«Әнші Батырхан Шүкенов БҰҰ балалар қорының Қазақстандағы тұңғыш ізгі ниет елшісі атанды». «Ресейдің ықпалын әлсірететін газ құбыры іске қосылады». «Мұнай – мол, бензин – тапшы…»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 23 қараша 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Әнші Батырхан Шүкенов БҰҰ балалар қорының Қазақстандағы тұңғыш ізгі ниет елшісі атанды”. “…Әлемде 200-ге жуық ерікті ізгі ниет елшісі бар ЮНИСЕФ дүниежүзінің 150-ден астам мемлекетінде балаларға көмектесумен айналысады. Дэвид БЭКХЭМ, Робби УИЛЬЯМС, Орландо БЛУМ, Рикки МАРТИН, Роджер МУР, Джеки ЧАН, ШАКИРА, Роджер ФЕДЕРЕР, Клаудиа ШИФЕР, Анатолий КАРПОВ, Олег ГАЗМАНОВ, Сьюзан САРАНДОН, Мария ГУЛЕГИНА және тағы басқа танымал адамдардың қатарына енді қазақстандық әнші Батырхан ШҮКЕНОВ те енді…. Жалпы қайырымдылық – адамның азаматтық ұстанымы мен жүрегінің қалауы. Ол үшін сені ешкім қинамайды да, ол өзіңнің санаң мен түсінігіңе байланысты істелетін шара. Ал маған келсек, менің ұстанымым – мүмкіндігінше адамдарға көмектесу, ол мейлі өз өнеріммен болсын немесе басқа да жолмен болсын. Әңгіме соңында тек Қазақстан емес, бүкіл Орта Азия елдеріндегі алғашқы ерікті ізгі ниет елшісі, әнші Батырхан Шүкенов Азаттық тыңдармандарына арнап, телефон арқылы қазақтың халық әнін де орындап берген еді”. Авторы: Мәншук АСАУТАЙ.

ANATILI.KZ. “Келін” фильмі “Оскарға” ұсынуға лайық па?”. “2010 жылы Қазақстан 56 елдің басын біріктірген Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Төрағалық етеді. 2011 жылы біздің ел 57 мемлекет мүше болып табылатын Ислам Конференциясы ұйымына төраға болмақ. Осы орайда сыртқы имидж мәселесіне алаңдаушылық танытып отырған “Азамат” жастар клубы “Қазақфильмнің” “Келін” туындысын “Оскарға” шет елдік фильмдер тізбесі бойынша ұсынуы сыртқы имиджге кері әсер етеді деп санайды. Әрине, режиссер атамыш фильмді қазақтар туралы емес деп айтқанымен, шетелдіктер үшін бұл маңызды емес. Себебі, америкалық көрермен қазақ елінің тарихын білмейді, сондықтан бірінші кезекте назар аударатыны өнімнің Қазақстанда жасалғандығы. Мәселен “Борат” фильмі шыққанда бұл біз туралы емес деп шырылдадық. Алайда Еуропа оны түсінді ме? Біреу үшін, әсіресе режиссер үшін “Келін” шедевр болуы мүмкін. Бірақ елді масқаралап, оны Оскарға ұсынудың қажеті жоқ. Жеке өз басым режиссердің мақсатын түсіне алмадым. Жарайды, өзінің талантты екенін дәлелдегісі келген шығар, талантты да шығар. Бірақ сол дарынын қазақ қоғамы үшін пайдалы дүние жасаса кім кедергі? Осы мәселені біздің зиялылар көтеруі керек-ақ еді. Бірақ олар үнсіз, сондықтан жастар болып бұл фильмнің “Оскар” сыйлығына Қазақстан атынан ұсынбау керек деп ойлаймыз.

Азаматтық пікір білдіру құқығын пайдаланған “Азамат” жастар клубының бұл ұсынысын бірнеше жастар ұйымдары да қолдап отыр. Аталған мәселеге байланысты Алматы қалалық прокуратурасына, ҚР Адам құқықтары жөніндегі Комиссияға, Сыртқы істер министрлігіне, ҚР Парламентіне хаттар жолданған”. Авторы: Руслан ЖЕЛДІБАЕВ.

DMK.KZ. “Әкім… тыңдап тұр”. “Газетіміздің 9 қараша күнгі санында “Ымарат” атты зерттеу мақаланы жариялап, онда республикамыздағы әкімдердің Ресейдегі әріптестерінен үлгі алмай отырғандығын сынаған ек. Атап айтқанда биліктің халықпен жақындауы үшін электронды пошта, SMS байланыс түрлерін пайдаланып, айналада болып жатқан шындықты білуге әрекет етпей отырғандығына қынжылыс танытқанбыз. Сәтбаев қаласының әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ “КарТел” ұялы телефондары компаниясымен бірлесіп “Әкімшілікке сауалыңды қой” деген акция өткізіп жатыр. Ол бойынша кез келген сәтбаевтық 919 нөміріне өзін толғандырған сұрақты жолдай алады.

