«27 қараша – Құрбан айттың алғашқы күні!». «1 желтоқсан күні өз астанасы Афиныда Грекия елі Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының төрағалық тізгінін Қазақ еліне тапсырады». «Өзбектер шекарасын жапты. Неге?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 25 қараша 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Қытай түрмесінде жазылған “Қылмыс” романы Қазақстанда жарық көрді, ал ауторы жазадан әлі құтылған жоқ”. “Саяси қылмыскер деп айыпталып жиынтығында 40 жылға жуық Қытай түрмелерінде отырған қазақ қаламгері Қажығұмар ШАБДАНҰЛЫның “Қылмыс” атты романының толық нұсқасы 6 кітап болып Қазақстанда алғаш рет жарық көрді. Жасы биыл сексеннің төртеуіне келген Қажығұмар Шабданұлы туған жерін, елін көруге зар болып отыр…

… Алты томнан тұратын “Қылмыс” романы Қазақстанда Дүниежүзі қазақтар қауымдастығына қарасты “Атажұрт” баспасынан 2 мың дана таралыммен басылып шықты…”. Авторы: Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “Қанат САУДАБАЕВ: Қазақстан үшін бұл – үлкен жұмыс”. “Тура бір аптадан соң Қазақстанның еуропалық белді ұйымға төрағалығы басталады. Кеше Астанада өткен Азаматтық форумда Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі Қ.САУДАБАЕВ осы жаңалықты жария етті.

1 желтоқсан күні өз астанасы Афиныда Грекия елі Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының төрағалық тізгінін Қазақ еліне тапсырады. Бұл рәсім осы ұйымға мүше 56 мемлекеттің Сыртқы істер министрлері кеңесінің он жетінші отырысында өтпек. “ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үлкен мәртебе ғана емес, сондай-ақ зор жауапкершілік екендігін біз жақсы түсінеміз! — деп анықтады Қанат Саудабаев.

— Сондықтан мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар және еліміздің барлық азаматтары үшін бұл елімізді қалыптасқан, экономикалық тұрғыдан мықты және демократиялық тұрғыдан дамыған мемлекет ретінде паш етудің бірегей мүмкіндігі…”. Авторы: Айхан ШӘРИП.

Өзбектер шекарасын жапты. НЕГЕ?”. “Өзбекстан бір аптадан бері шекарасын жауып тастады. Алдын ала ескертусіз және себеп-салдарсыз. Ђзбекстандағы қазақ елінің сенімді өкілі Уәлихан ТӨРЕХАНОВтың айтуынша, сол елде тіркелген қазақ дипломаттары және қазақ елінің азаматтары өзбек шекарасынан бері қарай ешқандай кедергісіз өте алады.

Әзірге қолдағы мәлімет осы ғана. Біз Өзбекстанның құзырлы орындарына сауалдарымызды жіберіп, жауап күтіп отырмыз, — дейді Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері. Жалпы, өзбек елінің ұлттық мейрамдары қарсаңында да, тіпті “Мустакилик байрамы” (Тәуелсіздік мерекесі) кезінде де шекарасын жауып, қымтанып алатын кездері сирек. Бұл жолы олар доңыз тұмауынан қауіптеніп отырған сыңайлы. Кейбір бейресми дерек көздеріне қарағанда, Өзбекстан апта басынан бері өзін “карантин жағдайындамыз” деп жариялаған. “Uznews.net” ақпарат агенттігі таратқан тәуелсіз сарапшыларының пайымдауынша, Ташкент қаласындағы №16 ауруханаға доңыз тұмауының белгісі бар қазақстандық азамат келіп көмек сұраған. Бойында аса жұқпалы дерттің белгісі бар қазақстандық науқастың Өзбекстанда жүруі шекараның жабылуына себеп болған шығар, — дейді өзбекстандық сарапшылар.

-Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан АШЫҚБАЕВтың айтуынша, қазақстандық құзырлы орындарға өзбек жағынан ресми жауап келген жоқ. … Бұл жолы Өзбекстанның “қара тізіміне” тек қазақтар ғана ілініп қалыпты. Тәжікстанмен, Қырғызстанмен шекаралары екі жақты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы: — Осыдан екі-үш күн бұрын өзбек жағы шекараның ішінара жабылу себебін “доңыз тұмауы” дегенді еріннің ұшымен ғана айтқан. Меніңше, бұл әншейін сылтау ғана сияқты. Себебі қазақ-өзбек немесе өзбек-қырғыз шекаралары алғаш рет жабылып мен Қырғызстанға қатысты жүргізіп отырған саясаттарының жұмбақ тұстары көп. …Тіпті сауатты деп баға беруге де болмайды. Ол жан-жағындағы көршілерінің өзімен ынтымақтасып жұмыс істеуіне емес, сенімсіздікпен қарауына, тұрақты түрде жаңа проблемалардың туындауына жол ашады. Өзбек ұстанымындағы саяси тұрақсыздықтан жапа шегетіндер шекаралық ауданда тұратын өзбектер және біздің елде сауда соңында жүрген өзбекстандық азаматтар ғана. Қазір кейбір деректер бойынша, сырт жерде жүрген 1 млн өзбекстандықтың күнкөрісі тек саудаға тәуелді болып тұрғаны ел билігіне белгілі. Демек, олар ел шекарасын біржақты жабу арқылы өз азаматтарының әлеуметтік жағдайына да, мүддесіне де бей-жай қарап отыр”. Авторы: Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Ұлық мерекелеріңізбен, отандастар!”. “27 қараша – Құрбан айттың алғашқы күні! Қымбатты отандастар! Баршаңызды әлем мұсылмандарының ұлық мерекесі – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күнді барша мұсылман бауырларымыз асыға күтті. Себебі, бұл Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер қасиетті Қағбаға жүзін қаратып, Арафат жазығында күні бойы құлшылық жасап, Жаратушы Иемізден ізгі тілек тілейді.

?ұрбандық шалудың мәнісін ұғыну үшін, ең алдымен, құлшылықтың не үшін жасалатынын білген абзал. Кең-байтақ ғаламды жаратқан құдіретті Тәңіріміз жер бетіндегі саналы пенделерін тектен-текке жаратпаған. Олардың әділетті қоғам құрып, саналы да салауатты өмір сүруі үшін Алла тағала тура жол көрсетуге хақ дін жіберген. Мұны қасиетті Құранда: “Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым” (“Зарият” сүресі, 56-аят),– деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түпкі мәні – Жасаған Иеміздің әміріне бойұсынып, ризалығына жетуге тырысу арқылы тиісінше сауапқа кенелу.

Құрбандық шалу мал бауыздаумен шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы мен жалпы адам баласына жанашырлығы таразыланады. Сонымен қатар, пенденің пендешілігі мен тақуалығы, сараңдығы мен жомарттығы да сынға түседі. Мұсылман үшін жеке басының ғана қамын күйттемейтін: “Өзім ішіп-жесем, тоқ болсам, басқаларда шаруам жоқ. Олар қалай күн көрсе, солай күн көрсін” дейтін тоғышарлық ниет-пиғыл оған жат. Өйткені: “Көршісі аш кезде өзі тойып түнеген адам бізден емес”, “Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың”, “Мұсылмандар бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа мүшелерінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады”, – деген хазреті МҰХАММЕД (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистері барша мұсылмандарды бір-біріне жанашырлықпен қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, тұрмысы төмендерге қарайласуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

Айт намазынан кейін құрбандыққа мал шалу – шамасы келетіндер үшін уәжіп. Алла тағаланың Құран Кәрімде: “Намаз оқы және құрбан шал” (“Кәусар” сүресі, 3-аят),– деп бұйыруы – құрбан шалудың міндеттілігін білдіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!”; “Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті”, – деуі де бұған дәлел…

… Құрметті отандастар! Баршаңызға Алла тағаладан зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, ынтымақ, елімізге өркендеу, дінімізге қуат тілеймін. Қасиетті айт мерекесі мүбәрак болсын!”. Авторы: шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ.

