«Дүниежүзілік банк Орталық Азиядағы отбасыларға дағдарыс салдары ауыр тиеді деген болжам айтады». «Қазақстандық ұлт идеясын қандай жағдайда қабылдауға болады?». «Еуропаның қателігін көріп отырып, неге оны қайталауымыз керек?!”

Қазақ газеттері ғаламтор жүйесінде. 8 желтоқсан 2009 ж.

AZATTYQ.KZ. “Қазақстан баспасөз еркіндігінің шектеліп отырғаны туралы сынға қалуда”. “…Алматыда Қазақстан Журналистер одағы мен “Фридом хаус” халықаралық ұйымы, экономика және құқық Академиясының ұйымдастыруымен “Қазақстандағы БАҚ және жеке тұлғаның құқығы мен еркіндігін қорғау” атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі таңда заңнамалық тұрғыда журналистердің қызметіне тосқауылдар көп….

… Қараша айында парламент мақұлдап, президентке қол қоюға жіберген “Жеке өмірге қол сұқпау” туралы заң жобасына қоғамдық ұйымдар тарапынан сын айтылған еді. Аталмыш заң жобасына сәйкес, азаматтардың жеке өмірі, телефон әңгімелері мен хаттарын жариялаушыға қылмыстық іс қозғап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қолдану көзделген. …. “Әрине, әркімнің жеке өмірі ол адамның өз шаруасы. Бірақ қоғамның, салық төлеушілердің ақшасы есебінен өмір сүретін қоғамдық тұлғалар, мемлекеттік қызметкерлер бар емес пе? Халықаралық тәжірибеде мұндай тұлғалар үнемі қоғамның бақылауында болады. Бұл заңнамада “қоғамдық тұлға”, “мемлекеттік қызметкерлерді бақылау туралы қоғамның құқығы” сияқты ұғымдар жоқ. Сөз бостандығы Конституцияда жазылғанымен, елдегі басқа заңнамалар ол бостандықты мүлде шектеуге бағытталған”, – дейді “Әділ сөз” қорының президенті Тамара КАЛЕЕВА”. Авторы: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ.

Дүниежүзілік банк Орталық Азиядағы отбасыларға дағдарыс салдары ауыр тиеді деген болжам айтады”. “…2010 жылға қарай Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аумағында жарлылар саны тағы 10 миллион адамға өспекші. Бұған қоса, “орташа тап қатарына енді ғана ілікті” деп саналып келген 25 миллион адам да қайтадан кедейленіп кеткелі тұр. Оларға баспанасынан, жұмысынан және негізгі қызмет көрсету түрлеріне қол жеткізу мүмкіндігінен айырылу қаупі төнеді деп хабарлайды өз баяндамасында Дүниежүзілік банк…

… Таяудағы макроэкономикалық түзелуге қарамастан, деп хабарлайды БҰҰДБ сайты, аталған аймақтың мемлекеттерінде дағдарыстың әлеуметтік теріс әсері терең сезілетін болады. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне қарағанда, жұмыссыздық әлден күрт өсіп кетіп отыр: 2009 жылдың бірінші жарты жылдығында Ресейде 45 пайыз, ал Түркияда 43 пайыз мөлшерінде артып кеткен. Дүниежүзілік банк биылғы жылдың сәуір айында, дағдарыстың салдарынан Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы елдерде 2009-2010 жылдары 35 миллиондай адам қайтадан кедейленуі мүмкін деген болжам жасайды. Ал бұл дегеніңіз, өткен он жыл ішінде кедейлікпен күресте қол жеткізілген оң нәтиженің үштен бір бөлігі толығымен жоққа шығатынын білдіреді”. Авторы: Кенжалы ЕСБЕРГЕН.

AIKYN.KZ. “Құрылыс индустриясын қарқынды дамыту қажет”. “Қазақстан — серпінді даму үстіндегі ел. Тәуелсіздік тұсында тек Елорда ғана жаңадан салынып жатқан жоқ, халықтың әл-ауқаты артып, саны өскен сайын басқа қалалар да ұлғайып, өсіп келеді. Бұл заңды да.

