«Қытай түрмелерінде 40 жылға жуық өмірін өткізген қазақ қаламгері Қажығұмар Шабданұлы…». «Гүлдер» ансамблінің құрылғанына да биыл 40 жыл толыпты». «Дүнген қызы Чиншанло – Қазақстан ауыр атлетикасы тарихында әлемді бағындырған алғашқы ару»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 24 қараша 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Жайнар Қажығұмарқызы: Әкемнің арманы – туған еліне оралу”. “Саяси қылмыскер деп айыпталып Қытай түрмелерінде 40 жылға жуық өмірін өткізген қазақ қаламгері Қажығұмар ШАБДАНҰЛЫ атажұртқа оралу арманымен 2006 жылы Қазақстан президентіне хат жазған болатын. Оның түрмеде жазылған“Қылмыс” романының толық нұсқасы 6 кітап болып Қазақстанда рет жарық көрді.

… Жазушы, ақын, драматург Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде дүниеге келген. 1930 жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Дөрбілжін ауданына ауып барған. Жергілікті халықтардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіндегі “Қазақ-қырғыз ұйымын” басқарған. Алғаш рет 1958 жылы “оңшыл”, “солшыл” деген саяси айыптаулармен сотталып, 22 жылға бас бостандығынан айырылған Қажығұмар жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде толық өткеріп, 1980 жылы бостандыққа шығады.1986 жылдың желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін “Үміт” атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады деген айыптаулармен, шетел жансызы деген желеумен 13 жылға екінші мәрте түрме жазасына кесіледі. Бұл жаза мерзімін ол Үрімжі қаласының №1 түрмесінде өткізеді. Қытай өкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты қудаланғаны үшін Қажығұмар Шабданұлы қамауда отырған кезде адам құқығын қорғау жөніндегі “Халықаралық рақымшылық” (Амнести интернешнл) ұйымы оны “ар-ождан тұтқыны” деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен. Қазір жазушы Шыңжаң автономиялы ауданына қарасты Шәуешек қаласында тұрады.

Ал Қажығұмар Шабданұлының кенже қызы Жайнар ҚАЖЫҒҰМАРҚЫЗЫ қазірде Алматы облысында тұрады. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол әкесі, отбасы жайлы әңгімеледі.

— Әкеңізді қалай тұтқындағаны есіңізде ме?

– Менің жасым алтыда болатын. Желтоқсан айының іші еді. Түскі асымызды ішіп жатқан кезде сақшылар келіп әкемді ұстады. Үйдің іші ұлардай шулап, менен үлкен әпкелерім жылап жүр. Мен ешнәрсе түсінбесем де, үлкендердің шулағанына қарап, жылап жүрмін. Бұл менің есімде анық қалған көрініс. Бұл әкемнің соңғы тұтқындалуы. Алғашында 15 жылға соттаймыз деп, ақыры 13 жылға кесті. Сөйтіп, мен ержетіп, Шыңжаң университетіне оқуға түскен жылы наурыз айында бостандыққа шығарды.

— Түрмеде жатқан кезде әкеңізбен кездесіп тұрдыңыздар ма?

– Барып тұратынбыз. Әсіресе, жыл сайын жазғы демалыста Үрімжіге барып, кездесіп тұратынбыз. Ол кісі Үрімжідегі №1 түрмеде жатты. Алғаш рет барғанымызда темір қоршаудың ішінде, ол кісі ар жақта, біз бер жақта тұрып кездесетінбіз. Кейіннен бөлек үй босатып беретін болды.

— Әкеңіздің істі болып, түрмеге түсуі отбасы мүшелеріне кесірін тигізген жоқ па?

– Менің өз басыма ешқандай кесірі тиген емес. Қазақ мектебінде оқыдым. Ол жерде сенің әкең қылмыскер деген сөз естіп көрмеппін. Керісінше, әкемді бәрі құрметтеп, іштей үлгі тұтатын. Кейін университетке түскен кезімде де ондағы қазақтар мені басына көтеріп, құрмет көрсетті. Алайда, әпкелеріме кесірі тиді. Ол кісілер жұмыстарынан шеттетіліп, басқа жерден жұмыс іздеуге мәжбүр болған жайттар бар.

— “Қылмыс” романының түрмеде жазылу тарихы жайлы айтсаңыз?

– Әкем “Қылмысты” Тарым лагерінде айдауда жүргенде бастаған ғой. Менің өте кішкентай кезімде “Қылмыстың” бірінші томы Қытайда жарық көрген кезде үйде той жасағанбыз. Одан екінші томы шықты. Үшінші томы шығып, мұқабасы қапталмаған күй қалды. Өйткені, әкемді алып кетті. “Қылмыстың” қалғанын Үрімжідегі түрмеде жатқан кезінде жазды. Тілдей қағазға жазылған романның үзінділерін кездесуге барғанда бізден және Үрімжіде тұратын үлкен ағамнан беріп жіберетін. Үйге әкеліп жинап қоятынбыз. Кейін әкем түрмеден шыққан соң, бәріміз жабылып көшіріп, осы жаққа жіберді…

– 2006 жылы әкеңіз Қазақстан президентінің атына хат жазған болатын. Хатында туған еліне ораулына көмектесуін өтінген еді. Сол хатқа жауап болды ма?

– Ондай жауап көрген жоқпыз. Үлкен кісілер, бұл Қытайдың ішкі ісі біз оған араласа алмаймыз дейді. Ал, егер, келіп жатса, көмегімізді аямаймыз деп отыр.

— Әкеңіздің дәл қазіргі уақытта денсаулығы қалай? Шығармашылықпен айналысып жатыр ма?

– Әкем қазір үйде, қартайған. Ұмытшақ та болып кеткен. “Төте қырсық” деген роман бастаған бірақ әлі аяқтаған жоқ. Жалғастырып жазу үшін, басынан бастап, қайта оқып шығуына тура келеді. Өзі жүріп, тұрады. Үйде болғанымен аңдуда деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанға келу үшін паспортын жасамай отырғаны да содан болар. Жыл сайын Қазақстанға келу үшін құжаттарын өткізеді. Бірақ, әлі рұқсат ала алмай отыр. Әкемнің бар тілегі – туған еліне келіп, туған жерімді бір көріп қайтсам дейді. Шекарадан өтіп, туған елдің топырағына бір аяғым тисе деп тілеп отыр. Менің де тілегім сол, әкем туған еліне оралса….”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

Қазақстан: Халық санағы демографияның қандай өзекті мәселелерін алға тартты?”. “Қазақстанда биыл жыл басында өткізілген халық санағының түпкілікті нәтижесі әлі жария болған жоқ. Санақтың бастапқы қорытындысының өзі ресми билік өкілдерінің кейбірінің күдік-күмәнін туғызған. Осы ретте Азаттық Радиосы “Халық санағы демографияның қандай өзекті мәселелерін алға тартты?”” деген тақырыпта дөңгелек үстел сұхьатын өткізген.

