«Қазақстанның мәңгі шикізат жеткізуші ел болғысы келмейді». «Оқулықтағы олқылықтар немесе Абай мен Ыбырай өлеңін неге шатастырамыз?». «Алтын алқа» жеті балалы анаға беріледі». «Бай болсаң, елге пайдаң тисін!»

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 7 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Президент Назарбаев шетелдік инвесторларға қыспаққа алу мен мәжбүрлеуді емес, келісімге келуді артық санайтынын айтты”. “Астанада өткен жиында президент НАЗАРБАЕВ инвесторларды Қазақстанның қазба байлықтарымен қатар кең байтақ жерін де игеруге шақыра отырып, Қытайдың 1 млн. гектар қазақ жерінен дәмелі екенін мысалға келтірді. Ал мәжіліске қатысқан Еуропа даму және қайта құру банкінің президенті Томас МИРОВ Қазақстанда коррупция қанат жайып отыр деген сын айтты.

… Мәжілісті ашқан Н. Назарбаев 2009 жылы Қазақстанға құйылған шетелдік инвестицияның жалпы сомасы 25 миллиард доллардан асқанын атап көрсетіп, мұның себебі жоғары дәрежедегі байланыстардың арқасы екендігіне тоқталды.

… Т. Миров өз баяндамасында Қазақстанда шағын және орта бизнестің жыл сайын кері кетіп бара жатқанын тілге тиек етіп, бұл бір жағынан әлемдік қаржы дағдарысынан, екіншіден елде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жайлыуынан деді. — Соңғы төрт жыл ішінде Қазақстанның  ішкі жалпы өнімінде орта және шағын бизнестің үлес салмағы кеми түскен. 2005 жылы орта және шағын бизнес Қазақстанның ІЖӨ-нің 45 пайызын құраса, 2007 жылы 30 пайыз болған. Ал 2008 жылы 31,2 пайыз болып отыр. Қазақстан бизнесті дамытуда бірнеше заңдық құжаттарын жетілдіргенімен, коррупция деңгейі әлі төмендемей отыр, — деді Еуропа даму және қайта құру банкінің президенті.

… — Біз сіздерге тек шикізат сатуды ғана місе тұтып отыратын мемлекет болып қала бергіміз келмейді. Ең күрделі жылдарда біз, инвесторларға, көптеген активтерімізді аса тиімді шарттармен ұсындық. Бұл сіздердің барлықтарыңызға пайдалы болды. Ал қазір біз Қазақстанда тапқан ақшаларыңызды осы елдің экономикасына салуға шақыра алатын құқымыз бар, — деді президент. Мемлекет басшысышетелдік инвесторларға ақша салатын саланың бірі ретінде ұланғайыр жатқан қазақ даласын игеруді атады. Ол көрші жатқан Қытайдың қазақ жеріне көз тігіп, ауылшаруашылық дақылдарын өсіруге құлшынып отырғанын айтты…Қытай мемлекеті бізден соя мен рапс өсіру үшін 1 млн. гектар жерімізді сұрап отыр. Сіздер де жұмыс істейтін жерлерде біздің ауыл шаруашылығы мамандарымызбен бірлесіп, өз кәсіпорындарыңызға арнап және жалпы жұртқа сатуға арнап өнім өндіретін агроөнеркәсіптік кешендер құруға неге болмасқа? Сіздердің жұмысшыларыңыз да күніне үш рет тамақтанады ғой, мен мәжбүрлегенді қаламаймын, қашанда келісімге келуге болады,- деп даусын көтере сөйлеген президенттің инвесторлардан өзінің атындағы университетке қаржы салуын сұраған тұста ийі жұмсара түскендей болды.- Мен өзімнің атымды бір нәрсеге беруге қарсымын. Бірақ бұл жолы келісімімді бердім. Бұл университет менің атыммен Nazarbaev University деп аталып, Білім министрлігіне бағынышты болады. Университеттің жанынан ғылыми орталықтарды құру үшін, дәріс оқуға әлем ғалымдарын тарту үшін арнайы қор құрылуда. Мен достарымнан осы қорды қаражатпен қолдауын сұраймын, — деді Н. Назарбаев. Шетелдік инвесторлар Кеңесінің келесі отырысы 2010 жылы шілде айында Алматы қаласында өтетін болды”. Авторы: Жұлдыз ТӨЛЕУ.

Билік ауысып, жендеттер жазаланбай, 1986 жылғы Желтоқсан ақиқаты ашылмайды…”. “Тәуелсіз Қазақстанда 1986 жылғы Желтоқсан рухы сезілмейді. 23 жыл бұрын желтоқсанда қызыл империяның қаһарынан қаймықпай, Алматыдағы алаңға шыққан қазақ жастарының толқуы күшпен басып-жаншылды.Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығаштары болған өрімдей жастардың Желтоқсан оқиғасы туралы айтылмай жүрген, ашылмай жүрген қандай мәселелер бар? Дөңгелек үстел талқылауына белгілі қазақ ақыны, қоғам қайраткері әрі “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының төрағасы Мұхтар ШАХАНОВ, белгілі қоғам қайраткері, Жоғарғы Кеңестің бұрынғы депутаты Жасарал ҚУАНЫШӘЛІ, саясаттанушы, “Ұлт тағдыры” қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дос КӨШІМ және совет дәуіріндегі қазақтың тұңғыш саяси диссиденттерінің бірі әрі Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін түрме жазасына кесілген белгілі қоғам қайраткері Хасен ҚОЖАХМЕТ қатысты. Дөңгелек үстелді Азаттық Радиосының қызметкері Сұлтанхан АҚҚҰЛҰЛЫ жүргізді. Дөңгелек үстел сұхбатын мына арадан тыңдай аласыздар…

…Жүргізуші:

– Жасарал мырза, сіздің қосарыңыз бар ма?Жасарал Қуанышәлі:

-Әлбетте, қосарым бар. Қазір қараңыз, мына көз алдымызда болып жатқан жағдайлар. Анау “Қазақ елі” деген монумент тірі масқара ғой. Қазақ хандығының негізін қалаған заңғар хандарымыздың ескерткішін далаға лақтырып тастады. Назарбаев жарбитып өзінің жалғыз мүсінін қойды ғой сол жерге. Назарбаевтың ол жерде тұруға ешбір қақы жоқ, өйткені, ол Горбачевпен бірге одақты сақтаймын деп Қазақстанның тәуелсіздігіне қарсы күрескен адам. Назарбаев бастаған жеке билік режимі кетпей, қазақ оңбайды, құдай өзі кешірсін мұндай ауыр сөз айтқаныма.