Шындығында, – деді бізге Сәтбаев қаласының әкімі С.Медебаев мырза, – халыққа біршама жақындай түстік. Бұрын екі-үш ауыз сөз үшін менімен, не орынбасарларыммен кездескісі кеп, меселі қайтқан кісілер енді көкейіндегі пікірін жазып жіберуде. Әкімнің айтуынша, акция кезінде 20-дан астам сауал түсіпті. Олардың көпшілігі коммуналдық салаға, білім мен денсаулық сақтау тақырыптарына арналған. Тұрғындардың сауалдары мен жауаптар қалалық “Шарайна” газетінде аптасына бір рет жарияланып тұратын көрінеді.

– Жұрт байланыстың жаңа түрін енді біліп жатыр ғой, – деді бізге әкімшілік шенеуніктері, – әрбір хабардың құны небәрі 7 теңге тұрады. Сондықтан алдағы уақытта бізге келіп түсетін сауалдар мен ой-тілектер көбейеді деген үміттеміз.Сонымен Сәтбаев қаласының әкімі Советбек Медебаев Қазақстан бойынша бірінші болып Ресейдегідей халықпен тікелей байланысқа шығу жөнінде тамаша бастама көтерді. Советбекті енді кім қолдар екен?”. Авторы: Айтбай СӘУЛЕБЕК.

EGEMEN.KZ. “Қауіп бұлтын сейілтудің қамы>”. “Әлемді абыржытқан доңыз тұмауы (А/Н1N1) іргедегі Ресейді де, әрідегі Украинаны да мазалап тұр. Ал, Ақтөбе облысының Ресейдің Орынбор облысымен шекаралас жатқаны белгілі, оның үстімен көптеген жолаушылар пойызы, автокөліктер өтеді. Бұл доңыз тұмауын алып келу қаупін қоюлата түседі. Мұндай қауіп бола қалған жағдайда көп нәрсе оны анықтау мен дертті жоюдың кешенді шарасын алуға байланысты. Күз, қыс айларында тұмаудың да белең алатыны бар. Олай болса, оның алдын орау қажет. Осы мақсатта өңірде қандай істер атқарылуда? Тұмауға тұтылмаудың амалы бар ма?

“Егемен Қазақстан” газетінің Ақтөбе облысындағы тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаменті директорының орынбасары Теміржан СУҚАШЕВқа:

Сіз бұған не дейсіз?

– Облыс әкімінің өкімімен облыс аумағында доңыз тұмауының таралуына қарсы іс-әрекетті ұйымдастыру жөніндегі штаб құрылып, жұмыс істеуде. 2009-2010 жылдары облыс аумағында доңыз тұмауының таралуына қарсы іс-әрекетті ұйымдастыру шараларының жоспары жасалды. Көліктегі санитарлық-бақылау пункттерінде А/Н1N1 тұмауына сезікті адамдарды анықтау жұмыстары күшейтілді. Жайсаң стансасындағы санитарлық-бақылау пунктінің мамандары “Мәскеу-Алматы”, “Мәскеу-Бішкек” бағыттарындағы пойыздарды тексеру кезінде төрт шетелдік және Англияға туристік жолдамамен барған бір Қазақстан азаматын жедел респираторлық вирустық инфекцияға сезікті ретінде көліктен түсіріп, облыстық клиникалық инфекциялық ауруханаға жатқызды. Алайда, талдау нәтижелері олардың доңыз тұмауынан сау екенін көрсетті.

Оқу жылы басталғаннан бері оқушылар арасында ағарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы білім беру мектептерінде осы тақырыпта диктанттар жаздыру үшін материал дайындалды, олар медициналық сүзгілермен қамтамасыз етілді. Барлық мектептерде балаларға ертеңгілік профилактикалық тексеру жүргізіледі. Ірі кәсіпорындар басшыларына, сауда мекемелеріне жеке қорғаныс құралдары қорымен, вирусқа қарсы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және қызметкерлер мен студенттерді тұмауға қарсы егуді ұйымдастыру туралы хабарлама жіберілді. Туроператорлық және турагенттік қызметпен айналысатын жиырма жеті туристік фирма өкілдеріне кеңес беріліп, оқу тренингтері өткізілді. Вирусы аса қауіпті тұмауға ұқсас аурулардың алдын алу және доңыз тұмауына қатысты әлемдегі жағдай туралы бір мыңнан астам парақшалар мен ұсыныстар таратылды. Доңыз тұмауының алдын алуға байланысты қырық семинар өткізілді. …Доңыз тұмауына сезікті ауруларды жатқызу үшін облыстық емдеу-профилактикалық мекемелерінен 176 кереуеттік орын бөлінді. Шүкір, облыста әзірге доңыз тұмауын жұқтыру дерегі тіркелген жоқ”.