Тұрмысы жақсарып, мүмкіндігі молайған ел қашанда бұрынғыдан тәуірірек жасап, ыңғайлы тұрғын үй, бүгінгі заманға барынша сай келетін баспаналы болуды қалайды. Алайда әлі күнге біз құрылыс материалдарының 50 пайыздан астамын сырттан әкелеміз. Елімізді жедел индустрияландыру міндеті қойылған “Нұр Отанның” ХІІ съезінде Елбасы құрылыс индустриясын дамытуды басты бағыттардың бірі деп белгіледі. Өткен жылдың өзінде еліміз бойынша, құрылыс материалдарын шығаратын 45 зауыт іске қосылды. Бұл 3,5 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Осылай құрылыс секторының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін отандық өндірістік базаны — заманауи цемент зауыттарын, әйнек табақтарын, өңдеу материалдарын, темір-бетон және керамикалық бұйымдар өндірісін дамыту қолға алынып жатыр. Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2015 жылға қарай отандық өндіріс есебінен құрылыс саласында ішкі нарықтағы сұраныстың 85 пайыздан астамы қанағаттандырылуы тиіс. Бұл кешеннің жалпы қосылған құны кем дегенде 76 пайызға ұлғаюы керек. Ол үшін не істелініп жатыр?

Үкімет құрылыс материалдарын өндіруді дамыту бойынша жедел шараларды қолға алды. Озат технологияларды орнықтыру арқылы ел ішінде құрылыс материалдарын өндірудің толық циклін қамтамасыз ету Қазақстанға экономиканы индустрияландыру үдерісін анағұрлым жеделдетуге мүмкіндік береді. Өткен жылы жалпы 31,3 миллиард теңгені құрайтын 45 жобаны іске асырудың нәтижесінде, 3508 жаңа жұмыс орындары ашылды. 250 миллиард теңгеге тең 38 жобаның жұмыстары қазір жедел қарқынмен жүріп жатыр. Ол 8056 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Содан құны 81,5 миллиард теңге тұратын 26 жоба биылғы жылдың аяғына дейін іске қосылып, 3428 жұмыс орындары ашылады.

Еліміздегі тұрғын үй мәселесіне келсек, кезінде бүкіл экономикамыздың локомотиві саналған құрылыс саласы қаржылық тапшылықтарға байланысты бұрынғы жылдарға қарағанда бәсеңдегенімен, қазір бұл жұмыстар дағдарысқа қарсы шаралар мен іс-қимылдардың арқасында қайтадан тамырына қан жүгіріп, қозғала бастады. Осы арада еліміздің негізгі құрылыс алаңдарына айналып отырған екі үлкен қала — Солтүстік және Оңтүстік астаналардағы құрылыс жұмыстарын жандандыру үшін Үкімет 2009 жылдың 3 наурызында №243 санды “2009 жылы құрылысқа және тұрғын үй алу үшін облыстық бюджеттерді, Астана мен Алматы қалаларының бюджеттерін қаржыландыру тәртібін бекіту туралы” қаулы қабылдағанын атап өткеніміз жөн. Тұрғын үй құрылысын жандандыру мақсатында 2009 жылы республикалық бюджеттің несиелік қаржылары есебінен жергілікті атқару органдарына 16,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның ішінде Астана қаласында бюджеттік сала қызметкерлері үшін тұрғын үй салуға 7,8 миллиард, қалған барлық аймақтарға 8,3 миллиард теңге қарастырылды. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру жарияланғанда, несиелік қаржылар есебінен тұрғызылатын тұрғын үйлерді алуға 30 мыңға жуық өтініш түсіпті. Содан 12 мыңға жақын сатып алушыға екінші деңгейлі банктерден төлеу қабілеттерін растайтын мәліметтер келген. 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында пайдалануға берілген 26707 несиелік пәтерлердің 98 пайызы халыққа сатылған. Қалғандары да жыл аяғына дейін сатылуына толық мүмкіндік бар.

…Жеке тұрғын үй салу үшін ел азаматтарына 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика бойынша 282119 жер телімі беріліпті. Соның 76 мыңы жас жұбайларға, 16 мыңы мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне, 39 мыңы әлеуметтік сала қызметкерлеріне берілген екен. Демек, халықтың тұрғын үй салуға деген ынтасы мен ұмтылысы өте жоғары. Олардың қажетті материалдарға, сол арқылы халқымыздың тұрғын үйге деген сұранысын барынша қанағаттандыру үшін құрылыс индустриясын қарқынды дамыту қажет. Бұл — бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Ол үшін Үкімет қабылдаған елімізді индустрияландыру картасына сәйкес құрылысқа қажетті және өзімізде шығаруға мүмкіндік бар барлық материалдарды барынша мол өндіруге бағыт алуымыз керек. Сонда мемлекеттік сатып алуды дұрыс ұйымдастырып, қазақстандық мазмұнды арттыру арқылы тұрғын үйлердің де бағасы қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Бұл адам үшін ең басты қажеттіліктердің бірі — баспана мәселесін ел көлемінде түпкілікті шешуге бастайтын тура жол”, — деп белгіледі Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ.

