«Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдайтын елге айналған сайын, құлдыққа сатылып жатқан жастары да көбеюде». «Шошқа тұмауы туралы… Атырау облысында А/H1N1 қатерлі вирусының жаңа дерегі тіркелді». «…Әрбір бесінші адамның сайлауға қатысқысы келмейді»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 26 қараша 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Қазақстан еңбек мигранттарын қабылдайтын елге айналған сайын, құлдыққа сатылып жатқан жастары да көбеюде”.

“…25 қараша күні Алматыда басталған форумға Орталық Азияның бес елінен елу шақты үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, аймақтағы адам саудасы мәселесін бірлесе талқылап жатыр. Форумды ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, Орта Азия аймағындағы адам саудасы бүгінгі күні ең өзекті мәселеге айналып отыр. Олардың айтуынша, адам саудасына қарсы табанды түрде жүргізіліп келе жатқан жұмыстарға қарамастан, аталған аймақтағы адам саудасының құрбанына айналып отырғандардың саны азаймаған. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметіне қарағанда, 1999 жылдан бастап Қазақстанның солтүстігінде -Көкшетау қаласында, елдің оңтүстігінде- Алматы қаласында адам саудасының құрбандарына айналған адамдарға көмек көрсету бөлімшелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2002-2009 жылдар аралығында, халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстанда адам саудасының тұзағына түскен бес мың адамға көмек көрсеткен

… Адам саудасының көптігі жағынан Орта Азияда Өзбекстанды атауға болады. Мұндағы жағдайдың бұлай қалыптасуына елдегі адам санының көптігі әсер етіп отыруы мүмкін. Аймақтағы адам саны ең көп ел -Өзбекстан. Бұл мемлекетте 27 миллион адам тұрады. Сол себепті адам саудасы көп тіркелетін аймақ Өзбекстан деп айтуға толық негіз бар,- деді халықаралық көші-қон ұйымының өкілі Мәлике ҚАДЫРОВА.

… ҚҰЛ БАЗАРЛАРЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДЕ…

— Бұл оңтүстік Шығыс Азия. Ол жаққа Орта Азиядан адам саудасы дәлізі арқылы \»тірі тауар\» тасымалданады. Ал, құл саудасының құрбандарын қабылдайтын елдердің ішінде, өкінішке қарай, Ресей мен Қазақстан алға шығып тұр. Бұл елдерге экономикасы мен тұрмыстық деңгейі төмен Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдерден адамдар әкелінеді. – деді Бермет МОЛДЫБАЕВА…”, — деп белгіледі Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ.

Серікболсын Әбділдин кітабында президент Назарбаевтың ақиқаты мен аңызы туралы айтады”. “…Серікболсын ӘБДІЛДИН 80-інші жылдардан бастап Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВпен “иық тіресе” жұмыс істеген саясаткер. Осы жылдар ішінде ол өзінің президент Назарбаевты жақсы танып-біліп алғанын айтады. Әбділдин Қазақстанның 1994 жылы таратылып жіберілген парламентін басқарған болатын, парламент таратылған соң ол оппозицияға қосылды. 1999 жылы Серікболсын Әбділдин оппозиция тарабынан президенттік сайлауға кандидат болып та түскен болатын.

… – Сонда “Ақиқат пен аңызда” тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу, даму жолы кеңінен әңгіме болады ғой?

— Билікке келген адамдар социализм кезеңінде жасалғанның бәрін құртып, жаңа өмір құрамыз дегендей саясат ұстады. Ең бірінші, өзіміздің елбасымыздан бастап, сол кездегі үкімет басында отырған адамдар “нарықтық экономика дегенді басқарудың қажеті жоқ. Ол өзін-өзі басқарып жүретін жүйе” деген лақап таратты. Мұнайды сатып, ақшасы түскеннен кейін яғни, 1998-99 жылдары басқару жүйесі сол әлгі ақшаның түсуі мен бөлуіне байланысты болды. Біздің елбасы сол уақыттан бастап, бүгінге дейін елбасылық қызметтен гөрі кассирдің қызметін көп атқарып жүр. 1994-1998 жылдары елде қиыншылық болған уақытта, қиындықтың барлығын “ақша жоқ” деумен түсіндірді. Ал негізінде Қазақстанның байлығы, Қазақстанның мүмкіншілігі ешуақытта Қазақстанның ақшасыз отырған жағдайын көрсетпейді. Тіпті мына 1996 жылы зейнетақы төлеуге, не болмаса басқа бір әлеуметтік жағдайды шешуге ақша жоқ деген уақыттың өзінде 1 млрд долларды елбасы шет жаққа апарып тығып қойған. Ол – ақша бар, мүмкіндік бар, бірақ халықтың соған қолын жеткізбей кәдімгідей қайыршы қылып ұстау деген сөз. Одан бұрын, 1994 жылдың ақпан айында, шетелдердегі банктерден есеп ашуға рұқсат беретін жарлық шықты. Ол жарлық бойынша сіз шетелге апарасыз да, ақша саласыз. Оған өзіңіздің аты-жөніңізді де жазбайсыз. Ол ақшаның қайдан шыққанын да жазбайсыз. Сондықтан да біздің байлығымыздың барлығы судай ағып шетке кетті. Бүгінгі заманда теледидардан, басқа ақпарат жүйелерінен қаншама мақтансақ та, қарапайым халықтың жағдайы өте нашар.

Тағы да бір ерекше көңіл аударатын жағдай, Назарбаев билікті сақтап қалу мақсатында ұшан-теңіз әрекет жасады. Ол Совет заманында ҚОНАЕВтың қолдауымен билікке келді. Одан кейін Димекеңді лақтырып тастап, ГОРБАЧЕВтың тапсырмасын орындауға кіріскен. Ол бірінші басшылық дегенді аңсаған адам болатын. Желтоқсанға байланыстысы бар, басқасы бар, бірінші хатшылық қолына тигеннен кейін ол Жоғары кеңестің төрағасы болғысы келді. Оны да алды қолына. Ол аз болғандықтан, президент болып сайланды парламентте.

