«…Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы және өзекті он сауал». «Қайтарылмаған несие кешірілмейді». «Су тапшылығы — келешек қақтығыстарға себеп». \»…Желтоқсанның 1-нен бастап жоғары октанды жанармайдың бағасы арзандайды\»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 30 қараша 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Хьюман Райтс Уотч”: Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы және өзекті он сауал”. “…АҚШ-тағы “Хьюман Райтс Уотч” ұйымының мәлімдеуінше, адам құқықтары көрсеткіштері бойынша нашар деп танылған Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төраға болып таңдалуының өзі даулы мәселе болған. 2007 жылы сол кездегі Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат ТӘЖИН үкімет төрағалықты бастамастан бұрын бірқатар реформалық қадамдарға барады деп уәде еткен еді. Атап айтқанда Тәжин бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға толықтырулар енгізіліп, сайлау туралы заң реформаланады және 2008 жылдың аяғына дейін саяси партияларды тіркеу талаптары жеңілдетіледі деп мәлімдеген болатын. … … Сонымен қатар бұл ұйымның айтуынша, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда ешқашан ашық әрі әділ ұлттық сайлаулар болмаған, елдегі сайлаулар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының стандарттарына сай келмеген.

Қазақстандағы адам құқықтары жағдайын көтерген мәлімдемесінде “Хьюман Райтс Уотч” ұйымы сондай-ақ адам өліміне әкелген жол апаты бойынша айыпты деп табылып, түрмеге жабылған танымал құқыққорғаушы Евгений ЖОВТИС пен журналист Тохнияз КҮШІКОВтың мәселесін көтерген. Жовтис пен Күшіков таяуда түрмеде өздеріне қысым жасалып жатқанын айтып, мәлімдеме жасаған болатын. Адам құқықтары бойынша “Хьюман Райтс Уотч” ұйымы Жовтисті қолдап шеру өткізген азаматтардың тұтқындалып, оларға айыппұл салынғанын айыптады. Бұл ұйым қоғамдық жиындар Қазақстанда қатты бақыланады деп, Қазақстан үкіметін адамдардың еркін жиындар өткізу құқығына қатысты жағдайды жақсартуға шақырып отыр.

1-2 желтоқсанда Афиныда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының министрлер кеңесінің жиыны өтеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың Қазақстандағы адам құқықтары жағдайына байланысты алаңдаушылықтарын көтеруі үшін зор мүмкіндік дейді “Хьюман Райтс Уотч”, — деп қорытты Саида БАБАМҚОЖА.

AIKYN.KZ. “Валютаның дауы қашан басылады?”. “>Елден ірі көлемде қаржы алып шығатын адам міндетті салық декларациясын толтыруы қажет пе? Бас прокуратураның елден шығарылатын валютаға салық декларациясын алып тастау жөніндегі ұсынысы үлкен дауға ұласып кетер деп ешкім ойламаған-ды. Дегенмен бұл ұсынысты Үкіметбасы құп көріп, құзырлы органдарға валютаны реттеу туралы заңнамаға өзгеріс енгізуді қарастыруды тапсырып жатқанда, қоғамдық топтар арасында түрлі таласқа толы пікірлер туып жатыр. Сонымен…

БАС ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ? Құқық қорғау органының жоғарыдағы ұсынысы тектен-тек туған жоқ. Ведомствоның хабарлауынша, жыл басынан бері қылмыстық қудалау органдарында сыртқа шығарылған валюта контрабандасы деректері бойынша 200-ге жуық қылмыстық іс тіркеліпті. Олардың көбінде ақшаның заңдық негізі болса да, сыртқа шығарылатын соманы нақтылайтын құжатта көрсету мүмкіндігі болмағандықтан, оларды кедендік декларациядан жасыруға мәжбүр болған. Өйткені “Валютаны реттеу туралы” заңнамаға сәйкес, сыртқа шығарылатын ақшалардың заңдылық негізін нақтылайтын құжаттар тізімін анықтау Ұлттық Банктің құзырына жатады. Ал Ұлттық Банк бұл құжат ретінде салық декларациясын таңдап, бекіткен. Дегенмен, прокуратураның мәлімдеуінше, салық декларациясы ақша қаражаты негізінің заңды екенін қатаң шектеулі жағдайларда, яғни ол ақшаның азаматтың тиісті бір салық кезеңіндегі кірісі болған жағдайда ғана растай алады. Бірақ солай болғанның өзінде, дәл салық декларациясында көрсетілген ақшаның шетке шығарылып отырғанына ешкім де кепіл емес. Өйткені азаматтар бір салық декларациясы арқылы валютаны сыртқа бірнеше мәрте шығара алады. Жүйенің пәрменсіздігі сонда, азаматтардың заңды ақшалары (бұрыннан жинаған қаражаты, заем ақшалары немесе банк несиелері және өзгелер) салық декларациясында көрсетілмейді, демек, олардың заңдылығын дәлелдеп, елімізден сыртқа қолма-қол ақша ретінде шығару мүмкін болмайды. Тиісінше, бұл азаматтардың жеке, экономикалық құқығының бұзылып отырғанын көрсетеді. Оның үстіне:

— Қажет болған жағдайда, ақшаны шексіз көлемде және ешбір қиналмай-ақ еліміз шегінен төлем карталары мен жол чектері арқылы-ақ шығарып алуға болады. Бұл жағдайда осы ақша қаражаттарының негізінің заңдылығын нақтылайтын құжаттардың да қажеті жоқ, — деген құқық қорғау мамандары сыртқа шығарылатын валютаны кедендік декларациялауды ғана қалдырып, ал салық декларациясын алып тастауды ұсынды….

Ұлттық банк не дейді? Құқық қорғаушылар бастама көтеріп жатқанда, Ұлттық Банк өкілдері бұл жобаға үзілді-кесілді қарсы пікір айтуда. Олардың ойынша, шетелге көлемді қаражат алып шыққысы келген адам міндетті салық декларациясын толтыру қажет. Ал оларды еркіне жіберу — ел қаржысын шетелге шығарушылардың аяғындағы тұсауды алып тастайды. Ал ондайлар Қазақстанда көптеп саналады. “Сондықтан, әлемдік тәжірибеден бас тартуымыз дұрыс емес. Жалпы, ірі көлемдегі ақшаны мемлекет шекарасынан шығару — өте күдікті мәселе. Өйткені қандай статистикаға салсаңыз да, шекарадан өтетін ірі көлемдегі қаражат тасымалы көлеңкелі бизнеспен, не наша саудасының табысымен байланысты болып жатады”, — дейді банк төрағасы Григорий МАРЧЕНКО. Судың да сұрауы бар. Тиісінше, ірі көлемді ақшаның қайдан алынғаны жөнінде анықтаманың болуы міндетті. “Бұл ешкімнің де құқығын шектеу болып есептелмейді” деген пікірдегі банк өкілдері егер салық декларациясы елдің көңілінен шықпайтын болса, басқа құжат қабылдауға болатынын ескертті. Бірақ қандай да болмасын, заңдық құжат қажет. Әйтпесе, елде ақша жымқыру қылмысымен күресудің қажеті болмай қалады.