EGEMEN.KZ. “Отандық тұңғыш локомотивтің тұсауы кесілді”. “…Астанада егемен еліміздің әрбір патриоттық сезімі бар азаматтарының жүрегіне жылылық, көңіліне мақтаныш ұялатар ерекше есте қалар оқиға болды. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВтың ерен ерік-жігерінің нәтижесінде осыдан тура бес ай бұрын, яғни 2009 жылғы 3 шілдеде Мемлекет басшысының өзі салтанатты ашылуына қатысып, сәттілік тілеген жаңа локомотив құрастыру зауытында алғашқы қазақстандық локомотив шығарылды. Иә, 2009 жылғы 7 желтоқсанда тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет қазақстандық маркамен, Қазақстанда құрастырылған, әлемде зор сұранысқа ие “Эволюшн” атты жаңа локомотив өмірге жолдама алды. …Үкімет басшысы Кәрім МӘСІМОВ салтанатты жағдайда қазақстандық тұңғыш локомотивтің гудогын қоңыраулатып, ел экономикасының күретамыры – болат жолдың бойымен игілікті сапарға шығарып салды…”. Авторы: Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.

ALASHAINASY.KZ. “Саясаткерлердің бақытты жануарлары”. “Еліміздегі саясаткерлердің басқа да әлемдік деңгейдегі тұлғалардың мемлекет ісінен бөлек жеке өздері ғана айналысатын қызығушылықтары туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. Бүгін біз жоғарғы шенді азаматтар мен ең жоғарғы лауазым иелерінің үй жануарлары туралы әңгіме етпекпіз. …Себебі мемлекет басшыларының ит-мысықтары отбасының мүшелері іспеттес. Ал психолог мамандар үй жануарларын ерекше қамқорлыққа алған адамның жүрегінде мейірім болады дегенді айтады.

Конни Полгрейв – Ресей президенттігіне үміткер болған әйгілі ит
Үй жануарларына ең бай саясаткер ретінде Ресейдің премьер-министрі Владимир ПУТИНнің есімі жиі айтылады. Кремльде қызмет еткен жылдары қазіргі үкімет басшысына үй жануарларын сый етіп тарту дәстүрге айналып кеткен еді. В. Путиннің қора-қопсысын Иордания королі арабтың тазақанды үш сәйгүлігімен, ал Пәкстан басшысы болған Первез МУШАРРАФ дәл сондай тұқымды екі сәйгүлікпен толтырған. Қырғыз елінен Гүлсары атты су жорғаны тиеген көлік те Кремльге келіп тірелген. Орта бойлы қатал басшыда әлемдегі ең кішкентай Чип, Гуппи деп аталатын екі жылқы бар. Чип пен Гуппи әлемге әйгілі понилерден де аласа көрінеді. Сый қылсаң, сыпыра қыл деп Молдованың экс-президенті Владимир ВОРОНИН өзінің ресейлік аттас-әріптесіне экзотикалық тосын сый жасаған еді.

Молдова басшысы В.Путиннің 50 жасына арнайы келіп қолтырауын тарту еткені де ел есінде. Ал Мәскеудің мәңгілік мэрі деген лақап атқа ие Юрий ЛУЖКОВтың не ойлағанын кім білсін, ел президентіне ешкі сыйлапты. Ертегі (сказка) есімді мүйізді жануар қожайыны мемлекетті басқарған жылдары жоғарыда аталған жылқылармен және В. Путиннің ең сүйікті иттерімен бірге Ново-Огараево аталатын қала сыртындағы резиденциясында орналасты. РФ үкімет басшысының жануарларын тізбелеп өткенде саясатқа дейін араласқан, ең жақын досы Конни туралы айтпай кету әсте мүмкін емес. Құжатында Конни Полгрейв деп толық аты көрсетілген Конни төтенше жағдайлар министрі Сергей ШОЙГУдың қазіргі тікелей басшысына деген сый-құрметінің белгісі. В.Путин 2003 жылғы президент сайлауына дауыс беруге келгенде түнімен ұйықтамағанын, Коннидің күшіктегенін айтып берген еді. Тағы бірде “адамдарды қаншалықты тани түссем, иттерді соншалықты жақсы көре түсем” деді. Осыдан-ақ оның қазақтар жеті қазынаның біріне балайтын итті қаншалықты қадірлейтінін түсінуге болады.