TURKYSTAN.KZ. “Мұнай – мол, бензин – тапшы…”. “Әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы көтерiлiп келедi. Бiрақ Қазақстандағы бензин тапшылығы шешiмiн әзiр тапқан жоқ. Ресейден импортталатын өнiм бағасы iшкi нарықта мың құбылады. Алыпсатарлар мен монополистердiң қолдан жасаған қымбатшылығының зардабын тартқан – қарапайым халық.

Халықаралық энергетика жөнiндегi агенттiктiң болжамына сәйкес, үстiмiздегi жылдың соңына қарай әлемдiк нарықтағы мұнай шикiзатына деген сұраныс деңгейi көтерiлмек. Бұған дейiн әлемдiк экономиканың рецессияға ұшырауына байланысты “қара алтынның” нарықтағы құны айтарлықтай төмендеген болатын. Өткен аптада арнайы баяндама жасаған ХЭА сарапшылары көмiрсутегi қорларын белсендi тұтынуға көшкен Қытай, Сауд Аравиясы мен АҚШ-тың арқасында 2008 жылдың екiншi тоқсанынан берi бәсең тартқан тұтынушылық сұраныстың өсе бастағанын айтты. Алайда, егер сұраныспен қатар нарықтағы баға да бiрге өспесе, тұтынушылардың белсендiлiгi ұзаққа созылмайды. 2008 жылдың шiлдесiнде бiр баррелi 140 долларға бағаланған “қара алтын” рекордтық көрсеткiштердi көлденең тартқан едi. Бағаның бұрын-соңды мұнша шарықтағанын көрмеген кей сарапшы мен саясаткер көп ұзамай-ақ, көмiрсутегiлер қоры, әсiресе, мұнай 200 долларға (бiр баррелi) жетедi деген сенiмде жүрген. Алайда, мұнай бағасының күрт шарықтап кетуi бiрқатар экономикалық қиындықтарға әкеп соқты. Әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстың кесiрiнен керi кеткен әлемдiк экономика мұнай нарығындағы баға саясатына керi әсер еттi. Жер шары үкiметтерiнiң дағдарыс пен тығырықтан тiзе қоса отырып, бiрге шығуды көздеген iс-қимылдарының арқасында ғана экономикалық ахуал түзеле бастады. Әрине, жағдай түбегейлi жақсарды деуге әзiр ерте. Сол себептi, әлемдiк саяси сахна көсемдерi әлемдiк экономиканы қолдауды 2010 жылы да жалғастыруға келiстi. 2007 жылдың соңынан бастап жүзеге асырылып келе жатқан шаралардың арқасында үстiмiздегi жылдың қазанында мұнай құны баррелiне 82 долларға дейiн өстi.

Нарықтағы “қара алтын” қымбаттағанмен, мұнайға бай Қазақ елiндегi бензин тапшылығы бәсеңдеген жоқ. Премьер МӘСIМОВ отандық 3 мұнай өңдеу зауытын еуропалық стандартқа сай етiп жаңалау iшкi нарықтағы сұранысты 100 пайызға дейiн қанағаттандыруға мүмкiндiк беретiнiн айтады. Ол үшiн қыруар қаржы қажет. Мәселен, Павлодардағы мұнай өңдеу зауытын күрделi жөндеуден өткiзуге 500-600 млн. доллар көлемiнде қаражат керек. Үкiмет 2011 жылдан бастап құйылуы мүмкiн инвестиция легiнен үмiттенiп отыр. Ал Шымкенттегi зауытты жөндеу жұмыстары 2010 жылдың соңына қарай қолға алынбақ. Бүгiнде ауыл шаруашылығындағы ағайынға ауадай қажет жер майдың бiр литрi 62 теңге тұрады. Кей аймақтарда нарықтағы ахуалға байланысты екi-үш теңге айырмашылық бар. Баға тұрақтылығы сондай-ақ АИ-80-ге де тән. Бүгiнде құны қымбаттаған жанар май – Ресейден импортталатын iшкi нарықтағы 37 пайызға жуық жоғары октанды бензин. Апта басындағы үкiметтiк отырыста Мәсiмов министр МЫҢБАЕВқа iшкi нарықта жанар-жағар май бағасын себепсiз қымбаттатқандарды заң жүзiнде қатаң жазаға тартуды бұйырды. Сонымен қатар ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiнде облыстар бойынша жоғары октанды бензиннiң қайда және қанша мөлшерде жұмсалғанын бақылап отыратын карта әзiрленген.