-Жүргізуші:– Жақсы, енді сөз кезегін Дос мырзаға берсек.

Дос Көшім: Шындығында да сол Желтоқсанға қатысы бар адамдар билікте отырған уақытта, бұл шындық ашыла қоймайды, бұл белгілі мәселе. Бірақ, баяғыда Бауыржан Момышұлы батыр атағын алмаса да, қазақ оны батыр деп таныған. Сол сияқты Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды халық бәрібір солай деп таниды. Халық өз бағасын бере алады оған. Әңгіме сол, сол халықтың азаматтары қолдарынан келгенше, көтеріліске қатысқан азаматтарын құрметтеп, дастарханының төрінен орын беретіндей халге жетіп, халықтың өзі сыйлай білу керек. Сонда билік қашанғы жүреді. Бәрібір кетеді, келесі бір билік келеді. Сонда алдыңғы биліктің мойындамағаны келесі билікке сабақ бола ма деп ойлаймын. Сондықтан менің ойымша, қазақ халқы ешқашан Желтоқсанды ұмытпайды. Билік әрдайым уақытша, ал халықтың ерлігі мәңгі…”.

AIKYN.KZ. “Оқулықтағы олқылықтар немесе Абай мен Ыбырай өлеңін неге шатастырамыз?”. “Мектеп оқулығы — оқушының сол пәнді толық игеруі үшін қажетті негізгі құрал. Сапалы білім беру үшін сапалы оқулық қажет. Оқулық — мұғалімнің де білім беруде басшылыққа алатын бағдаршамы. Мұғалім оқыту барысында тәжірибесіне қарай, шығармашылық ізденісіне қарай, білімі мен іскерлігіне қарай, өз мамандығын сүйіп, жан-тәнімен беріліп атқаруына қарай оқушыға әртүрлі деңгейде білім береді.

Сапалы оқулықтың қай кезде де қажет екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Сонымен, әңгіме 2004 жылы “Мектеп” баспасынан шыққан (авторлары С.АМАНЖОЛОВ, А.АМАНЖОЛОВ, Г.ҚОСЫМОВА) 8-сыныпқа арналған “Қазақ тілі” оқулығы жайында болмақ. Бұл оқулықты қолданғанымызға да 5 жылдың жүзі болды. Ондағы кемшіліктерді оқулыққа байланысты конференцияларда айтқан едік, бірақ оқулық шығарылып қойған соң, еріксіз қолданып жүрміз.

Оқулықтың кіріспесінде С.Аманжоловтың “Асылымызды ардақтайық!” деген мақаласы берілген. Онда ана тілін ардақтау туралы айта келіп, “Қырғыз ақыны САРНОҒАЕВ айтқандай, “ана тілін сүймеген, халқын сүйіп жарытпайды” десе, одан соң мынандай үзіндіні оқисыз: “Орыстың ұлы жазушысы В.Г.КОРОЛЕНКО: “…Менің тілім өз балаларыма түсініксіз боп қалады-ау дегенді ойласам, жаным түршігеді” депті…” Осы мысалды келтіру қандай қажеттіліктен туған? Қазақтың біртуар зиялы ұлдарының, ақын-жазушыларының ана тілі туралы айтқан сөздері аз ба? Одан әрі: “…Қазақ тілі — дамыған, жетілген, бай, икемді тілдің бірі. Бұл пікіріміздің растығын кезінде кемеңгер АБАЙ дәлелдеген болатын. Ол ПУШКИН, ЛЕРМОНТОВ, КРЫЛОВтардың шығармаларын аударып бір дәлелдесе, солардай етіп, сөздің майын тамыза жазу арқылы екінші рет дәлелдеді”, — дейді. Осы үзіндіні оқыған оқушы “Абай өз шығармаларын орыс ақындарындай етіп жазды” деп ұғынуы әбден мүмкін. Автор Абайдың дара ақын екенін ескермеген бе? Семей қаласында “Қазақ тілі” пәнінің мұғалімдері 1997 жылы Алматы қаласы “Рауан” баспасынан шыққан 8-сыныпқа арналған “Қазақ тілі” оқулығын (С.АМАНЖОЛОВ, А.ӘБІЛҚАЕВ, А.АМАНЖОЛОВ, И.ҰЙЫҚБАЕВ) пайдаланады. Екі оқулықты салыстыра отырып, 2004 жылғы оқулықтағы олқылықтарды былайша талдауға болады:

— әдістемелік кемшілік;

— материалдардың көлемі мен күрделілігі;

— жаттығу мазмұнындағы келіспеушілік;

— тәрбиелік мәнінің маңыздылығы.

Әдістемелік жағынан алғанда, бұл оқулықта тапсырмалар деңгейлеп берілген: оқушылық деңгей, алгоритмдік деңгей, ізденімділік деңгей, шығармашылық деңгей және қосымша мәліметтер. Бұрынғы оқулықтағы грамматикалық талдаулар мүлде енгізілмеген. Қазақ тілі сабағында оқушылар фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, синтаксистік, пунктуациялық талдауларды зор қызығушылықпен орындаушы еді. Сондай-ақ өз бетімен жұмыс істеу үшін жеке тапсырмалар болатын. Екіншіден, жаңа оқулықта жаттығулардың жазбаша орындалуына мән берілмеген. Қазір емтихандарда шығарма алынбайды, тест жазады. Онсыз да жазба жұмысы азайып жатқанда, сауатты оқушы тәрбиелеу үшін бұл — үлкен кедергі. Оқулықта барлығы 171 жаттығу берілген, оның 114-і ауызша орындауға арналған, қалған 57-сі ғана жазбаша орындайтын жаттығулар. Сонда оқушыны сауатты жазуға қай кезде дағдыландырамыз? Мысалы, “Сұраулы сөйлем” тақырыбын алайық. 19,20,21,22,23 — жиыны 5 жаттығу берілген, бесеуі де ауызша орындауға арналған. Сөйлемнің түрлерін қайталау үшін берілген сынақ тапсырмасы мынадай: Қазақ жері жайында тарихпен сабақтастыра әңгімелеңдер. Қайталаудың өзі ауызша берілген. Мұндай ауызша тапсырмалар барлық тақырыптарда мол орын алған. Келесі мәселе — оқулықта берілген материалдар өте күрделі және шұбалаңқы. Мысалы, 1-жаттығу 2 беттен асады, 2-жаттығу 3 беттен артық, 8-жаттығу 2 бет, 165-жаттығу 2,5 бет, 168-жаттығу 3 бет, 171-жаттығу 3 бет. Бұларда берілген тапсырмалардың барлығы күрделі. 45 минутта оның барлығын уақытқа сыйдыру, оқушыға меңгерту мүмкін емес. Сол 45 минутта үй тапсырмасын сұрау, жаңа тақырыпты бекіту, талдау жұмыстарын жүргізіп үлгеруіміз керек. Осыдан барып, оқушының пәнге қызығушылығы төмендейді. Мәселен, 89-жаттығуда жыр үзіндісін береді:

Бар еді сол тоғайда бір жолбарыс,

Жүретін баласы өліп етіп налыс.