Совет үкіметі тұсында 1937 жылғы халық санағынан кейін Иосиф СТАЛИН санақты жүргізген және оны қорытындылаған шенеунектердің көпшілігін ГУЛАГ-тарға айдатып жіберген екен.Тәуелсіз Қазақстанда биыл ақпан айында халық санағы өткізіле салысымен Статистика агенттігі басшыларының кейбірі тұтқындалып, агенттік басшылығы түгелдей ауысты. Қазақстанда 2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурызы аралығында өткізілген халық санағы мен санақтың бастапқы нәтижелері және осы қорытындының тіпті ресми билік өкілдерінің кейбірінің күдік-күмәнін туғызуы себептері мен санақтың ізінше Статистика комитеті басшыларының қызметтерінен босатылып, кейбірінің қамауға алынғандығы белгілі. Осы ретте Азаттық Радиосы “Халық санағы демографияның қандай өзекті мәселелерін алға тартты?”” деген тақырыпта дөңгелек үстел сұхбатын өткізген болатын. Дөңгелек үстел талқылауына: Маржан АСПАНДИЯРОВА – Жалпыұлттық социал-демократиялық “Азат” партиясы төралқасының мүшесі, Мадат АҚҚОЗИН – Қазақ журналистикасының ақсақалы, Уәлихан Қайсар – Қазақстан Парламенті Сенатының бұрынғы депутаты, “Кенесары хан” ұлттық тарихи-мәдени қорының президенті, Әнуарбек ДӘУРЕНБЕКОВ – Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің әлеуметтік және демографиялық департаментінің директоры, Ғани ҚАСЫМОВ – Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты және Бақыт Түменова – “Аман-саулық” қоғамдық ұйымының жетекшісі, қатысты. Дөңгелек үстелді Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізді. Дөңгелек үстел сұхбатының толық аудиожазбасын мына арадан тыңдауларыңызға болады”: Авторы: Сұлтан Хан АҚҚҰЛҰЛЫ.

Дүнген қызы Чиншанло – Қазақстан ауыр атлетикасы тарихында әлемді бағындырған алғашқы ару”. “…16 жасар қазақстандық Зулфия ЧИНШАНЛО Гоянг қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде 22 қараша күні 53 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, дүбірлі бәсекеде Қазақстан құрамасының алғашқы алтын жүлдесін жеңіп алды. Бұл – Зулфияның үлкендер арасында әлемдік деңгейдегі ең алғашқы жарысы болатын. Соған қарамастан жас атлет екі жаттығу бойынша 219 келіні бағындырып, биылғы әлем біріншілігінде алдына жан салмай келе жатқан Қытай құрамасының атлеті ЧЭНЬ СЯОПИНді артқа тастады. Сяопин үлкен спортта бұған дейін есімі шықпаған жас атлетке бар болғаны бір келі ұтылып қалды.

…. Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан ТӘПСІР чемпионның дүнгенше сөйлеу мәнісін Азаттық радиосына былайша түсіндірді:

— Зулфия Чиншанло – Қытайда туған этникалық дүнген. Екі жыл бұрын ол Қазақстанның азаматтығын қабылдады. Содан бері ол бізде, ауыр атлетика федерациясында жаттығады. Қазір ол орысша біршама жақсы түсінеді, бірақ әзірге бұл тілде ол әрең сөйлейді. Сондықтан Зулфия журналистердің сауалдарына дүнгенше жауап берді.

Тәпсірдің айтуынша, Зулфия биылғы әлем біріншілігіне қатысушылардың ішіндегі ең жасы. Сонымен бірге Чиншанло Қазақстанның ауыр атлетика тарихында әлем чемпионы атанған алғашқы ару атлет. Оңтүстік Кореядағы әлем біріншілігінде әзірге алты салмақ дәрежесі бойынша жүлделер өз иелерін тапты. Чемпионаттың алтыны әзірге Қытай және Қазақстан құрамасында ғана бар: бес алтынды қытайлық атлеттер тағынса, жалғыз алтын Зулфияның мойнына ілінді. Әлем біріншілігі қарашаның 29-ы күні аяқталады”. Авторы: Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

EGEMEN.KZ. “Солған “Гүлдер” болмасын…”. “40 жылда ансамбльге мың шақты әнші-биші келіп-кеткен. Бір кездері еліміздің бетке ұстар би ансамблі атанып, атағы дүркіреген “Гүлдер” ансамблінің құрылғанына да биыл 40 жыл толыпты. Талғампаз көрермен аталмыш ансамбльдің толысқан шағына да, тарыдай шашырап, тоқыраған кезеңдеріне де куә болды. Талай танымал әртістеріміздің тұсауын кесіп, өнер дейтін әлемге жолдама берген ұжымның, яғни “Қазақ әуендері” АҚ “Гүлдер ансамблі” филиалының қазіргі көркемдік жетекшісі әрі директоры Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ. Өзі де өнерден құралақан емес жан аталмыш ансамбльге кешегі даңқын қайтаруға қаншалықты еңбек сіңіріп жатыр екен дейтін сауалды алға салып, жуырда әңгімелескен едік.

– Жеңіс Сейдоллаұлы, кешегі аты дүркіреген “Гүлдер” – мемлекеттік ансамбль емес, акционерлік қоғамның бөлімшесі ғана екендігін ел біле бермейді…

– Кезінде көптеген өнер ұжымы мемлекеттік мәртебесінен айырылып, акционерлік қоғамға айналып жатты. Осы дүрмекпен “Қазақконцерт” концерттік бірлестігі, “Гүлдер” би ансамблі, сол сияқты Астанадағы бір-екі өнер ұжымы “Қазақ әуендері” деген акционерлік қоғамның құрамына кірігіп кетті. Осы ұжымға директор болып келгеніме үш жыл болды. Менің еңбек кітапшамның өзі “Гүлдер” ансамблінен басталған.

– Ансамбль акционерлік қоғам құрамына кіргеннен не ұтты?

– Көбінесе ұтылды. Өйткені, бізге арнайы өнер академиясын, колледждерді бітіріп келіп жатқан жастарға толық жағдай жасай алмаймыз. Бұрын ансамбль мемлекеттік болып тұрғанда, ұжым мүшелері пәтер алу кезегіне тұратын. Сол жағынан АҚ бізге тиімсіз. Біз жас кезінде бишілеріміз бен өнерпаздарымыздың бүкіл күш-жігерін пайдаланамыз да, отыздан асқан соң олардың бәрін жұмыспен қамти алмай, ансамбльге керексіз болып қалады. Сосын бишілер күндерін көру үшін жағдай қуалап кетеді.

