«ОБСЕ-нің кілті — Қазақстанның қолында!». «ЕҚЫҰ еуропалық қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша негізгі пікірталас алаңы болып қалуы керек». «Зейнетақы активтерiн тиiмдi жұмсау жағы ақсап тұр»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 4 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Афиныда сырттай айтылған сындарға қарамастан, Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы қолдау тапты”. “Күтуге бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Қазақстан күн санап отыр. 1 қаңтардың нөл сағат нөл минутында Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы басталады. Бұл жағдай 1-2 желтоқсанда Афиныда ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің өкілдері қатысқан кездесуде болды. Қазақ сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВ Қазақстанның төрағалық ету фактісінің өзін “бірегей мүмкіндік, халықаралық қоғамдастықтың лайықты серіктесі – экономикалық жағынан мықты қалыптасқан демократиялық ел екендігін көрсету мүмкіндігі” деп атады. Кеңес жұмысында анау айтқандай төтенше салтанатты жағдай болған жоқ. Қатысушылар бірден ЕҚЫҰ-ның басты мәселелердің бірі – қауіпсіздік жайын қарауға кірісті. Сөйлеушілердің сөзінен қауіпсіздік проблемаларында ЕҚЫҰ жаңа шешімдер табу керек деген үміт байқалды.

… Сыртқы істер министрлерінің 17-ші кеңесіне бірінші рет үкіметтік емес ұйымдарға қатысуға рұқсат етілді. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер өкілдерімен болған екіжақты бейресми кездесулерінде бұл ұйымдардың мүшелері, нақты мысалдарды келтіре отырып, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға мүшеліктің барлық міндеттемелеріне сай еместігіне ЕҚЫҰ назарын аудармаққа әрекеттенді. Негізінен Қазақстандағы адам құқының бұзылуы, БАҚ қызметіне шек қоятын заңдардың болуы, өзгеше ойлайтындарға қарсы қуғын-сүргін мәселесі сынға алынды. Қазақстанның төрағалық ету үлгісі өзгелер де еліктей бастағандай. ЕҚЫҰ Министрлер кеңесінің мәжілісі кезінде Украина сыртқы істер министрі Петр ПОРОШЕНКО Украинанның 2013 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасауға дайын екендігін мәлімдеді. “ЕҚЫҰ еуропалық қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша негізгі пікірталас алаңы болып қалуы керек”, – деді Петр Порошенко. Оның айтуынша, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындауы – мұндай диалогтың маңызды принципі болмақ. Ал, оның басты мақсаты, қауіпсіздіктің қолдағы бар механизмдерін нығайту, сенімді қайта қалпына келтіру және оған қатысушылардың қауіпсіздігінің кепілдігін бекіту болуы керек”. Авторы: Александр НАРОДЕЦКИЙ.

Ресей қазақтары қазы-қартаны кертіп жеп, сары қымызды сапырып ішеді”. “…Біз барған уақытта ақсақал үш-төрт биені ғана сауғызып отыр екен. Бірақ, қымыз ағыл-тегіл. Оның себебін сұрасақ, Бақытжан қажының немере інісі, бұрын осы өңірде совхоз директоры болып қызмет атқарған Құрманбек ТҰРҒАНБАЕВ жүзден астам ешкіні сауғызып, Агапов ауданы орталығында ешкі сүтінен қымыз тектес сусын жасап, елге таратып жатыр екен. Бие сүтінен ашытылған қымыздан гөрі сәл қоюлау, дәмі қымыздан аумайды. Ол да өндірістік жолға қойылған, сусын арнайы ыдыстарға құйылып, қымызбен бірдей бағаға сатылады. Б.ҚАРСАҚБАЕВ есімі елге белгілі ақын. Оның Қостанай қаласында жарық көрген “Насихат” (“Проповедь) кітабы (2005 жыл) Ресей қазақтарымен қатар Қазақстанның Қостанай, Ақмола секілді облыстарында таратылды….”. Авторы: Ақыл ҚОЖАҰЛЫ.

