«Бұл дағдарыс бұрынғы дағдарыстан өзгерек». «Қытайлықтар атом бомбасына теңеп, салдырмай қойған қауіпті химиялық жоба Қазақстанда қолға алынуда». «Ата-бабаларымыз «жылқыдан туған қазақпыз» деуші еді…»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 2 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “СПИД дертіне шалдыққандарды қоғам құбыжық сияқты қабылдайды дейді науқас баланың анасы”. “…2006 жылы Шымкентте қан құю кезінде ғасыр індетін жұқтырған жүзден аса бүлдіршіннің анықталғаны белгілі. Науқас балалардың кейбірінің ата-аналары басқа ауылға қоныс аударуға мәжбүр болса, енді біреулерінің әкелері ауру баладан бас тартып, шешелері дертке ұшыраған баламен жалғыз қалған

… Биыл Оңтүстік Қазақстандағы ВИЧ дертін жұқтырған Арман секілді 25 бүлдіршін бірінші сыныпқа барды. Ал өткен жылы осындай науқасы бар алғашқы 4 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған еді…

Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған 149 бала диспансерлік есепте тұр. Олардың 134-і үш пен жеті жас аралығындағы бүлдіршіндер. …Осы індетті жұқтырғандар арасында 2008 жылдың соңында және биыл туған нәрестелер де бар екен. Олар – ВИЧ-ке шалдыққан анадан туған балалар. Олардың барлығының ата-анасы өз балаларының қас-қабағына қарап, ешкімнен қысым көрмесе екен деген үмітпен өмір сүруде.

… Қараша айының 24-і күні Павлодар облысында ВИЧ-инфекциясын жаппай жұқтыру дерегі тіркелді. Ап 162/ 3 қатаң тәртіптегі қоныстану колониясында жазасын өтеп жатқан 11 адамға осындай диагноз қойылған. Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері түрмеде отырғандардың барлығы ерлер екеніне қарамастан, айықпас дерттің жыныстық жолмен жұғуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Нақты диагноз қоюға облыстық СПИД орталығының ескі қондырғысы мүмкіндік бермей отыр. Қазір қауіпті кеселге ұшырағандардың қандары Астана зертханаларына жіберіліп, тексеріліп жатыр. Республикалық СПИД орталығы директорының орынбасары Гүлнар ТАЛҒАТҚЫЗЫның айтуынша, бірден 11 адамнан қауіпті ауру инфекцияларының табылу фактілері бұрындары сирек кездескен.

…. Қазақстанда бұл індетті жұқтырғандардың саны 13 500 адам оның, 78 пайызы отыз жасқа дейінгі жастар. Сарапшылардың есебінше, Қазақстан ВИЧ-СПИД-ке шалдыққандар саны бойынша ТМД-да Ресей, Украина мен Беларустан кейінгі төртінші орында тұр. Ел үкіметі қазынадан 4 млрд. теңге қаржы бөліп, індетпен күресудің арнайы бағдарламасын бекітті. Елде науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмек жетерлік. Дегенмен, азаматтардың ауруын жасырып, асқындырып алуы эпидемиялық ахуалдың нашарлауына себеп болып отыр дейді дәрігерлер”. Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ.

Қытайлықтар атом бомбасына теңеп, салдырмай қойған қауіпті химиялық жоба Қазақстанда қолға алынуда”. “…Биылғы жылғы қазанның 29-ында “ҚазМұнайГаздың” иелігіндегі Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) мен Қытай ұлттық Sinopec Engineering компаниясы арасында құны 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімшарт жасалған еді.

…Оған сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңарту жұмыстарының екінші кезегін Sinopec Engineering компаниясы жүргізетіндігі шешілген болатын. Ал жобаны қаржыландыру жөніндегі келісім биылғы жылдың аяғына дейін жасалады және жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол өндірілетін болады деп хабарланған-тұғын… “Егер бұл жоба іске қосылса сапасы “Еуро-4” стандартына сәйкес келетін жоғары сапалы бензин мен дизельдік майлар өндіру деңгейі көтеріледі, бензин құрамындағы бензолдың құрамы 5 пайыздан 1 пайызға дейін төмендейді” деп хабарлаған еді 2009 жылдың 4 маусымында жұртшылықпен болған қоғамдық кездесуде АМӨЗ ЖШС директорының бірінші орынбасары Қайрат ОРАЗБАЕВ.