… Жақында Украина президенті Виктор ЮЩЕНКОның Тигр атты мысығы жоғалып кетті. Алдағы президенттік сайлауға қатысатын саяси қарсыластары тарапынан “Ющенкодан тіпті мысықтың өзі теріс айналды” деген қара пиарға негізделген сөздер шыға бастады. Қызғылт-сары төңкерістен кейін билікке келген бір топ саясаткерлердің қатары сиреп кеткені жасырын емес. Юлия ТИМОШЕНКО бастаған элитаның бір бөлігі ат құйрығын кесіскеннен кейін, енді міне, мысығы да кетіп қалды.

Украина басшысы өзінің ұлы Тараспен қатар өсіп келе жатқан Тигрдің ғайып болуына бас ауыртпайтын сияқты. Себебі В. Ющенконың бір қора тауығы мен 500-ге тарта үйрегі бар көрінеді. Үш айда бір балалайтын вьетнамдық шошқалары да жоқ емес. Жақында бір сұхбатында “достарым мен жақындарыма таратып беретін едім, енді ешкім алмай жатыр” деп кейіс танытқан-тын. Францияның қазіргі президенті Николья САРКОЗИ де үй жануарларына келгенде ішкен асын жерге қояды. Үш рет некеге отырған оның үш баласынан бөлек Клара, Дамблдор және Туми атты үші иті бар.

Қызық дерек: 1999 жылы дүние есігін ашқан Конни Полгрейв сегіз қар басқанда президенттік сайлауға түсуге мүмкіндік алды. Коннидің кандидатурасын “Мы” деп аталатын жастар қозғалысы қуаттап шықты. Ал бұл ұсынысты саясаттанушылар да қолдады. “Эхо Москвы” радиостансысына берген сұхбатында Юлия ЛАТЫНИНА қара иттің тілеуін тілеуге әзір екенін білдірсе, Игорь Семенихин “Коннидің кандидатурасын лайық деп санаймын” деген екен. Алайда Ресей Федерациясының конституциясына қайшы келген”. Авторы: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.

JASQAZAQUNI.KZ. “Бұл доктрина – қазаққа қарсы құжат!”. “…– Аға, жақында жарияланған “Қазақстанның ел бірлігі доктринасы” көптеген дау туғызып жатыр. Сіз өзіңіз доктринадан не түйдіңіз? Қазақстандық ұлт идеясын қандай жағдайда қабылдауға болады?

Амангелді АЙТАЛЫ: – “Ел бірлігі” деген Қазақстандық ұлтпен бірдей ме? Бірдей емес пе? Егемен Қазақстанда бірдей емес деген пікір айтылды. Осы мәселені де айту керек сияқты.

Бүгінгі күнгі Ұлт саясаты туралы әңгімелегенде айта кететін мәселе, біз өтпелі кезеңнен аман-есен шықтық. 1988-89 жылдары мүйізі қарағайдай ғалымдар Қазақстанға екі түрлі болжам айтты. Соның біріншісі, “мемлекет үлкен, ұлтаралық жанжалдар отанына айналады, оған негіз бар, екіншіден сол қарама-қайшылықтардың, жанжалдардың алдын алып Қазақстан бейбітшілік жолға түседі. Жас та нәзік біздің мемлекетіміз қандай жолды таңдайды?” деген пікірталастар болды. Шындығына келгенде біз сол даудың алдын алдық. Міне, бұл біз үшін үлкен шүкіршілік ететін мәселе. Себебі сыртқы күштер, тіпті оларды айтпағанда өзіміздегі патриотпыз деп жүрген қоғамдық қозғалыстар да үлкен қызбалыққа салынды. “Біз елдегі басқа ұлттардың қас-қабағына қарамай өзіміздің ойымыздағыны жасау керек”- дегенді меңзеді. Бірақ, біз сол Тәуелсіздік алған кезде біздегі бөтен ұлттар 66 пайызымызды құрады, сол себепті олардың қас-қабағына қарамағанмен де есептеспеуге болмайтын жағдайда болдық. Бұл бір.