AIKYN.KZ. “ОБСЕ-нің кілті — Қазақстанның қолында!”. “Қазақ елінің азаматтары бөркін аспанға атар жайы бар. Қазақстан ОБСЕ Төрағалығы тізгініне ие болды! Афиныда өткен ОБСЕ-нің министрлер кездесуінде мынадай мазмұндағы декларация қабылданды: “Біз ОБСЕ-ге қатысушы мемлекеттер арасында Орталық Азияда бірінші болып Қазақстанның 2010 жылы ОБСЕ Төрағасы болуын құп көреміз. Біз Қазақстанның 2010 жылы ОБСЕ саммитін өткізу туралы ұсынысын оңынан қабылдаймыз.Біз мұндай мәртебелі жиынның маңызы мен мазмұнына сай тиісті дайындық жасаудың қажеттілігіне назар ау¬дарамыз. Біз өз шешімімізді негіздеу үшін ОБСЕ-нің күн тәртібіне прогресс дәрежесін анықтау мақсатында Тұрақты Кеңеске консультациялар өткізуді тапсырамыз”.

Сөз жоқ, бұл — Қазақстанның жеңісі! Сөз жоқ, бұл — Қазақстанның осынау Халықаралық ұйымға жетекшілік жасау тізгінін өз қолына алғанын айғақтайды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың халықаралық дәрежедегі беделі орасан зор екеніне, біз тағы да көз жеткіздік…

Осы аптада ежелгі Грекияның астанасы Афины қаласында Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің 17 отырысы басталды. Саммитке қазақ делегациясын Сыртқы істер министрі — Мемлекеттік хатшы Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев бастап барды. Бұл саммиттің тәуелсіз қазақ елі тарихы үшін орны ерекше. Аталмыш саммиттің алдыңғы 16 саммиттен ерекшелігі — ЕҚЫҰ төрағалығы тізгінін қазақ елі қабылдап алады. Ұйымға төрағалық ету мерзімі 1 жыл. Жалпы, Грекияның ЕҚЫҰ төрағалығы жақсы өтті деуге болады. Кәріқұрлықта ешқандай жанжал, қақтығыстар орын алған жоқ. Бұл — үлкен жетістік. Алайда кемшіліктер де жоқ емес. ЕҚЫҰ-ның Грузиядағы бөлімшесі жабылып қалды.

… Біздің еншімізге тиіп отырған келесі мәселе — ЕҚЫҰ-ны реформалау. Бұл жөнінде бізге ешкім талап қойып отырған жоқ. Бұл — өз ұсынысымыз. Себебі аталған ұйымның жаңа заманға сай өзгеруі жайлы көптен бері айтылып келді. Ал оны жүзеге асыруға ешкімнің батылы да, халықаралық абыройы да жетпеді. Астана үшін өз ұсынысын қаншалықты дәрежеде іске асыратыны — әлемдік саяси, экономикалық истеблишмент алдындағы үлкен жауапкершілік”. Авторы: Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ, Жүсіп ОРЫНБАЙ.

Ешбір елде жоқ бағдарлама”. “Ел бірлігі доктринасы” жобасын пысықтаумен айналысатын арнайы жұмыс комиссиясының бірінші отырысы өтті. Алматы қаласындағы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында республиканың Ел бірлігі доктринасы жобасын пысықтаумен айналысатын арнайы жұмыс комиссиясының бірінші отырысы өтті. Басқосуға Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелері, ҚСЗИ-дің жетекші ғалымдары, этносаралық қатынастар саласын зерттеп жүрген сарапшылар, этномәдени бірлестік басшылары жиналды…”, — деп белгіледі Нұрболат АМАНЖОЛ.

EGEMEN.KZ. “Алексей Ни: орындалған көгілдір арман”. “Арық айтып, семіз шықты” деген осы. ҚР Ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей НИ әлем чемпионатына аттанып бара жатып: “Гоянг-Ситиден ең кемі екі алтынмен ораламыз”, деген болатын. Қиядағыны көзі шалып отыратын бас бапкердің де, 45 жыл бойы зілтеміршілерді жаттықтырумен айналысып келе жатқан әккі, ҚР Ауыр атлетика құрамасының кеңесшісі, әйгілі Энвер ТҮРКЕЛЕРИ де алтыннан үмітті тағы екі қыздың мүмкіндіктерін біле тұра, сабырға салып, Оңтүстік Кореяға аттанып кеткен-ді. Не десек те, әлем күтпеген оқиға болды!…

Енді, міне, еліміздегі бүкіл БАҚ қуана жазып, сүйінішті жаңалыққа айналған 4 алтын, 1 қоланы арқалап, абыроймен келе жатқан спортшыларымызды Алматы әуежайында күтіп тұрмыз. …Ұлттық олимпиада комитеті жігіттерінің жүзі нұрлы. Алда әлі талай тартыстар тұрғанда ауыр атлетшілердің бес рет қатарынан жеңімпаздар тұғырына көтеріліп, төрт рет Қазақстанның әнұраны ойнағаны жігерлерін жанып тұр ғой.