– Осыған қарамастан, “Гүлдер” өзінің 40 жылдық мерейтойын қарсы алғалы отыр. Дайындық қалай?

– Мерейтойға арнап үлкен концерт береміз бе деп отырмыз. Біздің ансамбліміз 1969 жылы Қазақстанның халық әртісі Гүлжиһан ҒАЛИЕВАмен бірге көзі ашық, көкірегі ояу, зиялы азаматтардың ықпалымен құрылған ғой. Ол кісі Қазақ мемлекеттік циркін, қазіргі эстрада-цирк колледжін ашқан адам. Осы өнер ордаларын бітірген түлектерді одан әрі түлетіп, кәсіпқойларға айналдыратын бір өнер ұжымы керек болғанда, осы қазақ жастарының эстрадалық ән-би ансамблі – “Гүлдер” дүниеге келгені белгілі. Енді біз осы ұжымның оты өшіп қалмау үшін қызмет етіп жатырмыз. 40 жыл ішінде осы ансамбль құрамында мың шақты адам би билеп, өнер көрсеткен. Қазақ өнерінің шет мемлекеттерде танылуына ат салысқан. Ансамбльдің алғашқы құрамында Сара ТЫНЫШТЫҒҰЛОВА, Лұқпан ЕСЕНОВ, Жұмағазы ҚОСАНОВ, кейін актерлік соқпақты таңдаған Меңтай ӨТЕПБЕРГЕНОВтер бар. Ансамбльдің іргетасы қаланған күннен бері осында табан аудармай қырық жыл еңбек еткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш ҚҰЛЫШЕВА – ұжымның мақтанышы.

Одан кейінгі келген жұлдызды шоғырды құрайтын – Роза РЫМБАЕВА, Мақпал ЖҮНІСОВА, Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, Айжан НҰРМАҒАМБЕТОВА, Канат пен Айткүл ҚҰДАЙБЕРГЕНОВтер, одан кейінгі Бақтияр ТАЙЛАҚБАЕВ, одан кейін келген Медеу АРЫНБАЕВ, Жеңіс ЫСҚАҚОВА, Бақыт ШАДАЕВА, ШАҺИЗАДалар – “Гүлдердің” шекпенінен шығып, қанаты қатайған өнер майталмандары….”. Сұхбаттасқан Айнаш ЕСАЛИ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Сот әділдігі – ел дамуының тұғыры”. “Сот халықтың ар-ожданы, олардың құқықтары мен бостандықтарының әділ түрде қорғалуының кепілі. Соттарқызметінің тиімділігі мен олар шығаратын шешімдердің заңдылықтарға сай болуы және мүлтіксіз орындалуы кезкелген мемлекеттің демократиялық негізі. Кеше Астанада ашылған Қазақстан судьяларының бесінші съезі осытұрғыдағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Ел көлеміндегі бұл алқалы жиынға республиканың түкпір-түкпірінен 640 делегат жиналды. Шетелден келген қонақтар да аз емес. Олардың арасында Судьялардың халықаралық ассоциациясының президенті Хосе Мария Бенто КОМПАНИ, сот орындаушыларының халықаралықодағының бірінші хатшысы Матье ШАРДОН, Ресей федерациясы Жоғарғы сотының төрағасы Вячеслав ЛЕБЕДЕВ жәнеҚырғыз, Әзірбайжан, Грузиядан келген өкілдер бар. Съезд жұмысына, сонымен қатар, республикамыздыңмемлекеттік орталық пен құқық қорғау органдарының басшылары, заңгерлер қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты. Съезді Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ашты…

…Сот жүйесіне бөлінген қаражат көлемі де артты. 2002 жылы оның көлемі 4,8 млрд. болса, биыл 20 млрд. 500 мың теңгеге көбейіп отыр. Соттар мен судьялардың қатары екі есеге көбейді. 2002 жылы жергілікті соттар 185, ал, судьялар 1028 болса, бүгінде соттар саны 340, судьялар саны 2433-ке жетті. Судьялар мемлекеттегі жалақысы ең жоғары мемлекеттік қызметкерлердің бірі. Биылғы жылы жергілікті соттардың жалақылары бірден 60 пайызға өсті. “Мұның не үшін жасалып отырғанын судьялар жақсы түсінеді деген ойдамын”, деді Елбасы. Судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге де айрықша көңіл бөлінуде. “Мемлекет олардың зейнеткерлік жасын ұлғайту бойынша да тиісті шараларды жүзеге асыруына орай, судьялар 65 жасқа дейін жұмыс істей алады. Ал, қызметіне адал судья 70 жасқа дейін жұмыс істей алады. Бұл судьялар үшін өте көп мүмкіндіктер. Демек, біздің судьялар заңның үстемдігін дәлелдейтін істерді жүзеге асыруы керек”, – деді Мемлекет басшысы.

Дегенмен сот жүйесінде де кемшіліктер аз емес. Елбасы өз сөзінде бүгінде әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің түйінді мәселесі ретінде сот органдарында ары таза емес азаматтар кездесіп қалатынын атап көрсетті. Сот кадрларын іріктеу талабы қатал бола тұра еліміздің сот жүйесі өзін кездейсоқ адамдардан толық қорғай алмай отыр. Жекелеген судьялардың кәсіби біліктілігі, моральдық-этикалық келбеті талап деңгейінен төмен. Шешімін күткен мәселелердің бірі – сот шараларын жеңілдету. Қадағалау құзіреті тек Жоғарғы соттың еншісінде қалып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев “Алдағы уақытта сотта қадағалау институты кеңестік кезеңнің қалдығы ретінде елдің сот өндірісінен шығып, халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес сот актілерін апелляциялық және кассациялық тәртіппен қарау жүйесіне орын беру керек”, – деді. Бұл мәселе Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек ӘЛІМБЕКОВтың баяндамасында да орын алды. Ол бүгінде осы мәселе жөнінде процессуалдық заңнамаларға өзгеріс енгізілгендігін атап көрсетті.

…Нарықтық экономиканың қатынастарына орай сот жүйесінің қамтитын қызмет ауқымы да кеңейіп, жұмыстарының мәні өзгерді. Рейдерлік пен жекеменшікке қол сұғудың және корпоративті дауларды шешу мәселелері, оның құқықтық тетіктерін жасауды қажет етіп отыр. Сондай-ақ қазір елімізде жалған кәсіпкерлік те үлкен проблемаға айналды.Оған қатысты қозғалатын сот істерінің көбеюі бизнеске де, мемлекетке де салмақ салғаны бүгінгі күннің шындығы. Сондықтан, соттарды қылмыстық, салықтық басқа да істерді қарайтын салалық соттарды кезең-кезеңімен әкімшіліктік жүйеге енгізу қажет. Мұның әлемдік тәжірибеде бар, уақыттың өзі қажет етіп отырған талап екенін атап көрсетті Елбасы.