Мұнымен қоймай, парламентті тарқатып жіберіп, “билікті жеке қолыма алам” деп, Ассамблея құрды. Ассамблея арқылы референдумменен өзінің құқығын ұзартты. Одан кейін, сол Ассамблеяның талабы деп, жаңадан Конституция қабылдады. Конституцияны дұрыстап оқитын адам болса, оның өзі үшін жасағаны белгілі болады. Кітабымның тағы бір түйіні, біздің қазіргі елбасының билікте дүниеден кеткенімше отырам деуін сынау. Бұл – тойымсыздық. Ол деген жастардың жолын бөгеу деген сөз. Басқа демократиялық жолмен жүретін елдер 20 жылдың ішінде кем дегенде 4-5 сайлау өткізіп, елбасын өзгертіп жатыр. Ал бұл өзінше баяғы “мен данышпанмын” деп тірі кезінде ешкімге бермеймін деп отыр. Ол – қиянат. Ол – халыққа, мемлекетке, жастарға жанашырлық емес. Оны мен озбырлық деп есептеймін.

“СОЦИАЛИЗМ ЖАМАНДЫҒЫНАН ЕМЕС, БАСҚАРЫЛА АЛМАҒАНДЫҒЫНАН ҚҰЛАДЫ”.

– Кітапта социализм жүйесінің артықшылығы туралы көп жазасыз. Сіздіңше, социализмнің жақсы жақтары бар ма? Және бұл идеялар қазір утопистік идея ретінде бағаланбай ма?

– Бұл социализм Совет одағында осы жүйе жаман болғандықтан құлаған жоқ. Бұл социализмді дұрыс басқармағандықтан құлады. Оны мен ғана емес, басқа да сарапшылар айтып жүр. Оның үстіне мына Совет одағы сияқты үлкен мемлекет АҚШ-қа керегі жоқ болды. Қит етсе, Совет одағы қарсы шығады да, АҚШ осы күнге істеп отырған, ылайлап отырған саясатын жүргізе алмады. Қанша соғыс, қанша қырғын, қанша қан төгілді. Егер Совет одағы болса, онда қазіргілей Ирак болмайтын еді. Мұнда екі себеп бар. Совет кезінде басқару жүйесі басынан шіріді. Социализмнің капитализмнен артықшылығы көп. Мысалы, социализм жүйесіндегі мемлекеттер дағдарысқа төтеп беріп отыр. Сондықтан социализмнің бүгінгісі де, ертеңгісі де күдік тудырмайтын жағдайда.

— Кітапты жазу барысында қаншалықты деңгейде объективті бола алдым деп ойлайсыз?

– Жалпы объективтілік қандай да бір фактілерді келтірген кезде сақталады. Мысалы, мен мемлекет байлығы, ақшасы Батысқа өзенше ағылды десем, мен тек жарлық нөмірін ғана емес, сонымен қатар оның мерзімін, құпия жарлықтың нөмірлерін келтірем. Мен миллиард пұт астық жинады деп айтып, Назарбаев халықты алдауда десем, мен миллиард пұттың 16 млн тонна екенін ескерте кетем. Біз мұндай көрсеткіштегі астықты жыл сайын өткізіп тұрдық. Астықтың рекордтық көрсеткіші деп жатады, негізінде 16 немесе 20 тонна астықты рекордтық көрсеткіш демейді, 34,5 тоннаны айтады. Мен бірден дерек көзіне үңілем. Мен Назарбаев халықты алдап, жалған саясат жүргізуде десем де мысалдар келтірем. Мәселен, 2008 жылғы халыққа арнаған жолдауында ол сол жылы 100 мектеп пен 100 аурухана салынып, қолданысқа беріледі деген. Әлі күнге дейін созылып келеді. Кейбіреулер бұл бағдарлама 2010 немесе 2012 жылы аяқталады деп жатыр. Бұл алдау емес пе?!

“БИЛІКТІҢ БІР АДАМНЫҢ УЫСЫНДА БОЛУЫНА АЛДЫМЕН ӨЗІМІЗ КІНӘЛІМІЗ”.

— Биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың билікте отырғанына 20 жыл толды. Сіз бұған наразысыз. Сіздің ойыңызша, кім бұған кінәлі?

— Ең әуелі, халық ренжімей-ақ қойсын, бұған халық, ұлт кінәлі. Оның кінәсі сол – алданып мемлекет басшысы не айтса, соған үнсіз бас изеп, қанағаттанып жүргені үшін кінәлі. Мұндай томаға-тұйықтық бәлкім, сонау тоталитарлық кезеңде қалыптасқан шығар. Бірақ қарапайым халық үшін сол жүйе пайдалырақ болды. Білім ордалары, балабақшалар, кітапханалар болды.

– Қазір қоғамда жеке басқа қол сұғушылық туралы заң жобасы дау тудыруда. Қазірдің өзінде оны Сенат мақұлдап қойды. Осы заң жобасына қатысты көзқарасыңыз?

— Парламенттің ішінде жұмыс істеген азамат ретінде айтайын, бізде заңдардың көпшілігі халық, қоғам үшін қабылданбайды. Заңдардың көпшілігі осы билік, байлар үшін қабылданады. Біздің Конституциямызда не жазылмаған? Бәрі жазылған. Адамның құқығын қорғау, оның ішінде наразы болса көшеге де шығуға болады деген сияқты, бәрі бар. Бірақ іс жүзінде өз құқығын ешкім пайдалана алмайды. Мынау американдықтардың жасаған зерттеуіне қарағанда, біздің Қазақстанда 12 пайыз адам ғана өзінің пікірін айтуға қорықпайтын көрінеді. Басқалардың барлығы қорқады. Менің ойымша, кілтипан көп жағдайда заңның орындалуында болып жатады. Заң дұрыс жазылуы мүмкін, бірақ оның орындалуы сәтсіздікке ұшырап жатыр”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

EGEMEN.KZ. “Білім мен ғылым – ұмтылыстар бастауы”. “Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өткізген тікелей желі кезінде түскен сұрақтардың бес мыңы білім және ғылым саласына қатысты болды. Осы сұрақтарға Білім және ғылым министрі Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ жауап береді.