Қытайдың ағылшын тілінде шығатын Сhina Daily газеті 2007 жылғы мамырдың 30-күнгі санында жазғанындай, Шығыс Қытайдың Фуцзянь өлкесіндегі портты қала Сямыньның тұрғындары аса қауіпті химиялық жобаны жүзеге асыруды тоқтатуды талап еткен екен.

Тағы бір эколог, “Глобус” бейресми ұйымының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА “ҚазМұнайГаздың” жағымды иісті көмірсутектер өндіру жөніндегі жобасының құнына сараптама жасағандарын айтады.

— Егер Қытайдың Сыямыньдегі жобасы 1,400 млрд. АҚШ долларына бағаланса, Атыраудағы жоба одан 360 млн долларға арзан. Бұл төмен баға қоршаған ортаны, адамдар денсаулығына жасалған үнемдеу нәтижесі, – деді Галина Чернова.

— Ғылым академиясының академигі, геология-минералдық ғылымдары докторы Мұфтах ДИАРОВ былай дейді:

– Біреулер мені жаңа жобаға ылғи қарсы болып жүреді деп ойлайды. Дегенмен менің қарсылығымның үлкен себебі бар. Біздің қаламыз бүкіл батыстың мұнайы жиналатын жер болды.Мұнда құбыр арқылы Қарашығанақтың мұнайы, Кеңқияқтың мұнайы, Жаңаөзеннің мұнайы, Теңіздің мұнайы, қаланың оңтүстік батысында өндірілетін барлық майлар осында келіп тоғысады. Содан соң олар басқа бағыттарға жөнелтіледі. Осы процесс барысында сөз жоқ ауаға улы заттар таралады. Қазірдің өзінде ауаға 200 мың тонна қауіпті заттар таралуда”.

“Қаланың ортасында улы зат шығаратын зауыт тұрғанын қай жерден көрдіңіз. Зауыт басшылары шетелді мысалға келтірсе, оларда мұндай қауіпті аймақ ерекше жасылдандырылған. Ал Атырауда ағаш жоқ, оттегі аз. Сонда ертең параксилол өндіретін зауыттағы авария кезінде халықты қалай құтқарады? …Макс БОҚАЕВтың сөзіне сүйенсек, қазір экологтар дабылын 500-ден астам атыраулықтар қолдап отыр. Қала тұрғындары бір-біріне экологтардың Президентке жазған жолдауын интернет арқылы жіберіп, қажет болса митингке шығатындарын хабарлауда”, — деп қорытты Сәния ТОЙКЕН.

AIKYN.KZ. 500 домбырашы 5 күймен Гиннестің “Рекордтар кітабына” енбек”. “9 желтоқсан күні Елбасы Н.НАЗАРБАЕВтың “Мәдени мұра” бағдарламасының аясында “Нұр-Отан” ХДП “Жас Отан” Жастар қанаты “Заңғар” шығармашылық бірлестігімен бірге 500 домбырашының басын қосып, “Домбыраның күмбірі — халқымыздың бірлігі” атты жобаны жүзеге асырмақ.

Осыған дейін осындай шара өткені есімізде. 200 домбырашының қатысуымен бір мезетте бірнеше күй Ақтөбе көгінде қалқып еді. Енді 500 домбырашы Студенттер сарайында бас қосып, домбыраның күмбірін Алматыға ғана емес, әлемге естіртпек. Қалай дейсіз ғой? Гиннестің рекордтар кітабына ену арқылы. Ол үшін шетелден комиссия өкілдері арнайы шақырылыпты. Бұл шараға “Құрманғазы”, “Отырар сазы” сынды ұлт-аспаптар оркестрлерінің домбырашыларымен қатар, орта мектептер мен ЖОО оркестрлерінің домбырашылары, барлығы 500 домбырашы қатысып, олар бір мезетте 5 күй орындайды.