Екінші жағынан мысалы мына орыс казактары, “біз орыстар Қазақстанда басымбыз, орыс тілділер тіпті басым, сол себепті біздің дегеніміз болуы керек”- дегенді де жасырмады. Тіпті олар Ресейге арқалана отырып “Ресейдегі белгілі күштер арқылы біз Қазақтардың әкесін танытқызамыз ” дегенді ашық айтты емес пе? Міне, осындай қауіп-қатерден біз аман есен шықтық….”.

О Доктрине национального единства Казахстана”. “Партия “Ак жол” предлагает начать дискуссию по вопросам национального развития. Часть 2.

Как видим, речь в Доктрине фактически идет о национальной политике, более того, говорится о государственной национальной политике. Но ведь категория “национальная политика” более чем достаточно разработана в научном плане, есть общепринятая ее структура, содержательное наполнение и т.д.

Давайте обратимся к определению понятий… Как видим, доктрина – это более глубоко теоретически проработанный документ. Скорее всего, именно более теоретический характер отличает ее от Концепции, Программы, Стратегии и других документов. Давайте зададимся вопросом: сумели ли авторы Доктрины выйти на соответствующий теоретический уровень при подготовки ее? Даже беглое ознакомление с документом убеждает нас в обратном. Представленный документ больше “тянет” на концепцию, чем на доктрину…

Вместе с тем, авторы Доктрины не стали анализировать исторические факторы и ограничились современным состоянием. Это ошибочный подход, поскольку многие проблемы и вызовы имеют исторический характер. Без правдивой и объективной оценки пройденного пути будет трудно ответить на современные вызовы и проблемы.

Но в любом случае, будь то доктрина или концепция, в ней должен быть дан ответ на фундаментальный вопрос, что авторы понимают под категорией “НАЦИЯ”, и о “КАКОЙ НАЦИИ” (казахской или казахстанской) в документе идет речь. Состоялась ли “НАЦИЯ” в Казахстане или не состоялась? Если нет, почему не ставится цель – построение нации, придание ей современных черт – то есть ее модернизация? Примененная в документе тактика “умолчания” и “недоговаривания до конца” весьма сильно ослабляет презентованный документ, усиливает напряженность в обществе.

Далее. Если мы говорим о “НАЦИОНАЛЬНОЙ ПОЛИТИКЕ”, то речь должна идти не только о сфере межэтнических и межконфессиональных отношений, какой бы широкой она не представлялась. По нашему мнению, “национальной политикой” должна называться ПОЛИТИКА ОБЕСПЕЧЕНИЯ НАЦИОНАЛЬНЫХ ИНТЕРЕСОВ И ПРИОРИТЕТОВ СТРАНЫ, а политика сохранения и укрепления межэтнического согласия и этнокультурного многообразия должна называться этнокультурной политикой… 3.2. В третьей главе “Цель, задачи и принципы государственной политики, направленной на обеспечение национального единства” говорится о том, что “объединяющим началом и предметом заслуженной гордости всех поколений казахстанцев является наша общая история”. Общая история — это история становления гражданской нации и, закономерно, что называться она должна “НАЦИОНАЛЬНАЯ ИСТОРИЯ”.

3.3. В подпункте, касающейся языковой политики сказано о необходимости “развитие правовой базы употребления государственного языка, укрепление его консолидирующей роли”. Развитие государственного языка как фактора единения казахской нации (в гражданско-цивилизационном смысле) требует принятия соответствующего Закона. Только закон (не программа, не указ, не стратегия и т.д.) может быть твердой гарантией необратимости и незыблемости политики государства в этой сфере.

Как видим, при всех своих плюсах и достоинствах, в Доктрине национального единства Казахстана есть серьезные пробелы и ошибки, на многие актуальные вопросы современности в Доктрине не даются ответы…”. Авторы: Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары.

ABAI.KZ. “Негізін “американдық ұлттан” алатын “ел бірлігі”. “Қазақстандық ұлт” доктринасы туралы Мұхтар ШАХАНОВтың мәлімдемесі.