Баласы еметұғын болмаған соң,

Емшегі кетіп еді өсіп қарыс.

Ол келіп баланы иіскеп еміренді…

Бұл жаттығуды орындату үшін ең алдымен Т.ІЗТІЛЕУОВ жырлаған “Рүстем-Дастан” жыры туралы мәлімет беруіміз керек, бұл да уақытты алады деген сөз және оқушының түсінігіне ауыр. …Мұның бәрі оқушыларға қосымша түсіндіріп отыруды қажет етеді.

Тапсырмалардың ішінде өрескел кеткен қатені айтпауымызға болмайды. 124-жаттығуда “Ат өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай” деген Ыбырай АЛТЫНСАРИН өлеңін “АБАЙдікі” деп берген. Абай мен Ыбырай өлеңін қалайша шатастыруға болады? Дәл осы мысал қате күйінше қимыл-сын бағыныңқы сабақтас сөйлемге де, шартты бағыныңқы сабақтас сөйлемге де келтірілген. Бұл — өрескел қателік. Сонымен, оқулықтағы әрбір жаттығу, әрбір тапсырма жеке-жеке талдауды қажет ететінін байқадық. Алдағы уақытта оқулықтың жаңа басылымы шығатындай болса деген оймен 30 жылдық тәжірибемді басшылыққа ала отырып, мынадай ұсыныстар айтамын: — оқулықты құрауда мектептегі оқыту саласында білім берудің 12 жылдық жүйесіне көше бастағанымызды ескеріп, тест жүйелерін енгізу керек, аталған оқулықта бірде-бір тест жоқ; — жазба жұмыстарын көбейту керек; грамматикалық талдаулар міндетті түрде болу керек; — тапсырмалардың тәрбиелік жағына мән берілуі керек. Халқымыздың нақыл сөздері, мақал-мәтелдері, халық педагогикасы, Абай тағылымы оқулықтан тыс қалмауға тиіс; — оқулық авторлығына ғалымдармен бірге тәжірибелі мектеп мұғалімдері қатыстырылуы керек деп ойлаймын”, — деп өз пікірін ашық білдіреді Майгүл ИМАНАҚЫШЕВА, ҚР білім беру ісінің үздігі.

Алтын алқа” жеті балалы анаға беріледі”. “Жыл басында Қазақстан әйелдерінің V форумында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2010 жылдан бастап «Алтын алқаны» бұрынғыдай он емес, жеті бала тапқан аналарға беруге уәде берген-ді. Соның нәтижесі, міне, кеше Президент осы және өзге де жеңілдіктерді қарастыратын, аналарды қорғау, соғыс ардагерлері мен ерекше көзге түскен спортшыларды қолдау туралы заңдарға енгізілген өзгертулерге қол қойды.

…Президент қол қойған заң бойынша, “Мемлекеттік наградалар” туралы заңға “Алтын алқа” және “Күміс алқа” үшін қойылатын талаптар өзгертілді. Айтылғандай, енді “Алтын алқа” бұрынғыша он емес, жеті бала туған аналарға, “Күміс алқа” бұрынғыша сегіз емес, алты бала тапқан аналарға берілетін болады. Сонымен бірге балалары бар отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы” заңға да өзгертулер енгізілді. Ол бойынша енді төртінші бала дүниеге келгенде төленетін бір реттік жәрдемақы көлемі 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін өсірілді. 1 АЕК қазір 1296 теңгеге тең. Бір жасқа дейін баланы бағуға төленетін айлық жәрдемақы көлемі де артты. Соғыс ардагерлеріне жасалған жеңілдіктерге тоқталсақ, бірқатар заңдарға Кеңес Одағының батырларына, үш дәрежедегі Даңқ ордені кавалерлеріне берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерін 9-дан 130 АЕК-ке, Социалистік Еңбек Ерлері мен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға төленетін жәрдемақыны 15-тен 70 АЕК-ке дейін өсіру туралы өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстан мен КСРО құрама командаларына кіретін және кем дегенде 20 жыл еңбек өтілі бар спортшылар мен жаттықтырушыларды әлеуметтік қолдау мақсатында “Дене тәрбиесі және спорт туралы” заңға өзгертулер енгізілді. Осы санаттағы тұлғаларға төленетін мемлекеттік әлеуметтік төлемдер көлемі 8-ден 24 АЕК-ке дейін өсірілді. Заңдарға енгізілген өзгертулер осы тектес жеңілдіктерді қамтиды. Әрине, “Алтын алқа” туралы түрлі әңгімелер бұған дейін де көп туындап жүр. Қазақстанның демографиялық ахуалы аналар мен жас отбасыларды қолдауды қажетсінеді. Әйтпесе қазір, әсіресе, қала отбасылары бала санын 2-3-пен шектеуді дәстүрге айналдырған. Көбі әлеуметтік жағдайды алға тартады. Тұрмыстың төмендігі отбасыларды бала санын шектеуге мәжбүр етедіі…”. Авторы: Нұрболат АМАНЖОЛ.

DMK.KZ. “Бай болсаң, елге пайдаң тисін!”. “…Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Астананың Конгресс-Холл сарайында “Парыз–2009” конкурсының жеңімпаздарын марапаттады.

-Бүгінде барлық кәсіпкерлік құрылымдарының қоғам игілігі үшін қызмет ететін кезі келді, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. – Сондықтан да мемлекеттің дамуына үлес қосып келе жатқан бизнесмендерді қолдау қажет. – Осының нәтижесінде қазақстандықтардың үйіне құт-береке келіп, халықтың әл-ауқаты және жалпы ұлттық құндылықтарды қастерлейтін бизнес құрылымдарына деген халықтың сенімі арта түсері ақиқат.

