«Нұрсұлтан Назарбаев: құқық қорғау жүйесінде ары таза азаматтардың ғана жұмыс істеуі шарт». «…Қарнымыз тоқ, қадiрiмiз жоқ ұлт боламыз ба деп қорқамын». \»Таяудағы 5 жылда инфляцияның жылдық көрсеткіші 5 — 8% болады\»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 20 қараша 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Дархан Қалетаевтың “төмендеуі” мен Нұрлан Нығматуллиннің “жоғарылауы”. “Дархан ҚАЛЕТАЕВ 2008-2009 жылдар аралығында “Нұр Отан” партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ол бұған дейін Қазақстан президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары болған еді.

Сарапшылардың бағалуынша, ол партияның бұрын-соңды болған жетекшілерінің арасындағы ең танымалы. Бұған қарамастан оның қызметінің “төмендетілуінің” себебіне олар түрліше болжам жасайды. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, партия жетекшілігінен үлкен қызметті аңсап, бұл жолда \»түрлі орынды- орынсыз мәлімдемелер” қоғам назарын өзіне аудартқан саясаткер Дархан Қалетаев өзі сол бастамаларының “құрбаны” болғанға ұқсайды. Оның атышулы бастамаларының қатарында Астана әуежайына презденттің атын беру, Ұлт лидеріне қатысты заң қабылдау сияқты мәлімдемелері бар. Ал президентке жақын топтардың өзара күрес — тартысы Қалетавтың орынтақ ауыстыруын жеделдетіп жіберді деп есептейді олар..”, — деп белгіледі Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

TURKYSTAN.KZ. “Илья Ильин: 1 миллион доллар туралы аңыз қайдан шықты?..”.

“…– Илья, дәл бүгiн әке атаныпсың, барша жанкүйерлер атынан құттықтауға рұқсат ет. Ал өзiңнiң көңiл-күйiң қалай?

Алғаш рет әке болу қиын екен. Шынын айтсам, әлi жауапкершiлiктi толық сезiне қойған жоқпын. Қызық қой, отбасы құрған достарымнан әке болудың қалай болатынын сұрадым. “Әлi түнiмен ұйықтамайтын кездерiң болады”, дейдi. Мен сол сәттi асыға күтемiн. Қызымның атын жұбайым екеумiз ақылдасып отырып, Милана деп қойдық.

— Илья, сенiң жарақатыңды емдеуге қаражатыңның жоқтығы шынымен рас па? Саған Бейжiңдегi жеңiсiңнен кейiн 1,5 млн АҚШ доллары берiлдi дейдi ғой.

– Менiң жағдайым мәз емес деп айтуға өзiм де қатты қысыламын. Достарым да “Илья, саған не болған?” деген сияқты сұрақты жиi қояды. Алдымен сол 1,5 млн долларға тоқтала кетейiк. Қазiр мен: “Басқа бәле тiлден” деген қиын күйдi өз басымнан кешiп отырмын. Себебi, ондай қаражат өмiрде мүлде болған емес. Мәселе былай. Былтыр Бейжiң Олимпиадасының күмiс жүлдегерi, польшалық Шимон КОЛЕЦКИ өзiнiң атындағы турнир ұйымдастырып, оған менi де қонаққа шақырды. Әңгiме арасында Шимон: “Сен Олимпиада чемпионы болғаның үшiн өз елiңнен қанша ақша алдың?” – деп сұрап қалды. Мен тосылмастан: “Миллион доллар бердi”, – деп айтып салдым, ешнәрсе ойланбастан. Менiкi Қазақстанның қаншалықты бай екендiгiн көрсету үшiн, әлемдiк аренада Қазақ мемлекетiн асқақтату үшiн жай айтылған сөз едi. Содан Колецки өз елiнiң журналистерiне: “ИЛЬИНге Қазақстан бiр миллион АҚШ доллары көлемiнде сыйақы бердi”, – деп сұхбат берсе керек. Журналистер оны айқайлатып жазып жiберiптi. Мiне, “миллион туралы аңыз” содан шыққан. Әйтпесе, мен ондай көлемде сыйақы алған жоқпын.

— Ал негiзiнде қанша қаражат алған едiң?

– 350-360 мың доллар көлемiнде алдым. Ендi сол қаражат қалай жұмсалды, соны айтып кетейiн. Мен Қызылорда қаласында спортшыларға арналған парк салдырдым. Мұндай парк Қазақстанның бiрде-бiр қаласында жоқ. Бұл жерде жас спортшыларға табиғат аясында жаттығу жасауға толық мүмкiндiк бар. Тапқан табысымның басым бөлiгi осыған кеттi. Сонымен қатар қазiр Қызылордада ата-анама үй тұрғызып жатырмын. Несиеге де пәтер алғанмын. Бұлардан бөлек мен қайырылымдықпен де айналыстым. БАҚ өкiлдерi: “Осыншама қаражатты қайда құрттың?” деген сұрақты жиi қояды. Ал мен не дейiн? Өз кезегiмде “мен анаған көмектестiм немесе мынаған көмектестiм” деп қалай жар саламын? Мен үшiн өзiм көмектескен азаматтардың алғысы да жеткiлiктi…

– Илья, айтшы әлем чемпионатына қатысудан неге бас тарттың?
– Әлем чемпионатына қатыспауымның маңызды бiрнеше себебi бар. Бiрiншiден, мен әрқашанда тек өзiме ғана сенген адаммын. Чемпионатқа қатысқан жағдайда олжалы оралатындығыма да сенiмдiмiн. Алайда, елiмiздегi басқа спортшылар не iстейдi? Тағы да әлемдiк чемпионатқа мен ғана қатысып, басқа спортшылардың бағын байламақпын ба? Қазiр елiмiзде көптеген талантты жас спортшылар өсiп шықты. Неге сол спортшылар өз бақтарын сынап көрмеске? Араларынан тағы бiр Олимпиада чемпионы табылып қалуы әбден мүмкiн. Екiншiден, мен әлi жарақаттан толық айыққан жоқпын. Оған қоса дәрiгерлер де толық шешiм шығарған жоқ. Операция жасалуы ықтимал…

— Сен Қазақстанды тастап, басқа мемлекет туы астында өнер көрсетедi деген сыбыс бар. Шынымен солай ма?