Азаматтық қоғам – мемлекет жәрдемшісі”. “2003 жылмен салыстырғанда форумға қатысушылар санының екі есеге жуық өсу себебі азаматтық қоғам институттарының қарқынды дамуымен байланыстырылуда. Бүгінгі таңда елімізде 10 саяси партия, 4 мыңнан астам діни бірлестік, ондаған кәсіподақ ұйымы, 3 мыңнан астам БАҚ, 18 мыңдай үкіметтік емес ұйым тіркеліпті. …Елімізде Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы, “Мемлекеттік тапсырыс туралы” Заң қабылданып, билік органдары мен ҮЕҰ-нің өзара әріптестігі қалыптасқан. Әлеуметтік жобаларды іске асыруға ағымдағы жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден 2,5 миллиард теңге бөлінген. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 206 ҮЕҰ әр түрлі бағыттағы 226 жобаны жүзеге асыруда. Олар халыққа әлеуметтік көмек көрсету, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, дағдарысқа қарсы іс-шараларды насихаттау сияқты мәселелерге құрылған. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы өзара ынтымақтастықтың жолға қойылуы қоғамда әлеуметтік келіспеушіліктің орын алуына жол бермеді. Алғашқысы барлық жағдайды жасаса, соңғысы әлеуметтік міндеттер арқылы қоғамдық ресурстарды жеделдетіп іске қоса алды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары бұл қоғамның бәсекеге қабілеттілігін көрсететінін ерекше атап өтті.

… Ұлт тағдыры” қоғамдық ұйымының төрағасы Дос КӨШІМ де үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды. Саясаткердің пікірінше, жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды дамыту үшін республикалық мемлекеттік тапсырыстан грант алғандар жергілікті жердегі конкурстарға қатыспаулары керек. Сонда ғана жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың жаңа корпусы қалыптасып, дамитын болады.

… Секциялар бойынша пленарлық отырыстар соңынан форум делегаттары конференц-залға қайта жиналып, секцияларға модераторлық еткен делегаттардың қорытынды есебін тыңдады. Модераторлардың хабардар етуінше, пленарлық отырыстарда делегаттар үлкен белсенділік танытты. Тақырыптарға байланысты пікірлер мен ұсыныстар көп айтылды, белгілі бір мәселеге қатысты пікірталастар туындап, сұрақтар да көп қойылды. Оларға тиісті министрліктер мен ведомстволардың басшылары нақты жауаптар қайтарып отырды. Әсіресе, әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру, мүгедектерді әлеуметтік жағынан қорғау, оларды пайдалы еңбекке тарту, тағы басқа да мәселелер қамтылған.

Отырыстарда, сондай-ақ жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізулеріне байланысты пікірлер де айтылды. Өйткені, жасөспірімдердің көпшілігі спорт залдарына барып, түрлі спорт түрлерімен айналыса алмайды. Себебі, спорт залдары мен спорт кешендерінің басым көпшілігі ақылы қызмет көрсетеді. Оған олардың ата-аналарының қаржылық мүмкіндігі жете бермейді. Соның салдарынан жасөспірімдер нашақорлыққа үйір болып, қылмысқа, тәртіпсіздікке бой алдырады. ..Тәуелсіздік сарайында ІV Азаматтық форум жұмысын жалғастырады”. Дайындаған Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.

Кино – өмір, өмір – кино. “Қазақфильмнің” болашағы алда, деді Елбасы”. “Елбасының ұлттық киностудияның қолға алған жобаларына ризашылықпен батасын бергенін баяндамас бұрын, “Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ президенті Ермек АМАНШАЕВтың Елбасының назарына ұсынған есебі нақты атқарылып жатқан жұмыстармен, түсіріліп жатқан соны туындылармен өріліп отырғандығын дәйектей кетейік.

Соңғы уақытта кино саласында белгілі жетістіктерге жеткен әлемдік режиссерлермен, продюсерлермен, сондай-ақ продюсерлік компаниялармен қарым-қатынас орнататын Продюсерлік орталық ашылған. Оған қоса түсірілген туындылардың жарнамалық стратегиясын анықтайтын Киножобалардың даму орталығы жұмыс істей бастапты. Өткен жылдан бері киностудияның маркетингтік қызметі іске қосылған…

… Бұрын үлкен картина түсіруге 4-5 жыл кетсе, қазір 1-2 жылда толық метражды фильм жасауға мүмкіндік бар. Жоғарыда айтып өткендей, киногерлеріміз ленталарды монтаждау, дыбыстау үшін кісінің қолына қарап, шетелге шапқыламайды. Бұрын әр картинаға бөлінген қаржының 30 пайызы Ресей, Чехия, Түркия елдерінің қоржынына кететін.