Осыдан жарты-ай бұрын “Жас Алаш”, “Президент және халық”, “Қазақ”, “Жаңа апта”, “Жас қазақ үні”, “Қазақстан”, “Заман-Қазақстан” газеттерінде және “Abai.kz” сайтында белгілі әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері Ә.НҰРПЕЙІСОВ, М.ӘЛІМБАЕВ, Ш.ЕЛЕУКЕНОВ, М.МЫРЗАХМЕТОВ, Т.КӘКІШЕВ, А.ӘШІМОВ, Қ.МЕДЕУБЕКОВ, Қ.ЖҰМАДІЛОВ, Д.ИСАБЕКОВ, Р.СЫЗДЫҚОВА, Г.БЕЛЬГЕР, Қ.МЫРЗА-ӘЛІ, Б.НҰРЖЕКЕЕВ, Қ.СӘРСЕКЕЕВ, С.СМАТАЕВ, Ғ.ҚАБЫШҰЛЫ, Қ.ЫСҚАҚ, Т.МЕДЕТБЕК, Қ.ОРМАНТАЕВ, Б.АТАБАЕВ, И.САПАРБАЙ, Ғ.ЖАЙЛЫБАЙ, Н.НҮСІПЖАНОВ, М.ІЛИЯСОВА, А.ҚОРАЗБАЕВ, партия басшылары Ж.ТҰЯҚБАЙ, Б.ӘБІЛЕВ, С.ӘБДІЛДИН, В.КОЗЛОВ және республикамызда шығатын газет-журналдардың бас редакторлары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, барлығы 124 адам қол қойған, 5 мыңнан астам халық қолдаған “Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВқа, қазақ халқына, республикамыздағы өзге ұлт өкілдеріне ашық хат” жариялаған едік. Онда бастауын “американдық ұлттан” алатын, бірақ біздің айқайымыздан кейін аты “ел бірлігі” боп көзбояушылықпен өзгертілген “қазақстандық ұлтқа”, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы талқылауға ұсынған “Ел бірлігі” доктринасына бұлтартпас дәлелдер арқылы қарсылық білдіргенбіз. Бірақ билік осыншама халықтың қарсылығына құлақ аспай, доктринаны жедел түрде қабылдатып жіберуге күш салуда.

Ал доктрина қабылданған сәттен бастап, Америкадағы сияқты бәріміз бір ұлт боп ұйысамыз. Қазақ ұлты республикамыздағы көп этностың біріне айналады. Ұлтқа бөлектену, оның қасиетін, тарихын ардақтау деген мүлде болмайды. “Үш тұғырлы тіл” аясындағы орыс тілі мен ағылшын тілі алға шығады да қазақ тілі бірте-бірте қимыл-қозғалысын тоқтатады. Доктринадағы “мемлекеттік тілді дамытамыз” деген сөздер жұртшылықты алдарқату үшін ендірілген. Себебі “американдық ұлт” идеясы мүлде басқа мақсатты көздейді. Біздің халықтарымыздың мүддесіне кереғар бұл идеядағы ұлт мәселесі әркімнің жеке шаруасына айналады. Егер сол тұста “мен қазақпын”, “мен орыспын”, “мен ұйғырмын” десеңіз жауапқа тартылуыңыз ғажап емес. Ол туралы Елбасы “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс өткен ХІ съезінің баспасөз мәслихатында өзі менсінбейтін мемлекеттік тілде емес, ресми тілде былай деп сездіріп еді:

“…мы идем к самоидентификации — быть единым народом Казахстана. Вот, например, американцы состоят из сотни народов и наций, но называются американцами. Никто там не называет друг друга китайцем или корейцем. А твоя национальность — это твое дело… И это правильно. Потому что одна страна должна жить одним народом”.

Елбасы тағы бір сөзінде: “…бұл идеяны менің ойымша, қазақ тілінде “қазақстандық ұлт” емес, “қазақстандық ел” деп атаған жөн тәрізді” деген болатын. (“Егемен Қазақстан”, 31-мамыр, 2008 ж.)…

“Қазақстандық ұлт” ақыры “Ел бірлігі” атауына барып табан тіреді. Бұл қауіпті идея туралы Өзбекстан Республикасының Президенті И.КАРИМОВ өз елінің депутаттарымен кездескенде былай деді: “Көршімізді “Қазақстан Республикасы” деп айта алмаймын. Себебі Қазақстанның жері, жерасты байлығының 75 пайызы өзге шетел азаматтарының қолына сатылып кеткен. Енді олар “қазақ” деген ұлтты құртып, “қазақстандық ұлтпен” паспорт бермекші. Өздері осындай жағдайда тұрып маған “Орта Азия Одағын құруға қолдау көрсет” дейді. Өз ұлтын жойып жатқан елге мен қалай сенуім керек?”…