– Мен Қазақстанды тастап, ешқайда бармаймын. Қандай жағдай болса да өз елiмде қаламын. Маған ешқашан ондай ұсыныстар келiп түскен емес. Әлем алдында өзiмнiң қазақ екендiгiмдi танытқанмын. Бөтен ұсыныстар келiп түскен жағдайда мен оны асқан қорлық ретiнде қабылдаймын. Бұл – барлық спорт түрлерiнде қалыптасқан қағида. Егер спортшы өзi шешiм қабылдаса ғана өзге мемлекеттiң туы астында өнер көрсете алады. Бұл әр спортшының өз еркi. Бiрақ, мен туған Отанымды тастап кетпеймiн. Мейлi, мен чемпион болармын, болмаспын, ол басқа мәселе…

– Лондондағы Олимпиадаға қатысу жоспарыңда бар ма?

— Қазiр маңайымдағы қалыптасқан жағымсыз жағдайдан кейiн кейде бәрiне қолды бiр сiлтеп, спортты бiржола тастасам ба деген де ой келедi. Бiрақ, менiң өзiме берген антым бар. Қалайда Олимпиаданың екi дүркiн чемпионы болу арманым. Бұл, бiрiншiден, өзiме керек. Өз “менiмдi” өзiм мойындауым, тануым керек. Мен ешкiмге Лондонда алтын аламын деп уәде бермеймiн. Бiрақ, сол алтынды алуға бар күш-жiгерiмдi сарп етемiн.

– Әңгiмеңе рахмет! Болашақта зор жеңiстер тiлеймiн. Тұңғыш қызыңның бауы берiк болсын!

Бүгiнде Ильяның басына туған дау-дамайды әркiм әр қалай бағалайды. Бiрi даттап жатса, бiрi ақтап жатады. Осы жағдай туралы басқа спорт жұлдыздары не ойлайды? Оларды да бiр ауыз әңгiмеге шақырайық:

Ольга ШИШИГИНА, Сидней Олимпиадасының чемпионы: “Бiздiң спортшыларымыздың мұндай жағдайға душар болғаны, әрине, өкiнiштi. Бұл “Бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды” дегенге өте ұқсас. Өзге мемлекетте мұндай спортшыларды алақанға салып әлдилер едi. Бiзде бәрi керiсiнше. Бұл жерде Ильяның өзiнде де кiнә бар деп ойлаймын. Бұл жастықтың белгiсi. Қалай болғанда да бiз оған көмек беруiмiз шарт”.

Әсет МӘМБЕТОВ, Бейжiң Олимпиадасының қола жүлдегерi: “Бұл жағдай елiмiздегi спорттық жүйенiң дұрыс жолға қойылмағандығынан. Мен де жарақат алып, аяғыма операция жасатқанмын. Жалақымды қидырып тастапты. Ал, шетелде мүлде керiсiнше. Мысалы, АҚШ-та Олимпиада чемпионын өмiрiнiң аяғына дейiн қомақты қаржымен қамтамасыз етiп отырады”.

Павел НОВИКОВ, генерал-майор, Қазақстан Олимпиада комитетiнiң мүшесi:
“Мен Ильяның айналасындағы бұрқ еткен өсек-аяңмен тек БАҚ-тардағы ақпарат арқылы танысып отырмын. Өзiмен кездесуге әлi мүмкiндiк туған жоқ. Бiрақ жаттығуларға бапкер айтқан уақытта келуi керек едi. Жаттығуларға дер кезiнде келмегендiгi, спорттық тәртiптi бұзғандығы кәсiби спортшыға үлкен кедергi келтiредi. Мұндай қылықтар, әрине, қатаң жазалануы керек”.

P.S. Бет қатталып жатқанда: “Менiң арыз-шағымымды естiгенi және жағдайымды түсiнгенi үшiн Елбасыға қатты ризамын. Елбасы менiң басымдағы жағдайды барынша түсiнiп, адами тұрғыдан атсалысты” деп мәлiм еттi, ҚазАқпарат тiлшiшiсiне Олимпиада чемпионы Илья Ильин”. Әңгiмелескен Шернияз ШАҒАТАЕВ.

Амангелдi Айталы: қарнымыз тоқ, қадiрiмiз жоқ ұлт боламыз ба деп қорқамын”.

“…– Өткен айдың соңында Қазақстан халқы ассамблеясының ХҮ сессиясы болып өткенi белгiлi. Сонда, “қазақстандық ұлт” идеясын насихаттай отырып, Американың моделiн көбiрек үгiттеп кеткендей болдық. Демек, бiз де американдықтар секiлдi басқыншылардың тiлiнде сөйлеп, басқыншылардың жетегiнде кететiн боламыз ба?

— Американдықтар өздерiнiң ақ нәсiлдiк көзқарастарына жат жаңалыққа қол жеткiзiп отыр. Өздерi өмiрбақи менсiнбеген, бұрын шеттелiлiп келген, бұрынғы американ азаматтарының ойы түгiлi, түсiне де кiрмеген қара нәсiлдiң ұрпағын президент етiп сайлау, бұл тек Америка үшiн ғана емес, бүкiл әлемдiк төңкерiс болды. Бұл жаңалықтың астарында iрi бiр құбылыс жатыр. Бұл жалпы әлемде африкандықтар мен азиялықтардың, қара нәсiлдердiң беделiнiң өскенi. Оның үстiне бүгiнгi Қытайдың экономикасының адам айтса нанғысыз алға кеткендiгiн еске алсақ, бұл бiр үлкен фактор. Бiрақ, осы толқынның жаңа серпiнiне бiздер iлесе алмай жатырмыз.

