«Қаржы секторына қалыптылық қажет». «Болашақта барлық базар жабылуы мүмкін…». «Елімізде жарты миллионнан астам еркек белсіз екен». «Экология: не бел кетеді, не белбеу кетеді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 18 қараша 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Жұмысшылар талаптары орындалмаса, 2010 жылдың 1 қаңтарынан жаппай ереуілге шығатындарын ескертті”. “Жаңаөзен қаласындағы “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалының аштық жариялаған 37 жұмысшысы 17 қараша күні таңғы 3-те наразылық акциясын тоқтатты. Қос тараптан 21 адамнан құрылған бітімгершілік комиссиясы жұмысшылар талабын орындауға уәде беріп, желтоқсанның 30-на дейін мұрсат сұраған…

Бұл Жаңаөзендегі жұмысшылардың алғашқы бас көтеруі емес. Осы жылдың наурыз айында “Өзенмұнайгаз” өндірістік филиалы құрамындағы “Бұрғылау” серіктестігінің 14 жұмысшысы аштық жариялаған еді. Ал серіктестіктің басқа да жүздеген жұмысшылары жалақыларын мерзімінде төлеуді және жұмыс орнын сақтауды талап еткен болатын”. Авторы: Сәния ТОЙКЕН.

EGEMEN.KZ. “Қаржы секторына қалыптылық қажет”. “Кеңесте алдағы уақытта еліміздің қаржы саласын дамыту және Дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстанның қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы талқыланды. Мемлекет басшысы тиісті сала жетекшілерінің өткен тоғыз айдағы мемлекеттік қаржы органдарының қорытындыларын тыңдай келіп, өткен кезең ішінде қаржы секторында айтарлықтай жұмыстар атқарылғандығын атап өтті. Біз инфляцияны ұстап тұрдық және оның жылдық деңгейін 5,8 пайызға дейін төмендетуге қол жеткіздік. Біз төлем балансы бойынша сауда балансының өсімін көріп отырмыз. Сондай-ақ елімізге капитал құйылу көлемі арта түсті. Банк секторында депозиттер сапасының оң факторына қол жеткізіліп, депозиттердің базасының өсімі 34 пайызға жетті. Оның ішінде тұрғындар салымдары айтарлықтай өсіп, жыл басынан бері 23 пайызды құрады.

Кеңесте, сондай-ақ Дағдарыстан кейінгі кезеңде қаржы секторын дамыту тұжырымдамасының негізгі ережелері де талқыланды. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру қаржы секторын тиімді құруға, қаржы жүйесінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға, экономиканың түрлі секторларының қажеттілігін қанағаттандыруға және тұрғындарға қаржы қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа қаржы архитектурасы проблемаларды жүйелі түрде шешуге және қаржы секторын сапалық деңгейге жеткізуге қызмет етеді.

Осы тұста атап өтейік, Қаржы секторын дамытудың жаңа тұжырымдамасында еліміздің Ұлттық банкінің рөлін күшейту қажеттігі көрсетілген. Ол орталық орган ретінде қаржы тұрақтылығын және оны реттеу жауапкершілігін алып отыр. Осыған байланысты Президент Ұлттық банкке экономиканың қаржы секторында оңтайлы механизмдерді дайындауды, рыноктағы нақты және қаржылық активтерге бақылау орнатуды тапсырды. Тұжырымдама дағдарыс кезінде қаржыландыру мәселелеріне нақты жауап беруі қажет.

Дағдарыстан кейінгі кезеңде қаржы жүйесі экономиканың басым секторларындағы ресурстарды жеткілікті қамтамасыз етуге бағдарлаушы болуы тиіс, деді Президент. Бұл –индустриялық-инновациялық сектор, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым. Мемлекет жеке капиталдың құйылуын, аталған салалар бойынша ел ішіндегі және шетелдік қаржылардың құйылуын ынталандыру үшін барлық жағдайлар туғызуы қажет. Осыған байланысты Елбасы барлық механизмдерді таразылап, мүмкіндікке қол жеткізудің қажеттігін атап көрсетті. Мысалы, мемлекет салған 1 теңге 5-6 теңгенің жеке инвестициясын тартуы керек. Осыған орай Президент Үкіметке экономиканың басым секторларына қосымша жеке инвестицияларды тартудың тетіктерін дайындауды тапсырды.