Осылайша, абыр-сабыр болып жүргенде, ұшақтың да табаны жерге тиді. Әуежайдың арнаулы SІP (VІP емес) залына әлем чемпиондары алдарына Владимир СЕДОВты салып, имене ұялып кіре бастады. Әп-сәтте ырду-дырду басталып, алтындары мойындарында жарқыраған Зүлфия ЧИНШАНЛО, Майя МАНЕЗА, Владимир Седов пен Светлана ПОДОБЕДОВА, қоладан жүлде таққан семейлік Владимир КУЗНЕЦОВ гүлге оранып, шашу шашылып, домбыра қуаныштан бебеулеп шыға келді.

Соңғы жылдары әлемнің еш еліне дес бермеген Қытай зілтеміршілері мүлде қапы қалмаса да, іштартып қалғаны анық. Сондықтан да құрама кеңесшісі, ауыр атлетиканың қыр-сырын өзінің он саусағындай білетін Энвер мырзаның қолымыз жеткен алтындарды емес, алдағы олимпиадада алуға тиісті алтындардың жайына, ауыр атлетшілерді жаттықтыратын мықты база жасақтау керектігіне көп ойысуында да мән бар”. Авторы: Айнаш ЕСАЛИ.

ZHASALASH.KZ. “Зейнетақы активтерiн тиiмдi жұмсау жағы ақсап тұр”. “…Былтырғымен салыстырғанда, биыл зейнетақы қорларының ахуалы бiршама жақсарды. Қорлар табысының бұрынғыдай құлдилауы жоқ. Десек те, зейнетақы жүйесiнде шешiмiн таппаған мәселелер әлi де шаш етектен. Айталық, қорлардың инвестициялық портфелiнiң жариялығы. Елiмiздегi 14 қордың iшiнен инвестициялық портфелiн “ҰларҮмiт” қана жария еттi. Ал қалғандарының инвестициялық портфелiн ашқысы жоқ. Сондықтан салымшылар қорларды К2 табыстылық коэффициентiне қарап қана бағалайды. Алайда, сарапшылардың ойынша, қорларды табысына қарай таңдаған дұрыс емес. Өйткенi, К2 көрсеткiшi қордың қазiргi емес, бұрынғы өсiмiн көрсетедi. Ал қор нарығындағы жағдай күн сайын өзгерiп тұратыны белгiлi. Сондықтан К2 көрсеткiшi терiс болса да, салымшылар табысын айтарлықтай өсiрген қорлар бар. Оның үстiне кез келген қор портфелi екi бөлiктен тұрады. Ликвидтi бөлiгiндегi тетiктер бағасы нарықтық бағамен бiрдей. Ал ликвидтi емес бөлiгiндегi құнды қағаздар нарықтық бағадан мүлде өзгеше. Бұл тетiктердiң шын мәнiндегi құны белгiленген бағадан әлдеқайда арзан.

…Түптеп келгенде, қордың табысы зейнетақы активтерiн тиiмдi жұмсауға кеп тiреледi. Тығырықтан шығудың бiрден-бiр жолы — зейнетақы активтерiн экономиканың нақты секторына бағыттау екенiн айтып та, жазып та жүрмiз. Бiрақ зейнетақы активтерi есебiнен осы күнге дейiн ешқандай зауыт, фабрикалар салынбады. Тiптi бiрде-бiр инфрақұрылымдық жоба iске аспады. Зейнетақы қорларының қаржысын тиiмдi жұмсаудың жалғыз жолы — өндiрiс орындарын салу. Бiрақ бiздегi экономиканың нақты секторы қандай күй кешiп отырғаны тағы белгiлi. Бұл ретте ауызды құр шөппен сүртiп отырмыз.

