға тез дауыс беріп, қоғам үшін өзекті мәселенің Президенттің назарына жылдам ілігуіне септігін тигізе алды. Ал сұрағын кеңінен, майын тамызып жазғысы келетіндерге электронды поштаға хат, ал мәнерлеп жеткізетін шешендерге сайттың арнайы бөлігі арқылы бейне-сауал жолдауға жағдай жасалды.

Интернет-сауал қоюдың тағы бір артықшылығы — мәселен, билік жүйесіне қатысты ескертпе, сын сауалдар жарияланса, олар бүкіл ел алдында әшкереленіп, жауапты тұлғалардың олармен танысуына, қорытынды жасауына түрткі бола алды. Егер 2007 жылы 7 маусымда Қазақстан Президентіне интернет-конференция арқылы 4,7 мың сұрақ түссе, осы жолы тек интернет арқылы түскен сұрақтар одан үш еседей артық шыққан. Яғни бұл интернеттің мүмкіндіктері жылдан-жылға ұтымды пайдаланыла бастағанын аңғартса керек. Дағдылы байланыс түрі — телефон пайдаланатын тұрғындарға да жеңілдік бар. Азаматтар республиканың қай түкпірінен болса да +7 (7172) 555-777 нөміріне тәуліктің кез келген уақытында тегін хабарласып, сауалдарын жеткізе алды. Үнсіз тілдесуге бейімдер 1111 нөміріне sms-хабарлама жіберу арқылы да мемлекеттің бірінші басшысына үшбу хаттарын жолдады. Алдын ала алынған мәліметтер бойынша, телефон арқылы сауал қойғандар, бәрібір, басым шыққан. Одан кейінгі орынды — интернет пайдаланушылар алса, смс-жіберушілер мен бейне сауал жолдаушылардан азырақ сауал түскен….”. Авторы: Нұржан ЖЕҢІС.

Орталық Азия елдерінің бірігуіне кедергі неде?”. “… Алматыда “Орталық Азия елдерінің аймақтық интеграциясы және экономикалық серіктестігі: Ынтымақтастықтың ашық диалогы” атты халықаралық форумы болды

Тақырыбынан көрініп тұрғандай, әңгіме тағы да көрші жатқан елдердің аймақтық бірыңғай экономикалық кеңістік орнатып, тәжірибеде бар өзге елдердің одағы секілді, барлық күрделі проблемаларды бірлесе шешіп, экономикалық-әлеуметтік дамуды бірге жасау жайындағы пікірлер мен ұсынысты ортаға салып, талқылауға арналды.

Форум жұмысын жүргізуші ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ Орталық Азия елдерінің интеграциялануы процесінің басты қадау мәселелері жайында әңгімелей келе сөзді дөңгелек үстел басына жиналған баяндамашыларға берді. Форум жұмысына Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Ұлыбритания, Америка ғалымдары да қатысып, өз пікірлерін ортаға салды. Жаhандық қаржылық дағдарыстың өзі басында Америка Құрама Штаттары тұрған дамыған елдердің бірлесу мен жалғыз-жарым жүрген көптеген дамушы мемлекеттердің қиындықты кімнің қалай өткеріп келе жатқанын айырып берді. Қазақта “Жалғыздың үні шықпас” деген сөз бар, мұны әлемдегі алпауыт елдер де түсініп, барынша бірлесіп, қауымдасып өмір сүрудің, бірігіп дамудың артықшылықтарын сезіне бастады. Бүкіләлемдік экономикалық форум сарапшыларының пікірі бойынша, әлемдік экономиканың алдағы дамуы жайында әлі де айқындық жоқ. Оны олар экономиканы дамытудың 4 сценарий бойынша бөлінгенінен деп есептейді. Осы төрт сценарий де интеграциялық одақтың маңызды рөлі туралы айтылады. …ҚР Білім және ғылым министрлігі экономика институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Оразалы СӘБДЕН осы бағыттардың тармағы солтүстікамерикалық еркін сауда ассоциациясы, Еуроодақ және азиялық одақтың дағдарыс кезінде жетекші мемлекеттер екенін айқын көрсетіп беруде. Олар қандай қиындық болса да, төтеп бере алатынын дәлелдеуде. Ал енді дамушы елдерге келетін болсақ, олардың дамыған елдермен бірлесу мүмкіндігі болмаса, басқа да бірлестіктердің төңірегіне жиналуына болады емес пе? Мысалы БРИК — Бразилия — Ресей — Индия -Қытай. Бірақ бұл елдердің экономикасы шағын елдермен бірлесуге мүдделі екендігі айқындалмай тұр.

…. Ал ресейлік белгілі сарапшы Алексей ВЛАСОВ: — Орталық Азия елдері интеграциялық одақ құруы үшін бірінші осы аймақта орналасқан елдердің адам капиталына ерекше маңыз беріп, оны дамыта алған күнде ғана одақ туралы ойлауына болатынын ашып айтты. Сарапшы адам капиталы бойынша әлемдік тізімде Қазақстанның 73-ші, ал өзге елдердің 100-дің арғы жағындағы орындарды алып тұрғанын еске сала кетті. Адам капиталы дегенде, алдымен осы аймақтағы тұрғындардың білімі, денсаулығы, салауатты саяси көзқарастары, әлеуметтік жағдайларын қолға алу керек.

Ол егер қажет болса, Ұлыбританиядан келген, Оксфорд университетінің профессоры Питер ОППЕНГЕЙМЕР болса, Орта Азия елдер интеграциясына өзінің еш қатысы болмаса да, Еуроодақ тәжірибесінен оны құрудағы маңызды механизмер жайында әңгімелеп бергісі келетінін білдірді. “Еуроодақ мүшелері елдері арасында да әртүрлі көзқарастар ағымы бар, мысалы, Англия — одаққа жартылай ғана кіріп отырған ел, ол тіпті одақтың ортақ валютасын қабылдамай, ұлттық валютасын пайдаланады. Қысқасы, бір шаңырақтың астына бірігудің алғы шарттарын жасау үшін орталықазиялық елдер алдында алынбаған асқар таулар тұрған секілді. Бірақ асқар таулардың биік шыңдарын да адамдар бағындырып, басына ту тігеді емес пе?”. Авторы: Алма МҰХАМЕДЖАНОВА.

Григорий МАРЧЕНКО, Ұлттық Банктің Төрағасы: Төл теңге төзімділік танытты”.

“- Григорий Александрұлы, ұлттық валюта биыл 16 жасқа толады. Біз сізді осы айтулы күнмен құттықтаймыз. Дегенмен артта қалған уақытқа көз жібере және өзіңіздің қазіргі тәжірибеңізді, біліміңізді негізге ала отырып, жас мемлекетіміз жасаған қадамды экономикалық, саяси, қоғамдық тұрғыдан қалай бағалар едіңіз?