Тікелей желіге келіп түскен білім және ғылым саласына қатысты сұрақтардың көбісі мемлекеттік грантқа байланысты екен. Жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында көптеген ата-ана түрлі себептерге байланысты қаржы қиыншылығын сезініп, баласының оқуын жалғастыру үшін мемлекеттен көмек сұрайды…

Жауап: Жаһандық қаржы дағдарысы жағдайында студент жастарды қолдау мақсатында оқу үлгерімі үздік болып табылатын студенттерге барлық мамандықтар бойынша қосымша білім беру гранттары тағайындалды.

Қосымша білім беру гранттарын тағайындаудың негізгі шарты: бүкіл оқу кезеңінде немесе соңғы емтихан сессиясының нәтижесінде тек үздік деген бағасы бар студенттерге беріледі. Министрлік тарапынан ақылы негізде оқитын студенттер жылына 2 рет оқу үдерісінде босаған білім гранттарына ауыса алады.

Білім беру гранты бойынша босаған орынға ауыстырылатын студенттердің құжаттары жоғары оқу орнының ұсынысы негізінде министрлікке жіберіледі. Оқу үдерісінде босаған білім беру гранттары болған жағдайда, министрдің бұйрығымен білім беру гранты тағайындалады.

Конкурс жайлы ақпарат Министрліктің www.edu.gov.kz сайтында жарияланады.

Осыған байланысты, ақылы негізде оқитын студенттер 2009/2010 оқу жылының қысқы каникул кезінде білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін Білім және ғылым министрінің атына өтініш жазуы керек. Оқып жатқан мамандығы бойынша босаған орындар болған жағдайда өтініштер қарастырылады.

Сондай-ақ Министрлік тарапынан жоғары оқу орындары үшін оқу ақысын жеңілдетілген жүйе бойынша (айлық, тоқсандық немесе жеке кесте бойынша) төлеу жөніндегі шараларды жүзеге асыруды қарастыратын ұсынымдар жіберілді.

……ҚҰРМАНҒАЛИЕВА Гүлназ: Менің бес балам бар. Үлкен қызым ШҚМУ-дың төртінші курсында экология мамандығы бойынша ақылы оқиды. Оқуын төлеу үшін несие берілсе деймін. Маған көмектесіп жіберіңізші!

Жауап: Қазіргі кезде Альянс-Банк арқылы жеңілдікті несие беру жүйесі бар. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде ақылы негізде оқитын, оқудың барлық кезеңінде “жақсы” және “үздік” деген баға алған немесе ҰБТ/КТ нәтижесі бойынша кем дегенде 65 балл жинаған, көпбалалы, толық емес және тұрмысы нашар отбастарынан шыққан, жетім немесе ата-анасының қарауынсыз қалған, мүгедек немесе ата-анасы мүгедек болып табылатын не зейнеткерлік жасқа жеткен студенттерге, яғни халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына қолдау көрсетуге бағытталған.

Несиенің шарттары: несиенің мерзімі – 17 жылға дейін, қарыз жоо-ны аяқтаған соң 1 жылдан кейін төлене бастайды. Сіз бұл несиені кепілге мүлік қоймастан, “Қаржы орталығы” АҚ-тың кепілдігіне ресімдей аласыз. Осы бағдарламаның талаптарына сәйкес келмеген жағдайда “Қаржы орталығы” АҚ-тың кепілдігіне Халық Банкі немесе БТА Банк арқылы студенттік несие алуға болады…”.

ALASHAINASY.KZ. “Шошқа тұмауы туралы шындық пен миф ”. “Шошқа тұмауы елімізге ақыры қайта айналып соқты! Кеше Атырау облысында А/H1N1 қатерлі вирусының жаңа дерегі тіркелді. Бұл туралы кеше ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитет мамандары таратқан мәліметке сүйенсек, қарашаның 19-ы күні Атыраудағы “ТеңізШеврОйл” компаниясына қарасты емханаға өткір респираторлық вирусты инфекция жұқтырған 53 жастағы АҚШ азаматы түскен. Аталған мекемеде жұмыс істейтін оның осы айдың 10-ы күні Амстердам-Атырау-Теңіз бағытындағы әуе рейсімен ұшып келгені белгілі болды.

Хабарламада “Шошқа тұмауын анықтау мақсатында республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансының референс-зертханасында тексеруден өткен анализ қорытындысы қарашаның 23-і күні науқастың осы қатерлі дертке шалдыққанын көрсетті”, – делінген. Естеріңізге сала кетейік, бүгінге дейін елімізде шошқа тұмауының 17 оқиғасы тіркелген болатын. Науқастардың барлығы құлан таза айығып шыққан.

Дегенмен соңғы кезде шошқа тұмауына байланысты ел арасында гу-гу әңгіме жүргенін де жасыруға болмайды. Аты-жөнін атамауды өтінген бір дереккөз соңғы үш аптада елімізде шошқа тұмауынан бірнеше жүкті әйел көз жұмды-мыс дегенді мәлім етті. Оның айтуынша, бұл оқиға Шымкент, Астана және Қарағанды қалаларында болған. Біз дереккөз мәліметі мен ел арасындағы алыпқашпа әңгімелердің байыбына бару мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласқан едік.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Алмагүл ӘБЕНҚЫЗЫНАН:

– Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің мәліметі бойынша, республикада әзірше шошқа тұмауына қатысты бір ғана дерек тіркеліп отыр. Басқа ақпарат жоқ. Сол себепті жүкті әйелдердің шошқа тұмауын жұқтырғаны туралы мәліметті растай алмаймыз, – деген хабар алып, көңіліміз орнына түсті. Тек денсаулық саласындағылар немқұрайлыққа салынып, дертті асқындырып алмаса болғаны да…”. Авторлары: Болатбек МҰХТАРОВ, Алаш БАЗАРҚҰЛ, Жансая ӘБДIБЕКОВА.