– Қазақстан халқы ассамблеясының ХV сессиясында “Қазақстан халқы бiрлiгiнiң доктринасын” ұсынды. Өткен аптада халықпен тiкелей желiде тiлдескен Елбасы осы доктринаны талқылауды қолға алу қажеттiгiн де сөз еттi. Сiз оның мәтiнiмен таныса алдыңыз ба? Ол жайында не айтар едiңiз?

– Әрине, бiрлiк бiз үшiн қасиеттi ұғым. Бiрақ, қандай идеяларға бiрiгемiз. Бiрiгу жолында қандай қағидаттар болуы керек. Президент баяндамасында осы мәселелер ашылмай қалды. Доктринаны дайындаған адамдар да бұл мәселеге мән бермеген болуы керек. Мен осы докртинамен танысып шыққаннан кейiн үлкен ойға қалдым. Бiзге оның қандай қажетi бар. Өйткенi, бiздiң мемлекетте ұлтаралық проблемалар жоқ, дiни алауыздықтар орын алып отырған жоқ. Керiсiнше, дiни ренессанс жасаған елмiз. Ендеше ұлтаралық проблемасы жоқ елге бұндай доктрина не үшiн қажет? Онда бүгiнгi жағдайға талдау жоқ. Доктринада қауiп-қатердi сырттан күтетiн жағдай байқалады. Өз iшiмiзде ондай қауiптi мәселе жоқ секiлдi. Демек, бiз өзiмiздiң iшкi жағдайымызды сараптай алмай отырмыз. Сол ассамблеяда отырғанда кемелденген социализм кезiндегi халықтар достығының лабораториясы болған Қазақстан есiме түстi. Бiз екi заманды да көрген ұрпақпыз. Бiз Лениннiң ұлттық саясатын насихаттаған коммунист болдық. Ұлттар достығына сендiк, соны насихаттадық. Ол кездегi “халықтар достығы” дегендi бүгiнде “толеранттылық” дегенмен ауыстырдық. Сол жылдары Латын Америкасы, Африка, Таяу Шығыс, т.б. елден келгендер бiздi жатып кеп мақтаушы едi, қазiр де сондай жағдайға тап болдық. Бiрақ, 1986 жылы сол лабораторияда жарылыс болды. Ол жарылыстың тамыры тереңде. Ол – экономикалық, әлеуметтiк, мәдени және тiл жағдайы. Оның астарында терең қайшылықтар жатыр. Ол қайшылық бiрте-бiрте қақтығысқа алып барады. Қақтығыс аяқ астынан орын алмайды. Бүгiнгi күнi елiмiзде қайшылық жоқ деу терең сараламау, бiз ұлтаралық татулықтың керемет үлгiсiн жасадық, барлық елге үлгi деу совет заманындағы менталитеттiң жалғасы емес пе деп қылп ете қалдым. Мен өз басым осы ассамблеяның ғылыми сараптамалық кеңесiнiң мүшесiмiн. Сол кеңестiң отырысында мен өз ойымды айттым. Ұлтаралық қатынастарды саясаттандырудың қажетi жоқ делiнедi. Әрине, оны құптаймын. Бiрақ, көптеген елдерде “этникалық статистика” деген бар. Жалпы, статистика бiр бөлек те, этникалық статистикасы бiр бөлек. Елдегi мемлекет құраушы халықтың тууы, өлiмi, бiлiмi, жұмыспен қамту деңгейi зерттелiп, салыстырылып отырады. Бiзде осы этникалық статистика жоқ,. Шын мәнiнде не боп жатқанын бiлмейдi. Iшкi мәселелерде көп дүниеден хабарсызбыз, құр ұраншылмыз. Айталық, Шеврон, Тенгиз секiлдi шетелдiк компаниялардағы қазақ, Қазақстан жұмысшыларының жағдайы. 2006 жылы түрiктермен арада қақтығыс орын алды ғой. Демек, бiзде проблема бар. Оны айтуымыз керек. Әрине, жұртты үркiту мақсат емес, халықты өтiрiк алдарқату да дұрыс емес.

— Осы күнге дейiн Қазақстан халқы ассамблеясының қажетi жоқ едi деген пiкiрлер жиi айтылады.

— Жалпы, өз басым ассамблеяның болғанын қолдаймын. Ол керек. Ассамблея кейбiр халықтарға психологиялық жағынан қолдау. Этно-мәдени орталығы бар, “мұңымды шағатын орным бар, ұлттық мәдениет өкiлдерiмен кездесе аламын, концерт тыңдаймын” дегендей психологиялық жағынан жақсы. Ол – психо-терапевтiк емдеушi қызмет атқарып келедi. Ассамблея деймiз, көпұлтты елмiз деймiз, шын мәнiсiнде оның көбi – орыстанып кеткен ұлттар ғой…

– Сiз бiр сұхбатыңызда “Қазақ халқы рухани деградацияға ұшыраған халық” деген едiңiз. Қазiр бұл жағдай оңға бет бұрды деп ойлайсыз ба?