Жаһандану жағдайында Қазақстан соттары халықаралық құқықтық кеңістікке кірігу үстінде. Бұл өз кезегінде өзіміздің ішкі қажеттіліктерімізді мұқият түрде есепке ала отырып, әлемдік талаптармен үйлестіруді қажет етеді. Елбасы осы орайда және сот мәртебесін көтеріп, сот жүйесінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуде, еліміздің 2010 -2020 жылға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының бағдарламалық маңызды құжат болатынын атап көрсетті”, — деп белгіледі Айша ҚҰРМАНҒАЛИ.

ZHASALASH.KZ. “Асыл арна”. Бұл қандай арна?”. “Елiмiздiң болашағы жарқын, келешегi кемел болуы үшiн жас ұрпақ тәрбиесiне ерекше мән бергенiмiз абзал. Қазiргi таңда бұл турасында оң шешiм таппай отырған мәселелер өте көп. Мектеп қабырғасындағы балалардың қатарында нашақорлықпен, арақ-шарап, темекiмен әуестенушiлердiң саны жыл санап артып келедi. Жеңiл жүрiске салынып, ұрлық-қарлықпен айналысып жүрген ұл-қыздарымыз да бой көрсетiп қалып жүр. Бiрiн-бiрi алдап-арбау, тонау, ұрып-соғу, қорқыту, бопсалау үрдiстерi де жасөспiрiмдер арасында бел алып бара жатыр. Кейбiр мектептерде топ-топ боп төбелесiп, бiрiн-бiрi мерт етiп, өлтiрiп жатқаны жөнiнде де деректер жоқ емес. Қайырымды қазақ халқының ұрпағы мұндай қатыгездiкке қалай барып жүр десеңiзшi. Ар-ұятын, ожданын бәрiнен биiк қоятын ұлтымыздың бүгiнгi ұландарына не жетпей жүр? Iзеттiлiк, iзгiлiк, инабаттылық, ибалық секiлдi қазаққа тән қасиеттерден қалай ажырап қалдық? Ұл-қыздарымыздың арасында отансүйгiш, ұлтжанды ұландар неге аз? Ертеңiмiздi ойлап ел боламыз десек, осы сұрақтар бiздi ойландыруға тиiс. Мiне, осындай ойлар жас жеткiншектерiмiзге имандылық тәрбиесiн беру идеясын туғызары даусыз. Ата дiнiмiздi насихаттау ғана асыл қасиеттерiмiздi қайтарып бере алады.

Жақында ғана Қазақстан Мұсылмандары Дiни Басқармасының жанынан “Асыл арна” атты ислами телеарна ашылды. Ол арна жас жеткiншектерге дiни тәлiм-тәрбие беруге әбден жарайды деп сенiммен айтуға болады. Себебi, қазiр қандай да бiр үгiт-насихат пен идеология теледидар арқылы таратылып жатқан жоқ па? Жастарымыздың рухани азғындауына әртүрлi лас телеарналар аз “үлес” қосқан жоқ. Ал “Асыл арна” телеарнасын тек жақсылыққа ғана пайдалана аламыз. Бұл арна арқылы ұландарымыздың бойына адамгершiлiк асыл қасиеттердi дарытуға әбден болады. Өйткенi, Ислам дiнiнiң насихаты ғана жас ұрпақтың жан дүниесiн нұрландырады. Оларды көркем мiнез иесi болуға, сабырлылыққа, кешiрiмдiлiкке, кеңпейiлдiлiкке, мейiрiмдiлiкке, қайырымдылыққа баулитын да осы – ата дiнiмiз”. Авторы: Шорабек.

JASQAZAQUNI.KZ. “Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымының докторы: Ұлт саясаты туралы құжат дүниеге келіпті”. “Ұлт саясаты туралы құжат дүниеге келіпті. Мен шын жүректен “Ақ жол” партиясын құттықтаймын. Ұлттық саясат туралы жүйелі құжат дүниеге келіпті.Менің ойымша бұл оппозияцияның екінші бөлігіне де әсер етеді. Құдайға шүкір, міне осыдан бір-екі жыл бұрын саяси бәсекеде бет-бұрыс басталды. Жалпы маған партияның конструктивтік бағыты ұнайды.

Бұл құжатта ұлттық құндылықтар жайында айтылыпты. Құжатты бұдан да жақсы ету үшін мен өзімнің ұсыныстарымды айта кетсем. Біріншіден, менің ойымша Қазақстанда ұлттық идентификация керек, немесе этностық индентификация. Қайтадан ұлтын көрсету. Өйткені, патша өкіметінде этностарды басқаша атады. Мысалы, орыстарды великорус, украинец, белорус деп атады, сонда орыстың саны азайып қалды. Кеңес дәуірінде де санақта түрлі қитұрқылар болды. Елдің біразы еврейлігін жасырды, біразы татарлығын жасырды, біразы украин мен белорус екенін жасырды, барлығы орыс болды. Ал Өзбекстанда көбісін өзбек деп жазып жіберді. Бұл Кеңес дәурінің қазаққа қолдан жасалған қарсы саясаты болатын. Міне осыған орай, этностық идентификация қажет. Ол қалай анықталады дейсіз ғой. Оны ғылыми зерттеулер арқылы, мысалы зираттарды зерттеу немесе бабаларынан, ата-тегін зерттеу арқылы анықталады. Ақиқатты орнату керек.Екінші мәселе, этнографиялық, этникалық ағартушылық жұмыс керек. Мысалы қазақ қандай болу керек, оның қандай белгілері бар. Үшінші мәселе, ұлт саясатының үлкен мәселесі ол окультурация, ассимиляция және өз еркімен ассимиляция. Өкінішке орай, біздің мемлекетте ұлттық идея, ұлттық үрдіске мән берілмейді. Біз бір ұлт жасауымыз керек. Мысалы ретінде Түркімен басшы енгізген ұлттық Концепциясын алайық. Түркімен халқы өзара ішінен бірнеше тайпаға бөлінген, әрі олар бір-бірімен некеге тұрмайды екен. Тек қана әр тайпа өзінің ішінде неке құрған. Түркімен басшысы Сапармурат Ниязов түркімен халқының құндылықтарын бірінші орынға қойып, тайпалардың барлығын қосып, барлық тілдерді алып тастап, түркімен тілін ғана ортақ тіл деп белгілеп кетті. Әрине, бұл саясатының кейбір тұстары дұрыс емес. Дегенмен де бұл саясаттың дұрыстығы да бар. Бізге үлкен қазақ ұлтын жасау керек. Қазақ боламын дегендердің барлығын да қазақ болуы мүмкін. Оның рухы қазақ болуы керек. Төртіншісі, люстрация. Біз Кеңес дәуірінен егемендік дәуіріне келдік те, халықты тазалаған жоқпыз. Люстрация дегеніміз арылу, тазару деген мағынаны білдіреді. Мысалы, біздің мемлекетте азаматтарды қандай да бір жетістігі үшін қолдап жатады, алайда ол мемлекетік тілге қарсы шыққан азаматтардың бірі. Міне осындай әрекеттерге қарап, люстрация саясатын жүргізу өте маңызды. Ұлттық модернизациясыз саяси модернизация болуы мүмкін емес. Егер де ұлттық модернизация сәтті түрде жүзеге асса, онда этникааралық қатынас, қазақ ұлтшылдығы төмендейді. Қазір біраз қазақтың, тіл десе қаны қайнайды. Егер де тіл, дін мәселесі шешілсе, онда басқа мәселелерге көшу басталады. Осы Концепцияда бұл мәселе айтылыпты. Өте сәтті шыққан құжат деп өз сөзімді аяқтайын”.