Шекара жабылуының сыры неде?”. “Басқа емес, өз ағамыз өзбектің шекарасы жат қылық танытып отырғаны біртүрлі. Дініміз бен діліміз бір бауырларымызбен болған шекарадағы “шекісулерге” әлі күнге дейін тоқтау болмай тұр. Енді келіп олардың бізге ләм-мим деместен шекараны жауып тастағаны қызық болды. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан АШЫҚБАЕВтың дүйсенбі күнгі брифингте айтқанынан осыны ұқтық. Ескертпестен мұндай шұғыл шешім жасауға не себеп болды екен…

Екі ел Тәуелсіздік алғалы бергі деректерге сүйенсек, қазақ-өзбек шекарасындағы жанжал-қақтығыстардың ұзын саны 27-ге жеткен. Ал баспасөздің назарынан тыс қалған, шекарадағы ауылдардың ауласында ғана қалып қойған оқиғалар қанша екен? Бізге белгісіз. Осындай шекарадағы жанжалдардың себебін анықтай келсеңіз, қақтығыстардың құрбаны болатындар көбіне шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары болып шығады. Ал кейде мұндай жағдайды есірткі заттарын және басқа да қауіпті жарақтар тасымалдаушы қылмыскерлер де пайдалануы ықтимал.

Бұл да арадағы шекараның жабылуына бір себеп болуы мүмкін.
Қараша айының басында Оңтүстік Қазақстан облысының кеденшілері қазақ-өзбек шекарасынан аса ірі көлемде контрабандалық тауар алып өтпек болған бір топ азаматтың жолын кеседі. Кеденшілердің есептеуінше, заңсыз тауардың жалпы құны 150 миллион теңге шамасында болған.

Ал осы айдың орта тұсында Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты “Батыс” өңірлік басқармасының Бейнеудегі бөлімше қызметкерлері тағы да бірнеше контрабандалық әрекеттердің алдын алды. Биыл Бейнеуде қазақ-өзбек шекарасының жабылуына қатысы болуы мүмкін 39 контрабандалық әрекеттің тамырына балта шабылып, 400 заңбұзушы ұсталған, қаншама есірткі заттары тәркіленген. Алайда бұған Өзбекстан азаматтарының қатысы болғандықтан, шекараны олар емес, біз жабуымыз керек еді ғой. Ендеше, гәп басқада болғаны ма?

Бір білеріміз, шекараның жабылғаны рас. Оны дүйсенбі күні біздің елдің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың аузынан естідік. “Біз ресми түрде арадағы шекараның жабық екенін растаймыз. Бұл әрекет Қазақстан тарапынан емес. Мұндай шешімнің себебі туралы бізде ақпарат жоқ”, – деді ол.

Айтпақшы, шекараның жабылуына байланысты ел арасында түрлі гу-гу әңгімелер тарап жатыр. Соның бірі – шекараның жабылуына шошқа тұмауы себеп болды дейді. Яғни Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде шошқа тұмауының шығуына байланысты Өзбекстан өз шекарасын қымтауға кіріскен дейді-міс. Бірақ бұл мәліметті Оңтүстік Қазақстан облыстық кеден басқармасының баспасөз қызметі теріске шығарып отыр.

– Жұмыс кестесі бұрынғысынша, өзгермеді. Азаматтардың шекарадан өтуінде кідіріс жоқ, – дейді облыстық кедендік бақылау басқармасы баспасөз қызметінің басшысы Марат Боранбаев.

Кімге сенеміз сонда, өзбектердің өздері неге үндемейді? Өтірік болса, Астанада жарияланған мәлімдемеге олар неге реакция танытпайды, осы арасы түсініксіз.

…Айдос САРЫМ, саясаттанушы:– Жалпы алғанда, Өзбекстанның шекараны жабуында ешқандай қисын жоқ сияқты. Көптеген мәселе, айналып келгенде, субъективті мәселелерге, сол елдегі саяси билік жүйесінің ерекшеліктеріне барып тіреледі. Өзбек Президентінің көңілі болмаса немесе сыртқы қатынастардағы ұпайы теңеспесе, осындай қитұрқы, волюнтаристік шешімдер орын алады. “Екі жақтың халқы не болады, олардың қарым-қатынасы не болмақ?” деген сұрақтар ол жақта ешкімді алаңдатып отырған жоқ сыңайлы. Дәл осы жолы, мен білсем, мәселе энергетикалық байланыстар мен Қазақстанның Ресеймен жақындасуына орай демарш болған секілді.

Дәл осы күндері Өзбекстан Кеңес заманында құрылған энергия-қуат жүйесінен шығатыны туралы мәлімдеді. Ресейдің Өзбекстанның ішкі саясатына араласу мақсатындағы тіршілігі (ол елдегі кеңестік ескерткіштер мен шіркеулердің қиратылуы Ресейде орасан зор наразылық тудырып отырғаны мәлім), осы сәттегі Қазақстанның біржақты ресейшіл бағытта жүруі өзбек басшылығының қытығына тиюі мүмкін.

Қорытып айтсақ, түркі мемлекеттерінің арасындағы осындай кикілжің, автаркиялық тенденциялар болашақта түркі бірлігі үшін қауіпті нәрсе деп түсінемін. Қалай болғанда да, түркі елдерінің болашағы, өзін-өзі мемлекет ретінде сақтай алуы осы елдердің демократиялануы мен терең ынтымақтастық орнатуына тікелей байланысты болмақ. Осындай тенденциялар бірліктің тамырына балта шауып, оның уақытын кейінге шегере бермек. Бұған жол беруге болмайды”. Авторлары: Салтан СӘКЕН, Шадияр МОЛДАБЕК.