— Рухани деградация дегенiмiз – халықтың бiр бөлiгiнiң өзiнiң рухани тамырынан қол үзу. Мысалы, қазақтың бiр бөлiгi орыстанды. Екiншi ұрпақ кеттi. Ата-анасы орыстанғаннан кейiн, ол да орыстанды. Ендi үшiншi ұрпақ кеттi. Мен сол үшiншi ұрпақты оқытып жүрмiн. Олар өз ұлтынан тым жерiп те тұрған жоқ. Бiрақ, ұлттық тәрбие алмаған. Айтсам, әке-шешем, солай, ата-әжем солай дейдi. Мен социология пәнiнде көбiне-көп қазақтың әлеуметтiк ойшылдары туралы айтуға тырысам. Оқулықтардың бәрi орыс немесе Батыс ойшылдарын дәрiптейдi ғой. Қазақстанда әлеуметтанушылар болмаған секiлдi. Мәселен, Шоқан УӘЛИХАНОВтың қалыптасуына көбiрек мән бердiк. Олар Шоқанды Шоқан еткен орыс мәдениетi деген пiкiрде. Мен айтам, Шоқанның Шоқан болғанына әсер еткен оның әжесi, анасы. Қазақ ертегiсiмен, эпосымен қазақы рух берген. Бұл адамды ойлауға күш беретiн қасиетi бар тәрбие. Соның негiзiнде Шоқан жастай ғалым болды.Қазiргi балалардың анасы да, әжесi де бар. Бiрақ, ертегi естiп, эпос тыңдап өспеген буын. Олар басқа мәдениеттi де бiлмейдi. Орысша сөйлеп өскенi болмаса, ПУШКИНдi, ДОСТОЕВСКИЙ мен ТОЛСТОЙды бiле бермейдi. Егер бiлетiн болса өзара әдеби байланысы бар Абай мен Шоқанды да бiлер едi. Демек, бұлар маргиналдар. Қазақтан кеткен, басқа мәдениетке жетпеген.

– Бұлар көп пе?

— Бұлар көп те, негiзiнен қаржылы топтардың балалары. Бiздiң университеттегi ақылы оқудың 90%-ы қазақ балалар. Қазақ тобының балалары аз. Себебi, қазақтың әлеуметтiк жағдайы баласын ақылы оқытуға мүмкiндiк бермейдi. Бiз бұл балаларды қалай төлтума мәдениетiмiзге қарай бұрамыз? Бұлар қазақ болуға мүдделi. Олар он жылдың iшiнде қазақша үйренемiн деп құлшынып отыр. Мен оларға “егер шын мәнiнде үйренуге деген құлшынысың болса, он жыл деп кейiнге қалдырма. Бiз 20 жыл бойы үйрене алмай отырмыз. Сондықтан, бүгiннен бастап кiрiсе бергенiң жөн. Ертең заңгер болсаң саған екi тiлде iс жүргiзу қажеттiлiгi туындайды. Демек, қазақ ретiнде де, маман ретiнде де мемлекеттiк тiлдi үйренуiң қажет” деп едiм ойланып қалды. Кейбiр әлеуметтiк зерттеулерге қарағанда, қазақ ата-аналар балаларының қазақша бiлiм алғанын қалайтынын айтқан. Алайда, өздерi мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндiктен олардың сабағына жәрдем ете алмаймыз деген қорқыныштың басым екендiгiн және сол қорқыныштың жетегiнде баласын орыс мектебiне бергендiгiн жеткiзген. Демек бұған дейiн қалыптасып қалған орысшылдық инерциямен әлi күнге дейiн келе жатырмыз. Рухани деградацияның түп-тамырының өзi осында жатыр.

— Мұхтар ШАХАНОВтың деректерiне сүйенсек, өз ана тiлiнен мақұрымдардың саны 60%-ға жеткен екен.

– Оны айту қиын. Соңғы санақ бұның нақты санын көрсететiн болар. Бiрақ, осындай құбылыстың бары рас. Шын мәнiсiнде, менiң ойымша, егер де мемлекеттiк тiлдi бiлудi жастардан талап ететiн болса, олар бұған бейiм. Қалай дегенмен де, мен депутаттардың арасында емес, жастардың арасында жүрмiн ғой. Егер, заңда кез келген мемлекеттiк қызметке орналасуға ниеттi жастардан мемлекеттiк тiлдi бiлу талап етiледi делiнсе, ешкiм бұған қарсы болмайтын секiлдi. Бiрақ заңды қабылдайтын, қолында билiгi бар адамдар ұлттық болмыстан ажыраған адамдар. Ол министрлер, депутаттар, үкiмет мүшелерi – арғы түбi дүбәраланған ұрпақтың өкiлдерi. Өзiнiң қара басының да, бала-шағасының да тағдырына бола да қазақ тiлiн қолдамай отыр. Ұлттың тағдыры осы дүбәра ұрпақтың қолында кетiп қалды.

-Сiздер Парламентте отырған кезде ұлт мәселесi, мемлекеттiк тiлдi төрге оздыру мәселесiне байланысты талас-тартыстар жиi болып тұрушы едi. Мына сайланымдағы депутаттар тым келiсiмпаз. Үкiметтiң ұсынған жобларын үнсiз мақұлдап қабылдай беретiн болып барады. Жалпы, билiкте жыл өткен сайын ұлттың сойылын соғушылардың саны азайып барады. Бұған не дейсiз?

– Мысалы, бiреудi министр еткенде, оның пәленше тiл бiлетiндiгiн айтып мақтайды. Шын мәнiсiнде ол қазақ тiлiнен басқа пәленше бiледi екен. Қазақ тiлiн бiлмейтiн адамды министр ету – ұлтқа және халыққа деген салқындықтың көрiнiсi. Бiреудi шетелге елшi ғып жiбередi. Ол барған елiнiң тiлiн беске бiледi. Бiрақ, өз елiнiң тiлiнен мақұрым. Сосын ол елдiң бiздiң елге деген құрметi азаяды. Көптеген елшiлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлмеуi сол елдердiң қазақ туралы, қазақ мәртебесiнiң төмендiгi туралы пiкiрiн қалыптастырады. Шетелдiктердiң қай-қайсысы да мемлекеттiк тiлдерiн жоғары бағалайды.