Шындығында, “Парыз” конкурсына қатысушылар қатарының молая түсуі қуанарлық жағдай. Бір ғана “Жылдың үздік әлеуметтік жобасы” бойынша конкурсқа қатысқандардың 75-тен астамы әлеуметтік жоба негізінде жүзеге асырылған. Аталмыш жобаның құны 30 миллиард теңгеден асып отыр. Бұл жерде тағы бір айта кететін нәрсе, кәсіпкерлер шалғай жатқан ауылдарға қайырымдылық пен демеушілік көрсетуде. Ұлттық дәстүрлерді жаңғырту мен рухани тұрғыдағы тәлім-тәрбие де ұмыт қалмаған. Бизнес Үкіметпен бірге халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге де белсене ат салысулары керек. Өйткені, заман соны талап етіп отыр. Қазақстанның әлеуметтік экономикалық дамуын бұдан әрі жандандыра түсу мен халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту – бизнес саласындағы табыстың қомақты болуына да байланысты. Ол үшін әкімшілік кедергілерді жоюымыз қажет. Мысалы, елімізде бір кәсіпкерге дүкен ашу керек болса, ол 60-тан астам құжат әзірлеуі тиіс. Демек, бізде әлі де болса бизнестің дамуына кедергі келтіретін жағдайлар бар деген сөз.

….Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев конкурстың Гран-приін 2009 жылдың қорытындысы бойынша “Әлеуметтік жауапкершілік көшбасшысы” деп танылған “Торғай-Петролиум” акционерлік қоғамының басшысы Абзал АЙДАРБЕКОВке салтанатты жағдайда тапсырды. Негізі, 27 кәсіпорын “Жылдың әлеуметтік жобасы”, “Үздік ұжымдық шарт”, “Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары” аталымдары бойынша лауреат атанды.
Жалпы Елбасының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мен халықтың мүддесіне орай, елдің тұрмыс-тіршілігі ауыр топтарына қолдау көрсету жөніндегі айтқандары, шын мәнінде, адамгершілік қағидаларын баянды етуге бағытталған бағалы бастама. Бүгінгі таңда демеушілік жасау, қайырымдылық көрсету – бизнестің қоғаммен біте қайнасудың нақты жолы екендігін Президент әлдеқашан айтқан болатын. Жомарттық – қашанда қазақтың төл мінезі. “Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, ертеңінде жүген ұстап қалатын” мінез де қазаққа тән емес пе? Олай болса, еліміздің “Атымтай жомарттарының” қатары молая берсін. Бизнес жауапкершілігі – ерікті түрде атқарылатын шаруа. Қандай іс болса да, кәсіпкердің жүрегінде, ең алдымен, азаматтық парызы, елі мен ұлтына деген жанашырлық сезімі ойнап тұруы тиіс. Сонда ғана бизнестің беделі биіктей бермек
”. Авторы: Мағжан САДЫХАНҰЛЫ.

EGEMEN.KZ. “Құжат жобасы қолдауға лайық”. “Елбасының тапсырмасына орай даярланған “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” – тарих тағылымын бойына сіңіріп, бүгініміз бен ертеңіміздің стратегиялық жүгін арқалаған салиқалы құжат. Кәсіби тарихшы болғандықтан, доктринаның тарих тәжірибесі мен сабақтарына қатысты тұстарына баса назар аударған едім. Мұндағы екінші тараудың: “ғасырлар бойы қазақтардың тарихи мекенінде әралуан мәдениеттің, дін мен дәстүрлерді ұстанған көптеген этностардың тағдыры тоғысты” деген жолдарын мәселенің мәнісін дөп басқан, дұрыс пайым ретінде қабылдадым.

Иә, Еуразияның сайын даласына кімдер келіп, кімдер кетпеді. Сонау сақ, үйсін, қаңлы дәуірлерінен Ұлы далаға қытай, парсы, араб өкілдері тастай батып, судай сіңгені көне деректерде дәйектелген. Қазақ хандығы құрылған ХV ғасырдан беріде келгендердің бәрі де бірде табысып, бірде таласып, ортақ тағдыр кешті. Кеңестік жылдарды айтпағанда, ұлттық мемлекетіміз жойылған ХІХ ғасырдың өзінде сырттан келгендер Ұлы даланың иесі, байырғы тұрғыны қазақтар екенін мойындаған ғой.

Демек, доктринаның Қазақстанды “қазақтардың тарихи мекені” деп анық та қанық атауы өте орынды әрі бұлтартпас шындық.

… Доктринаның соңғы тарауы ел бірлігіне қол жеткізетін негізгі бағыттарға арналған. Этносаралық өзара іс-қимыл институттарын нығайтуда талдау-зерттеу орталығын құру, зерттеу мекемелерінің жүйесін дамыту қарастырылғаны көңілге қонады. Білім-ғылымсыз, интеллектуалдық әлеуетті бұрын-соңды болмаған биікке көтермейінше бәсекеге қабілетті Қазақстан дүниеге келмейді, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптаспайды. Ал бәсекеге қабілетсіздік әлемдік өркениет көшінің соңында салпаңдау, бөтеннің қолынан шыққан материалдық игіліктерді тұтыну, өзіңде барды арзанға сатып, қымбатқа алуға соқтырады. Мұндай елдің халқы ішкенге де, кигенге де жари бермейді. Биік технологияларға сүйенбей халықтың әл-ауқатын көтеру мүмкін емес. Әл-ауқаты төмендер ел бірлігінің қайнар көзін құрамайтыны және белгілі.

Демек, өмірдің өзі алға тартып отырған білімге, ғылымға қатысты биік талапты жай ғана айту аз, әркімге және баршаға міндеттей айту керек. Ел бірлігіне тікелей қатысты саладағы басшылар мен мемлекеттік қызметкерлер тәуелсіз комиссия алдында ауық-ауық емтихан тапсырып, білімі мен білігін үздіксіз көтергендері де жөн шығар, бәлкім.

… Сөз соңында айтарым жобаның атауы туралы. Қазақшасы мен орысшасының арасында айырмашылық бар. Біріншіден, “ел бірлігі” сөз тіркесін “национальное единство” деп аудару – қате. Екіншіден, “ел” сөзі мемлекет ұғым-түсінігінің баламасы. Мемлекет басшысын Елбасы деп жүргеніміз осыдан. Үшіншіден, Доктринаның мәні мен мазмұны экономиканың, әлеуметтік саланың, сыртқы саясаттың бірлігіне қатысты емес, Қазақстан халқының ынтымағын бекемдеуге келіп тіреледі. Ендеше, оны “Қазақстан халқы бірлігінің Доктринасы” (“Доктрина единства народа Казахстана”) десек, құдайдың жөні емес пе?