ABAI.KZ. “Байжан Дубай. Әрбір бесінші адамның сайлауға қатысқысы келмейді”. “Саяси шешімдер институты (СШИ) мен Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың қауымдастығы (ӘСҚ) бірлесіп жақында “Қазақстандық электораттың партиялық таңдауы” деген әлеуметтік сауалнама жүргізді.

Биліктің ығына жығылып “өтірікті шындай, ақсақты тыңдай” қылып көрсететін кейбір ұйымдардай емес бұлардың сұрау салу нәтижесі ақиқаттың ауылына жақын секілді көрінді. Жалпы алып қарағанда отандастарымыздың саяси көзқарастары мен қоғамдық белсенділіктерінде айта қаларлықтай өзгерістер көрінбейді.

Әдеттегідей әрбір бесінші адам алда сайлау болса қатыспайтынын мәлімдеген. Бұлар елімізде 20 жыл бойы сайлаудың қалай өтіп келе жатқанынан біршама хабары бар топ. Сұрау салынған азаматтардың 26,6 пайызы сайлауға бюджет қаржысының жұмсалуына қарсы болса, 15,4 пайызы сайлауды түкке тұрмайтын шара, ақша текке қолды болады деп санайды.

Ал ел-жұрттың саяси партияларға деген сенімі сетінеп-ап тұр екен. Бүкіл билікті уысына ұстаған “Нұр Отан” партиясының сенімділік рейтингі өткен айда 7 пайыз, осы айда 5 пайыз төмендеген. Оның себебі дағдарыс кезінде әлеуметтік маңызды шешімдер қабылдай алмағандықтан деп түсіндіріледі. Халықтың артқан үміті ақталмай, күдігі ұлғайып келеді.

Ал саяси партиялар туралы сұрақтарға жауап беруге қиналатын 24,3 пайыз бен ешбір партияны қолдамайтын 20 пайыз электоратты соңына ерте алған саяси ұйымның бағы жанайын-ақ деп тұр. Дегенмен, сайлауда аса белсенділік танытатын әйелдер ғана екен. “Орамал-жаулықтылар” тобы билік партиясына бүйрек бұрса, ерлер оппозицияны ұнататын көрінеді. Дегенмен, еркек кіндіктілердің қоғамдық белсенділігі өте төмен болып отыр. Талай саяси додаға елеңдей қарап, ере шауып, таңын айырып, талайы қайтып, тауы шағылып, үміті үзілген электораттың осы тобы “алда осындай саяси науқан болады-мыс” деген жаңалыққа “не дейді, әкәу?!” деп бір елең етіп алады да, “бола берсін, әкри” деп қолын бір-ақ сермейтін күйге жеткен.

Еңсесі түскен электоратты соңына ерте алатын ерекше ұйым, ерен тұлға оппозицияда да атымен жоқ. Бірде өзара қырықпышақ боп қырылысатын, бірде әмпей-жәмпей болуға тырысатын оппозиция серкелеріне сенетіндердің қатары мүлде азайған. Мұндай сауалнамаларға “ойбай, бұл биліктің қитұрқы қулығы” деп қарсылық білдіретін, өздерін ақтауда алдына жан салмайтын, дауысым кетті деп жан дауысы шыққанда қабырғаны қайыстыратын “тырашбайлардың” тірлігін, “ірілігін” электорат әбден біліп болған секілді. Басқаны айтпаған соңғы кездері бүкіл қазақ қоғамын елеңдеткен ескерткіштер мәселесінде есті бір сөз айта алмаған “оппозициясымаққа” енді қалай сенерсің. Жоқ, биліктің партиясына бермеген дауысымды бұларға беріп жын ұрып па? Өзімде қалсын құқығым. Елдің мұңын айтатын, жүректің сырын айтатын ұлтшыл да рухты ұйым да туар күні ертең. Дауысымды сол партияға сақтаймын”.

Он талап орындалмаса, ұлт патриоттары аштық жариялайды”. “Жуырда өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XV құрылтайында президент Н.НАЗАРБАЕВ \»Бiрiншi мәселе — ұлттық бiрлiктi бiз қалай түсiнемiз? Бұл бiздiң елде тұратын этникалық, дiни және басқа да әлеуметтiк — мәдени топтардың бiрiккен қауымдастығы болу деген сөз. Ең көпұлтты мемлекет — жүздеген этностар мекендейтiн АҚШ болса керек, бiрақ олардың бәрi де — американдықтар. Бразилияға ресми сапар барысында бұл елдiң де көпұлтты екенiн байқадым, бiрақ оның тұрғындарының бәрi — бразилиялықтар… Бiз осы жолмен жүруiмiз керек…” деп мәлімдеп, \»қазақстандық ұлт\» саясатын жүзеге асыру мақсатында \»Ел бірлігі\» доктринасын қоғамға ұсынғаны мәлім. Билікке тәуелді бірқатар республикалық басылым беттерінде бұл доктринаны талқылау қызу жүргізіліп, оған жалпыхалықтық \»қолдау\» қолдан ұйымдастырылуда. \»Ел бірлігі\» (\»қазақстандық ұлт\») доктринасын “талқылаудан” мемлекеттік қызметкерлер, түрлі ұлт өкілдерінің мәдени ұйымдары басшылары және басқа да әлеуметтік топтар да шет қалып жатқан жоқ. Жоғары жақтан тапсырма келген соң жергілікті билік өкілдері халыққа \»бәріміз қолдаймыз\» деп ұран айтқызып, \»қазақстандық ұлт\» идеясын іске асыруға мұрындық болып отыр.