СӨЗ СОҢЫ: Қос құзырлы органның текетіресі осындай. Бұл мәселеде түйінді шешім шықпағанымен, әзірге Үкіметбасының валютаны реттеу туралы заңнамаға өзгеріс енгізу жөніндегі тапсырмасы қаралып жатыр…”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

Қайтарылмаған несие кешірілмейді”. “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасын қорытындылады. Алматыда “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры” банктер, несие алушылар мен қоғамдық ұйымдар қатысқан арнайы дөңгелек үстел барысында ипотекалық несиелердің қайта қаржыландыру бағдарламасын қорытындылап, “қиын несиелер” мәселесін талқылады. Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы 2009 жылдың ақпан айынан бастап, қазан айына дейін жүргізілген болатын.

“Самұрық-Қазына” қорының қаржы институттары және даму институттарын басқару жөніндегі директоры Бақытжан СӘРКЕЕВтің айтуынша, бағдарлама іске қосылған күннен бастап банктерге жалпы сомасы 165 млрд теңгені құрайтын өтініштер келіп түскен. Содан 32,9 мың өтініш қанағаттандырылып, олардың жалпы сомасы 129 млрд теңгені құраған…

— Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында ипотекалық несиелерді қайта қаржыландырудың қорытындысы туралы айтқан кезде, ең алдымен мемлекеттің ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын 2000 жылдан бастап қолға алғанын айтуымыз керек. Екінші деңгейлі банктерден ипотекалық несиелер бойынша талап ету құқықтарын сатып алатын “Қазақстандық ипотекалық компаниясы”, 2003 жылы пәтер сатып алатын ақшасы жоқтарға ақша жинап, несие алу мүмкіндігін ұсынатын жаңа жүйе — “Қазақстанның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі” құрылды.

— Сондай-ақ сол жылы кредиторлар мен инвесторлардың тәуекелді өзара бөлісуі арқасында ипотекалық несиелерді қолжетімді ететін “Ипотекалық несиелерді кепілдендіру қоры” да құрылған. Үкіметтің антидағдарыстық бағдарламасы іске асырыла бастаған кезде екінші деңгейлі банктердің портфеліндегі ипотекалық несиелердің көлемі 600-650 миллиард теңгені құраған. Әрине, ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың барлық зәруліктерді қанағаттандыруға жетпейтіні белгілі. Сол себепті де несиесін дер кезінде төлей алмайтын азаматтардың қарызын 9 пайыздық ставкамен қайта қаржыландыру жөнінде шешім қабылданды. Бұл несиесін қайтарудан қиналып отырғандарға түсетін салмақты азайту үшін жасалды. Бағдарламаға екінші деңгейлі 11 банк қатысып, “Самұрық-Қазына” қоры оларға жалпы сомасы 120 миллиард теңгені құрайтын шартты депозит орналастырды. 31 мың 304 несие алушының келісімшарты қайта жасалып, олардың айлық төлемдері бұрынғымен салыстырғанда орта есеппен 30 пайызға азайтылды. Астана мен Алматыдан өзге, қаржыны игеру көрсеткіштері Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жоғары болды. Қарыздарды қайта қаржыландыруға бөлінген қаражатты игеру мерзімі аяқталған соң, әрі оның әлеуметтік маңызы зор болғандықтан, “Самұрық-Қазына” қоры бұл бағдарламаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жобасын әзірлеп отыр, — деді Б.Сәркеев.

…Дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Қайрат ӘЙТЕКЕНОВ ипотекалық несие алған азаматтардың қарыздары мемлекет есебінен жабылмайтынын қадап айтты. “Мемлекет қиын несиелерді сатып алайын деп отырған жоқ. Бұл мәселе банк пен несие алушының арасында екіжақты келісім бойынша шешіледі. Әрі мұндай әрбір оқиға жекелей қарастырылады”, — деді Қайрат Әйтекенов”. Авторы: Айдын ҚАЙНАР.

Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” жобасы көңіліңізден шықты ма? Алып-қосар тұстары бар ма?”. “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” жобасы көңіліңізден шықты ма? Алып-қосар тұстары бар ма?

Тәңірберген БЕРДІОҢҒАРОВ, Мәжіліс депутаты: — “Қазақстанның ел бірлігі доктринасын” қабылдау туралы шешім бұл өте өзекті мәселе. Өйткені 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұратын еліміз үшін мұндай құжат аудай қажет. Себебі елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін көп ұлтты тұрғындардың мызғымас бірлігі керек. Бұған қоса, ұлттық тұтастық пен бірлік көп ұлтты Қазақстан халқының салауатты һәм бейбіт өмір сүруінің кепілі. Өйткені ұлттар мен ұлыстардың ауызбірлігі мен ынтымағы жарасқан елде бейбіт өмірдің орнайтындығы ақиқат. Ал бейбіт өмір бар жерде алаңсыз өмір сүріп, ұрпақ тәрбиесімен жан-жақты айналысуға болады. Сондықтан біздің көп ұлтты еліміз үшін бірлік доктринасы қажет. Мәселе оның қалай жасалуында. Меніңше, мұндай маңызды құжатта ең алдымен, қазақ елінің салт-дәстүрлеріне, мемлекеттік тілге деген құрмет айрықша көрініс тапқаны жөн. Өз басым, “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” жобасымен танысқанымда мұндай маңызды мәселелердің көтерілмегенін байқадым. Қазақстанды басты құраушы ел — қазақ болған соң, дәл осы бірлік доктринасында қазақ тілі т.б. ұлттық сипаттар ұмыт қалмауы керек. Әзірге, бұл жобаның бір қайнауы ішінде. Олай болса, бірлік доктринасы айтылған сын-ескертпелер негізінде қайта жасалуы тиіс.

Мақсұт НӘРІКБАЕВ, “Әділет” партиясының төрағасы: — Қазіргі күні көптеген шетелдіктер көп ұлтты Қазақстанның бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жетістігіне қызыға да, қызғана да қарауда. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Дегенмен, “Қазақстан үшін бірлік доктринасы неге қажет?” деген секілді пікір айтып, оған шошына қараушылар да жоқ емес. Әрине, бұл дұрыс көзқарас емес. Себебі көп ұлтты халқымыздың береке-бірлігі мен ынтымағын сақтап қалу үшін темірқазықтай құжат қажет. Міне, сол құжат — “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” деп білемін. Қазіргісі тек жоба ғана. Ал нақты доктринаны қабылдау үшін уақыт керек. Ол үшін ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен арнайы топ құрылып, айтылған барлық сын-пікірлер ескеріліп, соның негізінде нақты доктрина жасалуы тиіс. Өйткені, доктринаның қазіргі жобасы өте шикі. Мұнда мемлекеттік тіл — қазақ тілі туралы, қазақ халқының ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүрлері туралы еш нәрсе айтылмаған. Міне, бұл құжатта осындай жағдаяттар ескерілуі тиіс.

