«Мұхтар Әблязовтің болашақта Қазақстанға оралатын ойы бар». «Азық-түлік қауіпсіздігі ауылды индустрияландыру деген сөз». «Қазақтілді телебағдарламалардың прайм-тайм уақыттағы үлесін көбейту үшін не істеу керек?»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 3 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Мұхтар Әблязовтің болашақта Қазақстанға оралатын ойы бар”. “Саяси эмигрант Мұхтар ӘБЛЯЗОВ “Нью-Йорк таймс” газетіне берген сұхбатында ендігі басты мақсаты – Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВты тақтан тайдыру екенін мәлімдей келе, келешекте Отанына қайтып баратынын айтқан…

…Банктің қазіргі заңгерлері мен Қазақстан прокурорлары осындай іс — әрекет нәтижесінде, БТА–ның 8-12 миллиард доллар болатын жалпы қарызының жартысы дерлігі Әблязовтың қарамағындағы компанияларды қаржыландыруға кеткендігін айтып отыр деп жазады басылым. Мұхтар Әблязов болса мұндай айыптауларды теріске шығаруда. Оның айтуынша, БТА несиелерді талап етілетін тәртіпті қатаң сақтау мен барлық қалған қаржы ісінің принциптері мен қабылданған ережені мүлтіксіз орындау нәтижесінде ғана бөліп отырған. Әблязов бұл істі саяси астармен тексеріп жатқандарын, өйткені өзінің Қазақстан үкіметінің іс — әрекетін сынаушының бірі болғандығын тілге тиек етеді..

… Әблязовтың сөзіне қарағанда, ол БТА – дан кеткен соң, банкке 9 миллиард доллар қаржыны қайтару талабының қойылуы, сонымен қатар, үкіметтің банкті өз иелігіне алуы — банкті өзінен тартып алмақшы болған Назарбаевтың құйтырқы іс — әрекетінің соңғы сатысы болып табылады. “Біз табысты әрі ашық банк болдық, 2007 жылы балансымызда 538 миллион доллар түсім болды”, деп түсіндіреді Әблязов өзінің “Нью-Йорк таймс” тілшісіне Лондонда берген сұхбатында. Ол өзіне халықаралық банктердің мықты қолдау көрсетуі БТА – ны HSBC тәрізді дүниежүзілік банкке айналдыру жөніндегі жоспарының дұрыс болғандығының айғағы дейді. Десе де, БТА – ның қазіргі басшылығы Мұхтар Әбләзовты өткен жылы банктің 295 миллион доллар қаржысын жымқырды деп айыптап, Британия сотында азаматтық талап-арыз түсірген. Биылғы қараша айында сот бұл айыптаудың салмақтылығын есепке ала отырып, Әблязовтың активтерін тұтқындау жөніндегі шешімге келді деп атап көрсетеді газет….”. Авторы: Кенжалы ЕСБЕРГЕН.

AIKYN.KZ. “Азық-түлік қауіпсіздігі ауылды индустрияландыру деген сөз”. “Таяудағы бес жылдықта шешетін жеті міндеттің бірі және жетекшісі ретінде Президентіміз ауыл шаруашылығын дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді атағаны белгілі. 2009 жылдың өзінде аграрлық саланы қолдау үшін 120 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал 2010 жылдан бастап бұл саланы қаржылық қолдау өсе түспек.

Жасыратыны жоқ Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қаржыны игеруде айтарлықтай тындырымдылық танытты. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, ұқсатушы және сақтаушы кәсіпорындар өмірге келе бастағаны қуантады. Мұның өзі ауыл шаруашылығына индустрияландыру идеясы барды деген сөз. …Ал қалалардың төңірегінде азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін құру деген сөз инемен құдық қазғандай. Сондықтан да таяудағы бес жылдықта Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі және жергілікті атқарушы биліктегі мырзалар ауылдарға индустрия \»белгілерін\» жеткізумен айналысса екен, деген тілек бар. Біз бұл арада \»белгілерін\» деген сөзді әдейі тырнақшаға алып жаздық. Себебі ауылдар өркениеттен аса көп мөлшердегі индустрияны талап етпейді. Сондықтан да ауылды индустрияландыру мейлінше арзанға түседі. Ал оның бері көп. Дәлелдейік. Ауылдарға бар керегі малдың сүті мен етін, жүні мен терісін өңдеп ұқсататын шағын цехтар ғана. Бұлардың ең қымбаты жүз мың доллардан аспайды.