…Қазіргі кезеңде қазақ перзенттерінің алдында үш-ақ жол қалған сияқты. Бірі — қазақ ұлтының және республикамыздағы өзге аз ұлт өкілдерінің тілін, рухын жоюға алып баратын “ел бірлігі” (“қазақстандық ұлт”) доктринасын шамасы жеткенше мадақтап, ТЖ-лықпен, яғни биліктің “табанын жалаумен” айналысу. Екінші жол — “сен тимесең мен тимен бадырақ көз” деген бағыт ұстанып, жеке мүддесін ғана ту етіп, аузына су толтырып алғандай, үнсіз, тілсіз отыру. Үшінші жол — басына төнер қауіп-қатерге қарамай қазақ ұлтын, оның рухани парасатын сақтап қалуға күш салу. Елім, ұлтым деп соғар жүрек үшін, бұдан үлкен міндет болмасы айқын. Кәне, кім қай жолға бұрылады?”.

USHKIYAN.KZ. “Еуропаның қателігін көріп отырып, неге оны қайталауымыз керек?!”. “Қазан айынан бастап “Қазақстан-Ақтау” телеарнасына жаңа басшы болып Талғат ТАЙШАНОВ келді. Ол – бұған дейін “ҚР Президент телерадио кешенінде” директордың фильм шығару қызметі бойынша орынбасары қызметін атқарған, отандық киноөндірісінде өзіндік операторлық, режиссуралық қолтаңбасы бар киноөнерінің шебері, бүгінде көгілдір экраннан көрсетіліп жатқан “Арман қала” сериялының бас операторы. Жақында ғана қызметіне кіріскен жаңа басшыдан телеарнаның болашақ тағдыры туралы өрбіген әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Қоғамда “орыс тiлдi журналистикадан қазақ тiлдi журналистиканың сапасы төмен” деген пiкiр қалыптасқан секілді. Әлде бұл пікір өзгерді ме?
– Бұл мәселе – журналистиканың ғана емес, мемлекеттің тіл саясаты мәселесі… Қазағымызды да сынауымыз керек, өзімізден кінәрат кетіп жатыр. Қазақ баспасөзін “бізге осы да болады”, “жарайды, жетер” деген қалыптасқан сана құртады. Іздену керек, қазіргі заманғы технологияның озық жетістігін пайдалану арқылы оқырманның, көрерменнің жүрегінен жол табуы керек. Мәселен, орыс тілді БАҚ-ты қараңыз, дизайн, технология жағын қатырып жасайды. Ал, мен әріптестеріме айтамын: “Бұл жарамайды, сапасын көтеру керек”, – деп. Біздің телеарнаның көрсету сапасы басқа арналармен бірдей, немесе жоғары болуы керек. Мұның астарында жатқан тағы бір мәселе – ұлттық мүдде. Кейбір телеарналар қазақшаны түн ауғанда көрсетеді. “Қазақ теледидарды түнде көреді” деп кім шешім қабылдапты? Әлде қазақ екінші сорттағы ұлт па? Қазақ БАҚ-ы заманына сай келе жатыр. Тек көмек керек. Жалпы мемлекеттің тағдыры еліміздегі әрбір адамға, қазаққа байланысты. “Мемлекет, ұлт тағдыры маған байланысты” деген әр адамда принцип болуы керек.

— Сіз отандық киноөндірісіне өзіндік үлес қосып келе жатсыз. Операторлық, режиссуралық қолтаңбаларыңызды соңғы шыққан фильмдерден байқап жүрміз. Қазақ киноөндірісі техникалық жағынан жаңа сапаға көтеріле алды ма?