Нұржұман ЫҚТЫМБАЕВ, Қазақстанның халық артисі: — Соқтықпалы соқпақсыз талай қиын-қыстау жолдан өткен ата-бабаларымыз о бастан бірлікті айрықша қадірлей білген. Сондықтан “бірлік бар жерде тірлік бар”, “төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деп ұрпағына ұлағатты өсиет қалдырған. Бірлік туралы бұдан артық айтып жеткізу әсте, мүмкін емес. Ең бастысы, елімізде алауыздық болмай көп ұлтты тұрғындардың береке-бірлігі жарасым тапса, алынбайтын қамал, шықпайтын тауымыз болмайды. Менің ойымша, “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” Елбасының еліміздің болашағын ойлағаннан туған іс-шарасы. Олай болса, біз барынша қолдау көрсете отырып биік белестерді бір ұлт балаларындай бірге бағындырумыз қажет. Менің ойым да, пікірім де осы”. Сауалнаманы жүргізген — Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ.

TURKYSTAN.KZ. “Су тапшылығы — келешек қақтығыстарға себеп”. “Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi. Бүгiнде су тапшылығы – тек орталықазиялық елдердiң ғана емес, бүкiл әлемнiң бас ауруына айналған мәселе. Давостағы Дүниежүзiлiк экономикалық форумда қазiргi таңда судың мұнайға деген тұтынушылық сұраныстан жоғары екендiгi айтылды. Арнайы баяндама әзiрлеген сарапшылар қауымының пiкiрiнше, суға деген сұраныс деңгейi Жер шары халқының өсу қарқынынан асып түседi.

Мәселен, 2025 жылға қарай су тапшылығының кесiрiнен әлемдiк егiс алқабының көлемi дүниежүзi қолданатын астықтың 30 пайызына дейiн қысқаратын көрiнедi. Бұл – Үндiстан мен АҚШ-та жиналатын дәндi-дақылдың жалпы көлемiне тең. Есесiне, 2050 жылға қарай азық-түлiкке деген тұтынушылық сұраныс 70-90 пайызға артпақ: “Энергия өндiру үшiн қажет су қорына деген сұраныс АҚШ-та – 165 пайызға, Еуропалық Одақта 130 пайызға өседi. Ауыл шаруашылығына керектi су көлемi күрт азайып, ауыл шаруашылығы өнiмдерiне деген сұраныс керiсiнше, тым өседi”. Әлемдiк экономика мен өндiрiс неғұрлым дамыған сайын экономика мен өндiрiс те соғұрлым жылдам дамуда. Демек, су тапшылығын тартатын елдердiң саны өсiп келедi. БҰҰ сарапшылары алдағы 10 жыл көлемiнде әлемнiң барлық елдерiнiң экономикасы өсетiнiн, осының нәтижесiнде тамақ, жарық, жылу, киiм мен суға деген сұраныстың жоғарылайтынын көлденең тартуда. “Жығылғанға – жұдырық”, судың орасан зор қоры шоғырланған мұздар да еруде. Гималай мен Тибеттен бастау алатын Жер шарының ең iрi 7 өзенi дүниежүзiнiң екi миллиардтан астам адамын сумен қамтамасыз етедi. Зерттеушiлер егер су қорына көңiл бөлiнбесе, 2100 жылға қарай мұз таулар ерiп кетедi дейдi. Қазiргi таңда ауыл шаруашылығы мен өндiрiс орындарына қажеттi суды бөлiп отырған аса үлкен 70 өзенге тартылу қаупi төнген. Мамандар ХХI ғасырдағы ең басты қиындықтардың бiрiне айналатын су мәселесi қарулы қақтығыстарға себеп болуы мүмкiн деген болжам айтады. 2025 жылға қарай Жер шары тұрғындарының үштен екi бөлiгi су тапшылығының зардабын тартады. Мұнайы мен газын әлемдiк саяси сахнаға ықпал ету құралы ретiнде пайдалануға тырысатын Ресей ендi су сату арқылы да күшейе түсудi көздейдi.

Сейсенбi күнi Мәскеу мэрi Юрий ЛУЖКОВ халықаралық “Таза су – 2009” форумында сiбiрлiк өзендердiң 316 текше шақырым суының 27 текше шақырымын Ресейдiң Батыс Сiбiрiндегi суғармалы жерлердi су тапшылығынан құтқаруға және қалған бөлiгiн Қазақстанға сатуға ұсыныс жасады. Жыл сайын Солтүстiк Мұзды мұхиттан Обь өзенiне келiп құйылатын су (яғни, ерiген мұз) көлемi де – 27 текше шақырым. Лужковтың бұл ұсынысы КСРО кезiнде, яғни, 80-жылдары жасалған жобаға байланысты көрiнедi. Аталған жобаны кеңестiк үкiмет экологиялық тұрғыда пайдаға жарамсыз деп санағандықтан, iске асырылмай қалған. Былтыр “Су және әлем” атты кiтабын жарыққа шығарған Лужков ендi сiбiрлiк суды қазақтарға сатпақ. Оның айтуынша, Обь өзенiнiң бастауы Қорған, Орынбор, Челябинск, Түмен мен Ом облыстарының жаз айларында құрғақшылыққа ұшырайтын суғармалы жерлерiне қажеттi сумен (5-7 текше шақырым су) қамтамасыз етуге молынан жетедi. “Ресейдегi су әлемдiк қордың 24 пайызына тең. Сiбiрлiк өзендерден ауысқан суды Орта және Орталық Азия елдерiнiң су тапшы аймақтарына, мысалы, Қазақстан, Тәжiкстан, Түркiменстан, Өзбекстан т.б. елдерге 1 текше метрiн 25 центтен сату қажет” деген мәскеулiк мэр еуропалық нарықта судың 1 текше метрiн 3 еуроға сататынын көлденең тартты. Ал мамандардың пiкiрiнше, 27 текше шақырым су 4,5 млн. гектар жердi суғаруға молынан жетедi. Қазiр Лужков Ертiс пен Тобыл өзендерiнiң ағысын бұру арқылы жиналатын 4 текше шақырым суды Ресейдiң су жетiспейтiн аймақтарына қарай бұруды көздеп отыр.