Жалпылай алғанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Дағдарыстан кейінгі кезеңде қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын мақұлдады. Қазіргі кезде көптеген қаржы институттары дағдарыстан сабақ алғандығын, қиын жағдайларда өздерінің бәсекелестікке қабілеттілік танытқандығын атап өтті. Кеңес соңынан оған қатысушы қаржыгерлермен сұхбаттасқан едік. “Қаржы дағдарысына қарсы Үкімет пен Ұлттық банктің қолданған нақты шаралары қаржы секторына дем беруші бола білді, – деді Алматы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттіктің төрағасы Әркен АРЫСТАНОВ. – Алдымызға Алматы қаржы орталығын дамыту міндеті қойылды. Ол үшін тұрғындардың қаржылық сауатын арттыруға баса назар аударылатын болады. Дағдарыстан кейінгі кезеңде Қазақстанның қаржы секторын дамыту тұжырымдамасы ел экономикасының ырғақты дамуына қажетті ресурстарды тартуға мүмкіндік береді”. Ал Ұлттық банк төрағасы Григорий МАРЧЕНКОның айтуынша, өткен аптада Ұлттық банкте өткен баспасөз мәслихатынан кейін ұлттық валюта – теңгеміз биржада 1 пайызға нығайды. Соңғы үш жұмыс күні ішінде Ұлттық банк 1 млрд. 300 млн.-нан астам АҚШ долларын сатып алды. Бұл теңге бағамының жылдам нығаюының алдын алу үшін қажет. Ұлттық валютаның жылдам нығаюына Ұлттық банк жол бермейді. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 145-150 теңге аралығында болады”. Авторы: Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.

AIKYN.KZ. “Болашақта барлық базар жабылуы мүмкін…”. “Қазақстанда болашақта барлық базар атаулы жаппай жабылуы мүмкін. Үкіметте өткен кешегі селекторлық кеңесте Премьер К.МӘСІМОВ базар түріндегі “жабайы” саудадан бас тартып, көтерме бағамен өнім сататын орталықтар сынды “өркениетті” саудаға жылжитындығымызды ашық білдірді.

Үкіметбасы ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың “Тікелей желі” кезіндегі берген тапсырмасына орай, жеміс-жидек пен көкөніс нарығындағы жағдайды талдай келе: “Біз базарлар түріндегі ұйымдаспаған саудадан алыстап, көтерме сауда дүкендері жағына қарай жылжу үшін сауда саясатын түзіп, жеке сауда жүйесін құруға тиіспіз”, — деп шарт түйді. Жалпы, кеше Министрлер Кабинетінің мүшелері Үкімет үйіне Елбасының ел халқының сауалдарына жауап беру барысында жүктеген тапсырмалары бойынша алқа құрып, ақыл қосу үшін жиылыпты.

Үкіметбасы Қаржы, Индустрия және сауда министрліктеріне ұлттық сауда саясатымызды келер жылы Ресеймен, Беларусьпен бірге Кедендік одақ аясында тіршілік ететіндігімізді есепке ала отырып құру керектігін ескертті. “Сауда саясатында Кеден одағының құрылатындығын және 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап өмірге жолдама алатын жаңалықтарды, яғни бір реттік талондардан бас тартатындығымызды ескеріп, жүйелі шаралар қабылдау қажет”. Бұған қоса, Премьер Ауыл шаруашылығы министрі мен әкімдерге үш күннің ішінде “өз аймақтарында ритейл, көтерме сауда бойынша жұмыс жүргізуді және Президент айтқан фактілерді әшкерелеуді” қадап тапсырды. Естеріңізде болса, “Тікелей желі” кезінде Елбасы көршілерден келетін өнімдер, жеміс-жидек пен көкөністер шекарадан бері өткенше арзан болатындығы, алайда базар мен дүкен сөрелеріне түсе салысымен күрт шығандап шыға келетіндігін нақты деректермен паш еткен болатын. “Ірі импорттаушыларға салық органдары, кеден қызметтері және Бәсекелестікті қорғау агенттігі тексеру жүргізсін! Кінәлілердің барлығын жазалаймыз! Құқық қорғау органдарына тиісті ұсыныстар енгіземіз!” — деп шарт түйді Кәрім Мәсімов. Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВтің айтуынша, Қазақстанға сырттан тасымалданатын жеміс-жидектер мен көкөністердің 47 пайызы 20 ірі импортшылардың үлесінде. Оның 10-ы жеке кәсіпкерлер болса, бұлардың 7-еуі Алматы облысының Панфилов ауданында тіркелген…”. Авторы: Елдос СЕНБАЙ.

ALASHAINASY.KZ. “Елімізде жарты миллионнан астам еркек белсіз екен”. “Жуырда Италия премьер-министрі Сильвио БЕРЛУСКОНИ қазақстандық еркектердің қуатына іштей қызығатынын айтып еді. Алайда бәрі ол ойлағандай емес екен. Шын мәнінде, сынақта болған қазақстандық ер-азаматтардың шамамен 30 пайызы белсіз. Мұның себебі – бөріктілер бойындағы дерттің жария болғанынан қысылып, дәрігерге көрінуден бас тартады. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының мамандары кеше Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ерлерге қатысты түйткілдерді ортаға салды.