Бүгiнде жанар-жағармай нарығындағы қылмыстар қатары артқан. Жыл басынан берi “көлеңкелi” бизнестiң кесiрiнен мемлекеттiк бюджет 72 миллиард теңгеден қағылыпты. Мысалы, Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi агенттiк (қаржы полициясы) тарапынан жүргiзiлген тексеру жұмыстарының нәтижесiнде, қазақ кәсiпкерлерiнiң арасында ең кең тараған пайда табу жолы лицензиясы жоқ мұнай шикiзаттарын сату және сақтау болып табылады. Қаржы полициясы 2009 жылдың алғашқы тоғыз айында осыған қатысты 167 қылмыстық iс қозғап, оның 95-iн сотқа жолдаған. …Оңай олжаға құныққандар мұнай құбырларының арқасында да ақшаны күректеп табуға әдеттенген. Мәселен, Қаржы полициясының өкiлдерi мұнай құбырлары орналасқан шаруашылық нысандарының қожайындары өз жерiн қолында мұнай шикiзатын тасымалдауға лицензиясы жоқ адамдарға жалға беру арқылы заң бұзушылықтарға жол бергенiн анықтаған. Магистральдық мұнай-газ құбырын заңсыз пайдалана отырып, 21 млрд. теңгенi жымқырған Молдавия азаматы КОРНЕГУРЦтiң (“Казполмұнай” ЖШС Бас директоры) дүние-мүлкi тәркiленiп, 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Соттың шешiмi бойынша, қылмыскерден айыппұл ретiнде өндiрiлген қаржы мемлекет меншiгiне қайтарылыпты. Сондай-ақ, мұнай құбырларының арқасында 125 млрд. теңге пайда көрген “Толқыннефтегаз” ЖШС басшылары құқық қорғау органдарының қызметкерлерi есiктерiн қақпай тұрып, iздерiн суытып үлгерiптi. Бүгiнде олардың сыртынан айып тағылып, тұтқынға алу туралы үкiм шығарылған. Өкiнiшке қарай, мұнай нарығында қылмыскерлермен бiрлесе әрекет ететiн шенеунiктер де табылып қалады. Ақтөбе облысындағы бiр кеденшi “КНПЗ-Трейд” ЖШС-ның 3 басшысымен бiрге жарты миллиард теңгеге бағаланған мұнайды жасырын сатумен айналысқан. 2009 жылдың басынан берi мұнай шикiзатын заңсыз саудалаған контрабандалық топтар мемлекетке 2 млрд. теңге көлемiнде шығын келтiрген”, — деп белгіледі Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

AIKYN.KZ. “Президент Қазақстандағы тұңғыш ақылы жол құрылысының аяқталу рәсіміне қатысты”. “…Ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстандағы тұңғыш автобанның құрылысының аяқталуына арналған салтанатты рәсімге қатысты.

Бір қызығы, жобаны жүзеге асырушылар еліміздегі ең алғашқы автомагистральге ескерткіш қоюды жөн деп тауыпты. Жол бойында, елордадан 7 шақырым қашықтықтағы Қызмет көрсету кешені жанында орнатылған, Жер шарының шағын үлгісі — глобус сипатында мүсінделген бұл “сәулеттік төлқұжатта” еліміздің бірінші автомагистралінің Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен салынғандығы таңбаланыпты. Елбасыны қарсы алған Көлік және коммуникациялар министрі Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ “Астана-Бурабай” трассасын қайта салу бойынша атқарылған істер, сондай-ақ алдағы уақытта заманауи интеллектуалдық-электронды жүйені енгізу бағытында орындалатын жұмыстар туралы баяндап берді. … “Мынандай автокөлік жолы Қазақстанда тұңғыш рет салынып отыр. Бурабай Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер үшін үлкен әрі тартымды туристік орталыққа айналады. Осы орайда елордадан Бурабайға қарай көлік ағымы зор ауқымда артпақ” деді Н.Назарбаев. …Бұған қоса Бурабайды құмар ойындарының орталығы ретінде дамытып, “қазақстандық Лас-Вегасқа” айналдыруда да бұл жобаның маңызы зор. Сондықтан ұзындығы 224 шақырымды құрайтын, ені кең, алтыжолақты бұл автобанның құрылысы да басқа тас жолдардан өзгеше жүрді. Мұнда Германия, Австриядағыдай 2 жаңа технология қолданылған. Ұзақтығы 96 шақырымдық “Астана-Шортанды” және “Макин-Щучинск” телімдерінде неміс технологиясы бойынша, цемент-бетонды жамылғы төселген. …Жобаға 114,4 млрд теңге жұмсалған екен. Оның құрылысына 1,4 мың дана техника және 3,5 мың жұмысшы тартылыпты, олардың 500-і — шетел мамандары. …Барлығы 23 көліктік айырым және жабайы жануарлардың өтуіне арналған 2 эстакада тұрғызылған. …Трассаның басы мен аяғында стационарлы жол полициясының бекеттері тұр. Автобанға жол қызметінің 5 нысаны қызмет көрсетеді. Алдыңғы жылдардағы Жолдауларында Қазақстан лидері “ақылды экономика” құру жөнінде ұран тастаған-тын. Қазіргі кезде Астанада жоғары технологиялармен “толтырылған” “ақылды үйлер” бой көтеруде. Сол сияқты Үкімет 2011 жылға дейін “Ақылды жол” жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. …“Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эксплуатациялық қызметтердің жағдайды жедел бақылауы және жүргізушілерді ұдайы хабарландандырып отыру үшін “Астана — Бурабай” автожолында қазіргі заманғы зияткерлік-электронды жүйе енгізілетін болады, онда ауа райы жағдайы мен жол қозғалысының жай-күйін қадағалайтын жүйе орнатылады” делінген министрліктің ресми ақпарында.