Ресейлiк мамандардың айтуына қарағанда, қазiр Жер шарының әр тұрғынына 750 текше метрден келетiн су 2050 жылға қарай 450 текше метрге дейiн азаймақ. Бұл дүниежүзi халықтарының 80 пайызы ауызсу тапшылығына ұшырайды деген сөз. БҰҰ-ның су қоры көрсеткiштерiне қатысты бекiткен талаптарына тек Канада, Ресей, Бразилия мен Еуропаның кейбiр мемлекеттерi, Оңтүстiк Америка, Оңтүстiк Азия мен Африканың тропикалық аймақтары сай болмақ. Келешекке төнген қауiптiң алдын алуды көздеген әлем дабыл қағып, түрлi жиындар ұйымдастырудан шаршамай келедi. Алайда, шыққан нәтиже шамалы. Өйткенi, түгесiлуге таяған су қорын тиiмдi пайдалану, ысырап етпеу сияқты маңызды мәселеге бас қатырған Жер шары тұрғындары кем де кем. Қытай құнарсыз жерлерiн құнарлы ету үшiн Ертiстiң суын ысырап етуiн тоқтатар емес. Қазақстан мен Ресей Қытайды 1 текше шақырым суды қанағат етуге көндiре алмай әлек. Мамандардың қауiптенетiнi, егер 1 текше шақырым судың көлемi 4 текше шақырымға дейiн өсетiн болса, Қазақстан мен Ресейге керi әсер етедi. Күннен күнге ушығып бара жатқан қаржылық дағдарыс Орталық Азияның негiзгi “бас ауруы” – су-энергетикалық мәселелерiн, мысалы, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанның Шардара мен Сырдарияға тиесiлi су қорын пайдалануда ортақ мәмлеге келе алмауы, Ертiс өзенiнiң құқықтық мәртебесi, он жылдан астам уақыт бойы пiкiрталас толас таппаған су қорын тиiмдi пайдалану т.б. екiншi кезекке ысырып тастады. Бұл мәселенi кеңiнен қаузауға әсiресе, өндiрiстiк саласы суға барынша зәру аспанасты елi мүдделi емес. Сарапшылар түйiндi мәселенiң шешiмiн табуға Шанхай ынтымақтастық ұйымына сенiм артумен келедi. Қазақ жерiндегi тозығы әбден жетiп, ескiрген кеңестiк су құбырларының көпшiлiгi бүгiнде пайдалануға жарамай қалған. БҰҰ деректерiне сүйенсек, Қазақстан су қорына қатысты ТМД елдерi арасында ең соңғы орында. Республикамыздың үштен бiр бөлiгi ауызсуға зар. Бұл қиындық суғармалы жерлерге де тән.

Қазiрдiң өзiнде елiмiздiң оңтүстiк аймақтарында су тапшылығының кесiрiнен ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өсiру көлемi қысқартылуда. Мәселен, үстiмiздегi жылдың 22 шiлдесiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында болған вице-министр Өмiрзақ ШӨКЕЕВ суды үнемдi пайдалану үшiн құрғақшылыққа төтеп бере алатын ауыл шаруашылығы өнiмдерiне ауысуға ұсыныс айтты. Ал мамандар бұрынғы 110 мың гектар мақта алқабын 80 мың гектарға дейiн төмендетуге шешiм қабылдады. Оның орнына бидай, жүгерi себу жоспарланған. Су тапшылығының кесiрiнен күрiш алқабын өсiру де аяқсыз қалды. Өйткенi, суды көп қажет ететiн күрiштiң орнына басқа дәндi-дақылдар егу көзделген. Мамандардың айтуынша, 2 мың гектар күрiшке кететiн суға кейбiр дәндi-дақылдардың 15-20 мың гектарын өсiруге болады екен. Оның үстiне, суды саяси қысым жасау құралы ретiнде пайдалануға көшуi де Қазақстанға тиiмсiз. Мысалы, Астана Түркiменстаннан газ тасымалдайтын құбырды Өзбекстаннан тысқары тартқанда қазақтарға тоңтерiс қалған Тәшкен “шөмiштен қысып”, бiзге жiберiлетiн су көлемiн едәуiр қысқартып тастады. Оның себебiн, Қырғызстаннан тартылатын судың өзбектерге де жетпей қалатындығымен түсiндiрдi. Көршiлес мемлекеттер бiр-бiрiне ықпал етуде судан басқа тариф саясатын да жиi пайдаланады. Мәселен, өзбектер қазақтарға сатылатын газ бағасын өсiргенде, қазақтар темiр жол тарифiн көтердi. Өкiнiшке қарай, бүгiнде орталықазиялық аймақтағы Сырдария мен Әмудария өзендерiнiң су қорын пайдалануда да тараптар пiкiр қайшылығына жиi ұрынады. Осының салдарынан Қазақстан мен Өзбекстан кезiнде Қырғызстаннан су-энергетикалық ресурстарды сатып алудан бас тартқан болатын. Басты тұтынушысынан айырылған айырқалпақтылардың су қоймаларындағы су көлемi күрт артып, Қазақстанның оңтүстiк аймақтарына су басу қаупi төндi. Дау шешу мақсатында өткiзiлген келiссөздер барысында қырғыздар да қарап қалмады, өздерiне сатылатын жанар-жағар майды арзандатуды, жеңiлдiктер жасауды талап еттi”, — деп белгіледі Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ.

EGEMEN.KZ. “Алла тағала халқымызға нұр-шапағатын төге берсін”. “Мемлекет басшысының Қазақстан мұсылмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтауы.

Қадірлі жамағат!

Ардақты мұсылман бауырлар!

Сіздерді ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Адамды имандылық пен ізгілікке тәрбиелейтін асыл дініміз – исламды бүгінде Қазақстан халқының басым көпшілігі ұстанады. Еліміздегі мұсылман қауымы республикамызды мекендеген өзге дін өкілдерімен өзара бірлікте тіршілік етіп, тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Бүгінде Қазақстанда ислам діні қанат жайып, елімізде 2300-ден астам мешіт мұсылман қауымы үшін ғибадат үйіне айналып отыр. “Нұр-Мүбәрак” ислам мәдениеті университеті және еліміздің түрлі өңірлерінде 7 медресе жұмыс істеп, шәкірттер тәрбиелеуде.

Осыдан төрт жыл бұрын біз Құрбан айтты арнайы мереке ретінде жарияладық, сол уақыттан бастап бұл күн бүкіл мұсылман жамағаты үшін ресми мейрам ретінде тойлана бастады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан жетекші мұсылман елдерімен дипломатиялық байланыс орнатты. Олардың басшылары да әлемдік мұсылман қауымдастығына тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қосылғанына ризашылық білдіріп, айрықша құрмет көрсетіп келеді.

Қазақстанның 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететіндігі – осы құрметтің бір айғағы.