… – Сiз бiр сұхбатыңызда “Болашақта Қазақстан деген керемет мемлекет болар-ау, бiрақ, сол мемлекетте қазақ тiлi бола ма жоқ па, бұл мен үшiн күмәндi” деп едiңiз. Қазiр де осы күмәнмен жүрсiз бе?

– Осы күмәнмен жүрмiн. Себебi техника мен технологияның дамуы мүмкiн. Сол қарқынмен ұлттық идея, елдiң ұлт болып, мемлекет болып, белгiлi бiр мәдениетке көшуi күрделi мәселе. Сондықтан, 2030 жылы қарнымыз тоқ, қадiрiмiз жоқ ұлт боламыз ба деген қаупiм сейiлген жоқ.

— Сiздiңше, қазақ бұған сондай бейжайлық танытатын бола ма?

– Соңғы ұрпақ негiзiнен орыстанған, батыстанған ұрпақ. Қазiр билiк басында отырған да осы ұрпақ. Намыссыз ұрпақ бұнымен келiсуi де мүмкiн. Халықты азды-көптi экономикалық табыстың мұнайдың қаржысымен баурап алып, ұлтсыздар күш алып, ұлтшылдар аяқасты болуы мүмкiн. Мен қазақты үшке бөлемiн: нағыз саналы ұлтшылдар, дүбара ортада жүргендер және ұлтсызданғандар. Бүгiн күш алып тұрған ұлтсыздар мен екi ортада жүрген дүбәралар. Ертең олар күш бермей кетуi мүмкiн.

– Қойды да бауыздарда тұяқ серпидi ғой. Сол секiлдi қазақ та бiр тұяқ серпiр…

– Тұяқ серпер, бiрақ, қойды бәрiбiр бауыздайды ғой, кеттi ғой құрбан болып, ұлт та солай болуы мүмкiн ғой”. Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Нұрсұлтан Назарбаев: құқық қорғау жүйесінде ары таза азаматтардың ғана жұмыс істеуі шарт”. “Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өз жұмысын бастаған Қазақстан Республикасы судьяларының V съезі дәстүрлі тәртібінен биыл да жаңылған жоқ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ата заң бойынша еліміздің адам құқықтары мен бостандықтарына ең қымбат қазына ретінде қарайтын мемлекет екенін айта келе, съезді өткізудің дәстүрлік сипат алуын құптайтынын жеткізді.

Алқалы басқосуға республика өңірлерінен 640 делегат қатысты. Оған қоса жиынға Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Әзірбайжан, Грузия, Франция елдерінің Жоғарғы сот төрағалары мен орынбасарлары және Судьялардың халықаралық қауымдастығының президенті Хосе Мария Банто Компани да арнайы келген еді.

… “Судья — халықтың ары. Сондықтан халықтың бұл ары таза әрі кіршіксіз болуы тиіс”. Елбасы Н.Назарбаевтың пікірі осындай. Ал оны кіршіксіз күйінде сақтау үшін сот ісіне жаңаша көзқарас қажет. Мемлекет басшысының ойынша, сот жүйесінде әділдік орнатуды түбірінен, яғни маман дайындау ісінен бастау керек… Қазақстанда соңғы жылдары сот жүйесін реттеу бағытында келелі шаруалар атқарылып жатыр. Айталық 2002 жылы елімізде 185 жергілікті соттар мен 1 мың 823 судьялар болса, қазіргі таңда жергілікті соттардың саны 340-ты, ал судьялар 2 мың 433-ті құрап отыр. 2007 жылы конституциялық реформалар жүзеге асырылып, сот жүйесінің қызметін реттеуге бағытталған көптеген жаңа заңдар қабылданды. Оң шаралардың арқасында елімізде соттар мен судьялардың қатары артып келеді….

— Биылғы жылы жергілікті соттардың айлық жалақылары бірден 60 пайызға артты. Жалақыны осынша көлемде бірден арттыру ешқандай салада болған емес…

— Сот органдарында ар-ұжданнан ада азаматтар кездеседі. …Көріп отырғандарыңыздай, сот жүйесінде әлі шешілмеген проблемалар жеткілікті. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Азаматтар сот қызметіндегі кемшіліктерге көп шағымданады. Сондықтан бүгінгі жиында осы мәселе бойынша ашық та жүйелі әңгіме қозғалады деген ойдамын. Сіздер осы айтылған кемшіліктердің түзеу жолдарын табады деген үміттемін, — деді өз сөзін түйіндеген Елбасы”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

Дағдарыс кезінде үкіметтің рейтингісі қандай?”. “…Жалпы дағдарыс кезеңінде МӘСІМОВке деген сенім жоғары әрі тұрақты күйінде (42%-дан төмендемеген) қалғандығын айтады Саяси шешімдер институтының директоры Бақытжамал БЕКТҰРҒАНОВА. Қараша айында Премьер-министрдің рейтингісі 5,8%-ға өсіп, тіпті 48%-ға жеткен. Егер бұл деректерге сенсек, Мәсімовке деген сенім көрсеткіші АҚШ-тағы ОБАМАның рейтингісіне пара-пар. Қазақстан тарихындағы бұрынғы премьер-министрлер рейтингісімен салыстырғанда, бұл өте жоғары екендігіне тоқталды сарапшы. “Елдің әр екінші тұрғынының Үкімет басшысына сенім білдіруі — ерекше жайт”, — дейді Бектұрғанова…

… “…Айталық, мемлекеттік статистика мәліметтеріне сүйенсек, егер былтыр өндіріс өнеркәсібі 2,1 %-ға өссе, биыл керісінше, оның төмендеуі байқалған. Ал елдегі жылдық инфляция көлемі жыл соңына дейін 7-8,5% көлемінде анықталады деп болжам жасалған. Айтпақшы, дағдарысқа қарсы бағдарламасы әлемдегі ең тиімділердің бірі болып есептелінетін, тамыз айындағы инфляция көлемі 0,0% болған Германияның канцлері Ангела МЕРКЕЛЬдің қыркүйек соңындағы ретингісі Forsa мәліметтері бойынша 35(!) пайыз болған…