Қарашаның11-13-і аралығында бұл орталықалматылық ер-азаматтарға арналған тегін тексеру, кеңес беру шарасын өткізді. Баспасөз жиынына қатысқан орталық директоры Мырзакерім АЛШЫНБАЕВтың айтуынша, шара барысында 700-ден астам азаматтың денсаулығы тексерілген. Нәтижесінде, олардың 67 пайызының әртүрлі урологиялық ауруға шалдыққандығы анықталды.

Статистикалық деректерге сүйенсек, қазір әлемде 150 миллионнан астам еркек кіндікті белсіздік ауруына шалдыққан, ал Қазақстанда олардың саны жарты миллионнан асады. “Бұл тек санақта барлары ғана, ал есепке алынбағандары әлі қаншама? Біздің еркектер өз денсаулығын уақытында тексертпейді, соңынан бұл дерттен зардап шегеді. Себебі олар денсаулығын дұрыс деп есептейді”, – дейді М.Алшынбаев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде бұл саладағы басты мәселе – ер-азаматтардың менталитетін өзгерту болып отыр. Яғни оларды уақтылы тексеруден өтіп тұруға үйрету қажет. Сондай-ақ бұл жерде дәрігерлердің де ер адамдарға деген көзқарасын өзгерткен жөн. Дәрігер-мамандар белсіздік ауруымен ауыратындарға дер кезінде кеңес беріп отырса дұрыс болады. Ал кейбір дәрігерлер бұл мәселеге жүрдім-бардым қарайды. Сол себептен де Қазақстанда еркектердің 10 пайызы ғана белсіздік ауруынан дәрігерлер көмегіне жүгінеді екен….”, — деп белгіледі Нұрмұхаммед МАМЫРБЕКОВ.

Экология: не бел кетеді, не белбеу кетеді”. “Төменгі палатада өтетін Үкімет сағатын әдетте спикердің орынбасары Жәнібек КӘРІПЖАНОВ жүргізетін. Ал кеше тізгінді төрағаның тағы бір тақбасары Сергей ДЬЯЧЕНКО ұстапты. Білетін қазақшасын аямаған Сергей Александрович та Үкімет мүшелері мен депутаттар арасындағы пікір алмасуды, сұрақ-жауапты қиюластырып отырды.

Үкімет сағатында Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің депутаттар назарына ұсынған тақырыбы – “Қалдықтарды кешенді түрде қайта өңдеу проблемалары; Киото хаттамасының тетіктерін іске асыру” жайында болды. Баяндама жасаушы министр Нұрғали ӘШІМОВ ұзынсонар сөзге бой алдырған жоқ. Себебі Нұрғали Сәдуақасұлы басқаратын мекеме баяндаманың негізгі мәтінін халық қалаулыларына өткен аптада таныса берулеріне мүмкіндік тудырыпты.

Депутаттардың қолында оның электронды нұсқасы да болды. Әрине, мұны төменгі палата өкілдері де назардан тыс қалдырған жоқ. Мәселен, депутат Зейнолла АЛШЫМБАЕВ “министрліктің Үкімет сағатына белгілі бір жауапкершілікпен, дайындықпен келгенін айта кету керек, материалдарды өткен аптада алдық, кеңінен таныстық”, – деп жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар ол Мәжіліс залының фойесінде орналасқан, аймақтардағы экологиялық жағдайлардан хабар беретін түрлі ақпараттық көрнекі тақталардың да жақсы дайындалғанын айта кетті…

… Сыңар дерек: Германияда жан басына шаққанда бір адамға 400 келі қалдықтан тура келсе, Қазақстанның бір азаматына 1381 тонна қоқыс пен қалдық тиесілі екен”. Авторы: Мұрат АЛМАСБЕК.

Қызылордаға қызыл судың қаупі бар”. “Алдағы қыста Сырдария өзенінде су мол болады деп күтілуде. Арал-Сырдария алаптық су шаруашылығы басқармасы мамандары осындай хабарды жария етті. Бұл хабар жергілікті жұртшылыққа жайсыз тиіп тұрған жағдайы бар. Осыған орай Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан елдері арасында мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының отырысы қараша айының басында өтуі керек еді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда қараша айы орталанып қалғанымен, ол отырыс белгісіз себептермен өткізілген жоқ.

Қазіргі күні Нарын-Сырдария алабында су деңгейі көтеріліп тұр. Осы күндері онда 20 млрд 539 млн текше метр су бар. Ол былтырғы жылдың дәл осы кезеңіндегіден едәуір артық. Қысқы мезгілде “Шардара” су қоймасына жоғары жақтан 14 млрд текше метр шамасында су келеді деп болжанып отыр. Ал су қоймасының сыйымдылығы бар болғаны 5 млрд текше метр. Әзірге аталған орында 1,6 млрд текше метр су жиналған. Оған құйылған су күннен-күнге көбейе түскен.