Жария етілгеніндей, 224 шақырымдық “Астана-Бурабай” автомагистралі бойынша, қозғалысты 2011 жылдан бастап ақылы ету көзделуде. Қазақстандық тұңғыш автобанмен жүйткуге құлшынған жеңіл көлік иелеріне жолдың әр шақырымы үшін 4 теңге, жүк көлік жүргізушілеріне — 25 теңге, ал автобус “шопырларына” 10 теңге көлемінде ақы төлеуге тура келмек. Осылайша төлем жинаудан түсетін орташа жылдық түсім 8 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Осы тұста автобанды ұстап тұруға жыл сайын 3 миллиард теңге жұмсау қажеттігін атап көрсеткен жөн. Мұндай қарқынмен автобан жобасы өзіне кеткен шығынды айналасы 15 жылдың ішінде өтеп береді деседі. Ары қарай концессиялық жобаға қатысқан инвесторлар тек таза табысты “күреп” алып отырады. Қазіргі кезде “Астана-Бурабай” автомагистралімен тәулігіне 8,5 мың машина жүріп өтетін көрінеді. Бұл қозғалыс қарқындылығы 2020 жылға қарай әлденеше еселеніп, тәулігіне 28 мың машинаға жетеді деп болжануда. Яғни егер бұлардың барлығы әр шақырымына 4 теңгеден төлейтін жеңіл көліктер деп алғанның өзінде, жол қожайындары бір тәулікте ең кем дегенде 25 миллион теңге төлем жинайды екен”, — деп қорытты Айхан ШӘРІП.

Шолпың қайда, шырағым?”. “Қазіргі қазақ қыздарының көпшілігі шаш өсірмейтін болды. Шашы беліне түсетін қыз аз. Ал шашы балтыры мен бақайына дейін жететін қазақ қызын қолыңызға шам алып жүріп әзер кездестіресіз.

Мектеп бітіргенше шаштарын әсемдеп өсіретін қыздар бар. Олардың көбісі қалай жоғары оқу орнына түседі, солай шаштарын түптерінен шорт қиып тастайды. Қолаң шашты қыздар қайда баяғы? Қалаға келген қыздар шаштарын неге қырқып тастауға құмар?.. Шолпы дегенді қазіргі қазақ тек мұражайдан көретін болды. Шолпының сыңғырын қазақ жігіттерінің құлағы естудан қалғалы қаш-шан?!. Ал сол шолпы тек сәндіктің құралы ма еді? Атамыз қазақ қыз баланың сұлу да сымбатты болып өсуіне қатты мән берген. Шолпы тек сәндіктің құралы емес. Шолпы — шашы ұзарған қыздың сымбатына тікелей себепкер бұйым. Демек, бойжеткеннің бойын түзейтін бұйым деген сөз бұл. Орысша айтқанда, “осанка”.

Көшпелі заманның өзінде қазақ қыздары сыңғырлатып шолпы тақты. Шолпы күмістен жасалады. Ол әр қыз баланың жасы мен салмағына сай әзірленетін. Әр ауылда жүзік, білезік, шолпы соғатын ұсталар болушы еді. Олар шолпыны бойжеткен қыздарға арнайы соғатын. Бұл күнде ондай ұста да жоқ, шолпы да жоқ. Осы күнгі қазақ қыздары неге денелерін тік ұстай алмайды? Қалада болсын, далада болсын бойжеткендер неге еңкіш?.. Бәлкім, шолпы болмаған соң, олпы-солпы болдық па?.. Шолпың қайда, шырағым?..”. Авторы: Нұртөре ЖҮСІП.