… Аманшаевтың кесте жүзінде мәлімдеуі бойынша, 2008 жылы еліміздің кинотеатрларындағы прокатта 254 картина көрсетілсе, оның тек 8-і ғана қазақстандық, 5-і ғана “Қазақфильмдікі” болған. “Кинотеатрларда отандық киноның жоқтың қасындай екендігіне қызметтік кинематографиялық базаның жоқтығы себеп болып отыр. Сондықтан да прокатта шетелдік картиналардың бағы жанып тұр”.

Бірақ, шетелдік фильмдер кинотеатрларымызды жаулап, көрермендерді өзіне елітіп отырғанда, “Қазақфильм” де қарап қалмай, соңғы жылдары бірқатар картиналарды жұртшылыққа ұсынып үлгергенін жоққа шығаруға болмайды.

Қалай десек те, көруге тұрарлық туындылар болса, көрермен табылатын сыңайлы. Мәселен, 2002 жылы кинотеатрларға баратындардың саны 2 миллион 855 мыңдай болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 7 миллионнан асып жығылған. Оның 361 мыңы отандық туындыларды тамашалаған. Алайда, оның да жартысы коммерциялық емес, кинофестивальдік көрсетілімдер кезінде және Кинематографистер одағы облыстарда қазақ фильмдерінің тұсауын кескенде табылған көрермендер.

… Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы киноқауымдастықпен кездесіп тұрғанына шын ықыласты екендігін білдіріп:

Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа киножобалардың өзіне жақсы әсер сыйлағанын ризашылықпен білдіріп:

– Енді жақсы кино көргіміз келеді. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеміз. 2011 жылы Азиада өтеді. Бізді әлем мойындады. Ел өмірінде осындай маңызды шаралар атқарылып жатыр. Кино жастарды патриотизмге тәрбиелеуі керек. Біздің айналамызда дамып келе жатқан мемлекеттер бар. Елдің 50 жылдан кейінгі болашағы қандай болатындығы біздің өз қолымызда. Бізге өжет, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу қажет. Бұл жолда мен сіздерге қолдау көрсету үшін келдім. Сондай-ақ, кинотеатрларға барып, қазақ киносына көрермен тартуға өз тарапымнан ықпал ететін де боламын, – деді.

Кинода ұлтқа деген махаббат, сүйіспеншілік, елім-жерім деген рухты қисындырып кіргізу керектігін Елбасы киногерлерге ашып айтты”. Авторы: Айнаш ЕСАЛИ.

ALASHAINASY.KZ. “Шымкенттіктер жаурап отыр, ал әкімнің соттасудан қолы босамай жүр”. Жалпы, оңтүстікте мынадай бір жайт бұзылмас дәстүрге айналып кетті. Жылу мәселесі жазғы шілденің шіліңгір ыстығында көтеріліп, мінберлерде сұлбасы көрінген әкімқаралар қысқа дайындыққа қазірден бастап қызу кіріскенін жеткізеді. “Қыстың қамын жазда ойлаған” әкімдерге жергілікті тұрғындар имандай сеніп, “бәрекелді, биыл жаурамайтын болдық” деседі. Жеме-жемге келгенде қол қусырады, бұғып қалады, әйтеуір тек тұрмастың күйін кешеді.

Мәселен, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қысқа дайындық штабының бастығы Нұржігіт ҚАЛМЫРЗАЕВ мырза қазанның соңғы күндері, яғни ауа райы суыта қоймаған кезде жергілікті баспасөз арқылы қаланың қысқа дайындық көрсеткіші көпқабатты тұрғын үйлер бойынша 98,5 пайызды құрап отырғанын ресми мәлімдеген болатын. Өз өтірігіне өзі сеніп, арқаланып кеткен болса керек, “қала қысқа тамыздың 12-сіне дайын болған” дегенді де қосып қойыпты. Тоқ етерін айтқанда, Қалмырзаев баспасөз арқылы жылу қарашаның алғашқы күнінен бастап қосылатынына сендірген еді.