Бүгінгі ұлық мейрамда құрбандық шалудың ең ізгі амалы – жетім-жесірлерге қолұшын созу, араздасқанды татуластыру, адамзатты бейбіт өмір сүруге шақыру сияқты имандылық істермен астасып жатыр. Ендеше, ниеттеріңіз қабыл болсын, Алла тағала халқымызға нұр-шапағатын төге берсін.

Барша қазақстандықтардың отбасыларына береке-бақыт, амандық пен дендеріңізге саулық тілеймін.

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті”.

Бәрінен үйрен, ешкімге еліктеме”. “Береке басы бірлік”, дейді халқымыз деп сөзін бастады Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, Парламент Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата төрағасы Сергей ДЬЯЧЕНКО Шымкентте өткен Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында. Басқосуға Парламент Мәжілісінің депутаттары, облыс әкімдігінің жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, саяси партиялар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе көтерілді. Біріншісі – Қазақстанның ел бірлігі доктринасының жобасын талқылау, ұсыныстар айту, ал екіншісі – ОҚО бойынша көші-қон үдерістерін басқарудың жай-күйі мен өзекті проблемалары.

Сергей Дьяченко жиындағы беташар сөзінде Ел бірлігі доктринасының мақсаты республикада тұрып жатқан сан алуан этнос өкілдерін қазақ ұлты төңірегіне топтастырып, елді береке-бірлікке бастау екендігін айтты. Осы ретте мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі бұрынғыдан да күшейтілетіндігіне, ұлттар бірлігін ұйыстыруға ұйытқы болатындығына тоқталды.

Қоғамдық палата мүшелерінің жұмысына табыс тілеген ОҚО әкімі Асқар МЫРЗАХМЕТОВ Ел бірлігі доктринасы оңтүстікті мекен еткен көптеген этностарды мемлекетіміздің әлеуеті мен экономикасын көтеруге жұмылдырады деп сенетіндігін айтты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері облысқа жиырма шақты мемлекеттен 165 мыңның үстінде бауырларымыз көшіп келген. Атажұртқа оралған қандастарымыз қоныстанған “Асар” ауылында Елбасының тапсырмасымен “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында жақсы жұмыстар атқарылып жатыр, деді облыс әкімі.

Жиында Ел бірлігі доктринасы жобасы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ сөз алды. “Ел бірлігі – мемлекетіміздің стратегиялық таңдауы”, деп сөз саптаған Е.Тоғжанов доктрина талаптарын бәзбіреулердің сан-саққа жүгіртіп, елге басқаша түсіндіруге тырысып жүргеніне қынжылысын білдірді. Тұрақтылық – ел білігінің белгісі. Бүгін мен келешектің сенімі қазақстандықтардың діни көзқарастарының әралуандығына қарамастан, халықты бір мақсатқа жұмылдырып, патриоттық сезімін көтеруге үлкен ықпал етеді. Қазақстан өзге этнос өкілдерін қазақ ұлтының төңірегіне топтастыру арқылы болашақты кемелдендіруге жол ашады. Мықты мемлекеттер үлгісінен үйренуге болар, ал ешкімге еліктемей өз жолын өзі табады. Осылай деп сөзін түйіндеген Е.Тоғжанов жобаны жетілдіруге ұсыныстар күтілетіндігін білдірді.

“Қазақстанның ел бірлігі доктринасын іске асырудың құқықтық мәселелері” жөнінде сөз сөйлеген Қоғамдық палата төрағасының орынбасары Мақсұт НӘРІКБАЕВ өткен жиында қазақ тілінде баяндама жасағанын, бүгін әдейі орыс тілінде сөйлейтіндігін мәлімдеді. Қазақстанда кім орысша сөйлемей жүр, оған түсіністікпен қарауға болар еді. Тек Мақсұт Сұлтанұлының “Оңтүстікте тіл және дін мәселесі шешілген” деуі сәл-пәл түсініксіздеу болды. Қазағы көп оңтүстік кеңес заманында да қазақ тілінің тамырына қуатты қан жүгіртіп келген, бірақ дін мәселесінде әр қиырға шауып жататыны бар. Түрлі ағымдар, секталар көбейіп кетті. Оңтүстіктегі дін мәселесін тілмен ұйқастырып “шешіп” тастаса да, жалпы, Нәрікбаевтың баяндамасы нәрлі шықты.

Жиында “Ортақ тарих, ортақ құндылық, ортақ болашақ – ұлттық бірліктің базалық негізі” және “Мемлекеттік тіл – Қазақстанның болашағы” тақырыптары бойынша Қоғамдық палатаның мүшелері Мұрат Әуезов пен Досмаханбет КӨШІМ сөз сөйледі.

“Елге ел қосылса – құт”. Қоғамдық палата отырысында сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ пен ОҚО бойынша көші-қон комитетінің басқарма бастығы Әбдібақыт МАҚҰЛБАЕВтың сөздері атажұртқа оралған қандастарымыздың мәселелеріне арналды. Күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша пікір алмасылғаннан кейін жиналыстың ұсынысы қабылданды”. Авторы: Бақтияр ТАЙЖАН.

JASQAZAQ.KZ. “Қызғаныш – қозғаушы күш”. “Кезінде сауданы өркендететін жарнама еді. Қазір біздегі сауданың қозғаушы күші – қызғаныш. “Басқаны да, оның ішінде прогреcті де дамытатын сол ма?” – деп қалам. Бізде бәрі саудаға қойылған. Ар мен ұят та…

… Қызғанышсыз қазақ – кенже қалған қазақ. Нонсенс. Ол өз бетінше өмір сүре алмайды. Өмірінің өзегі – ішін тырнап, тыным бермейтін қызыл ит. Көршінің қақпасы сәл биік болса, онымен теңескенше тыным таппайтын өлермендік. Қызғаныштың бірнеше сатысы бар. Алғашқысы – немқұрайды қызғаныш. Ол табиғатынан  жалқау қазақты қимылдауға итермелейді. Ең құрығанда, шамына тиген нәрсеге еліктейді, ұқсап бағады. Біреу тұқымы сирек ит ұстаса, қазақ одан асып түсу үшін көз көріп, құлақ естімеген бір төбетті есігінің алдына абалатып байлап қояды. К өршісі қымбат көлікке отырса, ертеңінде базарға жүгіріп, одан да қымбатырағын алады. Адамның қоры еместігін дәлелдеу үшін “Сенен кем соқсамға….” басады. Немқұрайды қызғаныш сәлден кейін белсендісімен алмасады. Тыным таптырмайды. Түрлі ойлар келе бастайды кәллаңа. Қарапайым идеялардан бастап, қиял-ғажайып, күрделі толғаныстар маза бермейді.