Сауалнамаға қатысқандардың 38,1%-ы “өмір сүру қиын болса да, төзуге болатындығын” жеткізіпті. 34,4%-ы “бәрі жаман болмаса да, өмір сүруге болатындығын” айтқан. 16,9% — “төзуге болса да, ұзаққа шыдау мүмкін еместігін” мәлімдепті. Тек 5,1% респонденттер ғана “енді төзу мүлде мүмкін еместігін” жариялапты. Зерттеушілер қараша айында жалпы наразы көңіл-күй де бәсеңси бастағанын анықтаған. “Қараша айында наразылық көңіл-күй деңгейі 30%-ға дейін төмендеген. Бұл қазан айымен салыстырғанда, 1,3 есеге түскендігін көрсететіндігін” айтады Бектұрғанова… Саяси шешімдер институты жүргізген зерттеуге республика бойынша, қалада тұратын 2307 қазақстандық қатысқан. Сауалнама кездейсоқ таңдап алу тәсілі арқылы жасалынған. Институт сарапшыларының өздері қате кету мүмкіндігі — 1% деп бағалап отыр”. Дайындаған Айжан КӨШКЕНОВА.

Онжылдықты қамтитын маңызды құжат”. “Мәдениет және ақпарат министрлігі 2011-2020 жылдарға арналған Тілдердің қызмет етуі және оларды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге кіріспек. Бұл туралы осы ведомствоның кешегі кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД жария етті.

— Министрлік тарапынан Қазақстанның тіл саясаты, мемлекеттік тілді дамыту шаралары бойынша бірқатар игі жұмыстар атқарылды, — дейді М.Құл-Мұхаммед. — Келесі жылы өткен он жыл мерзімді қамтыған мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы аяқталады. Осыған орай, 2010-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарлама жасауға кірісуіміз керек. Бұл үшін өткен онжылдықта атқарылған шараларды жинақтап, қорытып, ендігі бағыттағы жұмыстың жаңа жоспарын нақтылау қажет. …Әрине, алдағы онжылдықты қамтитын құжат Тілдердің қызмет етуі және оларды дамыту деп аталатындықтан, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, ол мемлекеттік бағдарламада қазақ тілімен қоса Қазақстандағы басқа ұлыстардың тілін дамыту да қарастырылады екен.

… Мұхтар Құл-Мұхаммед еуропалық осы ұйымға Қазақстанның төрағалығы аясындағы министрліктің жұмысы үш негізгі бағыт бойынша құрылатындығын жеткізді. “Біріншісі — мәдени-имидждік шараларды ең жоғарғы деңгейде дайындау және өткізу. …Мұхтар Құл-Мұхаммедтің командасы жауап беретін жұмыстардың екінші бағыттағы парасы жас, тәуелсіз Қазақ елінің еуропалық кеуделі ұйымға көшбасшылық жасауын ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеуге, қолдауға қатысты екен. “Үшіншісі — ЕҚЫҰ іс-шараларына қатысу… Министр “Қазақфильмнің” соңғы екі жылда “Біржан сал”, “Махамбет”, “Келін”, “Обратная сторона”, “Прыжок Афалины”, “Секер”, “Бәйтерек” сынды он көркем фильмді, 5 анимациялық фильм түсіргенін айтты. “Қазақстан кинематографиясынан түлеп ұшқан, шетелдерде әжептәуір беделмен қызмет істеп жатқан азаматтардың қатысуымен біршама жоспарды жүзеге асыратын боламыз. Атап айтқанда, Тимур БЕКМАМБЕТОВтің режиссерлігімен “Алтын адам” атты фильм түсіру жоспарда бар. Бұдан басқа, белгілі режиссер Егор КОНЧАЛОВСКИЙдің атсалысуымен Ауған соғысында ерлік көрсеткен қазақстандықтар туралы фильм түсіріледі. Әзірше, ол фильмге “Қара майор” немесе “Нағыз полковник” деген шартты, жұмыс бабындағы атаулар беріліп отыр” деді М.Құл-Мұхаммед”. Авторы: Айхан ШӘРІП.

ABAI.KZ.Бүгін Астанада ауыс-түйіс болып жатыр. Ақпарат агенттіктерінің мәліметтеріне сүйенсек, Дархан Калетаев \»Нұр Отан\» ХДП бірінші орынбасарлығынан босап, \»Самұрық-Қазына\» ӘАҚ басқарма директоры болып тағайындалды. Дархан Аманұлының партиядағы бұрынғы қызмет орнына Нұрлан Нығматулин келді. Нығматулин осы күнге дейін Қарағанды облысының әкімі болды. Қарағанды облысының әкімі болып вице-премьер Серік Ахметов барады деп күтілуде”.

ALASHAINASY.KZ. “Сот жүйесіне реформа басталып кеткен тәрізді”. “…Нұрсұлтан Әбішұлы елімізде сот билігі үшін көп нәрсе жасалып жатқанын, алайда соған қарамастан, сот жүйесінде шешімін таппаған мәселе көп екенін қадап айтты. Біріншіден, судьялық корпуста өз ісіне атүсті қарайтын адамдардың жүруі болса, екінші мәселе – жекелеген судьялардың кәсіптік деңгейінің жеткіліксіздігі мен моральдық-этикалық бейнесінің қалыптаспауында жатыр”, – деді осыдан біраз уақыт бұрын оқыс қылығымен Алашты селк еткізген елордадағы Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Қаскелді Қасымовты меңзей сөйлеп…

Елбасы сонымен қатар сот саласына кір келтіріп отырған тағы бірнеше мәселені атап өтті. Оның бірі – қолданыстағы заңдардағы кемшіліктер мен олқылықтар болса, екіншісі – сот өндірісі процесін жетілдірудің жеткіліксіздігі. Тағы бір мәселе ретінде Президент қабылдаған шешімдердің орындалу дәрежесі мен сапасына қатысты болды. “Сондай-ақ бүгінгі таңда сот шешімдерінің орындалу сапасы да көңіл көншітпейді. Сондықтан Сот әкімшілігі жөніндегі комитетті Жоғарғы сот құзырынан шығарып, өзін жеке орган ретінде құру керек шығар”, – деді Н.НАЗАРБАЕВ. Осылай деген ол Сот әкімшілігі жөніндегі комитетке енші беріп, жеке шығару мәселесін қарауды ұсынды.