— Шараны “Жас Отан” Жастар қанаты ұйымдастырып отырғандықтан, оған тек 16 мен 25 аралығындағы жастар қатысады, — дейді “Заңғар” шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Айдар ҚЫРЫҚБАЙ. — Олар Құрманғазының “Балбырауын”, “Адай”, “Сарыарқа” күйлерін, Тәттімбеттің “Саржайлауын” және Қаршыға Ахмедияровтың “Күй ұраны” күйін орындайды. Шараның мақсаты — жастарға қазақ өнерін насихаттау, жастардың басын қосу, оларды бірлікке шақыру. Ел болашағы — жастардың қолында. Өнер сүйер жастар барда, ұлттық өнеріміз өлмейді. Әлемдік экономикалық дағдарыстың салқыны өнерді шарпымай кеткен жоқ. Осындай өліара шақта қазақтың күйі, ұлттық өнері назардан тыс қалып қоймаса деген ізгі тілектен туған ой еді. Қазіргі таңда мектеп оқушылары, студент жастар домбыра үйірмелеріне, басқа да әртүрлі өнер үйірмелеріне қатыспайды. Біз жастарға домбыраны, қазақ күйін насихаттағымыз келеді. Қазір әлемдік рекордтар жөніндегі комиссиямен келіссөздер жүргіздік, олардан екі адам келетін болды. Нақты кімдерді жіберетінін екі-үш күнде белгілеп, бекітеді. Қазір олар біздің жіберген мағлұматтармен, жалпы қазақ күй өнері туралы, домбыра аспабы туралы, қазақ күйшілері туралы мағлұматтармен жұмыс жасап, осы өнерді жан-жақты зерттеумен айналысып жатыр….”. Авторы: Сәуле ӘБЕДИНОВА.

ALASHAINASY.KZ. “Бұл дағдарыс бұрынғы дағдарыстан өзгерек”. “Бұл – Премьер-министр Кәрім МӘСІМОВтің әлемдік қаржы дағдарысына берген жеке сипаттамасы. Әрине, экономикалық тұрғыда. Ал экономика жаңғырған жерде басқа саланың да қарап қалмасы белгілі. Өзге емес, дәл қазір дүниежүзін дүрбелеңге салып, әлі де әлегі арылмай жатқан экономика тақырыбына арналған алқалы форум кеше Астанада болды. Маңызы бөлек басқосуға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те қатысып, өз ойларын ортаға салды. Аталған шараға біздің “Алаш айнасы” газеті де бас серіктес ретінде атсалысқанын айта кетейік.

“Эксперт – 100 – Қазақстан” атты жыл сайын өткізілетін экономикалық форум алты жылдан бері жалғасып келеді. Жаһандық дағдарыс жағдайында өткізіліп жатқан биылғы жиынның арқалаған тақырыбы айтарлықтай ауыр. Ұлттық экономикалық саясаттағы шағын және орта бизнес жайы, оны диверсификациялау, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында отандық қаржы секторының даму беталысы, инфрақұрылым саласы, оның іске асу потенциалы секілді өзекті мәселелерді қамтыған форумда сүбелі пікірлер ортаға шықты.

… Алдымен форумның модераторлары индустрия және сауда министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ пен “Эксперт” медиахолдингінің бас директоры Валерий ФАДЕЕВ болғанын айта кетейік. Экономикалық форум болған соң, оған қаржы саласын бес саусағындай білетін мамандар жиналатыны даусыз. Премьер-министр Кәрім Мәсімов бастап, Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясының төрағасы Серік АХАНОВ қостап, “Ресей жинақ банкі” АҚ-тың Қазақстандағы еншілес банкінің төрағасы Олег СМИРНОВ, “ҚазАгро” жетекшісі Асылжан МАМЫТБЕКОВ т.б тақырып бойынша қызу талқылауға кірісті.

Серік Аханов қаржы секторын қолдаудағы жаңа ресурстардың көлемі мардымсыз болғандықтан, оны жаңа тәсілдер арқылы қолдау керектігін айтады. “Осыған байланысты Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы ішкі қорландыру тетігін күрт ұлғайтуды ұсынып отыр. Бұл Елбасы мақұлдаған Қазақстанның қаржы секторын дамыту жөніндегі жаңа тұжырымдамада бар”, – дейді Серік Ахметжанұлы.

Сонымен бірге жаңа қаржылық құралдарды, яғни кепілдік және сақтандыру тетіктерін дамыту қажет. Бұлар несие беруді ұлғайтып, қазір Ұлттық банкте сақталып тұрған 9 млрд доллар көлеміндегі қысқа мерзімді ақшаларды ұзақ мерзімді ақшаға айналдыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ С.Аханов мырза Стрестік активтер қоры қаржысын Қазақстан экономикасын дамытуда бірегей құрал деп біледі. Оның мүмкіндігін пайдаланумен бірге, қаржыландыру тетіктерін дамыту аса керек қадамдардың бірі екеніне сенімді. Талқыға түскен тақырыптарға әркім осылай өз ойларын айтып жатты.