Арал-Сырдария алаптық су шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Жұмахан НҰРСЕЙІТОВтің айтуынша, дарияның жоғарғы бөлігіндегі өзге су қоймаларында қазір жинақталған су былтырғы жылдан едәуір артық болып тұр. Атап айтқанда, бүгінгі күндері “Тоқтағұлда” 12 млрд 720 млн текше метр су бар. Бұл су деңгейі өткен жылдан 3 млрд текше метрге көп. Осындай жағдай “Қайраққұм” су қоймасында да кездесуде. Сондықтан дарияның төменгі бөлігіндегі қазақ елі қысқы маусымда мол суды қабылдауға қамсыз отырғаны дұрыс емес…”, — деп түжырымдайды Әділжан ҮМБЕТ.

ABAI.KZ. “Либәй – қазақ емес”. “…Мен жоғарғы оқу орнын қытайша оқып бітірдім. Шыңжаң Педагогикалық Институтында қазақ-қытай тілдері грамматикасынан сабақ бердім. Әдеби аудармашы болдым. 1962 жылы көктемде мен де Қазақстанға қашып өттім. Міне содан бері 47 жыл болыпты. Қытай тілін “судай” біліп тұрсам да ешкім мені керек еткен емес. Барлық құпия орындарда анкетам-резюмем бар. Ал қытай архивтеріндегі “қазақ тарихына қатысты мәліметтерді зерттеуге” келгенде, ылғи қытай тілін білмейтін біреулерді жіберіп отырды. Мәселен, бір кезде Қойшығара САЛҒАРИН жіберілді. Оған да атақ, ақша берілді. Енді міне Өмірбек БАЙГЕЛДІ де…

Неге бұлай?Себебі қытай тілін білетін адам жіберілсе, ол өтірікке алданбайды.

Мен 1960 жылы Шіңжаң Педагогикалық Институтында ұйғыр тілі факультетінде оқытушы және әдеби аудармашы едім. Бір күні маған “Қытайдың бес мың жылдық әдебиеті” курсын аудару міндеті жүктелді. Мен:

-Қытайша ескі әдеби тілді білмеймін. Оны қазіргі бұқаралық әдеби тілге аударып беретін адам керек. — дедім. Олар ондай адамды алдырды. Бір орта бойлы, аққұба, арық, көзәйнекті, биязы мінезді, орта жастағы адам келді. Бұрын өте үлкен капиталисттің баласы болған, Нью-Йоркта оқыған, Париж университетінде доцент болған екен. Бұл күндері отанына оралып, саяси сенімсіз адам ретінде бақылауда жұмыс істейді екен. Ол жаңа тілде жазған лекцияларын маған беріп отырды. Мен оны қазақшаға аударып, Нұрсапа Мәмекеұлы АМАНЖОЛОВ деген оқытушыға беріп отырдым. Ол кісі қазір Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Балқаш қаласында тұрады. Үлкен ақын.

Ол кісіден Шарпидден ОМАР дейтін оқытушы алып, ұйғырша лекцияларында пайдаланды. Ташкенттен аспирантура бітіріп барған. Мен дайын қолжазбамен ғана шектеліп қалмай, қытай тіліндегі, үлкен ғалымдардың еңбектерін іздей бастадым. Бір күні Үрімжі қаласының Яңхаң көшесіндегі “Шың хуа шудян” кітап дүкеніне барсам “Ли бәй” деген кітап тұр екен. Сатып алдым. Кітапты Пекин Университетінің профессоры Уаң ЯУ дейтін кісі жазыпты. Ол бұл кітапты 1954 жылы 27 наурыз күні жазып бітіріп, осы жылы қыркүйекте бірінші басылымы жарық көрген. 1960 жылға дейін 13 рет басылған. Әр жолы 128 мыңнан — 134 мың данаға дейін таралып отырған. Міне осы кітапта не дейді?ҚАЗАҚ ЕМЕС

“Либәй жаңа эраның 701 жылы туып, 762 жылы өлген. 62 жыл өмір сүрген. Либәй туған кезде ТАҢ династиясы әлі Узы Тян патшайымның үстемдігінде еді. Ол бес жасқа келгенде Таң Жұң Зұң таққа отырды. Ол он жасқа келгенде Таң Шуәң Зұң патша болды. Онан соң Тян Баудың алғашқы дәуірлеу кезеңі басталды. Либәй 54 жасқа келгенде Таң дәуірінде аса ауыр көтеріліс болып, Шуәң Зұң патша ШУҒА табан аударды. Келесі жылы (756) Таң Су Зұң билікті қолға алды. Тағы 6 жылдан кейін Либәй өлді. Сондықтан оның өміріндегі маңызды іс әрекеті жалпы Таң Шуәң Зұң билеген сол 40 жыл ішінде болды.” (“Либәй” 7 бет).