Тұтастай алғанда, доктрина жобасы қолдауға лайық. Ширататын тұстары да бар. Көптің талқысынан өткен соң, кемеліне келер деген сенімдеміз”, — деп белгіледі Күмісжан БАЙЖАН.

ALASHAINASY.KZ. “Сырдың соңғы жолбарысы”. “Қазіргі күні қоршаған ортасы сүреңсіз тартқан Сыр өлкесінің кезінде шұрайлы өңір болғанына ешкім сенбес. “Дарияның бойы сыңсыған қалың тоғай болған” дейді көнекөздер. Ескіден жеткен әңгіме бүгінгі ұрпаққа аңыздай көрінетіні рас. Аға буыннан аманат болған әңгімеге алып-қосарымыз, кәне?.. Сол уақытта дария бойында жолбарыстың да желе жортқанына сенесіз бе? Азуы алты қарыс жыртқыш өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін өмір сүрген көрінеді. Құралайды көзге атқан мергендер азулы аңды мылтықтың шүріппесіне оңды-солды байлапты-мыс. Содан жолбарыс “жәкеміздің” тұқымы тұздай құрып кеткен екен. Өкініштісі, қазір оны көзбен көрген кісілер мүлдем жоқ. Елдің аузында тек аңызға бергісіз әңгімелер айтылады.

ЖОЛБАРЫСТЫҢ МӘРТТІГІ. Арал өңірінде тұратын ағайыннан сыр тартсаңыз, жолбарыспен жүздескен адамдар жайында небір қызықты оқиғаларды тілге тиек етеді. Журналистік жолсапармен желе жортып жүргенімізде, аралдық Ағыбай СӘДУАҚАСҰЛЫ ақсақалдан жыртқыш жайлы естігеніміз бар еді. Ағамыздың айтуынша, осы өңірде өмір сүрген Тұрсын деген кісі өрістен қайтпаған баспағын іздеп, дария бойына барады.

Жұрттан естігені бар, ол кісі жолбарыс қай тұстан шығып қалады деп сескенеді. Бір тұстан азулы аңның гүрілдеген дауысы естіледі. Ну тоғайдың ішінен бір сәтте жолбарыс шыға келеді. Ол Тұрсекеңе қарап айбат шегеді. Алдыңғы екі аяғын жоғары көтеріп, беймезгілде тоғайда жалғыз жүрген Тұрсынның бетінен салып жіберген-міс. Онда азулыға көрсетер қандай қауқар бар дейсің. Сол жерде шалқасынан құлай кетеді. Бір қызығы, жыртқыш жануар әлсізге күш көрсеткенім жарамас дегендей теріс бұрылып жүре берген көрінеді. Ол жолбарыстың көңілшектігі ме, әлде мәрттігі ме? Қайдам? Жолбарыс екеш жолбарыс әлсізге күш көрсетуді өзіне ар санай ма екен? Жыртқыштың тырнағынан аман қалған жағдай тек бұл ғана емес. Осы өңірдегі бір аңшы киік, қабан сынды аңдарды аулаумен күнелтеді екен. Бірде ол жолбарысты атып алмақ болады. Қанша атса да, жыртқышқа оқ дарыта алмайды. Әбден ызаға булыққан жолбарыс бір сәтте аңшыны атымен қоса құлатады. Әлгі адамның кеудесін аяғымен бірер сәт басып тұрған аң оған тиіспестен кері қайтып кеткен екен.

ОРЫС АҢШЫЛАРЫНЫҢ ОЙРАНЫ. Көне Ақмешітке басшылық жасаған Орынбор корпусының командирі В.А.ПЕРОВСКИЙ Ресей патшалығына мал түгіл, адамға шабуылға шығудан тартына қоймайтын жолбарыстардың көзін құрту жөнінде хат жолдағаны жайында нақты деректер кездеседі. “Арал өңірін бақылаушы Дамос мырза” жолбарыстар малды қойып, адам жеуге шықты” деп маған мәлім етті. Бүгінгі күнге дейін 28 адам жыртқыштың тырнағынан мерт болды. Олардың қатарында Қосарал портының командирі де бар. Осындай жағдайларға байланысты жолбарыстың көзін құртуға рұқсат беруіңізді сұраймын” делінген екен ол хатта. Ресей басшылығы бұл іске көздегенін мүлт жібермейтін ағайынды Петр және Николай ЧЕРКИЯЗОВтерді жұмсайды. Олар Арал теңізінің аумағын екі айға жуық кезеді. Бұл сәтте жыртқыштың тырнағынан мезгілсіз өмірден көшкен адамдардың саны одан сайын өсе түскен көрінеді. Осы сапарында ағайынды аңшылар жыртқышты аулаудың неше түрлі әдісін меңгереді. Дарияның жағасына баспақ байлап қояды. Түні бойы мөңіреген баспақты жолбарыстар төңіректейді. Оны жеуге келген жыртқыштарды аңшылар оңды-солды атады.

ЖЫРТҚЫШТЫҢ СОҢҒЫ ТҰЯҒЫ. Желе жортқан жолбарыстар тек Арал теңізінің маңайында ғана болмаған. Жыртқыштар дария бойының кез келген жерінде кездескен. Облыс орталығынан 15 шақырымдай қашықтықта жатқан Бірқазан елді мекені тұсында жолбарыстың мекен еткені жайында деректер бар. Бұл жайлы жергілікті қаламгер Мұхамеджан НҰРХАН ағамыз айтқан еді. Телікөл бойы мен Сарысу өңірінде де азулы аң жортып жүріпті. Көнекөздер кезінде Сарысуда атан түйе көрінбес қалың қамыс болғанын айтады. Осы маңайдағы мергендердің бірі жолбарыс аулауға бекінеді. Әйтсе де жолбарыс айласы мол аң емес пе? Анау-мынаудың көзіне түсе бермейді. Әлгі мерген көздеген нысанасына дөп тигізетін хас шебердің өзі болыпты. Аң аулауға түнгі мезгілде шығады. Айдың жарығымен азулы аңды ауламақшы болады. Сары қамысты қақ жарып жортқан жолбарысты оққа байлай береді. Аңшылыққа шыққан сол сапарында мерген жолбарыстың біразының көзін құртыпты.

Сыр бойындағы соңғы жолбарыс 1932 жылы атылған деген сөз бар.
Қазір Сыр бойында сыңсыған тоғай да, қалың қамыс та жоқ. Жолбарыстың да желе жортып жүргені тек аңыз күйінде ғана айтылады
”. Авторы: Әділжан ҮМБЕТ.