… Осы жерде біз министрлігіміздегі тілдері орысша шыққан бауырларымызға \»тебіндік\» деген сөздің өзі түсініксіздеу болатындықтан, оған анықтама беруді жөн көрдік. Көшпенді қазақтың жылқысы мен қойы қар қалың түсіп, шөп \»балақтарын\» мұз жапқанша \»несібесін жерден теуіп\» тапқан. Сондықтан да оларға қыста қаужайтын шөп мейлінше аз дайындалған. Мінеки, \»экономика\» дегеніңіз осы. Шөл-шөлейтті аймақтарда орналасқан қазақ малының өзі табиғатынан үнемшіл. Қожасына онша көп шығын келтірмейді. Демек, біз шөл-шөлейт аймақта орналасқан мал өсіруге мейлінше қолайлы ауылдарға индустрия \»белгілерін\» апара отырып, олардан шығынымыздан әлдеқайда мол қайтарым аламыз десек, оның астарында осындай ақиқат жатыр.

Келесі бір ескеретін тұс — қазіргі таңда биязы жүнді қойға ерекше көңіл бөліп жатқанымыз. Пайдасы мол деген қауесеттің салдары осы. Турасына келсек биязы жүнді қой Қазақстанның табиғи жағдайында барлық аймақта жаппай өсіретін мал түрі емес. Себебі оның ширатылып өсетін жүніне біз айтқан шөл-шөлейт аймақтың негізгі өсімдіктерінің бірі селеудің ұшы кіріп кетсе, одан мал айықпайтын ауруға (ковыльная болезнь) душар болады. Демек, Қазақстанда өсіруге негізінен лайықты қой түрі кәдімгі қылшық жүнді қазақы қой. Мұның өзі Кеңес өкіметі тұсында жоспарды орындау деген желеумен мейлінше ұсақтап кетті. Сондықтан да қойдың бұл тұқымын асылдандыру үшін іргедегі Монғолиядан қылшық жүнді қойлар сатып алсақ, ұтарымыз көп болады. Оның басты себебі Моңғолия табиғаты біздің ел табиғатымен мейлінше ұқсас. Ал қой тұқымы ол жақта ұсақтай қойған жоқ екен. Олай болса, осы көршімізден жүз мыңдай қой сатып алсақ, бұл шығынымыз әрі кетсе екі-үш жыл ішінде өзін-өзі ақтамақ түгілі мол пайда келтіреді.

Қазақы, құйрықты қойдың келесі бір пайдасы — қазіргі кезде шұжық жасауда пайдаланып жүрген шошқа майынан құтқаратыны. Қазақы қой құйрығын шұжық жасау өндірісінде мейлінше тиімді пайдалана алсақ, өндірістің бұл саласын \»халал\» тауар шығаруға негіздеп, ақыр аяғында Қазақстанның ет өнімдері Еуропа елдері түгіл ислам әлеміне де экспорттауға жол ашатын тұсымызға айналады. Қорыта айтқанда, Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытамыз десек, нағыз қазақы ауылдарға көңіл бөлейік, қазақы түлікті өсірейік. Сонда шығынымыз аз, аларымыз көп болмақ. Ескерте кетейік, Елбасымыздың өзі Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы халал өнім өндіруді ерекше тапсырған болатын. Мінеки, біз осы Елбасы тапсырмасын тура мағынасында орындау үшін де нағыз қазақы өндіріске көңіл бөлсек болғаны”. Авторы: Таңшолпан БЕКБОЛАТ.

Көрші елдерден келетін етте кесел көп”. “Қазір Қазақстанға көрші Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен және Ресей Федерациясының кейбір аймақтарынан ет өнімдерін әкелуге тыйым салынған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік СҮЛЕЙМЕНОВ мәлімдеді.