Тұрмыстық деңгейде сәл қарапайымдау. Теледидарды мысал ете сөйлесек, түйткіл тарқап сала береді. Өйткені телевизия – өмір айнасы. Қисық айна тұрса да, көзіңді сығырайта үңіліп, бірдеңе байқауға болады. Мысалы, “Казақстан” телеарнасында “Екі жұлдыз” деген керемет бағдарлама пайда болды. Керемет дейтінім, көп ақша шашылғаны көрініп тұр. Шамасы, бүгінгі телевизияның көтерілген ең биік шыңы осы хабар болса керек. Оның үстіне, жүргізушілер де: “Ең керемет…Ең ғаламат…” деуден талмауда. Жаңылмасам, бұл жоба швед ағайындардан бастау алған. Көп елдерді дүбірлетіп өткен бағдарламаның бізге жеткендегі сықпыты – қазіргі көріп жүргеніміз. “Қайдан және не себепті пайда болды?” дейсіз ғой. “Көршідегі менде неге жоқтың!” буы – бізді алып бара жатқан. Бас қатырудың қажеті қанша? Рұқсатын сатып алып, керек адамдарды жалда да, сайрай бер. Бірақ “дайын асқа тік қасық болу” қолымыздан келмеді. Мазмұны, мән-мағынасы жоқ. Қыруар қаржы құйып жылтыратып қойған “ыдыстың” ішіндегісі іріп кетіпті. Бірде осы думанды көзім шалып қалып, күліп жібердім. Ұлттық ТВ дамимын деп далақтап жүріп, жаңа жанрға ұрыныпты. Бағдарлама пародияға негізделгендей әсер қалдырады.

…Еліктеу, көшірме болу қанымызға сіңіп кетіпті. Бәріміз “біреуге ұқсауды армандаймыз”. Орыста “Наша Раша” дейтін, Ресейде жүрген Орталық Азияның мүсәпір-міскіндерін мазақтайтын бағдарлама ашылды. Шұғыл түрде қазақтың өзін қорлайтын “Наша казашаны” шығардық. “Комеди клабты” көре сала, сықақшы клубтарын қаптаттық. Бәрі сылдыр су, “жай клабтар”. Ресей арналарындағы қалжыңның да кейде қырсыз болатыны бар. “Бірінші каналдан” да “сарғыш” рең байқалады соңғы жылдары. Алайда қанша нашар десек те, сынауға болады. Өйткені олардың юморында негіз бар. Ал біздегі – бос сөз. Демек,  сынайтын да түк жоқ. Көбік сынды…. көлемі үлкен, салмағы жоқ. Былайша ұқсайды. Тура сол декорациялар, сол стиль. Еркін сөз, жүгенсіз қылжақ… Жыртыңдаған жастар, зордың күшімен ыржиған езулер. Өздігінен ештеңе ойлап таба алмайтынымыз осыдан байқалады. Ерекше ой, қазіргіше айтқанда, креатив жетіспейді. “Тамашадан” басқа мақтанарлық түгіміз жоқ. Оған да пікір айтпай, тек еске алып қойғанымыз жөн болар. Бұл тақырыпты неге қозғадым? Сол хабарларды жасап жүргендерге: “Бауырларым, ойындарың осылып барады, ел көріп отыр ғой, қойсаңдаршы. Ұрласаңдар да, ұялмайтындай етіп жасасаңдаршы”, – деп тіке айтуға болар еді. Бірақ қажеті қанша? Біріншіден, ешкім сөзіңді елемейді. Екіншіден, олардың еш кінәсі жоқ. Еттері өліп кеткендіктен, тірлігінің күлкілі екенін ұға қоймайды. Тіпті “түкке тұрмайтынды сөз етіп қайтесің” деп өзімді  келемеждеулері мүмкін. Үшіншіден, шығармашылық топқа “идеяны” кәсіби мамандар шайнап беріп отыр.

…Сонымен, біздің заманның кертолғауы қандай? Білік жоқ. Жеңіл-желпі естігеніңді көлденең тартып, көсемсу бар. Білім жоқ. Жұлып жиған ақпар бар. Жетістік жоқ. Интернет бар (ол жалпылама сұрақтардың барлығына жалпылама жауап тауып бере алады). Білім беретін қор жоқ. Дипломның даңғаза атағы бар. Ерек ойлау жоқ. Санамызды қысып қойған қалыптың құлымыз. Жалқы бола алмаймыз. Топтансақ қана батылмыз. Азын-аулақ дүниені аманат ететін шәкірт жоқ. Есесіне, білегі жуандығымен білгенін істеген ағалар бар. Тұтастыратын Идея жоқ. Ұсақ -түйек идеясымақтарды бүркемеленген қитұрқы әрекет бар. Ұлттық намыс жоқ. Ұлт болып қорлану бар. Кеудеңді кергізген өрлік жоқ. Оның орнына түйсігіңде кемдік бар. Шынайы қозғалыс, даму жоқ. Есесіне “бармақ бастымен” епті қимылдағанның көңілі тоқ. Барша халықты жалпыұлттық негізге ұйыстыратын саясат жоқ. Жымысқы күлкі, жалған науқан (кампания) жан-жағың. Нағыз тұлғалар жоқ.  Алаңдағы жиында ауыз жаппайтындар мен оларды дәріптеп болмайынша, жаны байыз таппайтын жағымпаздар бар. Иманды имамдар жоқ. Соның кесіріне имансыз мысықтілеулілердің қарасы мол. Осынша бошалауымызға кінәліні табу қиын. Кейде біреудің бетіне түкіргім келеді. Бірақ “қарсы жел жынымды өз бетіме шаша ма?” – деп қорқамын”.

Ақыры не болды? Ақиқат жоқ, жартыкеш шындық бар. Ал жартыкеш шындықтың жартысы жалғандық екені айтпасам да түсінікті”, — деп тұжырымдайды Ермек ТҰРСЫНОВ.

ZANMEDIA.KZ. “Қогамдық институттар лайықты өсіп-өркендеуі керек”. “Қазіргі халықаралық жағдай, әлемдік саясат пен экономикада орын алып жатқан өзгерістер мен жаһандану үрдістері, еліміздің ішкі даму қарқыны көптеген жаңа жайттардың шешімін табуды және оны зерттеуді қажет етеді. Осыған орай мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз құқықтық саясатының негізгі бағыттарын ары қарай анықтау мақсатында республика құқықтық нормативтік актілерінің жобаларын, Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының ұзақ мерзімді және жыл сайынғы жоспарларын, мемлекеттің құқықтық саясаты саласында тиісті бағдарламаларды жасау үшін негіз болып табылатын “Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2010-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын” бекіткені баршаға мәлім.