Амангелді АЙТАЛЫ: Қазақ ұлтына басымдылық беру – қазіргі заман қажеттілігі”. “– Амангелді аға, халық арасында қызығушылық тудырып отырған “Ақ жол” партиясының ұлт саясаты жөніндегі Тұжырымдамасының партиялар арасында талқылануы жайлы қысқаша айтып өтсеңіз.

– “Ақ жол” партиясының жақында жарияланған Тұжырымдамасы – өмірге өз-өзінен келе салған дүние емес, ол көптеген елдің, оның ішінде кешегі Кеңес Одағының аясында болған, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің тәжірибесін саралап, өзіміздің елдегі саяси-әлеуметтік ахуалды таразылап барып дүниеге келген құжат. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды, ұлттық саясатты нақтылаудың да, анықтаудың да бүгін қажеттілігі туып отыр. Тұжырымдама дегеннің өзі жетекші идеялар жиынтығы деген сөз, ендеше бұл жердегі жетекші идеялар мыналар.

Біріншіден, еліміздегі барлық ұлт өкілдерін алаламау, олардың бәріне бірдей тең көзқараспен қарау біздің мемлекетіміздің ұлттық саясатының негізі болып қала береді. Сонымен бірге, бүгінгі таңда ескерілуге тиіс бірнеше жағдай бар. Ол, ең алдымен бүгінгі күннің жаһандану заманы екендігі. Жас Қазақстан түгілі мынау Ресей, Германия, Франция секілді алып елдер өзінің ұлттық дәстүрін, мәдениетін, тілін сақтап қалуға, қорғауға, әсіресе АҚШ-тың экспасиясынан аман алып қалуға бар күшін жұмсап жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ мәдениетін, қазақ өркениетін қолдау, қорғау – біздің мемлекетіміздің ұлт саясатындағы ең бір басты мәселесі болуы керек. Орыс диаспорасының тағдыры Ресейде, украина диаспорасының тағдыры Украинада, сол сияқты елімізде тұратын өзге де ұлттық диаспоралардың тағдыры олардың тарихи отандарында шешіліп жатыр. Және жан-жақты шешіліп жатыр. Ал, қазақтың тағдыры тек қана Қазақстанда шешіледі. Сондықтан қазақ ұлтының тілдік, мәдени, тағы басқа да рухани ахуалын еліміздегі көп дисапоралармен қатар қоюға болмайды. Бұл жерде қазақ ұлтына басымдылық беру – басқа ұлт өкілдерін кемсіту емес, бүгінгі жаһандану заманынан туып отырған қажеттілік.

Тұжырымдаманың үшінші негізі — әлеуметтік сала. Тұжырымдаманың негізігі ойы мынада – ұлтаралық қатынастар дегеніміз түптеп келгенде әлеуметтік қатынастар мен жағдайлардан туады. Бүгінгі күнгі қазақ ұлтының әлеуметтік жағдайы қандай? Тәуелсіздік алған тұста 30-дан астам аудан тоқырау жағдайында болды. Ол аудандардың бәрі негізінен қазақ аудандары болатын, оларда бірнеше миллион халық тұрады. Оларға арнайы назар аударып, жағдай жасау, бағдарлама қабылдау керек деген жоспар болды.

– Қазақстандағы артта қалған 70 аудан, оның ішінде өте-мөте артта қалған 30 ауданды көтеру жайлы жоспар кеңес өкіметінің соңғы жылдарында жасалған еді ғой?

–Иә…Бірақ, ол жоспар дағдарыс кезінде ұмыт болды. Сол 30 аудан, мүмкін қазір одан да көп болар, әлі сол дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. Сондықтан, бүгінгі күні біздің басты міндетіміз –шалғайда, баяғы отыршылдық заманындағыдай сусыз, жолсыз, әлеуметтік мешел күйде өмір сүріп жатқан осы елдің мемлекетін құраушы қазақ ұлтын жаңарту, былайша айтқанда қазақ ұлтын, қазақ ауылын модернизациялау. Бұл – үлкен мәселе. Отарсыздандырудың маңызды бір бағыты.

Екінші айтар мәселе – біздің үлкен өнеркәсіп ошақтарымыз түгелге жуық шетелдік қожайындарға жекеменшікке сатылды. Бүгінгі күнде оларда жұмыс істейтін қазақтар, басқа да ұлт өкілдері шетелдік жұмысшылармен салыстырғанда көп жағдайда шеттетілуде, дискриминацияға ұшырауда. Соның себебінен 2006 жылы Атырауда түрік және қазақ жұмысшылары арасында жанжал, қақтығыс туындағаны мәлім. Ұлттық саятсат осыны ескеруі керек.

Егер біз алдағы уақытта да ұлт мәселесінде бұрынғыдай тек бірігуге, қауымдасуға мән беріп, әр ұлттың өзінің, оның ішінде ең бірінші кезекте қазақ ұлтының әлеуметтік, рухани жағдайына мән бермесек, жаңағы айтып отырған қайшылықтар қордалана келіп, үлкен проблемаға айналады. Соның алдын-алу керек. Соған байланысты біздің Тұжырымдамада нақты-нақты жұмыс бағыттары көрсетілген.