— Тарих шартты рай дегенді білмейді. Біз, әрине, қазір қандай да болмасын шешімнің дұрыстығы немесе қателігі туралы талқылай аламыз. Алайда ол кезде кез келген шешім белсенді түрде талқыланды және экономикалық ахуалға барабар қабылданды. Жас валюта уақыт сынына төтеп берді. Әлемдік қаржы дағдарысы, әлемдік мұнай бағасының айтарлықтай құлдырауы да, көтерілуі де оның сағын сындыра алған жоқ. Ол халықтың сеніміне ие болды. Қазақстанда тәуелсіздік алған уақыт ішінде жақсы нәтижеге жеткізген экономикалық реформалар жүргізілді. Теңгенің енгізілуі, сөз жоқ, нарықтық экономиканы құруды тездетті. Біздің республикамыз 16 жылдың ішінде әлеуметтік, экономикалық және саяси салаларда айтарлықтай табыстарға жетті…

— Дағдарыс кезінде Ұлттық Банк екі майданда тиімді әрекет етуі тиіс: инфляцияны ырықтандыру және ұлттық валютаның ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қандай шаралар осы міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді?

— Дәстүр бойынша, ұлттық валютаны құнсыздандыру мемлекеттің елдің төлем балансындағы ахуалды түзету үшін қабылдайтын ең тиімді шараларының бірі болып табылады. Ақпанның басында болған теңгенің бір сәттік құнсыздануы және Ұлттық Банктің ұлттық валютаның бағамын 1 доллар үшін 150 теңге ±3% деп жарияланған дәліз шеңберінде ұстап тұру жөніндегі кейінгі шаралар нақты сектор кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, қыркүйектің аяғында есептелген нақты тиімді айырбастау бағамы индексі бәсекеге қабілеттіліктің базалық деңгейі ретінде қабылданған 2000 жылғы желтоқсандағы деңгейден төмендеді және 99,2% құрады (2009 жылғы қаңтарда — 128,1%).

Республиканың төлем балансы үшін мұнай секторының жандануы — жағымды үрдіс. Мәселен, қазан айында мұнайдың әлемдік бағасының өсуі қаңтармен салыстырмалы түрде алғанда 69,3 пайызға жетті. Халықаралық Валюта Қорының алдын ала бағалауы бойынша, осы тоқсандағы әлемдік экономиканың өсу қарқыны 2008 жылғы V тоқсандағымен салыстырғанда 0,8% болады, бұл шикізат тауарларына сұранысты қамтамасыз етеді және ағымдағы жылдың аяғына дейін мұнайдың әлемдік бағасын ағымдағы деңгейде ұстап тұрады. Осыған байланысты қазіргі кезде қандай да болмасын шараларды, атап айтқанда, теңгені қайта құнсыздандыру үшін экономикалық алғышарттар жоқ. Мемлекеттің жинақталған халықаралық резервтері Ұлттық Банкке және Үкіметке әлемдік баға конъюнктурасының және негізгі әріптестердің валюта бағамдарының қысқа мерзімді ауытқуларын еңсеруге және ұлттық валютаның тұрақтылығын ұстап тұруға көмектеседі. Сонымен қатар Қазақстаннан экспортталатын шикізат бағасының жоғарылығын ескере отырып, Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты нығаюына, төлем балансының жақсаруына және басқа факторларға байланысты теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы нығаюы тиіс.

— Көптеген ұлттық экономиканың долларға тәуелділігінен туындаған проблемалар әлемде жаңа резервтік, ұлттық валютадан жоғары валютаның пайда болуын күтіп отыр. Бұл жөнінде бірнеше рет Қазақстан Президенті де айтқан болатын. Алайда еуроны енгізу тәжірибесі оның ұзақ мерзімді және оңай үрдіс емес екендігін көрсетті. Осы мәселеде Ұлттық Банктің көзқарасы қандай? Бұл дағдарыс ең дамыған және қуатты банк жүйесі бар бір елдің ұлттық валютасын әлемдік резервтік валюта ретінде пайдаланудың тәуекелі жоғары екенін көрсетті. Осыған байланысты көптеген мамандар жаңа ұлттық валютадан жоғары әлемдік валютаны енгізуді қолдап отыр. Көптеген елдер мұндай проблеманы белгілі бір аймақ шегінде шешуде. Мысалы, айналысқа жақын арада шығуы жоспарланып отырған Парсы шығанағы елдерінің еуро немесе динары. Алайда, жаңа валютаны енгізу оңай емес және ұзақ уақыт қажет. Тұтастай алғанда, ұлттық валютадан жоғары валюта енгізілген жағдайда, барлық елдердің құқықтары және басымдықтары бірдей болады, ал әртүрлі геосаяси тәуекелдер азаятын болады. Сонымен қатар бұдан басқа мәселелердің туындауы және басқа тәуекелдердің өсуі мүмкін. Біздің ойымызша, бұл мәселе жан-жақты зерделеуді қажет етеді.

— Теңге — бүгінгі күні танымал әлемдік валюталардың қатарында тұр, оның кейбір номиналдарының халықаралық наградалары да бар, бірақ біздің валюта өзіне жүктелген төлем құралы, құн өлшемі, жинақтау құралы, айналыс құралы ретіндегі функцияларды қаншалықты табысты атқарып отыр? Осыған қатысты қаржы көрсеткіштері нені көрсетеді?

— …Ұлттық валюта жөнінде сөз болғанда тек оның дизайны мен қорғаныш дәрежесі ғана емес, оның ақшаның негізгі функцияларын қаншалықты атқарып отырғандығы айтылатындығы белгілі. Бүгінгі күні теңгені толыққанды ұлттық ақша бірлігі деп сеніммен айтуға болады. Ол ақшаның барлық функцияларын орындап отыр, яғни: құн өлшемі (нарықтағы әртүрлі тауарлар мен қызметтердің құнын өлшеу), айналыс құралы (тауардың сатушыдан сатып алушыға қозғалысындағы, мәмілелер жасаудағы “делдалдық” рөлі), төлем құралы (тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу), жинақтау құралы (жинақ ақша, оның ішінде депозиттер түрінде). Мысалы, соңғы сегіз жылда депозиттердің теңгедегі үлесі 2001 жылдың соңындағы 36,0%-дан 2009 жылғы қыркүйектің аяғындағы жағдай бойынша 50,1%-ға дейін өсті. Бүгінде ел ішіндегі барлық есеп айырысу және сауда операциялары негізінен ұлттық валютада жүзеге асырылады, тауарлар мен қызметтердің бағасы, сондай-ақ, республика ішіндегі барлық төлемдер де теңгеде белгіленеді және төленеді. Бұл ретте ақша төлем құралы ретінде қолданылатын елдің ақша айналымының негізгі бөлігі қолма-қол жасалмайтын ақша айналымына тиесілі, оның көлемі жыл сайын экономиканың дамуы мен ауқымының кеңеюіне қарай өсіп келе жатыр. Тек 2009 жылдың 9 айында елдегі қолма-қол емес төлемдер көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14,6%-ға (14,7 трлн. теңге) ұлғайып, 115,0 трлн теңгені құрады.