Алайда, \»ел бірлігі\» (\»қазақстандық ұлт\») доктринасына зиялы қауым өкілдерінің, демократиялық партия жетекшілері мен ұлтжанды тұлғалардың үлкен тобы өз қарсылығын білдірді. Республикалық басылымдарда ұлт жанашырлары бастаған 15 мыңға тарта азамат қолдаған президенттің атына жолданған үндеу де жарияланды. Жоғары билік қоғамға ұсынған \»ел бірлігі\» (\»қазақстандық ұлт\») доктринасының қауіп-қатері осы ашық хатта егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бірақ билік қоғамдық күштердің бұл талабына да құлақ аспай отыр. Жоғарыда аталған үндеуде ұлт тұлғалары \»ел бірлігі\» (\»қазақстандық ұлт\») доктринасына өз қарсылығын білдіре отырып,  \»Қазақ халқын және республикамыздағы өзге ұлт өкiлдерiн ұлтсыздандыруға бастайтын, бұл американдық, космополиттiк қадамға демократиялық үрдiс аясында, ашық түрде қарсылығымызды бiлдiремiз!\» деп мәлімдеген болатын.

Бүгін біз билікке мынадай талаптар қойып отырмыз:

1. \»Ел бірлігі\» (\»қазақстандық ұлт\») доктринасынан түбегейлі бас тарту;

2. Қазақ тiлiне Мемлекеттiк мәртебе берiлуiнiң 20 жылдығына орай, елiмiздегi белгiлi қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, мерзiмдi басылым басшыларының, зиялы қауым өкiлдерiнiң ұйымдастыруымен, 20 қыркүйек күнi Алматыдағы Республика Сарайында өткiзiлген “Мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясында” билікке қойылған 10 талапты орындау;

Егер жоғары билік өкілдері ұлт патриоттарының аталған талаптарын елеп-ескерусіз қалдырса, белгілі ақын, көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар ШАХАНОВ бастаған зиялы қауым өкілдері, Бақтыбек ИМАНҚОЖА бастаған “Желтоқсан рухы” қоғамдық бірлестігінен 25 адам, Бейсенғазы СӘДҮҰЛЫ бастаған “Желтоқсан ақиқаты” қоғамдық бірлестігінен 20 адам және белгілі тарихшы, филология ғылымдарының докторы Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ бастаған ғалымдар тобы, Қазақстанның халық қаһарманы Желтоқсан құрбаны Қайрат РЫСҚҰЛБЕКОВтың анасы Дәметкен АСАНБАЕВА мен Ләззат АСАНОВАның анасы Алтынай АСАНОВА бастаған аналар тобы да аштық жариялауға отырмақ. Аштық жариялау акциясы 17 желтоқсан күні, Желтоқсан көтерілісі құрбандарының рухына тағзым етіп, құран бағышталған соң басталады. Ұлт тұлғаларының талабы орындалмайынша, аштықтың тоқтамайтынын ескертеміз”.

ZHASALASH.KZ. “Жастардың жiгерi құм болды ма?”. “Қазiргi жастардың көкейiнде жүрген мәселе көп. Жастар мен студенттер қауымы қоғамдағы ахуалға разы емес. Бiрақ, қоғамға белсене араласып, өзгерiс жасағысы келетiндерi аз. Неге ұлтына, тiлiне төнген қауiптi көре тұра қазақ жастарының көпшiлiгi бас көтерiп, үн қосуға жарамайды? Жалпы, қазiргi қазақ жастары неге жiгерсiз?

Қазақ жастарының жiгерi мен батылдығы жөнiнде ой қозғауға соңғы кездерi куәсi болған бiрнеше оқиға итермеледi. Жуырда “Рух пен Тiл” жастар клубында қонақта болған белгiлi жазушы, драматург Дулат ИСАБЕКОВ жастармен кездесу кезiнде: “Мен, шыны керек, кейiнгi кезде “бабаларымыз өте батыл да батыр болды” дегенге күмәндана бастадым. Қазiр еш бас көтеруге жарамайтын қазақ жастарын көрiп, “батырлар ұрпағы осындай болуға тиiс емес едi ғой” деген ойға қаламын…”.

Жастардың бұл ретте айтар сылтаулары көп. Көпшiлiгi зиялы қауым өкiлдерiне кiнә артып, олардың жiгерсiздiгiн айтуға келгенде iркiлiп қалмайды. Өздерiнiң батылдық таныта алмай жүргендерiн де солармен байланыстыратындары аз емес. “Олар айта алмай жүргенде, бiзге не жорық?” – деп көп мәселеге қолдарын бiр сiлтей салады. Ондай пiкiрмен бiр есептен келiсуге де болатын шығар. Бiрақ, ол тек – сылтау. Бұл жастардың өз жiгерсiздiгiн ақтап алуының бiр жолы ғана. Керiсiнше, жастар үлкен буынға үлгi бола бiлуi керек. Себебi, қазiргi зиялы қауым өкiлдерiнiң көпшiлiгi, орта жастағылар сонау Кеңес үкiметi кезiнде тәрбиеленiп, сол уақытта қызметiн бастағандар. Олардың санасына кеңестiк “коммунистiк” идея әбден сiңген. Сондықтан, жастар олардың санасына түрткi бола бiлуге тиiс. Үлкен буынның ынжықтығына батылдықпен жауап беруге тиiс адамдар да солар. Бiрақ, қазiр ондай жiгерлiлiк танытып жатқандар аз. Осындайда ел мақтайтын қазақы қалпымыз бен қазақы тәрбиемiздiң де керi әсерi бiлiнедi. Кiшкентайынан үлкендердiң айтқанынан шықпай, айдауына көнуге тәрбиеленген қазақ жастары өздiгiнен iс-әрекет етуден қалды. Үлкендердiң “не бар, тыныш жүр, басың бәлеге қалады”, – деген сөздерiнен ары аса алмайды. Жоғары оқу орындарында да студенттерге оқытушылар тарапынан дәл осы сөздердiң айтылатыны жасырын емес. Университет басшылығы ереуiл, кез-келген пiкiр бiлдiруге қатысты iс-шараларға барса оқудан шығатындарын айтып, студенттерге қысым көрсететiнiнiң де куәсi болып жүрмiз. Әрине, олардың бұл әрекеттерi – заңсыз. Алайда, оны беттерiне басып айтып, өзiн ақтап алатын студенттер аз. Олар да үнсiз, тыныш қана бәрiне мойынсұнғанды қалайды және мұнысын түрлi сылтаулармен ақтап алғысы келедi. Жоғарыда мысалға келтiрген Назым есiмдi студент қыздың: “Бiр сiлкiнiс керек-ақ”, – деген пiкiрiне қосылуға болады. Бiрақ, ол сияқты “бәрiн бастап жүрген Назым деп жүрсе…” деп бұғып қалғанымыз болмас. Қазақ қоғамына шын жанымыз ашыса, әркiм өзiнен бастауы қажет. Жастарға да әртүрлi сылтаулар айтып, пiкiр айтудан жалтаруды қоятын уақыт жеттi”. Авторы: Инга ИМАНБАЙ.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Қашқын әкелер көбейіп барады”. “Қазақстан Республикасы “Неке және отбасы туралы” заңының талабына жүгінсек, ата-аналар өздерініңкәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға міндетті. Егер олар кәмелетке толмаған балаларын қамқорлығынаалмаса, асырап-бағуға арналған қаражат, яғни нәпақа (алимент) ата-аналардан сот тәртібімен өндіріп алынады.