Әрине, бұл – жоба. Жоба болған соң оның кемшін тұстары да болуы мүмкін. Соған байланыстьы айтылар ұсыныстарды біз қабылдауға дайынбыз. Және бізге “ана жері осал, мына жері осал” деген пікірден көрі соларды күшейтетін нақты ұсыныстар, идеялар, негіздер керек. “Нұр Отан” және тағы басқа да алты партия бірігіп осы Тұжырымдаманы талқылағанда, Мәдениет және ақпарат министрлігінен келген жауапты қызметкерлер, партиялардың өкілдері бұл тұжырымданаы қолдады. Бұл Тұжырымдаманың осал тұстары мүмкін көп те болар, бірақ мойындамауға болмайтын бір ақиқат-аксиома бар. Ол қандай аксиома? Сол жиында “Әділет” партиясының басшыларының бірі “қазақ ұлты – мемлекетқұраушы ұлт емес”! деді. Және “бұл – мемлекетіміздің Президентінің баяндамаларында айтылған сөз, біз бұл сөзді жанымыздан шығарып айтып отырған жоқпыз” деді. Солай бола қалған күнде де біз ондай сөзді Президенттің баяндамаларына біреулер тығып жіберген деп қабылдауымыз керек. Қазақ ұлтының мемлекетқұраушы ұлт екендігі айтып әуре болуға тұрмайтын аксиома-ақиқат екендігін кейбір партияның өкілдері білмейді екен!

“Нұр Отан” партиясының өкілі, сенатор БАШМАКОВ Қазақстан “советтік заманда отарланды, отарланған ұлт болды” деген пікірмен келіспеді. Ол Москваға шаң жуытқысы келмеді. “Совет үкіметі Қазақстанды жарылқады” деді. Ал қазақ халқының үлесі өз елінде, өз жерінде 33 пайызға дейін төмендесе, Қазақстан полигондар алаңына айналса, Арал тартылып қалса, атом жарылыстарынан бүгінгі күнге дейін халық зардап шегіп жатса, бұл отарлау емей не? Өкінішке қарай, жалпы ғылыми әдебиетте де, саясатта да мойындалған дүниелерді кейбір партия өкілдерінің мойындамауы көп жағдайда олардың саяси өрісінің тарлығын, ұлт саясатының көптеген жағын білмейтіндігін көрсетеді. Сондықтан біздің өзіміздің ұстанымымыз, бұл тек қана біздің ұстанымымыз емес, бұл — ғылымның ұстанымы, бұл – біздің мемлекеттің ұстанымы, бір сөзбен айтқанда, елдің бірлігі, екіншіден, қазақ ұлтының бабы табылмай, қазақ ұлтының әлеуметтік жағдайы түзелмей біз көптеген мәселелерді шеше алмаймыз, және бұндай мемлекет іргелі, дамыған мемлекет бола алмайды. Тұжырымдама сондай қайшылықтардың алдын алу үшін жасалды. Жалпы осы.

– Бір сұрақ қоюға мәжбүрмін, оған жауап берсеңіз де, бермесеңіз де болады. “Ақжол” “Ақжол” болып дүниеге келгенде өзін конструктивті партия деп жариялаған болатын. Мен жаңылыспасам содан бері сол бағыттан таймауға тырысып келе жатыр. Бірақ, неге сіздер барлық ұлттарға бірдей қараймыз деп алдын ала кешірім сұрағандай болып аласыздар да, сосын барып “қанша дегенмен біз қазақ ұлтына басымдық беруіміз керек, ол мынадай-мынадай тетіктерге байланысты” деген ұстанымға көшесіздер. Неге біз мемлекет басына келгеннен бастап “Малайзиядағы барлық игілік бірінші кезекте малай ұлтына қызмет етуге тиіс” деп сол жердегі 50 пайыз қытай, 20 пайыз үндісті де кемітпей-ақ 21 жылда жердегі жұмақ орнатқан Мохатхир Мохаммед сияқты ашығын неге айтпаймыз?

– Сұрағыңыз жанды, орынды. Біріншіден, Қазақстан өзі мақұлдаған көптеген халықаралық декларация, конвенциялардан аттап кете алмайды. Сондықтан барлық жерде адамдардың ұлтына қарамай олардың құқығын мойындаймыз. Бұл — жалпыға бірдей талап. Бәрін де сыйлай келе біз еліміздегі барлық халықтың, әсіресе мемлекетқұраушы қазақ халқының бүгінгі күнгі дамуына саралап, іріктеп қараймыз. “Саралап қарау” деген принцип бар. Барлығын сыйлай, адамдардың құқығын мойындай отыра, саралап, іріктей келе біз мынадай-мынадай ерекшелікті, мынадай-мынадай ақиқатты мойындауымыз керек, мынадай ұлттық саясатты жүргізуіміз керек.

Ең алдымен, біз адамгершілік принципінен, халықаралық принциптен айнымауымыз керек деп есептейміз. Себебі, көптеген мемлекеттің бірінші талабы адамның құқығын сыйлау. Екіншіден, олар саралап, іріктей келе бұл — орыс мемлекеті, бұл — француз мемлекеті, сондықтан бұл ұстанымнан осындай-осындай міндеттер туады деп ашып айтады. Біз болсақ жаңа ғана айтқан ерекшеліктер мен міндеттерді осы күнге дейін ашық айта алмай келдік. Бүгін соны ашық айтып отырмыз…”. Сұхбаттасқан Ө.АҚЖІГІТ.

USHKIYAN.KZ. “Кертартпа діни ағымдармен күрес – кімге тиген үлес?”. 12.11.09. “Алматы қаласы әкімдігі қала аумағында діни экстремизм көріністерінің алдын алу, сондай-ақ, террористік әрекеттерді болдырмау және сауаттандыруға арналған “Керітартпа діни ағымдармен күресті жетілдіру: бағыттары, жаңа әдістері” атты “дөңелек үстел” өткізді. Алқалы жиынға Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Әділ Несіпбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ Шығыстану институты директорының орынбасары Әшірбек МУМИНОВ, “Алматы-Хельсинки” комитетінің төрайымы Нинель ФОКИНА, Қазақстан мұсылмандар қоғамдық Одағының төрағасы Мұрат ТЕЛІБЕКОВ, “Ынсап” қоғамдық қорының сарапшысы Еркін СТАМШАЛ, Алматы тарихи мұражайының аға ғылыми қызметкері, дінтанушы Өмір ТҰЯҚБАЙ сынды мемлекеттік орган қызметкерлері мен ғалым-зерттеушілер қатысты.

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Ә.НЕСІПБАЕВ дін саласындағы демократиялық үрдіс пен Конституцияға сай азаматтың діни жеке таңдау құқығы турасында әңгімеледі. Дегенмен, соңғы кездері жұртшылық бірқатар діни ұйым мен ағымдар ісіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың идеясы мен ұстанған принцибі қоғамда бекіген құндылықтарға сай келетініне күмәндіміз, – дей келіп, кертартпа ағымдармен күрестің күн тәртібіне шындап шыға бастағанына тоқталды. Бұл ойды іліп әкеткен тарихшы, шығыстанушы Әшірбек Муминов елдегі діни бостандыққа қатысты заңнаманың кейбір діни өрескелдікке жол ашатынын қадап айтты.