…- Халық арасында ұлттық валютаның сыртқы бейнесіне кімнің жауап беретіндігі, қандай да бір номиналдардың қолданылу мерзімінің ұзақтығы қандай, олар қандай себептерге байланысты ауыстырылатындығы әрқашан қызығушылық тудырады. Осы бағытта Ұлттық Банк қандай жұмыстар атқарып жатыр?
— Ұлттық валюта — теңгенің сыртқы бейнесіне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жауап береді. Ұлттық Банк филиалдарының кассаларына қолма-қол ақша түскен кезде аймақтық филиалдардың кассирлері банкноталар мен монеталарды өңдейді, оған қайта санау, сұрыптау, түпнұсқалығы мен төлемділігін тексеру, орау мен жою кіреді. Мәселен, Директорлар кеңесінің 2009 жылғы 26 тамыздағы №177 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарында эмиссиялық-кассалық операцияларды ұйымдастыру және құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету ережесіне сәйкес айналысқа жіберу үшін жарамды ақша және жойылуы қажет банкноталар, ақаулы (бүлінген) монеталар айқындалады. Басқарманың 2001 жылғы 3 наурыздағы №58 қаулысымен бекітілген екінші деңгейдегі банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда кассалық операцияларды және банкноталарды, монеталарды инкассациялау операцияларын жүргізу ережесіне сәйкес екінші деңгейдегі банктер де банкноталар мен монеталарды сұрыптайды. Тозған банкноталардың санатына жатқызылған банкноталар айналысқа шығарылмайды және Ұлттық Банктің филиалына белгіленген тәртіппен міндетті түрде өткізілуі тиіс.

Түрлі номиналдағы банкноталар қолма-қол ақша айналысында әр түрлі қолданылу ұзақтығына ие. Мәселен, 200 және 500 теңгелік ұсақ номиналдардың банкноталары түрін операцияларға жиі пайдаланатын болғандықтан тез тозады және тиісінше жиі ауыстырылады (9-12 айда 1 рет). 1000 және 2000 теңгелік орта номиналдардың банкноталары 2-3 жылда 1 рет ауыстырылады. Неғұрлым жоғары 5000 және 10000 теңгелік номиналдардың банкноталары сақтау және жинақтау құралы болғандықтан және сирек тозатындықтан, оларды ауыстыру 4-5 жылда бір рет жүзеге асырылады. Монеталарға қатысты айтатын болсақ, халықаралық сараптамалық бағалауларға сәйкес монеталар ұзақ уақыт бойы жарамды болып табылады және 15-20 жылда 1 рет ауыстырылады.

— Ұлттық Банк номиналы 20 немесе 50 мың теңгелік банкнот шығару және деноминация жүргізуді жоспарлап отырған жоқ па?

— Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк жақын уақытта 20000 және 50000 теңгелік банкноттарды шығаруды, сондай-ақ, теңгенің деноминациясын жүргізуді жоспарлап отырған жоқ.

— Көптеген азаматтардың қор жинап, оны үйде ұстауға ықылас білдіретіні құпия емес. Бүгінгі күні Ұлттық Банк қазақстандықтардың үйде сақталатын қаржы қорларын қалай бағалайды? Халықтың жинақ ақшасын сақтау және көбейту үшін депозиттерден басқа қандай құрал ұсынылуы мүмкін?

— Біздің болжам бойынша, Қазақстанда қолма-қол шетел валютасының айтарлықтай көлемі халықтың қолында сақтаулы. Оның басым бөлігі “көлеңкелі” экономиканың транзакцияларына қызмет көрсетуге пайдаланылады, қалған бөлігі “қаралы күнге” жинақ ақша ретінде пайдаланылады. …Халықтың ауқымды топтары үшін инвестициялық құрал ретінде алтыннан және күмістен жасалған монеталар бар. Бұл монеталардың соңғы жаңа сериясына “Алтын барыс” 4 алтын монетасы және “Күміс барыс” 4 күміс монетасы кіреді. Алтын монеталардың оннан бір унциясынан (3,11 грамм) бір унцияға (31,1 грамм) дейін және бір унциядан он унцияға дейін (311 грамм) күміс монеталардың салмақ бойынша сипаттамалары кірісінің деңгейіне қарамастан халықтың кез келген топтарына инвестициялық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік жасайды. Инвестициялық монеталарды сату бағасы АҚШ долларының ресми бағамына байланысты теңгеде көрсетілген, халықаралық нарықтағы алтынның немесе күмістің бағамынан және оны дайындау шығындарынан тұрады. Қымбат металдардың құны және доллардың бағамы ұлғайған кезде сатып алынған монетаның құны артады. Сонымен қатар борыштық құралдардың ішкі нарығын дамытуға ықпал ету және халыққа оның салымдарының сақталуын қамтамасыз ететін жаңа қаржы құралын ұсыну мақсатында Қаржы министрлігінің жеке тұлғаларға арналған арнайы орта мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарын (МАОКАМ) шығарғанын атап өткен жөн. МАОКАМ-ның айналыс мерзімі екі және үш жыл, сыйақы ставкасы 7,3% және 7,5%, тиісінше, олар бойынша сыйақыны төлеу жылына екі рет жартыжылдық төлемдермен жүзеге асырылады. Бір МАОКАМ құны 10 АҚШ долл. баламасына тең және ол валюталық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретін құрал болып табылады….

— Сіздің пікіріңізше, теңгенің болашағы қандай, ол алдағы уақытта қандай сынақтарға тап болуы мүмкін?