Қазақстанның мәңгі шикізат жеткізуші ел болғысы келмейді”. “…Жақында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелейтін болады. Біз бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылу ұранымен алға басып келеміз. Осы аралықта ғаламдық дағдарыстан шыға отырып, халқымызға еліміздің гүлденуі мен әл-ауқатының артуына апаратын бұдан арғы дамудың айқын жолын көрсетеміз.

Өйткені тек осы жылдың өзінде ғана еліміз Оңтүстік Корея, Қытай, Италия, Франция, Түркия және Беларусь сынды елдермен жоғары деңгейдегі байланыстардың арқасында құны 25 млрд АҚШ долларынан астам бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісімге қол жеткіздік”,– деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ шетелден инвестиция тарту және халықаралық ынтымақтастық мәселесінде 2009 жылы нағыз ірі табыстарға қол жеткізілді деп айтуға болады деп есептейтінін айтып өтті. Елбасының айтуынша, осы уағдаластықтар бойынша Қазақстан тарихындағы ірі өнеркәсіптік нысандардың құрылысы басталмақ.

… Бүгін инвесторларға, соның ішінде отандық инвесторларға да нақты белгі беріп отырмын, біз экономиканы әртараптандыруға және шикізатты терең өңдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруды ұстанатындармен ғана жұмыс істейтін боламыз”, – деді ол. Сондай-ақ Елбасы осы бағытта құны 42 млрд АҚШ долларын құрайтын 83 ірі жоба белгіленгенін айтты. Бұл бағдарламаның бірқатары аталмыш кеңеске қатысып отырған шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асатын болады. “Біз Кеңес Одағы не патшалық Ресей заманындағыдай біржақты экономика болып қала алмаймыз. Біз мәңгі сіздерге шикізат жеткізуші ел бола алмаймыз.

Мұны мен сіздерге өте байыппен айтып отырмын және бұған түсіністік көзқарас танытқандарыңызды көргім келеді”, – деді Н.НАЗАРБАЕВ. Президент қадап айтқан басты мәселе шетелдік алпауыттардың қаржысын отандық экономикаға тарту жайы болды. Елбасының ескертуінше, Қазақстан бұл жағынан да заңдық тұрғыдан есептесе алады. “Ең қиын жылдары мемлекет шетелдік инвесторларға көптеген активтерін аса тартымды шарттармен ұсынды. Бұл сіздердің барлығыңызға пайдалы болды. Ал қазір біздің сіздерден Қазақстанда тапқан ақшаларыңызды еліміздің экономикасына салуға шақыра алатын құқымыз бар”, – деді мемлекет басшысы.

Кеңесте тағы бір жағымды жаңалық айтылды. Қазақстанның Ұлттық қорының активтері мен елдің алтын-валюта резервтері 52 млрд АҚШ долларына жеткен. “Біз өзіміздің резервтерімізді сақтап қана қоймай көбейте білдік. 2009 жылғы қарашаның 30-ындағы жағдай бойынша, Ұлттық қордың активтері және елдің алтын-валюта резервтері 52 млрд АҚШ долларын құрады”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Осылайша, елімізде қиын жағдайға қарамастан банк секторы тұрақтанып, жалпы халықтың салымдарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. “Біз бірде-бір банктің банкроттығына жол берген жоқпыз”, – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміз жаңа жылды стратегиялық маңызы зор барлығы 170 жаңа инфрақұрылымдық нысандармен қарсы алғалы отырғанын атап өтті. “Жағдайдың күрделі жағдайда болғандығына қарамастан, елімізде құны 3 млрд АҚШ долларына тең 170 жаңа инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді.

Осы кәсіпорындарда 9 мың тұрақты жұмыс орындары құрылды”, – деген мемлекет басшысы осы кәсіпорындардың қатарында “Дженерал электрик” компаниясымен бірлесіп Астанада локомотив құрастыратын зауыты, Құмкөл кен орнындағы газ өңдейтін зауыттың, сондай-ақ Астана — Бурабай автобанының пайдалануға берілуіне маңыз берді. Сондай-ақ Президент кеңес мүшелерін Қазақстанда ашылып отырған жаңа мүмкіндіктерді оң бағалауға шақырды. “Осы орайда өзара сенімге негізделген әріптестік қарым-қатынас қалыптасты және біз болашақта бұдан әрі жұмыс істеуге ниеттіміз. Алдымызда бірлескен табысты көптеген жобаларды жүзеге асыру күтіп тұрғанына сенімдімін”, – деді Н.Назарбаев”. Авторы: >Бүркіт НҰРАСЫЛ.

JASQAZAQ.KZ. “Абай жолының” қазір жазылмағаны дұрыс болды”. “…Дулат ИСАБЕКОВпен әңгімелескен Оразәлі БАЙМҰРАТ.

Жас қазақ: Жақында Regnum ақпараттық агенттігінің сайтында жарияланған сұхбатыңызды оқыдым. Әдебиетке байланысты өте пессимистік көзқарастағы ой айтыпсыз. Жағдай шынымен де соншалықты мүшкіл ме?

Дулат Исабеков: Жалпы, ойлы адамның бәрі пессимист болуға тиіс. Мен мұны өзімді ойлы адаммын деп ерекшелеу үшін айтып отырған жоқпын. Негізі, ойланып жүретін адам оптимист бола алмайды. Абайдың өзі “Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда” деп айтқан. Адам баласы идеал қоғам орнатып көрген емес. Орната алмайды да ғой деймін. Өйткені адамның табиғаты кереғар. Қарап тұрсаң, коммунистік партияның бағдарламасынан асқан нақты бағдарлама жоқ. Ол – идеалдық бағдарлама. Адам мұны жүзеге асыра алмады. Өйткені оның табиғаты басқаша. Адам өзі тікелей сол бағдарламадан орнын таба алмайтын болса, сол қоғамнан өзіне бір пәлендей пайда тимесе, жеке басының мүддесіне сай келмей тұрса, ортақ мүддеге біріге қоймайды екен. Кеңес өкіметі үстемдік құрған 73 жылда сол бағдарлама бізге осыны дәлелдеп берді. Лениннің өзі былай деген екен: “Алдымен осы бағдарламаны жүзеге асырып алайық. Сосын бірте-бірте жеке адамның мүддесін қорғайтын, соған пайда тигізетін қоғам орнатамыз”. Бірақ оған жете алмай кетті. Ол “Социализм – алдағы коммунизм” деген ғой. Сол социализмді орнатты да, коммунизмді орната алмады.