ABAI.KZ. Жаңа жылды жаңа үкіметпен қарсы алуымыз мүмкін”. “…Дархан КАЛЕТАЕВ \»Нұр Отан\» ХДП бірінші орынбасарлығынан босап, \»Самұрық-Қазына\» мемлекеттік холдингінің басқарушы директоры болып тағайындалды. Дархан Аманұлының партиядағы бұрынғы қызмет орнына Нұрлан НЫҒМАТУЛИН келді. Нығматулин осы күнге дейін Қарағанды облысының әкімі болды. …Редакциямызбен байланысқан құпия дерек көзінің мәліметіне сүйенсек, ауыс түйіс осылайша жалғаса беретін көрінеді. \»Бірнеше облыс әкімдері қызметінен босап, атқарушы билікте жаңа есімдер пайда болады. Ал, жаңа жылды Қазақстан жаңа үкіметпен қарсы алуы мүмкін\» дейді, есімін жария етпеуді өтінген Ақ Ордаға жақын шенеунік”.

ALASHAINASY.KZ. “Ресейдің ықпалын әлсірететін газ құбыры іске қосылады”. “Мәжілістің төменгі палатасымен “Қазақстан – Қытай газ құбыры құрылысы мен оны іске қосудағы ҚР мен ҚХР Үкіметтерінің әріптестігі туралы өзара келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы қабылданды. Іле-шала көршілер тарапынан осы құжатты қабылдауға байланысты наразылық пікір білдіріліп те үлгерді. Әрине, ресми емес. Дегенмен…

Біздің өңір арқылы 40 миллиард текше метр газ тасымалы туралы сөз болып отырған аталған жаңа газ құбырының пайда болуы көрші орыс ағайынның жамбасына қатты бататын сыңайлы. Саяси конъюктуралар орталығының бас директоры Константин СИМОНОВ “Полит.ру” сайтына берген сұхбатында, бұл құбырдың Ресейге кәдімгідей мәселе туғызатындығын, сондықтан оған билік көңіл бөлгісі келмесе де, қоғамның назар аударуын сұрайды.

“Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан энергоресурстарды Қытайға тасымалдаудың толыққанды біртұтас жүйесін жасай отырып, өзара ымыраласқан саясат ұстанып, Ресейге қарсы бағыт ұстанып отыр. Бұл “экспорттық терезе” – үлкен мәнге ие, Ресейге балама болып табылатын алғашқы жоба. Сондықтан да бұл жерде олардың нақты позициясының бетпердесі ашылып отыр” дейді ол, шын мәнінде Ресейден тәуелсіз, экономикалық жағынан тиімді, жолында арамтамақ алыпсатары жоқ, тікелей экспорт көзі болып табылатын бауырлас елдер үшін интеграциялық мәні зор құбыр құрылысы туралы.

Мұнымен тоқталмаған орыс саясаттанушысы, аталған мәселеге Еуропаның да назарын бұруға тырысып, олардың Қазақстанға белгілі бір деңгейде ықпал етсе деген ниетін де білдіріп қалады.

– Батыстағылар Орта Азиядан Ресей кетіп, оның орнын Еуропа басады деп ойлаған. Бірақ олар қатты қателесіпті. Мұнда Қытай келіп жатыр. Әрі қарқынды түрде, дер уақытында, – дейді ол.

Шындығында, Еуропа жаңа жылдың алдында тағы газсыз қалуы ықтимал. Осы аптада Будапеште өткен энергетикалық форумда Чехияның премьер-министрі Мирек ТОПОЛЕНЕК: “Бізге америкалық әріптестеріміз Ресеймен газға қатысты келеңсіз жағдайдың қайталанатындығын ескертті. Әрі ондай жағдай орын алып жатса, біздің Ресейді кінәламай, керісінше Еуропалық одақтың ОПЕК пен Ресей арасындағы таңдауымызда бір тоқтамға келуімізге шақырды”, – дейді.

Бұл – бүгінгі күнгі газ мәселесінің әлемде ушығып тұрғанын анық байқататын дерек. Еуропалық одақтың газға қатысты бір шешімге келуі АҚШ-ты да, Ресейді де алаңдатады. Себебі АҚШ Ресейді айналып өтетін, болашақта іске қосылмақшы НАБУККО газ құбырына үміт артса, Ресей де олардың өзінен ғана газды сатып алуды күйттеуден шаршап, енді көмірсутегін Қытай бағыты арқылы Азия-Тынықмұхит нарығына шығарғысы келеді. Осы ретте Қазақстан мен Өзбекстан арқылы Қытайға тасымалданатын газ құбырына болашақта Ресейдің де келіп қосылуы ықтимал. Негізгі Қытайдың газға қатысты Орталық Азиядағы мүддесі – Түрікменстан газына қол жеткізу, содан кейін Иран бағытына ойысу.

…Күзде оңтүстік аймақтағы жанар-жағармай тапшылығына байланысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі Ләззат ҚИЫНОВ болашақта аталған мәселені шешуде тиімді бірқатар жобаның жүзеге асырылып жатқанын айтып, онда осы газ құбыры бойынша да алдын ала халықтан сүйінші сұрап та қойған еді.