— Қазіргі кезде теңгенің айырбастау бағамымен қалыптасқан жағдай тұрақты. Оның ауытқулары жария етілген дәліз шеңберінде орын алады. Бұдан әрі жағдай әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы үрдістердің, Қазақстанның негізгі сауда әріптестері елдеріндегі ахуалдың әсерімен қалыптасуы мүмкін. Ұлттық валютаның тұрақтылығына ықпал етуі мүмкін басқа да факторлар бар. Бұл — төлем балансының жай-күйі, халықаралық резервтердің деңгейі, қаржы нарығына қатысушылардың сенімінің деңгейі сияқты факторлар. Әрине, сыртқы нарықтардағы жағдайдың нашарлау ықтималдылығын толығымен жоюға болмайды және біз кез келген жағдайларға дайын болуымыз керек. Алайда сыртқы және ішкі экономикалық конъюнктураның әрбір шамалы өзгерісі кезінде қандай да болмасын теріс факторлар мен сынақтардың көрінуін күтуді орынсыз деп санаймыз. Теріс экономикалық үрдістердің белгілі бір дәрежеде тиісті құбылыстармен ынталандырылатынын есте сақтаған жөн: инфляция жоғары инфляциялық болжамдармен, валюталық бағамның құлдырауы құнсыздануды күтумен, дағдарыстардың өзі экономикалық дағдарыстарды күтулермен ынталандырылады. Тұтастай алғанда, біздің жоспарымызда келесі жылы ұлттық валютаның бағамын белгілеу икемділігін арттыру үшін жағдайлар жасау кіреді, бұл ауқымды сыртқы күйзелістерге барабар жауап қатуға және оларды “сіңіруге” мүмкіндік береді. Осылайша, теңгенің ауытқу дәлізі 2010 жылы кеңейтіледі, бұл ретте дәліздің орталық мәні 1 АҚШ доллары үшін 150 теңге деңгейінде қалады…”. Дайындаған Үмітжан ЖАПАР.

2009 жылдың 18 қарашасында сағат 11-00-ден 13-00-ге дейін www.bnews.kz порталында Қазақстан Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың қатысуымен “Қазіргі жағдайдағы ҚРҰБ-нің ақша-кредит саясаты туралы” Onlіne-конференция өтеді. Сауалдарыңызды қазірден бастап қоя беріңіздер!

TURKYSTAN.KZ. “Астық – ашық аспан астында”. “Биыл бiтiк шыққан бидай ауыл шаруашылығын өркендетуге емес, керiсiнше, керi кетiруге ықпал етуi мүмкiн. Тонналаған астығы ашық аспан астында жатқан диқандар аязбен және арзаншылықпен күресiп әлек. Кейбiр шағын астық өндiрушi компаниялар банкротқа ұшыраудың сәл-ақ алдында тұр. Үкiмет дәндi-дақылды сақтайтын жердi дайындап алмай тұрып, егiс алқаптарын кеңейтуге неге асықты? Далада қалған егiннiң нақты көлемiне қатысты көрсеткiштер неге ала-құла?

Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi таңда отандастардың әрбiр бесiншiсi ауыл шаруашылығында нәпақасын тауып жүр. Мамандар қауымы КСРО құлағаннан кейiн аталған саладағы өндiрiс қарқыны мен сапасы 10 пайызға төмендеп кеткенiн көлденең тартады. Дүниежүзi бойынша астық өндiруде алтыншы орынды иемденетiн Қазақстанда бүгiнде дайын егiндi жинау, сақтау мен өңдеу мәселесi шешiлмеген. Сейсенбi күнi депутаттар алдында есеп берген ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек КҮРIШБАЕВ биылғы егiннiң бiр бөлiгi (650 мың тоннасы) қар астында жатқанын мойындады. Министрге шүйлiккен мәжiлiсмендер – Еркiн РАМАЗАНОВ пен Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ астықты сақтау, өңдеу мен таратудағы қиындықтардың жыл сайын қайталанатынын, түбегейлi шешiлмей отырғанына қынжылса, Владимир НЕХОРОШЕВ наразылығын қатты айтты: “Наурыз айында қайда болдыңыз? Аграрлық комитетпен бiрге жаз бойы қайда болдыңдар?! 7 миллион тоннаға жуық астық далада жатыр, пайдаға жарамайтын болды!”. Қаһарға мiнген мәжiлiсмендi сабырға шақырған министр 7 млн. тонна емес, 650 мың тонна астықтың ашық аспан астында жатқанын көлденең тартты. Оның 400 мыңы элеватордың жанына жиылып, бiр-екi күнде өңдеуге дайындалып жатқан көрiнедi. …Депутаттардың бас қатырған басты сұрағы: “Егер Үкiмет астықты қайда жiберерiн бiлмесе, егiстi алқаптарды сонша кеңейтуге не себеп болды?”. Мәжiлiсмендердiң дабылына құлақ асқан Азық-түлiк корпорациясындағылар тығырықтан шығудың бiрнеше жолын қарастыруда. Солардың бiрi: астықты қытайларға Ресей жерi арқылы тасымалдау (бiрақ алдымен транзит мәселесiн шешiп алған жөн). Жуырда ғана Премьер К.МӘСIМОВ құны арзандап кеткен қазақ астығын Қытайға экспорттау арқылы шешетiнiн, аспанасты елiнiң бiзден бидай импорттауға құлшынып отырғанын мәлiмдеген едi. Бiрақ бұл бiр-екi күнде, тiптi, бiр-екi айда шешiлетiн мәселе емес. Қытайға экспорттау процесi 2010 жылдың қаңтарынан бастап қана жүзеге асырылмақ. Ең алдымен, диқандар баға саясатын тез арада айқындап алуы тиiс. ….Экспорт демекшi, кәрi құрлықтағы тұтынушылық сұраныстың бәсең тартуы себептi, биыл еуропалық нарықтағы қазақ астығының халi аса мәз емес. Күнi кешеге дейiн батыстық нарыққа дәндi-дақылды Ресей мен Украина арқылы тасымалдап келген Қазақстан ресейлiк билiктiң темiр жол бағасын 30 пайызға бiр-ақ шығандатуының кесiрiнен, экспорт мәселесiнде де ұтылып отыр. Алайда, Министрлер кабинетi диқандарды “бiздiң басты бағыт Еуропа емес, Орта Азия мен Таяу Шығысқа бұрылатын болды” деп жұбатуда. Ал “Ауыл” партиясының жетекшiсi Ғани ҚАЛИЕВ батыстықтардың бiздiң астықтан бас тартуын сапаның төмендiгiмен түсiндiредi. Сондай-ақ, оның айтуынша, егiннiң төрттен бiр бөлiгi өңдеу кезiнде желге ұшады, ал билiк астыққа қатысты ахуалды қадағалап отырған жоқ”. Авторы: Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