Барлығын сабырмен тыңдаған Премьер-министр өз пікірін соңында білдірді. Кәрім Қажымқанұлы ең алдымен жұрт назарын Кедендік одақ жайына аударды. “Біз бүгін дағдарыс кезіндегі Қазақстанда орын алған жалпы ахуалды талқылаудамыз. Біз Ресейдегі экономикалық жағдайдың беталысын мұқият қадағалаудамыз. Себебі біздің объективті түрде бір-бірімізге мұқтаж екеніміз рас. Ал Кеден одағы құрылса, қазақстандық компаниялар Ресей нарығына, ресейлік компаниялар Қазақстан нарығына еркін ене алады. Ондай жерде бәсекелестік күшейеді. Бұдан тұтынушылардың ұтары көп”, – деді Премьер-министр. Әйткенмен Үкіметбасы өнім өндірушілер осындай ашық бәсекеге сақадай-сай болуы керектігін де еске салды…”. Авторлары: Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ, Салтан СӘКЕН.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Ауыл кино көре ме?”. “…Көрсе теледидардан көретін шығар. …Оны айтасыз, тіпті, кейбір елді мекендерде мәдениет үйі болғанына қарамай, ондағы ел-жұрттың көңілін көтеретін концерттердің де болып тұратындығына күмәнмен қарайсың. Құдай жаңылыстырмасын, бірлі-екілі ауылда аудандық немесе некен-саяқ облыстық және республикалық деңгейдегі өнер иелерінің шығармашылық сапарда болып қалуы бек мүмкін. Оның өзі де, жергілікті басшылардың ұйымдастыруымен, әйтпесе жалынып-жалбарынып шақыруларымен, кейде сол өнер иелерінің өз бастамаларымен өтіп, болып жататынын кімнен жасырамыз. Әрине, “ауыл клубтарындағы жағдай бүгінде Кеңес Одағы кезіндегідей емес, кино қоятын құрал-жабдықтар да тозып көзі құрыған” дегенге саятын себеп-салдарларды алға тартатын басшылардың бар екендігі де белгілі. Қазіргі ғылыми-техникалық прогрестің даму үдерісінің қарқыны күшті, бұл тығырықтан шығатын жол жоқ дегенге кім сенеді?

…Біздің, осы бір кино төңірегіндегі тақырыпты ауылдан бастап, тым қазымырланып кетуіміздің сыры да аз емес. Алдымен еліміздегі кино мәселесіне келейікші. Қош, сонымен, бір Голливудтың өзінде бір жылдың ішінде мыңға тарта кино түсірілгенімен, олардың 15-20-сы ғана мол қаржыға кенеледі екен. Сол арқылы киностудиялар тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, фильмдер түсіріледі. Ал, бізде ше? Әрине, олай емес. Бірақ, біздің Голливуд еместігіміз де, бола алмайтындығымыз да белгілі. Сондықтан шығар, жақында Қазақстан Парламенті “Мәдениет туралы” Қазақстан Республикасының Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын қарап шықты. Тіпті, оны мәжілістегілер қолдап құптаған да сыңайлы. Ендігі талдау Сенатқа қарап қалғандай ма, қалай? Міне, осы тұстағы біздің айтарымыз, осы болашақта қабылданып, өмірге келгелі отырған заңда мәдениеттің ауылға бет бұруы жөнінде тиісті бір баптар мен тармақтар болса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, онда ауылдағы мәдени шараларды өркендетіп қана қоймай, оларға тиісті кинолар және еліміздің белді-белді әншілері мен өнер ұжымдарының концерттерін жүйелі түрде көр¬сетіп, олардың заңмен жан-жақты қорғалатындығы әңгіме етілсе ғой дейсің. Сонымен бірге, “кино тек орыс тілінде ғана көрсетілмей, өзіміздің ана тілімізде де сол ауылға жеткізілсе ғой” деп те ойлайсың. Мәжіліс депутаты Мұрат АХМАДИЕВ айтқандай, “Все фильмы, ввозимые на территорию Казахстана с целью проката, с 1 января 2012 года должны быть озвучены на государственном языке” болса ғой, шіркін! Депутаттың осы сөзінен біз екі мәселенің ұштығын көріп отырмыз. Біріншісі, қазақ киносындағы мемлекеттік тілдің алатын орны болса, екіншісі, еліміздегі кинофильмдердің жалға беріліп, жалға алуларындағы көзге ұратын келеңсіздіктердің барлығы. Қолымызға тиген мәліметке жүгінсек, бүкіл Қазақстан бойынша уақыт талабынан табылатын 35-ақ кинотеатр бар екен.