Аталған елдерден ет өнімдерін алуға тыйым салынудың басты себебі соңғы жылдарда мал түліктерінен таралып жатқан, адам денсаулығына аса қатерлі жұқпалы ауруларға байланысты екен. Ет өнімдерін шекарадан өткізбеу жұқпалы аурулардың алдын алу шараларының бірі болып табылады. Сақтық жағынан алғанда бұл — ветеринарлар тарапынан өте дұрыс жасалған шара. Соңғы жылдары пайда болған тұмау вирустарының бәрі жануарлар әлемі арқылы адамдарға жұғып жатыр. Оның үстіне шошқа тұмауы мен құс тұмауының қосылып, мутацияланған жаңа түрінің пайда болуы мүмкін деген жорамал бар. “Бәрінен бұрын H1N1 мен H5N1 вирустары қосылып, мутациялануынан қорқып отырмыз. Шошқа тұмауы мен құс тұмауының гибриді шыққан жағдайда нағыз апат сонда болады\», — дейді Ресейдің бас санитар-эпидемиологы Геннадий ОНИЩЕНКО. Ресей қазір бұл вирустарға қарсы вакциналар әзірлеп қана қоймай, тұмау вирусындағы өзгерістерді де мұқият бақылауда. Аймақтардан алынған анализдер Мәскеу зертханаларына жөнелтіліп, оларға жан-жақты генетикалық талдау жасалып жатқан көрінеді. Қазақстанда әзірге Ресейдегідей дайындық жоқ, сондықтан тиісті мемлекеттік органдардың эпидемияның алдын алу шараларын күшейткендері өте дұрыс.

Алайда бұл мәселенің екінші жағы тағы бар. Қысқа қарай әрбір қазақтың үйінде соғым сойылатыны белгілі. Бір жылқының бағасы қазір ауылдық жерлердің өзінде 200 мың теңгенің айналасында, ал Алматы, Астана қалаларының базарларына жеткізілген малдың бағасы тағы 50 мыңға көтеріледі. Оған қолдары жетпегендер етті базардан мүшелеп сатып алады. Әсіресе, қала тұрғындары арасында, егер сырт елдерден келетін ет өнімдерінің жеткізілуі тоқтатылса, базардағы саудагерлер отандық еттің бағасын күрт көтеріп жібермей ме деген қауіп жоқ емес. Мұның да жаны бар, өйткені етсіз тамақ ішпейтін қазақтардың сұранысына ауыл шаруашылығының отандық мал өсірушілері төтеп бере алмасы анық. Сондықтан базардағы ет өнімдерінің бағасының өсуі заңды. Бірақ оған жол бермеудің амалдары да қарастырылып жатқан сияқты. Мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Серік Сүлейменовтің айтуынша, Ресейдің кейбір аймақтарынан ет өнімдерінің келуі тоқтатылмайтын көрінеді. Сондай-ақ жақында Грузияның Поти және Батуми бағытына су жолдары ашылыпты. Біздің ветеринар мамандар, осыдан үш жыл бұрын малдарынан африкалық оба ауруы шыққан Грузиядағы жағдайды тексеріп, үй жануарларының еті жеуге жарамды, деп шешкен екен. Алдағы уақытта Қырғызстанның малдарын тексеріп, ол жақтан да ет өнімдерін әкелуге рұқсат етпек”, — деп белгіледі Қайыржан ТӨРЕЖАН.

ALASHAINASY.KZ. “Қазақтілді телебағдарламалардың прайм-тайм уақыттағы үлесін көбейту үшін не істеу керек?”. “Серік ӘБІКЕНҰЛЫ, “Алматы” телеарнасы бас директорының бірінші орынбасары:

Қазақтілді бағдарламаларды прайм-тайм уақытқа қою үшін, ең алдымен, бағдарламалардың кәсіби деңгейін көтеру керек. Өйткені қазіргі кезде көп бағдарламалардың сапасы сын көтермейді. Бағдарламалардың дені өткір дүниелерді көтермейді. Шынын айтқанда, өз мемлекетімізде қазақтілді бағдарламаларды прайм-таймға қоя алмауымыз – біздің сорлылығымыз. Жекеменшік телеарналардың алға тартатын мәселесі қазақтілді бағдарламалардың жарнама тартуға қолайсыздығы… Меніңше, осы мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек. Бір кездері жарнама берушілерге “жарнаманы қазақ тілінде де берсін” деген талап қойылған. Бірақ бұл талап сол күйінде орындалмады. Егер осы талап орындалса, жарнамашыларға қазақтілді бағдарламаларға мойын бұруға тура келер еді.