Алайда ауа райының жылы болуына байланысты жылу беру уақыты қарашаның жетісіне жылжытылғанынан да тұрғындар баспасөз арқылы хабардар болды. “3-Энергоорталық” АҚ-тың бас инженері Марат СЕНБИНОВ қыс маусымына тас түйін дайын отырғандарын айтты.

Оның “биыл тұрғындар жылудың жырын айтып жыламайтын болады” деген сөзіне “кәрі құданың” алғашқы салған әлегі күдік туғызып үлгерді.

Қарашаның 7-8-і күндері ауа райы күрт өзгеріп, 9-ына қараған түні алғашқы қар түсті. Әп-сәтте жұрт әбігерге түсті де қалды. Өйткені көптеген көпқабатты тұрғын үйлерде, бюджеттік мекемелер мен балабақшаларда, тағы басқа маңызды деген мекемелердің өзінде жылу жоқ. Қалмырзаевтың сөзі мұзға жазылып, күнге еріген құрғақ уәде секілді болды. Жан-жақтан жылу жырын айтушылар көбейе бастады

Қарашаның 10-ын Шымқаладағы жылуды зерттеуге арнадық. Бұл – қар жауған күннің екінші күні. Қаланың шеткі аумақтарын емес, орталығынан бастағанды жөн көрдік. Алғаш табалдырық аттаған мекеме Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент филиалының ғимараты болды. Есіктен ене сала, жылу батареясын ұстап көрдік. Мұздай. Жылудың берілмегенін ішкі салқынның өзі-ақ айтып тұр. Студенттер сыртқы киіммен жүр. Үзіліс кезінде, мейлі, сабақта тоңатыны сөзсіз. Бетпе-бет жолыққан студенттер жаурағандықтарын жасырған жоқ. Оқу орнының ақпараттық есептеу орталығының басшысы Мырзабек САРЫБАЕВтың бөлмесіне бас сұқтық. Ағай электржылытқышты пайдаланып отыр екен. Университет ғимаратының орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғанын айтты. “Әкімдердің теледидардан, баспасөзден қысқа дайынбыз деген сөзіне сенгеніміз рас, бірақ нәтижесі керісінше болып отыр”, – дейді Мырзекең.

Келесі кезекте, негізінен, студент жастар жиі бас сұғатын Пушкин атындағы орталық кітапханаға келдік. Мұнда да бәрі дірдек қағып жүр. Жылу жоқ. Сонда студенттер сабаққа сағаттап отырып қалай дайындалмақ? Студент жастар, мейлі, бір амалын жасайды, ал балабақшадағы бүлдіршіндердің жағдайына кім жауапты?…”. Авторы: Шадияр МОЛДАБЕК.

ZHASALASH.KZ. “Премьер – тақсыр, айтқаныңыз орындалады!”. “Министр балабақша мәселесiн бiр аптада қалай шештi? Бiлiм және ғылым министрлiгi президент пен премьер-министрдiң сынына iлiктi. Балабақша тапшы, мәселе шаш-етектен. Мәселен, он сегiз жылда Қазақстанда жетi мыңға жуық балабақша құрыған. Себебi неде?…”.

“…Дерек пен дәйек: Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң ресми мәлiметi бойынша, 2009 жылдың 1 шiлдесiнде Қазақстанда 3 888 мектепке дейiнгi ұйым болды. Оның 2 057-i шағын орталық, 1 831-i балабақша. Балабақшаның 205-i жекеменшiк. Бүлдiршiндердiң 333 мыңы мектепке дейiнгi ұйымдарда, 578 900 бала отбасында тәрбиеленуде. Балабақшаға орналасу үшiн 240 мың бала өз кезегiн күтуде. Алматы облысында – 40 400, Оңтүстiк Қазақстан облысында – 21 100, Алматы қаласында – 24 400, Астана қаласында – 18 900 бала кезекте тұр. Республика деңгейiнде төлемақының орташа мөлшерi – 8 187 теңге. Ең жоғары төлемақы Алматыда – 16 700, Астанада –12 700, Қарағанды облысында – 13 000 теңге. Ең төмен төлемақы Қостанай және Қызылорда облыстарында. Көлемi – 6 000 теңге”, — деп қорытты Дилара ИСА.