Қазақ” альманағының №3 саны жарық көрдi”. “Мемлекеттiк тiлдi қолдау жөнiндегi президенттiк қордың бастамасымен жарық көре бастаған “Қазақ” альманағының 3-саны жарық көрдi. Бұл ХХ ғасырдың басында, дәлiрек айтсақ, 1913-1918 жылдары шығып тұрған “Қазақ” газетiнiң заңды жалғасы десек те болғандай. Өйткенi, “Қазақ” альманағының басты мақсаты да – ұлтты дамыту, Қазақтың сөзiн сөйлеу, арманы мен мақсат-мүддесiн жүзеге асыру. Альманахтың кезектi саны марқұм, әдебиетшi, француз тiлiнiң маманы Ғалымжан МҰҚАНОВтың “Ұлтшылдық пен ұятсыздық: қатер қай тұстан?” мақаласымен ашылған. “Үндiстанның ұлы көшбасшысы ағылшын отаршылдығына қарсы күрестегi басты фактор ретiнде үндi ұлтшылдығын алға тартады” дейдi автор. Демек, бiздегi бүгiнгi ұлтты дамыту жолындағы күресте – қазақ ұлтшылдығының жетпей жатқандығына баса назар аударып отыр. Дәл осындай ой, тағы да о дүниенiң қонағы болып үлгерген белгiлi дипломат, саясаттанушы Болатхан ТАЙЖАНның “Ұлттың күретамыры: дербестiк алған елдердiң тiл саясаты туралы” атты мақаласында көрiнiс тапқан. Жұмаш КЕНЕБАЙдың “Бүгiнгi қазақ кiм”, Ерлан ҚАРИНнiң “Билiкке ұлттық мәселеге қатысты пiкiр айтудан демократия туралы оппозициялық көзқараста сөз айту жеңiлiрек”, Хангелдi ӘБЖАНОВтың “Ұлттық идея – қазақ мұраты” атты мақалалары орыс тiлiнде жарияланған Валихан ТУЛЕШОВтың, Қанағат ЖҮКЕШЕВ пен Әзiмбай ҒАЛИдың, Амангелдi АЙТАЛЫ мен Айдос САРЫМның мақалаларымен идеялық тұрғыдан өзектес, сарындас. Мәселен, Валихан ТУЛЕШОВ “Принципы казахской национальной идеологии в ХХI веке” атты мақаласында “Түркиядағы секiлдi Қазақстанда да ұлттық сана-сезiмге реформа жасалуы керек” деген ой тастайды. Ал, Айдос Сарымның “Абай: CTRL+ALT+DELETE” атты мақаласында Абай феноменi және оның қазақтың бары мен нары болып тұрғанының себептерiне үңiлген. Абай заманындағы өзектi тақырыптардың бүгiнде күн тәртiбiнен түспей тұрғандығын әңгiмелей отырып, оның себептерiн iздеуге талпынады. Демек, көзiқарақты оқырманға “Қазақ” альманағының берерi мол, айтары мазмұнды”.

Қытайдың дағдарыстағы қадамы”. “Дүниежүзiн жайлаған дағдарыс әлем елдерiн есеңгiретiп тастады. Тiптi ес жия алмай құрдымға кеткен кәсiпорындар мен өндiрiс ошақтары да бар. Алайда осы кездi бiр ғана мемлекет тиiмдi пайдаланды. Ол ел — Қытай. Дағдарыс өртiне мойымағаны былай тұрсын, бүкiл жер шарының энергоресурстары мен пайдалы қазбаларын шетiнен қармап алып, өз үстемдiгiн жүргiзiп отыр. Ол дер кезiнде банкротқа ұшыраған қаржы орталықтары мен шикiзат орындарын сатып алды. Дағдарыс соңы олар үшiн сәттi болмақ, себебi сазға отырған бұндай байлықтың кейiннен миллиондаған қаржы әкелерi анық….Сыртқы экономикасы берiк күншығыс елiнiң шет мемлекеттерге салған қаржысын санау мүмкiн емес. Себебi Лондон шикiзат биржасы арқылы өткен өндiрiс орындарының кiмге кеткенiн бiлу мүмкiн емес. Ал мемлекетаралық келiсiм негiзiнде берiлген шикiзат көздерi назардан тыс қалып жатқан жоқ. Ендеше ҚХР-дiң коммерция министрлiгiнiң ағымдағы жылға сәйкес жасаған статистикасына назар аударалық. Қытай әлемнiң 112 мемлекетiнiң 1600 кәсiпорнына қаржы салыпты (басым көпшiлiгi тау-кен өндiрiсi). Бұл мәлiмет жыл аяғын есепке алмағандағы көрсеткiш. Жыл аяғы тақағанша түгелдей бiр мемлекеттi жұтып аларлық жағдайы бар. Мәселенки, алыс шетелдi араламай-ақ қоялық. ТМД мемлекеттерiн алайық, Қазақстанды былай қойғанда Ресей, Белорусь, Украина нарығына, соның iшiнде тау-кен өндiрiсi мен мұнай көздерiн игеруге 100 миллион АҚШ долларынан астам қаржы салып отыр. Сонымен қатар Украинада қолға алынатын “Евро 2012” жобасының құрылысына да араласпақ ниетте. Еуразияны бiраз артқа тастауға тура келiп тұр. Қытай қолына алмаған энергия көздерi Африкада ғана қалған сыңайлы. Сахараның дәл төрiне орналасқан Нигерияның мұнайына көз тiгiп, мұхиттағы мұнай ошақтарының бiразын қоластына өткiзiп те алды. Жақында Нигериядағы алтыншы мұнай ошағына инвестор болып кiрдi. Айтпақшы, әлемнiң алпауыт мұнай магнаттары не қарап отыр деген сұрақ туындауы мүмкiн. Бiрiншiден, батыстық Royal Dutch Shell, British Consortium секiлдi мұнай корпорацияларының Нигериядағы мұнай өндiру уақыты тәмамдалды. Жылы жерге қайта оралуға олар да дәмелi, әрине. Әйткенмен Қытай қулығын қалдырсын ба? Қытайдың инвестициялық корпорациясы осы күнге дейiн әлемнiң энергия көздерiнiң арқасында қаншама триллион қаржы жинап алды. Ендеше, әжептәуiр қаржы көзiнен айрылмас үшiн қытай дипломаттары екi есе қаржыны ұсынып отыр. Бар пайда солардың есебiне шешiлерi сөзсiз. Қазiрдiң өзiнде ҚХР Африканың 49 мемлекетiмен сауда-экономикалық қарым-қатынаста. Үстiмiздегi аптада Мысырдағы Шарм-Эль-Шейхте өтiп жатқан Қытай мен Африка мемлекеттерi арасындағы өзара қарым-қатынас талқыланып жатқан форумда ҚХР мемлекеттiк Кеңесiнiң премьерi ВЭНЬ ЦЗЯБАО қара нәсiлдi материкке несие берiлетiнiн айтты. Ашығын айтсақ, Қытай тарапынан үстемелiк пайызы төмендетiлген он миллиард доллар сомадағы қаржы бөлiнедi деп хабарлады Аssociated Press агенттiгi. Бiр ғана 2008 жылдың өзiнде Қытайдың Африкадағы инвестициясы 7,8 миллиард долларды құраған. Ал ел аралық сауда-саттық былтырғымен салыстырғанда 30%-пайызға өскен. 2007 жылы Қытайда арнайы инвестициялық корпорация құрылған болатын. Аталмыш мекеме алғашқы қаржыны Қытайдың ұлттық банкiнен алған-ды. Қазiрдiң өзiнде, ұлттық қорында 900 миллиард доллардан астам қаржы бар. Оны тiптi бiздiң қордағы сомамен салыстыруға да келмейдi…”. Авторы: Ақниет ОМАРҒАЗЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақы кілем келмеске кетіп барады”. “…Жайсаң – төсеніш, ілсең сән болатын қазақы кілем біздің де ұлттық мақтанышымызға айналар-ақ дүние еді. Алайда самарқаулығымыз ба, әлде немқұрайдылығымыз ба – қазақы кілемді ұлттық қолөнер үлгісі ретінде көрсетуден аспай келеміз. Іргедегі түрікмендер қиын кезеңнің өзінде кілем шаруашылығын сақтап қалса, біз беріде, елдің тұрмысы түзелген шақта, еліміздегі жалғыз кілем фабрикасы – “Алматыкілемнің” “жаназасын” шығардық. Осыдан кейін қазақ кілемі қалай өркендесін?