— Соңғы 2-3 жылда институт тарапынан жүргізілген зерттеулер халқымыздың жаппай дінилене бастағанын көрсетіп отыр. Бұл үрдіс 1991 жылдан бастау алады. Ендігі мәселе – сол қалың нөпір ішіндегі жағымсыз элементтерге қарсы қандай шара қолданамыз деген сауалға саяды. Діни ағымдардың жұмысы ашық сипат ала бастады. Меніңше, кімнің кім екеніне шындап назар аударатын кез жетті, – деді Ә.Муминов. Ал, Қазақстан мұсылмандар қоғамдық Одағының төрағасы Мұрат Телібеков:

– Біз “секта” деген терминді қолданудан қашуымыз керек. Бір замандарда қазіргі әлем халқының басым бөлігі сенетін христиан, ислам діндері де “секта” деп аталған. Басты түйткіл деструктивтік діни ағымдарға қатысты. Ең алдымен, діни ағымдардың үлкен саясатпен тікелей байланысты екенін мойындауға мәжбүрміз. Сондықтан қалай да сыртқы күшті есепке алуымыз керек, – деп, елдегі діни алаңды қоқыстан тазартып, бірегейлікке бастайтын қатаң шараларды барынша тез қолдануға үндеді. Ал, “Хельсинки” комитетінің төрайымы Нинель Фокина бұл мәселеге сақтықпен қарау керектігін ескертті. Ол діни ағым мен сенімге құқықтық жағынан қарайтынын баса айтып, “деструктивті”, “керітартпа” деген терминдердің өзіне үңілуге шақырды. Сондай-ақ, бұл сөздердің заңи термин емес, тек бағалаушылықты білдіретін сөздер екеніне баса назар аударды.

…Айтса айтқандай-ақ, “Ынсап” қоғамдық қорының сарапшысы Еркін Стамшалдың да пікір толғамдары Н.Фокинаның көзғарасымен үндесіп, бір арнадан шықты. Қатысушылар қызу таласқа айналдырған терминология мәселесін “бәрі де жауапты маманның қарастыру призмасына байланысты” деп, бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеді…”. Дайындаған Абылай МАМЫРАЙХАН.

ZAMANA.KZ. “Апелляциялық шағым. оның тәртібі мен ережелерін біле жүргейсіз”. “Өмірде түрлі жағдайлар кездеседі. Құдай басқа салмасын дегенмен, кез-келген азаматтың өз құқын біліп жүргені жөн-ақ. Статист мамандар Қазақстан тұрғындарының 87 пайызы өмірде бір рет болса да түрлі жағдайлармен сотқа шағымданатынын немесе сотқа шақырылатынын айтады. Оның жартысынан көбі апелляциялық шағым жазуға мәжбүр болады екен. Мұндайда азаматтардың нені білгені жөн?

Апелляциялық шағым – бұл бірінші сатыдағы сот ұйғарымына (қаулысына) деген Сіздің келіспеушілігіңіз. Оны сот шешім шығарған күннен кейін он бес күн аралығында беруге құқылысыз. Аталған мерзім сот шешім жариялаған күннен бастап есептелінеді. Ал егер бұл мерзімді өткізіп алсаңыз, онда Сіздің шағымыңыздың кері қайтарылуы да мүмкін. Әрине, қысылтаяңда түрлі жағдайлар болады. Мәселен, ауырып қалдыңыз делік. Бұл дәлелді себеп болып табылады. Ондай жағдайда Сіз өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш жасауға құқылысыз. Бұл өтініш апелляциялық шағыммен бірге бірінші сатыдағы сотқа беріледі.

Шешім шығарған сотқа деген наразылығыңызды бірінші сатыдағы сот кеңсесіне бересіз. Жазбаша түрдегі бұл шағымда қандай келіспеушіліктеріңіз бар екенін толық көрсетесіз және қажетті құжаттар көшірмесін қоса тігуді ұмытпаңыз. Шағымға мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжаттар қоса беріледі. Егер шағымды өзіңіз емес, сенімді өкіліңіз жазатын болса, онда оған деген сенімхатты да қоса тіркеуге тиіссіз.

Апелляциялық сатыда істің қаралу орны мен уақытын шешім шығарған сот хабардар етеді.  Апелляциялық шағымға дәлелді қарсылық білдіруді дайындау үшін Сіз іс материалдарымен танысуға, сондай-ақ оған деген басқа тұлғалардан келіп түскен шағымдармен танысып, олардан жазба жасап немесе көшірмесін алуға құқылысыз. Іс материалдарымен танысу үшін Сіз сотқа жазбаша түрде жүгінуіңіз керек. Танысу үшін нақты уақытты сот кеңсесінде немесе сот мәжілісі хатшысынан біле аласыз. Ол үшін сот маманына жеке басты куәландыратын және танысу құқығын дәлелдейтін құжат ұсыну керек. Есіңізде болсын, азаматтық іс жүргізу кодексінің 134-ші бабына сәйкес, іске қатысатын тұлғалар және олардың өкілдері мекен-жайын ауыстырса, оны сотқа хабарлауға міндетті. Мұндай хабарландыру болмаған жағдайда сотқа шақыру қағазы немесе басқа хабарландыру сотқа белгілі соңғы мекен-жай бойынша жіберіледі және жеткізілген болып есептеледі. Яғни сотқа шақырту алмадым деген сылтау дәйексіз болып табылады. Дәл осы себеппен сот шақыртылғандардың толық келмегеніне қарамастан істі қарауға құқылы”.

Жаңа заң жобасы: қолдайсызба, қарсысыз ба?”. “Енді әр адамның жеке құпиясы заңмен қорғалады. Яғни Сіздің өміріңізді, телефонмен сөйлескен сөздеріңізді, отбасылық өміріңізді рұқсатсыз жария еткен адам заңмен қудаланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл заң жақын күндері қабылдануы мүмкін. Ал бұл жаңалықты жерлестеріміз қалай қабылдайды?

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ, “Астана Ақшамы” газетінің тілшісі: – Өркениетті елдер секілді әр адамның жеке құпиясының бізде де сақталғандығы дұрыс шығар. Бірақ тілші ретінде айтарым, бұл заң біздегі БАҚ туралы заңға қайшы келеді. Онда журналистер кез-келген мекемеге хат жолдай отырып, белгілі бір уақыт аралығында қажетті ақпаратын алуға құқылы. Заңда анық көрсетілмегенімен, оның ішіне кейде жеке бастың факторы да кіреді. Сондықтан бұл заң қабылданған күннің өзінде өзге заңдарға қарсы келмейтіндей тармақтары болуы керек деп ойлаймын.