Ал ШУ деген сөз не мағынада? “Шу 1. ел аты. Үш елдің бірі. Лю Би құрған (жаңа эраның 231-263 жылдары). Қазіргі Сы Чуан өлкесінде құрылып, кейіннен Гүй Жу, Юн Нән және Шән Ши өлкелеріне дейін кеңейген. 2. Сы Чуан өлкесінің басқаша атауы. (“Шын Хуа Шудян”, 1987 жыл Бейжің. 420 бет).

Қысқасы ШУ әрі мемлекеттің — патшалықтың аты, әрі өлкенің аты болған. Хуаң Хы — Сары өзеннің солтүстігі. Бейжіңге алыс емес. Бұл Шудың біздің Шуға, қазақтың, оның ішінде Дулаттың Шуына ешқандай қатысы жоқ. Екі Шу — бір біріне тек омоним сөздер. Дыбысталуы бірдей, мағынасы, географиясы мүлде басқа атаулар. Екеуінің арасы 10-15 мың километр жер. Осыншама алыс жерге қытайдың Таң Шуәң Зұң патшасы қалай және не үшін қашып келеді? Бұл бөтен жер, бөтен ел. Ол кезде мұнда Түркештер әлсіреп, басқа хандықтар құрыла бастаған. Мұнда да қырғын соғыс. Қытайлар ол кезде Беспалыққа да жете алмайтын. Хуаң Хының маңайынан шыға алмайтын.

Жоғарыдағы “Либәй” атты кітапта былай дейді: “Либәйдың жастық шағы Сы Чуанда өтті. Батыс Шу Таң дәуірінде өте гүлденген бай өңір еді. Ауыл шаруашылығы, қол өнері жоғары деңгейде дамыған. Шетелдік саудагерлер көп келетін.” (“Либәй”, 8 бет). “Оның ата-бабасы қандай болғанына қарамастан, Либәйдың балалық және жастық шақтары Шуда өткен.”. “Әкесі Сюй патшалығы тұсында күнәһар болып, жер аударылып, аты жөні өзгертілген, батыс жаққа жер аударылған.”. (“Либәй”, 9 бет).

… Таң династиясы (618-907) үш жүз жыл өмір сүрген. Оның ең дәурлеген кезеңі екінші жүз жылдығы. Осы үш жүз жыл ішінде қытайда үш мың ақын дүниеге келген. Олардың 900 томдық антологиясы жарық көрген. Сол үш мың ақынның ішінде үш-ақ ақын классик болып танылған. Олар: УАҢ ВИ — пейзаждық өлеңнің құдыретті шебері, ЛИБӘЙ — романтик, ДУ ФУ — реалист.

Ақыр алған соң осы үшеуін де алмаймыз ба? Үшеуін үш жүздің ақыны етіп шығармаймыз ба? Уаң Ви — Уақ болсын! Либәй — Дулат, Ду ФУ — кіші жүз КЕКІЛБАЕВтың бір атасы болсын. Қазір Ақтөбе жақта онсызда қытай қаптап жүр ғой?!”. Авторы: Әбдеш ДАЙЫРБАЕВ (“ҚАЗАҚСТАН” апталығы, №41 (281), 12-қараша, 2009).

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Судьяларға көмекші керек”. “Өткен съездер аралығында көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтатын болсақ, сот қызметінің тиімділігін арттыру үшін соттарды мамандандыру жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда республика бойынша мамандандырылған экономикалық, әкімшілік соттар, Алматы қаласында қаржылық соты, Алматы және Астана қаласында кәмелетке толмағандардың істерін қарайтын соттар ашылды.

Сонымен қатар, алқабилер сотының қазақстандық үлгісі қалыптасып, жұмыс істей бастады, анықтау мен алдын ала тергеу барысында сот бақылауын кеңейту  мақсатымен бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алуды санкциялау қызметі сот органдарына берілді, судьялардың кәсіптік деңгейіне баға беру мақсатында арнайы комиссия құрылды, соттардың материалдық-техникалық базасы көтерілді.

Сот жүйесінің беделі де кадрларға тікелей байланысты, әрине. Сондықтан, қазіргі судьялыққа тағайындалатын жас мөлшерін 25-тен 30 жасқа көтеру керек деп санаймын. Судьялар сот жүйесіне судьяның көмекшісі лауазымын енгізуді ұсынып жатыр. Осы ұсынысты толығымен қолдаймын. Біріншіден, судья көмекшісі судьяларды техникалық жұмыстан босатса, екіншіден, үлкен тәжірибе жинайды. Судья лауазымына сол көмекшілік қызмет атқарғандарды көбірек тартса судья қауымдастығы жақсы дайындалған кадрларға қол жеткізе алар еді.