Қазір ел арасында қолдан кілем тоқитын шеберлер саусақпен санарлықтай-ақ қалды. Ол да болса, оңтүстік өңірде ғана. Енді ширек ғасырдан соң қолдан кілем тоқитын жанды емге де таппайтын боламыз. Сонда қазақы кілемді тек мұражайлардан ғана тамашалауға болатын дүниеге айналып шыға келеді. Өрмек құрып, кілем тоқуды үйренейін деген жастар қазір мүлде жоқ деуге болады. Барының өзін бағалай алмайтындар қол кілемді “күйе түседі” деп лақтырып тастайды. Сонау тоқсаныншы жылдары елімізге бельгиялық кілемдердің қаптап кеткені есте. Сол кезеңде ғой, қазақы қол кілемнің төрден ығысып, босағадан орын тепкені. Одан бері де арабтың қалы кілемдері сауданың алдын бермейтін болды. Ал Бельгия мен Испания кілемдерінің атасы осы арабы кілем болатын. Сөйтіп, қазақтың түкті және тықыр кілемдері ұмытылып, шетке ығысты.

Сонау бағзы замандарда қазақ арасында кілемнің намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, түкті кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем деп небір түрге бөлінгенін біреу білсе, біреу білмейді. Бүгінде біз түкті және тақыр кілем деп, екі-ақ түрі бар деп жүрміз….

… Соңғы кілемді Қорқыттың ауылынан табасыз. Бірнеше жыл бұрын Сыр бойының кілемдері жайында түрік бауырларымыз зерттеп-зерделеп арнайы жинақ шығарған болатын. Ұршық үйірген әжелер кілемнің жібін әзірлеп, күнұзақ немересін қасына алып отырар еді. Оның тәрбиелік мәні де зор. Ұлттық ұстынымызды сақтауға септігін тигізер еді. Қазақы рухты ұрпақ бойына сіңіруге осындай тірліктің аз көмегі тимейді ғой.

Қызылордалық Қымбат ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ апамыз қазақы кілемді тоқуда көптеген ерекшеліктерге мән берілетінін айтады. Әрбір ою-өрнекте жатқан үлкен сыр бар. Ол тұтас бір дәуірдің тынысын білдіреді. Тіпті қошқармүйіз оюының астарына үңілсең, қазақтың тыныс-тіршілігінен мағлұмат алуға болады. Тұрмыстағы өзге де ерекшелігіміз кілем тоқу барысында кәдеге жарап жататын.

Қазақтардың түрікменнен несі кем…Бізбен салыстырғанда бүгінде түрікменнің қалы кілемінің атағы жер жарады. …”. Авторлары: Гүлжан КӨШЕРОВА, Әділжан ҮМБЕТ.

ABAI.KZ. “Ескеріңіз, Есімов мырза: Алматы… ең нашар қалалардың бірі”. “Қай заманда болмасын, бейтаныс елге барып, нәпақасын айыруға я болмаса нарығын игеріп, байлығын бөлісуге ынталы азаматтар толастаған емес. Ал, кірпияз американдықтар мен еуропалықтарға тіпті өмір сүру сапасы өте төмен елдерде жұмыс істегені үшін деп қосымша пұл төлейтін көрінеді. Осы орайда американдық ORC Worildwide атты рекрутингтік компаниясы атақты Business Week журналына арнап ең нашар қалалардың тізімін түзіп беріпті. Яғни, АҚШ, Канада және Батыс Еуропаның аумағынан тыс жерлерде шетелдіктердің түрлі мәселелермен, айталық ауру-сырқаумен, саяси шыдамсыздықпен, ластанумен, т.т. “ұсақ-түйекпен” бетпе-бет келуі мүмкін деген 55 қаланы атапты. Әрине, әскери қимылдар жүріп жатқан Бағдад, немесе халықаралық изоляцияда қалған Пхеньян сияқты қалалар онсыз да бұл тізімге қосылмаған. Масқара болғанда, біздің ару шәріміз Алматы топ бастамаса да, төртінші орынға ілігіп тұр. Алматыдан озса, тек Эр-Рияд (Сауд Арабиясы), Джакарта (Индонезия) және Лагос (Нигерия) қана озыпты. Ендеше, Есімов мырза, көкейімізде “нашар қалалардың алдында болатындай нендей кінәміз кетіп еді?” деген заңды сауал туады екен. Айтпақшы, сөзіміз сенімді болу үшін сол зерттеменің бізге қатысты тұсын ойып бермекпіз. Оқып көріп, ойланып көріңіздер…”. Авторы: Ө.ДАРХАН.

JASQAZAQ.KZ. “Мақтаның құны – мақташының зары”. “Мақтамен таң атырып, күн батыратын мақтааралдықтардың көңілі биыл тағы да күпті. Ерте көктемде жанбағыстың қамына кіріскен диқандар ауа райының қолайсыздығынан мақта шитін кеш екті. Кейбір жерлерде қайта сепкендер де болды.

Бұл – бір. Су тапшылығы осы жылы да шаруалардың қос бүйрегінен қысты. Мұны екі деп қойыңыз. Тапқан-таянғанын “ақ алтынға” аямай жұмсаған Мақтаарал жұртшылығы “шөжені күзде санаймыз” деп үміттеніп еді. Мақта бағасы жаз бойы жұмыс істеген жұрттың еңбегін еш етті. Мақта қабылдау зауыты “ақ алтынның” бір келісін 40 теңгеден қабылдай бастады. Баға қазір 50 теңгенің ар жақ-бер жағында “ойнақшып” тұр. “Бұл біздің шығынымызды да өтемейді”, – дейді диқандар. Біз осы өңірде болғанымызда көпшіліктің көңілінің ала-құла күйде жүргеніне куә болдық. Журналист екенімізді айтқанымызда, “Біздің мұң-зарымызды кім тыңдайды? Шындықты неге жазбайсыңдар?” деп көкейіндегі күдік түймесін ағытып жіберді…”. Авторы: Ерболат АЙТБАЙҰЛЫ.