… Бар. Болғанда тым көп. Сондықтан да, кинодан түсетін түсім мен шы¬ғынның есебін де реттеу “Мәде¬ниет туралы” заңда өз шешімін жүйелі түрде табуы тиіс-ақ. Республикамыздағы облыс орталықтарында жұмыс істейтін, киноларды жалға беретін Ресей және Америка компанияларының филиалдары болса, Қазақстан көрермендері арқылы аз пайда көріп отырмаған сыңайлы. Оның есебін кім жүргізіп жатқаны да белгісіз. Жалпы, қазақ киносы мен сол киноны жасаушы мемлекеттік және жеке адамдар арасындағы байланыстар қаншалықты, сондай-ақ олардың түсіріп жатқан кинолары Қазақстан бюджетін қаншалықты толтырады? Сұрақ көп. Ал, біз болсақ, “алыс ауыл кино көрмейді” деп зар илейміз. Осы мәселенің басын ашып, бір-ақ шешетін тиісті ұйымдар мен тындырымды басшылар көп болса ғой, шіркін! Оның үстіне Елбасымыз ұлттық кинематография майталмандарымен кездесуде: “Бізге өжет, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу қажет. Бұл жолда мен сіздерге қолдау көрсету үшін келдім. Сондай-ақ, ки¬нотеатрларға барып, қазақ киносына көрермен тартуға өз тарапымнан ықпал ететін де боламын” – деді емес пе? Ауыл одан қалыс қалмауы тиіс!”. Авторы: Аманхан ӘЛІМҰЛЫ.

JASQAZAQ.KZ. “Түлкі заманның тазылары”. “Алматыға шет аймақтан келген адамның бәрі алғашқы кезекте өзіне тұрғылықты баспана іздейді. Ауылдан келген қазақтың қайсысы болсын бірінші кезекте кәдімгі бір нағашысының үйіне барғандай бас сұғатын жері – “жетім бұрыш”. Бұл жерде Қасымның, Мұқағалидың тағы да басқа қазақтың талай мықтыларының ізі қалған. Айналдыра арнайы қойылған жарнаманы жабыстыратын тақтайшаларында ұлылардың пәтер іздеп жанталасқан алақандарының табы қалған. Қарап тұрып, “қазақта өткен ғасырдан қаймағы бұзылмай бүгінге жеткен осы “жетім бұрыш” қана ма?” деген ойға қаласың. Бертін келе жарнама басатын жария қағаздар, түрлі түсті газеттер көбейді. Қазір пәтер іздегеннің біразы телефонның қасына ауылдағы анасының қытайдың ала дорбасына салып берген құрақ көрпесін жамбасына тастай салып жантая кетіп, жарнама жазылған газетке маза бермейді. Қайда телефон соқсаңыз да, үйдің қожайыны емес, ортадағы “маклер” болмаса риэлторлық қызмет көрсетушілер. Мына заманда кім тегін саусағын қимылдатсын, пәтер тауып бергені үшін белгілі мөлшерде ақша алады. Делдалдық қызметі үшін пәтер берушінің де, жалдаушының да қалтасын қағып алады. Бірақ олардың араласуынсыз тірліктің біте қоюы екіталай. Өйткені жалға берушіні де, сатушыны да көгендеп тастаған. Енді біз айтып отырған я маклерге, я риэлторға жатпайтын дүбәра кәсіппен нан тауып жүрген тағы бір топ бар. Біз олардың да жұмысына араласып көрдік….” ,- деп белгіледі Елдос ӨМІРЗАҚ.