– …Мен кино оператор маманымын. Бүгінге дейін “Қазақфильм” түсірген фильмдердің монтажы Мәскеуде, Ригада, Үндістанда жасалатын. Оған қаншама қаражат жұмсалатын. Енді ондай болмайды. Қазірден бастап техникалық жағынан бес қаруымыз сай десек болады. Бұл бағыттағы маман даярлау мәселесінде де қуанышты хабар бар. “Болашақпен” Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына жас мамандар даярлауға мүмкіндік алып отырмыз. Ал, біздегі Т.ЖҮРГЕНОВ атындағы Өнер академиясының білім сапасы төмен десек болады. “Қазақфильмнің” президенті Ермек ӘМІРХАНҰЛЫ: “Голливуд киностудиясы жылына орташа есеппен 100-150 фильм түсіреді, бірақ бұл киноның барлығы бірдей пайда әкелмейді. Оның ішінде керемет түсірілген, сапасы жоғары 10-15 фильм пайда әкеледі. Соның есебінен қалған кинолар түсіріліп жатыр”, – деген болатын. “Қазақфильм” осы жолмен жүреді. Егер болашақта “Қазақстан-Ақтау” телеарнасының техникалық жағын жақсылап жарақтандырсақ, Маңғыстауда да көркемфильм, деректі фильм түсіру жоспарымда бар.

— Ендеше қазіргі қазақ киноөндірісінде неге анайы көріністер тенденцияға айналып бара жатыр? Шын мәнінде біздің ұлт сезім мәселесіне сақ қараған ғой. Кино адамды тәрбиелеуі керек емес пе? Сіз қалай ойлайсыз?

– Бұл мәселе киноның жанрына байланысты. Дегенмен де біз еуропалық емеспіз, шығыспыз. Еуропа бүгінгі таңда отбасы, ұлт құндылығы деген мәселелерді қайта көтеріп отыр. Космополиттік сана тоқырауға әкелетінін түсінді. Ендеше біз Еуропаның сол қателігін көріп отырып, неге оны қайталауымыз керек?! Осы әлі де бұзыла қоймаған шығыстық қалыптан арылмау керек деп ойлаймын”. Сұхбаттасқан: Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ.

KAZ.GAZETA.KZ. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ өткен сенбіде К.Байсейтова атындағы опера және балет театрында өткен Әбіш КЕКІЛБАЕВтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кешке қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты шарада сөйлеген сөзінде, президент халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың саяси және мемлекеттік қызметтегі еңбегін атап өтті. Мерейтой иесі көп жылдар бойы «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор, 13-ші шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты болып табылады.

Қазақстанның дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», «Отан» ордендерімен марапатталған.

ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігі АИ-80 жанармайы мен дизельдік отынның бағасын мемлекеттік реттеу мәселесін қарастыруда. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат МЫҢБАЕВ мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

«14 желтоқсанда біз әкімдердің орынбасарлары мен жер қойнауын пайдаланушылар деңгейінде кезекті кездесуді жоспарлап отырмыз. Жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өткізіледі. Күн тәртібінде біріншіден, қаңтар айына желтоқсан айындағыдай жасау ұсынылады; және екінші мәселе ретінде бағаны реттеу жайы қаралады«, — деді С. Мыңбаев. «Сондай-ақ, АИ-80 жанармайы мен дизельдік отынның бағасын мемлекеттік реттеу мәселесін енгізу қажет пе, жоқ па деген мәселе қаралады. Дизель бойынша оны жасау дұрыс, бірақ, бағаны ақпаннан маусымға дейін маусым бойына толық белгілемеу керек«, — деді министр.

Сондай-ақ, аталған реттеу шараларын АИ-80 жанармайына қатысты да енгізу қажет, деді С. Мыңбаев. «Ал автокөліктің жоғарыоктанды жанармайына келсек, біздің ұстаным — оны мүлдем реттемеуге саяды«, — деді министр. «Бүгінгі жағдаймен АИ-92/93 жанармайының бағасы не себепті өзгеруге тиіс екенінің айқын себептерін көре алмай отырмын. Бірақ бұл жерде расын айтқанда бір фактор бар: «ҚазМұнайГаз» сауда үйі ұзақ уақыт бойы шығынға ұшырай отырып оны жеткізе алмайды және Ресейдегі баға ұзақ уақыт бойы 116 теңге, ал Қазақстанда 82 бола алмайды. Әкімшілік шешімдердің де нарықтық негізі болуға тиіс. Базалық баға деңгейі нарықтық ахуалды айқын көрсетуге тиіс. 82 теңгені біз осы нарықтық ахуалдың ең шегі деп санаймыз«, — деді министр журналистерге берген сұхбатында. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, жоғарыоктанды АИ-92/93 жанармайының бағасы Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап 82 теңгені құрайды.

Дайындаған Талғат ЕСМАҒАНБЕТОВ

***

Жобаның демеушісі – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТІК ҚОРЫ.

Новости партнеров

Загрузка...