Тағы бір шешімін таппай келе жатқан мәселе – бұл судьялардың зейнетақысы. Бүгінгі күні құрметті демалысқа шыққан судьялар істеген қызметіне сай келмейтін төмен зейнетақы алып отыр. Ал салыстырмалы түрде республиканың құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің зейнетақысын алсақ оларға зейнетақы жалақысының пайызына қарай тағайындалады. Судьялар қауымдастығы демалысқа шыққан судьялардың зейнетақысын пайыздық жолмен тағайындалатын жүйеге көшіруді ұсынады.

Қазіргі уақытта азаматтық істер саны жылдан-жылға көбеюде. Ал судьялардың штаттық кестесі өзгермей тұр. Судьялардың істерді қарау жүктемесі нормативтен бірнеше есе көп. Сондықтан судьялардың сапалы және заңды шешім шығару үшін олардың жұмысын нормативке сай етіп, жүктемесі көп соттарға қосымша судья штатын ашу мәселесін шешу қажет. Судья қызметі – төрелік айтатын қызмет болғандықтан судьяға ойлануға, дәлелдемелерді ой таразысына салып зерттеуге, яғни, интелектуалдық жұмыс жасауына уақыты болуы керек. Сол кезде судья заңды, негізді, әділ және сапалы шешім шығара алады. Ал егерде ол үстін-үстін іс қарап, шешімді асығыс жазатын болса, ондай судьядан сапалы шешім күтудің өзі қиын”. Авторы: Абдуллажан САЙДУЛЛАЕВ, Сырдария аудандық сотының төрағасы,Қызылорда облысы.

ZHASALASH.KZ. “Девальвациядан кiм ұтты?”. “Тiкелей эфирде қазақстандықтардың сұрақтарына жауап берген президент Н.НАЗАРБАЕВ ендiгәрi теңге девальвациясы болмайтынын мәлiмдедi. Ал ақпандағы девальвация туралы: “…Қиын жағдайда, рецессия кезiнде ұлттық валютаны девальвациялағанымыз дұрыс болды. Осылайша экономикаға, әсiресе, экспортерлерге көмектестiк. Жұмысшыларына қызметiнен айырылып қалмауға көмектескен алпауыт кәсiпорындарға да ақша табуға мүмкiндiк беру керек болды”, — дедi. Мiне, девальвациядан кiм ұтқанын президенттiң өз аузынан естiдiк. Халықты бiр түннiң iшiнде 25 пайызға тонап, алпауыттардың қалтасына ақша салып бергенiне жол болсын. Осыған қарамастан халықты билiкке сенуге шақыру тiптi миға қонымсыз.

Оның үстiне кейбiр сарапшылар девальвацияның айтарлықтай әсерi болмағанын айтып та, жазып та жүр. Айталық, National business forum-да баяндама жасаған макроэкономикалық зерттеулер институтының жетекшiсi Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ девальвация импорттың қысқарып, экспорттың өсуiне айтарлықтай әсер етпегенiн айтқанды. Керiсiнше, девальвациядан кейiн банктердегi үмiтсiз несиелер саны арта түскен.

…Үкiмет жетекшiсi Кәрiм МӘСIМОВтiң айтуынша, елiмiз осы жылдың аяғына дейiн рецессиядан айығып. экономикалық өсiмге қол жеткiзетiн көрiнедi. Премьер-министр соңғы он айдың көрсеткiштерiне қарап осындай қорытындыға келiптi. Мәсiмовтiң мәлiмдемесi қаншалықты орынды? Осы сұрақты экономист Мағбат СПАНОВқа қойып көрген едiк. Оның ойынша, тауар айналымы азайып жатқанда, үкiметтiң мұндай мәлiмдемелердi жасағаны ақылға қонбайды. “Басты мәселе бiздегi экономикалық көрсеткiштердiң қалай есептелетiнiнде, – дейдi ол. – Әсiресе, ЖIӨ-нi қалай көбейтiп есептейтiнi белгiлi. Экономикалық белсендiлiк пен тауар айналымы азайып жатқанда, ЖIӨ-нiң өсуi мүмкiн емес. Үкiметтiң бұл көрсеткiштердi қайдан алатынын бiлмеймiн, бiрақ халықаралық ұйымдардың мәлiметiнше, бiздiң ЖIӨ терiс мәнге ие. Мұндай мәлiмдемелердi жасағанша, Мәсiмов үкiметiнiң нақты жұмыс iстегенi жөн”, – дедi М.Спанов”. Авторы: Е.ӘЛIМОВА.