Ринат ДУМАНҰЛЫ, “Хабар” телеарнасының продюсері:

Қазақтілді телебағдарламалардың прайм-тайм уақыттағы үлесін көбейту үшін бірнеше фактор аса маңызды. Біріншіден, бұл телеарна басшылығының ерік-жігеріне, қазақтілді бағдарламаларға деген саясатына байланысты… “Хабар” арнасында көптеген бағдарламалар прайм-тайм уақытында шығады. Екіншіден, бүгінгі телевизия – коммерциялық нарық… Сондықтан қазақтілді бағдарлама прайм-таймға қойылу үшін өнім сапалы, өтімді, рейтингті болуы керек. …Үшіншіден, мемлекеттік маңызы бар шешімдерді, идеологиялық телебағдарламаларды прайм-таймға арнайы қойып жатады.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы:

Меніңше, ең алдымен, таза қазақтілді, қоғамдық, тәуелсіз телеарна қажет. Бұл мәселені талайдан бері даурығып көтеріп келеміз. Бірақ бұған құлақ асатын ешкім жоқ. Мұндай қоғамдық телеарна мемлекеттің игі істерін де, қателіктерін де, оппозицияның да, жалпы халықтың да пікірін бүкпесіз жеткізіп тұруы шарт. Ал қазіргі телеарналарды күштеп, қазақтілді бағдарламаларды прайм-тайм уақытқа қойдыра алмаймыз. алса, қазақтілді бағдарламаларды түнде ғана емес, күндіз де көрсету керек дедік. …Қазақ тілді бағдарламаларды ана сағатқа, мына сағатқа қоямыз деп талап еткенімізбен, телеарна басышылығы бағдарламаларымызды сырғытып-сырғытып, ақырында жоқ қылады. Сондықтан қаптаған жекеменшік телеарналарға сөз өтпейтін болғандықтан, барша зиялы қауым, халық, журналистер мемлекеттен қазақтілді қоғамдық тәуелсіз арна ашуды талап етуіміз керек”. Дайындаған Айнұр СЕНБАЕВА.

Әлия тұрмысқа шығады”. “Берлинде көркем гимнастикадан “Гран-при” додасының ақтық сыны өтті. Финалда Евгения КАНАЕВАның бағы жанып, бар алтынды Ресей қызы жиып алды. Германия астанасында өткен аталмыш сынға Қазақстан спортының жарық жұлдызы Әлия ЮСУПОВА барған жоқ. Әлия тұрмысқа шығатын болғандықтан, “Гран-при” сайысының финалына бара алмай, той қамымен жүр. Өзі болашақ жарының кім екенін айтпады. Тек “ол – спортшы емес” деп шектелді. 4 желтоқсан күні Шымкентте “Қыз ұзату” тойы болып, бір аптадан артық уақыттан соң үйлену тойлары өтпек. Ал Берлиндегі сынға Қазақстаннан Марина ПЕТРАКОВА қатысты. Ол “скакалка” және “обруч” жаттығуларында 8-орынға ие болып, Әлияның артынан лайықты ізбасарлары өсіп келе жатқандығын көрсетті”. Авторы: Нұрғазы САСАЕВ.

ZHASALASH.KZ. “Бiз де аштық жариялаймыз”. “Егер билiк 2009 жылғы 17 желтоқсанға дейiн, құрылымы да, заңдылығы да күмәндi, екiншi Парламент рөлiндегi, әлемнiң бiрде-бiр елiнде жоқ Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы ұсынылып отырған, өзiнiң түпкi негiзiн “американдық ұлттан” алатын, ұлтты жоятын “ел бiрлiгi” доктринасына тоқтау салмайтын болса, М.Шаханов бастаған ұлт жанашырларымен бiрге, (алдағы 17 желтоқсаннан бастап) бiз де аштық жариялайтын боламыз. Ұлтының жойылуын қаламайтын басқа азаматтарды да осындай қадам жасауға шақырамыз.

Асанәлi ӘШIМОВ, КСРО Халық әртiсi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты.