Тұжырымдамада көрсетілген мәселелерге байланысты Қазақстанның криминология ассоциациясы мен Д.Қонаев атындағы университет ұжымы “Құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында Қазақстанның құқықтық жүйесі дамуының өзекті мәселелері” тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткізді. Дөңгелек үстел басына жиналған Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь РОГОВ, еліміздің бас прокуроры Қайрат МӘМИ және Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек ӘЛІМБЕКОВ, сонымен қатар заңгерлер мен ғалымдар, тағы басқа қатысушылар осы тақырып төңірегіндегі өз ойларын ортаға салды. Заң ғылымдарының докторы Ғайрат САПАРҒАЛИЕВ ел прокуратурасының саяси жүйедегі орны мен рөлі жөнінде жасаған баяндамасында прокуратура саласындағы түйткілдерге тоқтала келіп, “азаматтардың құқығын өз деңгейінде қорғай алмау біздің саяси жағдайымызға кері әсер етуі мүмкін” деді. Биылғы бір жылдың өзінде прокуратураның араласуымен жүз мыңнан аса құқығы бұзылған азамат еңбекақыларына қол жеткізген. Яғни, құқық, заң- бұзушылықпен қанша жерден күрескенімен оны мүлде жою мүмкін емес. Тек құқық қорғау органдарының нәтижелі жұмысы ғана түрлі келеңсіздіктердің алдын алары хақ. Өз кезегінде сөз алғандардың барлығы Қазақстанның азаматтық, қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, әкімшілік және ювенальдық юстициясын жетілдіру шараларына түрлі қырынан келіп, шетелдердің бұл тұрғыдағы тәжірибелерімен салыстыра отырып ой өрбітті. М.Әлімбеков сот жүйесіндегі жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды. Қоғамдық институттарды, сонымен қатар, қазақстандық омбудсмен институтын одан әрі дамыту, жаңадан заңдар қабылдау, құқық қорғау, қадағалау органдарының рөлі мен қоғамдық институттар арасындағы орнын қалыптастыру, жеке сот орындаушылары институты, жалған кәсіпкерлік, рейдерлік мәселелері де әңгіме барысынан тыс қалған жоқ. Қалай дегенде де еліміздегі құқықтық ахуалды, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің жұмысын жақсарту кезек күттірмейтін іс. Сондықтан келер жылы іске асырылатын тұжырымдамадағы мәселелердің осылайша көппен келісе отырып шешілгені, яғни қолданысқа енгені құптарлық жайт”. “Тұжырымдамада “Құқықтық саясатқа кешенді тұрғыдан келу – мемлекеттің жалпы даму бағдарламасына, соның ішінде нәтижелілікке, жариялылыққа және есеп беру ұстанымдарына негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін жасауды, азаматтардың құқығы мен бостандығын, қоғам мен мемлекет мүддесін қорғауды қаматамсыз ететін барлық нормативтік базаларды жетілдіруге мүмкіндік береді” деп көрсетілген. Жиын қорытындысында қазіргі заңнамаларды одан әрі жетілдіру үшін еліміздің мемлекеттік ұйымдарына сараптамалық хаттар жіберу, сонымен бірге конференция материалдарының жинағын шығару жоспарланды”, — деп тұжырымдайды Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

MASSAGAN.COM. “Қазақ жырының тұңғиығы”. “28 қараша ақын Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВтың туған күні. Өнер әлеміндегі айрықша құбылыс болған ақынның өлеңдері әлі күнге шейін маңыздылығы мен өзектілігін жойған жоқ. Дүниеден ерте өткен ақынның рухына тағзым ете отырып, Жұмекеннің шығармашылығы туралы бір ауыз сөз айтқанды жөн санадық.

… Өлеңдерінде өзге ақындарға ұқсамайтын дара мінезі мен ойлау диалектикасы бар, өнерді өмірге балаған қамшының сабындай тым қысқа ғұмырында поэзияның Рухын бір мысқалдай да төмендетпей, өнердегі арзандықпен күресіп өткен Жұмекен Нәжімеденовтың поэзиясын қайта бір оқып шығуым жоғарыдағадай сөздерді айтуға ойтүрткі болып отыр. Жұмекеннің жыр әлеміндегі дара бітім-болмысы мен өзіндік қолтаңбасы төңірегінде әлі де пікір тиегі кең көлемде ағытыла қойған жоқ. Ақынның өлеңдеріндегі интеллектуалдық ой сарыны, әдебиеттің ыстығы мен суығына өз жанын аямай тосатын өр мінезі оқырманның көзіне көбіне-көп ДОСТОЕВСКИЙді елестетеді. Біз осы жерде Достоевский есімін қызыл сөзге қызыққандықтан ғана айтып отырған жоқпыз. Достоевский шығармалары мен Жұмекен поэзиясын салғастыра отырып, ұлы жазушының “Бесы” атты романы мен ұлы ақынның “Алдар көсе немесе диалогтар” атты поэма-пародиясының арасынан бір ұлы үндестіктің сырын аңғардық.

Достоевский өз шығармасында “жартылай ғылымды” аямай сынайды. Достоевский романындағы басты кейіпкер Шатов “Жартылай ғылым – адамзат тарихындағы соғыстан да, аурудан да қатерлі ең ұлы нәубет” деп әрі-сәрі күйге түссе, Жұмекен өз шығармасында “жартылай ғалымды” былай әжуалайды…. Поэзия – белгілі бір уақыттың жемісі. Жұмекен поэзиясы да өзі өмір сүрген орта мен уақыттың ұлы жемісі болды…”. Авторы: Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ (Мақала www.azattyq.org сайтында жарық көрді).

ZHASALASH.KZ. “Профессор Ален Палмер: Қазақстан өзiн-өзi жарнамалайды”. “Доктор Ален ПАЛМЕР — АҚШ-тың Юта штатындағы Прово қаласында орналасқан Бригхам Янг университетiнiң коммуникация департаментiнiң ақпарат құралдары төңiрегiндегi халықаралық зерттеу бағдарламасын басқарған. Соңғы 30 жылдан берi АҚШ-тың түрлi оқу орындарында дәрiс оқиды. Сондай-ақ, академиялық журналдарда оның БАҚ саласындағы мәдениет мәселелерi мен халықаралық коммуникация тақырыбына қатысты мақалалары, кiтаптары жарияланған. Оның зерттеу мақалалары “Газетт Жоурнал Интернэшнл Комьюникейшн”, “Коммуникация заңы және саясат”, “БАҚ және қоғам”, “Коммуникация ғылымы” және тағы басқа да беделдi журналдарда жарық көрдi.

Бұрынғы журналист Ален Палмер кәсiби жүлделердi бiрнеше рет жеңiп алған және Фулбрайт бағдарламасы негiзiнде шетелдерде дәрiс оқу мүмкiндiгiн екi мәрте иеленген. Бiрiншi рет 2004 жылы Намибияда сабақ берсе, қазiр Қырғызстандағы Америка университетiнде дәрiс оқиды.