ZANMEDIA.KZ. “Жалған мүгедектік сотта айқындалды”. “Жақында Атырау облыстық сот алқасында апелляциялық сатыда қылмыстық іс қаралды. Осы істі талқылау барысы қатысушыларға “мүгедектік біреулер үшін мұң болса, біреулерге мақтаныш екен-ау” деген ой тастаған шығар, бәлкім. Біздің бұлай деуімізге өзіміз куә болған істің негізі себеп болып отыр. Өмір деген қызық қой, күнкөрістің қамы адамға не істетпейді дейсіз. Қай жерден қалай оңай олжа табам деген жұртшылық та күннен-күнге құйтырқылықтың түр-түрін меңгеруде. Мысалы, кез келген адам туберкулез ауруынан зәредей қорқады. “Ауырам” демек түгілі “ауырдым” деп айтуға жүрексінеді. Бірақ арамызда осы аурумен ауырғанын алға тартып айласын асырып жүргендер де бар екен.

Мәселен, кейбіреулер кеудесіндегі Кох таяқшаларынан құтыла алмай қор болса, сотталушы құрт ауруына шалдыққан адамның кейпіне еніп, мүгедек атанып жалған құжаттармен мүгедектік жәрдемақыны кертіп жеп жүрген. Бір қызығы, ол бұл “батпан құйрықты” да місе тұтпай, 1997 жылдан бастап 12 жыл бойы ай сайын тұрақты түрде мүгедектікке байланысты төленетін жәрдемақымен қоса атаулы әлеуметтік көмекті де қатар алып келген. …Облыстық соттың қылмыстық істер бойынша сот алқасының 27-қазандағы қаулысымен Атырау қалалық сотының үкімі күшінде қалдырылды”. Авторы: Салтанат РАХИМОВА.

MASSAGAN. COM. “Берік ӘБДІҒАЛИ, Мемлекеттік тілді қолдау қорының директоры: Астанадағы Кенесары ескерткішін Елбасы өз бастамасымен қойды”. “Берік мырза, біз қазіргі таңда қазақ хандарын қаншалықты білеміз? Оларды ел арасында насихаттаудың идеологиялық, патриоттық-тәрбиелік маңызы қандай?

Бұл мәселе өте өзекті. Біз ұлт, халық ретінде өткен хандардың қажеттілігін қатты сезінген кезде, келешекте өткендегідей жағдайлар қайталанбайды. Қазақ хандары тек мектептегі тарих оқулығынан ғана көріп-білетін тұлғалар емес. Бұл — біздің күнделікті саяси, қоғамдық өмірімізде еске алып отыратын әрі бізді қашанда сүйемелдеп, қолдап, жебеп жүретін образдар. Ол арқылы күнделікті қоғам өз-өзін тәрбиелейді. Сондықтан олардың әрқайсысын жақсы білу керекпіз. Мәселен, мен үшін Қасым хан — қазақ империясының образы. Бізде қазір қазақ империясы болғанын айтуға ұялады. Өйткені 300 жылда бізді ұрып-соғып, қыспаққа алған соң, біз өзіміздің қандай болғанымызды ұмытып қалған сияқтымыз. Ал біздің империялық ой-арманымыз болды ғой. Қасым хан жанымызға төнген жауларымызды қосып алып, жерімізді кеңейтіп, батыстағы Алтын орданың астаналарының бірі болған Сарайшықты арнайы басып алған. Қасым хан жаңа құрылған Қазақ хандығын Алтын орданың мұрагері ретінде көрген. Ол ары қарай ноғайларды да қосып алуды армандады. Ал Ноғай ордасы — бүгінгі бүкіл оңтүстік Ресей. Сол тұста оның 300 мыңға дейін әскері болды. Ол заман үшін бұл — өте көп әскер. Бүгінде сол Қасым ханның ескерткіштерін қойып, көшелерге атын беру, күнделікті өмірде атын жиі атау — бұл біздің геосаяси империялық санамызды қайта жаңғыртатын жайт. Біз дәл қазір сыртқы саясатта белсенді болып, өз ықпалымызды Қырғызстан, Өзбекстанға дейін күшейтіп, Ресей мен Қытайға өз шамамызды мойындата білуіміз керек. Қасым хан — қазақтың империясының образы болса, Кенесары хан — ұлттық күрестің, ұлттық ар-намыстың образы….”.

ZHASALASH.KZ. “Саяси маңызы бар таңдау”. “Евгений ЖОВТИС азаматтық қоғамға үндеу тастады. Ұлттық баспасөз клубында құқық қорғаушы Евгений Жовтистiң жақтаушылары баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Онда Жовтистi қорғау штабының жетекшiсi Сергей ДУВАНОВ сөз сөйлеп, Өскемендегi ОВ 156/13 қоныстандыру колониясында жазасын өтеп жатқан Евгений Жовтистiң азаматтық қоғамға үндеуiн жеткiздi. Сондай-ақ, қорғаушы Виталий ВОРОНОВ және қоғамдық қорғаушы Вера Ткаченко өз пiкiрiн айтты. Олар Евгений Жовтис iсiне Жоғары соттың баға бергенiне қарамастан, қадағалау алқасына шағым түсiретiндерiн мәлiмдедi….”. Дайндаған Д. ДАБЫЛБЕК.

ZAMANA.KZ. “Айна алдындағы ақиқат. беттегі дақтар да денсаулықтан хабар береді”.

Адам терісінің түсі, беттегі безеу мен дақтар, тіпті әжім мен қалдар ағзадағы ауру белгісі мен өзгерістен хабар береді екен. Төмендегі ескертпелерді есіңізде сақтасаңыз, Сіз де өзіңізге диагноз қоя алатын боласыз.

Тері түсінің бозғылттығы қаназдықтың белгісі болуы мүмкін. Кейде жүрек кемістігі жағдайында да тері бозғылттанады. Ал көгіс тартуы қан айналымы жеткіліксіздгінің, жүрек не болмаса өкпе ауруларының белгісі.

Беттің қызғылт түске енуі артериялық қысым жоғарылағанда, қан жүйесі ауруларында болады. Кейде бұл терінің жұқалығынан және қан тамырларының теріге жақын орналасуынан да болуы мүмкін.