Рымғали НҰРҒАЛИЕВ, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Досқан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның халық әртiсi.

Мақпал ЖҮНIСОВА, Қазақстанның халық әртiсi, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты.

Болат АТАБАЕВ, “Ақсарай” мюзикл жастар театрының директоры.

Қаржаубай САРТҚОЖА, академик, филология ғылымдарының докторы.

Қазыбек ИСА, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерi.

Өмiрзақ АҚЖIГIТ, “Жас қазақ үнi” газетiнiң бас редакторы.

Серiк ТҰРҒЫНБЕКОВ, ақын, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ, филология ғылымдарының докторы. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерi.

Серiк АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерi.

Бақытжан ТОБАЯҚОВ, ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерi, А.Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Сахан АКЕЛЕЙ, халықаралық әншiлер конкурсының лауреаты.

Советхан ҒАББАСОВ, жазушы, медицина, педагогика ғылымдарының докторы, Махамбет сыйлығының лауреаты, КСРО денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбегi сiңген қайраткер, “Таңшолпан” журналының бас редакторы”.

Бiз күрес жолын таңдадық”. “Азат” ЖСДП белсендiлерi де аштық жариялайды. “Ел бiрлiгi” (“қазақстандық ұлт”) тұжырымдамасы 17 желтоқсанға дейiн керi қайтарылмаса, аштық жариялайтынын мәлiмдеген ұлт тұлғаларын “Азат” ЖСДП партиясы да қолдайды. Кеше баспасөз мәслихатын өткiзген оппозиция жетекшiлерi осыны мәлiмдедi… Егер билiктiң бұл саясаты тоқтамаса, Николай КРЕМЕНИШ екеумiз аштық жариялаушыларға қосылуға дайынбыз”, – деп мәлiмдедi Петр СВОИК. Оның бұл мәлiмдемесi билiкке де ауыр соққы болары түсiнiктi. Кремениш пен Своик аштық жарияласа, бұл бүгiнгi билiк саясатына тек қазақтың қарсылығын ғана емес, өзге ұлт өкiлдерiнiң де наразылығын байқатады. Бiрақ демократиялық партия жетекшiлерi бiр нәрсенi ескерттi. “Аштық жариялаймыз деп көптеген белгiлi адамдар қол қойды. Ендi олар өз сөздерiнен танбауы керек. Соңына дейiн уәдесiнде тұрғаны абзал. Сонда ғана халық сiлкiнiп, оянады”, – дедi партияның тең төрағасы Болат ӘБIЛЕВ. “Ұлт патриоттарының бұл қадамын құптаймыз. Олар мұндай шараны 2006 жылы “Шаңырақ” оқиғасы кезiнде бастауы керек едi. Бiрақ олар үнсiз қалды. “Шаңырақ” тұрғындарының 100 пайызы қазақтар. Егер ұлт зиялылары оларға ара түсiп, қолдау бiлдiргенде, бiз осындай жағдайдың алдын алар едiк”,–деп мәлiмдедi партия жетекшiлерi…”. Авторы: Жанболат МАМАЙ.

ZAMANDAS.KZ. “Көп дінді мемлекет” болу шарт па?”. “Бiз – көп ұлтты, зайырлы мемлекеттердiң санатынанбыз. Қазақстан сенiм бостандығы бар бiрден-бiр мемлекет. Халықтың 65 пайызының ақидасы анық, сенiмi ислам жолымен. Қалған 35 пайызы басқа дiндердi ұстанады. 15 млн. халықтың 35 пайызы 4 млн. 286 мың адамды құрайды. …Соңғы бес жылдың көлемiнде ислам дiнiне иланғандардың санында бiршама көбейгендiк белгi бар. Әйтсе де, адасуға апаратын дiни ағымдардың қарасы азаяр емес. Бiр жылдың iшiнде 172 дiни құрылым қосылған. …Мысалы, “Саентология шiркеуi” ағымымен Қазақстанда 5 бiрлестiк жұмыс iстейдi. Ең iрiсi Алматы және Семей қалаларында. Бұл жолды ұстанушылар басында 5 мың адамды құраса, қазiргi кезде олардың саны 30 мыңға дейiн жеткен. Халық арасында туатын кикiлжiңдердiң барлығы осы дiнаралық түсiнiспеушiлiктен болатыны мәлiм. Сенiмi әркелкi адамдардың сөзi бiр жерден шықпайтындығы анық. “Құдай бiреу, оған баратын жол көп” деген қағидамен өмiр сүрiп жатқандардың да саны аз емес. Бұл “қай дiннiң жетегiнен ұстасаң да, адаспайсың” деген терiс пиғыл болса керек.