“Түрікменстан газын Өзбекстан және Қазақстан арқылы Қытайға жеткізетін құбыр құрылысы салыну үстінде. Онымен Қазақстан арқылы түрікменнің 30 миллиард текше метр газын Қытайға жеткізуге болады. Аталған газ құбырын пайдалануда Оңтүстік Қазақстан облысын 10 миллиард текше метр газбен қамтамасыз етуге қол жеткіземіз. Сол секілді Бейнеу–Шымкент газ құбырының құрылысы да жүргізіліп жатыр. Бұл – біз үшін тиімді жобалар” деген еді сол сөзінде вице-министр. Қазір осындай құбырлар жобасын қаржыландыруда Қытай бірқатар Орталық Азия елдерін өзінің несие-ақшасына байлауда. Ол қаншалықты аталған аймақ елдеріне қауіпті, болашақта мәселе қай арнаға ойысуы мүмкін? Бұл мәселелер жеке-дара талқылауды қажет етеді.

…Бұл арада Қазақстанның мұнай қорының 30 пайызына Қытай иелік ететін, енді газ секторына қол салғанында еске сала кетелік.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК: Жыл сайын Түрікменстан шамамен 80 миллиард текше метр газ өндіреді. Дағдарыс кезеңіне дейін түрікмен газының 50 миллиард текше метр газын “Газпром” сатып алып келген. Алайда өзінің ықпал тетіктерін пайдалануда Ресей оны арзанға сатып алып, түрікмен газын Еуропаға екі есе қымбат бағаға сатуда “екі жеп биге” шығып отырған еді. Осы жайттар Түрікменстанның газ тасымалын әртараптандыру саясатына итермелеген. Ал көктемдегі Иран бағытындағы тасымалдағы жарылыс орыс-түрікмен қарым-қатынасын ушықтырып жіберді. 15 желтоқсанда Түрікменстаннан Қытай бағытына газ тасымалдануы осы ғасырдың тарихи беттерінде маңызды оқиға, халықаралық ірі жоба болып аталады. 7 мың шақырым ұзындықты қамтитын алып жаңа магистралдың іске қосылуы арқылы Орталық Азия мен Қиыр Шығыста жаңа отын-энергетикалық инфрақұрылымы туындайды. Ол Түрікменстан, Өзбекстан, Қазақстан және Қытайдың экономикалық сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, өзге де мемлекеттердің экономикалық тиімділік негізіндегі конструктивті интеграциясына ықпал етеді деп күтіліп отыр”. Авторы: Кәмшат САТИЕВА.

JASQAZAQ.KZ. “Қыруар қаржы Ресейге кеткен”. “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Қайрат КЕЛІМБЕТОВпен сұхбат.

Жас қазақ: Қайрат Нематұлы, сіздің Үкіметтегі қаржы концепциясын талқылаған жиында елдегі банк санын азайтып, капиталдың ең төменгі жарғылық мөлшерін көбейту керектігін айттыңыз. Банктер көп болған сайын, қайта тұтынушылардың таңдау еркіндігі көбеймейді ме?

Қайрат Келімбетов: Бұл арада менің назар аударғым келгені – банктердің жауапкершілігін арттыру жайы. Қазір елімізде 37 банктің бар екенін білесіз. Ал банкті ашу үшін жарғылық капитал 5 млрд теңгені құраса болғаны. Бізде қазір қалтасында 50 млн доллары бар адам банк аша береді. Бірақ соңынан ондай банктердегі акционерлердің иығына түсетін жүк қалайша ауырлап кететіні бізге белгілі. Сондықтан жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшері кемінде 15 млрд теңгеден басталуы керек деп есептеймін. Келесі жылы 1 шілдеден бастап ол жарғылық капиталдың көлемі 10 млрд теңгеге дейін көтеріледі. Бірақ жаңағы айтқанымдай, жарғылық капиталы 15 млрд теңгеден кем болмағаны жөн. Сосын елімізде 37 банк емес, 10-15 банк болуы қажет шығар деп ойлаймын. Өйткені біз дағдарыс кезінде  осы саладағы акционерлердің өз саласына деген жауапкершілігінің тиісті дәрежеде емес екендігін көрдік.

Жас қазақ: Сіз БТА банкі мен Альянс банктің акционерлерін айтып отырсыз ғой. Қожайындардың өз жобаларын сол банк арқылы қаржыландыруына қарсы пікір білдіруіңіз де осы банктердегі ахуалға байланысты ма?