MINBER.KZ. “Аз ұлттың – алып ұлы” (Генерал Зайсанов туралы)”. “Халықаралық “Түркістан” газетінде жарияланған “Генерал Зайсанов” атты дастанға жазған алғы сөзінде жазушы Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ “Бiз әлi күнге дейiн атын естiмеген қазақтың қаншама хас батырлары алыс-жақын шет елдерде алмағайып заманның аранына түссе де, Алаш туын жықпай аты аңызға айналып қала бердi. Ал оларды iздеп, тауып, ұлықтау бiзге — борыш, кейiнгi ұрпаққа — парыз” дейді. Міне сол алыптардың қатарында қазақтың хас батыры Зайсанов тұр

ЗАЙСАНОВ – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздардың бірі, шын мәніндегі тұлға, алмағайып заманда аман қалып, ақыл-ойдың күші, құдайдың қуатының арқасында Алаш туын жықпай өткен еңіреген Ер.

Қазақта СТАЛИНнің тас жүрегін шайлықтырған үш батыр болған: Бауыржан Момышұлы, Мүдәрісұлы Зайсанов, ІСЛАМҰЛЫ Оспан батыр. Б.МОМЫШҰЛЫның батырлығын естігенде Сталин: “Ол қазақ па?!”– деп қайран қалса, М.Зайсановқа “Қызыл жұлдыз” орденін қадап тұрып: “Аз ұлттың – алып ұлы” деп бағалаған екен.

Ал тарихи шындыққа, нақты деректерге келетін болсақ, оқырман қауымға мынаны айтуға болады: Зайсановтың ел ішіндегі танымал аты Жайсанап, Моңғолия қазақтары осылай атайды. Туған жылы зиратында 1910 жылы десе, немере інісі болған Таштуан 1913 жыл дейді. 1967 жылы Ұланбатыр қаласында науқастан қайтыс болған. Сүйегін елге жібермеген. Қамыры – Ұланбатыр қаласының солтүстігіндегі “Алтын өлгий” (“Алтын бесік”) аталатын моңғол қайраткерлері зиратында. Халық Ұлы Хуралының жарлығы шығып, мемлекеттік тәртіп бойынша үлкен қошаметпен жерленген екен. Жерлеу рәсіміне сол кездегі елбасшысы Ю.ЦЕДЕНБАЛ өзі қатысыпты. Зайсановта екі бала болған. Әкесі қайтыс болғанда Саратов қаласынан тұңғышы Сония келеді. Ал сол уақытта Буряд-Моңғолияда өмір сүріп жатқан ұлы Ганц келе алмай қалады. (Ганц – моңғол тілінде бір немесе дара деген мағына береді). Ганц 1972 жылы шешесі Марусия о дүниеге аттанғанда келіп, анасын өз қолымен қара жер қойнына тапсырады. Осы жолы Моңғолиядағы туыстарынан “бір кішкентай балаларыңды беріңдер, туыстығымыздың мызғымас дәнекері болсын”,– деп қолқа салады. Бірақ ағайындары көзі түскен баланы жасырып, шешесі Налайхан қаласына алып қашып кетеді. Бұл әңгімені Зайсанов қолдауымен ұшқыш болған, қазірде Моңғолияның еңбек сіңірген ұшқышы Таштуан ТӨТЕЙҰЛЫ айтып берген еді.

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Ұланқұс ауданының түлегі. Баян-Өлгий аймағының Ұланқұс 10 жылдық орта мектебіне Зайсанов есімі берілген. Онда “Зайсанов” музейі жұмыс істейді. 2008 жылы мектеп алаңына шағын бюстісі орнатылған. 2010 жылы даңқты қолбасшының туғанына 100 жыл толады!