Мен барлық жағынан оптимист болайыншы деп, соған әр саладан ілік іздеймін. Экономикадан да, экологиядан да. Экономика дамиды ғой. Ол бірде жоғары, бірде төмен, бірде орташа болады. Ал егер осының бәрінде қазақ мүддесі ылғи  бірінші орында тұратын болса, менің ішкі жан дүнием бұған да қанағаттанар еді. Мейлі ол кедейшілікте өмір сүрсін… Енді мына заманда аш-жалаңаш бола қоймайтын шығар. Бірақ рухани жағынан ашаршылықтың алдын көре бастаймын да, содан кейін барып, пессимистік сарынға түсіп кеткенімді өзім де байқай алмай қаламын. Социализм кезінде халық пен әдебиет біртұтас еді. Мен социализмді аңсап отырған жоқпын. Онда коммунистік идеология болды. “Жырлаңдар” деді. Жырлап кеп берді. Бірақ барлық жазушы оны алақайлап жырлай қойған жоқ. Мұны өздерің де білесіңдер. Шын суреткер сол кезде де өзінің орнын таба білді. Айтатын жерін, ұрымтал тұсын айта білді. Тұспалдап болса да, жағымсыз кейіпкердің аузымен, қылығымен болса да, өмірдің шындығын жеткізді. Сол кездегі оқырманның бәрі де өмір шындығын газет-журнал, радио-телевидениеден емес, әдебиеттен тапты. Әдебиеттің сол уақытта кең таралғаны осыдан деп ойлаймын. Айтматовтың әсіресе “Ақ кемесі” шыққанда, қандай болдық?! Кеңес адамдарының бәрі – моральдық жағынан, барлық жағынан идеал адамдар, олар бір-біріне жауыздық жасамайды деп жүр едік. Сөйтсек, мына “Ақ кеме” шындықты айтып берді. Сол үшін қуандық. Қазір “Ақ кеменің” өзі сәл ескіріңкіреп қалды. Өйткені қазір шындықтың бәрін өзің айта беретін болдың. Журналистика әдебиетті басып озып кетті…

Осындайлар да болды. Бірақ шынайы шығармалар да жазылды ғой. Ал қазіргі әдебиеттің жағдайы мүшкіл. “Тәуелсіздіктің айбалтасы бірінші әдебиетке сілтенді” дейтінім содан. Негізі, біздің әдебиет, біздің проза Еуропаның кез келген мемлекетінің әдебиетінен асып түспесе, кем болмайды. Мұның, әттең, жанашыры, жарнамасы жоқ”.

ZAN.ZANMEDIA.KZ. “Құқық қорғау жүйесінің тегеурінді ұйытқысы”. “…1936 жылы Қазақстан Одақтық Республика аталуына байланысты Прокуратура Әділет Халық комиссариатыныңқұрамынан жеке бөлініп шығып, Қазақстан Одақтық Республикасының прокуратурасы мәртебесін алды.

Осы жерде ҚКСР-нің тұңғыш дербес прокуроры Сүлеймен ЕСҚАРАЕВ екенін айта кеткен жөн. Содан бері яғни, 1936 жылдан 2000 жылға дейін 14 адам республика прокуроры болса, бұлардың арасында ең ұзақ – 18 жыл үзбей қызмет атқарғаны – Өтеген СЕЙІТҰЛЫ.

… Тағы бір атап айта кетер жайт, прокуратураның құқық- қорғаушылық рөлінің күшейтілуіне байланысты алдын ала тергеу қызметі басқа құқық қорғау органдарына берілді. Отандық прокуратура тарихындағы тың серпіліс – тұңғыш рет “Қазақстандық Прокурорлар қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі құрылды. Бүгінде прокуратура органдарының қызметі негізінен әлеуметтік саладағы заңдардың сақталуын және мемлекеттік органдар актілерінің заңдылығын қадағалау болып отыр. Прокурор пәрменімен ел азаматтарының құқығы қалпына келіп, түрлі заң бұзушылықтарға тосқауыл қойылуда. Мәселен, соңғы ақпарат көздеріне жүгінсек, биылғы тоғыз айдың өзінде республикамызда прокуратураның араласуымен 170 мыңнан астам жұмысшы еңбекақыларына қол жеткізген. Бұған қоса мемлекеттің қаражатын “жымқырғандарға” қарсы 48-ге жуық қылмыстық іс қозғалып, 18-інің ісі сотқа берілген. 32 адам сотталса, бюджетті қымқыруға қатысты 21 материал қаржы полициясына жіберілген. Міне, осы ретте тек Президентке ғана есеп беретін жоғары қадағалау органы ретіндегі прокуратураның орны ерекше. Мемлекетіміздің құқықтық дамуының негізгі бағыттарын анықтайтын 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында “еліміздің құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы прокуратура органдары болып табылады” деп көрсетілуі соның айғағы”. Авторы: Түймегүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

ZAMANDAS.KZ. “Ерлан ӘБДІРҰЛЫ: Ешкіңізді жетелей кетіңіз, режиссер!”. “Қазақ “келіннің аяғынан” дейді. Бірақ мына “Келіннің” қадамы жақсылық емес-ау. Фильмді жасаушылар – “Қазақфильмнің” төңірегіндегі бір шоғыр мен солардың шашпауларын көтеруішілер “Келінді” соны жаңалық, баға жетпес туынды, мың жылда бір келер идея деп бағалап телпектерін атып мақтанып жатыр. Екпіндері Ертісті теріс ағызардай. Лепіргенде лептері анау-мынау адамды ұшырып жіберердей. Әркім өз деңгейінде ойлайды ғой. Ермек ТҰРСЫНОВтың “Келін” – қазақ келіндерінің гимні” дегенін ұмытпаған шығарсыз. Не дейміз, өмірдегі өз келініңіз де кейіпкеріңіздей болсын онда. Әнұрандарыңызды да бірге шырқарсыздар сосын.

Қазіргі жастар “қазақпын” кеуде соғуға намыстанатын сияқты. Өтіңіз жарылып кетсе де бүгінгі әңгіменің ұзын-ырғасы осы. Қазақ тақырыбын, тілдің тағдырын көтеру – жауыр болған. Дұрысы, жауыр қылған. Қазақтың ошақ қасындағы күйбең әңгіменің төңірегінде түртінектеп жүргенін, келтебақай, бәкене ойлы болғанын құп көретін билік өздерінің сүйек-саяғына зәру тұрсыновтардың қолымен ұрпағыңыздың санасына осылай әсер етіп жатыр. “Қазақ болудан ұял!” дейді олар. Рас-ей, қодасқа мініп, қорада тұратын баба кімге мақтан?… Билікті ақымақ деп кім айтты? Жоғарыда айттық, миы жұмыс істейтін қазақ оларға түкке де керек емес. Басы бар жұрттың ақырып теңдің сұрай алатынын олар білмейді дейсіз бе? Тақтан тәтті не болсын. Тақсыз қалғанша сабан ми халықтың несібесін сорып, майтабан болған жақсы емес пе?