Заң талабына сәйкес ата-аналар арасында нәпақа төлеу туралы өзара келісім болмаған жағдайда сотата-аналардан нәпақаны ай сайын төмендегі мөлшерде өндіреді. Егер ата ананың бір баласы болса, онда олардыңтабысының немесе өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі, екі баласы болса, үштен бір бөлігі, үш және одан да көпбаласы болса, тең жартысы өндіріп алынады. Осы тәртіппен қазіргі таңда Қызылорда облысы аймағында 4122 өндіріс бойынша ата-анадан нәпақа өндірілуде. Оның ішінде 1925-і бір баласы үшін, 1047-сі екі баласы үшін, 1150 әке үш және одан да көп баласы үшін нәпақатөлеуде.

Ең өкініштісі, облыста тек 82 әке ғана өз еркімен балаларына нәпақа төлеуде, ал қалған өндірістердің 98 пайызы сот орындаушыларының әрекетін қажет етеді. Бұл Қызылорда облысында өз балаларына нәпақа төлеуден 4 мыңнан аса әке бой тасалап, қашып жүр деген сөз. Осы себептен, балаларына нәпақа төлеу жөніндегі сот шешімінөз еркімен орындамаған 66 әкеге Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 521 және 524-баптарының талаптарына сәйкес, әкімшілік шаралар көрілді. Анығында да отағасылары өз балаларынасырап бағудан неге қашады? Біздіңше бұл жерде ерлі-зайыптылар арасында тұтанып жататын кикілжіңдершаңырақтарды шайалтып, кінәсіз балаларды тірі жетім етіп қалдыратын тәрізді.

Ал ондай ата-ана осы әрекетіарқылы балаларының өміріне қаншалықты ықпал етіп жатқандарын қаперлеріне де алмайтын сияқты. Сондықтанда сот орындаушыларының көп уақыты қашқын әкелерді іздеумен кетеді. Мысалы, бір ғана 2009 жылдың 10 айында облыс бойынша 61 қашқын әкеге іздеу салынса, қазір олардың бар болғаны 8-нің ғана нақты мекен-жайлары анықталып отыр. Ал, қалғандарын іздеу одан әрі жалғасуда. Айтар ауыз бен естір құлаққа ауырболғанымен бүгінгі қазақ қоғамындағы балаларын асырауға деген отбасыларының құлқы осылай болып отыр.

Әрине балаларына алимент төлеуден жалтарған әкелермен күрес барған сайын қатая түсуде. Қазіргі кезде жылсайын нәпақа төлеуден жалтарып, сот шешімін орындаудан қашып жүрген әкелерді іздестіру мен қордаланған қарыздарын мәжбүрлеп өндіру мақсатында айлықтар өткізіліп тұрады. Аталмыш айлық биыл да ұйымдастырылыпотыр. Үстіміздегі жылдың 1 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотыжанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитетінің тапсырмасымен нәпақа өндіру бойынша сот актілерін орындауайлығы болып жарияланды. Аталмыш айлық аясында  балаларына нәпақа төлеуден қашып жүрген әкелердііздестіру күшейтіліп, оны түрлі сылтаулармен созбалаңға салып жүргендердің табыстарынан заңға сәйкес нәпақаөндіріліп алынады. Сот шешімін өз еркімен орындаудан бас тартқан әкелер әкімшілік және қылмыстықжауапкершілікке тартылады. Таяуда осы айлық аясында 1 әке қылмыстық жауапкершілікке тартылып үлгерді.

Сонымен қатар акция басталған күннен бергі бір апта мерзім ішінде Қызылорда облыстық соттар әкімшісітарапынан 3 борышкер әкеге іздеу жарияланып, оның үшеуінің де мекен-жайы анықталды, 52 борышкердің жұмысорнына нәпақа өндіру бойынша өндіріс жолданды. 4 борышкер сот шешімін орындаудан жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал, бір қызметкер, яғни мекемелер бойынша лауазымды тұлға қарамағындақызметкерінен айлық нәпақа мөлшерін ұстамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сол секілді акция өзмәресіне жеткенше нәпақа төлеуші борышкерлердің өз еркімен нәпақа төлеуіне ықпал етіліп, егер сот шешіміорындалмаса, кінәлілер жоғарыда аталғандай әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады.