Зайсанов әуелі Қобда қаласындағы мал дәрігерлерін дайындайтын учлищеде оқиды. Осы жерден бір топ моңғол жастарымен бірге оны Москваға КУТВ– шығыс еңбекшілері университетіне бір жылдық курсқа жібереді. Осы курсты тәмамдағаннан кейін сонда бір жылдық дайындық бөліміне оқуға қалдырады. Оны бітірген соң Тамбов қаласындағы атты әскерлер даярлайтын оқу орнында оқып, оны 1934 жылы ойдағыдай бітіреді. Содан Оренбургтегі ұшқыштар дайындайтын учлищеде оқып жатқан моңғол студенттеріне тілмаш болуға жіберіледі. Зайсанов тілмаштық қызмет атқара жүріп, өзі де ұшқыш болып шығады. Осында 1939 жылға дейін қызмет атқарады. Бірақ 1939 жылдың басында, Моңғолияның шығыс шекарасында туындаған күрделі жағдайға байланысты Моңғол үкіметі кері шақырып алып, 1938 жылы 1 желтоқсан күні құрылған Әуе күштері полкінің командирі етіп тағайындайды. 1939 жылы Халкин голда Совет-моңғол қарулы күштері бірлесіп жапонның басқыншы империалистеріне соққы береді. Осы соғыста полк бастығы полковник ерекше ерлік танытады. Жалпы Зайсановтың Жапон милитаристерімен болған соғыстарда көрсеткен ерліктері мен қолбасшылық шеберліктерін оның жауынгер жолдастары күні бүгінге дейін аса жоғары ілтипатпен еске алады. Аңыз болып айтылады. Қазірде көзі тірі, 93 жастағы қария Дугарын Гунгаа би дейді: “Біз алты ұшқыш 1939 жылы 7-айдың орта шенінде Халхин голға келдік… Әуе күштерінің қолбасшысы генерал Зайсанов… Ол жер жағдайын жеттік білетін, желдің бағытын дөп есептейтін, әскери өнерге өте шебер, өнегелі ұстаз еді. Генерал Зайсанов бастаған алты адам “Қызыл ту” орденімен марапатталған”. Демек, “Соғыс Қызыл Ту” орденінің Моңғолиядағы тұңғыш иегері де – Зайсанов.

…Мүдәрісұлы Зайсанов 1942 жылдың 15 қазанында Монғолия Үкімет басшысының №00182 бұйрығымен Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Ал 1944 жылы оған генерал-майор шені берілді. 1945 жылы Совет-моңғолдың біріккен әскери күштері Халхин голда Жапон басқыншыларын талқандайды. Осы соғыста да Зайсанов басқарған Моңғолия Әуе қарулы күштері төтенше көзге түседі. Жауынгер жолдастарының естелігінде Зайсановтың басқадан артықшылығы ол әрі қолбасшы, әрі ұшқыш-жауынгер, соғысқа қолма-қол араласқан дейді. Ол жөнінде оның қандыкөйлек жолдасы генерал-полковник Ж.ЛХАГВАСУРЭН естелігінен мынадай жолдарды табуға болады. Материалдың өңін өзгертпей ұсынамын: “На фронте действовала оперативная группа Военного министерства, куда, кроме меня, входил начальник штаба комдив ЦЭРЭН, начальник оперативного отдела полковник ЭРЭНДО, командующий артиллерией ЦОГ, командующий авиацией ЗАЙСАНОВ, а также редактор газеты “За Родину” РАВДАН.

Начальник штаба Цэрэн до этого командовал дивизией. Требовательный и решительный военачальник. Командующий артиллерией Цог, получивший образование в Советском Союзе, находился на фронте с первых дней войны. Командующий авиацией Зайсанов сам мастерски водил самолет и сделал все, чтобы наши летчики за короткий срок обучились летать на самых современных по тому времени боевых самолетах”. Тағы бір төтенше дәлел мынау: Бірде Зайсанов: “Жапондардан Супер” маркалы – 49 ұшақ, “Дюблестник” типтегі – 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші генерал-майор М.Зайсанов” деп жазбаша рапорт берген екен.