Дүйсенбi күнi “ Эксперт–100 Қазақстан” экономикалық форумында Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Серiк АХАНОВ инфрақұрылымдық құнды қағаздарды мемлекеттiк кепiлдiкке көшiру жөнiндегi ұсыныс үкiметте қаралып жатқанын мәлiмдедi. Оның ойынша, мемлекет кепiлдiк берген жағдайда зейнетақы қорлары инфрақұрылымдық жобаларға құлшынысы артады. …Инфрақұрылымдық жобалар iске аса бастай ма? Осы сауалды Қазақстан зейнетақы қорлары қауымдастығы кеңесiнiң төрағасы Айдар ӘЛIБАЕВқа қойып көрдiк.

– Үкiмет осы ұсынысты қабылдайды дегенге күмәнiм бар, – дедi ол. Үкiметтiң бұған бас ауыртқысы жоқ. Егер мемлекет кепiлдiк берсе, бұның, сөз жоқ, септiгi тиер едi. Екiншi жағынан алғанда, кепiлдiк берiлмеуi керек, бiздегi заң жұмыс iстеуi тиiс. Егер өзге бiреуден қарыз алып, жобаны iске асырамын десеңiз, бұған кепiлдiк берудiң қажетi не? Келiсiмшартқа қол қоясыз да, соны iске асырасыз. Кез келген жобаға кепiлдiктiң берiлуi мүмкiн емес. Осыған дейiн зейнетақы активтерi есебiнен ғана емес, бюджет қаржысы есебiнен талай жобаның iске аспағанын бiлемiз. Мұның бәрiне заңның жұмыс iстемеуi және мемлекеттiң кiнәлi адамдарды жауапқа тартпауы себеп”, — деп өз пікірін білдіреді Е.ӘЛIМОВА.

ZAMANA.KZ. “Жекешеленіп кеткен стадион қайтарылды. оны кезінде кімнің қалай иеленіп кеткенін жұрттың бәрі іштей жақсы біледі…”. “Қазан айының соңында ОҚО облыстық сотының азаматтық істер бойынша коллегиясы “Динамо” спорттық сауықтыру кешенін облыстық ішкі істер департаментіне қайтарып беру туралы әл-Фараби аудандық сотының 7-шілдедегі шешімін өз күшінде қалдырды. Енді алдағы уақытта стадионның жағдайы қалай болады? Үлкен спорттық кешен қалай жекешелендіріліп кеткен еді? Біз осы және басқа да сұрақтарға жауап табу үшін аталмыш кешен басшыларымен жолықпақ болған едік. Өкінішке орай, сот шешімінен кейін бұл жерде ішкі қарбалас жұмыстар басталып кетуіне байланысты тиісті адамдармен кездесудің мүмкіндігі болмады.

Дегенмен облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, кейбір мәселелерді анықтауға мүмкіндік алдық. Спорттық кешен жекешеленіп кетуіне байланысты құқық қорғау саласының қызметкерлері бұл жерде ақылы түрде жаттығулар жасап тұрған екен. Енді сот шешімімен стадион қайтадан ішкі ісітер департаменті меншігіне өткендіктен полиция, прокуратура, ҰҚК қызметкерлері аптасына екі-үш рет тегін жаттығулар жасап, сайыстар ұйымдастырып тұратын мүмкіндікке ие болады.

Бірақ стадионның бұрынғы иелерінің әл-Фараби аудандық соты шығарған шешімнің күшін жойдыру ниеттері жоқ емес секілді. Шағымдары облыстық сотта қанағаттандырусыз қалғанымен олардың Жоғарғы сотқа шағымдану мүмкіндігі бар. Солай бола тұрса да стадионның жаңа иелері қазірден бастап жылы орынға жайғасып жатса керек. Біздегі бар мәліметке сүйенсек, өткен аптада республикалық “Динамо” орталық кеңесі төрағасының орынбасары Асқар ОМАРҚҰЛОВтың өзі келіп стадионның жағдайымен танысып кеткен. Алдағы дүйсенбі мен сейсенбі күндері стадионның бұрынғы иесі жаңа қожайындарға құжаттарды өткізеді. Содан кейін республикалық “Динамо” орталық кеңесінің шешімімен стадион облыстық “Динамо” кеңесіне, яғни облыстық ішкі істер департаментінің меншігіне беріледі”. Авторы: Ұ. ТӘМЕНОВ.