Тағы не? Бір қазақтың ұлын әлдебір жүн кеуде соққыға жықса бізге қазір бәрібір. Сенің туған ұлың болмаса болғаны. Қызыңды дөңкиген біреу өңгеріп әкетіп бара жатса да қыңқ дейтін жан жоқ. Қыңқ десе, жазатайым көріп қалып, онда да намысының оянғанынан емес, “жұрт не дейді?” дейтін жалтақ психологиямен қимыл етуі мүмкін, әупірімдеп. Осы күнгі қазақта ақыл айтатын дені дұрыс шал да жоқ. “Ойбай, үндеме, жұмысыңнан айырылып, аш қаласың” дейді. Аса мәртебелі биліктің халықтан айдағаныңа жүре беретін маңырақ тобыр жасап алғаны емей немене, өрең ертеңгі қара нанды ғана ойлауға жетіп тұрса?

Есеміз кетіп барады. Кинода да. Соңғы уақыттары елімізде жөйіттер жайлы жазылған шығарма, туынды, кино үнемі жүлдегерлердің қатарынан көрінеді. Немесе қазақтың ұлт сияғы жоқтығын тікелей не жанама дәріптеген кино (ұялы телефонмен түсірілген кинопішіндес бірдеңе болса да бәрібір, бастысы дарақы, жабайы тұрмысты, іріген-шіріген, құндылық атаулыдан жұрдай ауыл мен қала көрсетсең және оны қазаққа теліп қойсаң, қазақты бордай тозған бейшара, сорлы, нақұрыс, бақсы мен отқа сыйынудан өзге жүрегінде сенім жоқ әйтеуір бір дүмше жаратылыс етіп көрсетсең, сол арқылы қазақ болғаны үшін ұялтып, намысын өшіріп, сағын сындырып, түбі, тамыры, тарихы жоқ, қаңбақ ұлт екенін санасына сіңірсең болғаны) байқаулардан жүлдесіз оралған емес. Бақсы демекші, бақсылықты бар фильмге жапсыратын салт неге пайда болды киношыл данышпандарда? “Көшпенділерде” бақсы жүреді, “Бақсы” деп арнайы фильм тағы түсіреміз. “Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыным”. Қазақ бақсыны бекерге мұсылман зиратынан бөлек жерлмеген болар? Түсіндіріп жату – артық шаруа. Онда неге олардың үстерінен құс түгілі шаң ұшырмай жарнамалап жатырмыз? Кімге, неге керек мұндай идеология?

… Келін емес, келсап болған “көпвекторлы” “Келінімізге” қайта оралайық. “Бұл фильм қазақтар туралы емес” дейді. Рас, оқиға біздің дәуіріміздің алғашқы жылдарын баяндайды. Бір қарағанда, шынында қазаққа қатысы жоқ. Тоқтай қалыңыз. Режиссердің сұхбатын оқыңызшы: “жалпы, менің ойымша, “Келінді” шетелге апарып, қазақтың имиджі ретінде көрсету керек”. Қараңызшы, фильм қазақтар туралы емес, бірақ режиссер оны “мынау қазақтар, кешегі өткені осындай еді, қазір де осыдан арылған түгі жоқ, қазақтың имиджі осы” деп шетелге апарып көрсеткісі келеді. Синопсисін былай жаза салуға болады – адамдықтан жұрдай тобырдың тіршілігі, қызынан қалыңмалды артық көрген әке, ойнас келін, арсыз жігіттер, ұятсыз бала, бақсы ене. Кейіпкер де, әуен де, күлкі де “бұлар – қазақтардың ата-бабасы, олар осындай болған” дегенді санаға сіңіру…”.

KAZ.GAZETA.KZ. Қазақстанның Ұлттық қорының активтері мен алтын-валюта резервтері 30-қарашадағы жағдаймен $52 млрд құрады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бүгін Шетелдік инвесторлар кеңесінің 22-ші жалпы мәжілісінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today. «Біз өз резервтерімізді сақтаумен ғана шектелмей, оны өсіре алдық. Қазақстанның Ұлттық қорының активтері мен алтын-валюта резервтері 30-қарашадағы жағдаймен $52 млрд құрады, яғни, біздің жұмсаған қаражаттарымызға қарамастан, өткен жылдың желтоқсан айындағыдан көбейді«, — деді Н. Назарбаев. «Жалпы алғанда банк жүйесі тұрақтанды. Аса күрделі жағдайда біз олардың жұмыс қабілетін сақтап, халықтың салымдарының кепілдігін қамтамасыз еттік. Біз бір банкті де банкрорттыққа ұшыратпадық«, — деді президент.

Сонымен бірге, Н. Назарбаевтың хабарлауынша, «күрделі жылға қарамастан, елімізде құны 3 млрд доллардан асатын 170 жаңа өнеркәсіптік инфрақұрылымдық нысан енгізілді. 9 мың тұрақты жұмыс орны құрылды«.

Қазақстанда бес жылдық индустриялық даму бағдарламасының аясында жалпы құны $42 млрд құрайтын 83 жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ бүгін Шетелдік инвесторлар кеңесінің 22-ші жалпы мәжілісінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«Бүгінде жалпы құны $42 млрд құрайтын 83 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр«, — деді Н. Назарбаев. Ол осы жобалар елімізді индустриялық-инновациялық серпінді дамытудың бес жылдық жоспары аясында жүзеге асырылатынын, аталған бағдарлама келесі жылы іске қосылатынын атап өтті. «Бұл бағдарламадағы бірқатар жобалар осында отырған шетелдік инвесторларға ұсынылған. Меніңше, олар іске асады«, — деді мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, «алдын-ала есеп бойынша бұл бағдарламаны жүзеге асырудан келетін тиімділік бес жылда 7 трлн теңгеден асады«. Сондай-ақ, Н. Назарбаевтың хабарлауынша, биыл халықаралық ынтымақтастық аясында Оңтүстік Корея, Қытай, Италия, Франция, Түркия және Беларусь компанияларымен Қазақстан аумағында құны $25 млрд асатын бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы уағдаластық жасалды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...