Зайсановтың ерлігі Кеңестер Одағы тарапынан да аса жоғары бағаланған. Бір орыс соғыс ардагері кейін ол туралы былай деп еске алады: “Есть среди моих боевых друзей и пенсионеры. Это генерал-майоры ДОРЖПАЛАМ и Зайсанов. Но они по-прежнему бодры, и, как говорится, у них есть еще порох в пороховницах”. “Аспаныңа бір батыр сыймаса, маған бер” деген сөз де болған деседі. Екінші дүние жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 1945 жылы Совет Одағының Жоғары Кеңесі Президумының жарлығымен Моңғолияның маршал ЧОЙБАЛСАН бастатқан 21 адамын ордендермен марапаттайды. Зайсановқа “Қызыл жұлдыз” ордені бұйырады. Сталин жоғарыдағы сөзді осы жолы айтқан деседі.

Зайсановтың атына қатысты жағымды-жағымсыз сөздер оның 1944, 1947 жылдары батыс Моңғолия шекарасына топтанған қытайдың гоминдан қарулы күштері және Шығыс Түркістан Ұлт азаттық қозғалысының қолбасшыларының бірі – Ісламұлы Оспан батыр жасақтарын ел аумағынан аластауға қатысты болған шайқастарға қатысты өрбиді. Бұл зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып”.

“Алайда адам баласы қайда жүрмесін өзі өсіп, ержеткен Отаны үшін адал қызмет етуге тиіс. Оны еш ұмытуға болмайды. Әр бір азамат оның ұлты кім болмасын Отаны үшін әр қашанда жанын пида етуге дайын тұруы адами борышы, азаматтық міндеті! Адамзат баласында екі отан болмайды. Егер адам баласында екі Отан болса, онда олар суда да, құрлықта да өмір сүретін жануарлармен тең болар еді!”, — деп тұжырымдайды Бақытбек БӘМІШҰЛЫ, \»Жас қазақ\» газетінен.

KAZ.GAZETA.KZ. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Алматыдағы \»Медеу\» спорт кешенінде болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ресми БАҚ-тарға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысын қала әкімі Ахметжан ЕСІМОВ осындағы жөндеу жұмыстарының барысымен таныстырып, мұз айдынының 16- желтоқсанда ашылатынын, қазіргі таңда кешендегі жөндеу жұмыстарының 80 пайызға орындалғанын, енді тек әрлеу жағы қалғанын жеткізді.

Жалпы \»Медеу спорт\» кешеніндегі қайта жаңарту жұмыстары 2008 жылдың қазан айында басталған болатын. Тапсырыс беруші — Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, бас мердігер — \»Real-Инжиниринг\» ЖШС.

8500 орынды \»Медеу\» спорт кешенінде 2011 жылғы қысқы Азия ойындары бағдарламасына кірген спорт түрлерінің ішіндегі бендиден жарыстар өтетін болады.

Кинофильмдер өндірісіне биыл республикалық бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы кеше президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ш.Айманов атындағы \»Қазақфильм\» ұлттық киностудиясында болған кезде мәлім болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы киностудияның шығармашылық ұжымымен кездесіп, жаңа жобалармен, кино өндірісінің үдерісімен танысты.

Кездесу барысында \»Алтын жауынгер\» (қоюшы режиссері Тимур БЕКМАМБЕТОВ), \»Нағыз полковник\» (қоюшы режиссері Егор КОНЧАЛОВСКИЙ), \»Атажұрт\» (қоюшы режиссері Сләмбек ТӘУЕКЕЛ), \»Махаббаттың тәлкегі\» (продюсері ДӘУЛЕТИЯРОВ), \»Қисынсыз махаббат\» (қоюшы режиссері Әмір ҚАРАҚҰЛОВ), \»Бәйтерек\» (қоюшы режиссері Данияр САЛАМАТ), \»Қарғу\» (қоюшы режиссері Қанағат МҰСТАФИН), \»Арман-қала\» (продюсері Әлия УВАЛЬЖАНОВА), \»Астана, махаббатым менің\» (қоюшы режиссері Ермек ШЫНАРБАЕВ) сияқты бірқатар жаңа кино-жобалардың көрсетілімі болды…

Кеше Душанбеде өткен арнаулы брифингте Өзбекстанның Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елшісі Шокасым ШОИСЛАМОВ Өзбекстанның Орталық Азияның біріккен энергетикалық жүйесінен шығатыны туралы ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today 12.uz ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

comments powered by HyperComments

Новости партнеров

Загрузка...