Қайрат Келімбетов: Иә, банкпен байланысы бар тұлғаларға несие беру мәселесін мұқият бақылау қажет. Тіпті бұған тыйым салынса, оң болар еді. Қазір Қаржы ұйымдарын қадағалау агенттігі “банкпен қатысы бар адамдарды несиелеу банктің өзінің жарғылық қорының 10 пайызынан аспауы тиіс” деген талапты алға тартып отыр. Себебі жаңағы өзіңіз сұрағаныңыздай, біз Альянс банк пен БТА банктегі ірі көлемдегі ақша жымқыру дерегін білеміз. “Самұрық-Қазына” БТА банкке акционер болып келген сәтте, банктің 13  млрд доллары көлеміндегі сыртқы қарызы бар еді. Ең сорақысы, банктің 8-10 млрд долларлық қаржысы із-түзсіз кеткен. Яғни бұрынғы акционерлер сол қаржыны түсініксіз жобаларға жұмсаған. Кейін зерттей келе, ол қаржының 85 пайызының Мәскеудегі девелоперлік жобаларды қаржыландыруға жіберілгені анықталды. Оның үстіне, бұл жобалардың басым бөлігі қожайындарына қатысты. Бұл банктегі, акционерлер, басқарма мүшелері, директолар кеңесі мүшелерінің барлығы бір адамның төңірегіне тоқайласып, өз жобаларын қол астындағы банктен несие алу арқылы қаржыландырған. Демек, өзіне-өзі несие берумен шұғылданған. Соңы қалай болғанын білесіздер. Үкімет, “Самұрық-Қазына” араласып, банкті банкроттықтан сақтап қалуына тура келді. Сондықтан банкке қатысы бар адамдардың банктерден несие алуына мүлдем тыйым салу керек. Ал егер банкирлер жақсы жоба дайындап жатса, баска банктерге-ақ барсын. Тиімді жобаны қаржыландырудан өзге банктер бас тартпайды емес пе?

Жас қазақ: Сіздің талаптарыңыз қатаң емес пе? Банктердің оффшорлық аймақтарда операция жасауына да тыйым салу қажеттігін қозғадыңыз.   Салық жүйесі жеңілдеу жерде жасалынатын операция банктің пайда табуына тиімді әсер етпейді ме? Банк – коммерциялық ұйым, оның міндеті – табыс тауып, пайда көру. Табыс табудың шекара таңдамайтыны белгілі ғой?!

Қайрат Келімбетов: Бұл мәселені көтеруімнің себебі де жаңағы екі банктің операциялары салдарынан туындады. Олардың сырттағы дүниесін, яғни оффшорлық аймақтардағы мал-мүлкін, бар-жоғын түгендеп, табылған активтерді қалпына қайта келтіріп жатқан тәжірибемізге сүйеніп айтамын: бұл – бір абыройсыз нәрсе. Оффшорлық аймақтардағы операция қиынның қиыны. Егер сол операцияға әрі қарай кеңінен мүмкіндік берсек, қадағалаушы органның тек сыртта болып жатқан шаруаның қамын күйттеп жүруіне тура келеді. Айтпақшы, қазір банктердің оффшорлық аймақтардағы несиелеріне 100 пайыздық провизия жасау талап етіліп отыр. Жалпы, осы оффшорлық аймақтағы операция атаулыны қайта електен өткізу керек. Қажет болса, тіпті мүлдем тыйым салу керек деп ойлаймын…”. Сұхбаттасқан Гүлзат Нұрмолдақызы.

KAZ.GAZETA.KZ. 20.11.09. Ялтадағы Ливадий сарайында бүгін ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті мәжілісі өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today e-Қырым ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап. ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті мәжілісі бүгін 11 мен 14 сағат арылығында өткізіледі. Онда қорытынды құжатқа қол қойылып, отырысқа қатысушылар баспасөз өкілдерімен кездеседі.

Мәжіліске Қазақстан үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ қатысады деп күтілуде.

Ялта қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшыларының кеңесі (ТМД ҮБК) отырысының аясында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімов Украина премьер-министрі Юлия ТИМОШЕНКОмен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында сауда-экономикалық саладағы Қазақстан-Украина екіжақты қатынастарын дамытудың жай-күйі мен болашағы талқыланды. Сондай — ақ, бүгінгі отырыстың күн тәртібіндегі кейбір мәселелер бойынша әңгіме өрбіді. К.Мәсімов украиналық тарапты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің отырысын жақсы ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Тараптар екі ел арасындағы қарым — қатынастар ойдағыдай дамып отырғанын атап өтті және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін білдірді.

20.11.09. Өзбекстан Қазақстанмен арадағы шекараның бір жақты жабылу себебін түсіндірген жоқ, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. \»Өзбекстан жағы қазір Қазақстанмен арадағы шекараның бір жақты жауып отыр. Өзбекстан оның ешқандай себебін атаған жоқ. Шекараның жабылу мерзімі де белгісіз\», — деп хабарлайды баспасөз қызметінің маманы.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

comments powered by HyperComments

Новости партнеров

Загрузка...