… Дiни ұйымдардың көбеюi тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша бiрiншi орында тұрған мәселе. Еуропаның көптеген елдерi дiни бағыттағы ұйымдардың таралуына шектеу қойып, оларға қарсы бiрқатар заңнамалық актiлер қабылдаған болатын. Осы себептен аталған мемлекеттерде жалған сенiмдердiң санында азайғандық байқалды. …Не себептi Қазақстанда 100-ден аса ұлт өкiлдерi бар болатын болса, елiмiздi жайлаған дiндердiң де саны соғұрлым болмасқа? Түсiнiксiз жайт. Ал, Қазақстанда дiни ұйымдардың саны күн санап өсуде. Көп ұлттың өкiлi бас қосқан, көп дiндi ұстаған халықпыз деп мақтанамыз. “Көп ұлтты мемлекет” екенiмiз рас. Бiрақ, көп дiндi болуымыз шарт емес шығар…”. Авторы:Жандос БАЙДIЛДА.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстандағы елдімекендер мал сою бөлімшелерімен және және ет өңдеу мекемелерімен қамтамасыз етілмеген, деп хабарлайды Kazakhstan Today Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан Республикасының \»Ветеринария туралы\» заңы қабылдануына байланысты және мал өнімдерінің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатанда сатуға арналған малды жеке аулаларда союға тыйым салынады. Сондықтан еті сатуға арналған малдар тек ет өңдеу мекемелерінде, сою пункттерінде немесе сою алаңдары арқылы сойылуы керек.

Елдімекендерде мал сою пукттерінің және ет өңдеу мекемелерінің болмауына байланысты өтпелі кезеңде еті сатуға арналған ауыл шаруашылық малдарын сою, мал сою алаңдарында (бейімделген ғимаратта бетондалған еден, бетондалған шұңқырымен (септик), бауыздалған малды іреп, бөлшектеуге арлаған ілмек, ветеринариялық дәрігердің малды бақылайтын орны және т.б.) жүзеге асырылуы тиіс. Мұндай мал сою алаңдарын салу көп қаражатты қажет етпейді және жергілікті әкімдіктер белсенділік танытса қысқа мерзім ішінде әрбір ауылдық округте салуға болады\», — делінген хабарламада…

Қазақстанда төтенше жағдайларға жауап қатушы халықаралық қайырымдылық ұйымдардың қоймалары құрылуда. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир БОЖКО мәлім етті.

В. Божконың айтуынша, Қазақстанда төтенше жағдайларға жауап қатуға арналған мемлекеттік материалдық қор сақталған қоймалар бар. \»Қазір халықаралық қайырымдылық ұйымдардың қоймаларын құру мүмкіндіктері қаралып жатыр. Бұл ұйымдар бірқатар елдерде осындай қоймаларға ие\», — деді ол.

Министрдің айтуынша, осы тектес қоймалар Тәжікстанда, Қырғызстанда бар, \»оларда халықаралық көмектер жиналады, және қажет болған жағдайда ол кейін төтенше жағдайлар болған елдер мен аумақтарға қарай жіберіледі\».

Егер елімізде қандайбір оқиға болған жағдайда бұл қоймалардағы көмекті біз де пайдалана аламыз. Бұл кез-келген елге арналған\», — деді В. Божко.

Оның айтуынша, әзірге бұл қоймаларды орналастыратын орын \»анықталған жоқ\». \»Тиісті жұмыстар былтыр БҰҰ желісімен жүргізілген. Қазір біз төтенше жағдайларға жауап қату және қайырымдылық көмекті үйлестіру жөніндегі біртұтас орталықазиялық орталық құру мәселесін дәйектеу үстіндеміз және біз орынды әзірге айқындаған жоқпыз\», — деді ол.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...