ZHASALASH.KZ. “Тағы бiр банк қайта құрылымдау туралы сөз қозғай бастады”. “Елiмiздегi тағы бiр банктiң дефолтқа ұшырағаны банк секторындағы ахуалдың таяу арада жақсара қоюы екiталай екенiн көрсеттi. “Темiрбанк” дефолт жариялап, қайта құрылымдау процесiне кiрiстi. Сол-ақ екен, Fitch рейтингтiк агенттiгi банктiң ұзақмерзiмдi дефолт эмитетiнiң рейтингiсiн “СС”-дан “RD”-ға дейiн түсiрдi. Ал Standard&Poor,s агенттiгi “Темiрбанктiң” ұзақмерзiмдi және қысқамерзiмдi несиелiк рейтингiсiн “СС/С”-дан бiрден “D/D”-ға төмендеттi.

Алдыңғыларынан айырмасы, “Темiрбанк” қайта құрылымдау жоспарын Қаржы қадағалау агенттiгi мақұлдап, Алматының арнайы мамандандырылған қаржылық соты шешiм шығарған соң ғана дефолт жариялады. Ал сот шешiмi банктi кредиторлардың арыз шағымынан қорғайтыны белгiлi. “Темiрбанк” ахуалының ушыққаны сонша, ол БТА алдындағы 50 миллион доллар түгiл, сыртқы кредиторлар алдындағы 35 миллион доллар қарызын да өтей алмай қалған. Егер қайта құрылымдау сәттi аяқталса, “Самұрық-Қазына” қоры банк капитализациясына қаржы бөлiп, оның негiзгi акционерiне айналады. Сөйтiп, “Самұрық Қазына” қоры елдегi бiрнеше қаржы институтын басқарады.

…Өткен аптада тағы бiр банк қайта құрылымдау туралы сөз қозғай бастады. “Цеснабанктiң” басқарма төрағасының орынбасары Марс АЛДАШЕВ еурооблигациялар бойынша қарыз өтеудiң жолдарын қарастырып жатқанын мәлiмдедi. Сөйтiп, банк қарызын толық өтеудi не дисконтпен сатып алуды таңдауы мүмкiн. Дегенмен, М.Алдашевтiң айтуынша, банк қарызын өтей алады. Сонда да ойланып шешiм қабылдауды құп көредi. Өйткенi, “елде қайта құрылымдаудың оқиғасы бар”, — деп өз пікірін білдіреді Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

ZAMANDAS.KZ. “Аттың сыны”. “…Екінші әлем соғысы аяқтала салысымен маршал Буденныйдың бұйрығымен Қазақстанда 19 жылқы зауыты салынады. Онда қазақ жылқылары Дон жылқыларымен будандастырылған. Ал, қазір Қазақстанда асыл тұқымды жылқы шығаратын 30 зауыт жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында 200-500 аралығында асыл тұқымды жылқылар бар екен. Алайда, бұлардың барлығы таза қазақтың қазанаттары емес көрінеді. Осыдан екі жыл бұрын Қостанайда Араб айғырларын алуға тендер жарияланған. Бүгінде Ұлыбританиядан да, Польшадан да жылқы алдыру үйреншікті жағдайға айналған. Еуропа елдерінде таза қанды жылқыларды сұрыптау орталықтары өз жемісін жегізіп отыр. Атбегілердің айтуы бойынша Қазақстандағы жылқы зауыттары өзге елден келген жылқыларды асылдандырумен айналысып, қазақтың таза қанды тұлпарларын өсірмейтін көрінеді. Тіпті, ақын-жазушыларымыздың жарыса жазып жүрген Құлагері де қазақтың төл тұлпары емес. Жазушы Сәбит МҰҚАНОВтың “Өмір мектебі” кітабының Ақан серіге арналған бөлімінде Құлагерді серінің нағашысы Атбасар базарынан бір орыстан сатып алғанын жазған. Ал, Ілияс ЖАНСҮГІРОВтің “Құлагер” поэмасында Күреңбай сыншы:

Маңғұлдың мес аты емес тұқырынған,

Бұл таза швед, шотлан тұқымынан,

–деп, қазақ жылқысына ұқсамайтын,

бөлек тұқым екенін айтқан.