Дүйсенбi күнi қазақ журналистерiне профессор Ален Палмермен сұхбаттасудың сәтi түстi. Журналистикадағы объективтiлiк мәселесi бойынша. Қазақстандағы АҚШ елшiлiгiнiң ұйымдастыруымен өткен кездесуде журналистиканың “жiлiгiн шағып, майын iшкен” Палмермен әлемдiк журналистика мәселелерiмен қатар, Орталық Азия, оның iшiнде Қазақстан туралы да емен-жарқын пiкiр алыстық.

“Бiшкекте Манас эпосын үйренгiм келдi. Бұл эпос — өзгелерден ерекше ұзақ әңгiме. Бiздiң газеттерге мұндай ұзақ әңгiменi жариялау мүмкiн болар ма екен?” — деп күлдi Ален Палмер. — Менiң пiкiрiмше, журналистиканың “алтын ғасыры” өтiп кеткен. Өткен ғасырдың 1920 жылынан бастап 1980 жылдың аралығында. Одан берiде журналистиканың орнын насихат пен жарнама басты.

Ален Палмер сөз арасында бүкiл бұқаралық ақпарат құралдарын өз иелiгiне алған авторитарлық мемлекеттердi санамалады. Олар — Қытай, Солтүстiк Корея, Куба, Түркiменстан және тағы басқалары. “Бұл тiзiмде Қазақстан бар ма?” деген сұраққа А.Палмер: “Мен Қазақстанда бар-жоғы екi-ақ күн болдым. Сiздерде жағдай қандай екенiн нақты бiлмеймiн. Бiрақ, Қазақстан да осы авторитарлық мемлекеттерге өте жақын сияқты. Әрине, жағдай Түркiменстандағыдай емес”, — деп жауап бердi.

— Қазақстанда БАҚ-тың сексен пайыздан астамы үкiметтiң қолында. Ал АҚШ-та қалай?

— АҚШ-та олай емес. Сiздердегi көрсеткiштен әлдеқайда аз. Бiрақ, мұндай мәселе бiзде де бар екенiн мойындаймын. Үкiмет басқару тетiктерiнiң бәрiн қолына алып алса, оны бергiсi келмейдi. Бұл тек журналистердiң мәселесi ғана емес. Мұндайды болдырмау үшiн бұған қоғам қарсылық көрсетуi керек. Егер қоғам қатты ашуланса ғана тепе-теңдiк өзгередi. Ал журналистердiң өзi ештеңенi өзгерте алмайды…

— Америкалықтар Қазақстан туралы не бiледi?

— Боратты бiледi. Сiздердiң президенттерiңiз “кез келген жарнама — жақсы жарнама” дедi емес пе?

— Бораттың фильмiн көрдiңiз бе? Бұл фильмнiң соншалықты танымал болуының себебi неде?

— Ол фильмдi әр-әр жерiнен үзiп-жұлып көрдiм. Менiң румыниялық студенттерiм бар. “Румынияны көп жұрт неге Дракула арқылы ғана бiледi?” деп қатты ашуланады олар. Бұған бiз не iстей аламыз? Менiң ойымша, Бораттың iс-әрекетi жағдайды соншалықты өзгерте қоймайды. Мәселен, Қазақстан ауа райын болжайтын карталарда көрсетiлмеген. Қазақстанда ауа райы қандай екенiн бiлу оңай емес. Халықаралық жаңалықтарды қарап отырсаң, батысы Түркиямен тоқтайды, ал шығысы Бейжiңмен шектелiп қалады. Сонда қалай? Стамбұл мен Бейжiңнiң арасында ештеңе жоқ па?

— Қазақстан туралы ең алғаш қашан естiдiңiз?

— Бұдан 30 жыл бұрын. Картаны қарап отырып Алматыны көзiм шалды. Күндердiң-күнiнде осы қалаға барармын дегем. Мiне, 30 жылдан кейiн келдiм Алматыға”. Авторы: Е.БИЕКЕ.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстан үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ БАҚ-тарды балабақшаларда қосымша орындар құру және жанар-жағармайдың бағасының түзілуі жөніндегі үкімет шешімдерінің орындалуы жайлы хабарлап отыруға шақырды. Ол бұл туралы бүгін Астанадағы базарлар мен мектепке дейінгі мекемелерді аралаған кезде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Бүгіннен бастап әрбір әкім бір апта бойы балабақшаларды аралап шығуы тиіс\», — деді Кәрім Мәсімов.

Ол журналистерге жргілікті жерлерде осы жұмыстың жүргізілуі барысы туралы хабарлап отыруды ұсынды. Бұған қоса Кәрім Мәсімов БАҚ-тардан жанар-жағармайдың бағасына қатысты шешімдердің орындалуын қадағалауды сұрады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қазақстандық спортшы Мая МАНЕЗАға құттықтау жеделхат жолдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қымбатты Мая, барлық қазақстандықтардың және өз атымнан сені Оңтүстік Кореядағы ауыр атлетикадан әлем чемпионатында алтын медальға ие болуыңмен қызу құттықтаймын. Біз бұл тамаша жеңісті зор қуанышпен қабылдадық. Сен табандылық, жоғары спорттық шеберлік және қажымас қайрат танытып, осы халықаралық жарыста біздің еліміздің мерейін үстем ете білдің. Жаңа жеңістер мен табыстар тілеймін\», — делінген жеделхатта.

Алматыда Өткір респираторлық вирусты жұқпаның белең алуы тіркелді, деп хабарлайды Kazakhstan Today КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, \»Алматыда күнделікті Өткір респираторлық вирусты жұқпаның 4 мыңдай оқиғасы тіркеледі. Қалада кейінгі жеті жылда вирусты жұқпаның мұндай белең алу оқиғасы тіркелмеген… \».

Ағымдағы жылғы 1- желтоқсаннан бастап барлық жоғары октанды жанармайдың бағасы 82 теңгеден болмақ. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен селекторлық кеңесте ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат МЫҢБАЕВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қазіргі кезде республика бойынша жоғары октанды жанармайдың бағасы 88 теңге. Әрине, желтоқсанның 1-нен бастап кейбір жанар-жағармай бекеттері үшін осы санаттағы жанармайдың бағасы арзандайды. Ал \»Гелиос\» үшін оның бағасы керісінше көтеріледі. Енді, 5 күннен кейін барлық аймақтарда жоғары октанды жанармайдың бағасы 82 теңгеден болмақ\», деді С.Мыңбаев. Министр атап көрсеткендей, бүгінгі таңда елімізде жоғары октанды жанармайдың тапшылығы 37,5 тоннаны құрап отыр. Оны импорт арқылы өтеу көзделген.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...