Жетімін жебеген, жесірін демеген халық едік. Өкініштісі, сан ғасырлар бойы тұрмыстық санада тұғырытозбаған осы қасиетті ұстанымның заман ағымына сай көбесі сөгілуде. Әсіресе, жыл сайын өз балаларына туғанәкелерінен нәпақа өндіріп беруді сұраған аналарымыз бен қаракөз қыздарымыздың санының артуы жанға батады. Үстіміздегі жылдың өзінде ғана нәпақа өндіру бойынша түскен өндірістердің саны 65-ке көбейді. Демек, бұлсәтсіз құрылған отбасының құрбандығына ұшыраған балаларына күнделікті нан тауып беру жолында шырылдап, зыр жүгіретін аналар қатары жыл артқан сайын бір ғана Қызылорда облысы бойынша 100 ге дейінгі аралықтатолысып отырады деген сөз. Ал, ондай аналардың саны елімізде қаншама? Сондықтан отбасы бірлігін бұзбай, шаңырағыңыздың шайқалмауын бақылауда ұстағандарыңыз абзал. Ал, ажырастыңыз екен, ренжіскен зайыбыңызүшін емес ұрпағыңыздың қатарынан кем өспеуін ескергендеріңіз жөн”. Авторы: Н. ҚҰТТЫБАЕВ, Қызылорда облыстық соттар әкімшісінің бөлім бастығы.

KAZ.GAZETA.KZ. Атырауда \»маскүнем\» деген сырқатпен есепте тұрған адамға бала асырап алуға мүмкіндік берілген, деп хабарлайды Kazakhstan Today Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Атырау қалалық прокуратурасы үстіміздегі жылдың 10 айында кәмелеттік жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылған жұмыстары туралы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді…

Таразда жылдың басынан бері бұрынғы балабақшаның екі ғимараты жеке меншіктен сатып алынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today Жамбыл облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВАға сілтеме жасап.

Сұлушаш Құрманбекованың айтуынша, биыл Таразда бұрынғы балабақшаның екі ғимараты жеке меншіктен сатып алынды. \»Келесі жылы бұрынғы балабақшалардың тағы да 14 ғимаратын облыстық мемлекеттік меншікке кері қайтару жоспарлануда\»,- деді ол. Оның хабарлауынша, ағымдағы жылдың аяғына дейін облыста 2115 орынға есептелген мектепке дейінгі 29 ұйымның ғимараты пайдалануға беріледі. Бұдан кейін өңірдегі барлық мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің 34%-ы балабақшаға бару құқығына ие болады.

Сондай-ақ, оның айтуынша, 2010 жылы республикалық қаржының есебінен тағы да алты балабақша іске қосылады. \»Сондай-ақ, біз тұрғын үйлердің 1 — 3 қабаттарында 46 мини-орталық ашуды жоспарлап отырмыз\», — деді С. Құрманбекова. Бұл 2010 жылы балабақшаларда қосымша 4910 орын ашуға мүмкіндік береді, осы орайда мектеп жасына дейінгі 41,7% бала балабақшаға бара алады.

Білңм басқармасының ақпаратына сәйкес, қазір Жамбыл облысында мектепке дейінгі 133 мекеме жұмыс істейді. Өз кезегінде балабақшаларда кезекте 14 730 бала тұр, олардың 11,2 мыңы — Тараз қаласында.

Қазақстан үкіметі БАҚ-тар үшін ҚҚС-ын төмендету мүмкіндіктерін қарастырады. Бұл туралы бүгін II медиақұрылтай барысында ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз ТЕЛЕБАЕВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бізге БАҚ-тар үшін ҚҚС-ын алып тастау туралы ұсыныстар келіп түсті. Бұл мәселе қаржылық және заңдық тұрғыдан жан-жақты дәйектеуді талап етеді\», — деді Ғ. Телебаев. \»Біз осындай ұсыныспен экономика, қаржы және әділет министрлігіне шығу арқылы бірлесе шешуге тырыса аламыз. ҚҚС-ын егер біржола алып тастау мүмкін болмай жатса да, БАҚ үшін бұл салықты шамалы азайту жөнінде мәселе көтеруге болады. Бұл БАҚ-тар мен журналистер қоғамдастығы үшін үлкен қолдау екені сөзсіз\», — деді ол.

Сонымен бірге, вице-министр өз сөзінде мемлекеттік тілдегі жарнама көлемін реттеу мәселесіне де тоқталды. \»Бүгінде қазақ тілді БАҚ-тар, бір өкінерлігі, жарнаманы тым аз көлемде алады, қазақ тіліндегі жарнама орыс тіліндегіден бірнеше есе төмен. Бірқатар БАҚ-тардың басшылары бұл проблеманы заңмен реттеуді, қазақ тіліндегі жарнама 50%-дан төмен болмауы жөнінде норма енгізуді ұсынып отыр\», — деді Ғ. Телебаев.

Заң жүзінде бұлай шешу мүмкін бе, жоқ па дегенді мен білмеймін. Қалай дегенмен де министрлікте бұл мәселені қарастырып, шешімін табуға тырысатын боламыз. Бірақ меніңше, нарықтық ахуалда қандайбір заңнамалық шектеулер оңды рөл атқарады деп ойламаймын\», — деді вице-министр…

Солтүстік Қазақстан облысында пневмониядан қайтыс болғандар саны тоғызға жетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лариса БЕЛЯЕВАға сілтеме жасап.

Атап айтсақ, \»пневмониядан 39 жастағы Петропавловск тұрғыны қайтыс болған. Ол 3-ші қалалық ауруханаға ауыр жағдайда жатқызылған. Ол екі апта бойы ауырған, дәрігердің көмегіне жүгінбеген, өз бетімен емделген. Жағдайы нашарлаған кезде ғана жедел жәрдем шақырған\», — дейді Л. Беляева. Ер адам ауруханада қайтыс болды. Өлімге екі жақты пневмония себеп болған\»…

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...