Алтынай БОРАНБЕКОВА, “Авиценна” медициналық колледжінің 2-курс студенті: – Қарапайым адамдар үшін бұл соншалықты маңызды нәрсе емес деп ойлаймын. Сондықтан жеке азамат ретінде маған бұл заң қабылданса да, қабылданбаса да бәрібір. Тіпті әлдебіреумен арада кикілжің туып қалып, ол менің құпияларымды басқаларға жария ететін болса да мен шағымданып жатпаймын.

Баян ӘШІРБЕКОВА, Оңтүстік Қазақстан Фармация академиясының дәрігер-интерні: – Дәрігерлердің науқастың диагнозы жайлы өзі рұқсат бермейінше жақын туыстарына да айтуға құқы жоқ. Өйткені біз дәрігерлік құпияны сақтауға, оны жеке бас пайдамыз үшін қолданбауға ант береміз. Сол секілді әр адамның құпиясын өзінен басқа ешкім білмеуі керек. Сондықтан жаңа заңның қабылдануын қолдаймын. Бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар. Мәселен, шенеунік мемлекет қаржысын жымқыру арқылы байыды делік, ал одан айлығынан бірнеше есе асып түсетін ақшаны қайдан алдың деп сұрай алмаймыз. Осы жағы дұрыс емес болып тұрған сияқты.

Ләззат ӘЛІМХАНҚЫЗЫ, Бәйдібек ауданының тұрғыны: – Меніңше, бұл заң анау айтқандай керек емес сияқты. Қазір жұрттың онсыз да біреумен ісі жоқ, күнкөрісін күйттеп жүр. Соған қарап мен аталмыш заң әртүрлі деңгейдегі депутаттар, шенеуніктер, басшылар, лауазымды қызметкерлерге керек болып тұрған шығар деп ойлаймын. Себебі олардың тұрмыс жағдайы мен өмірі қарапайым көпшіліктен басқаша. Олардың қалайша байығанын журналистерден басқа кімдер жария ете алады? Заң қабылданса тек солардың ғана ауыздарына құм құйылмақ. Сонда біздегі заңмен кепілдік берілген сөз бостандығы қайда қалады? Осыны түсінбеймін.

Любовь Петровна, Шымкент қаласының тұрғыны, зейнеткер: – Бұл заң жеке адамдар үшін керек емес. Мәселен, менен ешкім құпиямды сұрамайды. Ал шенеуніктерге бұл қажет. Сондықтан мен мұндай заңға түбегейлі қарсымын. Олардың жасаған тірліктерін де, жіберген қателіктерін де халық біліп отыруы тиіс қой. Байқайсыз ба, бұл дегеніңіз Сталиннің заманындағы “ережеге” ұқсап барады. Әрине, одан құдай сақтасын! Біздің әке-шешеміздің замандастары билік өкілдеріне қарсы пікір айтқаны үшін ұсталып, атылып кете берген ғой. Біз секілді кәрі кісілер мұндай сұраққа жауап беруге қорқады, сен одан да жастардан сұрасаңшы.

Қысқасы, Сенат қарауына жіберілген жаңа заң жобасы туралы жерлестеріміздің пікірі әр түрлі. Ал Сіздің ойыңыз қандай?”. Сауалнаманы жүргізген – Динар МЕЙІРМАН.

KAZ.GAZETA.KZ. Үкіметте сенбі күні өткен селекторлық кеңесте азық — түлік өнімдеріне бағаны төмендетуге қатысты атқарылған шаралар бойынша ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит ЕСЕНБАЕВ және Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат СҰЛТАНБЕКОВ баяндама жасады, деп хабарлайды Kazakhstan Today үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР АШМ Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп, маусымаралық кезеңде импорттың негізгі бөлігін иеленетін өнімдердің 9 түрін ( алма, апельсин, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, қияр, картоп, пияз және құс еті) әкелетін ірі тасымалдаушыларды (37 субъект) айқындауға қатысты жедел шараларды іске асырды.

Негізгі азық — түлік өнімдерін импорттаушылармен болған келіссөздер нәтижесінде құс етінің бағасын 10 — 15 пайызға арзандату туралы және ол бағаны жыл соңына дейін ұстап тұру туралы меморандум бектілді. Жеміс — жидек өнімдерін тасымалдаушылармен сауда үстемақысын 5 пайыздан асырмау туралы келісімге қол жеткізілді. Сондай — ақ, \»Шарын\» (Астана қаласы) көтерме базары сауда орны үшін жалға алу ақысын 50 пайызға дейін азайтты (күніне 1500 тг. 750 тг. дейін), базардың фитозертханасының қызметінің ақысы 3 есеге азайды.

ҚР БҚА тиісті мүдделі органдармен бірлесіп, азық — түлік тауарлары нарығында бағаны қалыптастыру барысында әділетсіз бәсекелестікке жол бермеуге қатысты жедел іс — шаралар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, агенттік Қазақстанның Кедендік Одаққа кіруін ескере отырып, азық — түлік тауарлары мен жеміс — жидек нарығында жағдайды тұрақтандыруға қажетті жүйелі ұсыныстар енгізді.

Астана қаласы үшін мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері мен қосымша орындарды ашуға, сондай — ақ, азық — түлік тауарларына бағаны арзандату мен бағаны қоюға бағытталған қысқа мерзімді және орта мерзімді шаралардың әдістемесі әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып, еліміздің барлық аймақтарында қолданылатыны атап өтілді.

Премьер — министр К.МӘСІМОВ ауыл шаруашылығы министрі мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне қабылданған шешімдердің орындалуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етіп, әр апта сайын ағымдағы жағдай туралы баяндап тұруды тапсырды.

Грузия мандариндері Қазақстанға тасымалданады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Аджарияның (Грузияның құрамындағы автономиялық республика) Ауылшаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Аджарияда биыл мандариндер сату рыногы биыл кеңейе түсуде. Грузия мандариндері дәстүрлі тасымалданып келген Украина, Беларусь, Армениямен қатар енді бұл өнімдер Қазақстан, Әзербайжан және Түркияда пайда болмақ.

Ағымдағы жылы Аджарияда 100 мың тоннадан астам мандарин жинау жоспарлануда, бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 20% артық, оның шамамен 80 мың тоннасы экспортқа шығарылады. Мандарин түсімі желтоқсанның жиырмасына дейін жалғасады.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

comments powered by HyperComments

Новости партнеров

Загрузка...