Алқалы жиында Елбасы көтерген тағы бір мәселе – сот төрағаларын жиі ауыстырып отыру туралы, яғни ротация жайы болды. “Сот төрағаларын жиі ауыстырып отыру тәртібін енгізу қажет. Олар бес жыл бойы бір жерде отырмауы керек. Сот төрағасын екі жылда бір рет ауыстыру қажет, осы мәселені қарастырыңдар. Бұл – судьялардың біліктілігін шыңдауға таптырмайтын тәсіл. Өйткені біздің мақсатымыз – адал, әділетті, ұжданды, ең бастысы, арын ақшаға сатпайтын сот билігінің болуы”, – деді Президент…

Президент жиында судьялық қызметке орналасу үшін үміткерлердің жас мөлшерінің шегін көтеру қажет деп санайтынын мәлімдеді. “Төменгі деңгейлі судьялар үшін 25 жас деген тым ерте. Оған мейлінше тәжірибелі адамдарды іріктеп алу керек. Сонымен қатар мамандарға қатысты көп жұмыстар жүргізу керек. Соттарды тағайындауға үміткерлер ұсынатын Жоғарғы сот кеңесі де өзінің жұмыс деңгейіне аса мән бергені абзал”, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының бұл ұсынысына Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек ӘЛІМБЕКОВтің өзі қолдау білдірді. “25 жас – судья үшін өте ауыр кезең. Өйткені адам баласы өзінің өмірлік ұстанымын жүре келе қалыптастырады”, – деп мәлім етті Жоғарғы сот төрағасы……Сондай-ақ Мемлекет басшысы судья қызметіне тағайындайтын үміткерді анықтауда құпия дауыс беру принципін енгізуді ұсынды. Президенттің пайымынша, судьялық қызметке үміткерлерді айқындауда құпия дауыс беруді енгізуге болады. “Судья – бүтіндей бір халықтың ар-ожданы”, – деді ол.

Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінде көтерілген мәселелер мұнымен шектелмеді. Президент сондай-ақ судьялардың санын арттыру және сот шешіміне сырттан ықпал ету мен рейдерлікті жою үшін заңнаманы жетілдіре түсу қажеттігін атады. “Бізге түрлі корпоративтік даулар кезінде жеке меншік институттарға, нарықтық экономиканың арқау негізіне қол сұғатын рейдерлікке тосқауыл қоятын заңдар қажет”, – деді Н.Назарбаев алдағы уақытта мамандандырылған соттар жүйесін кезең-кезеңмен енгізу міндетін алға қойды.

Инновациялық технологияларды қолдану арқылы сот өндірісін жетілдіру қажеттілігі де назардан тыс қалмады. “Сот өндірісін жетілдіру инновациялық технологияларды кеңінен қолданумен байланысты. Озық сот тәжірибесі дегеніміз – қағаз түріндегі құжат айналымынан бас тарту, электронды технологияларға көшу”, – деді Президент.

Елбасының айтуынша, биыл сот жүйесін дамытуға барлығы 20,5 млрд теңге бөлініпті. “Судьялардың әлеуметтік құқықтық қорғалу жағдайы да жақсара түсті. Бүгінде олар Қазақстандағы қызметі үшін ең жоғары жалақы алатын мемлекеттік қызметкерлер. Ағымдағы жылы жергілікті соттардың судьяларының қызметтік еңбекақысы бірден 60 пайызға көтерілді. Ел тарихында басқа мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысына мұндай артықшылық берілмеген. Сіздер мұның не үшін істелгенін түсінеді деп ойлаймын”, – деді”. Авторы: Бүркіт НҰРАСЫЛ.

MINBER.KZ. “Смағұл Садуақасов және қазақ публицистикасы”. “С. САДУАҚАСҰЛЫ 1916 жылы Омбыда қайраткерлік мектеппен бірге қаламгерлік мектептің де табалдырығын аттады. Ол қаламын “Бірліктің”, “Балапан” атты қолжазба журналдарында ұштады. Смағұл көсемсөздік пен жазушылық өнерді тынымсыз қайраткерлік қызметінің барысында меңгерді. 1918—1919 жылы Алаш Ордаға тыныс болған “Жас азамат” газетін 1920 жылы атын “Қазақстан” етіп, затын халықтық қылып өзгертпекке бел буған. “Ұшқын” газетін, 1922 жылы Еуропа өркениетін уағыздаған “Өртең” газетін, қазақ жастарының “Жас қазақ” журналын шығаруға атсалысты. Мұнан бөлек ол 1920 жылы “Еңбекшіл жастар”(Омбы), “Кедей сөзі”(Омбы), “Еңбек туы” 1925-1926 жылы “Еңбекшіл қазақ”, кейін “Еңбекші қазақ” газеттері мен “Қызыл Қазақстан” журналының (1924-1925 ж.ж. шығып тұрған) жауапты шығарушысы (редакторы) болды (С. Садуақасұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-т., Алматы, 2003, 9-бет).