MINBER.KZ. “Нығмет Нұрмақов пен қазақ публицистикасы”. “…Нығмет НҰРМАҚОВтың қаламгер-публицистік, қайраткерлік істері өз заманында-ақ аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдарының да берген тарихи тұжырымдары ерекше. Оның шығармаларының қай-қайсысы болсын тұнып тұрған публицистика. Білім алған ошақтарынан бастап, қызмет еткен ортасы, әлеуметтік қызметтері, саяси-қоғамдық көзқарастарын саралайтын болсақ оның публицистік қыры одан әрі тереңдей ашыла түсері анық….

1929-1930 жылдары Нығмет Мәскеудің жоғарғы партия мектебiне оқуға барады. Кейiн Мәскеуде қалдырылып, Бүкiлодақтық атқару комитетiнiң Президиум мүшесi, жауапты хатшының орынбасары және ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi болады. 1934 жылы Мәскеудегі “Власть Советов” баспасынан “РСФСР-дегі аз ұлттар арасындағы жұмыстың жайы мен міндеттері” деген кітабы жарық көрді. …Нығмет бұл еңбегінде БОАК Президиумы ұлттар бөлімінің жан-жақты жұмысын саралап көрсеткен. Отызыншы жылдардың бас кезінде РСФСР территориясында өзіндік ұлттық құрылымдардан тыс аудандарда ұйымдастырылған аз санды ұлттардың 65 ауданы болған. Сол сияқты аз санды ұлт өкілдері топтасқан аудандарда төрт мыңға жуық ұлттардың атымен аталған селолық кеңестер жұмыс істеген. Солардың ішінде Орталық Волга өлкесінда — 15, Батыс Сібір өлкесінде — 49, Орал облысында — 4 қазақ селолық кеңестері, ал біздің сол кездегі автономиялық республикамызда 40 неміс, 2 эстон, 2 чуваш, 6 мордва, 2 дүнген, 1 белорус, 2 болгар селолық кеңестері жұмыс істеген. Бұл жұмысты ұйымдастыру, біріншіден, ұлтшылдық сенбеушілік пен қайшылықтардың қалдықтарын тездетіп жоюды, екіншіден, аз санды ұлттардың өкілдеріне қамқорлықты күшейтіп, мәдени және басқа мұқтаждықтарын өтеуді, үшіншіден, оларды жаңа құрылысқа араластыруды мақсат етті.

“Советскую власть из русской сделать междунациональной, близкой, понятной и родной для трудящихся масс всех республик и особенно тех, которые отстали в хозяйственном и культурном отношение”, — дейдi Нығмет. “Не ослаблять борьбу на два фронта в национальном вопросе” (Власть советов// 1932.10) атты мақаласында. “Уклон великорусскому шовинизму отражает стремление отживающих классов господствующей великорусской нации вернуть себе утраченные привилегии. Отсюда опасность великорусского шовинизма, как главная опасность партии в области национального вопроса”, — деп жалғастырады. Мәскеуде аз ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi бола жүрiп Нығмет осындай өткiр мақалаларын үзбей басып тұрды. Ұлттық арақатынастар мәселесiне терең бойлап бiрнеше баяндамалар жасайды. Қазақ елі, ұлтымыз мәңгілік есімін мақтан тұтар қаншама біртуар азаматтарды өмірге келтірсе, сол ұлы көштің қатарында Н. Нұрмақовтың есімі зор құрметпен аталады”. Авторы: Әлия СЕМБАЙ.

KAZ.GAZETA.KZ. \»Самұрық — Қазына\» қорына кіретін ұлттық компаниялар 2010 жылы Алматыда 150 млрд теңгенің мемлекеттік сатып алуларын іске асырады. Бұл туралы бүгін әкімдіктің жанындағы Іскерлік кеңестің отырысы барысында Алматы әкімі Ахметжан ЕСІМОВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Ахметжан Есімовтың айтуынша, \»Самұрық — Қазынамен\» қол қойған меморандумға сәйкес \»ұлттық компаниялар Алматы қаласының тауар өндірушілерінен 150 млрд теңгенің өнімдерін сатып алуды жоспарлауда\». \»Биыл 32 млрд болды, ал келесі жылға бұдан да биік межені көздеп отырмыз\», — деді ол….

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш аудандық соты Қытайдың экспорттық фирмасына Қазақстан аумағы арқылы \»N-Метилдиэтаноламин\» улы жүгін заңсыз транзиттік алып өтуге әрекет жасағаны үшін айыппұл салу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ОҚО Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...