Е.Жовтис, Т.Күшiков: Өзiмiзге қатысты үкiмдi саясиландыруға ниетiмiз де, құлқымыз да жоқ…”. “Абайсызда адам өлтiрдi” деген айыппен 4 жылға бас бостандықтарынан айырылып, Өскемендегi қоныстандыру колониясына түскен танымал құқық қорғаушы Евгений ЖОВТИС пен журналист Тоқнияз КҮШIКОВ өткен жұмада қазақстандық БАҚ-қа және халықаралық ұйымдарға қаратып мәлiмдеме жасады. Журналист пен құқық қорғаушы мәлiмдемеде былай дептi: “Ешқандай стандарттарға сай келмейтiн, әдiлетсiз сот пен сот процестерiнен кейiн бiз 4 жылға бас бостандығымыздан айырылып, жазамызды Өскемендегi қоныстандыру колониясында өтеп жатырмыз. Қазiргi қолданыстағы қылмыстық-түзету заңдарына сәйкес, қоныстандыру колониясының талаптары бiршама жеңiлдетiлген болуы тиiс едi. Қоныстандыру колониясында жазасын өтеп жатқандар арнайы түзету шараларына мұқтаж емес. Сондықтан да, мұндағылар күзетсiз ұсталуы тиiс және колония аумағында емiн-еркiн жүрiп-тұруға құқылы. Сондай-ақ, туған-туыстармен кездесуге, арнайы жалданған үйде отбасымен бiрге тұруға, тұрақты жұмысы және жағымды мiнездемесi болса, 15 күнге демалыс алуына да рұқсат. Алайда, бiздi қоныстандырған колонияда мұның бiрi де жоқ.

Бiрiншiден, абайсызда қылмыс жасағандарға арналған қоныстандыру колониясы бiздiң үстiмiзден үкiм шығарылғаннан кейiн, 2009 жылдң қыркүйегiнде шұғыл түрде Өскеменге көшiрiлдi. Не үшiн?

Екiншiден, Қазақстандағы абайсызда қылмыс жасағандарға арналған бiрден-бiр қоныстандыру колониясына қараша айының басында Астанадан жүзден астам сотталушы этаппен жеткiзiлдi. Олардың көпшiлiгi отбасымен бiрге арнайы жалдаған пәтерде тұратын және тұрақты жұмысы бар едi. Мұнда келгелi олардың да барлық құқықтары шектелдi.

Соңғы екi күнде қылмыстық атқару жүйесiнiң қызметкерлерi бiзге ашықтан-ашық қысым көрсете бастады. Мәжбүрлеп жұмыс iстетуге Конституцияның өзi тыйым салса да, колония әкiмшiлiгi бiздi “Еңбек-Өскемен” өнеркәсiбiмен күштеп келiсiм жасатып, айлығы жиырма мың теңге болатын техникалық қауiпсiздiк жөнiндегi инженер қызметiн зорлап iстетпек. Т.Күшiковтiң жәбiрленушi алдында қарызы бар. Сот шығынын да өтеуге тиiс. Қарызының жалпы көлемi — бiр жарым миллион теңге. Оның кәмелеттiк жасқа толмаған екi баласы бар. Айлығын ай сайын толықтай аударып отырған күннiң өзiнде қарызынан құтылу үшiн алты жыл керек. Е.Жовтиске құқық жөнiндегi кеңесшi, ал Т.Күшiковке журналист мамандығы бойынша жұмыс ұсынып отырған өзге жұмыс берушiмен келiсiмшарт жасасуға колония әкiмшiлiгi рұқсат етпей отыр.

Бiз бұған наразылығымызды бiлдiремiз. Мұнымызды колония әкiмшiлiгi “жұмыс iстеуден бас тарту”, “режимдi өрескел бұзу” деп бағалап, жалпы режимдегi колонияға ауыстырып жiберуi де мүмкiн екенiн ескерттi.

Мәжбүрлеп жұмыс iстеткiзу — Конституцияға қарсы әрекет. Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында алған мiндеттемелерiне де томпақ. Сондықтан да бiз шарттары мен еңбекақысына көңiлiмiз толмайтын жұмысты iстеуден бас тарттық.

Кеше, 12 қараша күнi қоныстандыру колониясының әкiмшiлiгi тiсiмiздi емдету үшiн тiс дәрiгерiне қаралуға да тыйым салды. Ауырсынуды басатын дәрi салуды ұсынды. Бiз онымен келiспедiк. Және де толыққанды ем көрсетудi талап еттiк. Алайда, бұл талабымызды орындаудан да бас тартты.