Көтерген тақырыптарының ауқымы турасында: “Өмір үшін күресу” (1918), “Көтеріл, жастар!” (1920), “Өткен күндер һәм болашақ”(1922), “Шарт керек пе?”(1922), “Қостанай — Торғай”(1922), “Орта Азия өміріндегі жаңа дәуір” (1924), “Қазіргі дәуір іс дәуірі” (1925), “О национальностях и националах”(1928) және тағы басқа толып жатқан мақалаларында қазақ қоғамының өтпелі дәуіріндегі қоғамдық-саяси ахуалдың қандайлығын һәм ел мен оның көсемдерін тығырыққа тіреген зәруліктерді шешудің амалдарын көрсетеді. Өркениетті болуға талпынған елге қажетті шартты орындау ісінен күшін аяп қалмады. С. Садуақасұлы “Нужды аула” (1919), “Бірінші мақсаттарымыз”(1920), “Халық ағарту мәселелері”(1925), “Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар” (1926), “Қазақстанда халық ағарту мәселелері” (1927), т. б. мақалалары мен соңғы аталған кітабымен аттас кітапшасында елдегі оқу-ағарту зәрулігін сөз етеді. (Сонда 20-бет). С. Садуақасұлы бұл жылдары театрдың, әртістік кәсіптің, пьеса танудың әліпбиі іспеттес “Ұлт театры туралы” (1925), “Алғашқы тәжірибелер”, “Баянды еңбек күтеміз”, “Мәдениет тәрбиесі”(1923), “Ұлт театрына бір жыл” (1927), тағы осы секілді бірнеше мақала жазады. Нәтижесінде қайраткердің сөзі мен ісі биіктен табылып, үлгілі театр, талантты әртістер, ойлы көрермендер қалыптасты.

… “Қазаққа не керек?” мақаласы “Өртең” газетінде 1922 жылы басылған. Бұл мақала қаламгердің туған ұлты туралы ой-толғамдарының заңды жалғасы деуге болады. Қаламгер “Ой тұрмысты жетектейді, тұрмыс ойды жетектейді” деген ежелден келе жатқан тұжырымның мәніне үңіледі… Қаламгердің пікірінше, шикізатты сыртқа шығармай, қазақ жерінде өңдеген абзал. Бұл мақсатқа тезірек фабрик-зауыт, шойын жол салып қана жетуге болады. Оқуды дұрыс жолға қоймайынша, шаруа жақсармайды. “Оқусыз адам уықсыз тігілген үй секілді”- дейді ол. Автордың пайымынша, қазақ ұлты түгел еңсесін көтермесе, онда оның теңдікке жетпегені. Бұл ойын ол: “Қазақтың теңдігі бес-алты жігіттің төре болғанымен табылмайды, осындай жұрттың тіршілігін көркейтетін жұмыстармен табылады”- деп қорытындылайды. Оның мақалалары ұлт ертеңіне қатысты өзекті мәселелерді бүгежектемей, халыққа әрқашан ашық жеткізіп отырғандығымен де бағалы.

Қазіргі кезде баспасөз бетінде бас мақала соншалықты көп көрінбегенімен, кезінде ол жетекші жанр деп саналатын болған. ..Тек жазып қана қоймай, оларды шешудің жолдарын қарастырады. Осы жерде оның жазылу тілі мен стилі де айқындалады. …С. Садуақасұлының әрбір мақаласы өте көркем жазылған. Ең басты қасиеті сөйлемдерін сағыздай созбай, қысқа да нұсқа жаза білуінде. Ешбір босқа тұрған, басы артық сөз кездеспейді. Орынсыз қайталау мүлдем жоқ. Кез келген мақаласы тұщына, тамсана оқылады. Смағұл тіл тазалығына өте қатты көңіл бөлген. Сол кездегі баспасөзде ең қатерлі жайт – араб, парсы, орыс сөздерін орынсыз қолданып, ана тіліміздің шұбарланып жазылуы көрініс тапқаны да белгілі. Алайда, Смағұл өз кезегінде оған да тосқауыл қоя білген”. Авторы: Әлия СЕМБАЙ.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ бүгін Қарағандыда өткен облыстық мәслихаттың 20-шы кезектен тыс сессиясында Қарағанды облысының жаңа әкімі Серік АХМЕТОВты таныстырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Таяудағы 5 жылда инфляцияның жылдық көрсеткіші 5 — 8% болады. Бұл туралы Ұлттық банк басшысы Григорий МАРЧЕНКО онлайн-конференцияда мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Г. Марченконың болжамына сәйкес, \»таяудағы 5 жылда инфляцияның жылдық көрсеткіші 5 — 8% болады\». \»Инфляциның еуропалық 2 пайыздық деңгейге дейін құлдырату орынсыз, бұл экономикалық өсімге кедергі келтіре алады. Екінші жағынан алып қарасақ, бұдан жоғары инфляция да экономикаға нұқсанды болар еді. Сол себепті біз 5 -тен 8 пайыз аралығы орта мерзімді перспективада еліміздің экономикасы үшін тиімді болып табылады\», — деді ол.

Қайта қаржыландыру ставкасы бойынша болжамға тоқталған Ұлттық банк басшысының хабарлауынша, \»оның бәрі елдегі инфляция деңгейіне байланысты\». \»Біз әрдайым айтамыз, говорим, қайта қаржыландыру ставкасы болмашы позитивті болуға тиіс. Мәселен, инфляция деңгейі 5 — 8 пайыз болғанда қайта қаржыландыру ставкасы 5,25 пайыздан 8,5 пайызға дейінгі аралықта сақталады. Осы аралықта. Ол инфляция деңгейінен болмашы жоғары болады\», — деді Г. Марченко.

Қазіргі қайта қаржыландыру ставкасы 7 пайыз\», — деді Ұлттық банк басшысы.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...