Бұл сапардан жылқы малы туралы өзіміз білмеген, түсінбеген жайттарға қанықтық. Есте жоқ ерте заманнан бергі келе жатқан батырлық дастандар, аңыз-әңгімелердегі тұлпарлар бейнесін іздеген едік. Дәл сондай сәгүлікті жолықтыра алмасақ та олардың шынайы тұлғасын көз алдымызға нақты елестете алатын дәрежеге жетіп қайттық. Қобландыдағы “үстіңгі ерні көк тіреп, төменгі ерні жер тіреп”, Алпамыстағы “төрт аяғын тең басқан” немесе Доспамбет жырауда “құйрық-жалы бір тұтам” деп келетін неше түрлі суреттеулер сол кездегі қас тұлпарларда ғана кездесетін белгілер екеніне имандай сендік. Аттың сыны таусылмайтын әңгіме, бітпейтін дастан іспетті. Жаратылысынан жылқы малын жан жолдасы санаған қазақ шын тұлпарды түр-тұлғасына қарап-ақ ажырата білген. Бүгінгі ұрпақ ондай зеректіктен адасып қалғандаймыз. Оның үстіне мақтана айтып жүретін арғымақтарымыз да, қазанаттарымыз да жоғалып кетіпті. Ата-бабаларымыз “жылқыдан туған қазақпыз” деуші еді. Бүгінде кімнен туып, қайдан шыққанымыздан мақұрым қалыппыз. Біреуді кіналап, жазықсыз жазғырудан аулақпыз. Тек ұлттың ұлы мұрасы қандай құндылықтардан тұратынын түсінер жандардың аздығы қинайды. Бұл кешегі заманды аңсаудан емес, қазақтың өзіне ғана тән болмысты сағынудан туған ойлар болса керек”. Авторы: Нұрбек ТҮСІПХАН.

KAZ.GAZETA.KZ. Ресей темір жолдарымен транзиттік ставкалардың төмендеуі ҚТЖ үшін шамамен $350 млн болмақ. Бұл туралы \»ҚТЖ\» ҰК АҚ-ның президенті Асқар МАМИН бүгін өткен үкіметтің отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Біз жүргізген жұмыстардың нәтижесінде РЖД компаниясымен уағдаластыққа келдік: жуырда ғана біз транзиттік ставкаларды жалпы алғанда $350 млн дейін төмендету жөніндегі құжатқа қол қойдық, яғни, біздің экспорттаушылар үшін көлік шығыны $350 млн көлемінде төмендеді\», — деді А. Мамин.

Ол осы жұмыстардың мемлекет басшысының Кедендік одақты құру аясында жүк тасымалын арзандату жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүргізілгенін атап өтті.

Сондай-ақ, А. Маминнің айтуынша, \»үшінші елдермен де осындай келісімге келу үшін жұмыстар жүргізілуде\», соның ішінде атап айтсақ, Балтық жағалауы елдері мен Украина бар. Уағдаластыққа қол жеткен жағдайда қосымша экономикалық тиімділік $50 млн асады. ҚТЖ басшысының айтуынша, осы жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның экспорттаушылары үшін жалпы экономикалық тиімділік \»шамамен $400 млн-ға бағаланған\». Өз кезегінде ҚР көлік және коммуникация министрі Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВтың хабарлауынша, бұған дейін РФ арқылы өнімдер экспорты мен импорты бойынша келісімге қол қойылған. \»Бүгін біз оны іс жүзіне асырауға кірістік\», — деді ол.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігі жолаушылар тасымалының тарифтерін көтеру қажет деген пікірде. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында ҚР көлік және коммуникация министрі Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today. \»Инвестициялық сұраныстарды қамтамасыз ету үшін 2010 жылы тарифтерді 17,6%-ға көтеру керек\», — деді Әбілғазы Құсайынов. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, 2011 — 2014 жылдар аралығында жыл сайын тарифтерді инфляция деңгейінде түзете отырып 15%-ға көтеру керек.

Жолаушылар тасымалына арналған жылжымалы құрамды республикалық бюджет есебінен 2020 жылға дейін жаңалау шамамен 160 млрд теңгеге түспек; вагондық құрам бойынша 2010 жылдан бастап және тасымал қызметі бойынша 2012 жылдан бастап тарифтерді реттеу; 2013 жылдан бастап жолаушылар тасымалын жүз проценттік субсидиямен қамтамасыз ету, бұл ретте мемлекет тарапынан ішінара бөлінетін субсидия 2013 жылы 16,7 млрд теңге, 2011 жылы — 19,4 млрд теңге, 2012 жылы — 22,2 млрд теңге болмақ\», — деді министр. Оның айтуынша, салаға жұмсалатын жалпы инвестициялар көлемі 2020 жылға дейін 4,26 трлн теңге болмақ.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...