Осының бәрiн ескере келе, бiз мынаны мәлiмдеймiз: Әдiлет министрлiгiнiң Қылмыстық атқару жүйесi мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесi бiздiң құқығымызды көпе-көрнеу бұзып отыр. Бiзге қоныстандыру колониясының сыртына шығуға, дос-жаран, туған-туыстармен кездесуге рұқсат жоқ. Өз қалауымызбен жұмыс iстеуге де тыйым салды… Бiз өзiмiзге қатысты үкiмдi саясиландыруға құлқымыз да, ниетiмiз де жоқ. Алайда, айналамызда болып жатқан жағдайлар бiздiң iсiмiздiң саяси астары бар екенiн көрсетiп бердi. Бiздiң бұл мәлiмдемемiз мүдделiлердiң қолына тиетiнiне және тиiстi шаралар қолданылатынына сенемiз”. Авторы: Е.БИЕКЕ.

KAZ.GAZETA.KZ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Ғани ҚАСЫМОВты қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында бірқатар заңнамалық мәселелер талқыланды.

Ақордада мемлекет басшысы Н. НАЗАРБАЕВтың төрағалығымен еліміздің қаржы секторын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңес жұмысына Премьер-Министр К. МӘСІМОВ, Президент Әкімшілігінің Басшысы А. МУСИН, Ұлттық Банктің төрағасы Г. МАРЧЕНКО, Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің төрағасы Ә. АРЫСТАНОВ, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрайымы Е. БАХМУТОВА, Қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы С. АХАНОВ, екінші деңгейлі банктердің басшылары қатысты. Кеңес барысында еліміздің қаржы жүйесін одан әрі дамыту мәселесі, сондай-ақ Қазақстанның дағдарыстан кейінгі кезеңдегі қаржы секторының даму тұжырымдамасы талқыланды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ұлттық медициналық холдингтің басқарма төрағасы Алмас ШАРМАНды қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында президент Ұлттық медициналық холдинг жұмысымен және алдағы жоспарларымен танысты. Мемлекет басшысы аталған холдингтің дамуы үшін мемлекет тарапынан барлық қажетті қаражат бөлінгенін атап өтті.

Холдинг мемлекет басшысының тапсырмасымен 2008 жылы мамыр айында құрылды. Қазіргі уақытта оны құру жұмыстары толық аяқталды. 2010 жылы оның құрамындағы кардиологиялық орталық пайдалануға беріледі. \»Біз бүгінде сапалы медициналық қызмет қол жетімді болуы үшін импорт алмастыру мәселесімен айналысудамыз. Бұл ретте үлкен прогреске қол жеткіздік. Мемлекет бөлген қаражаттың нәтижесінде ағымдағы жылдың соңына дейін 200-ге жуық дәрігер және медбикелер осы заманғы технология бойынша білім алуда. Біз шеберлік сабақтарын өткізу үшін батыс елдерінен мамандар шақырып отырмыз. 40-тан астам қызметкеріміз Еуропа елдері мен АҚШ-та тәжірибеден өтуде. Бұдан басқа, көрсетілетін қызметтің 80 пайызы кепілдендірілген тегін медициналық көмектің мөлшері шегінде жүзеге асырылады\», — деп атап өтті брифинг барысында А.Шарман.

Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста \»Босқындар туралы\» және \»Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне босқындар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы\» Қазақстан Республикасы заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста \»2010 — 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы\» Қазақстан Республикасы заңының жобасына сенат тарапынан енгізілген түзетулермен келісті. Сөйтіп заң қабылданды деп танылып, мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Негізгі баяндамашы — экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт СҰЛТАНОВ атап өткендей, құжатты сенатта талқылау барысында оның шығыс бөлігіне жалпы сомасы 238 миллиард теңгені құраған 160 түзету келіп түсті. Ұсыныстар негізінен білім беру, денсаулық сақтау, ауыз сумен қамтамасыз ету, энергетика салаларында, транспорт және аймақтық инфрақұрылымды дамыту жолындағы мәселелерді шешу амалдарын субсидиялауға қатысты болды.

Жалпы алғанда, Сенаттың түзетулеріне сәйкес қосымша шығындардың жалпы сомасы 2010 жылы — 19,3 миллиард теңгені, 2011 жылы — 2,6 миллиард теңгені және 2012 жылы — 8,6 миллиард теңгені құрады. 2010 жылғы қосымша қаржыландырумен сумен қамтамасыз етуге, мектептер, бала бақшалар және жоғарғы оқу орындарының жатақханаларын салуға, жылуэнергетикалық жүйелерін дамытуға, қоршаған ортаны қорғау нысандарын салу мен оларды жаңғыртуға қатысты жобаларды жүзеге асыру шаралары қамтылды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...