Маңдай терісіндегі саңылаулар, көз астының қызаруы жүрек бұлшық еттерінің қанмен қамтамасыз етілуінің жеткіліксіздігін білдіреді. Ал беттің сарғаюы бауырдың жұқпалы ауруы – гепатиттің, не бауырдың созылмалы ауруының асқынғандығының белгісі. Сонымен қатар өт тасы ауруларында, талақ ауырғанда, ісік жағдайында, кейбір дәрілік заттар қабылдағанда бет сарғаюы мүмкін.

Бетте және дененің басқа да жерлерінде безеу (жасөспірімдердегі емес) гормондық тепе-теңдіктің бұзылғандығын білдіреді. Жасы қырықтан асқан әйелдердің беттерінде қызғылт безеулер, қызыл дақтармен бөртпелер пайда болса, бұл олардың бауырында созылмалы аурулардың бар екендігін, не болмаса асқазан-ішек жолдары қызметіндегі бұзылыстарды көрсетеді.

Бетте пигменттік дақтардың пайда болуы жүкті әйелдерде жиі кездеседі. Егер олар жүктілікке қатыссыз болса, онда зат алмасуы мен бауырдың қызметіне қатысты болғаны.

Көздің астында қара шеңберлер пайда болса, бауыр не жүрек қызметі бұзылысының, не болмаса ұзаққа созылған шаршау белгісі болып табылады. Ал балалардағы мұндай белгі көбінесе аллергиядан. Беттің немесе көз астының ісінуі сұйықтықты көп қолданудың, бүйрек не жүрек ауруларының, қан айналымы бұзылысының белгісі.

Жас адамдарда әжімнің көп болуы атеросклероздың және жүрек-қан тамыры ауруларының ерте дамығандығын білдіреді. Ал қастардың арасындағы тік әрі терең әжім бауыр қызметіне салмақ түскендігінің айғағы.

Бет бұлшық еттерінің тартуы жүйке ауруларының белгісі. Қабақтың еріксіз тартуы көбіне ағзада магнийдің жетіспеушілігінен туындайды.

Беттің қып-қызыл болуы көбіне денсаулығы мықты адамдарда кездеседі. Сондай-ақ қантты диабетке, туберкулезге, не болмаса қан қысымына ұшыраған адамдардың да беттері қызаруы мүмкін.

Майда іріңдердің жылына бірнеше рет иммунитеттің төмендеуін және ұзаққа созылған шаршауды білдіреді. Ол диабетпен ауырған адамдарда да жиі кездеседі.

Бетке және дененің басқа да жерлеріне бөртпелердің шығуы аллергиядан бастап күрделі жұқпалы ауруларға дейінгі әртүрлі аурулардың белгісі болуы мүмкін.

Құлақтың сырғалығында қиғаш әжімдердің пайда болуы атеросклероздың белгісі, мұндай әжімдер көбейген сайын жүрек-қан тамыры ауруларының қаупі де күшейе түседі”.

KAZ.GAZETA.KZ. Шымкентте үш мектеп пен бір балабақшаға әлі жылу берілген жоқ, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бүгін Абай ауданының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің қызметкерлері осы ауданда орналасқан үш мектеп пен бір балабақшадағы жылыту режимін тексерді. Осынау әлеуметтік нысандар бүгінгі күнге дейін орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған, оған себеп, Гагарин көшесі мен Абай даңығылын бойлай жылу трассасын алмастыру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Тараз маңындағы Кировский су қоймасының бөгені бұзылған жағдайда 150 мыңнан астам адам қаза табуы, 44 мыңнан астам тұрғын үй қирауы мүмкін. Бұл туралы кеше Қазақстан мен Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрліктерінің бірлескен алқа мәжілісінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің директоры Александр ФЕДОРЕНКО мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Тараз қаласынан 20 шақырымда Қырғызстан аумағындағы Талас өзенінде қазір Кировский су қоймасы жұмыс істейді. Су қоймасының жақын жерде орналасуы Қазақстан үкіметін алаңдатпай қоймайды\», — деді А. Федоренко.

\»Зардаптар туралы болжамға сәйкес, Кировский су қоймасының бөгені бұзылған жағдайда апатты ахуал қалыптасады: 44 мыңнан астам тұрғын үй қирайды, 150 мыңнан астам адам қаза табады, электр қуаты берілмейтін болады\», — деді ол.

Оның айтуынша, \»Қырғызстан аумағында қазір 40 -тан астам улы радиоактивті қалдықтар қоймасы бар, олардың басым бөлігі тек Қырғызстанның ғана емес, көршілес Қазақстан мен Өзбекстанның тұрғындары үшін қатер төндіреді\».

Қазір көршілес мемлекеттердің тұрғындары үшін Қырғызстан аумағындағы Кичи-Кемин аңғарындағы қалдықтар қоймасының тобы қатер төндіруде\», — деді А. Федоренко….

Астанадағы өрттен қаза тапқан бес адамның мәйіті бүгін Ресейге жеткізіледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2009 жылғы 12 қарашада шамамен сағат 20.00-де СОЛОВЬЕВ Виктор Анфионович, 1953 жылы туған, шебер, Ресей Федерациясы, Удмуртия азаматы, ДЕНИСОВ Евгений Александрович, 1988 жылы туған, Ресей Федерациясы, Челябі облысы, Златоуст қаласының азаматы, САФИУЛИН Рафис Нургаянович, 1967 жылы туған, Ресей Федерациясы, Челябі облысы, Златоуст қаласының азаматы, ШАРАФУТДИНОВ Олег Ирашитович, 1968 жылы туған, Ресей Федерациясы, Челябі облысы, Аша қаласының азаматы, БАРАНОВ Виталий Константинович, 1953 жылы туылған, Ресей Федерациясы, Челябі облысы, Златоуст қаласының азаматының мәйіттері тиелген көлік Ресейге қарай бет алды. Көліктер 13 қарашада Ресейге, жерлеу орындарына жеткізіледі\»,- делінген хабарламада.

\»Сондай-ақ, бұл күні Астана, Ақмола облысы, Тараз бен Павлодарда өрттен қаза тапқан Қазақстан азаматтарын жерлеу рәсімдері өтті\»,- деп хабарлайды әкімдік.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, \»2009 жылғы 12 қарашада өткен Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс 40-шы отырысында осы дүйсенбіде \»АстанаПром\» ЖШС өндірістік-технологиялық кешенінде болған өрттен зардап шеккен Қазақстан және Ресей Федерациясы азаматтарының отбасыларына материалдық көмек көрсету туралы елорда әкімі И.ТАСМАҒАМБЕТОВтың ұсынысын қолдады\».

Құрметті оқырмандар! Сіздердің жылы сөздеріңізге, тілектеріңізге шын жүректен көп рақмет!

Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...